Все записи автора TAQ.KZ

Конституциялық реформа – әділ қоғамға бастар жол

Ел болашағы үшін жасалып отырған ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін берері анық.

Әрине, аталған реформаларды жүзеге асыру – жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз.

Осыған байланысты, қоғамдағы ұсыныстарды сараптап, қорытындылау  және нақты өзгерістер жобасын дайындау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссия құрылды.

Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, өңірлердің мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандармен толықтырылды.

Жалпы, Конституция нормаларының шамамен  86 пайызына өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Жаңа Конституцияның жобасы  30 қаңтарда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, барлық комиссия отырыстары ашық өткізіліп, ресми ақпарат көздерінде тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды.

Сол комиссия отырыстарында талқыланған, жаңа өзгерістерді қысқаша түсіндіріп өтейін.


Конституция преамбуласы туралы

Конституция преамбуласы толығымен  жаңартылып, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам ретінде ұсынылды.

Преамбулада Қазақстанның біртұтас ұлт екенін көрсету, унитарлық құрылымын және аумақтық тұтастығын сақтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да ұсынылды.

Сондай-ақ, табиғатты қорғау, экологияны сақтау, мәдениет пен рухани құндылықтарды, ғылым мен білімді, инновацияларды дамытуКонституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс тапты.

 

«Құрылтай» құру туралы

Заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган «Құрылтай»болып белгіленді. 

Жұмыс тобы ұсыныстар негізінде Құрылтайда 145 депутат болуы тиісдеген шешімге келді. Депутаттарға қойылатын талаптар қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптармен теңестірілді, яғни 25 жастан асу және соңғы 10 жылда Қазақстанда тұрақты тұру қажет. Депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады, бұл Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамамен сәйкес келеді.

Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институттық рөлін күшейтеді және саяси жауапкершілікті арттырады.

Жаңа Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі 5 жылға белгіленді, бұл құрамды жаңартып отыруға және сайлау науқандарының жиілігіне тиімді.

Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі үш оқылымда жүргізілуі ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады, үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді. Заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету үшін Парламент болмаған кезде бұл функция Президентке жүктеледі.

Парламенттегі квоталар бойынша тек әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген.

Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсынысайтылды.  

Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары сот судьяларын сайлау құзыреті де Құрылтай депутаттарына беру ұсынылды.

 

Вице-президент институтын енгізу туралы

Вице-Президентті Құрылтайдың көпшілік дауысы арқылы Президент тағайындайды, ал қызметтен босатуды Президент жүзеге асырады.

Ол Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастардағы мүдделерді білдіріп, Құрылтай, Үкімет және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады, ал оның өкілеттік кезеңінде депутат болуға, басқа ақылы лауазым атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшелігіне жол берілмейді.

Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормаларды алып тастау ұсынылды.


Халық Кеңесін құру бастамасы

Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу және Конституцияда жеке бөлім ашу ұсынылды.

Ол халықтың бірлігін нығайтып, негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларынжалғастырады.

Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастыру көзделген.

Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады.


Президент туралы

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін жаңа өзгеріс бойынша Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өткізіледі.

Қолданыстағы Конституцияда сайлау нақты күнге, яғни желтоқсан айының бірінші жексенбісіне бекітілген. Мұндай норма әртүрлі объективті жағдайларды есепке алуғамүмкіндік бермейді, әрі өкілеттік мерзімінің аяқталуы мен сайлау күні арасындағы мерзімдік айырмашылықтың туындауына әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты Конституцияның 41-бабында Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғандаөткізіледі деп көзделеді.

Сайлау өткізу мерзімі мен тәртібін өзгерту Президенттің ант беру уақытына да тиісті түзетулер енгізуді талап етеді.

Осыған байланысты ант сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап, 1 ай ішінде беріледі. Бұл нормамен де нақты күнтізбелік күннен бас тартылып, ант беру күні сайлау нәтижелері жарияланған күнге байланысты айқындалады.

Президент туыстарының мемлекеттік қызметті атқаруға хақысы жоқ деген бап өзгеріссіз қалады.

Сонымен қатар, қазіргі қолданыстағы Конституциядағы «Қазақстан Республикасы – Президент басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деген норманы нақтылап, жаңа редакцияда «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару үлгісі – Президенттік республика» деп нақты жазу ұсынылды.

 

Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер туралы

Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары және Неке мен отбасы құндылықтары күшейтіледі.

Бұл дегеніміз адамның өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту болып табылады.

 

Сайлау және сайлану құқығы туралы

Ата заңға жемқорларды сайлану құқығынан айыратын норма енгізуқарастырылды.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе сот үкімімен бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлауға және республикалық референдумға қатысуға құқығы болмайды.

Сондай-ақ, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған, сыбайлас жемқорлық немесе құқық бұзушылық жасауда кінәсі сотта дәлелденген азаматтардың да сайлануға құқығы болмайды.

Бұл норма қоғамның талабына сай және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң талаптарды күшейтетін маңызды түзету болып саналады.

Адвокаттардың мәртебесі туралы

Ата заңға адвокаттардың мәртебесін нығайтатын нормалар енетін болады.

Қылмыстық процесте прокурормен тең дәрежедегі тарап ретіндеадвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізіліп отыр.

Бұл азаматтың құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу кепілдіктері, құқық қорғау органдарының ұсталған азаматқа сол сәттің өзінде оның құқықтарын түсіндіру міндеті секілді түйінді сұрақтар қамтылған.

 

Адам капиталы туралы

Жаңа Констиуцияның орталық идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияайқындалып отыр.

Конституцияның жаңа мәтінінде 1-бөлімнің            1-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасы – адам капиталының, білімінің, ғылымының, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» деп жазылған.

Бұл мемлекеттік саясаттағы түбегейлі, маңызды бетбұрыс. Яғни мемлекеттің болашағы қазба байлықтарында емес, білім мен ғылым, адами капитал және азаматтардың жетістігінде дегенді білдіреді.

 

Жеке деректер мен хабарламалар құпиясы туралы

Жаңа Конституцияда жеке деректер мен хабарламалар құпиясы қорғалады.

Конституция жобасында сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне, зияткерлік меншік ұғымына қатысты ережелер ұсынылды.

Яғни, банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және байланыс құралдарындағы өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны ерекше көрсетіліп отыр.

Бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін хабарламаларға да қатысты.

Жалпы, Жаңа Конституция жобасына жоғарыда аталған нормалар енгізілді.

Конституциясының алғашқы жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты.

Сонымен бірге, «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын ережелер қарастырылды.

«Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді.

Ұсынылған өзгерістердің барлығы еліміздің мемлекеттілігі мен саяси жүйесінің нығаюына үлес қосатын маңызды қадам деп ойлаймын.

Сондықтан, осындай ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін баршамыз бірігіп, қолдау білдіріп, болашақ ұрпақ үшін әділ әрі өркениетті қоғам қалыптастыруға атсалысамыз деген сенімдемін.

СЕРЖАН БАЙСБАЕВ – САУРАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

В ТУРКЕСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ НАЧАЛОСЬ СТРОИТЕЛЬСТВО ПЕРИНАТАЛЬНОГО ЦЕНТРА НА 200 МЕСТ

В Туркестанской области дан официальный старт строительству нового областного перинатального центра на 200 коек. Медицинский объект возводится в селе Темирлан Ордабасинского района и станет одним из ключевых проектов в сфере охраны материнства и детства в регионе.


