Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде “Қарызсыз қоғам” атты қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша өткен оқу семинары өз мәресіне жетті. Пилоттық жобаға 70-ке жуық ауыл тұрғындары қатысты. Оқу семинарын сәтті аяқтаған тұрғындарға “AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев арнайы келіп, сертификат табыс етті.
-“Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады.
Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр.
Оқыту курсының негізгі мақсаты – елімізде болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру” — деді филиал төрағасы.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шорнақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Сүлейменов Баймахан Тоймаханұлы курсқа қатысып, өз білімін жетілдірген тұрғындарға алдағы уақытта ұрпаққа үлгі боларлықтай сауатымызды арттырып, қарызсыз қоғамды қалыптастыруды үйрену керектігін айтты.
Бұл семинар қатысушыларға қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйретті. Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары айтылған мәселелермен толық танысып, қаражатты қалай жұмсау туралы толыққанды ақпараттарын қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайдан алды. Жоба мамыр айында басталып, қараша айына дейін жалғасады. Кез – келген оқуға ниет білдірушінің жобаға қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тұрғылықты жерде орналасқан «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласып, тіркелуі қажет.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі