Архив рубрики: Ақпарат

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ 15 ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АВТОКӨЛІГІ ТАПСЫРЫЛДЫ

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 15 жедел жәрдем автокөлігі тапсырылды. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын аталған мекемеге 122 автокөлік беріліп, жедел жәрдем автокөлік паркі жаңартылған болатын. Енді жаңа автокөліктер Түркістан облысының аудан, қалаларына жіберіледі. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, жедел емдеу шараларын көрсетуге үлес қосады.
Жалпы Түркістан облысы бойынша жедел медициналық жәрдем станциясының 5 бекеті және 17 бөлімшесі, жалпы 22 нысаны бар.
Жедел медициналық жәрдем станциясы 2 миллионнан астам тұрғынға қызмет етеді. Жаңа ғимарат заманауи технологиямен жабдықталған. Қызмет көрсету радиусы 100 км шақырымды құрайды, рациямен толық қамтамасыз етілген.
Санитарлы автокөліктердің барлығы GPS навигациясымен 100% қамтылған. Түркістан облысы бойынша ЖМЖС-да 140 жедел жәрдем бригадасы бар, оның 34-і дәрігерлік болса, 106 фельдшерлік бригада елге қызмет етіп жатыр.

ШАРДАРАДА ЕСІРТКІ САТУШЫ ҰСТАЛДЫ

Шардара аудандық прокуратурасы мен полиция бөлімінің бірлескен іс-қимылының арқасында 2023 жылы қаңтар айының 23-нен 24-не қараған түні Шардара қаласында «Р.М.»-деген тұрғынның үйін тінту қорытындысымен: өткізуге әзірленіп, дайындалған 12-бөлшекке бөлінген есірткі затына ұқсас заттар тәркіленіп алынған. Сот-сараптамасына сәйкес, тәркіленіп алынған заттың есірткі зат екені бекітілді. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен (есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз сақтау және бірнеше рет өткізу) тергеу амалдары басталды.
«Р.М.» есімді азаматша 24.01.2023ж. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына күзетпен ұсталып, тергеу судьясының санкциясымен 2 айға, яғни 24.03.2023 жылға дейін қамауға алынды.
«Есірткі затын өткізу мақсатында сақтау ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ең ауыр жаза ретінде 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген»-деп хабарлайды Шардара ауданының прокуратурасы.

18 ЖАСҚА ТОЛМАҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АВТОБУСТА ТЕГІН ЖҮРЕ АЛАДЫ

Қарағандыда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін қалалық көлікте жол жүру тегін болады. Ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Бұл шара бірқатар жанұяларға, әсіресе көп балалы отбасыларға үлкен қолдау болып табылады.

– Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі 110 мыңға жуық тұрғын бар. Автобустарды жаңарту мен электронды билеттердің енгізілуіне байланысты мен оқушылар үшін Қарағанды бойынша тегін жол жүруді қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. Өңір басшысы өзінің шешімі туралы № 44 апатты мектептің педагогикалық ұжымымен және оқушыларының ата-аналарымен кездесу барысында хабарлады.

1948 жылғы ғимарат қалпына келтіруге келмейді. Оның орнына жаңа оқу орнын салу жоспарлануда. Оқушылар мен мұғалімдер № 64 мектепке ауыстырылды. Ол 600 адамға арналған, сондықтан орын тапшылығы жоқ.

МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖДЕРДЕ «АЛАШТАНУ» ЖӘНЕ «ТҰЛҒАТАНУ» ПӘНІ ОҚЫТЫЛАДЫ

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
«Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешім қабылдадым. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу», — деді ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында.

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӘКІМДІ ӘНМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Шымкент қаласының Тұран ауданына жақында тағайындалған Боранбай Булатбековтің тұрғындармен кездесуі «тойдан» кем түспеді. «Қазығұрт» шағын ауданының тұрғындары жаңа әкімді әнмен қарсы алып, «шашу» шашқан. Бұл туралы журналист Мақсұт Айтжанов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

Сондай-ақ, журналист бұған дейін тазаланбаған көше мен жаяу жүргіншілер жолының мәселесін айтқан. Әкім келеді деген соң, тазалық мамандары көшедегі мұдарды ойып, іске кіріскенін айтқан ол, «БАЛА ЖЫЛАСА ДА, ӘКІМ ЖЫҒЫЛМАСЫН»- деп жазба қалдырған.

 

 

ТӨЛЕБИДЕ ҚЫМЫЗ ҚҰЙҒЫШ РОБОТ БАР

Түркістан облысы, Төлеби ауданында қымыз құйғыш робот бар. Оның есімі — «Асылбек». Кез келген адам аталмыш роботқа арнайы пластикалық картаны жақындатса «Асылбек» сөйлей бастайды. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы мағлұмат береді. Осыдан соң,  ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусынды құйып береді. Ұлттық сусынды насихаттайтын бұл роботты

Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек жасаған. Оған ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекова көмек берген екен.
Жансұлтанда мұндай идея мектепте өткен роботтар көрмесі кезінде туындаған. «Асылбек» қазір оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиеті бар қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді.
«Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік,» – дейді Жансұлтан Төребек.
Оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленген.

Журналистерге жауап бермейтіндер жауапкершілікке тартылады

Енді журналистің сауалына міндетті түрде жауап беріледі. Жауап беру мерзімі қысқарады. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады.Бұл туралы Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты.
 
Сонымен бірге, министр алдағы уақытта журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті. «Мұның барлығы журналистің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр», — деді Дархан Қыдырәлі.

«Pressa» деген жазуы бар көлікті кез-келген жерге қоюға бола ма?

«Масс медиа туралы» ҚР заң жобасы аясында журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отыр. Заң жобасында  журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар бар.Бұл туралы Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді. Министрдің сөзінше, «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез-келген жерге қою немесе мекемелерге кіру сияқты көптеген жеңілдіктер қарастырылмақ.
ТAQ.KZ

ЖАСТАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР САЛАЛАР МАҢЫЗДЫ ЕМЕС ПЕ?

Елімізде резервшілерді жұмысқа орналастыру барысында түрлі қиындықтар туындайды екен. Кейбір мемлекеттік органдарға 10 резервші тағайындалса, енді бір органда бірде-бір резервші тағайындалмаған.Ал,  әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау, энергетика, білім беру сынды салалардағы резервшілердің саны тым аз болып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мәлімдеді. Айта кетейік, биыл президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу жүргізіледі. Енді, кадр резервін іріктеу барысында салалық топтар нақты жіктелмек.

35 МЕКЕМЕГЕ 53 ҮМІТКЕР

Түркістан облысында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсының «Әңгімелесу» кезеңі өткізілді. Конкурстың шешуші кезеңі фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев  жалпы ұстаздарға маңызды жауапкершілік жүктелгенін, басшыларды тағайындау әділ жүргізілуі тиіс екенін айтты.
Айта кетейік, «Әңгімелесу» кезеңіне 53 үміткер қатысуда. Олар 35 мекемеге басшы болудан үмітті. Үміткерді бағалау ашық дауыс беру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар бағалау парағы қоса тіркеледі.
Айта кетерлігі, талапқа сәйкес үміткерлер «Әңгімелесу» кезеңіне дейін конкурстың құжат тіркеу, тест, қамқоршылық кеңестен келісім алу кезеңдерінен өткен. Олардың арасында еңбек өтілі 30 жылдан асқан аса тәжірибелі ұстаздар бар.