Архив рубрики: “AMANAT”

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУЫ — НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ КӨРСЕТКІШІ

Менің сауалдарымның барлығы дерлік республикалық бюджеттен қаржыландыруға тәуелді мәселелер болды. Түркістан дотациялық облыс болғандықтан, республикалық бюджет қолдауына мұқтаж. Сол себепті ірілі-ұсақты әлеуметтік, шаруашылық нысандардың құрылысына қаражат сұралды.

Түркістан облысында жыл сайын 60 мың бала өмірге келеді. Бұл жаңа оқу жылында осынша оқушы мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Кей сыныптарда оқушы саны 40-тан асса, үш ауысымда оқитын және апатты мектептер тағы бар. 15 аудан, 2 қаладағы 117 мектеп күрделі жөндеуді,  апаттыжағдайдағы 40 білім ұясы жаңадан салуды талап етеді. Осыған байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.

Нәтижесінде облыстағы мектеп мәселесін шешуге республикалық бюджеттен бірден 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл бұрынсоңды болмаған жаңалық. 2024-2025 жылдары 63 білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол мектептер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жан-жақты білім алуына қолайлы заманауи үлгіде салынуы тиіс. Биылдың өзінде мектеп саны мыңға жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы» аясында тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз етуді міндеттеді. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде алғаш рет “Таза су” бағдарламасын әзірлеп іске асырып, республика бойынша жалғасын табуына бастамашы болған. Өкінішке қарай, содан бері “Ауыз су” (2000-2010 жж), “Ақбұлақ” (2011-2014 жж), “Өңірлерді дамыту”, “Нұрлы жер” (2015-2021 жж)бағдарламалары қабылданғанымен, көптеген ауылдар әлі күнге дейін сусыз отыр. Түркістан облысына қарасты 124 елді-мекенде су тұрмақ, құбыры мүлде жоқ. 109,7 мыңдай адам сапалы ауыз суға зәру. 124 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуді сұрап, Үкіметке сауал жолдадым.

Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары облыс бойынша 113 елді мекенге ауыз су жүйесі жүргізіліп, бұдан бөлек 204 ауылда ескірген су құбырлары жаңартылатын болды. Биыл 66 нысанның құрылысына 17 млрд 400 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, қалаларға қарастырылған 3 млрд 200 млн теңгеге 12, ауылдарға арналған 14 млрд 200 млн теңгеге 54 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 46-сы биыл, 20-сы келер жылы аяқталуы тиіс.

Арыс қаласын сумен жабдықтаудың 11 жобасын және басқа 3 ауылдық округін сумен жабдықтау бойынша 3 жобасын қаржыландыру бойынша да мәселе көтердім. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында аталған 11 жобаны іске асыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 3,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты. Бұдан басқа республикалық бюджетте 29 жобаны іске асыруға 23,4 млрд. теңге сомасында бюджеттік өтінімді (ҚЕМ – 15 жобаны іске асыруға – 11,5, АЕМ-14 жобаны іске асыруға-11,9 млрд. теңге), оның ішінде Арыс қаласының 4 жобаны іске асыруға 400 млн. теңге Қаржы министрлігінде қарастырылып жатыр.

Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз етуПрезидент тапсырмасы. Былтыр елімізде 11,6 млн абонент табиғи газға қол жеткізген. Бұл жалпы халықтың 59 пайызын құрайды. Ауыл аймақты газдандыру жұмыстары
2015 2030 жылдар аралығында жүргізіледі.

Түркістан облысы бойынша 368 ауыл адамдары үйлерін көмірмен жылытып жатыр. Биыл 6 млрд 900 млн теңгеге 22 нысанның құрылысы жүргізілуі тиіс еді. Жалпы, өңірді түгел газбен қамту үшін республикалық бюджеттен 75 млрд 200 млн теңге керек. Мен сайлауалды бағдарламамнан бұрын, сайлаушылардың тікелей айтқан өтініштерін орындауға кірісті. Халықтың сұрайтынымектеп, су, жол, аурухана, емхана салу, заңсыз карьерлерді жабу сияқты әлеуметтік мәселелер. Оның ішінде осы газдандыру да бар.

Арыста өткен кездесулерде тұрғындар «Байырқұм», «Жиделі» ауылдық округтерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге атсалысуымды өтінді. Алғашқы жолданған сауалдардың бірі «Жиделі», «Байырқұм», «Көкжиде» және «Аққала» елді-мекендерін газдандыру үшін 2 млрд 26 млн теңгелік жобаны қолдауға арналды. Үкімет жалпы Түркістан облысы мен Арыс қаласына қарасты екі ауылдық округтің газ мәселесі іс-шаралар жоспарына сәйкес іске асырылатынын айтты. Толық қамтылу үшін облыстық әкімдік газдандыру жұмыстарын Министрлікпен бірге пысықтауы тиіс. Биылғы жылға облыс бойынша мен сұраған 22 жобаны қаржыландыруға 6 млрд 900 млн теңге бөлінді. Биыл 18 ауылға газ кіргізілуі керек.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында:«Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіспіз» – деп атап өтті. Еліміз бойынша 600 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында баспанаға сұраныс көп. Үйсіз-күйсіз күнелткендердің нақты саны белгісіз. Қалай болғанда да, отбасы көбейген сайын ошақ қасы да керек болады. Қаншама бағдарлама іске қосылғанымен, пәтер жетпей жатыр. Бәрін үлкен мегаполистерге тірей бермей, ауылдардан көп қабатты үйлер салып өркениетке көшу керек. Ал, Қаратау тәжі саналатын Кентау бұрынғыдан да сәулетті әрі дәулетті қалаға айналуы тиіс. Келешекте ірі өндіріс орындары жұмыс істейтін болса, Кентаудың өз жұрты өзінде тұрақтайтын тұғыр керек болады.

2020 2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Кентау қаласының «Қаратау» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізуге және қаланың тозығы жеткен көпқабатты 10 тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, сонымен бірге қаланың «Қарнақ» ауылында мәдениет үйінің құрылысын салу үшін  5 303 592 мың теңге керек. Жоғарыда аталған нысандар сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. «Қаратау» шағын ауданындағы инженерлік инфрақұрылым құрылысына (жол бөлігі және сыртқы кәріз желілері)
2 919 584,0 мың теңге, Кентау қаласындағы тозығы жеткен көпқабатты 10 тұрғын үй аулаларын абаттандыруға – 1 033 961,0 мың теңге, «Қарнақ» ауылында 300 орындық мәдениет үй құрылысын жүргізуге – 1 350 047,0 мың теңге сұрадым.

