ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫСЫНА САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түскен. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген, яғни басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция мемлекеттерінен саяхаттауға келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы – Қазақстанның туризм саласын дамытудағы стратегиялық өңірлердің бірі. Бұл аймақ тарихи-мәдени мұралары, табиғи байлықтары және экотуризм мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары Түркістан облысына келетін туристер саны өсіп, туристік инфрақұрылым нығайып, саланың экономикалық үлесі айтарлықтай артып отыр.

Тарихи және мәдени туризмнің даму көрсеткіштері де жоғарлаған. Түркістан қаласы түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Мұнда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан ретінде шетелдік және отандық туристердің басты бағыты саналады. Сонымен бірге Арсанбаб, Укаш ата, Отырар, Сауран, Күлтөбе сияқты тарихи орындарға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысына жалпы 500 мыңнан астам турист келген, ал бір күндік келушілер саны 1 миллионнан асып, бұл өңірді республиканың ең көп баратын туристік орталықтарының қатарына шығарды. Сол жылдың өзінде 235 мың турист орналастыру орындарын пайдаланса, 136,4 мың адам сауықтыру және демалыс аймақтарында, 128,6 мың адам табиғи саябақтарда демалған. Сондай-ақ шетелдік туристер легі де жыл санап артып келеді.Өткен жылы Түркістан облысына 21 121 шетелдік турист келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 45 пайыздық өсімді құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш тағы да екі есеге еселене түсті.  Сондай-ақ, “Әзірет Сұлтан” музей-қорығына 638,8 мың адам, ал Отырар тарихи аймағына 241 мыңнан астам турист барған. Бұл көрсеткіштер Түркістанның тарихи және рухани туризм орталығы ретіндегі маңызын айқын дәлелдейді.

Сонымен қатар экотуризм – болашақтың басым бағыты екені белгілі. Бұл бағытта Түркістан облысы табиғи байлығы мен экожүйелік әлеуеті жоғары өңір ретінде экотуризмді дамытуда қарқынды өсімді көрсетуде. Өңірде Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Сайрам–Өгем ұлттық табиғи паркі, Сырдария–Түркістан өңірлік табиғи саябағы секілді өзіндік керемет, қайталанбас табиғаты бар, ерекше қорғалатын аумақтар орналасқан. Бұл жерлерде табиғатты тамашалау, жаяу серуендеу, ғылыми-танымдық туризм, фото-экспедициялар, этноэкологиялық бағыттар дамып келеді. Қазақстан бойынша экотуризм соңғы үш жылда 40 пайызға өссе, оның айтарлықтай үлесі Түркістан облысына тиесілі. Табиғи аймақтарға келушілер саны жыл сайын тұрақты түрде артуда.

Туризм саласының экономикалық тиімділігі және әлеуметтік әсері өте мол. Түркістан облысында туризм саласы тек мәдени және рухани саланың дамуына ғана емес, өңір экономикасына да қомақты үлес қосып жатыр. 2025 жылдың өзінде туризм саласы облыс қазынасына шамамен 6,6 миллиард теңге табыс әкелген. Соңғы жылдары экотуризм саласына 64 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, қонақүйлер, демалыс орталықтары, туристік кешендер салынған. Қазіргі уақытта өңірде шамамен 40-тан астам ірі туристік жоба іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, өңірдің халықаралық имиджінің нығаюына үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.

Жоғарыдағы нақты көрсеткіштер Түркістан облысының туризм саласын жүйелі түрде дамытып жатқанын айқын көрсетеді. Туристер санының артуы, инфрақұрылымның жақсаруы, шетелдік келушілер легінің көбеюі – өңірдің халықаралық туристік бренд ретінде орныққанын дәлелдейді. Сонымен қатар экотуризмнің дамуы табиғатты қорғау мәдениетін күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Жалпы Түркістан облысы – өткен тарих пен бүгінгі өркендеуді ұштастырған, экологиялық туризм саласында да еліміздің ғажайып табиғатын танытатын, болашағы зор аймақтардың бірі болып есептеледі.

Отырардағы игі істерге тұрғындар алғысын білдірді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

-Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр,-деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигетінін атап өтті.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын айта келе, бұл шара заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі екенін жеткізді.

Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250м (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған. Аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды күтіп ұстап, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді.

Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл спорт кешені ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған маңызды нысан екенін атап өтті.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Қолжетімді спорт нысандары – ұлт саулығының кепілі. Мұндай кешендер ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын табады», – деді.

