Архив рубрики: Қоғам

Заң мен тәртіп экономикалық қылмыстардың алдын алу саласында

Қазіргі заманғы қоғамда экономикалық қылмыстар, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, салықтық қылмыстар, мүліктік қылмыстар мен қаржылық алаяқтықтар экономиканың дамуындаелеулі кедергілер туғызады. Бұл қылмыстар тек экономикаға ғана емес, қоғамның әлеуметтікқұрылымына, халықтың өмір сапасына, мемлекеттік басқару жүйесіне де теріс әсер етеді. Заң мен тәртіптің экономикалық қылмыстардыалдын алу саласындағы рөлі зор. Құқықтықжүйенің дұрыс жұмыс істеуі, заңдардыңорындалуы, құқық қорғау органдарының тиімдіқызметі және қоғамдағы құқықтық мәдениеттіңдеңгейі экономикалық қылмыстардың алдын алудашешуші факторлар болып табылады.

Заңдар экономикалық қылмыстардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, салықты дұрыс төлеу, қаржылық есептілікті сақтау, мемлекеттік қызметшілердің тәртібін реттейтін заңнамалар осы саладағы басты құралдар болып табылады. Қазақстанда “Қылмыстық кодекс”, “Салық кодексі”, “Құқық қорғау органдары туралы заң” және басқа да арнайы заңдар экономикалық қылмыстармен күресуге бағытталған.

Құқық қорғау органдары, оның ішінде экономикалық қылмыстармен күресетін арнайы бөлімдер (мысалы, қаржы полициясы, салық полициясы, құқық қорғау органдарының экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бөлімі) экономикалық қылмыстардың алдын алу мен оларды болдырмауда маңызды рөл атқарады. Бұл органдардың қызметі:

Экономикалық қылмыстардың алдын алу үшін заңдар мен тәртіптен бөлек, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін арттыру да маңызды. Құқықтық білім беру, халықты заңдарды құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту қажет.

Жаңа технологиялар мен цифрлық платформалар экономикалық қылмыстардың алдын алу мен оларға қарсы күресуде маңызды рөл атқарады. Мысалы, блокчейн технологиясы, жасанды интеллект және биг дата жүйелері салық төлеуден жалтаруды, қаржылық алаяқтықты және басқа да заңсыз әрекеттерді анықтауға көмектеседі.

Заң мен тәртіптің экономикалық қылмыстардыңалдын алу саласындағы рөлі өте маңызды. Мемлекеттік органдар мен құқық қорғау жүйесініңтиімді жұмыс істеуі, заңнамалық реттеудің күшеюі, құқықтық мәдениеттің деңгейін арттыру және жаңатехнологиялардың қолданылуы экономикалыққылмыстарды болдырмау үшін тиімді құрал болыптабылады. Сонымен қатар, экономикалыққылмыстармен күрес тек құқық қорғауоргандарының ғана емес, әрбір азаматтыңжауапкершілігі болуы керек. Құқықтықсауаттылық, қоғамдағы адалдық пен әділеттілікпринциптерін сақтау экономикалық қылмыстардыңалдын алуға үлкен үлес қосады.

 

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп тексепру департаменті аға жедел уәкілі

Г.Қарсыбай

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР «ЖАҚСЫ АДАМ-2024» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Жақсы адам-2024» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өткен болатын. Биыл арнайы сыйлықпен Созақ ауданының тұрғыны, саналы ғұмырын ауыл медицинасына арнаған абзал жан Бүркіт Арынбеков марапатталды.

Көптің ыстық ықыласына бөленген дәрігер Созақ ауданы, Құмкент ауылының тумасы. Ол ғұмырының 58 жылын медицинаға арнап келеді. Осы аралықта жалпы саны 10 мыңнан аса ота жасаған хирург. Бүркіт Арынбеков дәрігерлік жолында шалғай ауылдағы бөлімшелік ауруханада күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалған. Сондай-ақ, босану кезінде ана мен бала өміріне қауіп төніп, екеуінің де жанын ажалдан арашалаған. Бүгінде ол білгенін Созақ аудандық орталық ауруханасында жас мамандарға үйретіп, оталарға бірге кіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Jibek joly» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі шара биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр.

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар белгісі иесі өкілінің өтініші негізінде тұрмыстық химия өндірісі бойынша заңсыз жерасты цехын анықтады. Аталған цех Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының аумағында Өзбекстан Республикасымен шекарадан 50 км жерде жеке үйде орналасқан.

Жоспардан тыс тексеру барысында «К» жеке кәсіпкерінде «Белизна» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Зияткерлік меншік құқықтарын өрескел бұза отырып дайындалған 1500 бірліктен астам жалған өнім (жуу және дезинфекциялау құралдары) тәркіленді. Құқық иесіне келтірілген залал 3 миллион теңгеден асты.

Айта кету керек, заңсыз жерасты бизнесі өкілдері көлемі 800 ш.м. асатын үй-жайда жаппай заңсыз өндіріс пен өнімді буып-түюді жүзеге асырып, оны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің көтерме сауда базарларына жеткізіп отырған. Заңсыз өнімдер бағаның төмендігіне байланысты тез сұранысқа ие болған. Бірақ бір ескертетін жайт оның жасырын қаупі мыңдаған азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретінін айта кеткен жөн.

Жалған жуғыш заттар өнімі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін арзан және сапасыз компоненттерден жасалған. Мұндай өнімдерде терінің тітіркенуін, аллергиялық реакцияларды, тыныс алу жолдарының ауруларын және тіпті улануды тудыратын улы заттар мен аллергендер болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта кінәліні жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда. Іс материалдары Түркістан облысы Әділет департаментінің қарауында.

Әділет органдары Азаматтар мен заңды бизнестің мүддесі үшін зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуын анықтау және қорғау жөніндегі жұмыстарын жалғастырады. Заңды бизнесті қолдау өндірушілердің құқықтарын қорғап қана қоймай, тұтынушыларға қауіпсіз және сапалы тауарларға кепілдік береді.

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты. Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құтықтаймын! Бүгін Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілуде. Түркістан өңірінде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Бұл нысанның құрылысына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінді. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Бұл спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 48 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түркістан облысы, Созақ ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бүгін созақтық 48 отбасы жаңа баспаналарының кілттерін алды. Игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ел игілігіне ұсынылған әр баспана аудан тұрғындарына жайлы әрі заманауи қолайлы орта сыйлайды, – деген облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін де тілге тиек етті.

Жаңа баспаналардың қасбеті біркелкі әрленіп, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтердің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.

ТҮРКІСТАН: МАМАНДАР ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Елімізде соңғы аптада балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтамау және-ауа райының қолайсыздығын ескермеу салдарынан 9 адам суға кетсе, оның 3-і кәмелетке толмаған балалар. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дүйсен Оразгелді брифингте мәлімдеді.

«Түркістан облысында тұрғындардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент тарапынан жылдың барлық мезгілінде профилактикалық, рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Жалпы қысқы кезеңдегі рейдтік шаралар барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 10 адамға айыппұл салынды. Ал, жыл басынан бері 76 жеке тұлғаға 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Атқарылған іс-шараларға қарамастан облыстағы су айдындарында балық аулау кезінде өткен жылы 1 қайғылы жағдай тіркелді. Жалпы облыс аумағында 2018 жылдан бері бүгінге дейін 16 адам балық аулау кезінде суға батып қайтыс болған»,- деді Дүйсен Нұрмаханұлы.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен жаңа жыл уақытындағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Оның сөзінше, өңірдегі сауда орталықтарында пиротехникалық өнімдерді сату басталып кеткен.

