Бұл туралы брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, Түркістан облысындағы 1 082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алып жатыр. Шағын мектептерді қоспағанда 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинетімен қамтылған. Сондай-ақ, биыл облыстағы мектептердің кітапханалары 1 522 107 дана оқулықпен және 118 359 дана көркем әдебиетпен толықты.
«Облыстағы 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірде 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен – 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен – 21 мектеп және жекеменшік 35 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 2025-2027 жылдар аралығында 13 000 орынды 44 мектептің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Ал, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген»,- деді Жандос Маханбетов.
Жалпы өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің 719-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінде қалған білім беру ұйымдарын бейнебақылауға қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, биыл облыстағы 217 елді мекенде 17 081 бала арнайы мектеп көлігімен мектепке тасымалданып жатыр. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 31 367 түлек бітірсе, 24 538 түлек ҰБТ тапсырған. Оның ішінде жоғары оқу орнына түскендер саны – 19 126, грантқа түскендер – 11 044.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектебі ел игілігіне берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды. Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті білім саласына қолдау көрсету, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Бұл мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр», деп атап өтті облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы
Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залы соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары да бар.
Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп тапсырылып үлгерді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған. Міне осындай білім ордасының бірі Созақ ауданында бой көтеруде. Аталған нысанның құрылысы аудан басшылығының басты назарында. Кезекті насандарды аралау барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, білім ордасының құрылыс барысымен танысты.
Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы жұмыстарының қарқыны арта түскен. Ғимараттың фасадтары травертинмен қапталып, мектептің сыртқы келбеті сәнді әрі заманауи сипатқа ие болуда. Сонымен қатар, құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіліп, аумағына асфальт жабындысы төселіп, көлік тұрақтары ретке келтірілуде. Бұл жоба ауданның білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға заманауи және жайлы оқу ортасын ұсынуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді. Мектептердің құрылыс жұмыстарына дайындық қалай? Нендей мәселелер бар? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының басты бақылауында екенін айта кеткен жөн.
– «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік. Енді осы жобаны сапалы жүзеге асыру керек. Жауапты орынбасар, басқармалар, аудан, қала әкімдері білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеңіздер. Мектептердің инфрақұрылымын тарту, газ, су, электр, жылу, ғаламтормен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдансын. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілуі тиіс. Ең бастысы, осы «Жайлы мектептерді» жоғары деңгейлі ұстаздармен қамту аса маңызды. Қазірден бастап білікті басшылар мен мұғалімдер жасақтауды қолға алған жөн, – деген болатын облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.
«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің, яғни жобалық қуаттылығы 49 000 орын болатын нысандардың іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған еді. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілген болатын.
Түркістан облысында жалпы екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылуда. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Жалпы аталған жоба бойынша елімізде 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.Үкімет отырысында баяндама жасаған салалық ведомство басшысы жаңа форматтағы мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылатынын атап өткен болатын. Яғни, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына да мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіре беріс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме және тағы басқалары ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жергілікті бақылау органдарына қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет және тағы басқалары.
Қазіргі уақытта министрлік жайлы мектептер үшін кадрлық резерв жасақтауда. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша директорлар корпусына 208 адам резервке алынған екен. Сонымен қатар, педагогтардың базасы жасалып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі бойынша оқу процесінің мазмұнын трансформациялаудың жаңа моделі де әзірленуде. Айта кетейік, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталған. Жоба үш тетік арқылы жүзеге асырылады: бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде.
Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны Халанова Латофат, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін “Математика пәні мұғалімі” мамандығы бойынша тамамдаған. Қазіргі таңда Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан “Дарын kz” орта білім беру мекемесінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Жас маман аталған білім ордасына «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында келген. Бүгінде бастауыш сыныптың оқушыларына білім беріп жүр. Математика пәнінің мұғалімі өз дәрістерін заман талабына сай және жаңа әдістермен өткізуді қолға алған. Мұндай тәсілдер шәкірттерінің де қызығушылығын арттыра түскен екен.