Іс-шара барысында Отырар аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Жамалханұлы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортының дамуына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтып, ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан ел азаматтарына алғысын айтып, ақ батасын берді.

Жаңа кешеннің жалпы аумағы 1474,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт зал, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, футбол, бокс және күрес алаңдары бар.

ЭКОНОМИКА МЕН АГРОСАЛА БАСТЫ НАЗАРДА

«- Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілді. Оның аясында 295,5 млрд. теңгеге 78 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Биыл жалпы құны 63,3 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 1030 жаңа жұмыс орындары құрылды.»

Бұл туралы Түркістан облыстық облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Жолдасбеков экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша баяндап, еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін айтып, бұл салада жыл сайын 1 трлн. теңгеден астам өнім өндірілетінін атап өтті.

Хабарламада үш кластерлік бағыт бойынша жұмыстар басталғаны айтылды. Мақта-тоқыма кластерін дамытуда 5 жобаны іске асыру көзделген. Алғашқы кезеңде «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-гі толық циклды мақта өңдеу, тоқыма өндірісі, жіп иіру, мата және бояу шығару бойынша 4 зауыт салу бастамасы қолға алынған. Жүгері өндірісі кластерінде қуаттылығы жылына 150 мың тонна крахмал шығаратын зауыт іске қосылмақ. Ал ет кластерін дамытуда жалпы құны 48,9 млрд. теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асатыны айтылды.

Жиын барысында крахмал өндіруге қажетті жүгері дақылдарының жеткілікті болуы, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау мәселелері көтеріліп, мал шаруашылығын жүргізуге бейім аймақтарда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында неліктен балық және құс шаруашылықтарын жүргізуге басымдық беріліп жатқаны сұралды. Созақ, Бәйдібек аудандарында қой шаруашылықтарын дамыту мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Облыс көлемінде экономикалық жағынан тиімді жеміс-жидек түрлерін өсіру бойынша салалық жоспар түзілуі керектігіне баса мән берілді.

Кеңес мүшелерінің өңір ауқымындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша сауалдарына Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай жауап берді. Жиында салалық басқарманың есебінде көрсетілген ашылған жаңа жұмыс орындары санының қаншалықты объективті екені сұралды. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, шағын және орта кәсіпкерлік саласында ашылған жұмыс орындары санының шынайылығы мемлекеттік кірістер органдарындағы салық түсімдері бойынша расталған.

Жиынның күн тәртібіне енгізілген «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы жайлы «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев есеп берді. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарлмасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 25,6 млрд. теңгеге 3790 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 3,5 млрд теңгеге 477 жоба қаржыландырылса, мал шаруашылығын дамыту бағыты шеңберінде 2921 жобаға 17,4 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Құс шаруашылығын дамыту аясында 27 жобаға 198,6 млн. теңге несие берілсе, балық шаруашылығын дамыту бойынша 53 жоба 398 млн. теңгеге қаржылай қолдау тапқан. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау бойынша 128 жоба 2,8 млрд. теңгеге қаржыландырылса, өз кәсібін ашу бағыты бойынша 185 жобаға 1,3 млрд. теңге несие берілген.

Бағдарламаның орындалуын талқылаған кеңес мүшелері, осы жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар жобаның қоғамға берген пайдасын, өзімізде шығарылатын өнімдердің нарықтағы азық-түлік бағасын төмендетуге тигізген нақты әсерін, тиімді нәтижелерін айқындап көрсетуі керек деген пікірлерін жеткізді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетініне баса мән берілді. Бағдарлама қатысушылары жаңа салық нормаларын қолдануда қандай да бір қиындықтарға тап болмауы керек екені айтылды.

«Ауыл аманаты» жобасының орындалуы бойынша қосымша хабарлама жасаған «Ырыс» микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев кеңестің 2025 жылғы 28 наурызда өткен отырысының хаттамалық шешімі бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді. Микроқаржы ұйымы тарапынан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар үшін арнайы кепіл саясаты қабылданғанын атап өтіп, несие алушылардың ауылды жердегі жылжымайтын мүліктердің бағалау құнының 70 пайызына дейін несие алуға мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Несие алу үшін құжат рәсімдерін жеңілдетуде және процесті жылдамдатуда электронды қызметтер енгізілгенін хабарлады.

Облыс тұрғындары тарапынан мал шаруашылығын дамытуға қатысты көптеген ұсыныстар түсіп жатқанына тоқталған Мұхит Мыңбаев, бағдарлама бойынша мал шаруашылығын дамытуға арналған несиелер беру шегін қазіргі 40 пайыздан 60 немесе 70 пайызға көтеру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастаманы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің мүшелері бірауыздан қолдап, тиісті ұсынысты қарау үшін хаттамалар жолдайтын болды.

Жалпы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында  кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша тармақтарының орындалуы, «Ауыл аманаты» партиялық жобасының жүзеге асырылуы, кеңестің алдыңғы отырыстарында қабылданған шешімдердің іске асырылу барысы туралы мәселелер жан-жақты қаралды. Кеңес отырысына Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева да қатысып, өңірімізде шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуды іске асыру бағыты Жол картасының өзегіне айналғанын айтты.

«- Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған нақты шаралар шаруаларға қолжетімді қаржыландыру тетіктерін кеңейтуді, кооперацияны дамытуды, өңдеу өнеркәсібін жолға қоюды, сондай-ақ ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтуды, еліміздің экпорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, өнімнің қосылған құнын көбейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар өңір экономикасын әртараптандыруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласында жаңа өндірістерді қалыптастыруға арналғаны белгілі», – деді кеңес отырысының маңыздылығын түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы.

Жұмыс жиынын әрі қарай, кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Раймбеков жүргізіп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің басты тіректерінің бірі екенін айтты. Осыған орай, бағдарламаларды өңірде іске асыру жөніндегі Жол картасында бұл бағыттар маңызды басымдық ретінде айқындалғанын атап өтіп, белгіленген межелі көрсеткіштер халықтың табысын арттыруға және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тікелей әсер ететінін жеткізді.

КЕЛЕСТЕГІ 2 ЕЛДІ МЕКЕН САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін Келес ауданындағы Кеңдала мен Көгерту елді мекендерінде су нысандары ел игілігіне берілді.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Кеңдала және Көгерту елді мекендерінде салынған ауыз су нысандарының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды құттықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтер қаражаты халық игілігіне бағытталып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға ауыз су нысандарының сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Іс-шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтап, қуанышын бөлісті. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жалғасын табатынын жеткізді.

Жаңа ауыз су нысаны арқылы Кеңдала елді мекеніндегі 102 тұрғын үй, 502 тұрғын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылды. Ал Көгерту елді мекенінде іске қосылған нысан арқылы 91 тұрғын үйдің 611 тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етуде.

Жалпы, Келес ауданы бойынша 13 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда 12 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артады.

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді.

Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Облыс басшысы халықтың денсаулығын жақсарту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жаңа медициналық мекемелер бой көтеріп жатқанын айтты. Сондай-ақ шалғай ауылдарға дейін сапалы қызметтің қолжетімділігін артыру мәселесі назарда болатынын жеткізді.

« – Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

Нұрлы жол елді мекенінің ауыл биі Әділхан Андасов ауыл тұрғындары атынан алғысын айтып, көпшілікті құттықтады. Сарыағаш ауданындағы 0,10 гектар аумақта орналасқан жаңа медициналық нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады. Бұл – елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадам.

Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


Сонымен қатар, Төлеби ауданына қарасты Тағайна ауылында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында денсаулық сақтау саласын дамыту, әсіресе ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. ФАП тәулігіне 12 адамды қабылдайды. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы нәтижесінде 3 жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жобаның жалпы құны – 62 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Нефтестроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Ауыл тұрғындары медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Түлкібас ауданындағы Азаттық елді мекеніне заманауи дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, құттықтады.

Дәрігерлік амбулаториясында заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі, физ кабинет, дәріхана бөлмесі, 4 төсекке арналған күндізгі аурухана бөлмелері, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар. Шара барысында аудан әкімі ғимаратты сапалы соғып, құрылысын уақытында аяқтаған мердігерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары игі іске мұрындық болған жандарға ақ баталарын берді.

Жергілікті тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба мен Азаттық ауылдарында заманауи жаңа нысан соғылып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан халық игілігіне қолданысқа берілмек.

АЩЫСАЙДА ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы түсті металл комбинаты руднигінің металлургиялық цехына тиесілі қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахта қалдықтарын тиімді пайдалану және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Аталған қалдықтарды шаруашылық айналымға тарту арқылы экологиялық жүктемені төмендету, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру көзделіп отыр.

