Архив рубрики: Ақпарат

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен халықаралық жарыстың салтанатты ашылуы өтті. Дүниежүзілік додаға 10 мемлекеттен спортшылар шақырылған. Боз кілемде қарсылас шақ келтірмеген жеңімпазға бас жүлдеге – автокөлік беріледі.

Мықты балуандардың бәсекесіне Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық Қазақ күресінің Құрметті президент Болат Аюбай, облыстық экономикалық тергеп тексеру департаментінің бастығы Асқар Төлешов, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ашылу салтанатымен құттықтады.

– Қайырлы күн, құрметті спортсүйер қауым, спортшылар, төрешілер! Баршаңызды бүгінгі Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен халықаралық жарыстың салтанатты ашылуымен құттықтаймын. Қажымұқан бабамыз қазақ күресін әлемдік аренада дамытқан бірден-бір тұлға,- деген Нұралы Әлмаханұлы төл спортымыздың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазақ халқының мақтанышы, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне алдағы екі күн бойы Грузия, Азербайжан, Польша, Тәжікстан, Монғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстан мемлекетінің спортшылары бақ сынайтын болады. Жалпы сегіз салмақ бойынша, 100-ге жуық балуан боз кілемде күреспек.

Айта кетейік, Халықаралық доданың салтанатты ашылу барысында жарыс ұйымдастырушысы Самат Рысбековке, ҚР Туризм және Спорт министрлігінің арнайы Алғыс хаты табыс етілді.

САУРАН АУДАНЫ МЕН ТҮРКИЯ АРАСЫНДА БАУЫРЛАСТЫҚ МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іс-сапармен барды. Кония қаласында меморандумға қол қойылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасу мақсатында құрылған делегация бірқатар ірі инвесторлармен кездесті.

Делегация Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстар нығайтылып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және тоқыма бағытында өндіріс орындары салынбақ.

Өркендеген Жартытөбе ауылы

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша, өңірдегі ауылдардың экономикасын өркендетіп, тұрғындар үшiн қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында «Үлгілі ауыл» байқауы қолға алынған болатын. Осы орайда, «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазын анықтау мақсатында облыстық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Салалық басқармалар басшылығы, облыстық мәслихат, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан жиында қорытынды жасалып, аталған байқаудың жеңімпаздары анықталды. Нақтырақ айтқанда, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі І орын Шардара ауданы, Көксу ауылына бұйырса, ІІ орын Сарыағаш ауданы, Мәдениет ауылына, ІІІ орын Созақ ауданы, Жартытөбе ауылына бұйырды.

Естеріңізде болса, ережеге сәйкес байқау екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңі – сәуір мен тамыз аралығында аудан көлемінде ұйымдастырылса, ал екінші кезең – облыстық деңгейде қыркүйек пен қараша аралығында жалғасын тапты. Байқаудың аудандық кезеңіне 16 аудан, қаладан жалпы 75 ауыл қатысқан. Нәтижесінде, облыстық кезеңге 16 ауыл (әр аудан, қаладан – 1-ден) жолдама алып, бақ сынады. Айта кетейік, арнайы құрылған жұмысшы топ барлық ауданды аралап, жеңімпаз ауылды анықтады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы аудан деңгейінде өткізілген байқауға әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылған еді. Осылайша ауыл шаруашылығынан үздік көрсеткіштер көрсетіп, халықты салауатты өмір салтына бейімдеп, ынтымағы мен бірлігі артып, көркейген келбетімен ерекшеленген Жартытөбе ауылы облыстық деңгейде де үздіктер қатарына еніп отыр. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген болатын. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы, кезекте облыстық деңгейде де жоғарғы көрсеткішке ие болды.

Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы стандартқа сай жабдықталған білім ордасымен, балабақшамен және ауруханамен , сонымен қатр мәдениет үйімен, балаларға арналған спорт,ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылған екен. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.

Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергенін айта кету керек. Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.

Сондай-ақ Жартытөбе ауылдық округі бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.

