Н.Көшеров: Өңдеу өндірісін дамытып, экономиканы әртараптандыруда көш басында келеміз.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы , тұрақты өсім мен халық игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар деп айтуымызға болады. Соңғы жылдары Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өңірдің экономикасы әртараптандырылып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция, инфрақұрылым және әлеуметтік салада нақты ілгерілеу байқалуда. Бұл өзгерістердің барлығы ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Түркістан облысы – аграрлы аймақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өңір экономикасының тірек саласы болып қала береді. Соңғы жылдары егін және мал шаруашылығында өнім көлемі артып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері егістік алқаптардың тиімділігін арттырып, шаруалардың  табысын көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, өңірде өнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Жаңа зауыттар мен өндіріс орындары іске қосылып, құрылыс материалдары, тамақ өнімдері және қайта өңдеу салаларына басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджет кірісін ұлғайтты. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның кезекті жұмыс жиынында атап өткен болатын.

«- Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының маңызды саласы болып табылады. Жыл басынан өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, өсім 101,2 пайыз деңгейінде орындалды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз. Мемлекет басшысы қайта өңдеу өндірісін дамытып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап – жіп, мата, джинсы сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталды. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы аяқталып келеді. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны 50 млрд.теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда.  Сонымен қатар, инвестиция және кәсіпкерлік саласының даму қарқыны жоғарғы көрсеткіште. Түркістан облысы инвестиция тарту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, қызмет көрсету, сауда және өндіріс салаларында жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, кәсіпкерлік белсенділікті арттырды. Сонымен қатар, әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Ауылдарда жаңа мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері мен спорт нысандары салынуда. Денсаулық сақтау саласында фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылып, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет қолжетімді бола түсті. Ауыз сумен, табиғи газбен қамту көрсеткіштері де жылдан-жылға жақсарып келеді. Инженерлік инфрақұрылымның дамуы ауылдардың көркеюіне және халықтың өмір сүру сапасының артуына тікелей әсер етті. Жұмыспен қамту және халық әл-ауқаты да жақсара түсті. Жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етті. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіби даярлау және қайта оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар халық табысын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жүйелі түрде жүзеге асуда. Экономиканың өсуі, инвестицияның артуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақсаруы – барлығы да халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, Түркістан өңірі тұрақты дамыған, өмір сүруге қолайлы аймақтардың біріне айналады деп сеніммен айтуға болады.» – деді өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында 2023-2027 жылдарға 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы екі жыл, он айда кешенді жоспар 55 пайызға немесе 313 іс-шара толығымен орындалған. Оның ішінде ағымдағы жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 64 пайызы жүзеге асырылды. Қалған тармақтардың орындалуы жыл қорытындысымен әзірленетін статистикалық мағлұматтармен құрылымдалатын болады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Агро» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылғанын айтты. Нәтижесінде, қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге жағдай жасалып отыр. Кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік бермек. Аталған үш кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд.теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 433 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарлануда.

Айта кетейік, Мәжіліс жұмысына Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаттары –фракция мүшелері, басқарма, департамент және басқарма басшылары мен  қызметкерлері қатысты.

Жұмыс жиынының күн тәртібінде 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтың есебін тыңдау, облыстық мәслихаттың депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреқызының атқарған жұмыстарының есебін және Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралды.

Мәжілісте Жол картасына енген барлық тармақтар бойынша нақты ақпараттар беріліп, бағдарламаларды жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асыру – өңірлік дамудың басты тетіктерінің бірі екендігі айтылды. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың үйлесімді ықпалдастығы нақты нәтижелерге жеткізіп отырғаны айтылды.

Сондай-ақ, Қалыйма Жантөреқызы өзінің депутаттық қызметі жөнінде де есеп бере отырып, Кентау қаласындағы «Жұлдыз» бала бақшасын күрделі жөндеуге, Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына жеке ғимарат алуға қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы бастамаларға қолдау көрсеткен облыс басшылығына, депутаттық корпусқа, фракция басшылығына алғысын айтты. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша фракция депутаттары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдап, бекітті. Жоспарда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, партияның Сайлауалды бағдарламасын және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған іс-шаралар қамтылды.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр – 2

Сондай-ақ, әр аптаның сенбісінде мемлекеттік қызметкерлер де игі іске қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына қатысады. Атап айтсақ, Мақтаарал ауданында республикалық акция аясында 750-ге жуық мемлекеттік қызметші, түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысып, бірлесіп табиғатты қорғау ісіне үлес қосты.