Осыған орай облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Аталған жобаға қызығушылық танытқан Hubei Nonmetallic Geological Company компаниясы нысанның инвестициялық тартымдылығын жан-жақты зерделеу, шлак жинақтарының ресурстық және технологиялық әлеуетін бағалау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әлеуетті инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылдың ықтимал форматтарын айқындау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Кездесу барысында өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді игеру жолдары, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жобаны іске асырудың кезеңдері мен негізгі шарттары жан-жақты талқыланды.

Hubei Nonmetallic Geological Company тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие. Компания бұған дейін Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерінде, атап айтқанда Ақтөбе, Алматы және Шиелі аймақтарында осындай жобаларды табысты жүзеге асырған. Аталған бастама өңірдегі өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған.

Ащысайдың өндірістік әлеуеті өте жоғары және өңір дамуының берік негізі бола алады. Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуында өзіндік орны бар, өндірістік әлеуеті жоғары аумақтардың бірі. Географиялық орналасуы, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар қоры және еңбек ресурстарының жеткілікті болуы Ащысайды өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ ретінде қалыптастырды. Бұл аймақтың өндірістік әлеуетінің негізін тау-кен және өңдеу өнеркәсібі құрайды. Елді мекен маңында құрылыс материалдарына қажетті шикізат көздерінің болуы өндірістің осы бағытын дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе әк, инертті материалдар және басқа да құрылысқа қажетті өнім түрлерін өндіру жергілікті экономикаға серпін беретіні сөзсіз. Мұндай жобалар облыстың ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта көршілес өңірлерге өнім жеткізу әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беруі мүмкін.

Ал, өндірістің дамуы жұмыс орындарының көбеюіне тікелей әсер етеді.Болашақта Ащысайда кәсіпорындар іске қосылатын болса жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндіктер арта түседі. Сонымен қатар өндіріс орындары салынса, ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Өндіріс орындарының айналасында қызмет көрсету, тасымалдау, техникалық қызмет көрсету және қосалқы өндірістер қалыптасатыны да анық. Бұл өз кезегінде шет елдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Алдағы кезеңде инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өндірістердің тиімділігін арттыру да көзделуде. Себебі инфрақұрылымдық мүмкіндіктер де Ащысайдың өндірістік әлеуетін күшейте түседі. Электр энергиясы, көлік қатынасы және инженерлік желілердің қолжетімділігі өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа инвестициялық жобаларды тартуға негіз болады.

Экологиялық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын өндіріс орындарында экологиялық талаптарды сақтау, қалдықтарды азайту және өндірістік процестерді жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді. Ащысайдың өндірістік әлеуеті – өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Өндіріс көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және кәсіпкерліктің дамуы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, Түркістан облысының жалпы даму көрсеткіштеріне де оң ықпал етеді. Сондықтан, алдағы уақытта инвестиция тарту мен өндірісті жаңғырту арқылы Ащысайдың мүмкіндіктері одан әрі кеңейтуге нақты жоспарлар жасалуда.

Бүгінде Ащысай ауылында 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 2 жалпы білім беретін мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы және 1 пошта байланыс бөлімшесі жұмыс істейді. Кезінде өндірісімен танылған елді мекенде қазіргі таңда шамамен 2 мың тұрғын бар. Ауылдағы жолдардың жалпы ұзындығы 15,12 шақырымды құрайды.

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 2 ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында медициналық нысандар салу, дәрігерлік көмекке қолжетімділікті арттыру мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы арқасында халыққа ең қажетті деп табылатын нысандар салынып, тұрғындардың талап-тілегі орындалып жатыр. Осы ретте Шардара ауданындағы Сүткент және Ұзын-ата ауылдарында заман талабына сай жаңа дәрігерлік-амбулатория ғимараттары салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа амбулаториялар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған жобалар аудан халқының денсаулығын нығайтып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға оң серпін бермек. Сонымен қатар, жаңа медициналық нысандар – ауыл тұрғындарының денсаулығына жасалған қамқорлық деп айтуға болады. Түркістан облысында ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандардың салынуы тұрғындардың талап-тілегіне сай жүзеге асырылып жатыр.

