Архив рубрики: Ақпарат

ЖОЛДАУ: САРЫАҒАШТА 22 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды»- деген болатын. Осы орайда, Сарыағаш ауданының экономикасына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Талипов және оның жетекшілік ететін салалары, атап айтқанда: ауданның кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімі, құрылыс, сәулет және қала құрылысы және жер қатынастары бөлімдері қатысты.

Жиында ауданға инвесторлар тарту бағытындағы атқарылатын жұмыстардың жол картасымен бекітілген жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жиын барысында жүзеге асыруға көзделген 22 инвестициялық жоба, нақтырақ: құс, мал, жылыжай шаруашылықтары, сонымен қатар өндірістік бағыттағы жобалар бойынша аудан әкімінің алдыңғы жиындарда берілген тапсырмалары пысықталды.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев салаға жауапты орынбасарына инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында жол картасын дайындауды жүктеді.

ЖОЛДАУ: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ІШКІ ЖОЛДАРДЫҢ ҚАНАҒАТТЫ ЖАҒДАЙЫ 86 ПАЙЫЗДАН АРТЫП ОТЫР

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инфрақұрылым саласында оң өзгерістер керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түлкібас ауданында тұрғындардың өтініші негізінде ішкі тозығы жеткен жолдарды ретке келтіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Биылдың өзінде аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың халық алдындағы есептік кездесулері мен жеке қабылдауларында көтерілген аймақтағы 9 елді мекеннің 26 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ақбиік, Жабағылы, Кемербастау, Керейт, Қараағашты және Елтай елді мекендерінің 19 көшесі республикалық бюджет есебінен, Т.Рысқұлов, Рысқұл және Таусағыз елді мекенің 7 ішкі көшесі аудандық бюджет есебінен жөнделіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Нәтижесіне аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 86,2 пайызға артып отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы көп жылдан бері Сарытөр, Құлан елді мекендері тұрғындарының көкейінде жүрген аудан орталығымен байланыстырып тұрған облыстық маңызы бар 18,3 шақырымды құрайтын КХ-70 «Т.Рысқұлов-Құлан-Сарытөр» бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстары бастау алды. Нысан келесі жылға өтпелі.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ШАРАСЫ БАСТАЛҒАЛЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 МЛН-ҒА ЖУЫҚ ТАЛ ОТЫРҒЫЗЫЛҒАН

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров мәлімдеді.

«Акция аясында Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жолдар бойынша «Қазавтожол ҰҚ» АҚ облыстық филиалы, облыстық маңызы бар жолдарда басқармадағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінде тазалық шаралары атқарылды. Тарқата айтсақ, 65 679 ағаш әктеліп, 32 74 құраған тал кесілген. Сондай-ақ, 2 963 тонна қоқыс шығарылып, 5 407,9 шақырым көше бойлары мен 811,5 шақырым аяқ жолдар тазаланды. Одан бөлек, 42,8 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Аталған жұмыстарға жалпы 542 арнайы техника мен 14 600 жұмысшы жұмылдырылған»,- деді Мейіржан Серікбайұлы.

Брифингке қатысқан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов «Таза Қазақстан» шарасы аясында өңірде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, аудандық, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары өз аулалары мен іргелес аумақтарында ауқымды сенбіліктер өткізгендігін айтты.

Бұдан бөлек, брифингте облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Исатаев Ержан басқармаға қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі жұмыс тобы құрылғандығын мәләмдеді. Сондай-ақ, аудан-қаладағы зияратшылар мен туристер көп баратын 28 нысанның инфрақұрылымы, тазалығы мен сервистик қызметтеріне мониторинг жұмыстары басталғандығын айтты.

Сонымен қатар, облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мейірхан Смағұловтың айтуынша, облыс аумағындағы мал сою орындарына тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілетіндігін айтты.

Айта кетейік, бағдарлама басталғаннан бері сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 500-ден астам техника жұмылдырылған. Нәтижесінде, 1 милионға жуық тал отырғызылып, 3 389 тонна қоқыс шығарылған.

Түркістан экологиясының тірегі немес « Экология ҒЗИ» деген не?

2001 жылы құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми-зерттеу институты Түркістан аймағының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде. Институттың басты мақсаты – өңірдегі қоршаған ортаны ластау көздерін анықтау, олардың экожүйеге әсерін бағалау және жаңа технологияларды енгізу арқылы экологиялық мәселелерді шешу.

Институт экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу, тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, қоршаған орта мониторингін жүргізу сияқты маңызды бағыттарда жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауына ерекше жағдай жасалған.

2021 жылы институттың базасында жылыжай салынды, бұл докторанттар мен магистранттардың зерттеу тақырыптарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық зерттеулерді қамтамасыз ететін «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасы 2010 жылдан бері аккредиттелген және өз қызметін сәтті атқаруда.
Экология ғылыми зерттеу институтының жетістіктері

Институттың ғылыми көрсеткіштері жыл сайын өсіп келеді. 2023-2024 оқу жылында Scopus және WoS деректер базасының Q1 және Q2 квартильді журналдарында 16 мақала жарияланған. Бұл – институт тарихындағы рекордтық жетістік. Сонымен қатар, қазіргі уақытта институт 52 миллион теңгелік төрт ғылыми-зерттеу жобасын орындауда.

Өндіріс саласында да институт белсенді жұмыс істеп келеді. Зертхана базасында органикалық тыңайтқыштар, құрылыс материалдары, жемшөп қоспалары сияқты өнімдер шығарылады. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу арқылы тауарлық өнімдер алу экологиялық тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдер ұсынады.

Институттың ғылыми жобаларының бірі – «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» жобасы. Бұл жоба экология, медицина және биотехнология салаларын қамтиды және жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайды. Экологиялық зерттеулердің басым бөлігі осы институттың қатысуымен жүзеге асып жатыр.

Институттың ерекше жұмыстарының бірі – университет су жүйесінен алынатын сынамаларды тұрақты түрде талдау. Бұл процесс экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, университеттің қаржысын үнемдеуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар, институт өңірдегі тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ететін инновациялық әдістерді әзірлеумен де айналысады.

Институт директоры Нұрлан Ахметовтың айтуынша:

“Біздің стратегиялық мақсатымыз – Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы аясында әлемдік деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін және Түркі әлеміне бағыт-бағдар беретін бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу институтына айналу. Біз ғылым мен өндірістің байланысын нығайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше мән береміз. Бұл бағытта аймақтағы және жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін инновациялық технологияларды әзірлеуді жалғастырамыз. Біздің басты міндетіміз – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету.”

Түркістан аймағының экологиялық болашағы үшін «Экология» ғылыми-зерттеу институты маңызды рөл атқарып отыр. Ғылым мен өндірісті интеграциялау арқылы институт аймақтағы тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көшбасшы болуды жалғастыруда.

Қоғамдық бақылау мен жаңа технологияларды енгізу: қазақстандықтар жол сапасын арттыру шараларын атады

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры әлеуметтік мониторинг жүргізіп, бұл жолы қазақстандықтардың жол сапасына қаншалықты көңілі толатынын анықтады. Қатысушылар сауалдарға жауап беріп, жолдардың қазіргі жай-күйін бағалап, сапасын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Биыл елде 12 мың шақырым трасса мен 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық автокөлік жолы төселіп жөнделді. Бұл бұрын-соңды болмаған көлем. Алайда «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының әлеуметтік мониторингі тұрғындардың 40% ы ғана осы жылы өз елді мекеніндегі жолдың жақсарғанын атап өткен. Әлеуметтік мониторинг сауалдарына жауап бергендердің төрттен бірінен астамы соңғы жылда жағдай өзгерген жоқ деп санайды. Ал 30%-і керісінше нашарлады деп отыр.
Мониторинг қорытындысына сәйкес, жауап берушілердің 68,5% елдегі жол құрылысының қарқынына көңілі толмайды. 70%-тен астамы жөндеу жұмыстарының сапасы көңіл көншітпейді деп отыр. Өз пікірін білдірген тұрғындардың жартысы былтыр ғана жөнделген жолдар жарамсыз болып қалды деген ойда.
Жол инфрақұрылымымен байланысты мәселелердің ауқымы кең. Қазақстандықтардың пайымынша, ең бастылары мынадай:
• сапалы магистральдар аз (58%);
• тұрғын аудандардағы жолдың жай-күйі нашар (46%);
• магистральдарда жарық жоқ, жолдарда шұңқыр көп (39%);
• жөндеу қарқыны баяу (39%);
• суағарлар жоқ, аудандардағы жолдар жарықтандырылмайды (34% және 31%);
• қар дұрыс тазаланбайды әрі көктайғаққа қарсы шаралар жасалмайды (29%);
Айта кетерлігі, қазақстандықтар республикалық маңызға ие жолдарға қарағанда, өз елді мекеніндегі жолдардың жағдайын жақсы деп бағалады. Шамамен 60%-ға жуығы мұндай жолдардың жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп отыр. Алайда қала тұрғындарымен салыстырғанда жол сапасына ауыл тұрғындарының шағымы көбірек.
Әлеуметтік мониторинг қатысушыларының 60% астамы сапасыз жол кесірінен өзі немесе жақындары апатқа түскенін айтқан. Ал 11%-і мұндай жағдай бір реттен көп болды деген нұсқаны белгілеген.
Халықтың жол сапасына көңілі толмауының басты себебі – жемқорлық пен ұрлық (38,83%). Екінші орында – жергілікті билік органдарының жұмысы олқы (17,31%), ал үшінші орында – Үкімет тарапынан бақылаудың болмауы (12,2%). Жол қызметтерінің нашар жұмысы тізімді түйіндеп тұр (11,53%).
Әлеуметтік мониторинг аясында қатысушылар елдегі жолдардың жағдайын жақсартуға қатысты өз пікірімен де бөлісті. 60%-і жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру керектігін айтса, жолдарды кеңейту және жолақтарды арттыру деген нұсқаны қатысушылардың 34%-і таңдаған. Жөндеу қарқынын жылдамдату және құрылыс кезінде заманауи технологияларды қолдану шараларын 33% және 31% ы атап өткен.
Сондай-ақ, әлеуметтік мониторингке қатысушылар автокөлік жолдарының жай-күйін жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірді:
– билік пен қоғам белсенділері тарапынан жол салу және жөндеу жұмысының сапасына бақылауды күшейту;
– құрылысқа бөлінген қаражаттың пайдалануына бақылауды күшейту;
– құрылыс пен жөндеу барысында технологияларды сақтауға бақылауды күшейту
– заманауи технологияларды қолдану.
Әлеуметтік мониторингтің қорытындысы бойынша қазақстандықтар жол құрылысы мен жөндеу барысында қоғамдық бақылауды күшейтуді қалайтынын көрсетіп отыр Сонымен қатар мониторингке қатысушылардың дені жол сапасына қатысты ақпарат жинақталатын арна – «ҚазАвтоЖолдың» тегін байланыс орталығын білмейді. Жауап берушілердің 77% осындай нұсқаны белгіледі (ал ауылдарда бұл көрсеткіш 80%-тен асады).
«Біз қоғам тарапынан жұмыс барысына, мердігерлерге, жол құрылысы мен жөндеу сапасына қоғамдық бақылау орнатуға деген сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз. Қазақстандықтар бұл мәселені шешу үшін мемлекетпен, бизнеспен әріптестікке әзір. Қорымызда қоғамдық бақылаудың іс жүзінде тексерілген тәжірибесі бар және біз автокөлік жолдарының жағдайын жақсарту үшін күш біріктіруге дайынбыз. Қор белсенділері жағдайды өзгерту үшін ашық бақылау, заманауи технологияларды енгізу және жол жұмыстары кезінде азаматтардың мониторингке белсенді қатысуы керек екеніне сенімді», – деді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры Жол сапасына қатысты әлеуметтік мониторингті биыл 5 – 25 қараша аралығында онлайн форматта өткізді. Мониторинг сауалдарына барлық өңірден 5681 тұрғын жауап берді. Қатысушылардың жартысы – күн сайын көлікпен жүретін жүргізушілер.

