Архив рубрики: Денсаулық

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауыруының себебі айтылды

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауыруына ішек таяқшасы тобындағы бактериялар себеп болуы мүмкін екендігі айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Тaq.kz сайты

Бұл туралы Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов мәлімдеді. Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді және асхана қызметкерлерінен бактерия тасымалдаушылыққа бактериологиялық зерттеуге анализдер алынған. Зерттеу нәтижелерінде сүртінділерден ішек таяқшасы тобындағы бактериялар табылған. Ал, қалған сынамалар бойынша әлі де жұмыс жүргізіліп жатыр.

«25 наурызда 15 науқас бала сауығып, стационардан шығарылды. Барлығында бактериологиялық зерттеулер нәтижесі – теріс. Оларға «Басқа және анықталмаған гастроэнтерит және инфекциялық колит» қорытынды диагнозы қойылды. Сондай-ақ, 23 наурызда №5 жатақханада тұратын 1 олимпиадаға қатысушы «желшешек» диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, бүгінде сонда ем қабылдап жатыр», – деді Алдарқұл Ахметов.

Сондай-ақ, СЭҚБ мамандары жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде біршама шаралар қабылданған.

«23 наурыздан бастап №5 жатақханада тұратын олимпиадаға қатысушыларды тамақтандыру №1 қалалық мектеп-гимназиясының асханасына ауыстырылды. Берілген ұсыныстарға сәйкес, оқушылардың қатысуымен өтетін олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі тоқтатылды. 2023 жылдың 3-8 сәуірінде Шымкент қаласында өткізу жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралып, олимпиада аймақтарда өткізілетін болды», – деді ол.

Дәрігерлер сәбилердің ағзасынан 100-ден астам бөгде затты алып шыққан

Жамбыл облысында кішкентай балалардың тыныс алу жолдарына бөгде заттардың түсуі жиілеген, деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Былтыр осындай жағдаймен дәрігерге жүгінудің 30 дерегі тіркелсе, биыл небәрі үш ай ішінде 27 адам шағымданған.  Сондай-ақ, былтыр асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу процесі 160 рет болса, биыл алғашқы үш айдағы жағдай 50-ден асыпты.

Осыдан бір ай бұрын тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалған болатын. Аймақта жыл басынан бері балалардың ағзасынан осындай ірілі-ұсақты 100-ге тарта бөгде зат шығарылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ағзасынан алынған заттардың қатарында ілгек, түйме, тиын, кішкентай қыздардың шаш түйрегіштері, перде ілгіш, кілт, майда ойыншықтар, тіпті есту аппараттары бар.

«Бөгде заттар баланың ағзасына ауыз, мұрын, құлақ арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ, көз жұмуы ықтимал. Мұндай жағдайлар, әсіресе 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі кездеседі,» — дейді №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Ержан Серікбекұлы.

ШҚО-да карантин жарияланды

Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған елдімекен әкімінің шешім құжатында жазылған, деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап

«Катонқарағай аудандық аумақтық инспекциясы басшысының 2023 жылғы 7 наурыздағы ұсынысына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылдық округінің Шыңғыстай, Жаңа Үлгі ауылдарында мүйізді ұсақ мал арасында қой күлі (оспа) ауруының пайда болуына байланысты карантин белгіленсін,» — делінген Катонқарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрқанов шығарған шешімде.

ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ЕКПЕ САЛДЫРУ ҚАЖЕТ

Жыл басынан бері республикада қызылша ауруымен 11 жағдай тіркелді. Оның төртеуі — 14 жасқа дейінгі екпе қабылдамаған балалар,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов өңірде әзірге жағдай тұрақты екенін айтады.  Аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханада екпе жасатуға болады.
«Қызылша — ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Қызылшаға шалдыққан адамда алғашқы кезеңде дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы, жөтелдің пайда болуы, ауыз қуысының бөртуі сынды белгілері пайда болады. Қызылша аурушаңдығының эпидемиялық маусымы — күз-көктем мезгілдері. Қызылшамен және қызамықпен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Ал, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қызылша аурының алдын алу бойынша былай деп кеңес береді.
«Аталған сырқатпен ауырмау үшін қызылшаға қарсы екпе алу керек, сондай-ақ бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Халық көп шоғырланған орындарда бетперде киіп жүрген дұрыс. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болған кезде дәрігерге қаралып, дәрігер нұсқауларын орындау ләзім. Ата-аналарға айтарымыз, 17 жасқа дейінгі балаларыңыз қандай да бір себеппен екпе қабылдамаған болса, қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алуға шақырамыз! Қызылша ауруы асқынған жағдайда бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалитке әкелуі мүмкін», — деді Салтанат Өсетілләқызы.

Қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр

Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам онкологиядан қайтыс болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр.

«Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ: бірінші орында – сүт безі обыры (13,2%), екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек обыры (10,6%),» — деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, өткен жылы еліміздің бірқатар облыстары республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған.

«2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары 5 көрсеткіштің үшеуі бойынша республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Мәселен, Қостанай облысы – өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностикалау 5 пайызға төмен, көзге көрінетін обыр 4 пайызға жоғары. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Ал ерте диагностикалау 6 пайызға төмен, елдегі көзге көрінетін обырдың ең жоғары көрсеткіші 27 пайызды құрады,» — деді Ажар Ғиният.

Арықтауға көмектесетін биологиялық белсенді қоспалардың құжаттары болуы тиіс

Қазіргі кезде интернет ресурстарындағы әр түрлі сайттарда арықтауға көмектесетін биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) жарнамасы көбейді. Алайда, ол қоспалардың қауіпсіздігін растайтын құжаттар бірінде болса, бірінде жоқ. Бұл туралы , Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
«Биологиялық белсенді қоспалар КО ТР 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, мемлекеттік тіркеу рәсімінен міндетті түрде өтуі тиіс тауарлар қатарына жатады. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болмайынша өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында заңды түрде таратуға болмайды. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік –ол мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткен тауардың барлық санитариялық және гигиеналық нормаларға толығымен сай келетінін куәландыратын ресми құжат. Сондықтан, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ ББҚ-ды сатпауды және жарнамаламауды ұсынады.»
«Құрметті, облыс тұрғындары! Қандай да бір биологиялық белсенді қоспалары бар тағамды тұтынбас бұрын сатушыдан оның мемлекеттік тіркеу куәлігін талап етіңіз, оған Сіздің толық құқығыңыз бар. Егер сатушы ол куәлікті ұсына алмаса, өнімді тұтынбаған жөн. Сондай ақ, жоғарыда аталған заңсыз жайттар орын алған жағдайда, біздің сенім телефонына хабарласуыңызға болады.
Сенім тел: 8 72533 71084″ — Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

КЕНТАУДА «ТЕҢ ҚОҒАМ» БӨЛІМІ АШЫЛДЫ

«Тең қоғам» бөлімде — мүгедектерге санаторлы курортты емделумен, инватакси және әлеуметтік такси қызметімен, құлағы кеміс еститін мүгедектерге ымдау тілі маманымен, мүгедек балаларға күндізгі қатынау бөлімшесі мен оңалту орталықтарымен қызмет көрсетеді. Жалпы онда І және ІІ топтағы мүгедектерге 4 инватакси қызмет көрсетеді, ІІ топтағы мүгедектер мен 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 3 әлеуметтік такси бар.
 
Сондай-ақ, алдағы уақытта мүгедектерге арналған кітапхана, дойбы, шахмат инвентарлары және йога бөлмесі қарастырылуда. Мүгедектігі бар адамдармен кәсіпкерлік бағытта тренинг пен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Биыл санаторлы курортты емделумен 856 мүгедекке қаржы қарастырылып, шипажаймен қамтамасыз етілу жоспарлануда. Санаторлы курортты емделуге мүгедектер өздерінің электронды цифрлы қолтанбасы (ЭЦҚ) арқылы әлемуеттік қызметтер порталынан шипажай түрін таңдап, бара алады.

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ 15 ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АВТОКӨЛІГІ ТАПСЫРЫЛДЫ

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 15 жедел жәрдем автокөлігі тапсырылды. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын аталған мекемеге 122 автокөлік беріліп, жедел жәрдем автокөлік паркі жаңартылған болатын. Енді жаңа автокөліктер Түркістан облысының аудан, қалаларына жіберіледі. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, жедел емдеу шараларын көрсетуге үлес қосады.
Жалпы Түркістан облысы бойынша жедел медициналық жәрдем станциясының 5 бекеті және 17 бөлімшесі, жалпы 22 нысаны бар.
Жедел медициналық жәрдем станциясы 2 миллионнан астам тұрғынға қызмет етеді. Жаңа ғимарат заманауи технологиямен жабдықталған. Қызмет көрсету радиусы 100 км шақырымды құрайды, рациямен толық қамтамасыз етілген.
Санитарлы автокөліктердің барлығы GPS навигациясымен 100% қамтылған. Түркістан облысы бойынша ЖМЖС-да 140 жедел жәрдем бригадасы бар, оның 34-і дәрігерлік болса, 106 фельдшерлік бригада елге қызмет етіп жатыр.