Архив рубрики: Қоғам

Жетісай аудандық орталық ауруханасының дәрігерлеріне семинар өткізілді

Қазір жас жұбайлардың арасында «жүктілікті жоспарлау» тақырыбы басты орында. Расымен де, жүктілікті жоспарлау деген не? Оған арнайы жоспар құра ма?

Аталған тақырыпқа байланысты Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының емхана ісі бойынша штаттан тыс акушер гинекологы, сонымен қатар Кентау қалалық емханасы ШЖҚ МКК басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Андабасова Алия Сагидуллатовна Жетісай аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігерлері мен аймақтық аға-дәрігерлерге семинар өткізді.

Бүгінде жүктілікті жоспарлау біздің де өңірімізде дендеп еніп келеді. Шынында да жоспарлы жүктілік көптеген қиындықтардың, көптеген жайсыз жайттардың алдын алады. Бүгінде елімізде медицина саласы болашақ аналарға жоспарлы жүктіліктің маңызын өте орынды түсіндіріп, өте дұрыс насихат жасап келеді. Әрбір ананың арманы өмірге дені сау ұрпақ әкелу. Осы тұста жоспарлы жүктіліктің маңызы зор. Жиын барысында ата-ана өмірге сәби алып келуге ниетті болса, ерлі-зайыптыларға жоспарлы жүктілікке дейін міндетті түрде медициналық тексеруден өту керектігі сөз болды. Маманның айтуынша,ерлі-зайыптылар жүктілікке дейін бірнеше ай бұрын жоспарлауды бастаған жөн. Семинар барысында, аурухана қызметкерлерінің қатысуымен тәжірибе алмасу мақсатында көріністе қойылды.

Жүктіліктің жағымды өтуі мен дені сау нәрестені дүниеге әкелу үшін, бұл оқиғаға алдын ала дайындалу қажет. Талдаулар тапсыру қажеттілігі мен жүктілікті жоспарлау барысындағы іс-шаралар сипаты болашақ ата-ананың денсаулық жағдайларына байланысты анықталады. Ең алғашқы әрекет- гинеколог қабылдауына келу. Қабылдауға сәйкесінше дайындалып келген абзал: өзінің созылмалы, тұқымқуалаушылық, басынан өткен ауруларын, етеккір айналымының ұзақтығын есте сақтап, бар болған жағдайда, бұрын соңды тапсырған зерттеулер нәтижелерін(талдау, УДЗ) алып келу керек. Қабылдау кезінде дәрігер жұбайлармен сұхбаттасып, жүктілікті жоспарлау кезінде ұстануға қажетті өмір салты туралы ақпарат беріп, анамнез (денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді) жинақтайды.

« – Егер сіз қазіргі уақытта жүктілікке қарсы дәрі-дәрмектерді қолданып жүрген жағдайда немесе сізде жатырішілік спираль орнатылған болса, ол жайында гинекологпен кеңесіңіз. Бұл жағдайда, ағзаға қажетті гормональді және физиологиялық өзгерістер пайда болып үлгеруі үшін, жүктілікті жоспарлау мерзімінен бірнеше ай бұрын контрацепциядан бас тарту керек. Дәрігер сізге зерттеулер өтуге бағыттамалар береді, оның ішінде міндетті түрде: кіші жамбас астауы мүшелерінің(жатыр) УДЗ, спермограмма, медициналық генетикалық кеңес және т.б. Жүктілікті жоспарлауға арналған талдаулар мен зерттеулер әр жұп үшін жеке тағайындалады. Бұрын соңды өздігінен түсік тастап, жүктілігі жетілмей қалған әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жағдайда тексеру едәуір кеңейтілген болады. Басты мақсат- жүктілікті көтере алмаудың себептерін табу және болашақта олардың алдын алу. Сонымен бірге, әйел адамға гормондар талдауына қан тапсыру керек болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда, кейін әйел адамның гормональды саулығын түзетеді. Жұбайлардың әрқайсысына қандағы кариотипті анықтау талдауын тапсырып, генетик дәрігердің кеңесін алған жөн. Әсіресе, егер: ерлі-зайыптылардың біреуінің отбасында тұқымқуалаушылық аурулар немесе даму кемістіктері болса; болашақ ананың жасы 35 жастан үлкен болған жағдайда. Жұбайлар сәби көтеруге толығымен дайын болған соң, қорғаныстан толықтай бас тарту қажет. Сәби көтеру үшін жағымды күндер- етеккір айналымының 9-18 күндері болып табылады. Ең қолайлы күнді дәлірек анықтауға базальді температура кестесі көмек болады. Оны құрастыруға гинеколог-дәрігеріңіз көмектеседі. Бұл мәліметтер овуляцияның келу уақытын анықтауға мүмкіндік береді.» – деді акушер – гинеколог