Міне осындай игі істері мен нақты көрсеткіштері бар Жартытөбе ауылдық округі, биыл ауыл шаруашылығы бойынша 2024 жылдың қортындысымен 1-орынды жеңіп алғандығын айта кету керек. Яғни, ауыл шаруашылық қызметкерлері мерекесіне орай Созақ ауданы бойынша ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің «Алтын Күз»-2024 жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Шара барысында 2024 жылы ауыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие арқылы алынған техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, шаруалардың тауарлары төмендетілген бағамен сатылымға шығарылды. Биылғы жылы Жартытөбе ауылдық округінің бірқатар шаруалары техникаларын жаңартты. Олар ескі техникаларын «Аманжол Ш» , «Айгерім», «Мұса» шаруа қожалық төрағалары жеңілдетілген несие арқылы алынған DONG FENG 904 маркалы тракторларға жаңартты.

Ауыл шаруашылық саласынының техникаларын жаңартуға өз үлестерін қосқаны үшін, «Аманжол Ш» шаруа қожалық төрағасы Ержан Сүлейменов және «Айгерім» шаруа қожалық төрағасы Нұрлыбек Көкенов аудан әкімі М.Тұрысбековтың алғыс хатымен марапатталса, «Ауыл аманаты» халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің 1 – бағыты бойынша өсімдік шаруашылығын дамыту үшін 6 млн теңгеге қол жеткізген көп балалы ана Жамал Балагүл Орынбасарқызы жылыжай өнімдері бойынша бір жылда 4,5 тонна өнім алғаны үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Сембек-ата» АӨК-і төрағасы Бақбергенов Жарқынбек Сембекұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша техника алып ауылымыздың тазалығына, сонымен қатар ауыл шаруашылық техникаларын жаңартуға үлесін қосқаны үшін марапатталған болатын.

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәслихаттың бұрынғы төрағалары, ардагерлер, Түркістан өңірінің депутаттары қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарды және көпшілікті Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады.
– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Облыстағы жергілікті мәслихаттарда 300-ден астам депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың, 1 миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бәріміз бірге Түркістан өңірінің мүддесін қорғап, облысты дамыту бағытында жұмыс атқара береміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Конференцияның ашылуында Сенат депутаты Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова модераторлық еткен конференцияда мәслихаттың рөлі, депутаттардың белсенділігін арттыру және өзге де мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, ұтымды ойлар айтылды.
Спикерлер қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Түркияның Мемлекеттік басқару профессоры Харун Кырылмаз баяндама жасап, келелі ойларын айтты. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев мәслихаттардың қазіргі жай-күйі мен атқарған жұмыстарына тоқталып, әріптестерін мерекемен құттықтады.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мазмұнды ойларын бөлісіп, депутаттарға жүктелген жауапкершілік жоғары екенін жеткізді. Аудан, қалалардан келген жергілікті мәслихат депутаттарына жігер беретін және тәжірибесін шыңдайтын ойлар айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
30 жылдық құрметіне арналған жиында бір топ азаматқа «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағының куәліктері тапсырылып, құрмет көрсетілді. Сонымен бірге облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттарына ҚР министрліктерінің, ҚР Сенатының, «Қазақстан мәслихаттары» РҚБ-ның марапаттары тапсырылды.
Конференция соңында осы жиынға қатысқан мәртебелі меймандар мен ел ағалары, депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» аллеясына шынар ағашының көшеттерін отырғызды.

Еліміз бойынша жылу тарифі ең төмен Кентау қаласында!

Кентау қаласында 2015 жылы жылу тарифі 153,36 теңге болса, 2017 жылы 136,42 теңге, 2018 жылы 103,88 теңге, 2023 жылы 78,5 теңгеге төмендеген болатын.