Анықтама:
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры – жаңа үлгідегі ҮЕҰ. Қор белсенді азаматтық ұстанымы бар, Әділетті Қазақстан құруға үлес қосқысы келетін қазақстандықтарды біріктіреді. 20 өңірде өкілдігі мен 7000-нан астам жақтасы бар.

Қор өз жұмысында қоғамдық бақылау мен әлеуметтік мониторингке басымдық береді.

Үкімет инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жалғастырады

Үкімет ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті реттеу және қорғау есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жалғастырады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауданы және тарифтерді реттеу есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды жалғастыратынын айтты. Осындай әрекеттердің арқасында Қазақстанда 2023 жылғы жылдық инфляция жылына 20,3%-дан 9,8%-ға дейін төмендегені және 2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 8,4%-ды құрағаны атап өтілді.

«Үкімет жағдайға мониторинг жүргізеді әрі әлеуметтік маңызы бар өнім түрлері бойынша экономикадағы бағаларды тежеуге бағытталған шаралар қабылдайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін қысқы және көктемгі маусымаралық кезеңге қарай жеткілікті көлемде қалыптасқан жаңа өнім қоры шығарылатын болады. Тұрақтандыру қорларының, сауда объектілерінің қоймаларында және ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 29 негізгі түрі бойынша 826 мың тоннадан астам азық-түлік сақталады. Бұл қорлар сақтау мерзімдерін ескере отырып үнемі толықтырылып отырады және еліміздің қажеттіліктерін бірнеше айға қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ жаңа жылдық мерекелер қарсаңында бағаның ықтимал өсуін тежеу үшін қосымша шаралар қабылдануда. Өңірлерде тұрақты ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Қысқы кезеңде және маусымаралық кезеңде бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ақпан айының басында тұрақтандыру қорларынан көкөністерді босатуды бастау жоспарлануда, бұл нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге және баға ауытқуларының алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Өңірлік комиссиялар бағаның өсуіне талдау жүргізеді, өнімсіз делдалдар анықталады және сауда үстемесінің асып кету фактілері қаралады. Аталған комиссиялардың қызметі осы жылы бақылау-фискалдық және күштік органдарды тарту есебінен күшейтілді. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықты көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында жақын шетелден ерте көкөністерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылады. Бұдан басқа, сауда саласында бизнеспен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.

Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәлсихатында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы ахуал мен оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы мәлімдеді.

Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір ауытқулар байқалып, ұлттық валюта бағамы әлсірегені атап өтілді. Осыған байланысты, азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдауда. Нұрлан Байбазаров ұлттық валютаның бағамының түзетілуі тек сыртқы фундаменталды факторлардың ықпалынан туындаған құбылыс екенін атап өтіп, олардың негізгі үшеуіне тоқталды:

▪️соңғы айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі;

▪️мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі;

▪️Ресей рублінің әлсіреуі.

Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін ескере отырып, рубль бағамындағы ауытқулар теңге бағамына әсер етуі мүмкін.

«Мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті – азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, олардың әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар», — деп атап өтті Н. Байбазаров.

ЖОЛДАУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары жайында айтылған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 50 жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылды. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталған. 330 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.

ТҮРКІСТАНДА «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен газет редакциясының ұжымы қатысып, 100 жылдық мерейтойға орай 100 түп көшет отырғызды.