Мамандардың мәлімеінше кейбір әйелдерге жүктілік оңайға соқса, кейбіреуіне бала сүю үшін белгілі уақыт пен күш жұмсауға тура келеді. Дендері сау жұптың бір айналымда бала көтеру мүмкіндігі бар болғаны 20%, және бұл көрсеткіш 40 жаста 5%-ға дейін төмендейді. Егер сіздің жасыңыз 35-ке толмаған, жұбайыңыз екеулеріңіз дендеріңіз сау, үнемі жыныстық қатынаста болсаңыздар, контрацептивтерді қабылдауды доғарғаннан бастап бір жыл ішінде жүкті болуыңыз керек. Егер сіздер бір жылдан астам уақыт бойы жүктілікке қол жеткізе алмай жүрсеңіз, дұрыс емдеу әдісін таңдауға көмектесетін репродуктолог маман көмегіне жүгінгеніңіз абзал.

Жүктіліктің болмауы бір жұбайының бедеулігі салдары болуы мүмкіндігінің үлесі ер адамдар(30%) мен әйел адамдарда(30%) бірдей. Қалған 40% бедеулік жағдайлары жұптың ортақ денсаулық мәселелеріне байланысты болуы мүмкін, сонымен бірге, 5% – 10% үлесін анықтауға мүмкін емес бедеулік себептері құрайды.Жүктілікке дайындық процесі өте күрделі және бірнеше кезеңді қамтиды. Ерлі-зайыптылар жүктілікке дейін бірнеше ай, яғни кем дегенде үш ай бұрын жоспарлауды бастаған жөн.

«Біріншіден, әйел дәрігерден кеңес алуы керек. Ең маңызды қадам – жүктілікті жоспарлау үшін дәрігерге бару. Дәрігер сіздің қазіргі денсаулығыңызды бағалап, жүктілікке әсер етуі мүмкін  факторлар туралы ақпарат береді. Сондай-ақ сау тұжырымдама мен жүкті болу мүмкіндігін арттыру үшін қоректік заттарды қабылдауды бастауды ұсынуы мүмкін», – дейді мамандар

Екіншісі, Кентау қалалық емханасы ШЖҚ МКК басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Андабасова Алия атап өткендей, жұбайлар өмір салтын жүктілікке дейін жақсарту керек. Дұрыс тамақтануға және физикалық белсенділікке назар аударған жөн. Диетадан зиянды тағамды алып тастап, жаңа піскен жеміс, көкөніс, дәнді дақылды және ақуызды көбірек қосу маңызды. Денені жүктілікке дайындау үшін тұрақты жаттығумен не физикалық белсенділікпен айналысуды ұмытпаған абзал. Жаман әдеттен бас тарту, гигиеналық нормаларды және өмір салтын сақтау – мұның бәрі әйел ағзасына пайдалы әсер етеді және кейіннен жүктілікке төтеп беруді жеңілдетеді.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының емхана ісі бойынша штаттан тыс акушер гинекологы  қарастыратын үшінші қадам – бұл әйелдің циклін зерттеу, онда құнарлы күндерді есептеу қажет.

« – Сіздің цикліңізді түсіну жүктілікті жоспарлаудың маңызды аспектісі болып табылады. Менструальдық циклді зерттеп, ұрықтандыру кезеңдерін анықтаңыз. Күнтізбелік әдіс немесе овуляция сынақтарын қолдану сияқты әр түрлі әдіс бар, олар жүктіліктің оңтайлы уақытын анықтауға көмектеседі. Әрбір әйелдің жеке циклі бар екенін ұмытпаңыз, сондықтан бұл күндері уақытты қадағалап, белсенді жыныстық қатынасқа түсу маңызды. Жүктілік – бұл физикалық қана емес, сонымен қатар эмоционалдық күй. Алдағы өзгерістерге өзіңізді рухани және эмоционалды түрде дайындаңыз. Серіктесіңізбен отбасыңызды кеңейтуге дайын екеніңізді және стресті немесе алаңдаушылық тудыруы мүмкін кез келген мәселені шешуді талқылаңыз. Болашақ туралы ойланыңыз, отбасыңызды елестетіңіз және айналаңызда жағымды атмосфераны жасаңыз.Жүктілікті жоспарлау – бұл отбасы өміріндегі тамаша және қызықты кезең. Жоғарыда аталған қадамдарды орындау сізге жүктілікке дайындалуға және дүниеге келмеген нәресте үшін жағымды жағдай жасауға көмектеседі. Әрбір отбасы бірегей және сіздің саяхатыңыз бірегей болатынын есте сақтаңыз. Осы кезеңнен ләззат алыңыз және отбасыңыздың жаңа мүшесіне дайындалудан ләззат алыңыз. Сәттілік, бақытты ата-ана болуларыңызға тілектеспіз!», – деп түйіндеді Андабасова Алия

Айта кетейік аталған тақырыпқа байланысты семинар-кеңес Жетісай аудандық ауруханаларында да өткізіліп, жергілікті дәрігерлерге тәжірбие алмасуға мүмкіндік берді.