Медициналық нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындары мен медицина саласы қызметкерлерін маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Іс-шара барысында бірқатар медицина қызметкерлері «Шардара ауданына – 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан берілген жедел жәрдем автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды. Аталған жобалар – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

АҢЫЗ БЕН ТАРИХТЫ ҰШТАСТЫРҒАН, ТУРИСТІК МАҢЫЗЫ БАР КЕШЕН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

Қазығұрт тауы – Түркістан өңіріндегі ең танымал әрі қасиетті табиғи орындардың бірі. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, халқымыздың рухани санасында айрықша орын алатын бұл өлкенің таным тарихы Нұх пайғамбар есімімен байланысты. Тарихи тағлымы айрықша, мәдени мазмұны терең осы аймақтағы ерекше нысан – Нұх пайғамбар мемориалдық кешені деп аталады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Өзбекстан Республикасының шекарасына шығатын күре жолдың бойындағы биіктікте тұрған бұл нысанның туристік маңызы да зор. Ұлттық тарих пен руханиятты ұштастырған, өткен мен бүгінді жалғаған киелі орынның қасиетін білдіретін кешенді қайта жаңғырту жұмыстары Қазығұрт ауданы әкімдігінің бастамасымен жүргізілді.

Бүгін қайта түлеген мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Тарихи-рухани мұраны ұлықтау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, ауыл ақсақалдары, аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті тұрғындар қатысты.тТүркістан облысы Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады.

« – Ата-бабаларымыз «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп бекер айтпаған. 2004 жылы бой көтерген «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені – экологиялық туризмді дамыта отырып, ұлттың рухын көтеретін, тарих пен дәстүрді дәріптейтін ерекше нысан. Бүгін осы мемориалдық кешеннің қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа кейіпке енуіне куә болып тұрмыз. Аталған ескерткіш – ұлттың бірлігі мен берекесінің, ізгіліктің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдени мұра мен рухани, экологиялық туризмді дамытуды ел дамуының маңызды бағыты ретінде айқындады. Осы бағытта Түркістан облысында тарихи-мәдени нысандарды сақтап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазығұрт – тарихы терең өңір. Осы аймақта туризмді дамыту – ортақ міндетіміз. Бүгінгі жаңғыртудан өтіп, қайта ашылып отырған «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені ел рухын асқақтататын ескерткіш болады деп сенемін. Халқымыздың мәртебесі Қазығұрт тауындай биік, әрбір бастамамыз жемісті болсын!» – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қазығұрт асуында орналасқан «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені аумағына енген 5 гектар жерді көркейту, абаттандыру, сәулеттік келбетін жақсарту, көпшілікке арналған мәдени демалыс аймағына айналдыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов айтып өтті. Осы жұмыстарды жүргізген мердігер ұйым – «Қарағанды Көркем» ЖШС-гі директорының орынбасары Рамазан Қадырқұлов жоба аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Кешендегі абаттандыру жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталып, биылғы қазан айында толық көлемде атқарылған. Биіктігі 51 метрді құрайтын Мемлекеттік Ту тұғырына мемлекеттіліктің символы – көк байрағымыз орнатылып, қазақ елінің рухын асқақтата желбіреді. Абаттандыру жұмыстары бойынша 1880 шаршы метр аумаққа көгал төселіп, 400 түп шырша көшеттері отырғызылған. Кешеннің басты нышаны – Нұх пайғамбар кемесінің макеті 11 метрді құрайды. Жаңарған туристік нысанда серуендеушілерге арналған шағын сәулеттік нысандар, нақыл сөздер жазылған кіші сәулеттік ескерткіштер қойылған. Аяқжолдар төселіп, 29 дана жарықшамдар орнатылған. Нысан аумағында келушілер үшін 2 сауда орны және санитарлық торап қарастырылған.

Мемориалдық кешен рухани тәрбие мен тағылым ордасы ретінде халыққа қызмет көрсетіп, экотуризмді өркендетуге де себеп болады. Кешен аумағында келушілер үшін қолайлы жағдай жасалып, тарихи-танымдық мазмұндағы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі деген сенім мол. Бұл жерге еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген зияратшылар мен туристер ағылып, қасиетті мекеннің асқақ абыройын таныта бермек.

Әлеуметтік маңызы нысандар тұрғындарды қуанышқа бөледі.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Шарбұлақ елді мекенінде ашық және жабық спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Азаматтардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға, балалар мен жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға жетелейтін әлеуметтік маңызы ауқымды нысанның ашылуына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Әшіров, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, ауыл тұрғындары, елге сыйлы қариялар қатысты.