– Газет те адам сияқты. Алғашқы тәй-тәй басқан қадамына ел қуанады. Аяғына тік тұрған уақытта жан-жағына байыппен қарап, елдік мұрат жолында қызмет ете бастайды. Сол сияқты «Оңтүстік Қазақстан» газеті де қаншама жылдар бойы ауыр да қиын күндерді басынан өткерді. Газет шығаруға қаржы табылмай қалған кездердің өзінде оқырманынан ажыраған жоқ. Енді 100-ге келген шағында ұлттың рухани шежіресіне айналды десек артық айтқандығымыз емес. Бүгін «Оңтүстік Қазақстан» газеті аллеясның ашылғанына куә болып отырмыз. Бүгінгі егілген көшеттер жайқалып өсіп, елге сая болатын үлкен саябаққа айналсын деген тілектер айтылып жатыр. Жүзге келген абыз басылым үшін осыдан артық тілектің қажеті де жоқ, – дейді газеттің директор-бас редакторы Абай Балажан.

Аллеяның ашылуына еліміздің әр түкпірінен келген облыстық газеттің редакторлары атсалысты. Атап айтсақ, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстық газеттердің редакторлары түркістандық әріптестерімен бірігіп көшет отырғызды.

ТҮРКІСТАНДА «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Биыл Түркістан облысының бас газеті «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Бүгін облыс орталығында қарашаңырақ басылымның ғасырлық тойы аталып өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын газет басшысы Абай Балажанға табыстады. Сонымен қатар бірқатар журналистер Президенттің алғыс хатымен марапатталды.

Ауқымды шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламентінің Сенат депутаты Алишер Сатыбалдиев және ҚР Парламентінің Мәжіліс депуттаты Ұласбек Сәдібеков, басылымның тарихында қолтаңбасы қалған ардагер қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен қаламы қарымды журналистер қатысты.

– Сіздерді бүгінгі мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Қазақ журналистикасындағы жүйріктер мен ақиық ақындар, көрнекті жазушылар, қоғам қайраткерлері осында қызмет етіп, түлеп ұшты. «Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, облыс айнасына айналған газетіміз қоғамға қызмет ету міндетін абыроймен орындап келеді. Жаңа дәуірі басталған, Жаңарған Түркістанның жаңашыл бағытын жұртшылыққа жеткізіп жүрген қарашаңырақ басылымға деген құрметіміз жоғары. Оқырмандарыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деген облыс әкімі шығармашылық ұжымның бірнеше өкілін марапаттады. Сондай-ақ газет ұжымына жеңіл автокөлік табыстады.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев басылымның журналистерін ҚР«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет граматосымен және алғыс хатымен марапаттады. Арнайы қатысқан құрметті қонақтар ізгі лебізін білдірді.

Мерейлі күнге орай бірнеше іс-шара жоспарланған. Күні кеше облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен газет редакциясының ұжымы қатысып, 100 жылдық мерейтойға орай 100 түп көшет отырғызды. Ал бүгін «Оңтүстік Қазақстан» – тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда журналистиканы дамыту жолдары, тың идеялар айтылды. Сонымен қатар газеттің тарихынан сыр шертетін фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Әрі қарай салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Онда облыстың өнерпаздары жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Басылым жолы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлер негізін қалаған «Ақжол» газетінен бастау алады. Бұл газетте қазақ руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген қаламгерлер мен журналистердің, ел жанашырларының қаламының ізі қалған. Оңтүстік журналистерінің қасиетті қарашаңырағы қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатын елге кеңінен түсіндіріп, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосуда. Газет ұжымы тек журналистикамен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бастамашы болып жүр. Оған дәлел ретінде қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі турнирін, жас жыршылар байқауын айтуға болады.

Айта кетейік, бір ғасырда «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 30-дан астам білікті журналистер редакторлық етті. Солардың арасында редактор Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Анар Бәкірова сынды қайраткер тұлғалар газет тарихында қалды.

Бүгінде 21 мың 650-ші саны жарық көріп отырған басылым Оңтүстік аймақ қана емес, еліміздегі тарихи газеттердің бірі болып саналады.