Дәрігерлер жатыр мойны обырының алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізді

Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарды АПВ -ға қарсы вакцинациялау туралы жоғарғы санатты, білікті мамандар иммунолог-дәрігер Уалиева С.Ж және гинеколог Абзеитова А.А дәрігерлер Жетісай аудандық орталық ауруханасына қарасты 31 мектептерде ата-аналармен, мұғалімдерге түсіндірме жұмыстарын, семинар- тренинг сабақтарын өткізді.  Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі. Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді. Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.

Елімізде егілген жағдайлардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын және халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының шешімін ескере отырып, 11 жастағы қыздар жоспарлы вакцинациялауға жатады. Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және өндірушінің нұсқаулықтарына сәйкес, АПВ-ден қорғау үшін 6 ай аралықпен вакцинаның екі дозасын алу қажет. АПВ-ға қарсы вакцинация еліміздің 9 өңірінде – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ұлытау, Ақмола облыстарында және Астана қаласында жүргізілуде.

« – Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.АПВ сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз болып,  ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.АПВ жұқтырған кезде пайда болатын аурулар:• Жыныс сүйелдерінің пайда болуы;• Тыныс алу жолдарының папилломатозының дамуы;• Ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы.Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады.АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені АПВ инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді. Көбінесе, аурудың клиникалық белгілері ерте кезеңдерінде пайда болмайды. Әдетте алғашқы белгілері қоздыратын факторлардың әрекетінен кейін пайда болады. Вирустардың төмен онкогенді штамдары денеде сүйелдер мен тері папилломаларын пайда болдырады. Вирус штаммдарының жоғары онкогенді түрлері аногенитальды аймақта, әйелдерде жатыр мойнында және ерлерде жыныс мүшесінде кондиломалардың пайда болуын тудырады. Ағзаға вирустың 16, 18, 31, 33 типті штамының ұзақ уақыт әсер етуінен жатыр мойны дисплазиясына және одан да ауыр ауруға – жатыр мойны обырына әкелуі мүмкін. Алайда, ағзада жоғары онкогендік қаупі бар АПВ болса да, онкологиялық патология әрдайым дамымайды. Диагностикалауға тәжірибелі дәрігерлерге уақтылы көріну, дұрыс және уақытында тағайындалған ем адамда ешқашан папиллома вирусының қауіпті клиникалық көріністерінің пайда болуына мүмкіндік бермейді. АПВ тұрмыстық байланыс, жыныстық қатынас және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады. Негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас. Әдетте, АПВ алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдары да анықталған: Вертикалды жолы – АПВ жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туылған нәрестеге жұғуы мүмкін; Аутоинокуляция – эпиляция немесе қырыну кезінде өзіне-өзі жұқтыру (дененің бір аймағынан екіншісіне ауысу) мүмкін; Тұрмыстық байланыс – АПВ қоршаған ортада біраз уақыт өмір сүре береді. Сондықтан оларды қоғамдық орындарға (монша, спорт залы, бассейн, т.б.) барғанда жұқтыру мүмкін; Байланыс – инфекция терідегі немесе шырышты қабаттардағы жара беті арқылы жұғуы мүмкін (абразиялар, жаралар, көгерулер); Жыныстық – инфекцияның жұғуының ең көп таралған жолы. Кез келген адам вирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін!» – деді иммунолог-дәрігер Уалиева С.Ж

 

Папилломовирустық инфекцияда ұзақ уақыт бойы клиникалық көріністер болмауы мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше жылға созылып, оның барысында пациент вирустың әртүрлі түрлерін жұқтыруы мүмкін. Тек қоздырушы факторлардың әсерінен (иммун тапшылығы, гипотермия, стресстік жағдайлар) АПВ инфекциясының белгілерін байқауға болады. Көп жағдайда 1-2 жыл ішінде бұл инфекциядан өздігінен жазылу мүмкін, бірақ кейбір науқастарда патология созылмалы түрге ауысады. Жыныс сүйелдері (сүйір кондилома) – сыртқы көрінісі гүлді қырыққабатқа немесе тараққа ұқсайтын папилла тәрізді сүйір өсінділер. Олар дене түсті немесе қызғылт түсті, бір немесе бірнеше болуы мүмкін. Дененің барлық жерінде болады, бірақ көбінесе жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығында кездеседі. Папилломалар онкогендік потенциалдың төмендігімен сипатталады. Олар сирек қатерлі ісікке айналады, әдетте науқасқа ыңғайсыздық туғызбайды.