« – Есеп шығарудың түрлі тәсілері және логикалық ойындар оқушылардың қызығушылығын арттыра түседі. Кез келген жағдайда тәрибиелеп отырған шәкірттердің көңілін аулап, олардың мұғаліммен бірге шаттана білуі біз үшін үлкен қуаныш. Мен үшін де шәкірт тәрбиелеп, онымен мақтана білу басты мақсатым. Жоғарғы оқуымды аяқтаған соң, осындай мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламалардың барына қуанамын. Жас мамандар үшін елімізде мүмкіндіктер өте көп. Адам өзі еңбектен қашпауы керек деп есептеймін. Сондай-ақ, өзіңіз армандаған, қалаған мамандықты таңдау – бұл сіздің жарқын болашағыңыз. Қазіргі таңда елімізде білім алу үшін барлық жағдайға жол ашық. Міне сол білімді саналы түрде игере отырып, Отанымыздың бір тетігіне сапалы маман болып қалану -біздің басты парызымыз. Жалпы мамандық дегеніміз – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық не рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Мамандықтың бәрі жақсы. Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті қажет ететін маңызды іс және адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, жүрегінің қалауына сүйену керек. Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді. Қазіргі таңда мамандықтың түрі өте көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Мамандық таңдау жасөспірімдік кезеңде қабылданатын жауапты шешімдердің біреуі болып табылады. Белгілі бір мамандық иесі болу әрбір азаматтың арманы. Маман иесі болған соң, әрбір адам өз мамандығы бойынша қызмет етіп еліміздің экономикасын дамытуға халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосу керек.» – дейді Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны Халанова Латофат
Айта кетейік, Сауран ауданында «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасып, өз тәжірибесін арттырып жүрген жастардың қатары артып келеді. Жалпы «Жастар практикасы» – меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы бес жыл ішінде оқушының аяқтаған және отыз бес жастан аспаған жұмыссыздарға арналған жобалардың бірі.
Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы он екі айдан аспайды.Ал, жалақының бір айдағы мөлшері 30 АЕК құрайды. Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздардың жеке басты куәландыратын құжаты. Еңбек қызметін растайтын құжаттары (бар болса). Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжаты болуы керек. Айта кетейік, жастар практикасынан өту кезеңі жұмыссыздың еңбек өтіліне есептеледі. Бұл оның одан әрі тұрақты жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндіктер береді.
Сауран ауданында «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жастарды жұмыспен қамту белсенді жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның жемісін көрген жастардың бірі – Жолдасова Диляра. Ол, Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің түлегі, дене шынықтыру және спорт мамандығының иегері. Жас маман жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, әлеуметтік желіден «Жастар практикасы» туралы хабарландыруды көріп, аудандық мансап орталығына орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Қазіргі таңда Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде орналасқан “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспекторы болып жұмыс жасайды. Жалпы,«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік.
Жастар практикасы – меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы 5 (бес) жыл ішінде оқушының аяқтаған және 35 (отыз бес) жастан аспаған жұмыссыздарға арналған жобалардың бірі.
Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы 12 (он екі) айдан аспайды.
– Жалақының бір айдағы мөлшері 30 АЕК құрайды.
Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздар:
1) Жеке басты куәландыратын құжат
2) Еңбек қызметін растайтын құжаттарды (бар болса)
3) Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжат. Жастар практикасынан өту кезеңі жұмыссыздың еңбек өтіліне есептеледі.
Міне осындай мемлекеттік бағдарламаның қолдауына ие болғандардың тағы бірі – Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны Дарвешова Ақида. Жас маман Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде қазақ тілі және әдебиет мамандығын тәмәмдаған. Оқуын аяқтаған соң аудандық «мансап орталығы» мен Сауран ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне барған. Сол жерде жұмыс орнын тауып, жолдама арқылы білім ордасына жіберілген. Қазіргі таңда Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан “Дарын kz” орта білім беру мекемесінде қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Жас маман шәкірттеріне сапалы білім мен трбиелі тәлім беріп, оларды заман талабына сай оқыту мәселесіне де баса назар аударып жүр.
