Архив рубрики: Мәдениет

“АНА – ОТБАСЫ ЖҮРЕГІ, МЕЙІРІМДІЛІК ТІРЕГІ” ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен “Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі” атты тақырыпта облыстық ісшара ұйымдастырылды.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, қазақта «Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі» деген сөз бар. Аудандағы Әжелер алқасымен қатар, Аналар кеңесі қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен отбасылық тәрбиені насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жатқанын атап өтті.
Түркістан облыстық ядролық Семей полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралтай Салықбаев өз сөзінде қазіргі таңда отбасымен қатар, еліміздің түрлі саласында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзікжандыларымыз қаншама?! Ұрпақ үшін ана тәрбиесінен асқан алтын қазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аймағымыздың алға ілгерілеуіне бір кісідей үлес қосып отырған, “бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді” тербететін аналарымыздың орны қашанда төр екендігін жеткізді.
лебізін білдіріп, құттықтады.
Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов айтуынша қазақ халқының дәстүрінде әйел – анаға, отбасы ошағының сақтаушысына, әйел – еңбекқорға деген сый – құрмет ерекше болған. Аналарымызды халқымыз әрдайым құрмет тұтып, жұмақты ана табанының астынан іздеген. Адамзат баласы ана алдында қашанда басын иеді, анаға мәңгілік қарыздар. Өйткені, ана – тіршіліктің тірегі, отбасының алтын діңгегі. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының мерейі саналады, — деп ізгі тілектерін білдірді.
Ісшара барысында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттап, еңбек етіп жүрген әжелер мен аналарымызды Бақытжан Кеңесбекұлы құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапаттады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, бұл аналарымыз біздің мақтанышымыз және сарқылмас қазынамыз, – деп жиынды қорытындыланды Бақытжан Кеңесбекұлы.

Кентаулық Дауенова Наргиза «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаталды.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспановамен «Махаббатым-кітап, мамандығым-кітапханашы» атты бенефис шоу өтті. Бенефис кеші форматындағы жиын тақырыпқа сай көрме инсталляциясын таныстырумен басталды. Кешті басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып берді. Кеш кейіпкерінің кітапхана жолында атқарып жатқан еңбегіне тоқталды. Содан соң облыс әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстап, сәттілік тіледі.

Кеш барысында кітапхана ісінің майталманы өзінің еңбек жолы жайлы әңгімелеп,облыс кітапханашыларының сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында зиялы қауым өкілдерінің және мемлекет қайраткерлерінің кейіпкер жайлы естеліктері, құттықтау сөздері басылған бейне жолдауы көрсетілді. Жиналған кітапханашылардың көкейіндегі қызықты әрі салалық сұрақтарға жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы естеліктерін әңгемелеп берді.

 

– Кітапханашы – әмбебап маман. Ол философ, тарихшы, түрлі мамандық иесі. Жан-жақты болуы керек. Әрбір оқырманды кітап оқуға баули отырып, болашақ ғалымды тәрбиелеп шығуға ықпал етеді. Кітапхана дегеніміз дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей алып келе жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы деп айта аламыз. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын орталық.  Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашы­ғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады.» – деді кітапхана ісінің майталманы Бақытжамал Оспанова

Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы кештің маңыздылығына тоқталды. Бұл кештің облыс кітапханашыларына берер тағылымдық мәні өте зор болды. Өйткені өз ісінің хас шебері, жанашыры Бақытжамал Оспанованың кітапқа, кітапханаға деген көзқарасы облыс кітапханашыларының өз істеріне деген құрметін арттыра түскені анық. Іс-шара соңында бірқатар үздік кітапханашыларды, соның ішінде Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Дауенова Наргиза Ергешқызын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Қазақстандық кітапханалық одақтың «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Осылайша, білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып жүрген Кентаулық Наргиза Ергешқызының еңбегі еленіп, лайықты құрметке бөленді.

Сондай-ақ, бірқатар үздік кітапханашыларға «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілері мен арнайы алғыс хаттар берілді.  Айта кетейік, аталған мазмұнды кешті облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.

Сапар барысында делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бұл ретте, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев заманауи үлгідегі Достық үйінің ерекшелігіне тоқталып, жоспар-жобаларын таныстырды.

Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан үш қабатты ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған ғимарат жақында пайдалануға берілмек.

Сапар аясында елордадан келген қонақтар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбында өтетін семинарда пікір алмаспақ. Сондай-ақ спикерлердің қатарында «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед бар.

Бірлікті бекемдеген жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысады.

Елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: ЭТНОАУЫЛДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды. Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі асық ату көпшілікке көңіл күй сыйлады. Себебі бұл қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.

«- Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдері-де өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін — «үй ішілік» және «далалық” деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік» — ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіп — «тақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық” түрі — «алаң ойыны» делініп жүр. Мысалы бес табан ойыны үшін көбіне тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады. Асық қаршуды екі немесе одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді. Сондай-ақ тақта деген болады. Ол дөңгелек немесе 4–6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек. Ал, асық иіруде ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.» – дейді «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетов

Осылайша бұл күні асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен де жарыс ұйымдастырылды. Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен ұштасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойларда дәл осы ұлттық спортсыз өтпейді деуге болады. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандарды халық құрметтеп, лайықты марапатын берген.

«-Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақ күрес күш жетілдіретін спорттың түрі. Қазақ күресінде адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Балуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.» -дейді түркістандық палуан Хамза Дидар.

Айта кетейік, бұл күні 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды. Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.

Сонымен қатар, мерейлі мерекелік шараға қатысушылар арқан тартысты қыздыра түсті. Арқан тартыс ойыны- қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10 және 12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады. Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта тұрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»… деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты – тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, коллективтік іс-әрекетке тәрбиелейді.

Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындар кеңінен насихатталған облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінде спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды. Қазақ халқын өзге жұрттан ерекшелеп тұратын ең басты артықшылығы ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі, ұлттық ойындары екені анық. Бұл ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымыз ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың осындай аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның міндеті. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық фестивалінің мақсаты да ұлттық мұраларымызды дәріптей отырып, халықтың әдет-ғұрыптарын ұрпақтың тәлім-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт- дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлей білу және әр баланың санасына сәби кезінен қалыптастыру болып табылады.

Түркістанда ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар көпшілік назарына ұсынылды

Қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптейтін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалін Түркістан қаласының өнерлілері жалғастырды. Фестивалдің алғашқы күні Этноауыл аумағында ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қамтыған көріністер қала тұрғындары мен қонақтар назарына ұсынылды. Бүгінде ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз: «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүргізу», «Керегеге орамал байлау», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Тоқымқағар» салт-рәсімдері ерекше қамтылды. Мерейлі күнде ақ жаулықты аналарымыз ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер жайында кеңінен түсіндіріп өтті.

«- Халқымыз ежелден рухани құндылықтарға, мәдени мұраларға салт-дәстүрге бай болған және өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, оның әрқайсысын іске асырып отырған. Соның ішінде балаларға арналған салт-дәстүрлер де кем емес. Олардың кейбірі ғана сақталып қалса, көпшілігі бүгінде ел есінен, қолданысынан шығып та қалған. Солардың бірі – «танабау тағу» дәстүрі. Қазіргі кезеңде бұл дәстүрді қайта жаңғыртсақ, келешек ұрпақ үшін, балаларымыз үшін керемет тәлім-тәрбие болар еді. Себебі, балалар өздерін ерекшелеп, сыйлық тағып жатқанда мейірлене түседі, мерейі артып, мен де есейіп келемін, көзге түсе бастадым деп қуанышқа кенеледі. Ата-анасы да баласының қолғабыс етуге жарап қалғанына шүкіршілік етеді. Танабау алған балаға кішігірім болса да көптің басын қосып, думандатып, той жасап береді. Өзіне деген сенімін арттырып, жауапкершілік арқалаудың не екендігін түсіне бастайды. Ұл бала алғаш рет əкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмыстарына қолғабыс тигізіп жүргенін бірінші рет көргенде туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдары: «Балаларың жігіт болыпты, бой жетіпті, қажетке жарапты», – деп жабыла құттықтап, балаға түйме-тана, білезік, сөлкебай тағып жібереді. Кейде оны көптің атынан біреу барып тағып қайтады. Міне, бұл «танабау тағу» деп аталады. Салт бойынша, баласына «танабау» тағылған ата-ана бұл жағдайды міндетті түрде атап өтеді. Танабау шайына барған кісілер баланың ата-анасына «балаңның танабауы» деп əртүрлі бағалы тартулар мен қой-қозы, тай-тайынша беріп, игі тілектерін айтады. Бұл дəстүр адамдар арасындағы достық сүйіспеншілік пен береке-бірлікті нығайтып, адамдарды күйініш-сүйініште бірге болуға шақырады.» – дейді Түркістандық асыл әжелер.

Сонымен қатар, бұл күні бала тәрбиесінде өте маңызды рөл атқаратын ырымдар да орындалды. Нәрестенің дүниеге келуі мен оған тәрбие беру мәселесіне қатысты қазақтың ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибесі мен байырғы наным-сенімдерге қатысты көптеген жөн-жоралғылары әлі күнге дейін сақталып келеді.

« – Жасынан тайға мініп үйренген балалар өсе келе құнан мен дөненге мінсе, кейде үлкендерше атқа мініп, азамат қатарына қосылған. Ал қыздар ерте жасынан-ақ қолөнердің түр-түрін меңгеріп, үй шаруасына араласқан. Қыздарын еркелетіп, сұқ көзден аман болсын деп басына үкілі бөрік кигізген. Сонымен қатар үйдегі кейбір жағымсыз әңгімелерді, ұрыс-керісті естімесін деген оймен қос бұрымына шолпы тағып берген. Яғни шолпының сылдырынан қыздың келе жатқанын біліп, артық әңгімелерді дереу тыйған. Бір ұлтты өзге ұлттан даралайтын дәстүр-салты мен наным-сенімі. Талбесіктен жербесікке дейін жалғасатын аталмыш жоралғылар уақыт өткен сайын заман талабына орай жаңаланып, кейбіреуі мүлде басқаша сипат алып келеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десе де, бұл дәстүрлердің, ырымдардың орындалуы түпқазығымыздан ажыратпай ұстап тұрған бірден-бір арқан болмақ. Ендеше бала өмірге келгеннен жасөсіпірім шаққа жеткенге дейін түгенделген салттар сабағы өз жалғасын таба береді.» – ел ағалары.

Ауыл-үйдің қарттары жол жүрерде, сөйтіп жастар жағы бірыңғай болып ауылда қаларда немесе жас бала тұңғыш рет атқа мінерде «тоқымқағар» деп аталатын тамақ пісіріліп, дастарқан жайылады. Бір жағы жол жүрер үлкендердің жолының болуына тілектестік болса, екіншіден жас баланың азамат болғанына қуаныш білдіру белгісі болып табылады. Жас адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл — сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.

« – Қыз өз үйінің оң жағынан екінші біреудікіне келін болып түскеннен кейін келген жері келіннен алдымен ұрпақ – бала күтеді. Бұл – қазақта бір жылдың ішінде орындалуға мөлшерленетін арман. Осы уақыттың алғашқы үш-төрт айында-ақ әйелдер арасында еркектер жағы көп естибермейтін сыбыстар басталады. «Пәленшенің келіні төсегімен бірдеме көтеретін түрі бар ма?» деп ауылдағыларды қойып, алыстағылар дәметеді бұл арманды. Ал ене бұрынғы келіндерінен, келіннің абысындары жас келіншектің өзінен «Бойыңа ендігі бірдеме біткен шығар?» деп сұрай бастайды. Бөгделер келін жүкті бола бастаса денесі толып, мұрнына ноқта түсетін шығар деп сырттай бақылайды. Қазақ үшін келіннің төсегімен бала көтермеуі онша жақсы емес. Өйткені қазақ халқы өте бала жанды екені белгілі. «Ұл туғанға күн, қыз туғанға ай туады» деп, қызын ұзатқан жаққа да, ұлын үйлендірген жаққа да некеден кейінгі ең керек бақыт – бала. Сондықтанда қазақ халқы қызының некесі оқылғаннан кейін қызының төсек-орнын екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады. Қыздың шешесі дайындалған төсекке келіп аршаның түтінімен ырымдайды. Алла-тағалаға білген құлшылығын айтып екі баласын пәле-жаладан аулақ болуын, қосақтарымен бірге қартаюын, бұл төсекке екеуінен өзге жат-жаланың жоламауын жаратқаннан тілейді. Осы екі шарт біткеннен соң екеуінің той төсегінде бірге жатуға төсек салған жеңге рұқсат етеді. Бұл тәртіп келін ұзатылып барғаннан кейін күйеубаланың дәл сондай көргенді, көп балалы жеңгесі арқылы және қайталанады. Ондағы ене де құдағиының құлшылығын қайталайды.