Негізгі себебі, жылу орталығындағы отын шығындары мемлекет тарапынан өтелуіне байланысты, уақытша өтемақы тарифі есебінен төмендетілген. Уақытша өтемақы шығындары өтелген соң, заңға сәйкес тариф қайта қаралады.
Осы жылы Түркістан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің 2024жылдың 2 тамыз айындағы №43НҚ бұйрығына сәйкес, жеке тұлғалар, пәтерлер мен жер үйлердің жылуға төлемі шаршы метрі 92.51 теңге болса (1898,5 теңге/Гкалл). Ал, коммерциялық нысандар мен дүкендер 3566,47 теңге/Гкалл, бюджеттік мекемелер 27455,82 теңге/Гкалл болып бекітілді.
Сондай ақ, тариф бағасының өзгеруіне орташа жалақы мөлшері мен салық мөлшерлемесінің өсуі әсер етеді. Қазіргі таңда мекеменің орташа жалақы мөлшері, өндірістік персонал үшін 13,5% ал, әкімшілік-басқару персоналдары 16% өскен.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағытыол жастарды білім, тәрбиеге баулып, мәдени-рухани дамуына, кәсіби біліктілігін арттыруына ықпал ету, нәтижесінде олардың әлеуетін мемлекетіміздің қарқынды дамуына бағыттау.

Бүгінгі күні әлемде еңбектің барлық секторларында адами ресурстарға, оның ішінде жас дарындарға күрес болып жатыр. Осы орайда, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттің басты приоритетті міндеттеріне айналды.

Бұл ретте, жастардың мемлекеттік қызметке келуін оңтайландыру мақсатында 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң)бірқатар өзгерістер енгізіліп, соның негізінде жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы бағамен аяқтаған (GPA 3.33 төмен емес) түлектер бір жыл ішінде аудан, ауылдағы төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігін алды.

Сол сияқты, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік грантпен үздік аяқтаған мемлекеттік қызметшілер де бір жыл ішінде жоғарғы лауазымдарға конкурссыз, уәкілетті органның келісімімен тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі таңда, республикада осы мүмкіндіктерді пайдаланған 412 түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасса, Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген 30-ға жуық мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға конкурстық іріктеуден өтпестен тағайындалды. Соның ішінде,
Түркістан облысында 33 түлектің орналасуы жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысы «Жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Ол үшін жастарды олардың өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керектігін» баса айтқан болатын.

Бұл ретте, жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында, биылғы жылдың
1 наурызынан басталған Өңірлік кадр резервінің іріктеуіне 35 жастан аспаған, жоғары білімді, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар 634 жас өтініш білдірсе, соның 30 іріктеудің нәтижесіменрезервке алынды.

Резервке алынғандарға Заңның 15-бабына сәйкес, сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі берілген.

Осыған баланысты, бүгінде резервке қабылданғандар арасынан
7 резервші, яғни оның 2-уі мемлекеттік қызметке алғаш рет, ал 5-уі төменгі лауазымнан келесі тұрған жоғарғы санаттағы лауазымға конкурссыз орналасты.

Айта кету қажет, мемлекеттік қызметшілер қатарында білімді, өзін-өзі дамытуға дайын жастар көп. Олардың бірқатары осыған дейін Президенттің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып іріктелініп алынған Президенттік жастар кадр резервінің 400 резервшісі.

Қазіргі таңда олардың 280ге жуығы, яғни 70%-ы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарда болса, бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етуде.

Президенттің 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың
2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік қызметті кәсібилендіру тетіктерінің бірі ретінде мемлекеттік қызметте ерте кәсіптік бағдарлау институтын енгізе отырып, жастардың мемлекеттік секторда жұмыс істеу қажеттілігікөрсетілген.

Сондай-ақ, жастарды мемлекеттік органдарға тарту үшін мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылатыны айтылған.

Өз кезегінде, Департаменттің бастамасымен 2018 жылы
«Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебі құрылып, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Оған әр жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жоғарғы курс студенттері тартылып, мемлекеттік органдардаөндірістік тәжірибеден және Мемлекетік басқару академиясының филиалында дайындық бағдарламаларынан өтуде. Ендігі жерде оларзаңнаманы білу және жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтіп, мемлекеттік сектордағы таланттар пулына қабылданады.

Бүгінде, Түркістан облысында 6 мыңнан астам мемлекеттік қызметші болса, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2 мыңнан асады (38,5%).

Осы орайда, жастарды мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтарды пайдаланып, ел игілігі жолында жұмыс істеу үшін мемлекеттік қызметке түсугешақырамыз!