Торжественная церемония закладки капсулы времени на строительной площадке прошла с участием акима Туркестанской области Нуралхана Кушерова. Проект имеет важное социальное значение и направлен на развитие современной медицинской инфраструктуры, а также повышение доступности квалифицированной медицинской помощи для жителей сельских районов.


По словам главы региона, необходимость строительства нового перинатального центра обусловлена устойчивым ростом населения и высокой рождаемостью. Сегодня в Туркестанской области проживает более двух миллионов человек, регион лидирует по показателям рождаемости.


– Сегодня мы становимся свидетелями еще одной благородной инициативы в Туркестанском регионе. Глава государства Касым-Жомарт Токаев в своем Послании подчеркнул необходимость комплексного улучшения медицинской инфраструктуры. В этом направлении в нашей области ведется масштабная работа. В прошлом году в отдаленных населенных пунктах были открыты фельдшерско-акушерские пункты. Сегодня мы закладываем капсулу времени областного перинатального центра. Это учреждение будет обслуживать жителей Ордабасинского, Байдибекского, Сайрамского, Тюлькубасского районов и города Арыс. Теперь сельчанам не придется ездить в областной центр – высококвалифицированную помощь они смогут получить здесь. Современное оборудование и квалифицированные кадры позволят обеспечить безопасность матери и ребенка, что даст мощный импульс улучшению демографической ситуации в регионе, – отметил Н. Кушеров.

Новый перинатальный центр будет соответствовать международным стандартам и оснащён современным медицинским оборудованием. Здесь планируется оказывать высокотехнологичную помощь беременным женщинам, роженицам и новорождённым на областном уровне. Реализация проекта позволит снизить нагрузку на действующие медицинские учреждения и повысить уровень безопасности матери и ребенка.
Общая площадь здания составит более 34 тысяч квадратных метров, площадь застройки – свыше 12 тысяч квадратных метров. Площадь земельного участка – 8 гектаров.

Проект перинатального центра направлен на системное укрепление системы здравоохранения региона, улучшение демографических показателей и обеспечение равного доступа к качественной медицинской помощи для жителей сельской местности.

ҚРКФ ТӨРАҒАСЫ: «ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – АДАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖҮЙЕДЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАТЫН ЗАҢ»

Сәрсенбі күні, 4 ақпанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын талқылау бойынша кездесу өтті. Іс-шараға ҚРКФ қызметкерлері мен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Іс-шараны аша отырып, ҚРКФ Төрағасы елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның тарихи маңыздылығын атап өтті.

«Біздің елімізде ауқымды қоғамдық-саяси өзгерістер жүріп жатыр, олардың бастауы Мемлекет басшысының өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында қаланды. 2025 жылдың қазан айынан бастап арнайы комиссия парламенттік реформа бойынша жұмыс істеді, қазір бұл жұмыс конституциялық комиссия шеңберінде жалғасуда. Осы кезең ішінде конституциялық реформа бойынша саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден және ел азаматтарынан 2000-ға жуық ұсыныс түсті. Қарау ашық форматта өтуде. 30 қаңтарда Конституция жобасы жарияланып, қоғамда кеңінен талқыланды. Біздің бүгінгі талқылауымыз – бұл революция да, кенеттен жасалған демократиялық секіріс те емес. Бұл — көптеген мәселелердің тек бір ғана шешім қабылдау орталығына тәуелді болуынан құтылу әрекеті. Бұл жұмысшы, мұғалім, дәрігер мен кенші үшін неліктен маңызды? Себебі, билік тек бір адамға ғана бағынуды қойған жерде ортақ ережелер орнайды. Ал ережелер бар жерде еңбек адамының өз дауысын естіртуге заңды құқығы пайда болады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Конституция жобасының негізгі ережелерін ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды. Ол жобада көрініс тапқан биліктің саяси, халықаралық құқықтағы, цифрлық дәуірдегі құқықтар мен отбасылық құндылықтардағы өзгерістерге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде еңбек ету құқығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

«Қолданыстағы Конституцияда «еңбек ету бостандығы» бекітілген, ал жаңа жобада – «еңбек ету құқығы» деп көрсетілген. Бұл екеуінің айырмашылығы үлкен. Еңбек ету бостандығы дегеніміз — ешкім жауапкершілік алмайтын жай ғана мүмкіндік екенін түсінуіміз керек. Ал Конституциядағы еңбек ету құқығы — мемлекеттің халықты жұмыспен қамтамасыз етуге тікелей жауапты болатынын білдіреді», – деп түсіндірді Нұрлан Өтешев.

Талқылау кезінде өңірлердегі әріптестер Негізгі заңның ұсынылған баптары туралы ойларын айтып, сұрақтарын қойды.

Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Конституция жобасын талқылаудың ашық жүріп жатқанына тоқталды.

«Қазақстан тарихында тұңғыш рет Негізгі заңның жобасы ашық талқыланып жатыр. Әрбір азаматтың Конституцияға өз ұсынысын қосуға мүмкіндігі бар. Бұл халық пікірінің қазір өте маңызды екенін көрсетеді», – деді Төлеген Күнәділов.

Алматы қаласы Кәсіподақ орталығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева, Шымкент қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев және Қызылорда облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев бұл реформалардың ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтты.

«Кәсіподақтар федерациясының конституциялық комиссия жұмысына қатысуы — еңбекшілердің мүддесін қорғайтын мықты, құқықтық мемлекет құруға қосылған үлес», – деді Зәуреш Өмірбаева.

«Конституция жобасы қарапайым адамның мүддесіне арналған. Онда адамның қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беретін негізгі құқықтар жазылған», – деп ой бөлісті Бауыржан Әлтеев.

«Жобада алғаш рет мемлекеттің жұмысшы алдындағы міндеттері нақтыланған: қауіпсіз әрі таза еңбек жағдайы, ешқандай кемсітусіз лайықты жалақы алу және заңды әлеуметтік көмек алу құқығы бекітілген. Бұл — жобаның басты артықшылығы», – деді ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш.

Қостанай облысы Кәсіподақ орталығының төрайымы Ирина Аронова заң шығару бастамасына кімдер ие болатынын сұрады. Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев әлеуметтік серіктестердің бірлесіп жұмыс істеу мәселесін көтерді.

Сұрақтарға жауап бере отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жобаның ең маңызды тұстарын атап өтті.

«Жаңа Конституция — бұл мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін құратын және қарапайым азаматты қорғауға бағытталған жаңа қоғамдық келісім. Бұл жобаның негізі — адам. Онда өмір сүру, еңбек ету құқығы мен адам бостандығы нақты жазылған. Ережелер анық болса, еңбек адамының дауысы естіледі және ол әділдікке қол жеткізе алады. Жаңа Конституция — адам құндылығы жүйеден жоғары тұратын заң», – деді ҚРКФ Төрағасы.

 

Заң шығару бастамасына тоқталған Сатыбалды Дәулеталин, енді бұл құқыққа Президент, Үкімет және Парламенттен бөлек, төртінші субъект — Халық кеңесі ие болатынын айтты.

«Халық кеңесі арқылы кәсіподақтар заңдарды әзірлеуге және маңызды шешімдерге тікелей әсер ете алады. Бұл — біз пайдалануымыз керек үлкен мүмкіндік», – деді ол және Ұлттық құрылтай арқылы шешілген мәселелерді мысалға келтірді.