Тегіс кондиломалар – олар өзіне тән құрылымға ие – зардап шеккен органның шырышты қабығының бетінен шықпайды. Мұндай папилломалар жоғары онкологиялық потенциалға ие. Сондықтан мұқият диагностикалауды қажет етеді. Әдетте олар қынаптың, уретраның, жатыр мойнының қабырғаларының шырышты қабатында орналасады. Кондиломаның табиғатын диагностикалау үшін биопсия қажет.

Дисплазия – тіндердің сараланған құрылымын бұзуымен сипатталады. Қатерлі ісік патологиясының дамуына себеп болатын атипті жасушалардың болуы жиі кездеседі. Мұқият бақылауды, қажет болған жағдайда хирургиялық түзетуді қажет етеді. Патологияның әр түрін дәрігер мұқият бақылауы керек. Онкологиялық процестің даму қаупін азайту үшін терідегі және шырышты қабаттардағы мұндай өсінділерді алып тастау ұсынылады.

« – Көп жағдайда адамның қорғаныс жүйесі вирусты бірнеше ай немесе бірнеше жылдың ішінде жойып жібере алады. Бірақ кейде вирус адам ағзасына еніп, сансыз еселенуі мүмкін, сол кезде қатерлі ісік немесе обыр тәрізді қауіпті аурулар пайда болады. АПВ вирусын әйелдер де, еркектер де жұқтырғанымен, әрі көбіне еркектер жұқтырғанымен бұл вирус әйелдер үшін қауіптірек. Адам папиллома вирусының түрлері жүзден асады. Ыңғайлы болу үшін оларды «жақсы», «жаман» және «қатерлі» деп бөлейік. «Жақсы» түрі салдарынан аяқ пен қолда сүйел пайда болады. Бұл жағымсыз, бірақ оңай емделеді. «Жаман» вирус немесе қатері төмен АПВ үшкір кондилом тудырады. Олар адамның жыныс мүшелерінде пайда болатын, тері түстес қатерсіз без. Олар түсті орамжапырақ пішіндес. Әйелдерде кондилом жатыр мойнында, қынапта, сыртқы жыныс мүшелерінде және тік ішек айналысында, еркектерде жыныс мүшесі, тік ішек айналасында және жұмалақта пайда болады. Бұларды емдеу сүйелдерді емдеуге қарағанда қиынырақ, бірақ емдеуге болады. «Қатерлі» типті вирус бәрінен де қауіпті. Барлық жағдайда дерлік жатыр мойнының қатерлі ісігін адам папилломасы вирусының 16-түрі немесе 18-түрі туғызатыны дәлелденген. Еркектерде АПВ-сы жоғары қауіпті вирус түрі сирек жағдайларда тік ішек немесе жыныс мүшесі обырын тудыруы мүмкін. Кондилом және сүйел тудыратын АПВ түрлері жатыр мойнының қатерлі ісігіне апармайды, және керісінше жоғары қауіпті вирус түрлері сүйел мен кондилом тудыртпайтыны белгілі болды. Қызылша, сары ауру, тұмау және кене энцефалитіне қарсы вакцинация туралы естіген боларсыз. Адам папиллома вирусына қарсы да вакцинация бар. Ол кең тараған АПВ түрлерінен, оның ішінде ең қауіптілерін жұқтырып алудан қорғайды. Вакцинацияны 9 жастан бастап алуға болады. Дұрысы, оны жыныстық өмір басталғанға дейін жасаған жөн, себебі ол кезде ағзада вирус жоқ екені күмәнсіз. Себебі вирусты тасымалдаушы әйелдер де, еркектер де болуы мүмкін, вакцинацияны қыздарға да, ұлдарға да жасаған жөн.» – деді гинеколог Абзеитова А.А

Мамандардың айтуынша жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді. Тосқауыл контрацепциясын қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін. Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады. Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% – дан астамға төмендетеді.

ОТЫРАРДА САТТАР ЕРУБАЕВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

Биыл қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында адуынды ақын, дарынды жазушы, публицист әрі журналистика саласының майталман маманы атана білген Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толды. Осы орайда жыл басынан бері Түркістан өңірінде көптеген мәдени-танымдық іс-шара өткізіліп, Саттар мұралары дәріптеліп келеді.

Бұл үрдіс ақынның кіндік қаны тамған Отырар ауданындағы Қарғалы ауылында жалғасып, Саттар Ерубаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектепте жыр мүшәйрасы мен ғылыми конференция өткізілді. Іс-шараны «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігі, аудандық білім бөлімі, мектеп ұжымы, қаламгердің туған-туыстары мен ауыл тұрғындары бірлесе ұйымдастырған.

