Архив рубрики: Ақпарат

Салт-дәстүрсіз дін догмаға айналады

Қазақ халқының әрбір салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәні терең. Ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ақыл мен білімге, өнер мен тәртіпке шақыру үлкенді сыйлау сияқты насихатымен құнды. Салт-дәстүр тәрбиенің бастамасы болып табылады.
Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.
Дін қоғам үшін қажет. Өйткені ол халықтар бірлігі мен татулығынан тамыр алады. Діни төзімсіздік қоғамды тұрақсыздыққа әкеледі. Қақтығыстарға толы қоғам – қуатсыз. «Білімсіз дін – соқыр, дінсіз білім – ақсақ». Демек, Исламның талабы сол, халықтың діни сауатын ашу, соқыр сенімнің жетегінде жібермеу. Жалпы дін – имандылық ізгі қасиеттердің алтын діңгегі. Ал, дәстүр – ұлтты рухани жандандырып тұратын сипаттар.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін бар деп айтуға болады. Ғұрып дегеніміз – бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс.
Ұлттық бірегейлігімізді сақтап, мәдениет дамытуда салт-дәстүрдің маңызы зор. Рухани құндылығымыздың қайнаркөзіне айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы, ұлт болып сақталудың, ұлттың дамуының негізі. Түрлі мәдениеттердің тоғысқан жаһандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып басты қызмет атқарады.
Әр халық өзінің тілімен, дінімен, атауымен және де салт-дәстүрімен ерекшеленеді.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары деструктивті діни ағым өкілдері таза дінді ұстанамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, өзінің теріс идеологиясын қабылдатқысы келеді. Олар тек Құран және сүннетпен ғана жүруіміз керек деп, салт-дәстүрді тәрк етуде.
Салт-дәстүр мен діннің сабақтастығын бір ауыз сөзбен толық қамту мүмкін емес. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген талай ақындарымыз, жыршыларымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз бен қазыларымыз ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білген. Осылайша ислам құндылықтары халқымыздың өмірі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтымен сабақтасып үйлесім тапқан. Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарады.
Дәстүрдің таразысы әрі негізі – дін. Рухани жаңғыру жолында да ықпалы зор. Дін – мәңгілік әрі хақ. Дін ісі – тәрбие жолы, адамның рухани азығы.
Табиғатымызбен сабақтасып жатқан шариғатымызды біздің ұлт болып өсуімізге қажет рухани мектеп деп танимын.
Қазіргі заманда Еуропаға еліктеушіліктің зардабын көріп жатырмыз. Сондықтан өзіміздің ұлтымыздың құндылықтары түп-тамырымен жоғалып кетпес үшін, салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуымыз қажет. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Ал, біздің халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді. оның ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні зор болған.
Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен имани ұғымдар мен ұстанымдардың ұқсастығын айыру қиын емес. Бұл Алаш жұртының салт-санасы, ақыл-ойы Ислам дінінен ажырамағандығын аңғартады. Сөз жоқ, ұлттың ұтқыр ойлау жүйесінде ойып тұрып орын алатын мақал-мәтелдер дәстүрлі қазақ мәдениетінің Ислам дінімен біте қайнасып жатқандығын айғақтайды.
Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Қазақ ұлтының қанына сіңген қасиеттердің бірі – сыйластық. «Адам – сыйлағанның құлы» деген қазақ өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынған. Сонымен қатар, «келіннің сәлем салуы», «келген қонақтың қолына құмғанмен су құюы» сынды ежелгі дәстүрлер бар. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенге деген құрмет, сыйластық және үлкеннен бата алу сияқты ізгі қасиеттер берілген.
Ендеше, «малым жанымның садақасы, жаным арымның садағасы» деп мұсылманшылықты ту еткен сол ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымау керек. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай қорғай білгеніміз жөн.
Б.Өтеген
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
дінтанушы-теолог маманы

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИ КЕРУЕНІ ТҮРКІСТАНДА

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласындағы Мақтаарал ауданының мәдениет күндері басталды. Шараның алғашқы күні Этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұмыр көріністері көрсетілді. Ұлттық тағам түрлері таныстырылды. Дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, айтыс және «Ақ алтын» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің концерті өткізілді. Ал дар ойыны көптің қызығушылығын тудырды. Мақтаарал ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Мақта шаруашылық тарихи музей көрмесі жасақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына таратылды.
Өткен аптада басталған фестиваль мақсаты ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады. Өнер байқауы жаз бойы өткізіліп, күз айларына дейін жалғасады. Аталған іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен Қырғызстан елінен келген ЮНЕСКО ұйымының өкілі қатысып, тамашалады.

