Ұлттық бірыңғай тестілеуге еркін киімде қатысуға рұқсат етілді. Сондай-ақ, оқушыларға өзімен бірге су және шокалад алып кіруге болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz сайты
Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуі бойынша талапкерлерге бірқатар жеңілдіктер жасалды. Ереже-талапты орталық өзінің әлеуметтік парақшасында жариялаған. Онда тест тапсырушыларға еркін киімде келуге рұқсат етілген.
Құрметті талапкерлер! Сіздерге ҰБТ-ға мектеп формасымен келудің қажеті жоқ екенін айта кетейік. Яғни тестілеуге еркін киімде қатысуға болады. Бірақ этикаға сай, ұқыпты киініп келулеріңізді сұраймыз, — делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, биыл тестілеу сынағына талапкерлер өзімен бірге су және шоколад алып келуіне болады.
Айта кетейік биыл ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілде аралығында өткізіледі.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Құжат аясында электр самокаттармен жолда жүру тәртібі реттеледі. Аталған заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі.
«Кейінгі көшеде жаңа көлік құралдарының, яғни электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің және басқа да түрлері пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Әсіресе, бұл жағдай мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіріп жатыр», — деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, осы заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды.
«Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынып отырмыз. Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін пайдаланатындар мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім», — деді депутат.
Оның пайымынша, тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Шектеулерді қадағалау қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Бұл жылдамдық сырттай көзбен шолып анықталады. Электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет», — деді Екатерина Смышляева.
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Жобаға облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады.Жоба бойынша кооператив басшылар мен мүшелерінен құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Несие кімдерге және қалай беріледі? Басты ережелері мен талаптары қандай? Бұл сұрақтарға «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жауап берді.
2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға 2,5% несие беру басталды. Ағымдағы жылдың 9 қаңтарында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға жеңілдетілген несие беру қағидасын бекіткен болатын. Жеңілдетілген несиенің қағидаттарына келер болсақ, шағын несие 21 және 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Алғы шарттардың бірі өтініш берушінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы қажет. Несие сомасы – 5 млн теңгені құрай отырып, мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін, ал кәсіпкерліктің басқа бағыттары үшін – 5 жыл. Бағдарламаның қағидаттарында несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңіде қарастылған. Несие рәсімдеу барысында өтініш беруші кепіл мүлік ұсынуы міндетті. Жылжымалы(арнайы техника) және жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсынуға және кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға мүмкіндік бар.
Жеңілдетілген несиені тағайындау барысында әкімдік жанынан комиссия құрылады. Комиссия құрамында мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, кәсіпкерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.
Бағдарламаны жүргізуші сенімді өкіл ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бекітілді. Сенімді өкіл ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру және несиенің нысаналы пайдаланылуын қадағалау сынды міндеттері бар. Жеңілдетілген несиеге қатысты толық ақпаратты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалдарынан және https://www.agrocredit.kz/ сайтынан алуға болады.
Ермахан Мырзабай «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының менеджері
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Жобаға облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кооператив басшылар мен мүшелерінен құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев Созақ ауданы, Созақ ауыл округі мен Құмкент ауыл округінде болып, тұрғындарға жобаның нақты бағыттары мен тиімділігін түсіндірді.
Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатысады деп жоспарланып отыр. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Кездесу барысында жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партия бағдарламасында көрсетілген «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы отырысы өтті. Аталмыш жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы төрағалық етіп жүргізді. Басқосуға басқарма басшылары мен «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшелері қатысты. Жобада халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретіні айтылған.
Жиында алғаш болып Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады.
— Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаға жыл басында 11,0 млрд. теңге, қосымша 8,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жалпы бөлінген 19 772 410 мың теңге қаржыға 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетіледі. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде — деді өз баяндамасында Т.Оспанов.
Сонымен қатар, «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мыңбаев Мұхит Мамытұлы жобаның жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды. Айтуынша, Түркістан облысы халқының саны 2 млн. 115 мың адамды құраса, олардың 75,5 пайызы немесе 1 млн 596 мың адам ауылда тұрады. Олардың ішінде:
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылғандары) 181,3 мың адам;
— аз қамтылған отбасылар саны 30,9 мың отбасы;
— жұмыспен қамтуды қажет ететін адам саны 93,5 мың адамды құрап отыр.
Осы орайда, ауылды жердегі халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудің бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту екендігін айтты.
Жиынға қатысушылар «Ауыл-Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін жоба екендігін алға тартты. Біршамасы жобаның іске асырылуы кезінде тап болатын проблемаларды да назарға алды. «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшесі Жандос Әзімбай аталған бағдарламалық жобаның халыққа қолжетімділігі дұрыс болуына бақылау қажет деді. Яғни, төмен пайызбен несие аламын деген азаматтарға мүмкіндік толық жасалу қажеттігін жеткізді. Жиында орта жолдан қосылып халықты алдау мен арбауға салынатын құйтырқы әрекеттерден сақ болу керектігі де айтылды.