А. Наурызбаев

ҚР Мемлекетік қызмет істері

агенттігінің Түркістан облысы

бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы

Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Сондықтан тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Тамақтың құрамының құндылығы басты назарда болғаны дұрыс. Тиімді, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, организмнің қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және организмнің қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді. Әсіресе, «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы»- демекші, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін – оны назардан тыс қалдыруға болмайды.

Дәл осы мақсатта, Жетісай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары “Қоғамдық тамақтану обьектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларын бекіту туралы ” ҚР ДСМ -нің 2022 жылғы 17 ақпандағы N ҚР ДСМ-16 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы ҚР ДСМ-нің м.а 2023 жылғы 4 сәуірдегі N 58 бұйрығы мектеп асханасындағы астан уланудың алдын алу мәселесі бойынша» аудандағы білім ордаларының асхана қызметкерлері арасында семинар өткізуде.

« – Жалпы мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануы мен денсаулығы, олардың дұрыс өсіп жетілуі бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Күнделікті тамақтың сапасы мен берілу мөлшері мектептік құрылған бақылау топтары мен мектеп медбикесі тарапынан бақылауға алынғануы тиіс. Сонымен қатар тамақтың сапасын анықтап отыру мақсатында бракераждық комиссия құрамы құрылған. Комиссия құрамындағылар айына екі рет асхана тамағының сапасын тексереді және тексеру нәтижесінде акт толтырылады. Айына бір рет тамақтану мен тамақ пісіру орнына тазалық жасалынып, дезинфекцияланып отыру көзделіп, іске асуы керек. Мектеп асханасында ұсынылатын тағамдардың сапасы нормативке сай, ыстық тағамдар түрі күнделікті өзгеріп отыруына назар аударыңыздар. Мектеп оқушыларын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетті. Оқушыларға мектеп асханасынан қайнатылған су тұтынылу тиіс. Дұрыс тамақтану бойынша, айтылған ережелерді орындай білген адамдардың ғана денсаулығы берік бола алады. Сондықтан да дұрыс тамақтану – әр адамның болашағы және ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы екенін ұмытпаған жөн.» – деді мамандар.

Расында дұрыс тамақтану адамның өмірлік қажеттігі және денсаулық кепілі. Ас-адамның арқауы, ағза дене жүктемесінде ғана емес, тыныштық жағдайында да шығындайтын қуат көзі. Дұрыс тамақтану жүрек-қантамыр, асқазан-ішек жолдары, қантдиабеті, остеопороз, онкологиялық аурулардың алдыналу үшін, сыртқы орта әсеріне қарсы тұру үшін, ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттыру үшін, белсенді ұзақ өмір сүру үшін қажет. Салауатты тамақтану және жоғары дене белсенділігі, спорт пен шұғылдану, күйзеліс пен күресе білу, темекіден, ішімдіктен бас тарту жолымен салауатты өмір салтын ұстану арқылы аурулардың алдын алып, денсаулықты және тартымды келбетті сақтап, сұлу да сымбатты, тәні мен жаныжас, белсенді болып жүруіңізге болады.

АПВ – ға қарсы вакцинацияны ұйымдастыру туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Жетісай ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мен аудандық аурухана дәрігерлері аймақтағы бірқатар мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарда және денсаулық сақтау мекемелерінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациянының маңыздылығы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай маңызды кездесудің бірі “Алпамыс батыр” жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылды. Яғни, мамандар мекеме психологы мен педагогтарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бас санитариялық дәрігерінің «2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 ” Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу туралы» қаулысы негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізді.

Адам папиллома вирусы – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. Адам папиллома вирусы сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. Адам папиллома вирусын жұқтырған кезде пайда болатын аурулар: Жыныс сүйелдерінің пайда болуы; Тыныс алу жолдарының папилломатозының дамуы; Ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы. Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. Адам папиллома вирусы адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені адам папиллома вирусы инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді.

Ал, оның жұғу жолдарына тоқталсақ. Адам папиллома вирусы тұрмыстық байланыс, жыныстық қатынас және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады. Негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас. Әдетте, адам папиллома вирусы алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдары да анықталған. Мысалы, вертикалды жолы – адам папиллома вирусы жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туылған нәрестеге жұғуы мүмкін.