Сенбілік барысында негізгі назар ағаш егу мен көгалдандыру жұмыстарына аударылды. Ауданның түрлі аумақтарында мыңнан астам көшет отырғызылып, елді мекендердің жасыл желек қорын арттыруға маңызды қадам жасалды. Іс-шараны тиімді ұйымдастыру үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен жұмысқа қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.

Тек көшет егіп қана қоймай, сенбілікке қатысушылар үлкен жолдардың бойы мен қоғамдық орындарды тазалап, аудан аумағын қоқыстан арылтуға белсене атсалысты. Бұл жұмыстар тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, туған жердің тазалығына деген жауапкершілігін арттыруды мақсат етті.

Аудан әкімі Бақыт Асанов атқарылған жұмыстарды арнайы аралап, сенбілік барысын өз бақылауына алды. Ол көшет егу жұмысына өзі де белсене қатысып, жастармен пікір алмасып, талды дұрыс отырғызу тәсілдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімнің айтқанындай, әрбір отырғызылған көшет – ауданның болашақ экологиялық әл-ауқаты мен көркем келбетіне қосылған үлес. Айта кетейік, аудан басшылығы алдағы уақытта да осындай игі шараларды жалғастырып, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер де бұл бастамаға қолдау білдіріп жүр. Солардың бірі Сарыағаштық кәсіпкер, «Сұңқар Мед» клиникасының бас директоры Сұңқар Бердалыұлы демеушілік көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар, тал көшеттері және сырлау материалдарын қамтамасыз етті. Бұл абаттандыру жұмыстарының сапалы әрі тиімді жүргізілуіне мүмкіндік берді. Сенбілік барысында аллея аумағы қоқыстан тазартылып, құрғақ шөптер мен сынған орындықтар ретке келтірілді, ағаштардың түптері босатылып, суғарылды, арнайы қоқыс жәшіктері сырланды, шырша көшеттері отырғызылды. Әр талдың түбі қопсытылып, суарылды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар сырланып, жаңартылды. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері іс-шараға белсене қатысып, аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды. Сенбілік Сарыағаш қаласының көркейуіне үлес қосып қана қоймай, жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруға бағытталған игілікті шара болды.

Сондай-ақ, Арыс қаласында да жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтіп, қала әкімі Қайсар Маңқараев бастаған ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары Құрметті азаматтар аллеясына көшеттер отырғызды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы ұйымдастырып, жер телімдерін әзірледі. Игі іс «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп ағаш отырғызылды. «Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы.

Одан кейін Арыс–Шардара автожолының бойында мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер.Жаппай ағаш отырғызу шарасы қала экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.

Мемлекет басшысының бастамасы тек тазалыққа шығу емес, оны келешек ұрпаққа насихаттауымен де маңызды. Бұл бағытта «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінде қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды.Іс-шараға Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Н.Садыков, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев және оқу ордамыздың белсенді студенттері қатысты. Кездесудің мақсаты – студенттермен тиімді кері байланыс орнату, экологиялық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында Нұрбек Садыков қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық заңнама талаптары туралы кең көлемде ақпарат берді. Азаматтардың экологиялық құқықтары мен міндеттері жайлы түсіндірме жасады. Студенттер тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға нақты және толық жауаптар ұсынды. Кездесу барысында жастардың экология саласына деген қызығушылығы мен белсенді ұстанымы байқалды. Аталған іс-шара қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтуға, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарауды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды. Одан бөлек, “Таза Қазақстан” акциясы аясында өңірдің білім ордаларында сынып сағаттары өткізіліп тұрады.

Қорыта айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы – бұл бір күндік шара емес, бұл өмір салты. Ол қоршаған ортаны қорғауға, халықтың денсаулығын сақтауға және елдің көркеюіне бағытталған маңызды бастама. Әрбір азамат тазалыққа өз үлесін қосқанда ғана Қазақстан шын мәнінде таза, көрікті әрі жайлы елге айналады. Таза орта – дені сау ұлттың, жарқын болашақтың кепілі.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр – 1

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жылдың төрт мезгілінде де жалғасады. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров  тазалық жұмыстары бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуын тұрақты бақылауға алған. Мысалы, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне жұмыс қарқынын түсірмеу керектігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеп келеді.