«Көп жылдар бойы Үкіметпен келісе алмаған «Лайықты еңбек бағдарламасы» тек Құрылтайда айтылғаннан кейін ғана алға жылжыды. Президенттің тапсырмасымен біз арнайы Жол картасын бекіттік. Енді Лайықты еңбек ұлттық бағдарламасын қабылдауға жақынбыз. Тағы бір маңызды іс — 131-ші Конвенцияны (ең төменгі жалақы туралы) ратификациялау. Бұл мәселені тәуелсіздік алғалы бері көтеріп келеміз, тек Құрылтайдан кейін ғана Президент тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл жұмысшылардың жағдайын жақсартуға жасалған үлкен қадам. Сондықтан Халық кеңесі сияқты органдардың Конституцияда болуы өте маңызды. Бұл кәсіподақтардың рөлін күшейтіп, қоғамдық бақылауды жаңа деңгейге көтереді», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Жалпы, Сатыбалды Дәулеталин Негізгі заңның кез келген мемлекет үшін қасиетті «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымдарын нығайтатынын айтты. Конституцияның Кіріспесінде алғаш рет Қазақстан халқының Ұлы Дала өркениетінің мұрагері және бес мың жылдық мемлекеттілік тарихының жалғастырушысы екені нақты жазылған.

Жиын соңында Сатыбалды Дәулеталин әр азаматты Конституция жобасымен мұқият танысуға шақырды және кәсіподақ басшыларына бұл жұмысты еңбек ұжымдарында белсенді жүргізуді тапсырды.

«Конституция қабылданған күннен емес, адамдар сол заңмен өмір сүрген күннен бастап жұмыс істейді. Бұл — ең қиын кезең. Негізгі заңның еңбек адамы үшін шынайы қорған болатыны немесе жай ғана қағаз болып қалатыны осыған байланысты. Конституция әркімге қатысты, сондықтан бейжай қалуға болмайды. Реформалар сәтті болуы үшін әрқайсымыз оның мәнін түсінуіміз керек», – деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.

Жеті әскер спортшысы Италияда өтетін қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайды

2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Миланда Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының әскери қызметшілері Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан сайысқа түседі.

Ұлттық құраманың қатарына республикалық және халықаралық деңгейлерде айтарлықтай жетістіктері бар жеті армия спортшысы – биатлоншылар мен шаңғышылар кірді.

Биатлон жарысында ефрейтор Владислав Киреев – спринтте 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының чемпионы, Азиада-2025 ерлер эстафетасының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының алтын және қола медальдарының иегері сынға түседі. Әлем Кубогы маусымында ол қазақстандық биатлоншылар арасында үздік нәтиже көрсетіп, кезеңдердің бірінде үздік 20 спортшының қатарына кірген болатын.

Бұдан өзге ел намысын қорғайтындар сапында 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Дүйсенов; «Азия балалары» Халықаралық жасөспірімдер жарыстарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айша Рақышева; IBU кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін қатысушысы Милана Генева да бар.

Ұлттық команда үшін шаңғы жарыстарында Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2025 жылғы Қысқы Азия ойындары эстафетасының күміс жүлдегері Надежда Степашкина; халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2025 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Ксения Шалыгина; шаңғы жарысы бойынша Қазақстан Кубогының жеңімпазы, ұлттық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Анна Мельник бағын сынайды.

Әскер спортшыларының Олимпиада ойындарына қатысуы көп жылғы тынымсыз әрі жүйелі еңбекпен келген дйындықтың, темірдей тәртіп пен кәсіби деңгейдің жоғары нәтижесі екені сөзсіз.

Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 83,6 млрд теңгеге артқан

Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 267,2 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд теңгеге артқан. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі жыл қорытындысымен 119,4 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 45,8 млрд теңгені құрады. Бұл туралы брифингте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов мәлімдеді.
«Жетісай ауданында қазіргі таңда 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде Асықата кентінен 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылды. Аталған аймақта биыл жалпы құны 45 млрд теңгеден астам 12 инвестициялық жобаның құрылысы жүреді. Аталған жобалардың қатарында жалпы құны 15,3 млрд теңгеге жуық «АГРО СҮТ» ЖШС-ң жылына 3 мың тонна сүт өңдейтін зауыт, құны 13,6 млрд теңгеге «TST JETYSAY TEXTIL» ЖШС-ң жылына 7,5 мың тонна жіп өндіретін фабрика, сондай-ақ жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін өндіріс орындары бар. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2024 жылы 39,5 млрд теңге болса, 2025 жылы ауданға 46,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Өсім 118,4%-ды құрады», – деді аудан басшысы.
Жалпы аудан экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында 10 мыңға жуық шаруа қожалық қызмет атқарады. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалық иелері 1 500 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Ауданда 783 канал мен 217 қашыртқы егістік алқаптарға су жеткізеді. Өткен жылы ауданда 5 646 гектар аумаққа тамшылатып суғару технологиясы ендірілген.
«Ауданда «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында 3 мектеп салынды. 2024 жылы Асықата кентіндегі 900 орындық, 2025 жылы Ынтымақ ауылдық округіндегі 600 орындық мектептердің құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Ал, Жетісай қаласынан 1 500 орындық мектеп құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда 240 тұрғынға баспана табысталды. Бұдан бөлек, жеке инвестор есебінен 32 пәтерлі 2 несиелік тұрғын үйдің (жалпы 64 пәтер) құрылысы аяқталды. Инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданда 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газ жүйесімен қамтылған (87,6 %). Соңғы үш жылды салыстырғанда елді мекендердің табиғи газбен қамтылуы 34,2%-ға артқан.
Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен соңғы 3 жылда ұзындығы 183 шақырымды құрайтын жол орта жөндеуден өтті. Бүгінгі күнге аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 84,4%-ды құрап отыр. Биыл ұзындығы 43,1 шақырымды құрайтын 56 көше орташа жөндеуден өтетін болады. Бүгінде қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 105 елді мекен толық орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Аудан электр қуатымен де толық қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт жаңадан салынып пайдалануға берілді. Асықата кентінен және Жаңаауыл ауылдық округінен жеке инвестор есебінен медициналық орталықтар салынды» – деді Серік Үсенұлы.

Конституциясының жаңа жобасын талқыланды

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде Ұлттық кеңес президиумы мен партияның парламенттік фракциясының бірлескен отырысы өтті. Отырысқа «Ақ жол» Демпартиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Сәрсенбіге жоспарланған Демпартия Ұлттық кеңесінің пленумы қарсаңында қатысушылар Республика Конституциясының жаңа жобасын талқылап, Пленумға ұсынылатын ортақ ұстанымды қалыптастырды.

Отырыста партияның парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрамындағы және Конституциялық комиссиядағы жұмыстары, сондай-ақ Қызылордада өткен Құрылтайдың нәтижелері баяндалды.

Тек парламенттік реформа бойынша e-Gov және e-Otinish арналары арқылы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден 600-ден астам ұсыныс түскені, ал конституциялық реформа бойынша 1600-ден астам ұсыныс мемлекеттік кеңесші Е. Қариннің жанындағы Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына жолданғаны атап өтілді. «Ақ жол» Демократиялық партиясы жұмыс тобына 50-ден астам ұсыныс жолдаған. Конституциялық комиссия жұмысы басталғалы еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар мен ұйымдардан 2000-нан астам өтініш келіп түскені көрсетілді. Осылайша, Конституция жобасы «бір аптада» дайындалды деген пікірлер негізсіз деп бағаланды: талқылауға ұсынылған құжат – жұмыс топтарының жүздеген мүшесі мен мыңдаған азаматтардың ұжымдық еңбегінің нәтижесі.

Талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Олжас Нұралдинов, сондай-ақ онлайн режимде өңірлерден ақжолдық депутаттар қатысты: Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сергей Горяной, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Евгений Кинцель, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары — «Ақ жол» Демпартиясы филиалының төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков пен Руслан Мырқалықов, Алматы қаласы бойынша «Ақ жол» Демпартиясы филиалы төрағасының орынбасары, кәсіпкер Асхат Қабашев, сондай-ақ кәсіпкер, Ұлытау облысы бойынша партия филиалының төрағасы Алибек Исин.


Талқылау қызығушылықпен өтті, жалпы жобаға, сондай-ақ жаңа Конституцияның бірқатар тұжырымдамалық шешімдеріне (бір палаталы Парламентке көшу, партиялық тізімдер, ұлттық мемлекеттіліктің сабақтастығы және т.б.) қолдау білдірілді.

Қазыбек Иса өз сөзінде Жаңа Конституцияда ұлттық мүдделер мен құндылықтарға ерекше назар аударылғанын, оның ішінде егемендікті қорғау, мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтың бөлінбейтіндігі, мемлекеттің зайырлы сипаты, отбасы мен неке ұғымының жаңа анықтамасы сияқты ережелер қамтылғанын атап өтті. Ол Халық Кеңесін ең жоғары консультативтік орган ретінде бекітудің, сондай-ақ саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін элемент ретінде вице-президент институтын енгізудің маңыздылығын ерекше атап көрсетті.

Барлық сөз сөйлегендер бір палаталы парламент, партиялық тізімдер бойынша сайлау және мемлекеттіліктің ұлттық сипаты жөніндегі ұсыныстар көптеген жылдар бойы «Ақ жол» Демократиялық партиясы тарапынан жарияланып, қорғалып келгенін атап өтті. Сондықтан Конституция жобасындағы бұл шешімдер партия басымдықтарына сәйкес қолдау тапты.

Сонымен қатар, жекелеген ескертулер айтылды. Евгений Кинцель бір құқық бұзушылық үшін адамды екі рет жазалауға болмайтыны туралы нормаға назар аударып, құқық бұзушылық тек жеке тұлғалар ғана емес, заңды тұлғалар да жасай алатынын атап өтті. Бұл ұсыныс кәсіпкерлерге қатысты маңызды деп саналды. Осыған байланысты нормада «тұлғалар» деп, жеке және заңды тұлғаларды қоса көрсетуді ұсынды.

Шыңғыс Риаханов Конституцияға инвестициялық тартымдылық пен бизнес-климатты жақсарту қағидаттарын енгізу қажет деп санайды. Бұл және басқа да редакциялық сипаттағы ұсыныстар Конституциялық комиссияның хатшылығына жолданады.

Пікірталастың қорытындысында Жаңа Конституцияның преамбулы тарихи сабақтастық қағидатына сүйене отырып, мемлекеттіліктің дұрыс бастауын айқындайтыны атап өтілді. Бұған дейін Қазақстан тәуелсіздігінің тарихын тек 1991 жылдан бастауға талпыныстар болған. 2016 жылы Білім министрлігі «Қазақстан тарихы» пәнінен бұрынғы тарихи кезеңдерді алып тастауды ұсынған кезде «Ақ жол» фракциясы бұл бастаманы қолдамай, мемлекеттіліктің мыңжылдық тамырлары – Алтын Орда мен Қазақ хандығын қамтитынын ескертті (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/migrated_3391). Нәтижесінде бастама қабылданбады. Жаңа Конституцияда тарихи сабақтастық қағидаты негізгі ұстанымдардың бірі ретінде бекітілген.

Парламент атауына қатысты мәселе парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобында талқыланған кезде, Ұлы даланың дала демократиясы дәстүрлеріне сүйене отырып, бұл атауды қолдануды тек «Ақ жол» Демпартиясы қолдағаны атап өтілді.

Сөз бостандығы нормасына қатысты пікірталаста Мәжілістегі әріптес Снежанна Имашева сөз бостандығы азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі тиіс деген талапты бекітуді ұсынғаны айтылды. Партия бұл ұстанымды қолдайды, өйткені өткір пікірталастар дәлелдерге негізделуі тиіс және жеке басқа қатысты қорлауға жол берілмеуі керек.

Азаматтардың дербес деректерін қорғау, жеке меншік институтын, соның ішінде банк құпиясын қорғау мәселелері де талқыланды. 2025 жылғы қазанда бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолданғанын еске салды (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/memorgandard-bank-piiasn-bzu-zhnnde-talab-zasz). Банк операциялары, шоттар және қаржылық активтер жеке меншіктің ажырамас бөлігі болып табылады және Конституциямен қорғалуы тиіс.

Әр түрлі ерекше аумақтардың мәртебесіне қатысты пікірталастарға да тоқталып, олардың тәуелсіздік пен аумақтық тұтастыққа қатер төндірмейтіні, немесе бұл түсінбеушіліктен туындағаны, немесе әдейі арандатушылық екенін атап өтті. Бұл аумақтарда қолданыстағы заңнамада реттелмеген технологиялық жаңашылдықтар енгізіледі. Мысал ретінде АХҚО тәжірибесі келтірілді, онда ерекше құқықтық режим арқасында көптеген финтех-жобалар тартылды. 2018 жылы Қазақстанда криптовалюталардың айналымы мен реттелу қажеттілігі депутаттық сауал арқылы көтерілген, алайда сол кезде Ұлттық банк олардың айналымына тыйым салған. Соның салдарынан Қазақстан заманауи қаржы технологияларын дамытуда шамамен сегіз жылға артта қалды.

Сол сияқты Алатау аумағы да ерекше мәртебеге лайық, өйткені онда урбанистика, инфрақұрылым және инновациялар саласындағы жаңа технологияларды дамыту жоспарланған. Партияда пилотсыз ұшу жүйелерінің таныстырылымы өткен (Көлсай, Шарын шатқалы және басқа туристік нысандарды дамытуға арналған) (https://akzhol.kz/kk/blog/azhol-dempartiiasn-ortal-kesesnde-azastan-respublikasnda-pilotsz-aviaciial-zhjelerd-damtu-tarbnda-dgelek-stel-tt). Сарапшылардың бағалауынша, әлемде жыл сайын 3000-нан астам жаңа тауар мен технология түрі пайда болады, оларды жалпы заңнама аясында жедел реттеу өте қиын. Сондықтан елдің алдыңғы қатарлы технологиялармен бір толқында дамуына мүмкіндік беретін эксперименттік аумақтар қажет.

Ерекше аймақтар туралы норма Республика тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қойылатын талаптардың өзгермейтіндігін қамтамасыз етеді.

Қызу талқылау нәтижесінде Парламенттегі және жергілікті мәслихаттардағы «Ақ жол» Демократиялық партиясының депутаттық фракциялары атынан партияның алдағы пленумында Ұлттық кеңеске Жаңа Конституция жобасын қолдауды және референдумға дайындық кезеңінде оны түсіндіру жұмыстарына барынша белсенді қатысуды ұсыну туралы шешім қабылданды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН 1 ТОННАДАН АСТАМ ЕСІРТКІ ЗАТТАРЫ ТӘРКІЛЕНДІ

Түркістан облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 425 дерек анықтады. Оның ішінде6 131-і қылмыс, 294-і теріс қылықты құқық бұзушылықтар. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Зиятаев мәлімдеді.