«Негізінен пиротехникалық заттарды сатуға рұқсаты жоқ немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары бар сауда орындарына полиция қызметкерлері тарапынан айыппұл салынып, пиротехникалық заттар тәркіленеді. Бүгінде жаңа жыл мерекесіне орай пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы ретте мерекелеу кезінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қала тұрғындарының арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, жаңа жыл шыршасы өтетін орындарда мемлекеттік инспекторлармен өрт қауіпсіздігін сақтау, қадағалау жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, облыс аумағындағы сауда орталықтары мен базар басшыларымен және қоғамдық тамақтану орындарының өкілдерімен дөнгелек үстелдер өткізілуде»,- деді Нұрболат Нұржанұлы.

ЖОЛДАУ: САУРАНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН ҚОС МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек»- деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында қос медициналық нысан пайдалануға берілді. Шаға ауылдық округі, Шаға елді мекенінде фелдьшерлік акушерлік бекеттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Шараға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудандық емхананың бас дәрігері Бахыт Стамқұлов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Медицинанлық нысанның ашылуына қатысқан ауыл тұрғындары облыс, аудан басшылығына өз тараптарынан алғыстарын білдіріп, игі тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, ауданға қарасты Оранғай ауылдық округі, Бостандық елді мекенінде де фельдшерлік акушерлік бекеттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Қос нысанның ашылуы аудан тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеп, емдік шараларды енді облыс орталығына барып қабылдамай-ақ, өз ауылдарында алуға мүмкіндік туғанына ризашылығын білдірді.

ТҮРКІСТАНДА «ÓZGEEPIC» КРЕАТИВ ХАБЫНЫҢ РЕСМИ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Ел Президенті креативті индустрияның дамуы туралы «Креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күш» деп аймақтарда біртұтас инновациялық экожүйе құру қажеттігін атап өткен еді. Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазпошта» АҚ арасында креатив саланың дамуына тың серпін беретін әріптестік меморандумы аясында Түркістандағы «Қазпошта» ғимаратында «ÓzgeEpic» креатив хабының ресми ашылу салтанаты өтті.

Бәсекеге қабілетті заманауи қазақ өнерін дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, сонымен қатар дарынды, зияткер жастарға қолдау әрі тәлімгерлік көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға ҚР Парламенті сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева, «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры Ержан Қазанбаев қатысты.

«ÓzgeEpic» креатив хабының Түркістанда ашылуы аймақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, мәдениет пен креативті индустрияның өркендеуіне серпін береді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның ел руханиятын өсіруге ықпалы мол екенін айтты.

– Қазір азаматтардың шығармашылық әлеуетіне, зияткерлік капиталына басымдық беретін кезең. Өйткені бұл – креативті индустрияның қайнар көзі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда шығармашыл азаматтардың басын біріктіретін орталық құру маңызды деп атап өткен болатын. «ÓzgeEpic» креатив хабының әлемдік өре сайысында ұлттық құндылықтарымыздың, қазақ халқының зияткерлік әлеуеті танылуы үшін еңбек етері сөзсіз. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, креативті индустрия тұтас мемлекеттердің болмысын айқындайтын, ұштайтын бірегей салаға айналып келеді. Бүгінде барлық ел креатив салаларды даму стратегиясының маңызды бөлігі әрі экономикалық табыс көзі ретінде дамытып жатыр, – деді ол.

Өнер кеңістігінің ашылу салтанатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова «ÓzgeEpic» креатив хабы мен университеттің бірлескен жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ ресми ашылу рәсімі аясында Canon компаниясы «ÓzgeEpic» креативті хабының қолдауымен көру қабілеті нашар адамдар мен көру қабілеті қалыпты адамдар арасындағы шекараны жоюға бағытталған «Көрінбейтін әлем» көрмесі ұйымдастырды. Бұл бастама инклюзивтілікке және заманауи өнер мен технологиялардың қабылдау айырмашылықтарына қарамастан адамдардың өнер аясында біріге алатындығын көрсететін маңызды қадам болмақ. Елімізде шамамен көру қабілеті нашар 160 мың адам бар.

