Все записи автора Admin

Әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырады

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры өнеркәсіп кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі жөніндегі әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырады.
«Қарметтегі» проблемалар, «Қазақмыс» пен «Майқайың алтындағы» оқиғалар отандық кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейту керектігін көрсетіп отыр. Бұл саладағы еңбек адамының құқығын қорғау үшін қоғамдық әрі сараптамалық бақылауды арттыру керек. Жүргізілетін мониторинг, тәуекелдердің алдын-алып, кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардан сақтануға мүмкіндік береді.
Біздің мақсатымыз – өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі саласындағы күрделі мәселелерді анықтау.
Өнеркәсіптік кәсіпорындарының еңбеккерлері мен қызметкерлерін, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы сарапшылар мен жұмыскерлер құқығын қорғаушыларды әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырамыз. Мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, кәсіпорын басшыларына, құзырлы мекемелер мен билік органдарына жіберіледі.
Өзіңіз жұмыс істейтін кәсіпорындағы еңбек пен техника қауіпсіздігінің сақталуын, басшылықтың бұл мәселеге қаншалықты назар аударатындығын, қоғамдық ұйымдар мен қадағалаушы органдардың өндірістік қауіпсіздік мәселесіне қатынасын (көзқарасын) бағалаңыз.
▶️Сауалнама мына жерде:
https://share.kz/ga9J

Әкімдер ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады

Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Мемлекет басшысы еліміз жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін мәлімдеді. Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.

ДЕПУТАТ ӨЗ ЖЕРЛЕРІН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРДІ

Түркістан облысында халық қалаулысы тұрғындарға ең қажетті нысандар салу үшін өз жерлерін тегін тарту етті, — деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі

Нақтырақ айтсақ, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жанарыс Талипбеков Жағажай елді мекеніндегі өзінің 2,5 гектар жерін өрт сөндіру бекетін салуға берген. Тиісінше, бұл өрт сөндіру және құтқару бекетінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, Ж.Ералиев және Абай, Қызылқұм ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде өрт болған жағдайда немесе тұрғындардың суға бату жағдайлары орын алғанда төтенше жағдай қызметкерлерінің уақыттан ұтылмай, дер кезінде көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Осылайша халық қалаулысының Жанарыс Талипбековтың тартуы жалпы жергілікті халықтың әлеуетін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Айта кетейік, Жетісайлық депутат бұған дейін де өз иелігіндегі 90 соттық жерін медициналық нысан және спорт алаңшасы мен ауыл тұрғындарына аллея салу үшін тегін берген. Қайырымды азаматтың мұндай игі істеріне жалпы түстік өңірдің халқы өз ризашылықтары мен алғысын білдіруде.

 

Жанарыс Талипбеков Жетісай ауданындағы өзекті мәселелердің шешімін қарастыру, тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін орындау бойынша да белсенді жұмыс атқарып жүрген депутаттың бірі. Ел аманатын арқалаған халық қалаулысы, өзінің әріптесі Алладин Мырзахановпен бірге ауданның ахуалын Астана қаласына жеткізіп, Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынған.

Сондай-ақ, Жетісай ауданындағы өзекті проблемалардың бірі — ағын су. Егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындарына ағын суды жеткізу үшін арық-атыздардың таза болғаны абзал. Осындай маңызды істі елеусіз қалдырмаған белсенді депутат Абай ауылдық округіндегі  ағын су жүйелерін қоқыстан арылтуға бастама болып, «жаздың қамын» ойлауды үйлестіріп жүр. Жанарыс Талипбековтың мұндай бастамаларын жергілікті азаматтарда әрқашан қолдап отырады.

 

Елдің игілігі үшін өз иелігіндегі жерлерін тарту етіп, ауылдардың әлеуеттін арттырып, халықтың сенімі мен үмітін арқалаған Жетісайлық депутаттың бұл істері көпшілікке үлгі болары сөзсіз.

Полиция жүргізушіден 1,5 келіден астам есірткі тәркіледі

Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтап, тасымалдады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полицейлер Ордабасы ауданы аумағындағы «Шымкент-Түркістан» тас жолында мегаполистің 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Ниссан Прима» маркалы автокөлікті тоқтатты.
Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің көлігінің артқы орындығының астынан есірткіге ұқсас затты тапты. Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткі затының жалпы салмағы 1,5 келіден асатын марихуана болып шықты. Қазіргі уақытта есірткі құралдарын сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

АБУ ДАБИДЕН КЕЛГЕН ҰШАҚ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ӘУЕЖАЙЫНА ҚОНДЫ

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайына Абу-Дабиден «Wizz Air» әуе компаниясының «Airbus 321» ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы бар. Жолаушылардың 40%-ы — туристер. Сондай-ақ, бүгін рухани астана Түркістаннан Абу-Дабиге 200 жолаушы аттанды.
Өткен жылдың қараша айында «Аби-Даби — Түркістан» жаңа әуе бағытының ашылатыны және билеттер сатылымға шыққаны жарияланған болатын. Билеттер «wizzair.com» сайты мен мобильді қосымшасында сатылымда. Бағасы — 20 мың теңгеден басталады. Мамандардың айтуынша, неғұрлым ертерек алынған билет соғұрлым арзан болады. Сондай-ақ, егер «wizzair.com» сайтына тіркеліп, клуб мүшесі атанған жағдайда 10%-ға дейінгі жеңілдіктерді алуға мүмкіндік бар.
Айта кетсек, рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 3 рет орындалады. Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық рейстерден Ыстамбұл мен Эль-Кувейтке, ал республикаішілік Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына тұрақты әуе рейстері ұшады.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫ «ЖАС БАРЫС» АТАНДЫ

Түлкібастық Жомарт Қуанышбек республикалық «Жас барыс» турнирінде «Жас барыс» атағын иеленіп, І орынмен марапатталды. Жомарт бүгінде аудандағы Дауан атындағы мектептің 10-сынып оқушысы. Ол облыстық «Жас барыс» турнирінде де «Жас барыс» атанған болатын.
Жас балуан — қазақ күресінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Сонымен қатар, облыстық «Qazaq kuresi» жылдық қорытындысында «Үздік спортшы» атағын иеленіп, арнайы мадақтамамен марапатталған. Жаттықтырушысы — Шажалиев Алмас.