“Облыс аумағында есірткіні заңсыз егу бойынша 65 дерек анықталса, 43 есірткі сату дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленіп алынды. Сондай-ақ, аса ірі көлемде есірткіні сақтау бойынша 19 дерек анықталса, облыс аумағында 2 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 1 382 ақпараттық сайт бұғатталды. Прокуратура органдарымен бірлесіп электронды банктік есепшоттарға жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткі сатумен айналысуы мүмкін 1 761 банк карталары анықталды. “Антифрод” бағдарламасы арқылы олардың айналымына шектеу қойылды. Ал, кинологиялық қызмет орталығы арқылы 50 қылмыс ашылды» – деді спикер.

Биыл 1 маусым мен 31 қазан аралығында “Қарасора-2025” республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша құзырлы органдармен бірлесіп 18 мобильді топ құрылған. Арнайы топға 241 қызметкер жұмылдырылып, 55 қызметтік автокөлік пен 2 дана ұшу аппаратымен қамтамасыз етілген. Іс-шараның 4-кезеңінде есірткінің заңсыз айналымынан жалпы 202 есірткі құқық бұзушылықтары анықталып, 2 ұйымдасқан топ құрықталды. Тікұшақпен барлау жұмыстарының нәтижесінде Шардара ауданының аумағынан 3 есірткі алқабы табылды. Сондай-ақ, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Созақ ауданының таулы аймағында есірткі егудің ірі плантациясы анықталып, Қызылорда облысының екі азаматы және Шымкент қаласының бір тұрғыны қылмыс орнында құрықталған. Оқиға орнынан 829 түп қарасора, 2 352 түп көкнар есірткі өсімдіктері мен тіркелмеген қару тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша есірткінің жалпы салмағы 700 килограмды құрап, аталған дерек бойынша есірткі затын аса ірі көлемде сақтаған 5 тұлға қамауға алынған.

Мырзахан Манапов: “Жаңа Конституция мемлекеттің тұрақты дамуы үшін берік құқықтық негіз болуға тиіс”.

Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасын дайындады. Жобасын дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілген.

Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Жобаға ұсынылған нормалар Ата заңның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізу ұсынылған. Бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды.

49-бап Вице-Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналады. Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталды. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілген. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының бастаулары өзектендірілді.

Адвокатураның құқықтық мәртебесі Конституцияда алғаш рет бекітіледі. «Сот төрелiгi. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деген келесі бөлімге сот билігіне, прокуратура органдарына, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, адвокаттарға және заң көмегін көрсететін өзге тұлғаларға қатысты ережелер енді. Жаңа Конституция мәтінінде Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейтіні анық жазылған. Конституцияға түзету енгізу тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асады. Конституцияның жобасында жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Президентке ұсыныс енгізетін субъектілердің қатарына қосымша Қазақстан Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған.

Жалпы, Конституциялық комиссия жұмысына барлық өңірлердің мәслихат төрағалары қатысып, Конституция жобасын әзірлеуге атсалысты. Мен Түркістан облысының мәслихат депутаты ретінде бұл жағдайды мәслихаттардың ел басқарудағы және маңызы бар шешімдер қабылдаудағы рөлін айқын көрсетті деп ойлаймын. Осы ретте, Мәслихаттардың қоғамдық-саяси өмірде, елдің құқықтық құрылымын қалыптастыруда орны ерекше деп айтуға болады.

Түркістан облыстық мәслихат депутаты, Мырзахан Манапов!

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.

Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды.

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын.

2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Алайда талқылауларға барлық белсенді азаматтар қосылып, өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдай бастады. Осылайша, жаңа реформаны кеңінен әрі қарқынды талқылау шамамен алты айға созылды. Осы кезең ішінде Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, жүйелеп шықты.

2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Алайда жұмыс барысында өзгерістер көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды.

2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерін қоса алғанда 130 адам кірді. Осылайша, Комиссия құрамында Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылды.

Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оның орынбасарлары болып белгіленді.

«Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында ерекше миссия тұр. Ол – Ата Заңда бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті алғашқы отырыста Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова.

Комиссияның барлық отырыстары толықтай ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Оның жұмысы БАҚ-та кеңінен және егжей-тегжейлі баяндалды. Өз пікірлерін, ескертпелерін және ұсыныстарын белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғамдық белсенділер, депутаттар, саяси зерттеушілер және басқа да сарапшылар білдірді.

Жұмыс барысында Комиссия мүшелері республиканың Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шықты. Бұл түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84%-ын қамтыды. Осылайша, Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін алға тартты.

Қазақстан Республикасы Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді.

Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды.

Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген.

Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген.

Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.

Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.

Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған.

Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.

Неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екендігі туралы ереже енгізіледі. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Конституция жобасының негізгі новеллаларының ішінде мыналарды атап өтуге болады:

  • 145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.

Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, олардың институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.

  • Жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Бұл Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады.
  • Вице-президент институтын құру. Ол ҚР Президентінің атынан Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.
  • Адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет Конституцияда бекітіледі.
  • Зияткерлік меншік құқығын қорғау қамтамасыз етіледі.
  • Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдарға, сол құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеуге тыйым салуды және кінәсіздік презумпциясы қағидаттарына, қоса алғанда, азаматтардың құқықтарына кепілдік күшейтіледі.
  • «Миранда ережесі» бекітіледі.

Сонымен қатар, Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасында ескірген терминологиялық аппарат мәселесі кешенді түрде шешілуде.

Еліміздің жаңа Ата Заңының мәтіні қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, халықаралық беделді, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы Қазақстанның айқын басымдығын атап көрсетеді, ол сенімді түрде болашаққа көз тастайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік құрылымның қалыптасуына және Қазақстанның тарихи дамуында маңызды рөл атқарған қазіргі Конституцияға құрмет көрсетіледі.

Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады.

Ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр.

Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.

Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда.

****

2026 жылғы 30 қаңтар

ЖОБА

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

Біз, біртұтас Қазақстан халқы,

байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,

Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап,

мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,

Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып,

азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,

бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,

мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып,

табиғатты аялау қажеттігін мойындап,

бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып,

келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,

Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.

 

І бөлім

Конституциялық құрылыс негіздері

1-бап

Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

2-бап

1. Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика.

2. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, бөлінбеуін, оған қол сұғылмауын қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.

4. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі заңда айқындалады.

5. Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей.

6. Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.

 

3-бап

1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.

2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.

 

4-бап

1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы.

2. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Президенті, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайы әрекет етеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.

4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас және ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.

5-бап

1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы – Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары.

2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады.

4. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы – оларды қолданудың міндетті шарты.

5. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.

Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, жаңа заң қолданылады.

6. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.

 

6-бап

1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.

2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді.

3. Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.

4. Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.

5. Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.

7-бап

1. Дін мемлекеттен бөлек.

2. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін.

8-бап

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және тең қорғалады.

2. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет игілігіне қызмет етуге, қоршаған ортаға зиян келтірмеуге, басқа тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелері құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.

3. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халықтың атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

9-бап

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді.

10-бап

Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.

11-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.

II бөлім

Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер

 

12-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.

2. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.

3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.

 

13-бап

1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.

2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.

14-бап

1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды.

3. Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен мiндеттері бар.

4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.

5. Құқықтар мен бостандықтарды іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.

15-бап

1. Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар. Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.

2. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.

3. Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.

16-бап

1. Заң мен сот алдында бәрi тең.

2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.

17-бап

1. Өмір сүру құқығы – әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы.

2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.

3. Өлім жазасына тыйым салынған.

18-бап

1. Әр адамға жеке басына тиіспеу құқығына және жеке бас бостандығы құқығына кепілдік беріледі.

2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.

Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.

3. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндіріледі.

4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар.

19-бап

1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адамды кінәлі деп танымайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.

2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.

Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.

3. Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.

20-бап

1. Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне тиісуге болмайды және олар заңмен қорғалады.

2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге және жазалауға болмайды.

21-бап

1. Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.

2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.

3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

22-бап

1. Әр адам өзiнiң қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.

2. Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетiн қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркiн таңдауға құқығы бар.

 

23-бап

1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.

2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.

3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.

4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.

5. Цензураға тыйым салынады.

6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумақтық тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға, сондай-ақ арандату әрекетіне және оған шақыруға жол берілмейді.

24-бап

1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.

2. Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергiсiз оралуға құқығы бар.

25-бап

1. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс.

 

26-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiк қызметi заңмен реттеледi.

2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияны немесе қоғамдық-саяси қозғалысты қолдауға не сыни пікір білдіруге құқылы емес.

27-бап

1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Мәжбүрлі еңбекке тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында ғана жол беріледі.

2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ заңға сәйкес әлеуметтiк қорғалу құқығына кепілдік береді.

3. Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.

4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi.

28-бап

1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.

2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына баспана заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.

29-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы болады.

2. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдік беріледі.

3. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.

4. Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

30-бап

1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.

2. Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.

3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.

4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз
ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

31-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берiледi, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негiз бойынша әлеуметтiк қамсыздандыруға кепiлдiк берiледi.

2. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де үлгілерін және қайырымдылық жасау қолдау табады.

32-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы.

3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

33-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей бастауыш және орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және орта білім мiндеттi.

2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар.

3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

4. Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.

5. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.

34-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.

2. Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.

3. Адам өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

35-бап

Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналыс, митинг, демонстрация өткізуге құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.

36-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өзі жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар.

3. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.

4. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сәйкес лауазымдық мiндетіне ғана қатысты болады.

37-бап

1. Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.

2. Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.

38-бап

Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу – әр адамның борышы мен мiндетi.

39-бап

1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиеттi парызы мен мiндетi.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметті заңда белгiленген түрде және көзделген тәртiппен өткереді.

40-бап

Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi.

41-бап

1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.

2. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

3. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен кез келген шектеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13, 15 – 17, 20, 22, 25-баптарында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс.

III бөлім

Президент

 

42-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

2. Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.

3. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

43-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды.

2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі және Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.

4. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс санын ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.

5. Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.

 

44-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.

2. Ант беру сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе лауазымынан кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.

45-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

2. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуға құқылы емес.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқылы емес.

46-бап

Қазақстан Республикасының Президенті:

1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;

2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындайды; Қазақстан Республикасының Вице-Президентін лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.

Құрылтай Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;

4) Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындайды; Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді.

Құрылтай Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады;

6) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады;

7) Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдік басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;

8) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады.

Құрылтай Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады;

10) жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

11) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің Егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;

12) Қазақстан Республикасының атынан келіссөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім және кері шақыру грамоталарын қабылдайды;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын, құрметті атақтарды белгілейді;

14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;

15) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді;

16) кешірім беруді жүзеге асырады;

17) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Құрылтайының Төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;

18) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында әскери жағдай енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;

19) өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;

20) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін құрады;

21) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;

22) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

47-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарға Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қояды және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.

Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне Премьер-Министр алдын ала қол қояды және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.

48-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиісуге болмайды.

Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару барысындағы әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.

2. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне де қолданылады.

 

49-бап

1. Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

2. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

3. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуға құқылы емес.

4. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен халықаралық аренада Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді;

2) Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің атынан өкілдік етеді;

3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағарту ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды;

4) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

50-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына өтініш беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құқылы. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты бұл өтінішті Қазақстан Республикасы Президентінің өзі және өз еркімен бергенін растайды. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты қорытынды берген сәттен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне байланысты лауазымынан босатылды деп саналады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті денсаулығына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін. Бұл жағдайда Құрылтай депутаттардан және медицинаның тиісті салаларындағы мамандардан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешімді Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен комиссияның қорытындысы және конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Сот қорытындысы негізінде қабылдайды.

3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезіндегі әрекеті үшін мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапты болады және бұл үшін Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу және оны тергеп-тексеру туралы бастаманы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі ұсынады. Бұл мәселе бойынша шешімді Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылдайды. Құрылтай тағылған айыпты тергеп-тексеруді ұйымдастырады және оның нәтижелері Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысының қарауына шығарылады. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім Жоғарғы Соттың айып тағудың негізділігі туралы қорытындысы және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы болған жағдайда Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады. Айып тағылған сәттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы тағылған айып қабылданбады деп саналады. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың кез келген сатыда қабылданбауы осы мәселені қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.

4. Қазақстан Республикасының Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарау кезеңінде ұсынылмайды.

51-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Вице-Президентіне өтеді; Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасына өтеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне өтеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы өтініш береді. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты осы тұлғаның Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы өтінішті өз еркімен бергенін растайды және тиісті қорытынды береді.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Вице-Президент, Құрылтай Төрағасы, Премьер-Министр өкілеттігін доғарады. Бұл жағдайда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Қазақстан Республикасының Құрылтайы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы жариялайды. Сайлау Қазақстан Республикасының Құрылтайы тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқылы емес.

IV бөлім

Құрылтай

 

52-бап

1. Қазақстан Республикасының Құрылтайы – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган.

2. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде аяқталады.

3. Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайда және онда белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

4. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады.

53-бап

1. Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

2. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

54-бап

1. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.

2. Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

3. Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан, жиырма бес жасқа толған адам Құрылтай депутаты бола алады.

4. Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.

5. Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді.

55-бап

1. Құрылтай депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Құрылтайда депутаттың жеке өзі дауыс береді. Депутат Құрылтай мен оның органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, бұл заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.

2. Құрылтай депутаты басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқылы емес. Осы талаптарды бұзу депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.

3. Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға не қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Құрылтай депутатының өкілеттігі депутат орнынан түскен, қайтыс болған, заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.

Құрылтай депутаты:

1) Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;

4) өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;

5) өзін сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.

5. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 2-тармағының талаптарын және депутаттық этика қағидаларын сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен және депутатқа тиіспеу кепілдігінен айыруға байланысты мәселелерді дайындау Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.

56-бап

Құрылтай:

1) конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдайды;

2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайта талқылап, дауысқа салады. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын білдіреді. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заңдар немесе заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға және заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады;

3) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;

6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;

8) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;

9) Президенттің Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының мүшелерін тағайындауына Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен келісім береді;

10) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды;

11) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьяларын, Жоғарғы Сотының судьяларын тиіспеу кепілдігінен айырады;

12) Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуы бойынша Құрылтай депутатын тиіспеу кепілдігінен айыру мәселелерін шешеді;

13) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы;

14) Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;

16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады;

17) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Қазақстан Республикасының заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы өтініш қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады;

18) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша тыңдау өткізеді;

19) өз қызметінің регламентін және Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыруға, ішкі тәртіптемесіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешім қабылдайды;

20) Құрылтайдың үйлестіру органын және жұмыс органдарын құрады;

21) Құрылтай комиссияларын құрады, төрағаларын сайлайды және лауазымынан босатады, комиссиялардың қызметі туралы есепті тыңдайды;

22) Құрылтайға Конституцияда жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

57-бап

1. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады.

2. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырылуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.

3. Құрылтай Төрағасы:

1) Құрылтай отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;

2) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;

3) Құрылтай Төрағасының орынбасарлары лауазымына сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;

4) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;

5) Құрылтайдың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;

6) Құрылтай шығаратын актіге қол қояды;

7) өзіне Құрылтай регламентімен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.

4. Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай Төрағасы Құрылтай сессиясын ашады.

5. Құрылтай Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкім шығарады.

58-бап

1. Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.

2. Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауының қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.

3. Құрылтайдың кезекті сессиясы жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.

4. Құрылтай сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады және сессия Құрылтай отырысында жабылады. Құрылтай сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.

5. Құрылтай отырыстары Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.

6. Құрылтай отырысы ашық өтеді. Регламентте көзделген жағдайда отырыс жабық өткізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырысқа қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.

59-бап

1. Құрылтай конституциялық заңда саны айқындалған тұрақты комитеттер, сондай-ақ комиссиялар құрады.

2. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулы шығарады.

3. Комитеттер мен комиссияларды құру тәртібі, олардың өкілеттігі және қызметін ұйымдастыру заңда айқындалады.

60-бап

1. Заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді бiлдiредi.

3. Құрылтай:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;

2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;

5) республикалық бюджетке, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсету мәселелеріне;

6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;

7) рақымшылық мәселелеріне;

8) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;

9) кәсіпорындарды және олардың мүлкін жекешелендіруге;

10) қоршаған ортаны қорғауға;

11) Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақтық құрылысына;

12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне;

14) халықаралық шарттарды ратификациялауға және денонсациялауға қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заң шығаруға құқылы.

4. Құрылтай халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің қорғалуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобаларын дереу қарауға тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне жауапкершілікті ала отырып, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.

5. Құрылтай қабылдаған заң он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады.

Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамауға құқылы. Мұндай жағдайда заң жобасы қабылданбады деп саналады және бастамашыға қайтарылады.

6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.

7. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мәселесін қоюға құқылы. Бұл мәселе сенім білдіру мәселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбастан қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.

61-бап

1. Құрылтай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар заң мен қаулы қабылдайды.

2. Заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

3. Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.

4. Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай заңды депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылдайды.

Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулысы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

5. Заң жобалары бойынша кемінде үш оқылым өткізу міндетті.

6. Заңдар, Құрылтай қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге тиіс. Құрылтай қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.

7. Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі заңмен және Құрылтай регламентімен реттеледі.

62-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Құрылтайды таратады.

3. Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды.

 

V бөлім
Үкімет

 

63-бап

1. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық етеді.

2. Үкімет – алқалы орган, ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Құрылтайдың алдында жауапты.

3. Үкімет мүшелері Конституцияның 56-бабының 17) тармақшасында көзделген жағдайда Құрылтайға есеп береді.

4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі конституциялық заңда айқындалады.

64-бап

1. Үкіметті Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады.

2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныс енгізеді.

3. Үкімет мүшелері Қазақстан Республикасының халқы мен Президентіне ант береді.

65-бап

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету ісінің негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2) Құрылтайға республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;

3) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;

4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;

5) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын жүргізу шараларын әзірлейді;

6) министрліктердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық етеді;

7) Қазақстан Республикасының министрліктері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің қолданысын толық немесе бір бөлігінде жояды не тоқтата тұрады;

8) мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық орган үшін қаржыландырудың және қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін Қазақстан Республикасы Президентiнің келісімімен бекітеді;

9) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

 

66-бап

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

1) Үкімет қызметін ұйымдастырады және басқарады, оның жұмысы үшін дербес жауап береді;

2) Үкімет қаулысына қол қояды;

3) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның барлық аса маңызды шешімдері туралы Президент пен Құрылтайға баяндайды;

4) Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басқаруға байланысты басқа да функцияларды орындайды.

67-бап

1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде дербес шешім қабылдайды және өзіне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында дербес жауап береді. Үкімет жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін немесе оны іске асырмайтын Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не лауазымынан босатылуға тиіс.

2. Үкімет мүшелері өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ заңнамаға сәйкес өзінің лауазымдық міндеттері болатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқылы емес.

68-бап

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулы шығарады.

2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар өкім шығарады.

3. Үкімет қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келмеуге тиіс.

69-бап

1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Құрылтайы алдында өз өкілеттігін доғарады.

2. Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген функцияларды одан әрі орындау мүмкін емес деп есептесе, Қазақстан Республикасының Президентіне орнынан түсу туралы өтініш беруге құқылы.

3. Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдірген жағдайда Үкімет Қазақстан Республикасының Президентіне орнынан түсу туралы өтініш береді.

4. Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Қазақстан Республикасының Президенті он күн ішінде қарайды.

5. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

6. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті оған міндеттерін одан әрі атқаруды тапсырады.

7. Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін лауазымынан босатуға құқылы. Премьер-Министрді лауазымынан босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

 

VI бөлім

Қазақстан Халық Кеңесі

 

70-бап

1. Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган.

2. Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады.

3. Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі және қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады.

71-бап

Қазақстан Халық Кеңесі:

1) мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары;

қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту;

Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;

2) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;

3) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.

 

VII бөлім

Конституциялық Сот

 

72-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты – конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бүкіл ел аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган.

2. Конституциялық Сот Төраға мен он судьядан тұрады, олардың өкілеттігі – сегіз жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот судьясы болып тағайындалмайды.

3. Конституциялық Сот Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және ол өкілеттік мерзімі ішінде Конституциялық Сот судьясы да болады.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот Төрағасы болып тағайындалмайды.

4. Конституциялық Сот судьяларын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот судьялары арасынан Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

5. Конституциялық Сот судьясының депутат мандатын қатар алып жүруіне, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, сондай-ақ коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне болмайды.

6. Конституциялық Сот Төрағасы мен судьяларын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің не Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

7. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы және қызметі конституциялық заңмен реттеледі.

73-бап

1. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің, Құрылтай Төрағасының, Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:

1) дау туындаған жағдайда Президенттің, Құрылтай депутаттарының сайлауын және жалпыхалықтық референдум өткізудің дұрыстығы мәселесін шешеді;

2) Президент қол қойғанға дейін Құрылтай қабылдаған заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды;

3) Құрылтай қабылдаған қаулылардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

4) халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

5) халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің орындалуының Конституцияға сәйкестігін қарайды;

6) Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді;

7) Конституцияның 50 және 51-баптарында белгіленген жағдайларда қорытынды береді.

2. Конституциялық Сот Конституцияның 46-бабының 11) тармақшасында көзделген жағдайда – Президенттің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 79-бабында белгiленген жағдайда соттардың өтiнiштерiн қарайды.

3. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.

Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады.

4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін Бас Прокурордың өтініші бойынша қарайды.

5. Конституциялық Сот адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды.

74-бап

1. Конституцияның 73-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша Конституциялық Сотқа өтініш берілген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі, Құрылтайдың сайланған депутаттарын тіркеу не жалпыхалықтық референдум қорытындысын шығару тоқтатыла тұрады.

2. Конституцияның 73-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша Конституциялық Сотқа өтініш берілген жағдайда тиісті актілерге қол қою не оларды ратификациялау мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.

3. Конституциялық Сот өз шешімін конституциялық заңда белгіленген мерзімде шығарады.

75-бап

1. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не ратификацияланбайды және олар қолданысқа енгізілмейді.

2. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданысын тоқтатады және қолданылмауға тиіс.

Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері осы түсіндірмедегідей қолданылуға тиіс.

3. Конституциялық Сот орындалуы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, оның ішінде жекелеген ережелері орындалмауға тиіс.

4. Конституциялық Сот шешімдері қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болады және оларға шағым жасалмайды.

VIII бөлім
Сот төрелiгi. Прокуратура.