«Таза Қазақстан» акциясы – экологиялық мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығы – халықтың денсаулығы мен елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – қоғамды тазалыққа, табиғатты қорғауға және ортақ жауапкершілікке үндейтін ауқымды бастама. Акцияның басты мақсаты – елді мекендерді қоқыстан тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын арттыру. Бұл бастама арқылы ауылдар мен қалаларда көшелер, арық-атыздар, саябақтар, қоғамдық орындар тазартылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсарып келеді.

Өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларына тоқталсақ, Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген. Аймақта экологиялық мәселелерге қатысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құраған.

Ең алдымен, «Таза Қазақстан» акциясының халық денсаулығы үшін маңызы зор. Тазалық сақталған ортада жұқпалы аурулардың таралу қаупі азаяды, ауаның сапасы жақсарады, балалар мен қарттар үшін қауіпсіз орта қалыптасады. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл мәселе ерекше өзекті, себебі табиғатпен етене өмір сүретін ауыл халқы үшін таза орта – күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Акция аясында ағаш отырғызу, жасыл желекті көбейту, су көздерін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар табиғи тепе-теңдікті сақтауға, жердің құнарын арттыруға және климаттың қолайлы болуына ықпал етеді. Бір тал егілген ағаш – болашақ ұрпаққа қалдырылған аманат.

Бұл бағытта «AMANAT» партиясы да экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, өз бастамасы ретінде «Таза бейсенбі» акциясын жүйелі түрде өткізіп келеді. Дәстүрлі экологиялық шара бұған дейін ауқымды түрде Ордабасы ауданында ұйымдастырылған болатын. Акцияға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, партияның аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әділет Әбухайыров, сондай-ақ партия мүшелері, жергілікті билік өкілдері, жастар мен ауыл тұрғындары жалпы 100-ге жуық жан қатысқан.

«Таза бейсенбі» акциясы барысында Темірлан ауылынан Ынталы ауылына дейінгі аралықта жол бойына ағаш егу шаралары қолға алынып,  қатысушылар 200 түп тұя мен арша көшеттерін отырғызды. Бұл тек табиғатты көгалдандыру шарасы ғана емес, елдің экологиялық мәдениетіне қосылған нақты үлес болды.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтады. Тазалық шараларына ауыл тұрғындары, жастар, еріктілер, ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бірлесе қатысады. Бірге еңбек ету адамдарды жақындастырып, туған жерге деген ортақ жауапкершілікті арттырады.  «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды республикалық экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан өңірінің судьялары мен сот қызметкерлері де қаланың экологиясын дамыту мақсатында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлестерін қосты. Бұл бастаманың тәрбиелік мәні де ерекше. Балалар мен жастар тазалық жұмыстарына қатысу арқылы табиғатты қорғауды, қоғамдық тәртіпті сақтауды үйренеді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырады.

Таза әрі ұқыпты елді мекендер ауылдың да, қаланың да көркін арттырады. Көшесі таза, айналасы жинақы жерлерде өмір сүру қолайлы болып, тұрғындардың көңіл-күйі жақсарады. Бұл – ауылдардың дамуына, жастардың туған жерде тұрақтауына оң әсерін тигізеді. Тазалық жұмыстарын марафонға айналдырған аймақтар да бар. Мысалы, Мырзакент кентінде бастау алған тазалық шарасына аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудан әкімінің орынбасарлары Бауыржан Шомпиев пен Серік Тұрсынқұловтар, барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары мен мүшелері, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысандардың ұжымдары және кенттің тұрғындары қатысқан және марафон барысында 12 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылып, бұл қоқыстар аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға төгілген. Сонымен қатар шараға 5 техника мен 500-ден аса адам қатысқан. Айта кетейік, Мырзакент кентінде бастау алған марафон басқа да кенттер мен округтерде жалғасын табады. Орталық тұрғындары тазалық бойынша челленджді Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарына жолдап, көпшілікті тұрып жатқан өз өлкесін таза ұстауға шақырды.

Түркістан облысында мақта өсіруден бастап киім дайындауға дейінгі ауқымды кластер құрылады

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.

Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 млрд теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады, бұл туралы бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов пен Xinjiang Lihua басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.

Бұрын соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделуде: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.

Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.

Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың га – тамшылатып суаруды қолдану арқылы.

2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.

ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік мерекесінде, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды. Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 дәрігер 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1960-1961 жылдары салынған ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.

Ал, Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.

Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен өзге де азаматтар қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады.

« – Жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығына жасалған қамқорлық деп айтуға болады. Денсаулық – адам үшін ең басты байлық екенін білесіздер.  Ал сол денсаулықты сақтау мен нығайтуда медициналық қызметтің қолжетімді болуы аса маңызды. Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Түркістан облысындағы ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандар салынып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда игілікті істер атқарылуда. Жаңа медициналық нысандардың ең басты пайдасы – медициналық көмектің тұрғындарға жақын болуы. Енді ауыл халқы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде ала алады.» – деді, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Медет Қасымов та аталған нысандар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты. Қонақтар медицина мекемелерін аралап көріп, жұмысымен танысты.

« – Жаңа медициналық нысандардың арқасында ауыл халқы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алып, өз денсаулығына көбірек көңіл бөлетін болды. Қан қысымын өлшеу, екпе алу, дәрігер кеңесі, алғашқы тексерулер секілді көмектерді енді ауылдан шықпай-ақ алуға болады. Бұл аурудың алдын алуға, асқындырмауға үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына жасалып отырған қамқорлықты ерекше атап өткіміз келеді. Жүкті әйелдер тұрақты бақылауда болып, балаларымыздың денсаулығы да басты назарда болады. Бұл – болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуіне бағытталған нақты іс-әрекеттер деп есептеймін. Біз ауыл тұрғындары ретінде жаңа медициналық нысандардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне, медицина қызметкерлерінің білікті әрі жауапкершілікпен жұмыс атқарып жатқанына да ризамыз. Ауылға жас мамандар келіп, халыққа адал қызмет көрсетіп жүрсе, біз үшін  үлкен қуаныш сол. Осы орайда, ауыл халқы атынан мемлекет басшылығына, облыс және аудан әкімдіктеріне, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, құрылысшылар мен осы іске атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қамқорлықтың көрінісі. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздегі әрбір ауыл сапалы медициналық қызметпен толық қамтылады деп сенеміз. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы екенін ескеріп, жасалып жатқан жұмыстар үшін ауыл тұрғындары әрдайым ризашылығын білдіреді.» – деді ауыл тұрғыны Гүлдариға Мамырәлиева.

Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысанында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ желеңді қызмет етеді. Биылғы 8 айда 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биыл 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНГІЗУ БОЙЫНША КӨШБАСШЫЛАР ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі немесе жыл сайын 1 трлн. теңгеден астам өнім өндіріледі. Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары қолданылып, жоспар 2 есе артық орындалды. Жалпы бүгінгі күнге облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі – 195 млн.м³. Жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн.текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Мақта мен күріш өсіруде жаңа су үнемдеу технологиялары қолданылып, нәтижесінде артық өнім алынды.

– Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде, бұл су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мәселелерін ерекше өзекті етеді. Қауіп-қатерлерді азайту және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды, суару әдістерін және ирригациялық жүйелердің жағдайын мониторинг жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуді күшейту қажет. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану, соның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен қарсы шаралар қабылдануы тиіс. Егіс құрылымдарын әртараптандыруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізуге ерекше назар аудару қажет. Мұндай тәсіл су ресурстары шектеулі жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қолдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген уақытта айтқан болатын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге және өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытына басымдық беріліп отырғанын мәлімдеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын реттеу жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын жеткізген еді.

Расында Түркістан облысы бұл бағытта нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Су үнемдеу технологиясын енгізу – облыстың ауыл шаруашылығындағы стратегиялық бағыты. Өңір климатының құрғақтығы, егіншілік пен мал шаруашылығына тәуелділік суға деген сұранысты жылдан-жылға арттырып отыр. Осыған байланысты соңғы жылдары облыста су үнемдеу технологияларын енгізу мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың біріне айналды. Бүгінде Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және цифрлық су басқару жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл жұмыстар ең алдымен ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда облыстың бірқатар аудандарында егін алқаптарына тамшылатып суару жүйесі кеңінен қолданылып келеді. Бұл технология суды тікелей өсімдіктің тамырына жеткізу арқылы су шығынын 40–50 пайызға дейін азайтады, топырақтың тұздануын тежейді, өнімнің сапасы мен көлемін арттырады, – дейді ауыл шаруашылығының мамандары.

Сонымен қатар, жаңбырлатып суару әдісі мал азықтық дақылдар мен жайылымдық алқаптарда тиімді қолданылуда. Бұл әдіс жердің ылғалдылығын біркелкі сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы бұл жобаның ауыл шаруашылығына тигізіп отырған пайдасы орасан мол. Сала мамандарының айтуынша, су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде өңірде су тапшылығының алдын алу мүмкіндігі артқан және егістік алқаптарда өнімділік өсе бастаған. Сондай-ақ, шаруалардың шығыны азайып, табысы көбейген. Одан бөлек, суды әділ әрі жоспарлы бөлу жүйесі қалыптасып келеді екен. Ал, шаруа қожалық иелерінің  айтуынша, тамшылатып суару енгізілген алқаптарда өнім бұрынғыдан ерте пісіп, сапасы жақсарған. Бұл нарыққа өнімді дер кезінде шығаруға мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы кезеңде облыста су ресурстарын цифрлық бақылау және есепке алу жүйелері де енгізіле бастады. Бұл жүйелер арқылы су арналарының жағдайы бақыланады және судың нақты көлемі есепке алынады, сондай-ақ заңсыз су алу деректерінің алдын алу мүмкіндігі артады. Цифрландыру су ресурстарын қорғау және пайдаланудағы тәртіпті күшейтіп, әділдікті қамтамасыз етуге жол ашуда.

Ауыл тұрғындары мен  шаруалар үшін су үнемдеу технологиялары – бұл тек техникалық жаңалық емес, ауыл болашағын сақтаудың кепілі. Су үнемделсе келер ұрпаққа су қоры сақталады және ауыл шаруашылығы тұрақты дамиды, экологиялық тепе-теңдік бұзылмайды. Бүгінде көптеген шаруалар жаңа технологияларға бейімделіп, өз тәжірибелерімен бөлісе бастады. Бұл – су мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.Жалпы бұл заманауи технологияларды енгізу – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, су тапшылығының алдын алып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Н.Көшеров: Түркістан облысында 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд.теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр.

Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.

Облыста жыл басынан бері 10 айда өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2443 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд. тг., 300 жұмыс орны); Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд. тг., 960 жұмыс орны); Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд. тг., 96 жұмыс орны) бар. Сонымен қатар Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд. тг., 150 жұмыс орны); Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд. тг., 150 жұмыс орны) жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында 103,5 млрд. теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылады.

Президентіміз өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан – кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады.

Қазір 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1175 жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша салық түседі (355 млн. теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда.

Облыстағы индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.

Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.

Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады.

Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд. теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 млрд. теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті.

Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосуды көзделген.

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында медицина саласын дамыту, ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында бүгін Ордабасы ауданы, Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Елімізде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

– Алдымен баршаңызды кеше өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек» деп, нақты тапсырма жүктеген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынның бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан тұрғындардың денсаулығын қорғау – өңір дамуының стратегиялық бағыты. Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Облыста 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі – Қараспан дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз өз істеріне адал болып, еліміздің бұдан әрі дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС атқарды. Жаңа медициналық нысан Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Жобаның құны – 201 млн. теңге. 0,25 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы алаңы – 376,9 шаршы метр. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Дәрігерлік амбулатория тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттермен қамтылған. Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамды қабылдай алады. Қараспан ауылдық округіндегі ауылдар мен елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта да облыста денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылады.

Айта кетейік, денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда 73 нысанға қажеттілік бар. Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.

Түркістан облысында жаңа екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын

Түркістан облысында «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Көлемі 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек-ата» су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын жерінде, жалпы аумағы 860 гектар болатын жерде салынып жатыр. Су қоймасы бөгетінің ұзындығы – 1,75 шақырым, биіктігі – 26 метр.

Бұл нысан тасқын суды жинап, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалған.

«Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су беру үшін «Сарқырама» каналы салынып жатыр. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын бұл канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады және 2,5 мың гектар суармалы алқапты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде ұзындығы шамамен 21 шақырым болатын учаскеде жұмыстар толық аяқталды.

Ал көлемі 1,2 млн текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасы Түркістан облысының Төлеби ауданында салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Бұл нысан 500 гектар суармалы жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді.

«- Барлық жұмыс заманауи сапа стандарттарына сай жүргізіліп жатыр. Жаңа су қоймалары тасқын және еріген қар суын тиімді пайдалануға жол ашады, бұл су ресурстары азайып жатқан жағдайда аса маңызды. Қосымша суармалы алқаптарды игеруге, сондай-ақ Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуге мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы мен туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Бөген өзені арқылы орташа жылдық су ағыны 165 млн текше метрге жетеді. Сондықтан бұл суды жинап, азаматтардың қажеттілігіне бағыттау маңызды», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.