Нысан құрылысын Қазығұрт аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тапсырысы бойынша «Vertex Build» ЖШС-гі жүргізді. Спорт кешенінің аумағы 2,83 гектар болып белгіленіп, кешен ғимаратының жалпы аумағы 1720 шаршы метрді құрайды. Кешен жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды мердігер ұйымның басшысы Нұрдәулет Рысқұл таныстырды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы бастама көтерген болатын. Бұл акция елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы акция аясында ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Ашылып отырған спорт кешенінде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешенде бұқаралық спорт дамитынына сенім білдірді. Сонымен бірге Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев, Шынболат Райханов сынды әлем чемпиондары да жаңа спорт нысанына оң бағаларын берді. Облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар спорт кешенін ресми түрде ашқан соң нысанның ішін аралап, жаттығу залдарының жабдықталуымен танысты. Әкім жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті

.

Спорт кешенінің жобасына 500 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Нысанның ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» (көше жаттығулары) құрылғылары мен балалар ойын алаңшалары орнатылған. Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол спорт секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда. Нысанның ашылуымен 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал 10 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады. Ауыл ақсақалдары да салауатты ұрпақ тәрбиелеуге арналған нысанның ашылуын тарихи сәтке балады.

« – Бүгін біздің ауылымыз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Ауылымызда заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт кешенінің ашылуы – тұрғындар үшін үлкен қуаныш пен зор игілік. Ауыл халқы атынан осы маңызды нысанның бой көтеруіне қолдау көрсеткен мемлекетке, облыс және аудан басшылығына, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтаған мердігер азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл спорт кешені – тек ғимарат қана емес, болашаққа салынған берік инвестиция. Жаңа спорт кешені ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жасөспірімдердің спортпен жүйелі түрде айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұрын мұндай жағдай болмаған ауыл тұрғындары үшін бұл – көптен күткен арманның орындалуы. Енді ауылымыздың балалары мен жастары түрлі спорт түрлерімен шұғылданып, жарыстарға қатысып, биік белестерді бағындырады деп сенеміз. Спорт кешені ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, ел ішіндегі бірлікті арттыратын ортақ ордаға айналатынына күмән жоқ. Біз, ауыл тұрғындары, осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектеспіз. Жаңа спорт кешені ауылымыздың дамуына, жастардың тәрбиесіне және ұлт саулығына қызмет етсін! Спорт – денсаулықтың кепілі, күш-қуат пен жігердің қайнар көзі. Осы кешенде балаларымыз бен жасөспірімдеріміз шеберлігін шыңдап, денелерін шынықтырып, рухани дамуға жол аша алады. Ересектер де осы жерде белсенді өмір салтын қалыптастырып, отбасылық және қоғамдық бірлікті арттырады. Тағы да барша қолдау көрсеткен азаматтарға үлкен алғыс білдіреміз және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!», – деген ауыл ақсақалдары мерейлі сәтпен және тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген спортшыларға да ризашылықтарын білдірді.

Жұмыс сапары аясында облыс басшылығы Қазығұрт ауылы, О.Жандосов көшесінде орналасқан, Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жөндеуден өткен екі қабатты, 10 пәтерлі тұрғын үйдің қазіргі техникалық жағдайымен танысты. Ресми өкілдер тұрғын үйлердің ішіне кіріп, әр пәтердің жай-күйін көзбен көріп, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын жан-жақты қадағалады.

Атап өтуіміз керек, 2024 жылғы 10 қаңтарға қараған түні осы мекенжайдағы №35Б тұрғын үйдегі пәтерлердің едендері шөгіп, ішкі аралық қабырғалары жарылған болатын. Аталған жағдай бойынша шұғыл шаралар қабылданып, ақау анықталған көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары басқа мекенжайға уақытша көшірілген еді. Аудан бюджеті есебінен №35А және №35Б тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіліп, тұрғындарды өз үйлеріне орналастыру жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда тұрғындар өз пәтерлеріне қайта қоныстанып, қалыпты тұрмысын жалғастыруда.

Облыс басшысы тұрғындармен арнайы кездесіп, атқарылған жұмыстардың сапасы жөнінде пікір алмасты. Пәтер иелері көрсетілген қолдау мен уақтылы жасалған жөндеу жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, үйлерінің қазіргі жағдайы талапқа сай екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы жауапты сала мамандарына тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған бұл мәселені облыс әкімдігі мен депутаттар және «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы бақылауында ұстады және жергілікті атқарушы билікпен азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған шаралардың атқарылуын бірлесе үйлестірді.

САУРАН АУДАНЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы партия бастамасымен жүзеге асып келе жатқан кезекті «Таза бейсенбі» іс-шарасы Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде өтті. Кең ауқымды іс-шарада ауыл маңын және арық-атыздарды қоқыстардан тазалау, көше бойын артық заттардан арылтып, абаттандыру жұмыстары да жүрді.

Аталған экологиялық акцияның басты мақсаты елді мекендердің санитарлық ахуалын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, экология мен табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ тұрғындар арасында тазалыққа деген ортақ жауапкершілікті арттыру болып табылады. Іс-шара барысында ауыл аумағындағы қоғамдық орындар, көшелер мен демалыс аймақтары да тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Тазалық акциясына партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Шорнақ ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Бабичев, партия өкілдері, белсенді жастар және аудан тұрғындары белсене қатысты. Қатысушылар бірлесе еңбек етіп, аумақты қоқыстан тазалап қана қоймай, елді мекеннің көркін арттыруға өз үлестерін қосты.

Мұндай экологиялық бастамалар қоғамда экологиялық сана мен жауапкершілікті қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Акцияға қатысқан тұрғындар тазалық әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, туған жердің көркеюі мен табиғаттың сақталуына бейжай қарамау керектігін жеткізді. “AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков акцияның маңыздылығын атап өтті.

 – «Таза бейсенбі» – бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды жобалардың бірі болып саналады. Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Солардың ішінде қоғам тарапынан кең қолдау тапқан бастамалардың бірі – «Таза бейсенбі» экологиялық жобасы. Бұл жоба елді мекендерді көркейтуге, табиғатты қорғауға және тұрғындарды тазалыққа жұмылдыруға бағытталған тиімді тетікке айналды. «Таза бейсенбі» жобасының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды азайту, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Жоба аясында әр апта сайын бейсенбі күндері сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, арық-атыздар, әлеуметтік нысандардың айналасы тазаланады. Жобаның басты ерекшелігі – оның жүйелілігінде. Бір реттік сенбілікпен шектелмей, апта сайын тұрақты түрде өткізілуі тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер, жастар, еріктілер, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары белсене қатысып келеді. «Таза бейсенбі» жобасының нәтижесінде көптеген елді мекендердің көркі жақсарып, заңсыз қоқыс орындарының саны азайды. Ағаш отырғызу, көгалдандыру, арық-атыздарды тазалау жұмыстары экологиялық ахуалдың жақсаруына оң әсер етті. Сонымен қатар, бұл бастама су көздерін қорғауға, ауыл шаруашылығы алқаптарының санитарлық жағдайын жақсартуға да ықпал етті. Ауылдық жерлерде бұл жоба тұрғындардың бірлігін арттырып, ортақ іске жұмылуына жол ашты. Ауыл халқы өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, табиғатты аялау мәдениетін күнделікті өмірге енгізе бастады. Бұл – болашақ ұрпаққа таза әрі қолайлы орта қалдыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Тазалық жұмыстары барысында тұрғындар арасында экологиялық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қалдықтарды сұрыптау, су мен табиғи ресурстарды үнемдеу жөнінде ақпараттар беріледі. Бұл қоғамда экологиялық сананың артуына ықпал етеді. «Таза бейсенбі» акциясы бұл бір күндік шара емес, бұл әрбір азаматтың өмір салтына айналуы тиіс маңызды бастама. Қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау болашақ ұрпақ алдындағы біздің жауапкершілігіміз. Осындай игі істер арқылы туған жерімізді таза, көрікті әрі жайлы етуге баршамыз бірлесе атсалысуымыз қажет. Бүгінгі акцияға белсенді қатысқан барлық тұрғындарға алғыс білдіреміз.» – деді Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы.

«Таза бейсенбі» – тек тазалық акциясы ғана емес, табиғатқа жанашырлықты, қоғамдық жауапкершілікті және ортақ іске үлес қосуды насихаттайтын маңызды жоба. Бұл бастама елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тиімді құрал ретінде өз маңызын дәлелдеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде жүйелі түрде жалғасын тауып, елді мекендерді көркейтуге арналған түрлі экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.