« – Жоғары онкогендік қауіпті адам папиллома вирусын жұқтыру ол жұқтыратын жасушаларда өзгерістер (обыралды зақымданулар) тудыруы және обырды тудыруы мүмкін. Адам папиллома вирусына жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары біздің әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 600-ден астам әйел қайтыс болады. Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялардың арасында 2-ші орында тұр. Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинациялау. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруына байланысты екендігі ғылыми дәлелденген. Обыралды аурулар сирек симптомдармен бірге жүретіндіктен, адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жүргізілген болса да жатыр мойны обырына үнемі скрининг жүргізу маңызды.» – дейді мамандар.

Дәрігерлер профилактикалық егулерден кейін аз уақыттың ішінде организмнің жеңіл реакциясы болуы мүмкін екенін ескертеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде адам папиллома вирусына қарсы вакциналардың 270 миллион дозасын қолдану жағымсыз реакциялар тудырмады. Қарсы көрсетілімдерге келетін болсақ, өндірушінің нұсқауларына сәйкес адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны енгізуге келесі қарсы көрсетілімдер анықталды. Біріншісі әсер етуші заттарға немесе вакцина құрамына кіретін кез келген қосалқы заттарға жоғары сезімталдық, одан кейін вакцинаны алдыңғы енгізуге анамнезінде анафилактикалық реакция, сондай-ақ жіті инфекциялық ауру немесе орташа немесе ауыр дәрежедегі созылмалы аурудың өршуі, дене температурасының 38 °С жоғары көтерілуі, сонымен қатар 9 жасқа дейінгі балалар, яғни вакцинаны қолдану 9 жасқа дейінгі балаларда зерделенбеген.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау үшін төрт валентті вакцина қолданылады. Жалпы, адам папиллома вирусы қарсы вакциналарда тірі вирустар жоқ, қарсы вакцинаның құрамында иммунды белсенді ететін жекелеген вирус ақуыздары пайдаланылады, вакцина ауру тудырмайды. Бүкіл әлемде адам папиллома вирусына қарсы алты вакцина қолданылады. Олардың барлығы жиі жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына жоғары қауіпті 16 және 18 типтерінен қорғайды.

« – Көп жағдайда адам папиллома вирусы инфекциясын емдеудің қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдардың 90%-інің иммунитеті екі жыл ішінде инфекциямен өздігінен күреседі. Алайда жыныстық қатынаста жаңа серіктес пайда болса, АПВ қайтадан жұғуы мүмкін, сондықтан сақтану әрдайым маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, адам папиллома вирусы – «өте қу». Адам папиллома вирусы түрлерінің көбінде симптомдары байқалмайды және вирус денсаулыққа еш кесірін тигізбеуі мүмкін. Сол үшін тұрақты түрде скринингтен өтіп отыру керек. Адам папиллома вирусы инфекциясының 100-ден астам серотипі бар, оның 15-і қатерлі ісікке себеп болып жатады. Жоғарыда атап өткеніміздей, адам папиллома вирусы серотиптерінің көпшілігі 1-2 жыл ішінде өздігінен жазылып кетеді, ал қатерлі ісік тудыруы мүмкін серотиптер ағзада көпке дейін сақталып, қатерлі ауруларға себеп болуы ықтимал. Онкогенді адам папиллома вирусы – инфекцияның қатерлі ісік пайда болуы мүмкін түрі. Онкогенді емес адам папиллома вирусы – бұл инфекцияның қатерлі ісік тудырмайтын түрі. Дегенмен оның салдарынан адам терісіне түрлі формадағы сүйел шығуы мүмкін.» – дейді дәрігерлер.