«ÓzgeEpic» креатив хабы 2019 жылы еліміздегі алғашқы әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде құрылған болатын. Түркістан қаласында 2022 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

ТҮРКІСТАНДА ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА 500-ДЕН АСА ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түркістан қаласында «Жібек жолы» тұрғын үй кешені пайдалануға тапсырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барып, баспана кілттерін табыстады.

– Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгі, мәртебеміз биік болсын! Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруіне, баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгін кезекте тұрған 500-ден аса отбасы көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алып отыр. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Дархан Амангелдіұлы.

«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы Түркістан қалалық әкімдігінің тапсырысымен жүргізілді. Қаланың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген 5 қабатты 508 пәтерлі арендалық тұрғын үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері Түркістан қаласында кезекте тұрған 482 отбасына пәтерлер табысталды. Жалпы, жыл қорытындысымен түркістандық 990 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.

Елімізде алғаш рет жосықсыз жұмыс берушілердің тізімі жасалады

2024 жылғы 12 желтоқсанында Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры өзінің жаңа бастамасын жариялады. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімі жобасының мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Сондай-ақ, еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету. Жобаның ережесі Қордың adildik.org.kz сайтына жүктелген.

Жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарастырылған құқығын бұзған кез-келген жұмыс беруші тізімге енгізілуі мүмкін. Жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар тізімге енгізуге себеп бола алады. Бұл тұста жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шартының болуы міндетті емес. Қолында еңбек шарты болмаса да жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін Қор сайтында арнайы үлгіні толтыру керек. Реестрде заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, саласы, құқықбұзушылық түрі мен саны және т.б. деректер болады. Жосықсыз жұмыс беруші реестрінің ережесінде ұсынылған мәліметтердің дәйектілігі қатаң бақыланады. Өтініш беруші еңбек қатынасы мен құқықбұзушылық фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс (мәселен, хабарламалар скриншоты, еңбек шартының көшірмесі). Егер жұмыс берушінің әрекетіне қатысты еңбек ұжымынан шағым түссе, жұмысшылар қол қойған парақты ұсыну жеткілікті.

Қор ақпаратты ашық дереккөздерден тексере алады. Қажеттілік туындаған жағдайда ресми сұрау жібереді. Алайда деректердің растығы үшін жауапкершілік өтініш берушіге жүктеледі. Шындыққа жанаспайтын шағымдардың алдын алу үшін өтініш берушіні жауапкершілік жайлы ескертудің бірнеше кезеңі қарастырылған. Реестрге енген жұмыс берушілер уәжбен келіспесе, ақпаратты жоққа шығаратын дәлелдерді ұсына алады. Олар расталса, тізімнен шығарылады. Бірақ құқықбұзушылық қайталанса, бұл жұмыс берушіні тізімнен алып тастау уақыты созылады.

Қор өтініш берушілердің жеке деректерін жарияламайды. Реестр қордың adildik.org.kz сайтында жарияланады. Кез келген адам оның мазмұнымен таныса алады. Онлайн режимінде толықтырылып отырады. Осылайша ақпаратты бір жерде жинақтау қазақстандықтарды жосықсыз жұмыс берушімен еңбек қатынасынан қорғайды.

«Бұл реестрдің жүзеге асырылуы еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын қазақстандықтардың белсенділігіне байланысты. Жұмыс беруші алдап кетсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, бізге хабарлауға шақырамыз. Реестрге қоссақ, компания атауы мен жетекшілерін барша ел білетін болады! Реестр – жай ғана тізім емес. Жұмысшы құқығын қорғау мүмкіндігі. Біздің бастамамыз әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру жолындағы қадам боларына сенеміз», – деді баспасөз мәслихатында Қор директоры Дана Рысмұхамедова.

Жобаны іске қосу қоғамдық бақылауды дамытып, құқықтық мәдениетті нығайтуға жағдай жасайды. Қор барша жұмысшыны, қоғамдық ұйым өкілдері мен азаматтарды еңбек адамының құқығын қорғап, әлеуметтік әділдікті нығайтуды көздейтін бастаманы белсенді қолдауға шақырады. Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы тізімі 2025 жылдың басында жарияланады.