« – Мен өзім мұғалім болуды бала кезден армандайтынмын. Кейін арманымды жүзеге асыру үшін білікті ұстаздардан білім алып, осы бағытта жоғарғы білім алдым. Қазіргі жұмыс орным өзіме қатты ұнайды. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына шексіз алғыс айтамын. Себебі бұл жастарға берілген мүмкіндік. Өз ойым ұстаз болу деген – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру, шамшырағына айналу. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту және шәкіртке ата-анасындай тәрбие сыйлау. Лев Толстой айтқандай- ақ: «Егер ұстаз тек өз мамандығын жақсы көрсе, ол жақсы ұстаз болады. Егер ұстаз тек оқушыларын жақсы көрсе, онда ол барлық кітапты оқып шыққан ұстаздан да үздік болады, бірақ жұмысқа қызығушылығы болмайды. Егер ұстаз жанында жұмыс пен оқушыға деген сүйіспеншілігі тоғысса, ол – нағыз ұстаз.» Мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарыту білім берушінің басты парызы деп білеиін. Мұғалім дегеніміз – өз ісімен, сөзімен, жүріс- тұрыс мәдениетімен, жұмыс орнында және одан бөлек қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесіне айналу екені анық. Міне мен осы мақсатта нағыз маман ретінде танылғым келеді. Жаһандану дәуіріне қадам басып, әлемдік аренаға жол тартып, тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастау- бұлағы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім. Ахмет Байтұрсыновтың өзі «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Білектің емес, білімнің күшімен ілгерілейтін жаңа заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы ретінде бағалауға болады. Бұл орайда мемлекетіміз мұғалімдердің беделін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысының өзі жолдауларында, үлкен жиындарда ұстаз беделін қоғам алдында көтеру бағытында нақты тапсырмаларын беруде. Тәуелсіз еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындап отырған ұлағатты ұстаздарымызды құрметтеу – адамзаттық ұлы борышымыз деп білемін.» – дейді жас маман Дарвешова Ақида.
Айта кетейік, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бір бағыты колледждер мен жоғары оқу орындарын бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ бітірушілері үшін жастар практикасы бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру. Оған тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуде бар жұмыссыз жастар қатыса алады. Жастар практикасында істейтіндер мемлекет есебінен қаржыландырылады.
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 275 бұйрығымен бекітілген «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қағидаға сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасына қатысушылар ретінде белгіленеді.
Жастар практикасын өту үшін жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын жүзеге асыруды жүкетеген болатын. Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс екенін айтты. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылды.
Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Олардың қатарында Созақ ауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы да бар. Қазіргі таңда аталған білім ордасының сапалы салынуы мен құрылыс барысы басты назарда. Бұл бағытта Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысын бақылауына алып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуын және жобаның әр кезеңінің мұқият орындалуын ескертті.
Қазіргі таңда құрылыстың ішкі және сыртқы жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, фасадтары травертинмен қапталуда. Жаңа білім ошағының техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге арттырылған. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар және хореография залдары қарастырылуда. Оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталар және компьютерлермен жабдықталатын болады.Мектепішілік кеңістікті тиімді әрі жайлы ету мақсатында бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары үшін бөлек блоктар жасалмақ. Бұл жоба ауданымыздың білім беру жүйесін жаңа биіктерге көтеріп, оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын болады.
Аталған білім ошағы “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.«Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Сонымен қатар оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, оқушыларға арналған түрлі үйірмелер де ашылмақ. Сондай-ақ жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалады.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған болатын. Яғни, 300 орынды 11 мектеп, 600 орынды 25 мектеп, 900 орынды 15 мектеп, 1200 орынды 6 мектеп, 1500 орынды 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп салынуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын.
Түркістан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірледі.
Бұл стендте “Қазақстанның Еңбек Ері” және “Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы” атағын иеленген ұстаздардың суреттері мен есімдері көрнекі түрде көрсетілген. Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жас буынға үлгі етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Ұлт келбеті – ұстаз. Бес жылдың берекелі белестері» атты мақаласында белгілі ұстаздар Аягүл Миразова мен Алина Соловьевадан кейін семейлік мұғалім Алма Шүкежановаға өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі отандық педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің тағы бір белгісі болғанын атап өтті. «Мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамдар ұлт келбеті болар мұғалімге көрсетілген ерекше қамқорлық екенін педагогтер қауымы сезініп, жылы қабылдады», – деді министр Ғ.Бейсембаев.
Бұл галерея ұстаздарды ғана емес, жалпы педагог мәртебесін асқақтатуға арналған. Түркістан облысы ұстаздарының жетістіктерін насихаттай отырып, жас ұрпақты білім мен тәрбие жолында үлгі тұтуға бағыттайды.
Барлықтарыңызды осындай ұлағатты ұстаз болуға шақырамыз.
Тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған халық қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, танымды тарих -ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ тəуелсіздігінің кепілі. Дәл осы мақсатта шәкірттеріне сапалы білім мен қазақ тарихын оқушылардың санасына сіңіріп, патриотизмге тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы.
Білікті ұстаз қазақ хандарының өмір жолымен, ел басқарудағы саяси құрылымдарын оқушыларға таныстыру, үлкенді сыйлау және ана тілді құрметтеу, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеу мақсатында “Рухы жоғары халықтың тарихы мәңгілік” атты апталықтың іс-шарасын өткізді. Аталған тағылымды шараға 9 «ә» сыныбының оқушылары қатысып, ән,би , қара сөздермен өздерінің өнерлерін көрсетті.
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М. Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.
Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды.
Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – екінің біріне бұйыра бермейтін жауапкершілігі зор мамандық. Кентау қаласында терең білімімен, жайдары мінезімен шәкірт жүрегіне жол салған мұғалімдер аз емес. Солардың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы деп айтуға болады.
Кітап-асыл қазына. Ал, кітапхана-ғасырлар бойы кележатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятумен қатар, олардың танымдық деңгейін өсіруге жетелейтін “Балалар кітапханасы” жобасының маңызы зор болып отыр.
Балаларды жас кезінен кітап оқуға қызықтырып, отбасылық оқу дағдыларына бейімдеу, көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырмандарды көбейту, кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М. Қашғари атындағы мектеп -лицей кітапханасында “Балалар кітапханасы” жобасы бойынша “Бір отбасы-бір кітап” тақырыбында челлендж ұйымдастырылды. Челленджде оқушылар өздері сүйіп оқыған кітаптарын отбасымен бірге оқып, оны талқылап, челленджді әрі қарай басқа отбасыға жолдады.
Сонымен қатар, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Балалар кітапханасы » жобасын іске асыру негізінде күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыста кітап оқимыз » атты іс- шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 2 – сынып оқушылары арасында өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысы өтті.
Мақсаты: оқушылардың екпінді дұрыс қоя білу , оқу мәнерін меңгеру, дауысты өлеңнің ой-мазмұнына сай баяу,жігерлі оқу немесе тілек ,сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқи білу машықтарын байқау,бағалау. Сондай-ақ, балалардың дүниетанымын дамыту , өлең сөзге деген қызығушылықтарын арттыру . Сайысқа мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нафиса Парпиева , кітапханашылар , бастауыш сынып бойынша бірлестік жетекшісі ,сынып жетекшілері қатысып,өз пікірлерін айтты. Ал, оқушылар сайысқа белсенді қатысып марапатталды .
Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болып отыр.
Міне дәл осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп » жобасы аясында күзгі демалыс кезінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толуына байланысты іс- шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 5-сынып оқушыларымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым- Қожа» повесты туралы викториналық сұрақтар сайысы өткізілді.
Мақсаты: Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру; Оқушылардың ой – өрісін, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары сайысқа қатысып белсенділік танытқаны үшін сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында Кентау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы N19 ақпараттық технологиялар мектеп лицейі кітапханасы оқушылардың күзгі демалысын тиімді пайдалануы үшін оқушыларға үйге ертегі кітаптар оқуға берді. “Күзгі демалыста кітап оқимыз” тақырыбындағы кітап оқу іс-шарасына отбасыларымен белсенділік танытуда. Бастауыш сынып оқушылары үйлерінде ата-аналарымен ертегілер оқуда.
Ал, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ш.Қанайұлы атындағы 2-ші жалпы білім беретін мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушыларының “Балалар кітапханасы” жобасы аясында күзгі демалыста белсене кітап оқу, түсінік айту, талқылау, уақытқа мәнерлеп оқып жарысу шаралары өтті. Оқушыларға демеу жасап, қолдап, бағыт-бағдар беріп жүрген мектеп кітапханашысы, сынып жетекшілері және ата-аналары. Бұл өнегеге толы үрдіс алдағы уақытта жақсы дәстүрге айналмақ.
Кел оқырман демалыста кітап оқимыз. Осындай ұранмен Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп- гимназиясы да, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында игі іс-шараны қолға алды. Яғни, “Демалыста кітап оқиық ” тақырыбында оқушылар өздерінің ұнатқан кітаптарын алып, білімдерін шыңдады. Мақсаты: кітап оку арқылы оқушылардың бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті дамыту, оқырман кызығушылығын арттыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары күзгі демалыстарын кітап оқып, тиімді өткізуде. Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпау керек дейді, мамандар.
Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Айта кетейік, қазіргі күні мектептердегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілген.
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп ұрпаққа білім беріп, білмегенін үйрететін орта десек, оның жүрегі – мұғалім екені анық. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы, оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы десекте болады. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам болса, ұстаздың ұлы қасиеті де осы болмақ.
Міне осындай қасиеттерді дәріптейтін байқаудың бірі «Дарынды бала – талантты ұстаз» байқауы десек болады. 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысты. Ал, Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы қатысып, өз бағын сынады. Байқау 3 шарт бойынша өтті. Яғни біріншісі ұстаз кез келген форматта өзін-өзі таныстырады, сондай-ақ тыңдалым, яғни мәтінмен жұмыс. Ал ең маңыздысы мультимедиялық жоба. Яғни, үш минуттай жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді көрсетеді.
” – Қазіргі технология заманы оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін қажет етеді. Қазіргі кезде әрбір оқушылар телефон, планшет, ноутбук секілді гаджеттерді мобильді құрылғыларды қолданады. Сондықтан мұғалім осы құрылғыларды оқытуда тиімді пайдалана отырып, сол арқылы оқу процесін жан-жақты тиімді әрі әсерлі етіп өткізе алады. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, білім мен мəліметтерді əр түрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге көмектесе алады. Қазіргі ғылым мен техниканың шарықтаған шағында көрнекіліктердің қай түрі болсын молынан пайдалануға мүмкіндік бар. Мектепте жаңа технологиялармен жұмыс істеу өте пайдалы. Өйткені нашар оқитын оқушының өзін онымен жұмыс істеуге қызықтыруға болады. Себебі балаға бұл әдіс арқылы білмеген жерін көрсетуге, көмек беруге болады. Заман талабына сай техникалық құралдарды сабақта қолдану — мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол. Компьютер, ноутбук арқылы оқушылардың пəнге деген танымдық қызығуын арттырып, тиянақты білім алуына жағдай туғызуға болады. Сабақ үстінде өз бетінше берілген тапсырмаларды орындау барысында оқушының оған қызығуы арта түседі. Сабақ барысында компьютерді қолданудың жақсы жақтары: түрлі-түсті иллюстрациялар, аннимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.” – дейді Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы
Сабақ оқытудың жаңа компьютерлік жүйесін пайдаланудың мынадай ұтымды жақтарын атап көрсетуге болады: оқушылардың ойлану дəрежесіне қарай , материалдық қабылдау ерекшелігіне байланысты əрбір оқушы үшін жеке-жеке компьютерда бағдарлама құрып, оқушылармен дербес жұмыс жасауға болады; компьютер арқылы нашар оқитын оқушылардың өзінің пәнге деген қызығушылығы артады; компьютерді сабақта пайдалану уақытты үнемдейді.
Міне осындай жаңашылдықтарды қамтыған байқауда, жаңа технологияларды қолданудың тәсілдерін айтып, өз тәжірбиесін көрсете білген Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сагдиана Султанқызының мерейлі жеңісіне мектеп ұжымы да ізгі тілектерін жеткізді.
Жалпы өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы керек. Мұғалімі – өзінің табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дами түседі. Қазіргі таңда мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру саласының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі десек, осындай құндылықтарды арттыра түсетін іс-шараның бірі – «Өнерлі ұстаз» байқауы.
Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қазан күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде қалалық «Өнерлі ұстаз-2024» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық-психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау, тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлу, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісу. Осындай маңыздылығы айқындалған байқауға Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Балтабаева Шохида Шухратқызы да қатысып, өз бағын сынаған. Байқау 3 шарт бойынша өткен. Яғни, өзін-өзі таныстыру кезеңі, «Дублер күні» кезеңі, «Өнер» кезеңі. Байқаудың қорытындысы бойынша Балтабаева Шохида Шухратқызы жүлделі І орынды иеленіп, білім ордасының абыройын көтерді. Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары саналы ұрпақ тәрибиелеп, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Жалпы білім мен тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеу маңызды. Бұл мақсатта өнегелі, өнерлі және талантты ұстаздардың қызметі орасан.