Жиынның қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» партиялық жобасының орындалуына талдау жасау үшін ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық партия филиалына қайта жиналуға шешім қабылдады
Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы ІІІ Республикалық «JAS TALANT» онлайн байқауын өткізеді. Режиссерлік және актерлік қабілеттері бар дарынды жастарды анықтауға арналған бұл байқау мектеп бітіруші оқушылар мен колледж бітіруші студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыруға, өскелең ұрпақты көркем шығармашылық жанрға баулуға және еліміздегі жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған.
Бұл байқау Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттерімен өзара ынтымақтастық меморандум аясында өткізіледі.
Конкурс жеңімпаздарын анықтау «Өнерлі жас», «Бармақтар», «Өлкетану», «Хареография», «Жас дарын», «Мәдени-тынығу жұмысы», «Бейнелеу өнері», «Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн» номинациялары бойынша жүзеге асырылады. Әр номинация бойынша үш жүлделі орын болады. Сайыс жеңімпаздары аталған ЖОО-лардың грантына ие болады.
Байқауға Республика көлеміндегі ережеге сай келетін кез-келген өнерпаз қатыса алады. Олар орта мектептер мен мектеп-лицейлердің 11 сынып оқитын оқушылары немесе бітіруші колледж студенттері болуы қажет. Конкурс қатысушыларының қолөнер туындылары мен бұйымдары «Оқушылар сарайы» ғимаратына табысталады. Байқау материалдары сұраныс кестесімен бірге 2023 жылдың 10 мамырына дейін jastalant2022@gmail.com электрондық почтасына жолдануы қажет.
Мекен-жайы: Түркістан қаласы, 162 квартал, 387 телім. Қосымша ақпарат алу үшін +7 747 937 17 54 (Дощан Асел Бауыржанқызы) нөміріне хабарласуға болады.
Түркістан облысында интернетпен қамтылмаған 177 ауылдық елдімекенде небәрі 145 968 тұрғын тұрады. Ол елдімекендердің 115-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 елдімекенде байланыс мүлде жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.
«Аталған 62 елдімекеннің 43-і министрлікпен айқындалған талаптарға сәйкес келмеуіне, халық санының аздығына байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартып отыр. Қалған 19 елдімекенді алдағы жылдары ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталып жатыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін, бірақ техникалық мүмкіндігі жоқ 134 елдімекен бар. Қазіргі уақытта осы елдімекендерді сапалы интернетпен қамту мақсатында салалық министрлікпен және Түркістан облысы әкімдігі арасында жол картасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023-2027 жылдар арасында облыста сапалы интернетпен қамту деңгейі 99,8% жетеді деп жоспарлап отырмыз. Түркістан облысы бойынша 3G стандартын қолданатын 437 елдімекеннің базалық станцияларын 2023-2029 жылдар аралығында 4G стандартына модернизациялау жоспарланған. Тұрғындарды қосымша интернетпен қамтамсыз ету бойынша тиісті мекемелермен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде», — деді басқарма басшысы.
Сабақ барысында мұғалім мен оқушының ұялы телефон қолдануына тыйым салынуы мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап TAQ.KZ сайты
Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Жоба 28-наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
“Мұғалімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен педагогтар сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды”, — делінген құжатта.
Сонымен қатар бұйрықта оқушыларға ата-ана мен ұстаздың қай кезде жауапты болатыны, әрі тәртіп бұзған жағдайда қандай шара көзделетіні жазылған.
“Білім алушылар білім беру ұйымынан тыс болған кезде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері жауапты болады. Білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін және білім беру ұйымынан тыс жерде өткізілетін оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу кезінде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру ұйымы басшысының бұйрығына сәйкес педагогтерге жүктеледі. Білім алушы теріс қылықтар жасаған, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзған кезде оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді”, — деп жазылған жобада.
Елімізде мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды жүргізу кезінде тұрғын үйді жалдау мақсатында ротациялық төлемдер енгізіледі.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты.
Оның айтуынша, ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институтын заңнамалық бекіту ескерілген. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған.
«Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ереже мен тәртіп тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді», — деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар ол аталған құжатта ротациялық төлем енгізу қарастырылғанын айтты.
«Елімізде мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа тоқсқауыл қою. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегеннен кейін, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы мәселені шешуше бағытталып отыр», — деді Д. Жазықбаев.
Осы орайда ол аталған төлемді енгізу үшін республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажет қаражатты бөлуді мақұлдағанын жеткізді.