Түркістан облысында 1780-нен астам мәдени мұралар бар

Әлемдік мұралар тізімін толықтыру мақсатында Түркістанға Қырғызстан елінен ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшысы Айнұр Тентиева, сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева және «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның арнайы мамандары келді.
«Ұлы Дала Елі» орталығында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков қатысып, жүргізіп отырды.
  
– Ең алдымен барлығыңызға Түркістан қаласына қош келдіңіздер деймін! Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауда, сонымен қатар оны әдемдік деңгейде танытуда атқарып жатқан еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға бай өлке. Облысымызда 1780 астам мәдени мұраларымыз бар. Әрине, санының көптігімен ғана емес, маңыздылығымен, құндылығымен де ерекшеленетін тарихи обьектілеріміз жетерлік! Өздеріңізге белгілі, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек Түркістан облысының ғана емес, еліміздік мақтанышы. Бүгін міне сол әлемдік мұралар тізіміне алдағы уақытта қосылуы жоспарланып отырған мәдени мұра обьектілерінің жай-күйін талқылаймыз. Мақсатымыз – ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізу. Осы мақсатта алдағы уақытта өздеріңізбен бірлескен жұмыс жүргізуге дайынбыз, – деді Әділ Нұржанұлы.
Жиын барысында «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне бірлесіп дайындау және ілгерілету мәселесі талқыланды. Жалпы осы бағыттағы іс-шаралар тарихи-мәдени мұраны сақтауда білім мен тәжірибе жинауға, таратуға және алмасуға мүмкіндік береді дейді мамандар.
Әлемдік мұралардың алдын ала тізіміне енгізілген, Созақ ауданында орналасқан «Арпаөзен» петроглифтеріне 2023 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биыл сол зерттеу жұмыстарының екінші кезеңін жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, келген жұмыс тобы алдымен «Отырар археологиялық қорық-музейіне» кешеніне енетін Отырар қалашығына барып, музейлендірілген археологиялық қазба орындарымен танысты. Содан соң «Әзірет-Сұлтан қорық-музейінің» кешеніне енгізілген Күлтөбе қалашығындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен, Сауран қалашығымен танысып, бірқатар ұсыныстарды талқылады. Әрі қарай жұмыс сапары Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени мұраларға бағыт алды.

Кәсіпкер жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде жергілікті 25-30 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын жаңа цех өз жұмысын бастады. «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехтың ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаты Абдурашид Жусипов, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық және ауыл ақсақалдары қатысты. Сонымен қатар, осындай игі іске қатысқан ел ағалары жаңа кәсіпорынның жұмысына сәттілік тілеп, шаруа иесінің мол табысқа кенелуіне ниеттес болды. Мұндай нысандардың ауылдық жерде ашылуы сол мекеннің азаматтарын еңбекке тартуға және ауыл әлеуеттін арттыруға мол септігін тигізеді.
 
Айта кетейік, «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бұған дейін де өз кәсібін дөңгелетіп, жемісті жұмыс атқарып келеді екен. Аталмыш нысанның төрағасы Аброр Рысқұловтың айтуынша, цехқа қажетті құрал жабдықтарды Қытай Халық Республикасынан алып келген. Бүгінгі таңда цехта 30-ға жуық адам тұрақты жұмыс істеп жатқан болса, алдағы уақытта өнім көлемін еселеп, өндіріс орнының өрісін өркендету жоспарға қойылған. Ал, жалпы цехтың көлемі 1 гектарды құрайды екен.
Қазіргі таңда онда 12 түрлі құрғақ құрылыс қоспалары дайындалып, нарыққа шығарылуда. Күніне 30 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіріп жатыр. Ондағы артықшылық нарық бағасынан әлдеқайда төмен, сапасы жоғары. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отырған кәсіп иесінің мақсаты алдағы уақытта өнімнің көлемін 2 есеге ұлғайту және өндіріс орнын одан әрі дамыту. Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында және Кентау мен Сауран ауданында да құрылыс жұмыстары қарқында жүргізілуде. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, құрылысқа қажетті өнімдерге де сұраныс арта түсуде. Ал, Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бастамасы дәл осы нарықтағы сұранысқа қажетті құрғақ құрылыс қоспалары дайындаумен айналысып, отандық өнімді шығару арқылы тиімді баға мен жоғарғы сапаны қамтамасыз етіп отыр.