Құқық қорғау тетіктері

76-бап

1. Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады.

2. Сот билігі сот ісін жүргізудің заңмен белгіленген азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилер заңда көзделген жағдайда қатысады.

3. Қазақстан Республикасының соттары – Жоғарғы Сот, заңмен құрылған жергілікті және басқа да соттар.

4. Қазақстан Республикасының сот жүйесі Конституцияда және конституциялық заңда белгіленеді. Қандай да бір атаумен болса да арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.

77-бап

1. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады, оның мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтарының және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету.

2. Сот билігі Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.

3. Сот шешімінің, үкімі мен өзге де қаулысының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар.

78-бап

1. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болады және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2. Сот төрелігін іске асырған кезде соттың қызметіне мүлдем араласуға болмайды және бұл заң бойынша жауаптылыққа алып келеді. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді.

3. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде мына қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс:

1) ешкімнің өзіне заңда көзделген соттылығын оның келісімінсіз өзгертуге болмайды;

2) сотта әр адамның өз сөзін тыңдатуға құқығы бар;

3) айыпталушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес;

4) адамның кінәлі екеніне қатысты кез келген күмән айыпталушының пайдасына қарастырылады;

5) заңсыз тәсілмен жиналған дәлелдемелердің заңды күші жоқ. Ешкімді өзінің жеке мойындауы негізінде ғана соттауға болмайды;

6) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді.

4. Конституцияда белгіленген сот төрелігінің қағидаттары Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай.

79-бап

Соттар адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес.

Егер сот қолданылуға тиіс заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті.

80-бап

1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек қана заңда белгіленген негіздермен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.

2. Судьяны қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, тиісінше Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Құрылтайдың келісімінсіз оны ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

3. Қазақстан Республикасы соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады.

4. Судьяның депутат мандатын қатар алып жүруіне, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне болмайды.

 

81-бап

Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

82-бап

Жоғарғы Сот – жергілікті және басқа да соттардың қарауына жататын азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы, ол заңда көзделген жағдайда өзінің қарауына жататын сот істерін қарайды және сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндіру береді.

83-бап

1. Жоғарғы Сот Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымымен тағайындайды және ол өз өкілеттігі мерзімі ішінде Жоғарғы Сот судьясы да болады. Жоғарғы Сот Төрағасының өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Жоғарғы Сот Төрағасы болып тағайындалмайды.

Жоғарғы Сот судьяларын Құрылтай Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен сайлайды.

2. Жергілікті және басқа да сот судьяларын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымымен тағайындайды.

3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін.

4. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

5. Жоғары Сот Кеңесінің мəртебесі, құрамын қалыптастыру тəртібі жəне жұмысын ұйымдастыру заңда айқындалады.

84-бап

1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды заңда белгіленген шекте және нысанда жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының прокуратурасы орталықтандырылған бірыңғай жүйені құрайды, төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағынады. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп береді.

3. Бас Прокурорды Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Бас Прокурордың өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалмайды.

4. Бас Прокурорды қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

5. Прокуратураның құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі конституциялық заңда айқындалады.

85-бап

1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкіл адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жəрдемдеседі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.

2. Адам құқықтары жөніндегі уəкілді Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

3. Адам құқықтары жөніндегі уəкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тəуелсіз болады жəне мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.

4. Адам құқықтары жөніндегі уəкілді қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

5. Адам құқықтары жөніндегі уəкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады.

86-бап

1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдесуді көздейді. Заң көмегін адвокаттар мен өзге тұлғалар заңға сәйкес көрсетеді.

2. Адвокат қызметін жүзеге асыру тәртібі, адвокат құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы заңда айқындалады.

IX бөлім

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару

87-бап

Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы ахуалдың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.

88-бап

1. Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының ерік-мүддесін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.

2. Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.

3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Қазақстан Республикасының азаматы бір ғана мәслихаттың депутаты бола алады.

4. Мәслихаттардың қарауына:

1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;

2) өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;

3) заңмен мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін қарау;

4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есепті тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.    

5. Мәслихаттың өкілеттігін Қазақстан Республикасының Президенті Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациядан кейін, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатады.

6. Мәслихаттардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі, депутаттардың құқықтық жағдайы заңда белгіленеді.

89-бап

1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының біртұтас жүйесіне кіреді, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын тиісті аумақты дамыту мүддесімен және қажеттілігімен үйлестіре жүргізуді қамтамасыз етеді.

2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына:

1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу мен олардың атқарылуын қамтамасыз ету;

2) коммуналдық меншікті басқару;

3) жергілікті атқарушы орган басшыларын тағайындау және лауазымынан босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;

4) жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру жатады.

3. Жергілікті атқарушы органды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі басқарады, ол Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылады.

4. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала əкімдерін Қазақстан Республикасының Президенті облыс аумағындағы мəслихат депутаттарының немесе тиісінше астана, республикалық маңызы бар қала мəслихаты депутаттарының келісімімен тағайындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті кемінде екі кандидатураны ұсынады, олар дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан мəслихат депутаттарының көпшілік дауыс санын алған кандидат келісім алды деп саналады.

Өзге əкімшілік-аумақтық бірлік əкімдері заңда айқындалатын тəртіппен тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ лауазымынан босатылады. Қазақстан Республикасының Президенті өз ұйғаруымен астана, облыс, республикалық маңызы бар қала əкімдерін лауазымынан босатуға құқылы.

5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен әкімге сенімсіздік вотумын білдіру мәселесі қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мəслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен əкімге сенімсіздік білдіруге жəне оны лауазымынан босату мәселесін тиісінше астана, облыс, республикалық маңызы бар қала əкімдеріне қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің алдына не өзге де əкімшілік-аумақтық бірлік əкімдеріне қатысты жоғары тұрған əкімнің алдына қоюға құқылы. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кіріскенде тоқтатылады.

6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі заңда белгіленеді.

90-бап

1. Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша – шешім, әкімдер шешім мен өкім қабылдайды, бұлар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында орындалуға міндетті.

2. Жергілікті бюджет кірісін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтін мәслихат шешімінің жобалары әкімнің оң қорытындысы болғанда ғана қарауға енгізілуі мүмкін.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес келмейтін мәслихат шешімінің күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоя алады, олардың күші сот тәртібімен де жойылуы мүмкін.

91-бап

1. Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады.

2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар арқылы және тұрғын саны шағын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтарда өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына заңға сәйкес мемлекеттік функциялар берілуі мүмкін.

3. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру және оның қызметі заңмен реттеледі.

4. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне заңда белгіленген өкілеттік шегінде кепілдік беріледі.

X бөлім

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу

92-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасы бойынша, Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша қабылдаған шешіммен өткізілетін жалпыхалықтық референдумда енгізіледі.

2. Жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, жалпыхалықтық референдум өткізілді деп саналады.

3. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы жалпыхалықтық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды жақтап дауыс берсе, олар қабылданды деп саналады.

93-бап

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы 6-тармағының және 43-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкестігі туралы Конституциялық Сот қорытындысы болған жағдайда олар жалпыхалықтық референдумға шығарылады.

XI бөлім

Қорытынды және өтпелі ережелер

 

94-бап

1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелері ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді, сол мезгілден бастап бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылады.

2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.

95-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті мемлекеттік органдары нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру үшін қажетті шаралар қабылдайды.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген кезде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған Конституциялық Кеңестің және Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін бөлігінде заңды күшін сақтайды.