Сол сияқты Отырар ауданы «Қоғам» ауыл округінің «Мыңшұқыр» елді мекеніндегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін,   өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, оны тұрақты дамыту мақсатында көпқабатты үй құрылысын жүргізу қажеттілігі бар. Қазіргі кезде «Қоғам» ауыл округі «Мыңшұқыр» елді мекенінің «Әл-Фараби» шағын ауданында салынатын 10 көпкабатты тұрғын үйдің жобасы дайын. Атап айтқанда, «Әл-Фараби» шағын ауданындағы № 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, сметалық құны – 304 170,0 мың теңге, «Әл-Фараби» шағын ауданындағы № 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, сметалық құны – 303 532,0 мың теңге, № 14  үйге – 303 240,0 мың теңге, № 15 үйге – 303 527,0 мың теңге,  № 16 үйге – 314 021,0 мың теңге, №17 үйге – 313 057,0 мың теңге,
18 үйге – 337 874,0 мың теңге, № 19 үйге – 336 353,0 мың теңге, № 20 үйге – 337 598,0 мың теңге республикалық бюджеттен қаржыландыру керек. Жоба жүзеге асырылса, Отырар ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 180 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі және құрылыс барысында аталған нысан бойынша 100-ден аса адам уақытша жұмыспен қамтылатын болады. 2024 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде Түркістан облысы Отырар ауданы «Қоғам» ауыл округі «Мыңшұқыр» елді мекені «Әл-Фараби» шағын ауданындағы  10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына – 2 821 368,0 млн. теңге (сметалық құны)бөлдіруді сұрадым.

Отбасы мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы назарынан тыс қалған емес. Президент жыл сайынғы Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, тапсырмалар жүктейді. Республика көлеміндегі жалғызбасты және жесір аналардың әлеуметтік жағдайына байланысты барлық мәселелер  «AMANAT» партиясының назарында. Әйел – отбасының,  мемлекеттің  тірегі. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасына байланысты. Жалғызбасты аналар, олардың ішінде жас аналарды әлеуметтік қолдау – бұл әрбір мемлекеттің отбасылық саясатының бір тармағы болуы тиіс.

Бүгінде Қазақстанда 837 мың толық емес отбасылар, оның 758 мыңы – әйел адам және 79 мыңы – ер адам. Жалпы, толық емес отбасылардағы адам саны –  
2 млн. 601 мың. Елімізде екі миллионға жуық жетім бала бар, оның әрбір бесіншісі некесіз отбасында өмірге келген. Қоғамда жалғызбасты аналардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі – қапияда ері қаза болғандар, екіншілері – ажырасып кеткендер, тағы бірі – алданып қалғандар мен азаматтық некеден қапыда қалғандар. Толық емес асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы беріледі, ал жалғызбасты аналар мен әкелерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудағы, отбасын нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау болып табылады. Бүгінде жалғызбасты аналар мен әкелерге жәрдемақы мөлшері шектеулі және берілетін көмек мардымсыз. Барлық анаға 1,5 жасқа дейінгі баланы күтуге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді және олардың көлемі әртүрлі. Жұмыссыз әйелге бір балаға ай сайын 19 872 тенге, ал жұмысы бар ананың әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды. Жалғызбасты, олардың ішінде жас аналар мемлекеттік әлеуметтік қолдауды қажет етеді, себебі олар дүниеге некесіз бала әкелумен туындайтын қаржылық, моральдық және тағы басқа жағдайларды өздігінен жеңуге қауқарсыз келеді. Сондықтан, жалғызбасты аналар мен әкелерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймын.

Бір топ депутат Қазақстандағы барлық әйел мен жалғызбасты ер адамның  бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды; жұмыссыз жалғызбасты аналар мен әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңеуді; жалғызбасты аналар мен әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін бірінші кезектегі жеңілдіктерді беруді, сондай-ақ, жалпы әйелдердің зейнетке шығу жасын 55-ке дейін төмендетуді сұрадық. Жалғызбасты аналардың жанайқайын жеткіздік. Алайда, Министрлік тарапынан әлеуметтік жәрдемақылардың жалпыға бірдей беріліп, жағдай жасалып жатқаны жайында жауап қайтарды. Біз жетімі мен жесіріне ерекше қамқорлық танытқан халықпыз. Сондықтан жалғызбасты аналар мен олардың балаларына көмекті көбейткеннен келіп-кетер зиян жоқ. Олардың тұрғын үй мәселесі де шешілмеген. Мұны да үйлестіру керек деп есептеймін.

Сарыағаш пен Жетісай арасындағы жолдар тозып, қозғалыс қиындап кеткен. Ол транзиттік жол болғандықтан, көкөніс, бау-бақша өнімдерін тасымалдайтын көліктер де, жалпы, Шымкент, Түркістан бағытында қатынайтын жолаушылар күндіз-түні тыным таппайды. Оның үстіне Сарыағаш ауданының аумағында көлік және жолаушыларға арналған кедендік бекеттердің бары да қозғалысқа әсер етеді әрі жолдардың тақтайдай тегіс болуын талап етеді.

Мәжіліске депутат болып сайланғанғалы облыс бойынша маған мұңын шағатындар өте көп. Өз сайланған округқа қарамаса да, одан тыс жерлерден шағымданушыларға құлақ аспасқа амалым жоқы. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан хабарласатындар баршылық. Ала жаздай Сарыағаш пен Жетісай арасындағы тас жол жыр болды. Расында да, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны біткен жерден бастап, Жетісайға жеткенше жолдың сапасы сын көтермейді. Ол республикалық трасса десе де болады. Себебі, Жетісай мен Сарыағаш арасынан сауда керуені күндіз-түні үзілмейді. Бір емес, бірнеше кеден бекеті бар. Жол азабын тартқан жолаушылар мен жүргізушілер жанайқайын Үкіметке жеткіздім.

Индустрия және даму мминистрлігінің мәліметінше, «Жизак-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Сарыағаш-Абай-Жібек жолы» А-15 74-220 км (ұзындығы 48 км) автожолын орташа жөндеуден өткізу биыл басталып, келесі жылы аяқталады екен. Қозғалыс қарқындылығының өсуіне байланысты, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында ұзындығы
102 шақырымды құрайтын (4 жолақты) «Қонысбаев өткізу пункті арқылы Өзбекстан Республикасына шыға отырып, Сарыағаш қаласын айналып өту жолы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын салу көзделген. Жоба Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен іске асырылады. Бұл бойынша өткен жылы ҚР Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы Әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азия Даму Банкімен ынтымақтастық бағдарламасына жобаны енгізу және оны 2024 жылы іске асыруды бастау мерзімімен мемлекеттік кепілдікпен қарыз есебінен қаржыландыру туралы өтінімі мақұлданған. Қазір мемлекеттік және экономикалық сараптамадан өту және қорытынды алу үшін техникалық-экономикалық негіздемені түзету жұмыстары жүргізулуде. Жалпы, құрылыс  2025 жылы басталады деп күтілуде. Сондықтан, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, көбі кетіп азы қалды.