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы өзінің саяси тұғырнамасында халық саулығын қамтуды негізгі басымдықтың бірі ретінде айқындаған. Бұл бағытта денсаулық сақтау, медицина саласындағы кезек күттірмейтін мәселелердің шешу жолдары партияның Сайлауалды бағдарламасында қамтылып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында медициналық қызметтің сапасын көтеру, емханалар мен ауруханаларды жоғары стандартты арнайы жабдықтармен қамту, ауылдық жерлерде фельдшерлік-амбулаториялық және медициналық бекеттер салу, оларды тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеттері белгіленіп, олардың іске асырылуы партияның өңірлік филиалымен тұрақты бақылауына алынған.

Бүгінде Түркістан облысында денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым 130 жеке меншік мекемелер кіреді. Ондағы медициналық мекемелерге тіркелген 2 060 903 адамға 35 мың медицина мамандары қызмет көрсетеді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы дәрігер болса, қалғаны түрлі орта медицина персоналы. Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы ретте елімізде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттыру шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Жетекші партия мүшелерінің негізгі бөлігі де медицина қызметкерлері.

Елімізде маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Осынау айтулы күн қарсаңында өңіріміздің барлық аймағында денсаулық сақтау қызметінде жанқиярлық еңбегімен адам жанының арашашысы болып жүрген жандарға алғыс білдіріліп, елеулі еңбектері үшін марапаттау шаралары жүргізіліп жатыр. Ал, Отырар аданының Талапты ауылындағы «Фараб дәрігерлік амбулаториясының» ұжымы мен ауыл тұрғындары айтулы мереке қарсаңында көптен күткен қуанышқа кенелді. Амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі сыйға берілді. Осынау игілікті істі «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалының, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында өз қаражаты есебінен демеушілік, танытып алып берді.

«Медицина қызметкерлері күні» қарсаңында өткен салтанатты шарада авокөлік кілтін аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Сатыбалдыұлына демеушінің анасы, 25 жылдан астам өмірін денсаулық саласына арнаған медицина ардагері Жұмакүл Бейсенбайқызы табыстады. Салтанатты шарада сөз алған Уәлихан Жамалханұлы ауыл тұрғындарын осынау жаңалығымен құттықтап, анасы Жұмакүл Бейсенбайқызы мен марқұм әкесі Ұзақ Жамалхан қарияның ұзақ жылдар бойы ауылда дәрігерлік қызмет еткенін еске алып, бүгінгі сыйы сол ата-ананың қызмет еткен саласына арналғанын жеткізді. Сондай-ақ, медицина мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жедел жәрдем көлігі мекеме қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, ауыл тұрғындарына дер кезінде сапалы жұмыс жасайтынына сенім білдірді. Мерекеге орай осындағы бірқатар ақ халатты жандарға «Алғыс хат» табыс етті.

Ұжым қызметкерлері мен ауыл тұрғындары игілікті іске бастамашыл болған жандарға алығыс білдіріп, ақжарма тілектерін арнады. Медицина қызметкерлері күніне арналған шаралар әлі де жалғаса бермек.

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВТЫҢ ТУҒАН АУЫЛЫ АҚСҮМБЕДЕ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Түркістан облысы, Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде қайраткердің кіндік қаны тамып, туып өскен ауылы Ақсүмбенің төрінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты республикалық думанды ақындар айтысы өтті.

Тағылымды шара барысында зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл-шоқтарын қойды. Дүбірлі жыр додасының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Содан соң шараның өтуіне айрықша атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Аламанға еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнеріміз насихатталды. Айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбековтен бастап, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшов, Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдәулет Өмірбеков пен Сіламхан Мұхаметқандар өзара бақ сынасты. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың өнегелі өмірі, ізгі амалдары, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Жыр додасына айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілқайыр Сыздықов, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ.к, Нариман Нұрпейісов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев және жас ақын Ибадулла Жанарыс қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Бекарыс Шойбеков, жүлделі І орынды Жансая Мусина, ІІ орынды Еркебұлан Қайназаров иеленіп, Нұрмат Мансұр жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Қорытындылау сәтте жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ақсүмбенің төрінде бұдан бөлек «Алаштың айбатты арысы – Сұлтанбек» атты мерекелік концерті ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлете күй орындады. Өз өнерлерін паш етті. Шараға жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар мерекелік кешті шат-шадыман күйде тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған іс-шараның алғашқы күні Шолаққорғанда өткізілді. Алдымен іс-шараға қатысушылар Шолаққорған ауылындағы Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң Сұлтанбек Қожановтың музейімен танысты. Тұлға жайлы бейнетуынды көрсетілді. Әрі қарай «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