Жатыр мойны обырын анықтайтын скрининг – дені сау әйелдерді тексеруге арналған бағдарлама. Акушер-гинеколог дәрігерлердің сөзінше, көпшілігі скрининг тек басталып кеткен қатерлі ісік ауруын анықтай алады деп ойлайды, алайда бұл – қате пікір. Дәл осы анализ арқылы нормадан ауытқыған жасушаларды (жатыр мойны дисплазиясы немесе басқаша айтқанда, қатерлі ісіктің бастамасы) анықтауға болады. Бұл дер кезінде анықталса, оны емдеуге болады және қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Өйткені жатыр мойны обыры бірден емес, ондаған жылдар бойы дамиды. Қазақстанда жатыр мойны обырының ұлттық скрининг бағдарламасы бар және 30-70 жас аралығындағы әйелдің бәрі төрт жыл сайын тегін тексеруден өте алады. Cкринингке 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жастағы әйелдер шақырылады. Скринингтен өту үшін өзіңіз тіркелген емханаға хабарласуыңыз керек, онда арнайы щетка көмегімен әйелдің жатыр мойнынан жағынды алады, содан кейін оны зертханаға жібереді. Бұл ауырсындырмай жасалатын процедура және оның ұзақтығы 5 минуттан аспайды. Талдау нәтижелері шамамен бірнеше апта ішінде дайын болады. Дәрігер тұрақты скрининг кезінде жатыр мойнының сол кездегі күйін тексереді және бұл жатыр мойны обырының асқынып кетпеуі үшін дер кезінде емдеуді бастауға көмектеседі. 30 жасқа дейінгі әйелдер де жатыр мойны обырының бар-жоғын тексере алады. Алайда бұл мемлекет тарапынан төленбейді. Кейбір елде бұл тексеруді 21 жастан бастау туралы бастама көтерілген. 21-25 жаста тек цитологиялық анализден (ПАП-тест) өту ұсынылады, ал 25 жастан асқанда АПВ сынамасын қосуға болады.

Жатыр мойны қатерлі ісігі – жатыр мойнының эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Бұл дерт қазақстандық әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі. Жатыр мойны ісігі әдетте өте баяу дамиды. Адамда қатерлі ісік пайда болғанға дейін оның жатыр мойнының жасушалары бірқатар өзгеріске ұшырайды. Жасушалар қалыпты жағдайдан өзгеріске ұшыраса, бұл «дисплазия» деп аталады. Жатыр мойны қатерлігі ісігі дүниежүзі бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші тұр. Мысалы, 2020 жылы дүниежүзінде шамамен 604 000 науқаста жатыр мойны қатерлі ісігі болса, оның 342 000-і ауру салдарынан қайтыс болған. Сонымен қатар тек 2013 жылдан бері Қазақстанда жатыр мойны ісігі 4 359 әйелдің өліміне себеп болған.

Қазіргі таңда адам папиллома вирусына қарсы екпе 130-дан астам елде қолданылады. Ал оның ішіндегі 86 мемлекетте екпе тек қыздарға емес, ұлдарға да салынады. Себебі инфекция ұлдардың да жыныс мүшесі, анус, ауыз, жұтқыншақ, көмей қатерлі ісіктеріне шалдығуына себеп болуы ықтимал. АПВ вакцинасы көбіне 9-14 жаста салынады.

« – Адам папиллома вирусы көпшілігі ойлайтындай жыныстық жолмен ғана емес, жай ғана адам денесімен тығыз қатынас кезінде де жұғуы мүмкін. Ал осы күні Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация қажет екеніне көзіміз жетіп отыр және бұл бағытта жүйелі жұмыстар басталып кетті. Бұл екпені, ең дұрысы, жыныстық өмір басталғанға дейін салу керек. Неге десеңіз, статистика адам шошырлық – дүниежүзінде әрбір жетінші адам қатерлі ісіктен өледі. Бұл ЖИТС, туберкулез және безгектен көз жұмғандардан да көп. Хаттама бойынша вакцинация 9 жастан 12 жасқа дейін жүргізіледі. Вакцинация үшін бұл жастың таңдалуының басты себебі – вакцина алғашқы жыныстық қатынасқа дейін салынуы керек. Вакцина тегін салынады, бірақ ата-анасының келісімі керек. Егер ата-анасы балаға екпе салуға рұқсат бермесе, қыз кәмелет жасына толғанда, екпені өзі салдыра алады», — дейді мамандар.

Уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстанның энергия тұтынуына әсер еткен жоқ

Баршаға мәлім, елдегі электр энергиясын тұтыну халықтың күнделікті өмір тіршілігімен тікелей байланысты. Ең жоғары жүктемелер таңертеңгі және кешкі сағаттарда, тұрмыстық тұтыну деңгейінің жандануына кезінде болады.

Бұған дейін жүргізілген уақытты бір сағатқа артқа ауыстыру электр жүйесінің жұмысында ешқандай үзіліс немесе тұтынушыларға шектеулер тудырмады. Ең жоғары жүктемелер сол деңгейде қалды, жалғыз өзгеріс кешкі ең жоғары тұтынудың ертерек басталуы болды. Дегенмен, бұл өсім таңертең тұтынудың төмендеуімен өтелді.

2023 және 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі мәліметтерді талдау электр энергиясын тұтынудың 4%-ға тұрақты өсуін көрсетеді. Бұл өсім уақыт белдеулерінің өзгеруіне байланысты емес, халықтың және жалпы ел экономикасының тұтынуының табиғи өсуіне байланысты.

Мысалы, әкімшілік уақыт бір сағатқа артқа жылжытылмаған ЕЭС Батыс аймағында тұтыну өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға өсті.

Сонымен қатар, электр энергиясының бірыңғай сатып алушы механизмі енгізілгеннен кейін көршілес елдерден электр энергиясының импорты өсті, өйткені ең жоғары сағаттарда тапшылықты жабу үшін көрші елдерден электр энергиясының жоспарлы ағындарын ұйымдастыру мүмкін болды және электр энергиясын тасымалдауға мүмкіндік берді. Жоспарланған кезеңдерге сәйкес республикадағы барлық ірі электр станцияларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу.

ҚР Энергетика министрлігі

СОЗАҚ АУДАННЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМДАР АЙҚЫНДАЛДЫ

Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессия отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков және аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жүргізіп, күн тәртібінде сегіз мәселе қаралды. Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды шаралар талқыланды. Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, жыл соңына дейін атқарылатын істер жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Айта кетейік, Созақ ауданында жыл соңына дейін аймаққа қажетті жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар жеткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, “Созақ сәулет” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына LONKING доңғалақты тиегіш, Shacman 6×4 аударғыш жүк машинасы, DongFeng негізіндегі ассенизатор, Шынжыр табанды Shantui бульдозер, КАМАЗ 65115 аралас жол машинасы (суару, жуу, қар тазалағыш), сондай-ақ КАМАЗ-43253 қоқыс тасығыш және CAMAZ 53605 артқы жүк көлігі мен тиегіш экскаватор алынбақ. Бұл жаңашылдықтар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға және коммуналдық қызметтерді тиімді көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, барлық 12 кент және ауылдық округтерге Беларус-922,3 маркалы тракторлар жүк салғыш және жетегімен қоса жеткізіліп, “Шолаққорған-Су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қажетті JCB 3CX маркалы тиегіш экскаватор, жүк көтергіш машина мен тазартқыш ассенизатор машинасы да алынатын болады. Сонымен қатар, тасымалдауға арналған Газел Next автокөлігі мен тізбекті экскаватор да ауданның шаруашылық жұмыстарына қолдау көрсететін болады.

Жалпы, Созақ ауданын кешенді дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында да бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бірқатар ауылдық округтерде жабық үлгідегі кіші футбол алаңы мен мал тоғытуға арналған нысандар салу үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп, 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамту жұмысы да қолға алынып отыр.

« – Біздің басты мақсатымыз – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескере отырып, тиімді шешімдер қабылдау, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті басқарудың тиімділігін күшейту. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескеріп, бірге даму жолында аянбай еңбек етеміз. Алдағы уақытта да сіздермен бірге ауданымызды өркендетуге бағытталған жұмыстарды жалғастыратын боламыз.» – деді, Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы өз сөзінде.

Сондай-ақ білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін аудандық мәслихаттың депутаты Қарлығаш Нышанбайқызын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапаттап, құрмет көрсетті.

Сессияның күн тәртібіне ұсынылған негізгі мәселелер арасында 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет пен Созақ ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту сынды бірнеше шешімдерге өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Оған қоса, терроризмге қарсы, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі, есірткі бизнесімен күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты комиссия құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Аудандық мәслихат депутаттары сессияда қаралған мәселелер бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жұмыс барысы жан-жақты талқыланды. Барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар айқындалды. Сессия соңында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.