Саттар Ерубаевтың өмірі, еңбек жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталған іс-шараға ақынның немере қарындасы Ұлжалғас Есім, «Саттартану» оқулығының авторы Дана Жуандықова, «Игілік ата» қоғамдық қорының төрағасы Нассень Қожабай, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Дархан Ембай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, Қарғалы ауылдық округінің әкімі Еркеғали Жұмабек арнайы қатысты. Жиынға келушілер алдымен мектеп ауласында орналасқан Саттар Ерубаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Содан соң, Түркістан қаласында орналасқан Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени мұражайдың көрмесін тамашалап, ары қарай іс-шара екі бағыт бойынша жалғасты.

«Тұлғаңды таны, тарихыңды құрметте» тақырыбы аясында өткізілген жыр додасының іріктеу кезеңіне Шымкент, Түркістан қалалары мен Отырар ауданынан отызға жуық ақын қатысып, олардың оннан астамы ақтық сынға жолдама алған. Қорытынды кезеңге қатысушылар сахна төрінде Саттар Ерубаевқа арнаған және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқып, арнайы жасақталған қазылар алқасы жыр жүйріктерін анықтады. Нәтижесінде Жүсіпәлиева Гауһар, Мұратова Раушан, Оразәлиева Жадыра, Табылхан Рена, Дидар Зиядын, Бектұрған Мейірхан, Сауран Беридияр мен Мағжан Қанжігіт арнайы марапатқа ие болса, Тінейбай Құралай мен Айсүйкім Ізбасар үшінші орынды өзара бөлісті.

Екінші орынға Қалтайқызы Айгүл мен Бекжан Ақсақалов лайық деп танылса, бірінші орын Нұрғали Сердәлиевке, ал бас бәйге отырарлық Бауыржан Мейірханұлына бұйырды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, жыр бәйгесіне қатысқан ақындардың өлеңдері облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының қолдауымен арнайы кітапша болып жарық көрді. Мүшәйраға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған.

Сондай-ақ, «Жарқ еткен сәуле ғұмыр» тақырыбы бойынша өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға аудандағы бірнеше мектептің оқушылары ғылыми жұмыстарын ұсынған. Мұндағы мақсат – Саттар Ерубаев шығармашылығын дәріптеу, қазақ руханиятына қосқан үлесін насихаттау және шығармаларының бүгінгі күндегі маңыздылығын айқындау. Ғылыми конференция қорытындысына сәйкес, Т.Ибрагимов атындағы мектептің оқушысы Әбдіхамитқызы Кәусар мен С.Әшіров атындағы мектептің оқушысы Қалдыбай Таңшолпан үздік үштікті түйіндесе, С.Ерубаев мектебінің оқушысы Сартай Толқын мен Жамбыл Жабаев мектебінің оқушысы Қалдан Нұрасыл екінші орынды місе тұтты. Ал, бірінші орынды Отырар жалпы орта мектебінің оқушысы Әшірбай Раяна иеленді. Оқушыларға арнайы диплом мен электронды құралдар табысталды.

ТҮРКІСТАНДА ЕЛ БІРЛІГІ МЕН РУХАНИ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУҒА ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблея мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті.

Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдегі татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады.

Іс-шара аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы таяуда Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығының иегері атанған белгілі жазушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбекке құрмет көрсетіп, облыс әкімінің ыстық ықыласын жеткізді.

Келелі жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен ҚХА мүшесі, Қазығұрт аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Жавлон Сәбитов және ҚР Президентінің Алғыс хатымен Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, Жетісай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Рахила Басымбекова марапатталды.

Сондай-ақ Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Яша Чилингаров пен Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, ҚХА мүшесі, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова және «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшесі Тельман Бейсенге ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хаты табыс етілді.

Жиын соңында марапат иелері береке-бірліктің арқасында елді өркендету ісіне атсалыса беретіндіктерін жеткізді.

ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Енді Түркістан өңірінің тұрғындары Ұлыбритания, Қатар, Оңтүстік Корея елдерінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Бүгін өңірімізге арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен болатын. Содан кейін БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге шетелдерде жұмысқа орналастыруды оқытатын «Алдын ала даярлық орталығының» салтанатты ашылуына қатысты.
Орталық жұмыс іздеушілерге мағлұматтар мен кеңестер беру, тіл үйрету, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз ету, сапарға дайындау, тәжірибе арттыру, жалпы жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылды.
Өкілдер әуелі облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» қызметі мен жұмысын бастаған оқу орталығы кабинеттерімен танысты. Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен тілдесті. Сондай-ақ «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобасы аясында «Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды алдын ала даярлау орталығы» тақырыбындағы жиында бастаманың маңыздылығы айтылды.
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеткаралық игі жобалар жүзеге асырылмақ. Пилоттық жоба әзірге Қазақстанның 3 аймағында қолға алынып, оған халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірі де еніп отыр. Түркістан өңірінде қазіргі таңда 2,2 миллионға жуық халық тұрады. Оның 850 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда 46%-ы өзі-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Сондықтан біз үшін жұмыссыздықты азайту маңызды бағыт. Ел азаматтары көп жағдайда тіл меңгермегеннен, баратын елдің Заңдарын білмегендіктен, алаяқ әрі сенімсіз компаниялардың әсерінен түрлі кедергілер мен қателіктерге ұшырайтыны жасырын емес. Бұл бастама арқылы шетелден алдын ала сұраныстарды және бос вакансиялар алдын ала белгіленеді. Осы орталықтың ашылуына орай алғашқы топтарды оқыту басталды. Еңбекші-мигранттардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау, көші-қонның қауіпсіз әрі сенімді жүргізілуі, қатысушылардың білімін жетілдіру, өзге де ресурстармен қамтуды үйлестіру жұмыстары облыстық «Еңбек мобильділігі орталығына» міндеттеліп отыр. Әрине елшілікпен бірлесе атқаруға тиіспіз. Өңір тұрғындары осындай мүмкіндікті пайдаланғаны абзал, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Кэти Лич арнайы еңбек ұтқырлығы орталығының сенім телефонын іске қосу, мамандарды кешенді оқыту және қажетті жабдықтармен қамту керегін жеткізді. Статистикалық деректерді де ортаға салды.
– Соңғы жылдары біздің маусымдық жұмыскерлер бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға келетін қазақстандықтардың саны айтарлықтай өсті. 2019 жылы маусымдық жұмыскердің визасын 4 адам алған болса, 2024 жылдың І жартыжылдығында 4400-ден асқан. Біз үміткерлердің Ұлыбританияда өмір сүру мен жұмыс істеудің оң тәжірибесі бар екеніне көз жеткізуге басымдық береміз. Ол үшін осындай мамандандырылған көшпелі дайындық ақпараттық орталығының ашылуын құптаймыз, – деді Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі.
Ал, Серхан Актопрак көшпелі дайындық жұмыскерлердің жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал жасайтынын атап өтті. Бұл тәжірибе Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде қолданысқа ие. Орталық Азия елдерінің үздіксіз экономикалық ілгерілеуіне, жұмыссыздықты азайтуға, серіктестікті нығайтуға және дүниежүзілік миграциялық қозғалыстарға септігі мол.
Шетелдік қонақтар мұнан кейін ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында тренерлерді даярлау дәрісінің алғашқы сессиясына куә болды. Республиканың әр өңірінен жиналған қатысушылармен еркін пікір алмасып, сұхбаттасты.

Кентаулық ұстаз оқушыларға тарихтың тың деректерін дәріптеп жүр

Тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған халық қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, танымды тарих -ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ тəуелсіздігінің кепілі. Дәл осы мақсатта шәкірттеріне сапалы білім мен қазақ тарихын оқушылардың санасына сіңіріп, патриотизмге тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы.

Білікті ұстаз қазақ хандарының өмір жолымен, ел басқарудағы саяси құрылымдарын оқушыларға таныстыру, үлкенді сыйлау және ана тілді құрметтеу, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеу мақсатында “Рухы жоғары халықтың тарихы мәңгілік” атты апталықтың іс-шарасын өткізді. Аталған тағылымды шараға 9 «ә» сыныбының оқушылары қатысып, ән,би , қара сөздермен өздерінің өнерлерін көрсетті.

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М. Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.

Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды.

Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – екінің біріне бұйыра бермейтін жауапкершілігі зор мамандық. Кентау қаласында терең білімімен, жайдары мінезімен шәкірт жүрегіне жол салған мұғалімдер аз емес. Солардың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы деп айтуға болады.

Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру туралы

БАҚ тарапынан мемлекеттік қызметшілерге сыйақыны беруге байланысты жағдайды түсіндіру бойынша өтініштердің келіп түсуіне орай келесіні хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады.
Осы қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу).
Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ.
Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын.
Инвестициялық жобаларды іске асырудан және/немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс.

ҚР Қаржы министрлігі

«Балалар кітапханасы» жобасының маңызы ерекше

Кітап-асыл қазына. Ал, кітапхана-ғасырлар бойы кележатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятумен қатар, олардың танымдық деңгейін өсіруге жетелейтін “Балалар кітапханасы” жобасының маңызы зор болып отыр.

Балаларды жас кезінен кітап оқуға қызықтырып, отбасылық оқу дағдыларына бейімдеу, көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырмандарды көбейту, кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М. Қашғари атындағы мектеп -лицей кітапханасында “Балалар кітапханасы” жобасы бойынша “Бір отбасы-бір кітап” тақырыбында челлендж ұйымдастырылды. Челленджде оқушылар өздері сүйіп оқыған кітаптарын отбасымен бірге оқып, оны талқылап, челленджді әрі қарай басқа отбасыға жолдады.

Сонымен қатар, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Балалар кітапханасы » жобасын іске асыру негізінде күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыста кітап оқимыз » атты іс- шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 2 – сынып оқушылары арасында өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысы өтті.

Мақсаты: оқушылардың екпінді дұрыс қоя білу , оқу мәнерін меңгеру, дауысты өлеңнің ой-мазмұнына сай баяу,жігерлі оқу немесе тілек ,сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқи білу машықтарын байқау,бағалау. Сондай-ақ, балалардың дүниетанымын дамыту , өлең сөзге деген қызығушылықтарын арттыру . Сайысқа мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нафиса Парпиева , кітапханашылар , бастауыш сынып бойынша бірлестік жетекшісі ,сынып жетекшілері қатысып,өз пікірлерін айтты. Ал, оқушылар сайысқа белсенді қатысып марапатталды .

Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болып отыр.

Міне дәл осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп » жобасы аясында күзгі демалыс кезінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толуына байланысты іс- шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 5-сынып оқушыларымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым- Қожа» повесты туралы викториналық сұрақтар сайысы өткізілді.

Мақсаты: Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру; Оқушылардың ой – өрісін, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары сайысқа қатысып белсенділік танытқаны үшін сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында Кентау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы N19 ақпараттық технологиялар мектеп лицейі кітапханасы оқушылардың күзгі демалысын тиімді пайдалануы үшін оқушыларға үйге ертегі кітаптар оқуға берді. “Күзгі демалыста кітап оқимыз” тақырыбындағы кітап оқу іс-шарасына отбасыларымен белсенділік танытуда. Бастауыш сынып оқушылары үйлерінде ата-аналарымен ертегілер оқуда.

Ал, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ш.Қанайұлы атындағы 2-ші жалпы білім беретін мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушыларының “Балалар кітапханасы” жобасы аясында күзгі демалыста белсене кітап оқу, түсінік айту, талқылау, уақытқа мәнерлеп оқып жарысу шаралары өтті. Оқушыларға демеу жасап, қолдап, бағыт-бағдар беріп жүрген мектеп кітапханашысы, сынып жетекшілері және ата-аналары. Бұл өнегеге толы үрдіс алдағы уақытта жақсы дәстүрге айналмақ.

Кел оқырман демалыста кітап оқимыз. Осындай ұранмен Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп- гимназиясы да, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында игі іс-шараны қолға алды. Яғни, “Демалыста кітап оқиық ” тақырыбында оқушылар өздерінің ұнатқан кітаптарын алып, білімдерін шыңдады. Мақсаты: кітап оку арқылы оқушылардың бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті дамыту, оқырман кызығушылығын арттыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары күзгі демалыстарын кітап оқып, тиімді өткізуде. Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпау керек дейді, мамандар.

Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Айта кетейік, қазіргі күні мектептердегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілген.

Кентау: Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп ұрпаққа білім беріп, білмегенін үйрететін орта десек, оның жүрегі – мұғалім екені анық. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы, оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы десекте болады. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам болса, ұстаздың ұлы қасиеті де осы болмақ.

Міне осындай қасиеттерді дәріптейтін байқаудың бірі «Дарынды бала – талантты ұстаз» байқауы десек болады. 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысты. Ал, Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы қатысып, өз бағын сынады. Байқау 3 шарт бойынша өтті. Яғни біріншісі ұстаз кез келген форматта өзін-өзі таныстырады, сондай-ақ тыңдалым, яғни мәтінмен жұмыс. Ал ең маңыздысы мультимедиялық жоба. Яғни, үш минуттай жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді көрсетеді.

” – Қазіргі технология заманы оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін қажет етеді.  Қазіргі кезде әрбір оқушылар телефон, планшет, ноутбук секілді гаджеттерді мобильді құрылғыларды қолданады. Сондықтан мұғалім осы құрылғыларды оқытуда тиімді пайдалана отырып, сол арқылы оқу процесін жан-жақты тиімді әрі әсерлі етіп өткізе алады. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, білім мен мəліметтерді əр түрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге көмектесе алады. Қазіргі ғылым мен техниканың шарықтаған шағында көрнекіліктердің қай түрі болсын молынан пайдалануға мүмкіндік бар. Мектепте жаңа технологиялармен жұмыс істеу өте пайдалы. Өйткені нашар оқитын оқушының өзін онымен жұмыс істеуге қызықтыруға болады. Себебі балаға бұл әдіс арқылы білмеген жерін көрсетуге, көмек беруге болады. Заман талабына сай техникалық құралдарды сабақта қолдану — мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол. Компьютер, ноутбук арқылы оқушылардың пəнге деген танымдық қызығуын арттырып, тиянақты білім алуына жағдай туғызуға болады. Сабақ үстінде өз бетінше берілген тапсырмаларды орындау барысында оқушының оған қызығуы арта түседі. Сабақ барысында компьютерді қолданудың жақсы жақтары: түрлі-түсті иллюстрациялар, аннимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.” – дейді Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы

Сабақ оқытудың жаңа компьютерлік жүйесін пайдаланудың мынадай ұтымды жақтарын атап көрсетуге болады: оқушылардың ойлану дəрежесіне қарай , материалдық қабылдау ерекшелігіне байланысты əрбір оқушы үшін жеке-жеке компьютерда бағдарлама құрып, оқушылармен дербес жұмыс жасауға болады; компьютер арқылы нашар оқитын оқушылардың өзінің пәнге деген қызығушылығы артады; компьютерді сабақта пайдалану уақытты үнемдейді.

Міне осындай жаңашылдықтарды қамтыған байқауда, жаңа технологияларды қолданудың тәсілдерін айтып, өз тәжірбиесін көрсете білген Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сагдиана Султанқызының мерейлі жеңісіне мектеп ұжымы да ізгі тілектерін жеткізді.

Жалпы өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы керек.  Мұғалімі – өзінің табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дами түседі. Қазіргі таңда мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру саласының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі десек, осындай құндылықтарды арттыра түсетін іс-шараның бірі – «Өнерлі ұстаз» байқауы.

Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қазан күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде қалалық «Өнерлі ұстаз-2024» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық-психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау, тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлу, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісу. Осындай маңыздылығы айқындалған байқауға Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Балтабаева Шохида Шухратқызы да  қатысып, өз бағын сынаған. Байқау 3 шарт бойынша өткен. Яғни,  өзін-өзі таныстыру кезеңі, «Дублер күні» кезеңі, «Өнер» кезеңі. Байқаудың қорытындысы бойынша Балтабаева Шохида Шухратқызы жүлделі І орынды иеленіп, білім ордасының абыройын көтерді. Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары саналы ұрпақ тәрибиелеп, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Жалпы білім мен тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеу маңызды. Бұл мақсатта өнегелі, өнерлі және талантты ұстаздардың қызметі орасан.

Кентау: Бір мектептің талантты ұстаздары

Кентау қаласының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептер арасында “Өнерлі ұстаз -2024” байқауы облыстық байқауының қалалық кезеңі өткізілді. Басты мақсат: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық–психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау және жас ұрпақты өнерге баулу бойынша тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, байқау шарттарында тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлуі, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісуі маңызды болды.

Байқаудың қалалық кезеңде ұлттық және жалпыадамзаттық тәжірибені іске асырудың феноменальды құралы ретінде ән шығармашылығын өзектендіруге де баса назар аударылды. Яғни, ән шығармашылығының зерделеу және насихаттау арқылы олардың музыкалық-теориялық пәнге деген қызығушылығын арттыру маңызды қадамдардың бірі. Байқауға А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әбдіжалал Нұрай қатысып, жүлделі 1 орынды иеленген. Тиісінше, Кентау қаласының өнерлі және талантты ұстазы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Осылайша кенді қаладан үздік шыққан мұғалім, байқаудың облыстық кезеңінде де топ жарды. Кентаулық Әбдіжалал Нұрай үздік өнерімен танылып облыстық байқауда жүлделі 2 орынды иеленді. Жетістікке жеткен ұстазды білім ордасының ұжымы да шын жүректен құттықтап, мектеп мақтанышына құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, 2024 жылы 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында қалалық «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауы өткен болатын. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысқан. Ал, бұл конкурсқа А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжанқызы Перина қатысып, өз бағын сынады.

Байқау 3 шарт бойынша өтті. Олар өзін-өзі таныстыру (кез келген форматта), мультимедиялық жоба (жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді-3 минут), тыңдалым (мәтінмен жұмыс). Байқаудың қорытындысы бойынша Бақытжанқызы Перина жүлделі І орынды иеленді.Міне осылайша бір мектептің ұстаздары толағай табыстарға жетіп, өздері қызмет атқарып жүрген білім ордасының мақтанышына айналып отыр.