Соңғы кездері жол қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералардың айналасында дау-дамай көбейіп кетті. Жұртшылық айыппұлды азайтуды талап етуде. Жол жүру ережесінде пайдаланылатын, автоматты режимде жұмыс істейтін «Фото және бейнежазба» арнайы техникалық құралдары қазір қоғамымызда тек келеңсіз оқиға тудырып отыр. «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесі онсыз да күнін әрең көріп жүрген халықтың қалтасын қағып, жаппай наразылығын туғызып жатыр. Орнатылған бейнебақылау камералары жайлы ескертетін жол белгілерінің жоқтығы да жығылғанға жұдырық болып, қарапайым азаматтар «Конституциялық заң бұзылды» деп дабыл қағуда. Адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың мүлтіксіз орындалуы «AMANAT» партиясының қадағалауында.

Қазақстанда негізінен жылдамдықты, бөлінген жолақтарда жүру тәртібі мен тоқтату сызығын бұзуларды және бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтуді анықтап, тіркейтін 19 029 «Сергек» бейнебақылау камерасы  жұмыс істеп тұр. Ол биылдың өзінде ел бойынша 3 413 308 рет жол ережелерін бұзу фактілерін тіркеген. Олардың ең көп орнатылғаны Астана және Алматы қалаларында, әрқайсысында 6 мыңнан астам. Астана қаласында биылғы 8 айда көлік жүргізушілеріне  5, 953 млрд.,  Алматы қаласында 6, 359 млрд. теңге айыппұл салынған. Үкіметтің жол қозғалысы мәселелері бойынша 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысына сәйкес жол қозғалысын реттеуді қамтамасыз ету үшін «Фотобейне тіркеу» ақпараттық-нұсқағыш белгісі енгізілді. Қолданыстағы қаулы бойынша арнайы камераның   барлығы жайлы белгі орнату міндетті емес және жүргізуші оған қарамастан, айыппұл төлеуі тиіс. Ал, мобильді жылдамдықты реттейтін қондырғы алдына ақпараттық белгі мүлде қойылмайды. Олар жолдың кез-келген бөлігіне  және көбіне жасырын орнатылады. «Сергек» камералары мен жылжымалы қондырғылар алдында «ескерту белгілерінің» болмауы жүргізушілерді шатастырып, оларға негізсіз айыппұл салынуда. Жүргізушілер құқығына нұқсан келтірілуде. Ал  ескерту белгісінің жоқтығы әкімшілік айыппұлды жоюға негіз бола алмайды. Мұндай заңсыздықтарға жол бермеу үшін стационарлық бейнебақылау камералары мен жылжымалы қондырғылар алдында «Ескерту белгілері» болмаған жағдайда айыппұлды жарамсыз деп тануды заңмен бекіту қажет. Мысалы Түркістан облысында өткен «Қорғау» апталығы кезінде 6 млн 600 мың, 600 мың теңгедей айыппұл арқалағандардың көліктері айып тұрақтарына қойылды. Оның барлығы дерлік жылдамдықты асыру бойынша салынған. Оны көлік егесі де білмей шыққан. Талап бойынша алғаш ескертілгеннен кейін бір апта ішінде төлеуге мүмкіндік берілсе де, жол полициясы көліктерді тоқтатқан бойда айып тұрағына тоғытып тастап, жүргізушілердің құқы мен өздері бекіткен талаптарды бұзып жатыр. Әлгі айып тұрағына қойылған көліктің құны 6 млн тұрмақ 600 мың теңге де тұрмайды. Бірақ, сол көлікпен жүрген күнкөріспен, жан бағып жүрген жандардың көп екенін естен шығармау керек.

Министрлік өкілдері ескерту белгілері қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалған жағдайда, айыппұл салынбай, базадан алынып тасталатынын айтқан. Алайда, халық олай болмай жатқанын ашынып айтып жатыр. Үстін-үстіне айыппұл салынып, көбісінің қайдан пайда болып жатқанын түсінбей жүргендері жетерлік. Бұлайша айыппұл өндіруді тексеру қажет. Онсыз да айыппұл мен салық айналасында дау мен шағым, наразылық өте көп. Реттейтін уақыт жетті деп есептейміз.

«Ескерту белгілері» жол қозғалысы ережелерін сақтауды және бұзушылықтардың алдын алу мақсатына қызмет етеді. Ескертілген жүргізуші заңды ешқашан бұзбайды. Ескертілмесе, шектеу қойылғанын қайдан біледі? Оның үстіне қазір «жасырын камералар» аздай, күре жолдардағы қозғалысты шектеу қойылмағанына қарамастан,дрон арқылы қозғалысты заңсыз  бақылау байқалған. Бұл да Жол полициясының өз қызметін асыра пайдалануға жатады. Бұдан бөлек, айыппұл төленгенімен, полицейлердің планшетінен өшірілмей, жүргізушілерді ретсіз тоқтатып әлекке салып жатыр. Себебі төленген түбіртектерді бір базаға жинақтау жағы қарастырылмаған. «Қазпошта» кассасына немесе «Каспий» қосымшасы және Жол полициясының кассасына, яғни, әркім әр жақтан төлесе де,  төленгені жайлы мәлімет полицияның планшетінен шықпайды. Соның салдарынан Жол полициясы мен жүргізушілер арасында түсініспеушілік туындауда. Бір жүргізушілер айыппұлды төлеп қойса да, Жол полициясы үшін сақтап жүрген түбіртектердің сиясы кетіп қалғанын, полицияның жазықсыз жазғырып жатқанын айтып шағымдануда.

Тағы бір маңызды мәселе, айыппұл көлемін азайту және тізімін қысқарту керек. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 70 мың теңге болса, 61 260, 48 300, 69 000, 138 000, 207 000 теңге айыппұл тағайындау қисынға келмейді. Несиеге көлік мініп, күнін әзер көріп жүрген халыққа жығылған үстіне жұдырық етуге болмайды деп санаймыз.