Қазақтын қатал тәртібінде жоғарыдағы шарттар орындаламайынша қалыңдыққа күйеубаланың жолауы мүмкін емес. Бүйтуді көргенсіздік дейді қазақ. Қазақта көргенсіз дегенді естігеннен өле қалған әлде қайда жеңіл. Бізге төсек тойы деген кәдені әдейі ататып отырған да осы сенім. Бұл сенімге бір жылдың, тіпті үш-төрт ай ғана уақыттың аталып отыруы да осыдан. Себебі құдай қоскан қосағына қосылған жас жұбай осы мерзім ішінде төсегімен жүкті болу көп жағдайда мүмкін. Көп жағдайда, тіпті көп-көп жағдайда бұрынғы болашақ жас аналардың жәйіті осылай болған. Міне, осылай болғаннан кейін жас келін бойына біткен баланы астыртын етене бір абысынына айтады. Ол енесіне жеткізеді. Денесі толып, өңі нұрланып, беті «кірлеп» жүргенін көрген бөгделер де үлкен үйдегі енеге бұл жақсылықты қуаныш ретінде айтып, ол кісінің болашақ қуаныш үшін бірнеше әйелдердің басын құрап, кішігірім той өткізуін, кәде жасауын қолқалайды. Бұл қуанышты бұларсыз да төрт көзімен күтіп жүрген ене жар салмаса да айтқандардың басын қосып, еркектер араласпайтын төсек тойы делінетін ырым жасап береді. Бұл кәде бр жағынан жақын арада немерелі болатынының қуанышы болса, енді бір жағынан болашақ немеренің өз ұлынан екендігіне деген сенім. Бұл кәденің хабарын айта барған әйелге келіннің төркініндегі шешесі кәдімгідей шүйінші береді. Екі құдағидың арасы осыдан соң тіпті жақындай түседі. «Қатын алма қайын ал деген осы» деп енесінің бала тәрбиесіне іштей разы болған күйеубала да қайын жұртын сыйлай түседі. Бұл – жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген қазақтың басынан өтіп жататын ең алғашқы әдет-ғұрып, кәде» – дейді байқауға қатысушылар

Сондай-ақ, мерейлі мерекеде  «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблі күйлерден шашу шашса, «Яссы» халықтық би ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды. «Түркістан мұрасы» атты қылқалам, қолөнер шеберлері мен бұйымдары, кітап, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелері қаз-қатар қойылды.

Ақ кимешек киген әжелер «Ауылдың алты ауызын» орындаса, «Көненің көзі әжелер» дизайнерлік өнер сырмақ, түскиіз, ұршық иіру, тоқыма тоқу мен құрақ құраудан шеберліктерін көрсетсе, этно-мәдени ұлттық орталықтар оның ішінде (өзбек, түрік) этностарының көрмесі қойылды. Шара аясында айтыскер ақындар арнауларын орындап, айтыстың үлгісін көрсетсе, өнерпаздар фестивальдің әрбір шарты мен ережесіне сәйкес өнерлерін паш етті.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ VI ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ ТҮРКІСТАНДА ӨТУДЕ

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі өз жұмысын бастап кетті. Бір апта бойы жалғасатын жазғы мектепке Албания, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркиядан барлығы 50 студент және 37 оқытушы қатысуда. Түркістан қаласында өтіп жатқан бұл іс-шараны ХҚТУ, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), Түркия ғылым академиясы (TÜBA), Түрік тілі қауымдастығы (Türk Dil Kurumu) және Түркі академиясы (Türk Akademisi) ұйымдастырып отыр.Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі екі бағдарлама бойынша өтуде: «Түркология жазғы мектебі» және «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі».

«Түркология жазғы мектебінің» мақсаты – түркі мемлекеттерінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосып, олардың түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тілі, әдебиеті, мәдениеті және т.б. бағыттар бойынша теориялық және практикалық білімдерін тереңдету. Сондай-ақ, ғылыми мақала жариялау, презентациялар жасау және зерттеулерге қаражат тарту және өзге де дағдыларын дамытуға үлес қосу. Қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, жазғы мектеп бағдарламасына сай баяндамаларды тыңдайды және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады.

Түркі әлемі туралы түсінік; түркі мемлекеттерінің тарихы; түркі әлемі археологиясы; түркі әлемінің өнер тарихы; түркі тілдерінің және қазіргі түркі тілдерінің жалпы ерекшеліктері секілді 5 негізгі тақырыпты қамтитын «Түркология жазғы мектебі» қатысушылардың академиялық және мәдени білімін кеңейтуді, түркі мәдениетінің бай мұрасы туралы ақпаратпен және осы білімді болашақ ұрпаққа жеткізу үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етуді көздейді.

Ал «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебінің» мақсаты – қатысушыларға энергетикалық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктер, қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты мәлімет беру. Сондай-ақ, энергия өндірудің маңызды принциптері мен қалыптасқан әдістерін, болашақ энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін инновациялық және тұрақты шешімдерге қызығушылықты ояту.

«Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі» барысында 7 негізгі тақырып бойынша кең көлемді ақпарат қамтылады. Олар: энергия тарихы; энергия физикасы; жаңартылатын энергия көздері; сутегі энергиясы және онымен байланысты технологиялар; энергияны сақтау жүйелері мен қолданбалары; энергияны үнемдеу және тиімділік; энергетика және инновация. Қатысушылар энергетика саласындағы инновациялық жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыру, жаңа технологияларды әзірлеу және энергетика және инновация мәселелері бойынша білімдерін арттырып, тұрақты энергия шешімдері бойынша ұсыныс-пікірлерін талқылайды.

Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебінің ресми ашылу салтанатында осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған мекемелердің басшылары мен өзге де түркі елдерінен келген ғалымдар және зиялы қауым өкілдері сөз алып, түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы Түркістанда басталған іс-шараның қатысушыларына сәттілік тіледі. Атап айтқанда, ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Түркия ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер, Халықаралық түркі академиясының басшысы Шахин Мустафаев және Түрік тілі қауымдастығы басшысы Харун Шахин жазғы мектептің мақсаты мен міндеттеріне, қажеттілігі мен маңыздылығына тоқталып, жазғы мектептің нәтижелі болатындығына сенім білдіретіндіктерін жеткізді.

Айта кетейік, бұл Түркістан қаласындағы ХҚТУ-да осы жазда өтіп жатқан екінші жазғы мектеп. Бұған дейін,Солтүстік Кипр мен Түркия Республикасынан келген 20-ға жуық студент пен оларға жауапты қызметкердің қатысуымен«Ясауи Түркология жаз оқуы – 2024» жазғы мектебі өткен болатын. Ол кезде де қатысушылар 10 күн бойы қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен дүниетанымы, сондай-ақ ұлттық тағамдарымен танысып, оңтүстік өңірдегі аты аңызға айналған киелі мекендерді зиярат етіп, университеттіңпрофессор-оқытушыларының маңызды баяндамаларынтыңдап қайтқан еді.

 

Аға оқытушы, PhD. Ержан Арғынбаев
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

 

Тарихи деректер: «Шаммат-Ишан» музейі алғашқыда мешіт-медресе болған.

«Қарт Қаратаудың бауырында орналасқан «Шаммат-Ишан» музейінің тарихы тым әріде. Ең алғаш 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында мешіт-медресесінің іргетасы қаланған. Бүгінде музейге айналып, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде көпшілікке қызмет көрсетуде.

Қарнақ ауылындағы ХVІІІ ғасырдың соңына жататын бұл тарихи-мәдени орынды көруге келетіндердің қатары көп. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында да көптеген ортағасырлық тарихи ескерткіштер табылып, тарихымызды байытуда. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қарнақта 25 мешіт және 5 медресе болған деседі. Ғимарат құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. 1789 жылы кіші ақсарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады.

Кіші ақсарайдың астында жерасты ғибадатханасы бар. Жаздың ыстық күнінде сол ғибадатханада құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Үлкен ақсарай мен кіші ақсарайдың ортасын дәліз бөліп тұр. Үлкен ақсарайдың ішін шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып безендірген. 1896 жылы қосымша дәрісханалар салынып, жалпы ғимарат құрылысы толығымен бітеді. Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасады. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Кеңес өкіметі кезінде ғимаратты әртүрлі мақсатта қолданып, 1980 жылға дейін ғимарат қараусыз қалады. Осы кездері Қарнақ ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғыс ардагері, тарих пәнінің мұғалімі Мирзаев Бекташ өнірдің тарихқа бай екенін паш ететін жәдігерлерді жинаумен айналысты. Ол барлық өмірін өзі туған ауылда халықтық мұражай ашып, ұрпақты тарихи біліммен сусындатуға арнады. Ол билік өкілдеріне көптеген хат жазып «Шаммат-Ишан» мешіт-медресесіні сақтап қалады.

Ауыл тұрғындарымен бірге асар ұйымдастырып, ғимаратты өз қалпына келтіріп жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тәуелсіздік алған соң, мәдени мұраларға айрықша көңіл бөлініп жатқанда ұлы Мирзев Анвар ескерткішті «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекет тізіміне тіркеп, 2005 жылы музейге айналдырды. Ал 2008 жылы желтоқсан айында ОҚО Мәдениет басқармасының келісімімен Кентау қалалық музейі МКҚК-ның филиалы болып құрылды. Қазіргі таңда 2023 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне филиал болып қайта тіркелді.

Музей 29 бөлмеден тұрады. Оның ішінде жәдігерлерге арналған бөлмелер және үлкен ақсарай, кіші ақсарай бар. Музейдің жер көлемі 1950 шаршы метр. Ғимараттың жалпы алаңы 320 шаршы метр. Музей қорында 2633 жәдігер бар. Оның ішінде негізгі қор саны –1893, ғылыми көмекші қор саны – 740 дана.

Е.Дайрабай: Тарих және тұлға

Тарихты оқып-білу не үшін қажет? Өз тарихымызды, өзге халықтар мен мемлекеттердің тарихын оқып үйрену біз үшін бұрынғы ата-бабаларымыз қандай болғанын, қазір қандай екенімізді біліп, жан-жақты саралау үшін қажет. Біз тарихымыз арқылы өте маңызды оқиғаларды есте сақтаймыз. Туған жер, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрі, тыныс-тіршіліктерін тарихтан оқып білеміз. Өнеге алып, болашағымызды болжаймыз, қателіктерін қайталамауға тырысамыз. Өткен замандардағы дара тұлғалардың ерлік дәстүрін оқып-білген жас ұрпақтан ғана елім-жерім деген ерлер шығады. Тарих пен шежіре – ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп өсіреді. Сонымен бірге азамат баласының бүкіл тарихына ой жүргізетін жол. Біздің мақсатымыз беру-халқымыздың әлем тарихында алатын өзіндік орнын, атқаратын қызметін білу.

Ең алдымен тұлға деген кім? тұлға деген ұғым – тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел, халық үшін орасан зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған ұйымдастырушы болған, әйтпесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халықтың тұғырлы тұлғасына айналып отырған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай болған. Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр тарихи тұлғалы ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпей, асқақ тарихымызды, намысты қолдан бермей, мәдениетінде, тұғырлы тілінде қай жағынан болмасын, қазақ тарихында тұлғаларымыз мәңгі өшпей қала бермек. Мысалға: тарихи тұлғаларымызды жік-жігімен бөліп қарайтын болсақ, айтарға ауыз толтырарлықтай, дана бабаларымыздан сонау Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Қорқыт, Қайыр хан, Кетбұға, Бейбарыс Сұлтан, Асанқайғы Сәбитұлы т.б дана тұлғаларымызбен жалғаса келе, ұлы хандарымыз Жошы хан, Тәуке хан, Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Әбілхайыр хан, Абылай сияқты т.б тарихтың таразысынан ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғаларымыз бен бері келе қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Дінмхаммед Ахметұлы Қонаев сияқты т.б қоғам қайраткерлері, елге қызмет еткен ұлы тұлғаларымыз аталмай кетсе де халыққа жақын болған тұлғалар бағаланбай қалса да, халық жүрегінде мәңгі сақталып қалатыны белгілі.

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. Өкінішке қарай, көп жағдайда тарихты жасаушылар өзге елдерді қанға бөктіріп, өзіне бағындырған басқыншылар болып келеді.

Тарих және тұлға егіз ұғым. Әрине тарихты, тарих қылатын да адам, тарихты қағазға түсіріп жазатын да адам. Тарих біздің өткен өміріміз. Тарихты біз білетін болсақ біздің ата-бабаларымызды, қандай ұлт болғанымызды, жеріміз мұндай үлкен ұланғайыр жер болғаның, қандай жолмен ата-бабамыз бізге аманаттап тастағаның тарихты анықтап қарасақ жауабын қиналмай таба аламыз.

Тарих үздіксіз даму үстінде болатын ғылым. Өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес, қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаттылығы мен белсенділігі орасан зор маңызға ие. Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ деген мақал бекерге айтылмаса керек. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі.

Тарих сөзі көне грек тіліндегі “сұрастыру”, зерттеу” ұғымынан пайда болған. Тарих оқиғалар мен фактілердің шынайылығын анықтау үшін қажет болды. Көне Рим тарихнамасында (қазіргі заманда тарихнама тарихты зерттейтін тарих ғылымының бір саласы) бұл сөз тану мақсатында емес, әңгімелеу мақсатында қолданылған. Кейіннен тарих деп барлық оқиға, факт, ойдан құрастырылған әңгімелерді айта бастады.

Тарихтың қалыптасып дамуы. Сонау ежелгі дүниеде де тарихи әңгімелерді есіне сақтап, елге айтып отыратын адамдар болған. Қазақ халқы оларды шежіре айтушылар немесе шежірешілер деп атаған. «Шежіре» сөзі – есте сақтау, жадыдағы білім, рухани қазына дегенді білдіреді. Жазба тарихтың негізін салушы б.з.б. 484–425 жылдары өмір сүрген ежелгі грек тарихшысы, жиһанкезі Геродот болып есептеледі. Ол алғаш «Тарих» атты еңбек жазып, Батыс әлеміне «тарихтың атасы» деген атпен белгілі болды.

 

Созақ аудандық кітапханасы. Библиограф:  Е.Дайрабай

Тарихи деректер: Гималайға асқан көш…

XX ғасырдағы қуғын-сүргін мен ашаршылық қазақ тарихындағы ең ауыр нәубет саналады. Миллиондаған адам мерт болып, мыңдаған қандасымыз елден кетіп, жаһанның әр бұрышына тарыдай шашырады. Мәселен, әлемдегі ең ұзақ әрі қасіретті көш Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтардың Тибет асуы. Бұл ғылыми зерттеуді қажет ететін ірі оқиға. Жақында осы көштің көзі тірі куәгері, әйгілі Зуқа батырдың немересі Абдуррахман Жәлелұлы Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабы жарық көрген еді. 12 тараудан тұратын еңбекте автордың 1950 жылдары өзі көрген оқиғалары баяндалған. Бір қауым елдің Қытайдан Гималай асып, Үндістанға сәл тұрақтап, Түркияға орнығып, Германияға қоныстанғаны айтылады. Кейіпкерімізбен Азиядан Еуропаға шыққан көш кезіндегі жол азабы мен басқа да қиындықтар болды.

Біз өзіміздің қолдағы мәліметтерге жүгінсек, 1930 жылдардың соңында Алтайдан ауа көшкен 36 мың адамның 3039-ы 1941 жылы Үндістанға тірі жетсе, арада бір жыл өткенде 2000-ға тарта адам жерсінбей қайтыс болған. Осылардан 1942 жылы 1150 адам тірі қалыпты. Бұларға 1951 жылы Шың­жаң өлкесінен ауған екінші қазақ көшінің адамдары қосылып, жиыны 1850 адамға жеткен.

Британ мұрағатында сақталған бір құжатта: босқындардың Түркияға қоныстануын Кашмир билігі және Америка филантроп қоғамы, АҚШ-тағы Христос шіркеулер кеңесі сынды ұйымдар қаржыландырған екен. Осылай 1952 жылдың 13 наурызында Түркия президенті Жалел Баяр мен үкімет басшысы Аднан Мендерес «босқын қазақтарды өз елдеріне көшіріп алу» туралы құжатқа қол қойған. Нәтижесінде екі мыңға тар­та қазақ анадолылық ағайындарға барып қосылған.

Қазақ халқын ашаршылықпен не себептен қинады: Себебі жалпақ тілде айтқанда, қазақ жойылуға тиіс халық болған, бірақ сол әрекеттері толық орындалмай қалып, қазақтар, біздің нақты айтқанда ата-бабаларымыз шет елдерге жан сақтау үшін босып кетті. Тірі қалғандары осы қазақ халқының, қайтадан өркендеп, тәуелсіздік алу жолында, ұрпақтарын көбейтіп қайтадан аса көп болмасақта, өзіміздің жан айқайымызды, күшімізді көрсетуге шамамыз жететіндей көбейе де алдық, білімді азаматтарымызда шықты, қазақ халқы ештеңеден кемде болған емес, бір өкініштісі ішінен шыққан жау және көреалмаушылық, болмаса қай кезеңде де қазақ батырларын болмаса ойшылдарын өз ішімізден шыққан сатқындарымыз ұстап беріп отқаны белгілі жайт.

Ашаршылық Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық құрылымына үлкен әсер етті. Көптеген адамдар дүние-мүлкінен, жерінен, малынан айырылды. Көшпелі қоғамдар мен дәстүрлі өмір салты жойылды. Ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, халық кедейшілік пен жұмыссыздыққа тап болды. 1930-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық Кеңес өкіметінің саясатымен және олардың қарқынды индустрияландыру мен ұжымдастыруға ұмтылуымен тығыз байланысты еді. Бұл фактілерге қоса, 1930-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтың келесі аспектілерін атап өткен жөн.

Ұжымдастыру және бай шаруаларға қарсы күрес саясатының бір бөлігі ретінде астықты тәркілеу, отбасылық шаруашылықтарды жою, адамдарды еңбек егістеріне немесе лагерьлерге жер аудару сияқты қатаң шаралар қолданылды. Бұл әрекеттер ашаршылықты одан әрі ушықтырды және бұрыннан бар ауыл шаруашылығы құрылымдарын қиратты. Ашаршылық әртүрлі аурулар мен індеттердің таралуына әкелді. Дұрыс тамақтанбау және гигиенаны сақтамау іш сүзегі, дизентерия және тұмау сияқты жұқпалы аурулардың таралуына оңтайлы жағдай жасады.

Қазақ халқына жалпы ашаршылық жылдары өте зұлматты ғасыр, жыл болып саналады. Өйткені сол кездегі өмір сүрген кеңес үкіметі қазақты жоюға талпынды, қанша мың қазақтар қаза болды, жан-жақа босты. Ол деген сөз қазақ халқы кеңес үкіметі қандай ревалюция жасаса да қазақ халқы жойылмады. Қанша алаш арыстары, қаншама қазағым деген батырлар шықты, осы күнде, тәуелсіз мемлекет болып отырғанымыз, қазақ үшін жанын берген, қазақ батырларының арқасы болар. Қазақ үшін жанын қиған боздақтарды ешқашан ұмытпаумыз керек, еңбегін еш қылмаумыз керек. Қай дәуірде де қазақты қорғайтын батырлар шығатыны анық…

Созақ аудандық орталық кітапханасы. Библиограф: Е.Дайрабай

Мәдениет – әрбір халықтың тұрмыс-салтымен, дәстүрімен тікелей байланысты ұғым

Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең.

Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.

Мәдениет – адам жасаған «екінші табиғат». Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол – өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс. Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны өз мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады. Мәдениет әр түрлі әлеуметтік құрылымдардың, топтардың, таптардың, жіктердің, ұлттардың, жеке адамдардың өмір сүру жағдайына, талабына сәйкес пайда болып, қалыптасады.

Қазақ халқының мәдениеті – қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ ұлтын құраған рулар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы, өзіндік сипаты бар дәстүрлі мәдениет. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты. Бұл қалыптасқан мәдениет қазақ халқының өз ата– бабаларының мәдени қазыналарын қамтыған мәдениет бола алды.

Мәдениеттің құндылығы сол – адам бойындағы кісілік қасиетті, ақылдылық пен білімпаздылықты, парасаттылық пен әдептілікті, яғни барлық рухани құндылықтарды қамтамасыз етеді. Осыдан барып төл мәдениеттің көрінісі анықталып, адам әлемі тұлғалық деңгейге жетеді. Өз кезегінде идеологиялық күш те мәдениеттің қалыптасуына себін тигізеді. Өйткені адами түсінік қалыптасып, тарихымыз, тіліміз, дініміз, руханиятымыз және салт-дәстүріміз көрнекті өмір дамуының ағымына ілесіп кете береді. Осы орайда талантты ақын Ханбибі Есенқарақызының «Ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін – әдебиет, өнер адамдары» деп айтқан керемет бір сөзі ойға келеді. Сол айтқандай, мәдениет саласында жүрген мамандардың өнерді дамытып қана қоймай, рухани өмірде де белсенді қызмет атқарары сөзсіз. Сондай-ақ қазақтың рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаларымыз ұлы Абай, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында мәдениеттің қалыптасуындағы идеологияның маңыздылығын кеңінен ашып береді.

Мәдениет – әрбір халықтың тұрмыс-салтымен, дәстүрімен тікелей байланысты ұғым. Бір әрекеттің дәстүрге сосын мәдениетке айналуы үшін оның міндетті түрде қайталанып тұруы керек. Бір халықтың дәстүрі бір адамның әдет-дағдысы секілді. Адамның әдет-дағдысы оның мінезін қалыптастырса, дәстүр де сол секілді бір халықтың дүниетанымын, болмысы мен мәдениетін қалыптастырады. Басқаша айтқанда мәдениет пен өркениет халықтың тұрмыс салтымен тікелей байланысты.

Қазақ халқының мәдениеті біздің ата-бабаларымыз салып кеткен дара жолл іспетті. Өйткені мәдениет деген адамның жан азығы, сен білімді бол, мықты бол сенің мәдениетін болмаса сол білімділігінен, мықтылығынан еш пайда жоқ, себебі сенде адамдармен қарым-қатынас құра алатын мәдениеттілік жоқ.

Асыл дініміз ислам дінінде мәдениеттілік, әдептілік бәрі-бәрі де жақсы айтылып өткен. Сенің сөйлеген сөздеріңнің өзі мәдениеттілікке жатады, киімінің өзі әдептілік, мәдениеттілікке жатқыза аламыз.

Қазіргі таңда, қазіргі қоғамда мәдениетілігіміз ақсап тұрған секілді. Ортаға шығар әншіні алатын болсақ, болмаса жүргізушіні алатын болсақ, киімі ең құрығанда тұрсынын өзі, қолын қалтасына салып тұратыны адамды қынжылтады. Кішкентай өсіп келе жатқан жас ұрпақ соны көріп қайжақа қарап бой түзейтінің біз айтпасақта түсінікті жайт. Біздің кішкентай балаларымыздың өзі байқап жүретін болсақ, көңіл қынжылтатын біраз нәрсе байқаумызға болады. Байқағаным жақында болған бір концерттік бағдарламада жасымыздыңда, кәріміздіңде қандай мәдениетті екенімізді көріп қатты қынжылған болатынмын. Жастары әнші көрмегендей жұлқылап суретке түседі, үлкені қарап тұрып көз алдымызда мусырды лақтырып кете барады. Мәдениеті қалмаған ұлт өте нашар ұлттардың бірі болып қалатының біз түсінуміз керек секілді. Қазақ халқының мәдениетінің түп-тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы осы ұлтттың бүгінгі мекені болып келетіні анық…

Библиограф: Е.Дайрабай