Архив рубрики: Ақпарат

Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері

Қазақ халқы ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерді қастерлейді. Уақыт өте келе ұлттық сипатқа айналған қазақтардың негізгі дәстүрі қонақжайлылық болып табылады. Қазақтардың қанына ана сүтімен даритын қазақ ұлтына ғана тән асыл қасиет. Сондықтан да қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа деген ілтипат көрсету бала кезден қалыптасады. Қазақ қоғамында көне заманда айтылған бейресми заң бар. Ол былай дейді – келген адамды құдайы қонақ ретінде қарсы ал. Қазақ қоғамындағы қонақжайлылық қасиеті міндет болып саналады. Барлық уақытта дала тұрғындары қонақты қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан әрбір жолаушы жол жүруге аттанып бара жатып, оны қазақ жерінің кез келген бұрышында қарсы алатынын білген.

Үлкендерге құрметпен қарау – қазақ халқының тағы бір жағымды қасиеті. Дәстүр бойынша, жас кезінен бастап балаға ересектермен, өмірлік тәжірибесі бар адамдармен қарым-қатынас кезінде ұстамдылық пен парасаттылық үйретіледі. Алайда, жоғарыда аталған ұлттық ерекшеліктер, қоғамдық қатынастардың жалпыланған нормалары мен принциптері, олардың пайда болуына негіз болды, бақытымызға орай, тек қазақ халқының өкілдеріне ғана тән емес. Сондықтан, сіздердің назарларыңызға қазақ қоғамында кеңінен таралған негізгі әдет-ғұрыптардың тізімі ұсынылады.

  1. Сыйлықтарды ұсынумен байланысты дәстүрлер мен әдетғұрыптар

Сүйінші — үйге қуанышты хабар әкелген жолаушыға алғыс ретінде үй иелерінен бағалы сыйлық алатын әдет. «Ат мінгізіп шапан жабу» — жоғары құрмет. Дәстүр бойынша, құрметті қонақ, ол ақын, батыр немесе ауылға келген өте құрметті адам болуы мүмкін, сіңірген еңбегін мойындау белгісі ретінде жергілікті тұрғындардан жылқы мен қымбат шапан (түйе жүнінен тігілген шыттан астары бар халат) алады. Бес жақсы — бір мезгілде бес бағалы заттан тұратын сыйлық. Оған қара нар, жүйрік ат, қымбат кілем, алмас қылыш, сондай-ақ бұлғын ішік кіреді. Бес жақсы «ат мінгізіп шапан жабу» сияқты қазақ қоғамындағы ең құрметті адамдар марапатталады. Байғазы — қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер Байғазы (ақша, малдың төлі, т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілек білдіреді.

  1. Өзара көмекке байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Асар — Ежелгі заманан бүгінге дейін сақталған дәстүрлерің бірі осы – Асар. Оның негізгі мақсаты көмек көрсету. Отбасында үй-жай, қора-қопсы салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей жұмысы өнбей жатқанда көрші-көлең, ағайын-туыс, дос-жарандар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп бірлесіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі, қарқынды болады. Соған орай, жұмыс та тез бітеді. Жылу жинау – Бұл да көмекке бағыталған дәстүрдің бір түрі. Мұнда бүтін бір отбасы қайғылы жағдайға ұшырап үй-жайынан айырылғанда (өрт немесе зілзала және т.б апаттар), мал-жанынан қапыда айырылғанда ауыл болып жиналып қолдарынан келген көмекті беруге тырысады. Ол қаржылай, заттай, немесе мал беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша көмек көрсету үшін арнайы бір адам «Жылу жинайды». Бел көтерер — дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Ұзақ жасаған, тісі қаусаған қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жей (жұта) беруге лайықтап дайындалады. Бел көтерер — адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңіл жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға алып келеді. Үлкендерді сыйлау, оларға күтім жасау керектігін көрсететін бұл дәстүрдің жастарға берері мол.

  1. Қонақ күтуге байланысты салт-дәстүрлер

Қонақасы – қонақты сыйлап ішіп-жегізумен байланысты әдет. Қазақ халқы ежелден қонақжайлығымен танымал болған. Ең дәмдісін қазақтар әрқашан қонақтар үшін сақтаған. Қонақтар үш түрге бөлінді. «Арнайы қонақ» — арнайы шақырылған, «құдайы қонақ» — кездейсоқ жолаушы, «қыдырма қонақ» – күтпеген қонақ. Айта кету керек, егер үй иесі қандай да бір себептермен қонақасы дәстүрін сақтаудан бас тартса, оған қатысты (ежелгі уақытта) айыппұл санкциялары қолданылатын болған. Қонақкәде – көңілді отырудың, үй иесінің, сонымен бірге қонақтың риясыз көңілін білдіретін белгі. Үй иесінің қонағына қонақкәде айтыңыз деп өтініш жасауға хақы бар. Бұл «өлең айтыңыз, өнер көрсетіңіз» дегенді білдіреді. Екіншіден, бұрынғы адамдар жастарды өлең айтуға, айтысқа, шешендікке, домбыра үйренуге ерте баулыған. Олардың «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз болып өсуіне қолдау көрсетіп отырған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай болып қалыптасқан. Ерулік – дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады. Той дастархан — мерейтойға немесе оның барысында ұйымдастырылған мерекенің ерекше түрі. Дастарқан басында отырудан басқа, сол дастархан кезінде спорттық, музыкалық, ән жарыстары (айтыс), ат жарыстары өткізіледі.

  1. Баланың туылуымен және тәрбиесімен байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Шілдехана — нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған той, қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлердің бірі баланың дүниеге келгендегі алғашқы тойы. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да баруға болады. Қонақтар Перзентіңнің (ұлыңның немесе қызыңның) «бауы берік болсын!» деген тілек айтады. Бесікке салу — нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келеді. Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Есім қою, ат қою — жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Ырымға байланысты ат қою қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Қырқынан шығару — Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Таңдалған күні үйге туған-туыстардан, ауылдан әйел адамдар жиналады.

Бұл салтқа ер адамдар қатыстырылмайды. Жиналған қонақтар арасынан елге сыйлы, қадірлі үш әйел таңдалып қойылады. Олардың бірі — тырнағын, бірі — шашын алады. Үшіншісі нәрестені қырық қасық суға шомылдыру рәсімін өткізеді. Қайнаған суды суытып, ішіне қырық бұршақ не басқа да дәндер мен күміс тиындар салады. Сәбиді осы суға отырғызып қырық қасық суды бұршағымен баланың басынан денесіне санап құяды. Тұсау кесу — бала ертерек жүріп кетсін деген ниетпен, жасалатын салт. Ол бала еңбектеуден, қаз тұруға (екі аяқпен тұруға) ауысып, жүруге жақын қалғанда жасалады. Баланың тұсауын кесу үшін аранайы, кішігірім той жасалады. Баланың аяғын салт бойынша ала жіппен байлайды. Бұны «ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алсын, адал азамат болсын» деген ниетпен байлайды. Тұсау кесетін адамды баланың ата-анасы таңдайды. Осы рәсім көбінесе, көп балалы, салиқалы анаға, немесе абыройлы ақ жаулықты әжеге тапсырылады. Баланың тұсауын кескен адам ширақ қимылдайтын, тез жүретін адам болу керек, себебі оның осы қасиеттері балаға сіңеді деп сенеді біздің халық. Сүндетке отырғызу — Халық түсінігінде баланы сүндетке тақ жасында отырғызады. Яғни үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан тым кешіккенде он үш жаста. Бұл жастан кешіктіруге болмайды. Баланың сүндетке отыруы – оның азаматтық өмірге қадам басуымен тең. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ салтында, сүндетке отырған баланың нағашылары «нағыз азамат, мұсылман болдың» деп тай мінгізсе, ата-әжелері түрлі базарлығын сыйға тартқан.

КЕНТАУ: БІЛІМ НЫСАНДАРЫН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСУ МАҢЫЗДЫ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бірқатар білім нысандарын аралап, ондағы көгілдір отынға қосылу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Кейбір мектептерде жүргізіліп жатқан жұмыстардан кемшіліктер анықталып, ол бойынша тиісті салаға тапсырма берді. Қара күзге дейін аталған оқылықтарды реттеп, қысқы маусымға білім нысандары дайын болу керектігін ескертті. Сондай-ақ бірінші кезекте қауіпсіздік шарасына назар салу керектігін атап, жұмысты сапалы әрі уақытында атқару қажеттігін ескертті.

Жалпы, қалада қалалық білім беру бөліміне қарасты мемлекеттік 40 білім нысаны бар. Оның ішінде 28 мектеп, 32 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар.Мемлекеттік мектептің 23-і де типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан. Осы күнге дейін орталықтандырылған жылу жүйесіне– 26 мекеме қосылса, автономды — 14 мекеме шағын қазандықпен жылытылған. 2023 жылы – 2 мектептің жылыту қазандықтары қатты отыннан табиғи газға ауыстырылды. Олар: «Д.Қонаев» атындағы мектеп пен «А.Молдағұлова» атындағы №19 мектеп.

Бүгін де газдандыру жұмысы жүргізіліп жатқан 11 мектептің екеуіне ескі қзандық ғимараттарына жөндеу жұмысын жасау арқылы қойылса, қалған 9 мектепке модульді қазандық қойылуда. Сондай-ақ 7 бала-бақшаның 2-уі ескі қазандыық жайларына жөндеу арқылы орнатылса, қалған 5 балабақшаға модульді қазандық қойылуда.

КЕНТАУДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Кентау қаласының білім бөлімі 2024 жылдың 1 тамызы мен 31 қыркүйек аралығында барлық білім беру ұйымдарында «Мектепке жол» Республикалық акциясы өткізілетінін хабарлайды.

Республикалық акцияның мақсаты — аз қамтылған, көп балалы отбасындағы балалар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық көмек көрсету болып табылады. Аталған акция Министрліктің бастамасымен «Мектепке жол-Шекарасыз жақсылық» ұранымен өткізілуде.

Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, оның мектепке жолы қуанышты болуы үшін әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады. Осыған орай, қаламыздың барлық азаматтарын, бизнес-құрылымдарын, үкіметтік емес ұйымдарды және жеке кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдарды аталған акцияға, жоғарыда көрсетілген санаттағы отбасы мен балаларға көмек көрсетуге шақырамыз!

«-Бұл акцияның мақсаты: жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса, олда үлкен қиындықтар туғызады. Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық ба-ласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жет-кіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осыған орай жыл сайын еліміз көлемінде «Мектепке жол!» атты республикалық акциясы өткізіліп келеді. Бұл акция көптеген жеткіншектерге шапағат нұрын себуде. Бұл бір реттік қана көмек емес, жыл бойы жалғасып отыратын үрдіс. Осы ретте акция кезінде ғана емес, басқа уақытта да тұрмысы төмен отбасын азық-түлікпен, балаларды қыстық киіммен қамтып, тұрақты демеушілік көрсетіп тұратын азаматтардың бары қуантады. Акция аясында оқушылар оқуға қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен қамтылып келеді. Бұл іске облыстық, аудандық әкімдіктен бастап, басқарма, департаменттер, түрлі мекеме, ұйымдар белсенді түрде атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Сол сынды ата-аналар, ұстаздар, кәсіпкерлер де демеушілік көмек көрсетуде.» -деді Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков

Мұқтаж жандарға көмектесуді, сондай-ақ демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез келген азамат бөлімнің колл орталығы 8771-694-53-25 ,  87077479309 байланыс телефондарына хабарласа алады. Қазіргі таңда көмекке мұқтаж балалардың тізімі дайындалуда. Сондай-ақ,  «Мектепке жол» Республикалық акциясына қолдау білдіргісі келетін азаматтар Кентау қалалық білім бөліміне хабар берулеріне мүмкіндіктері бар.

КЕНТАУДА 2023-2024 ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛҒАНДАР 6,7 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы баяндама жасаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков бөлімнің 2024-2025 жылдағы оқу барысына дайындық жайын баяндады.

Кентау қалалық білім бөлімі 3 бағыттағы құрылымнан және 30 мектеп, 32 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекемеден тұрады. 2023-2024 оқу жылында мектептердегі үлгерім пайызы – 100%, білім деңгейінің орта баллы – 4 балл, білім сапасы – 57,3% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% жоғары.

«2023-2024 оқу жылында 43 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, 37 жүлделі орын иеленіп, 3 оқушы республикалық пән олимпиадасына қатысып, жүлдемен оралды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен,» — деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков

 

25 мектептің барлық сыртқы әжетханалары жабылып, ішке толықтай орналастырылған. Интернет желісімен толықтай қамтылған. Сонымен қатар, мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2024 жылы білім нысандарына химия – 5, физика – 5, STEM – 5,биология – 5, Робототехника – 5 кабинеті берілген. Жалпы бөлімге қарасты 23 мектептің барлығы кітапханамен қамтамасыз етілген.

Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілген. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Ақын-тұма атындағы №11 мектеп базаларында «COWORKING» орталықтары ашылған. Биыл жаңа оқу жылында да баллардың білім деңгейін көтеру мақсатындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.

Қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы-баспасөз хатшысы Ж.Алимбаева ауыл әкімдіктері мен бөлім және мекемелердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері мен тұрғындардан келіп түскен арыз-өтініштердің орындалуына жасалған сараптаманы баяндады.

Енді, ауыл әкімдері мен сала басшыларының жұмыс сапасын бағалауына әлеуметтік желідегі белсенділіктеріде ескерілетін болады. Қала басшысы жасалынған мониторингі бойынша осылай деп тапсырма берді. 109 байланыс орталығының басшысы Ж.Қожахмет секторлардағы берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндады. Қала басшысы әр баяндамашыны тыңдап, жұмысты жүйелендіруді, қала тұрғындарымен ұдайы кері байланыста болуды сала басшыларына тапсырды.

ТҮРКІСТАН ОАЗИСІНДЕГІ ЕРТЕ ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

—  Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқар­ған археологтар бұл өңірдің тарихы те­рең­де жатқанын дәлелдеп берген. Түр­­кістан қаласының айналасындағы Шоқ­­­тас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерт­­­кіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.

Енді,  Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:

  1. Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
  2. Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
  3. Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
  4. Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
  5. Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
  6. Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
  7. Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
  8. Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
  9. Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
  10. Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

 

 

Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:

— 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.

— 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.

— 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.

0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.

Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.

 

А.Тұрсынов — Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.

 

 

—  Түркістан өңіріндегі қалалық мәде­ниет­тің көне тарихы да осы кезеңмен байла­нысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасыр­дың ортасына қарай Ресейдің қазақ саха­расындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жа­ғы­нан барлығынан да алда екенін айт­қа­нымыз жөн; себебі Түркістан қа­ла­сы татарлардың тарихи шығар­ма­ла­рында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тара­ған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің неме­ре­лері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қала­лар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түр­кістан билігіне қарап тұрған. Осы ай­мақ­ты олар ескі заманда Яссы деген атау­мен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың бар­лығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».

Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан архео­логиялық қазбалар біздің жыл сана­уымызға дейінгі бірталай уақыт мөл­шерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оң­түс­­­тікке қарай 350 метр жерде. Биік­ті­гі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары қатар жүргізілуде. Біздің ойы­мыз­ша Күлтөбе қорғанының төменгі қабат­тары қазіргі жыл санауымызға де­йін­гі екінші, тіпті үшінші мыңдық жыл­дыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының ірге­­­­­­­­сі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұл­тан күмбезіне таяу орналасқан қа­сиет­ті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшы­ла­ры­ның бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.

Түркістан қаласының солтүстік-баты­сына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөк­терінде Қарнақ аталатын көне қа­ла­­­шық тарихы да бізді көне заман­ға же­телейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқ­ты археологтар қазба жұмыстарын жүр­гізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.

 

Түркістан аймағында «нақ» жалға­уы­мен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сы­ғанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жү­й­нек) қалашықтары кездеседі. Түр­­кістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шап­­қанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шы­ғысқа қарай» деген сөзді кездес­тіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағы­насын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қара­тауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» бол­са керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заман­нан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атау­дың этимологиясын іздеу бары­сын­­да Францияның батыс аймағы Бре­тань­да орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қар­нақ ғибадатханасының тарихы өзі­міз­дің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланыс­ты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңі­рі­нен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.

Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрия­ны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.

 

Жамбыл Артықбаев — Профессор

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 280 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛГЕН

2024 жылдың 6 айында облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы брифгинте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді.

«2024 жылдың 6 айында азаматтардан келіп түскен 683 арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып айыппұл салынды. Одан бөлек, соңғы алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың орын алуға байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде»-деді спикер.

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӨНЕРПАЗДАРЫ V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНА АТСАЛЫСАДЫ

Биыл қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Аталған шараға спортшылардан бөлек, облыс өнерпаздары да атсалыспақ. Онда үздік қолөнер шеберлері өнімдерін ұсынып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналады. Өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісте баяндалды. Өңір басшысы жоспарлы іс-шаралардан бөлек, ерекше форматта тың серпіліс керектігін айтты.

– Түркістанға бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінен қызығушылық білдіруде. Сондықтан да бізге келуші азаматтар өңіріміздің рухани-мәдени өмірімен танысады. Ол үшін тек облыс орталығында ғана емес, әрбір аудан, қаланың өз бренді болуы тиіс. Рухани астанамыздың төріндегі барлық іс-шарадан ұлттық бояудың, төл өнердің бөлшегі алыстан байқалып тұрғаны жөн. Алдағы уақытта іс-шаралар мазмұнына баса назар аударып, қайта қараңыздар, – деген облыс әкімі жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.

Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде іс-шаралар легі жоспарға сай жалғасады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, бірқатарына тоқталып өтті. Жыл сайын өткізілетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне биыл өзгерістер енгізілген. Аудан, қала өнерпаздары былтырғыдай үш күн емес, екі күн бойы облыс орталығында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ауарайына байланысты арнайы бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде өткізіледі. Тамыз айының 14-інен бастап қалған аудан, қала өнерпаздары қыркүйек айының соңына дейін жалғастырады. Алғашқы күні «Этноауыл» кешенінде өнерпаздар салт-дәстүрлерден көріністер, қолөнершілер көрмесі, ұлттық нақыштағы қойылымдар қойып, ұлттық ойындардарды насихаттаса, келесі күні көпшілік назарына «Керуен сарай» аумағында гала-концерт ұсынылады.

Мерекелік іс-шаралардан бөлек, күз айларында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы, сонымен қатар Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы өткізіледі.

Облыстық кітапханада барлық аудан, қалаларында оқырманды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өткізу жоспарлануда. Қазан айында «Тілді оқытудағы өзекті мәселелер» республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылып, семинарға республикалық «Тіл қазына» орталығының мамандары мен осы саланың білікті сарапшылары шақырылады деп күтілуде.

Кәсіпкерлік – жұмыссыздықты жоюдың негізгі шешімі

Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан қолдау да көп көрсетілуде. Түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін деген азаматтарға мол мүмкіндік берілуде. Мемлекет және атқарушы билік тарапынан аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбейіп келеді. Аудан көлемінде ауылдық округтердегі бизнесін шарықтатуға ниетті іскер тұлғаларға ұсыныстар берілуде.

Осы бағытта аудан әкімі Мақат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Онда ұтымды ұсыныстар мен кәсіптерін дамыту бағытында пікір алмасты. Түрлі сала бойынша өз жұмысын бастаған бизнес өкілдеріне арнайы өндірістік аймақ құрып, жер телімдері бөлінетін болды. Басымдық мал бордақылау алаңдары мен балық шаруашылығына және басқада кәсіп түріне беріліп, жалпы 81 гектар жерге өндірістік аймақтың бой көтерілуі жоспарлануда.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров:

— «Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп отыр. Кәсіпкерлік — экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Бұл арқылы жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға, әрқашан қолдауға әзірмін», — деді.

Жиында аудан басшысы өңірдің көркеюі мен дамуы тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал жасайтынын атап өтіп, шағын және орта бизнес субектілерінің қазіргі таңдағы жай-күйі, мүмкіндіктері, проблемалық мәселелері қоса талқыланды.

Сауран: Мақта өңдейтін зауытта 185 адам жұмыспен қамтылады

Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Казтекс» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытын дамыту барысымен танысты. Аталған зауытты салу, жаңа технологиямен қамту жобасы биыл басталған. Түркиядан инвестиция тартылған.

Жобаның құны –1500,0 млн. тенге, қуаттылығы – жылына 10 мың тонна мақта өңдеу. Маусымдық кезеңдерде 150 адам жұмыспен қамтылса, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

– Мақта кластерін дамыту – маңызды іс. Жаңа технологияларды ендіру керек. Іс бастаймын, цех, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетіледі. Өңірде шығатын мақтаны өзіміз өңдеп, шаруалардың табысын арттыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Жоба басшысы Туражан Саидовтың айтуынша, аталған ЖШС ұзақ жылдардан бері мақта шаруашылығымен айналысып келеді. Кейін шетелдегі серіктестері тарапынан заманауи мақта өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс түскен. Түркиядан арнайы құрылғылар, мақта өңдейтін машиналар әкелінген. Бұлардың ерекшелігі – электр қуатын үнемдейді әрі мақта талшығын сапалы етіп шығарады. Сауран ауданында бұрын-соңды болмаған құрылғылар сатып алынған. Бұл зауыт қыркүйекте ашылып, шаруалардың мақталарын қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал 2025-2026 жылдары аталған зауыттың қасынан шитті өңдеп, май шығаратын цех ашу жоспарға енгізілген.

Төлеби: “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында семинар өтті

«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Өйткені, ол – бойға қуат сыйлайтын тәннің азығы, Алланың нығметі деп білу әрбір иісі мұсылман баласына міндет. Олай болса, ішетін асымыз қалай және неден жасалғанына, құрамына, халал сертификаты бар-жоқтығына мән бергеніміз абзал. Дәл осындай маңызды мәселені қамтыған жиын Төлеби ауданында өтті. ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының бастамасымен “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында аудан кәсіпкерлерімен бірге семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов, облыстық Халал даму бөлімінің эксперт-технолог маманы Аружан Маратқызы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Төлеби ауданы филиалының директоры Мусаева Маржан Асқарбекқызы және ауданның кәсіпкерлері қатысты. Оқу-сеинарында халал мен харамға, оның амал-құлшылыққа тигізер әсеріне, дастархандағы астың тазалығы мен адалдығына, адал өнім тұтынудың ұрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне тигізер ықпалына қатысты маңызды мәліметтер мен пайдалы ақпараттар айтылды. Мұсылмандық дүниетаным мен қазақи пайымды салыстыра отырып, халал төңірегіндегі өзге де мәселелерді қозғалды. Мамандар әлемдік халал стандарттарында көрсетілген құнды деректерді баяндай отырып, шариғатымыз бойынша харам және күмәнді болып саналатын өнімдерден сақтанудың жолдарын ұсынды.

— «Алла Тағала адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Адал астың адам рухына, денсаулығына, құлшылығына тигізер ықпалы мол. Дұғамыздың қабыл болуы, деніміздің сау, ұрпағымыздың ұлағатты болуы жеген асымыздың адал болуына тікелей байланысты. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Адам баласы Құдай бұйыртқан рызық-несібені сенімді түрде пайдаланып, ішіп-жеуіне болады. Алайда, бұл қолына түскеннің барлығын пайдалануына болады деген сөз емес. Оны қандай жолмен тапқаны өте маңызды. Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ақ адал маңдай термен табыс, пайда табу өте маңызды. Халал, материалдық әрі рухани тұрғыдан таза, нығметтерді рұқсат етілген шеңберден шықпай, өз орнымен, өз жөнімен пайдаланған жөн. Қазақта «Басқа амандық, асқа адалдық берсін» деген сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы қашаннан мәнін жоймаған құндылық болса, бүгінгі таңда оның өзектілігі тіптен арта түсуде. Шынтуайтында, біз қандай ас жесек, рухымызға сол әсер етеді. Иманың әлсіреп, Құран санаңа қонбай жатса, міне мән беру керек дүние асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген әйелдерге де, сол азықты тауып келіп жүрген ер адамға да қатысты. Халалға мән бергенде тек асқа ғана емес, тұтынып отырған барлық өнімге мән берген абзал. Мысалы, халал  өндірісіне тамақ өнеркәсібі, оның ішінде ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, яғни тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері, одан кейін білім беру, бұл дегеніміз ислам теологиясы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, тағы денсаулық саласы, дәрі-дәрмек, перзентхана тағы басқасы,  қаржы-қаражат, яғни кредит, өсім бойынша, мәдени орындар, театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер, даяшылық қызмет, яғни асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм тағы басқалары да жатады. Ендеше біз  халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ деп айта аламыз. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал шариғат – барлық Ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін айқын жол.» — деді Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы.

Семинарда халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет екендігі және халал стандартының талаптары мен ерекшеліктері айтылды. Сонымен қатар, жергілікті имамдарға өңірде халал жөнінде ақпарттандыру жұмыстарын жетілдіріп, үгіт-насихат шараларын арттыру маңызды істердің бірі екендігі жеткізілді. Семинар барысында кәсіпорындарға қалай тексеріс жұмыстары жүргізілетіні, халал сертификаттары қалай берілетіні және енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғи қоспалар және өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығы дәлелденетіні ескертілді. Сонымен қатар халал өнім өндіру технологиясы, тағамдық қоспалардың құрамы мен бөлінісі жөнінде мағлұмат берілді.

Жалпы семинардың негізгі мақсаты – дініміздегі халал мәселесі жөнінде ақпарат беру, халал өнімдерді ҚМДБ жанынан ашылған “Халал даму” сертификатын беру жолдары, оны қолдану, арнайы тексеру жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бағытына негізделді.  Сонымен қатар басқосу барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.