Үкіметтің 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы барлық бейнебақылау камера алдына ескерту белгісін міндетті түрде орнатуды заңнамалық тұрғыдан бекітуін, «Жол жүру ережесінің» талаптарына сәйкес стационарлық бейнебақылау камералары және жылжымалы қондырғылардың алдында «Ескерту белгілері» болмағанда айыппұлды жарамсыз деп тануын, осы уақытқа дейін және кейін ескерту белгісі қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалғандарға салған айыппұлдарды мен айыппұлы төлеушілер тізімінен алып тастауын, айыппұл соммасын азайту мен айыппұл түрлерін қысқартуын сұрап сауал жолдауға тура келді. Өкінішке қарай, көпшіліктің осындай қалауы мен талап-тілегіне Үкімет әлі жауап берген жоқ. Біздіңше, айыппұл мөлшерін төмендету керек. Жол ережесін бұзғандар төлейді.

Түркістан облысы мақтаның мекені. Мақта «ақ алтын» болып саналады. Өкінішке қарай, үлкен сұранысқа ие болған мақта алқаптары азайып барады. Оңтүстік өңірді мақтасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, ақ алтынның жайылып кетуіне жол бермеу керек. Қайта, керісінше, мақта кластерін құрып, өңдеу ісін жолға қою қажет. Мемлекет басшысы да өнімді алған соң, өңдеп түрлі заттар өндіруші елге айналуды алға тартып жатыр. Мақташылар біресе судан, біресе бағадан қиналды. Өздеріне тиесілі гектарлық субсидиясын ала алмай Астанаға дейін ат арылтып келді. Мақташылардың мұңын Үкіметке жеткіздік.

Біріншіден, отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін, бірінші кезеңде республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғарғы дәрежелі шитті сорттарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз етуді, заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғарғы дәрежелі сорттарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді, екіншіден, шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды, үшіншіден, елімізде өндірілген мақта өнімін тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұрап депутаттық сауал жолдадым.

Текстиль өнеркәсібі арқылы әлемдік нарықты жаулап жатқан мемлекеттер баршылық. Өзімізде мақта өсіріп, жіп иіріп, мата тоқып, киім тіге алмау ұят болады. Бұған қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабын алдық. Онда тоқыма кластерінің 2026 жылға дейін құрылатыны, бұл бағытта бірқатар жобалардың жүзеге асырылатыны айтылған. Түркістан облысы Шымкент қаласынан бөлінбей тұрғанда мақта кластері құрылып, бірқатар кәсіпорындар іске қосылған еді. Енді облыстың өз алдына еркін экономикалық аймақ құрып мақта өсіру және өнім өндіру мәселесін мықтап қолға алмақ керек деп есептеймін. Өйткені, мақта алқаптары жалпы егістіктің 70 пайызын құрап,
1 миллиондай адам осы шаруамен айналысып жүр.

Жылыжай көкөнісін өсірушілер де экономикаға үлес қосатын саланың бірі. Алайда, облыстағы жылыжайлардың 94 пайызы диқандардың өз күшімен салынған. Нарықты жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз  ету үшін көп шығындалады. Сол себепті нарқы қымбат болады. Десе де,жылыжайларды заманауи стандарттарға көшіру керек. Отандық өнімді қолдамасақ, импорт жаулап алады. Сол себепті Үкіметтен жылыжай көкөнісін өсірушілерге төмен пайызды несиелеу, электр энергиясы мен көмір, тұқым, тыңайтқыштарды субсидиялауды сұрадық. Премьер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерін ынталандыруға арналған мемлекеттік қолдау шараларының қаралатынын, инвестициялық субсидиялар шеңберінде жылыжай кешендерін салу мен заманауи технологияларды енгізуде шығындардың бір бөлігін өтеу көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ, “Кең дала” бағдарламасы бойынша несиелеу пысықталып жатыр.

Сайлаушылармен кездесу барысында ауылдарда мәдени, спорттық нысандар ашу ісін жандандыру мәселесі көтерілген еді. Барлық ауылдарда Мәдениетүйі, Спорт кешені заманауи талапқа сай болса, жергілікті жұртшылықтың игілігіне жарап тұрады. Өйткені, мәдениет те, әдебиет те, спорт та қоғамға қажетті дүниелер. Сайлаушылардың осындай да аманатын тиісті министрліктерге депутаттық сауал етіп жолдадым.

Туризм және спорт министрлігі ауылдар мен қалаларда клуб пен кітапхана және спорт кешенін салу облыстық әкімдіктің міндетіне кіретінін хабарлады. Керек десеңіз, заңмен белгіленген тәртіппен театр, цирк, музыка өнері және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музейді де облыстық бюджет есебінен салынады. Байқаймыз, мәдени іс-шаралар көп, мәдениет ошақтары аз, спорттық жарыстар көп, спортпен шұғылданатын орындар аз  болып тұр. Тиісті басқарма ауылдық жерлерде Президент тапсырмасын іске асырса деген тілек бар.

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында Ұлттық экономика министрлігіне 51 жобаны іске асыру үшін 18,9 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 29 өтпелі жобаға 9,4 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Оның ішінде Сауран ауданы «Шорнақ» ауылындағы құны 788,9 млн теңгені құрайтын екі жоба бар. Спорт кешенінің құрылысы кезектілікке сәйкес облыстық бюджеттен немесе «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, Арыста өткен кездесулерде сайлаушылар  «Ақдала», «Байырқұм», «Дермене», «Жиделі», «Монтайтас»ауылдық округ жастарының спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорт кешендері керектігін айтты. «Ақдала» а/о, сметалық құны – 256780,469 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0028/22 сараптама қорытындысы); «Байырқұм» а/о, сметалық құны – 257710,289 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0030/22 сараптама қорытындысы); «Дермене» а/о, сметалық құны – 251554,705 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0031/22 сараптама қорытындысы), «Жиделі» а/о, сметалық құны – 244895,531 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0032/22 сараптама қорытындысы), «Монтайтас» а/о, сметалық құны – 252240,844 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0033/22 сараптама қорытындысы)жобалары дайын болғандықтан, алдағы жылдың бюджетінен қаржыландыруға Үкіметке ұсынылды.

Менің сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселелердің барлығы да депутаттық сауалға сұранып тұрған мемлекеттік деңгейде шешілетін істер.

                                                         Қ. Балабиев

Түркістан: Төрт аудан басшыларының есебі тыңдалды

Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының көшпелі мәжілісі Сарыағаш ауданында өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өтіп, оған Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған аманаттық мәслихат депутаттары қатысты.
Көшпелі мәжілістің күн тәртібінде өңірдің оңтүстік аудандарында көктемгі жауын-шашын кезеңіндегі ықтимал су тасқындарының алдын алу жұмыстарының атқарылу барысы және «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының орындалу көрсеткіштері бойынша Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандары басшыларының есебі тыңдалды.
Жиында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, осы аумақтағы негізгі нәр көзі болып табылатын Орталық бетпақдала коллекторының, «Достық» магистралды каналының бүгінгі ахуалы жөнінде баяндап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы каналдардың механикалық тазалаудан өткізілуі жөнінде мағлұмат берді.
Ал, Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев «Ошақты», «Бес-Абдал», «Оймауыт» гидротехникалық нысандарының дайындығы жөнінде хабарлады. Сонымен қатар, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті қаржы бөлініп, арық-атыздарды механикалық тазалаудан өткізу, қашыртқылар қазу, бетон лотоктарын орнату, су сорғылар қою жұмыстары атқарылғанын мәлім етті.
Депутаттық корпустың көшпелі мәжілісіне қатысқан Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағынан Келес өзені мен барлығы 88 канал ағып өтетінін, өткен жылы 20 канал механикалық тазалаудан өтіп, биылғы жылы «Тұран су» МКК арқылы алынған 3 бірлік жаңа техникамен аймақтағы 68 су нысандары тазалықтан өткенін жеткізді.
Жиын соңында, фракцияның көшпелі мәжілісінің қорытындысымен тиісті қаулы қабылданып, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарында су тасқынының алдын-алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізу міндеттелді. «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасы аясындағы оқу курстарына шалғай елді-мекендер тұрғындарын белсене тарту қажетті ұсынылды.

ДЕПУТАТ СУДЫ СУБСИДИЯЛАУ ҚАҒИДАСЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа суға мемлекеттен субсидия беру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының» 1-тарауындағы 4-тармаққа сәйкес егіс алқабында су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Яғни, суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы қажет. Ал диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Сондықтан, аталған қағидадағы 1-тараудың 4-тармағын алып тастауға ықпал етуіңізді және бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, «AMANAT» партиясының қатаң бақылауында болатынын ескеруіңізді сұраймын», – деді халық қалаулысы.

ӘЙЕЛДІҢ АСЫЛЫ ІСІНЕН БІЛІНЕДІ

Өткен жылдың қараша айында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринованың Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында партияның облыстық филиалы жанынан Әйелдер қанаты құрылғанын хабарлаған болатынбыз. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әйел азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуын кеңейтуде Әйелдер қанатын құру жөнінде бастама көтергені белгілі.

Партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысын жүргізу – Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваға жүктелді. Бүгінге дейін жаңадан құрылып жатқан ұйымның алдағы міндеттерін белгілейтін іс-шаралар тізбектері түзіліп, іс-құжаттарының жобалары әзірленді.

Әйелдер қанатының алғашқы кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты мақаласын талқылау және партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылар мәжілісте қаралатын мәселелер мен жиынның жұмыс регламентін бірауыздан қабылдады.

Қазақстанның жаңа саяси мәдениеті шеңберінде әйелдердің қоғамдағы рөлін ілгерілету мақсатында құрылған Әйелдер қанатының жұмыс бағдарларын түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы, Мемлекет басшысының еліміздің ата басылымына берген сұхбатында еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты ұстанымын жария еткенін атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті өзінің кең көлемді сұхбатында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі саналатын ұйым болғандықтан, өңірімізде құрылған Әйелдер қанатының алғашқы кеңейтілген отырысын Мемлекет басшысының сұхбатын талқылаудан бастауды ұйғардық», – деп атап өтті Қалыйма Жантөреева.

Президент сұхбатында айтылған ойлар мен айқындалған міндеттер бойынша Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Жазира Исаеваның баяндамасы, Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Ақмарал Құдайбергенованың, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әдемау Толысбаеваның, Арыс қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Сарыпбекованың хабарламалары тыңдалды. Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселе бойынша өзара пікір алмасып, ой тұжырымдарын жеткізді.

Жиында қаралатын екінші мәселе бойынша кең көлемді мағлұмат берген Қалыйма Жантөреқызы Әйелдер қанатының қызметі 10 басымдық бағытты қамтитынын, оның қызмет арнасы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуге бағдарланатынын атап өтті. Әр бағыт бойынша қоғамда өзіндік орны бар, белсенді азаматшалар бағыт жетекшілері болып бекітіліп, әрі қарай әр бағыт тізбегінде 8-10 адамнан тұратын жұмыс топтары құрылатынын мәлімдеді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының: «Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау» бағытына –
партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева; «Ғылымдағы әйелдерді қолдау» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Темірбекова; «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу» бағытына – Түркістан облыстық оқушылар сарайының директоры Индира Икапова; «Еңбекті қорғау және өндірістегі әйелдердің қауіпсіздігі» бағытына – «Түлкібас әк зауыты» ЖШС директоры Перизат Абдыбекова; «Психологиялық қызмет институтының дамуына ықпал ету» бағытына – «Ұлы Дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева; «Ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу» бағытына – «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Қуаныш әлемі» балабақшасының негізін қалаушысы Салтанат Төлегенова; «Заң жобаларының гендерлік сараптамасын ұйымдастыру» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Жазира Исаева; «Инклюзивті қоғамның дамуына жәрдемдесу» бағытына – Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Ақмарал Құдайбергенова; «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» бағытына – «Қуаныш» ЖШС директоры, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева; «Әйелдердің денсаулығы мен отбасы құндылықтарын насихаттау» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Әдемау Толысбаева жетекшіліп етіп, үйлестіретін болды.

Мәжіліске қатысушылар Әйелдер қанатының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын жан-жақты қарастырып, онда қамтылған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу мәселелерін талқылады. Түркістан өңірі қыз-келіншектерінің салт-санаға берік қасиеттерін жан-жақты қолдау, іскерлік қарым-қабілетін шыңдау, тәлім-тәрбиелік ізгілік мұратын ілгерілету мәселелері партияның тұрақты бақылауында болатыны мәністеліп, мазмұндалды.

ДЕПУТАТ ӨЗ ЖЕРЛЕРІН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРДІ

Түркістан облысында халық қалаулысы тұрғындарға ең қажетті нысандар салу үшін өз жерлерін тегін тарту етті, – деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі

Нақтырақ айтсақ, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жанарыс Талипбеков Жағажай елді мекеніндегі өзінің 2,5 гектар жерін өрт сөндіру бекетін салуға берген. Тиісінше, бұл өрт сөндіру және құтқару бекетінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, Ж.Ералиев және Абай, Қызылқұм ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде өрт болған жағдайда немесе тұрғындардың суға бату жағдайлары орын алғанда төтенше жағдай қызметкерлерінің уақыттан ұтылмай, дер кезінде көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Осылайша халық қалаулысының Жанарыс Талипбековтың тартуы жалпы жергілікті халықтың әлеуетін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Айта кетейік, Жетісайлық депутат бұған дейін де өз иелігіндегі 90 соттық жерін медициналық нысан және спорт алаңшасы мен ауыл тұрғындарына аллея салу үшін тегін берген. Қайырымды азаматтың мұндай игі істеріне жалпы түстік өңірдің халқы өз ризашылықтары мен алғысын білдіруде.

 

Жанарыс Талипбеков Жетісай ауданындағы өзекті мәселелердің шешімін қарастыру, тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін орындау бойынша да белсенді жұмыс атқарып жүрген депутаттың бірі. Ел аманатын арқалаған халық қалаулысы, өзінің әріптесі Алладин Мырзахановпен бірге ауданның ахуалын Астана қаласына жеткізіп, Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынған.

Сондай-ақ, Жетісай ауданындағы өзекті проблемалардың бірі – ағын су. Егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындарына ағын суды жеткізу үшін арық-атыздардың таза болғаны абзал. Осындай маңызды істі елеусіз қалдырмаған белсенді депутат Абай ауылдық округіндегі  ағын су жүйелерін қоқыстан арылтуға бастама болып, “жаздың қамын” ойлауды үйлестіріп жүр. Жанарыс Талипбековтың мұндай бастамаларын жергілікті азаматтарда әрқашан қолдап отырады.

 

Елдің игілігі үшін өз иелігіндегі жерлерін тарту етіп, ауылдардың әлеуеттін арттырып, халықтың сенімі мен үмітін арқалаған Жетісайлық депутаттың бұл істері көпшілікке үлгі болары сөзсіз.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Қырықбаев Темір Базарбайұлы Түркістан облысындағы іс-сапар барысында Келес ауданының шаруаларымен кездесіп, олардың тыныс-тіршіліктерімен танысты.
Алдымен «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында 2,5%-бен 5 млн теңге несие алып, өз үйінде жылқы бордақылау шаруашылығын жүргізіп отырған Ошақты ауылдық округі С.Саттаров ауылындағы «Г.Аринова» шаруа қожалығында болды.
Шаруашылықта үш азамат жұмыспен қамтылған, бірінші бордақыланған жылқылардың етін облыс тұрғындарының сұранысы негізінде саудалап, қазіргі таңда жылқылардың екінші легін бордақылауға кіріскен. Бордақыланған жылқы етіне сұраныс көп.
Ауылшаруашылық техниканы лизинг арқылы алып, субсидиясы өткен жылдың соңында есеп-шотына түскен. Былтырғы жылы өз егістік жеріне жылқыларға азық өндіру мақсатында жүгері егіп, жеп-шөп дайындап алған.
 Одан кейін Мәжіліс депутатының сапары Біртілек ауылдық округі Димитров елді мекеніндегі “Нұржан” шаруа қожалығының жалпы жер көлемі 2,9 га болатын жылыжайдың тыныс-тіршілігімен танысумен жалғасты. Шаруашылықтың 100,0 млн. тг өз қаражаты есебінен салынған жылыжайында 40 азамат жұмыспен қамтылып, жаңадан “Келес” атауымен болгар бұрышы өнімі, сондай-ақ қияр, қызанақ, асқабақ, т.б көкөніс түрлерін өндіруді қолға алған.
Бұл жерде шаруалардың көтерген өзекті мәселесі жылыжайларды жылытуға қатты отынға берілетін субсидия жылыжай көлеміне емес, жылыжай ішіндегі егістік көлеміне төленеді. Қатты отын шығыны жалпы жылыжайды жылытуға кететінін ескеріп, субсидияны жылыжай көлеміне төлеу қажеттігін айтты.
Шаруа қожалықтарымен танысу барысында облыстық мәслихат депутаты Ағабеков Жаңабай Молдабайұлы, Келес ауданы әкімінің орынбасары С.Джылқыбаев, партия филиалының төрағасы Ахмет Жұмабеков, мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, мәслихаттағы фракция жетекшісі Нұрхан Мережепов, аудандық мәслихат депутаттары Н.Мұратов, Д.Алимбаев, М.Қожағұлов және бөлім басшылары тұрғындар көтерген мәселелерді талқылап, алдағы уақытта шешімін табу жолдары назарға алынатын болды.

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТТІ

«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Бұл туралы Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күні халыққа арнаған кезекті Жолдауында ерекше тоқталып өтті. Президент азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін айтты. «Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет»,-деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Бүгін партияның өңірлік филиалы мәжіліс залында осынау жобаның Түркістан өңірінде атқарылуы бойынша брифинг болып өтті. Брифингте «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Мұратұлы Тұрсынбаев, қаржы сарапшысы Жандос Бекенұлы Әзімбаев БАҚ өкілдеріне «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының маңызын, ауыл-аймақтарда өткен сабақтар барысы туралы баяндады.

 

«Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан қазіргі таңда қолжетімді болып тұрған несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы,– жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырып келеді. Осы тұрғыдан келгенде «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімдігі жоғары. 2-мамырда басталған жоба аясындағы жұмыстар 1-желтоқсанға дейін жалғасып, Түркістан облысында 12 650 адамды оқыту жоспарланса, жыл қорытындысы бойынша 14600 азаматқа оқығаны жөнінде сертификаттар табыс етілді»,– деп мәлімдеді Полат Мұратұлы.

Ал, қаржы сарапшысы Жандос Әзімбай облыстың 17 аймағында өткен сабақтар барысындағы түрлі тағдырлы тұрғындардың көңіл-күйін, әсерін жеткізіп, олардың әлеуметтік мәселелеріне қанық болғанын атап өтті. Сабаққа қатысқандардың 80 пайызы әйел азаматтар болғанын, қатысушылардың 80 пайызының басында несие проблемасы болғанын жеткізді. Сонымен бірге, бір азаматтың жалғыз өзінде 16 несиесі бар екен. Қарызсыз қоғам сабақтарында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларға заң кеңестерін беру ұйымдастырылып, көпшілігінің мәселесінің шешілуіне ұйытқы болған.

«Қатысушылардың кері байланысы бойынша тренинг барысында олар отбасылық бюджетті жоспарлауды, нақты бизнеске ақша салу, екінші деңгейлі банкке депозитке қаржы жинақтау туралы практикалық құралдар алды. Аудан тұрғындарының банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдында қарызы болғандықтан оларға заңгерлік кеңестер де ауадай керек екен. Банкроттық, банк шоттарына және мүлкіне тыйым салуды жою, нотариаттық іс-әрекеттер, тіркеу әрекеттері, Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою мәселелері бойынша 200-ден астам адам адвокатқа жүгінді. Адвокаттар және несиені қайта қаржыландыру мен қайта құрылымдау, несиелік берешекті өтеу, сондай-ақ жұмысынан айырылу, денсаулығы және несие бойынша сыйақыны есептеуді тоқтата тұру жәйттері жайлы мағұматтар берді. Нәтижесінде басында осындай шешімін таппай жүрген мәселелері барларға нақты көмек көрсеттік.»,–дейді Жандос Бекенұлы.

«Қарызсыз қоғам» жобасына атсалысқан 7 оқытушыға облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Дұйсенбекұлының атынан алғыс хаттар табыс етілген. Келесі жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы барлық өңірді қамтып, 750 мың адам қаржылық сауаттылықты үйренеді деп жоспарлануда. Азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру және сүйемелдеу үшін бүкіл ел көлемінде жобалық кеңселер ашылмақ.

ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚ ҚАЗАҚ ТІЛДІ КІТАПТАРМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесі – Жетісай қаласы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы ашылды. Партиялық алаң осылайша Президент айтқан ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға үлес қосып, адамның ішкі әлемін байытып қана қоймай, оны адамгершілік қасиетке, азаматтық ізгілікке, елжанды мінезге тәрбиелейтін ортаға айналмақ.

«Кітап-АМАNАТ» жобасының маңызы жөнінде партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева баяндады.

«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап басып шығару ісі идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі екенін айтты. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды басып шығару өте қажет екеніне көңіл бөліп, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызына тоқталып, арнайы тапсырма берді. «АМАNАТ» партиясы осы міндет аясында барлық өңірлерде арнайы орталық ашып отыр. Түркістан өңірі партия бастамасын шекаралық аймақ саналатын Жетісай ауданынан ашып, қазақ тілді әдебиетке кең өріс ашып отыр », – деп атап өтті.

Орталықта жүртшылық кітапты жазып алып та, сатып алып та оқуға мүмкіндік алмақ. Партияның облыстық филиалы баспагерлік ұйымдармен арнайы меморандумға қол қойып, сұранысқа ие қазақ тілді әдебиеттердің халық арасында кең таралымға ие болуына жәрдемдеспек. Бұл бағытта Жетісай ауданындағы мәдени-ағартушылық орталыққа алғашқы 1500 кітап жеткізілді.

 

 

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов көзі ашық, көкірегі ояу Жетісай жұртшылығы кітаптың қадір қадір-қасиетін ұғатынын жеткізді. Ауданда жуырда өткен кітап фестивалі оған дәлел бола алатынын атап өтті. Бүгін осы дәстүр ізімен партиялық алаңда «Кітап-АМАNАТ» жобасының іске асуын жақсылыққа балайтынын айтты. Идеологиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейту, оларды баспадан шыққан қазақ тілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуіне жәрдемші болу міндеті атқарылатынын атап өтті. Сондай-ақ партия ашқан алаңда отандық әдеби ортамен, кітап авторларымен, баспагерлік ұйымдардың өкілдерімен мәністі жүздесулер өтіп, көркем және балалар әдебиеттерінің, танымдық кітаптардың, ғылыми публицистикадағы соңғы жаңалықтардың таныстырылымдары, шығармашылық кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді.

 

Ағартушылық орталықтың ашылуына ауданның белді азаматтары қатысып, игілікті бастаманың сәтті болуын тіледі. Сондай-ақ аудан тұрғындарына ақжарма тілектерін партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесінің мүшелері де білдіріп, аудан тарихындағы елеулі жоба табысты болатынына сенімдерін білдірді.

 

 

Айтулы жобаның қиырдағы қасиетті Жетісай топырағында жүзеге асып жатқанына шын қуаныштарын білдірген жұртшылық ұлт пен жұрттың райы мен шырайын білдіретін кітап әлемі өміршең құндылық екенін жеткізді. Кітаптан алар тағылым мен қуат, өнеге мен үлгі орасан екенін айтты. Айта кету керек, Түркістан өңірі ежелден білім-біліктің қасиетті қарашаңырағы, үздік өркениеттің ордалы мекені болған. Тарихта ізі қалған әйгілі «Отырар кітапханасы» қазақ даласы байырғы дәуірдің өзінде-ақ ғылымға дем берген, адамзатты білімге бастаған шамшырақ жұрт – Жерұйық болғанын көрсетеді. Жетісайда ашылып отырған ағартушылық ортақ бұрыңғының игі дәстүрін жалғайтынына сеніміміз мол.

 

 

Кітаптың ғибратты мәнін халыққа жеткізіп, ағартушылық қызметімен ел ырысын арттыруға «АМАNАТ» партиясының Жетісай аудандық филиалының «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы белсене үлес қосады деген сенімдеміз. Жетісай бастап берген жобаны өңірдің басқа аудандары жалғап, кітаптың салтанат құрған құт қадамы ауыл-аймақтардағы кітап шеруімен ел көңілінен шығады деген ойдамыз.

Түркістан облысында тағы бір аудан құрылуы мүмкін

Түркістан облысы халқы тығыз орналасқан өңірдің бірі. Оның ішінде Мақтаарал мен Жетісай аудандарында халық саны 300 мыңнан асады. Халық саны көп аймақта, тиісінше мәселелер де көп болатыны анық. Бұл, Мырзашөл өңіріндегі кейбір елді мекендердің, яғни шалғайдағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға, олардың мәселесін дер кезінде шешуге келгенде қиындықтар туғызып отыр.Аталған мәселені Жетісай ауданының мәслихат депутаттары көтеріп,  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұына арнайы өтініштерін де жолдаған.
Өтініш хатта, депутаттар 1997 жылы бір ауданға біріктірілген Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарын қайта тарихи қалпына келтіруді ұсынған. Халық қалаулыларының айтуынша, Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент, 7 ауылдық округ және 83 елді мекенді енгізу қажет. Сондай-ақ оның жер көлемі 64 435 гектарды құрайтын болады. Аталған ұсыныстың Мемлекет басшысына жолданғанын “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында өткен брифингте Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет  Қасымов та растады. Сондай-ақ бұл бастаманы жергілікті депутаттармен қатар, тұрғындарда қолдап отырғанын жеткізді. Себебі, мұндай шешім қабылданса Мырзашөлдегі өзекті мәселелерді жеделдетіп шешуге мүмкіндік болады, дейді Медет Алмасбекұлы.
Жалпы, журналистермен өткен кездесуде Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы  халықтың сеніміне ие болған аймақтарда партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша есеп берді. Медет Қасымов ауданның депутаттық корпусы 22 азаматтан жасақталғанын, оның 19 адамы – «AMANAT» партиясының фракциясы құрайтынын айтты.
“Сегізінші шақырылымда аудандық мәслихаттың 9 сессиясы өткізіліп, 58 мәселе қаралды. Сессияларда аудандық бюджетті қалыптастыру және оның орындалуы, дербес бөлім басшыларының және кент, ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебі, аудандағы қылмыстың алдын алу, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жұмыс барысы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімінің есебі туралы мәселелер қаралып,  тиісті шешімдер қабылданды. Ал, ауданның депутаттары аймақтың өзекті мәселелеріне қатысты 101 депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын мәслихат басты назарға алды”, – деді Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет  Қасымов
Сондай-ақ, брифингте сөз тізгінін алған Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев 130 мың адамға жуық халық тұратын ауданның мәслихат депутаттары ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешуге белсене кіріскенін жеткізді. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттар мәслихат құрылымындағы 3 тұрақты комиссияның құрамына еніп, әр сала бойынша айқындалған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін назарға алған.
“Жыл басынан бері 6 сессия өткізіп,  маңызды мәселелерді реттейтін 52 шешім қабылдадық. Маңызды мәселенің бірі – аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды.  Депутаттардың сүзгісінен өткен аудан бюджеті 14 млрд 759 млн.теңге көлемінде бекітіліп, оның 34,2% – әлеуметтік салаға, 23% – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, энергетика саласына, 10,2% – көлік және коммуникация саласына, 32,6% – басқа да салаларға бағытталды. Депутаттық корпус тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 41 депутаттық сауал жолданып, оның 36-сы орындалған, кейбір өзекті тақырыптар бойынша түсініктеме берілген. Депутаттар жолдаған сауалдардың 44 пайызы ағын су, жол, абаттандыру, газ, электр энергиясы мәселелеріне арналса, 29 пайызы – жер қатынастары саласына, 12 пайызы – құқық қорғау саласына қатысты болды. Байланыс сапасын арттыру және құрылыс саласына қатысты барлығы 6 депутаттық сауал жолданып, орындалуы мәслихат бақылауына алынды”,- деді Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев.

МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАЛАРЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫН БАЯНДАДЫ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының алаңында Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жамиевтің, Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Асқар Кенеханның және Арыс қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Ахметовтың қатысуымен кезекті брифинг өтті. Брифинг мінберінен спикерлер өздері мандат иеленген аймақтарда партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, аймақтардағы депутаттық корпустың ықпалымен шешімін тапқан мәселелерді тізбектеді.

 

 

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз алған Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Мырзабекұлы биылғы жылы аудандық мәслихаттың жеті сессиясы өтіп, олардың қорытындысымен 51 шешім қабылданғанын жеткізді. Аудандық мәслихат депутаттары аудан бюджетін нақтылау мәселесін екі сессияда қарап, нәтижесінде жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі 10,9 млрд. Теңгеге жуықтап жоспар 108,2 пайызға орындалған. Бюджет өзіндік кірістер есебінен артығымен орындалған.

 

Есепті мерзімде аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарға тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық және әлеуметтік салалар бойынша 15 депутаттық сауал жолдаған. Халық қалаулылары көтерген 13 мәселе шешімін тапса, 2 мәселе бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған.

Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Асқар Оразханұлы өз хабарламасында аудандық мәслихат құрамындағы 13 депутаттың 10-ы «AMANAT» партиясының өкілдері екенін айта отырып, олар мәслихат құрамындағы бюджет және экономикалық даму, әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың мүшелері болып табылатынын атап өтті.
Бәйдібектік депутаттар есепті мерзімде аудандық мәслихаттың алты сессиясының жұмысын жүргізіп, сессия мен тұрақты комиссия отырыстарында облыстық тексеру комиссияның, Мыңбұлақ ауылдық округ әкімінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен мекеме басшыларының есептерін тыңдаған. Есеп беруден бұрын депутаттар арасынан уақытша комиссия құрылып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша елді мекендерде жан-жақты зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілген. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша сессияда мәселелер көтерілген.

 

 

Мәслихат сессияларының қорытындысымен аудандық өкілді органның отыз шешімі қабылданған. Оның ішінде 6 нормативтік құқықтық акт мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Жыл ағымында қажеттіліктерге байланысты «2022-2023 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» шешіміне 2 мәрте өзгерістер енгізілсе, «2022-2023 жылдарға арналған ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне тиісті өзгерістер бір мәрте енгізілген.

 

Депутаттар тарапынан аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері мен мекемелерге 26 депутаттық сауал жолданған. Аудандық мәслихат пен Қоғамдық кеңестің бірлескен көпшілік тыңдауында коммуналдық қызметтер мәселелері талқыланған. Бекітілген кестеге сәйкес, депутаттар партияның аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде айына 2 мәрте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізіп, тұрғындар көтерген мәселелердің оң шешім табуына ықпал еткен.

 

Арыс қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Төрегелдіұлы қалалық мәслихат депутаттарының қалалық мәні бар бағдарламалар мен жоспарлардың, шешімдердің қабылдануы мен орындалуына қосып отырған үлестерін нақты атап көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын сақтау, олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ету, жергілікті жердегі әлеуметтік маңызы бар мәселелердің шешім табуы сынды өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Спикер Арыс қалалық мәслихатының құрамына кіретін 13 депутаттың 76,9 пайызы, яғни 10 депутаты «АMANAT» партиясының өкілдері болып табылатынын атап өтті. Партия өкілдері қалалық мәслихат құрамындағы бюджет және экономикалық даму, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларға мүше болып табылатынын айтып, халық қалаулылары есепті мерзімде қала бюджетіне байланысты – 3, ауыл бюджетіне байланысты – 2 өзгерістер енгізгенін жеткізді. Қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының 47 отырысы өтіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданғанын атап өтті.

 

Мәслихаттың осы шақырылымдағы депутаттары барлығы сегіз сессия жұмысында өзекті деген 54 мәселені қарастырып, олардың оңтайлы шешім табуына үлестерін қосқан. Биылғы жылы қалалық мәслихаттың біріккен тұрақты комиссияларының отырыстарында сала басшыларының атқарған жұмыстары таразыланған.
Жергілікті өкілді органда қала әкiмiнiң өзiнiң функциялары мен мiндеттерiн орындау жөнiндегi есебi, 2023-2024 жылғы қысқы мауысымға дайындық жұмыстары бойынша қала әкiмдiгiнiң есебi, Арыс қаласында мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы сынды мәселелер тыңдалған.

Баспасөз өкілдерімен өткен мәжілісте мәслихат төрағалары аумақтардағы өзекті мәселелер жөнінде журналистер қойған сауалдарға жауап беріп, партия ұстанымы болып айқындалған құндылықтарға кеңінен тоқталды