Мұғалімдердің мұндай әрекетке барғаны ұят болды

Қысқы демалыста Түркияда демалған қызылордалық екі мұғалімнің басы дауға қалды. Педагогтер шетелде бірнеше мәрте трансвеститтер клубында көңіл көтерген. Мұғалімдердің бұл әрекетіне ата-аналар шамданып, олардың мектептен кетуін талап етті. Бұл туралы TAQ.KZ ақпарат агенттігі ZhasAlash басылымына сілтеме жасап хабарлайды. Мектеп директоры мұғалімдердің мұндай әркетке барғандарын ұят көріп отыр.

«Екеуі де – ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері, жас мамандар. Біреуінің «магистр» атағы бар. Ұстаздардың әрекетін педагогикалық кеңесте талқылап, жиналысқа әдейілеп тек әйел мұғалімдерді қатыстыруды жөн көрдім. Жиналыстан кейін ұстаздар өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазды. Олар тек ұстаз  емес, сонымен қатар әйел кісілер, бала тәрбиелеп отырған ана. Әріптестеріміздің мұндай әрекетке барғаны өте ұят болды», – деп мәлімдеді мектеп директоры Гүлжахан Нарбаева. 

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты №250 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Қызыл теңіз жағасында тынығу үшін мектеп әкімшілігін ескертіп, ақысыз демалыс алуды ұйғарған. Алайда кейін ұстаздардың Түркиядағы трансвеститтер клубында демалған видеолары әлеуметтік желілерде тарап кетіп, ата-аналардың наразылығын тудырған.

 

ҚОНАЕВ — ҒАСЫР АДАМЫ

Түркістан қаласындағы “Ұлы дала елі” орталығында «Қонаев-ғасыр адамы» атты мәдени-танымдық іс-шарасы өтті. Аталған жиын мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 112 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
 
Басқосуға Түркістан облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім қатысып, дара тұлғаның ерен еңбегі жайлы сөз етті.
Танымдық шарада ұлт қайраткерінің ғұмырнамасынан сыр шертер фотокөрме ұйымдастырылып, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілік назарына Дінмұхаммед Қонаев туралы арнайы қойылым мен арнау өлеңдер ұсынды.

Жеке кәсіпкер түбіртек бермегенін анықтасаңыз телефон нөміріңізге 900 бірлік түседі

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, жеке кәсіпкерге тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, кірістерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 300% мөлшерде айыппұл салынады. Түбіртек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Осы ретте жеке тұлғалар түбіртек бермеген немесе төлемді банк карталары мен QR-код арқылы қабылдамаған салық төлеушілеріне «Wipoon» қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады. Шағымдар анықталып расталған жағдайда, әр расталған факт бойынша жеке тұлғаның телефон нөміріне 900 бірлік түседі.
-Жеке тұлғалар өздерінің мақсаттары үшін, таныстарына мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, жеке тұлғаның жеке банк шотына қатарынан үш ай iшiнде 100 және одан да көп әр түрлi тұлғалардан ақшалай қаражат түсетін болса, бұл кәсіпкерлік санат болып саналады. Бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталған. Кәсіпкерлер төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау керек. Бүгінде бақылау шараларына жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеу және кірістер бойынша толық есеп беру бақылауға алынып отыр. Жалпы камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарын өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар бойынша хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келісетін болса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе табыстың декларацияланбаған сомасын қосымша декларацияға көрсетіп ұсыну тиіс. Ал егер салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келіспеген жағдайда түсініктеме жазып және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Одан бөлек, банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады,- деді Мейрамбек Байқадамұлы.
Бұдан бөлек, брифингте басқарма басшысы декларацияның үшінші кезеңіне тоқталды. 2024 жылдан бастап 300 мыңға жуық заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 үлгідегі декларация тапсырады. Сонымен қатар, 2025 жылы қорытынды кезеңде азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық 18 жасқа толған ересек халқы тапсырады. Декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынады.

Түркістан облысындағы 8 мектептің құрылысын қаржыландыру туралы мәселе қаралды

Түркістан облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Отырысты осы комиссия төрағасының орынбасары Ж.Сүлейменов жүргізіп отырды.
Комиссия отырысына облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық білім, құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан Түркістан облысындағы 8 мектептің құрылысын қаржыландыру туралы мәселе қаралды.
Аталған мәселе бойынша Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғ.Жұмашев баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында 2024-2026 жылдары облыста 6512 оқушы орын тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын салу қажет ететіндігін айтып өтті.
Басқарма басшысы бүгінде 23 мектептің ішінде 8 мектептің (Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы, Ордабасы, Жетісай, Түлкібас, Төлеби, Сауран аудандарындағы) жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан ҚР Оқу-ағарту министрлігіне мектеп құрылыстарын салу ұсынылғанын жеткізді. Сондай-ақ, қалған 15 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы 2024-2025 жылдары әзірленетінін айтты.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингтеу және есептілігі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 17.02.2023 жылғы №38 бұйрығының 2-тарау, 6 тармақ 5 тармақшасына сәйкес комиссия отырысының оң қорытындысы мектептердің құрылысын білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жүргізуге негіз болатындығын түсіндірді.
Депутаттар аталған мәселені жан-жақты талқылап, бірауыздан қолдады.