БІЛІКТІ ДӘРІГЕРГЕ ТҰРҒЫНДАР АЛҒЫСЫН БІЛДІРУДЕ

Жыл басында Түлкібас аудандық ауруханасында балалар хирург дәрігері, жоғары санатты маман Серікжан Ботабекұлы Нұржанов өз қызметіне кіріскен болатын. Бүгінде білікті дәрігерге жергілікті тұрғындар алғыстарын білдіруде. Балаларына жасалған оталар сәтті аяқталып, дертіне шипа тапқандар ақ халатты абзал жандарға ризашылықтарын айтуда. Бұрындары  ірі қалалар мен өзге облыстарға сабылатын Түлкібастық тұрғындар енді аудан орталығында ем қабылдауға мүмкіндік алғандарын жеткізіп жатыр.

Айта кетейік, Серікжан Ботабекұлы Нұржанов 1979 жылы маусым айының 21 жұлдызы күні Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылында дүниеге келген. 1996-1999 жылдары Шымкент медицина колледжін, 200-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын, 2004-2006 жылдары қазақ мемлекеттік медицина академиясының педриатрия факультетін бітірген.

Бұдан бөлек 2006-2007 жылдары Астана қаласындағы балалар хирургия бөлімінде білімін жетілдірген. Алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы көп саласы №2 балалар ауруханасында бастаған. Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында хирург мамандығында қызмет атқарған. Білімін Түркия елінде жетілдірген. Біліктілігі жоғары дәрігер. Балалар дәрігері мамандығына сай түрлі халықаралық сипозиумдарға қатысқан. Медицина саласында жеткен жетістіктері жетерлік. Балалар дәрігері Қазақстан ассоциациясының белді мүшесі.

Түрік мемлекеттері трансплантолог Ассоциациясының мүшесі, басқа да халықаралық жиындарға қатысушы. Бүгінде өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының балалар хирург дәрігері қызметін атқаруда. Қазіргі таңда көптеген балаларға ота жасап, оның еңбегіне риза болып, алғыс айтушылар қатары көбейіп келеді. Балалар хирург майталманы Серікжан Ботабекұлын өзгелерге үлгі болатын азамат деп айтуға болады.

Түлкібас ауданында медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттар түсіндірілуде

Түлкібас ауданында медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттар түсіндірілуде. Осындай шаралардың бірі аудан әкімдігінде ұймдастырылып,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мәселелер талқыға түскен.  Аудан әкімінің орынбасары А. Нұрлыбайдың төрағалығымен өткізілген жиынға мемлекеттік қызметшілер, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аурухана және басқа да мекемелер мен ауыл әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Жиынға арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттарға шолу жасап шықты. Жиынға қатысушылар шара барысында аталған тақырып бойынша сұрақтар қойып, арнайы мамандар тарапынан бірқатар талқылаулар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
 
Аталған жиыннан соң, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша аудандық штабтың құрамының отырысы болып өтті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған. Сонымен қатар, 2024 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек деген сауалдарға да жауаптар берілді. Мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерген. Яғни, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерімен есептеледі. Биыл ең төмен жалақы 85 мың теңгені құрап отыр.

Жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Олар: балалар; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері; барлық топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; декретте отырған аналар; мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар; студенттер және тағы басқалары кіреді.

Бүгінгі таңда елімізде жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрап отыр екен. Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 мың теңгеден аспауға тиіс.

Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның, яғни 119 мың теңгенің 5 пайызын төлейді. Биыл ең төмен жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетіп отыр екен. Ал, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2%-ын аударады.

«Сондай-ақ, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу «, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы

Сонымен қатар, кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда төлемдерді есептеу үшін шекті табысты ескеру керек – ол 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге). МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 000 теңгеден аспауы керек. (850 000 теңгенің 3%). Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орынанан түсетін ортақ табысы ескеріледі, яғни әр айға жарна 17 000 теңгеден аспауы тиіс (850 000 теңгенің 2%). Қызметкер төлемдерді дұрыс есептеу үшін бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама тапсыру керек.

Мысалы, қызметкер 1 ұйымынан 550 000 теңге жалақы алса, 2 — ұйымынан 400 мың теңге түседі. Оның ортақ табысы 950 000 теңге, яғни, шекті салық салынатын кірістен жоғары. Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге көлемінде жарна ұстап, 16 500 теңге көлемінде аударым жасайды. Екінші жұмыс орнында оған 6 000 теңге (жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мыңнан төленген11 000 теңге жарнаны шегергенде) жарна төлейді.Аударымдардың мөлшері 18 000 теңгені құрайды, -дейді мамандар

Сондай-ақ, ресми қызметінен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді әрі Салық кодексі талап еткендей жеке бизнесі үшін төлеуі қажет.

Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы; fms.kz ресми сайты; Telegram-дағы @SaqtandyrýBot; 1414 байланыс орталығы; Damumed мобильді қосымшасы; Halyk мобильді қосымшасы; BCC.KZ мобильді қосымшасы; Kaspi.kz мобильді қосымшасы; egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және  жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы. Сақтандыру жүйесі мен төлемдер жайлы толық мәліметті fms.kz ресми сайтынан да алуға болады.

КЕНТАУ: 450 ОҚУШЫ ЖАҢА ЛАГЕРДЕ ТЫНЫҒАДЫ

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.

«Жазғы демалыста осы лагердің іске қосылғаны біз үшін де, балалрымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз,» — деді қала әкімінің орынбасары.

«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы — 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.

Сауран: Кәсіпкер құс өсіріп, кәсібін өркендетуде

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталып, жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған «Сүлеймен ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. Құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде. Алдағы уақытта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм бар. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндереді.

Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ халқы үшін жаңайшыл дүние емес екені анық. Бұл істі өз кәсібіне айналдырып, тауық өсірумен отбасының жағдайын жасап, оған қоса өзге азаматтардың еңбек етуіне септігін тигізіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Мамандардың айтуынша бройлер тауығын өсірген өте пайдалы және табысы мол кәсіп түрі.

Себебі, бройлер – тез өсіп жетіледі екен және еті жұмсақ әрі дәмді болып келеді. Бұл құстың түрі азықтандыру шығындары өсірушіге неғұрлым арзанға түсетіні де дәлелденген. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады екен. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады, дейді мамандар.

«Сүлеймен ата» шаруа қожалығының иесі бройлер тауығын күту үшін ең алды­мен оларды орналастыратын орын-жайларды дұрыс таңдап алу қажеттігін де атап өтті.

» Ең алдымен қорада тауықтар еркін қозғала алатын кеңістік болуы керек. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайында, әсіресе, қысқы маусым кездерінде тауықтар бұл қорада тәулік бойы ұсталады. Сонымен бірге тауық қора бройлерді сыртқы қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғай алатындай жылы әрі жарық болуы тиіс. Сонымен қатар, мұнда ауаны тазартып отыруға мүмкіндік беретін желдеткіштер болып, тазартуға жеңіл болуын да ойластыру керек. Біздің фабрика бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Біз халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынып жатырмыз. Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Яғни, бұл маңызды процестердің бірі»,— дейді кәсіп иесі

Балапандар алғашқы кезде тор ішінде өсіріледі екен. Мұндай жағ­дайда балапандар жедел салмақ қосады және қимыл-қозғалыстары шектеулі болғандықтан азықты да аз жейді. Балапандар өсіп жетілген кез­де оларды тауық қораларға жөнелтуге болады. Мұнда балапандар тез өсіп жетілу үшін тем­ператураның тұрақты болғаны жөн. Балапандарды жиі-жиі азықтандырып отырған жағдайда олар 48-70 күннің ішінде 1,5 кило салмаққа дейін жетеді. Кәсіпкер бройлер балапандарын азық­тандыру үшін құрамында қа­жетті витаминдер мен минералды қоспалары бар  арнаулы құрғақ құрамажем пайдаланылатынын және азық­тың бұл түрі тауық қорада тәулік бойы тұрақты түрде болатынын айтады.

Кәсіпкер бұл іске кіріспес бұрын өнімді қай жерге өткізуге болатындығына дейін алдын-ала зерттеулер жүргізіп көрген. Сұраныс та өте жақсы болғандықтан, өз кәсібінің несібесін көріп отыр. Мәселен, құс етін кафе-ресторандарда және жекелей тұтынатын адамдар да аз емес. Көбірек тұтынатын сапалы, дәмді өнім түрін тұрақты түрде жеткізіп бере алатын сенімді серіктестің пайда болуы ең алдымен олардың өз бизнесін тұрақтандыруына қолайлы жағдай туғызады. Әдетте, бұл кәсіппен шұғыл­данған адам тек 30 балапанды сатып алып бағумен шектелмейтіні мәлім. Өйткені, бұл кәсіптен дұрыс пайда көру үшін ең кемінде жүздеген тауық өсіру қажет. Сонда ғана табыста еселеп арта түсетін болады. «Сүлеймен ата» шаруа қожалығы алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын  арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда аталған нысанда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар алдағы кезеңде азаматтарды көптеп еңбекке тарту бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмақ.