Архив рубрики: Саясат

Шавкат Мирзияев 66 жаста, енді ол 83 жасқа дейін билікте қалуы мүмкін

Өзбекстанның орталық сайлау комиссиясы 1 мамырда Өзбекстан Конституциясы бойынша жексенбілік референдумның соңғы нәтижелерін жариялады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz тілшісі

Дауыс беруге қатысқан азаматтардың 90,2%-ы Конституцияны өзгертуге келісті, соның арқасында президент Мирзиеевтің 2040 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндігі бар. Түзетулердің арқасында президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға дейін ұзарады.

Президентке үшінші рет сайлауға түсуге мүмкіндік берілген. Қазір Шавкат Мирзияев 66 жаста, енді ол 83 жасқа дейін билікте қалуына болады.

Мирзиеев билікке Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін келді.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Зайниддин Низамходжаев брифингте анықталған елеулі бұзушылықтарға байланысты Ташкент және Сырдария облыстарында үш учаскеде дауыс беру нәтижелері жойылғанын хабарлады. Осыған байланысты дауыс беру қорытындысына өзгерістер енгізілді.

Референдумға қатысым – 84,5%.

9,35% немесе 1 558 817 адам Мирзиеевтың 2040 жылға дейін билікте болуына қарсы болды.

Заңнамаға сәйкес ОСК референдум өткізілгеннен кейін 10 күннен кешіктірмей, қорытынды бойынша қабылданған шешімді ресми сайтта және ресми дереккөздерде жариялайды. Референдумның орындалуын ұйымдастыру үшін оның қорытындылары ресми жарияланған күні шешім Олий Мәжілісінің палаталарына және президентке жіберіледі.

Сарыағаштың әкімі сырғытпа есеп пен көзбояушылық жасап жүр ме?

» Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек». Түркістан облысының әкімі Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі.

Мұндай ескертулерді Дархан Сатыбалды кезекті көшпелі мәжілісте  айтып, өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін тапсырған.

«Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Сондықтан жауапты басқармалармен бірлесіп, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Аудан әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаған. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. «Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек.» — деді, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, көрші мемлекетпен шекаралас ауданның сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол екенін айтқан облыс әкімі, тамақ өнімдерін өндіру, туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі бойынша жоспарлар былтыр орындалмағанын мәлім етті.
«Елді-мекендердің айналасы күл-қоқысқа тола. Тазалық бойынша жұмыс күшейтілсін. Тазалық болған жерде – талап болады. Арман Айдарұлы, сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз. Ауданды дамыту жоспарын назарда ұстап, инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе қажетті шараларды қабылдаңыз» – деді облыс әкімі.
Ал, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 72,5 пайызға, туризм саласына тартылған инвестиция 71,1 пайызға ғана орындалды. Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі 14,6 пайызға кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмаған. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Сарыағаш ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданының жауапты басшыларына бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырмалар берілді. Сарыағаш ауданында 1125 салық салу нысаны мүліктерін 5 млрд. 824 млн. теңгеге бағалаған. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 85 млрд. теңгені құрап отыр, яғни 17 есе жоғары. Бұл – салықтың төмендеуіне әкеліп соғуда.

Түркістан облыстық мәслихаты тұрақты комиссия отырысын өткізді

VIII шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті екінші сессиясы қарсаңында, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Тұрақты комиссия отырысына Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Алмас Салимов төрағалық етті.

Комиссия отырысына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Ә.Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелері, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілі және облыстық басқарма басшылары, сонымен қатар табиғи газ тасымалдаушы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 23 мәселе қаралды:Комиссия отырысында Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/232-VІI «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және Облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебі мәселелер бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.

Сонымен қатар, осы отырыста Түркістан облыстық мәслихаты төрағасының облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі тыңдалды. Тұрақты комиссия мүшелері аталған есепті назарға алып, атқарылған жұмыстарды атап өтті. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін айтып, аталған мәселелерді сессияның қарауына енгізуді ұсынды.

Бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті

Түркістан облыстық мәслихатының бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысын бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы М.Тұрысбеков жүргізіп отырды. Отырысқа облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов, “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібіне төмендегі мәселелер енгізіліп, қаралды.


1. Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/232-VІI «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. Облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебі;
3. Түркістан облыстық мәслихаты төрағасының облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі;
4. Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу туралы;
5. «Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/250-VIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

Күн тәрібіндегі мәселелер бойынша жауапты басқарма басшылары баяндама жасады. Өз кезегінде, тұрақты комиссия мүшелері пікірлері мен ұсыныстарын айтып, аталған мәселелерді сессия қарауына енгізуге ұсынды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжаттарды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Жобаға облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кооператив басшылар мен мүшелерінен құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев Созақ ауданы, Созақ ауыл округі мен Құмкент ауыл округінде болып, тұрғындарға жобаның нақты бағыттары мен тиімділігін түсіндірді.
 
Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатысады деп жоспарланып отыр. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Кездесу барысында жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ ЕКІЖАҚТЫ ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ ЕНГІЗЕДІ

Қазақстан азаматтары мемлекеттік шекарадан өткен соң Қытай аумағында 30 күнге дейін визасыз бола алады. Мұндай ереже Қытай Халық Республикасының азаматтарына да қатысты.
Сыртқы істер министрлігі дайындаған қаулыға сәйкес екі ел азаматтары туризм, емделу, транзит немесе іскерлік кездесу мақсатында көрші елде 30 тәулікке дейін болса, виза талаптарынан босатылады.
Егер Қазақстан мен Қытай азаматы көрші елде белгіленген мерзімнен ұзағырақ қалғысы келсе, шекараны кесіп өткенге дейін визаға өтініш беруі қажет.
Сонымен қатар қаулы бойынша тараптардың бірі ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтау мақсатында елге кіру кезінде құжат беруден бас тартуға құқылы. Екі ел арасындағы келісімге 2023 жылдың мамырында, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қытайға сапары кезінде қол қойылады. Ал құжаттың мәтіні 26 сәуірге дейін қоғам талқысында болмақ.

ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕГІ БЕНЗИН БАҒАСЫ

ҚР Энергетика министрі А.Сатқалиевтің «Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, бүгіннен бастап еліміздегі барлық жанармай құю бекеттерінде сұйық отын бағасы өсті.
Мәселен, Аи-80 маркалы бензин 1 литр үшін – 89 теңге, Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин 1 литр үшін – 205 теңге, дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 450 теңге.
Айта кетерлігі, дизель отыны қазақстандықтар жеңілдетілген бағамен сатылады. Отандастарымыз жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде 1 литр үшін –295 теңгеге сатып ала алады. Ал жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейін көлемде литріне – 295 теңгеге алады.

Үш мегаполисте сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге келмеген

ОСК сағат 20.10-дағы жағдай бойынша азаматтардың учаскелерге келуі туралы ақпаратты жариялады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда сағат 20.10-дағы жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,09 % бюллетеньдер алды, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.

Алматы, Астана, Шымкентте сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге келмеген. Өңірлер бойынша жалпы ақпарат келесідей:

  • Абай облысы бойынша – 57,02%;
  • Ақмола облысы бойынша – 60,01%;
  • Ақтөбе облысы бойынша – 57,45%;
  • Алматы облысы бойынша – 60,03%;
  • Атырау облысы бойынша – 50,22%;
  • Жамбыл облысы бойынша – 65,21%;
  • Жетісу облысы бойынша – 55,32%;
  • Қарағанды облысы бойынша – 59,48%;
  • Қостанай облысы бойынша – 65,10%;
  • Қызылорда облысы бойынша – 66,46%;
  • Маңғыстау облысы бойынша – 54,08%;
  • Павлодар облысы бойынша – 58,68%;
  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 65,25%;
  • Түркістан облысы бойынша – 53,01%;
  • Ұлытау облысы бойынша – 58,99%;
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 64,15%;
  • Астана қаласы бойынша – 42,91%;
  • Алматы қаласы бойынша – 25,82%;
  • Шымкент қаласы бойынша – 45,46%.

Үкімет отставкаға кетіп, жаңа құрам жасақталады

Мәжіліс сайлау өткен соң, үкімет отставкаға кетеді. Бұл туралы сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz сайты

“Біздің конституциямызға сәйкес жаңа сайланған мәжіліс жұмысына кіріскеннен кейін үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Президент кімді премьер-министр етіп ұсынады, қандай министрлер тағайындалатыны бұл президенттің құзіретінде. Келесі аптада бұл мәселе шешіліп қалар. Қазір үлкен сайлаудың алдында тұрмыз. Сайлаудан кейін президентіміз үкіметке байланысты шешімдер қабылдайды. Сондықтан осындай жауапты кезең алдында мен баға бермеймін”, — деді сенат төрағасы.

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы сайлаудан кандидатурасын алып тастады

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов мәжіліс сайлауынан кандидатурасын алып тастады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қайрат Нұрқаділов Алматы облысындағы №11 сайлау округі бойынша журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаймен бір жерден сайлауға түскен. Үміткерлердің мақсаттары мен бағдарламалары ұқсас. Осы себепті Нұрқаділов Сәрсенбайға жол беруді ұйғарған.

«Ия, бұл мәлімдемем рас. Дүйсенбі күні Қонаевқа барып, арыз беремін», — деді Нұрқаділов.

Нұрқаділов бұған дейін әкесі Заманбек Нұрқаділовтің, ал Сәрсенбай бауыры Алтынбек Сәрсенбаевтың ісін жалғастыруды мақсат еткендерін айтқан.