Архив рубрики: Кәсіпкерлік

Н.КӨШЕРОВ: «АЛДЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛУ КЕРЕК»

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Президент тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Онда облыс әкімі барлық жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстағы колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді, инвесторларға алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алу бойынша талап қоюды міндеттеді.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, оларды жастар арасында танымал ету және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады»,- деп атап көрсеткендей, еңбек адамы бүгінде көпке үлгі болуы тиіс. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы маңызын дәріптеуіміз керек. Жауапты басшыларға колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді тапсырамын. Өңірімізде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізіңіздер. Жұмысшы мамандақтарын белсенді дамыту керек. Инвесторларға ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту бойынша талап қою қажет. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты еңбек ақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан асады. Соның ішінде 200 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мәжілісте баяндалғандай, бүгінгі таңда облыстағы жұмыс берушілерден 3600-дей жұмысшы мамандықтарға қажеттілік анықталған. Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысы осы қажеттілікке қарай реттеледі. Яғни, қажетті мамандар еңбек нарығының сұранысына қарай даярланады.
2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның 57% -ы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. «Еңбек» бағытындаға бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орындары мен 32 448 субсидияланған жұмыс орындары бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 125 инвестициялық жоба негізінде 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Олардың тең жартысы – жұмысшы мамандар. Сұранысқа сәйкес жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланды. Яғни, жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтеліп, әрі қарай, жеке инвесторда тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1 400 жұмыс орындары ұсынылды.
Бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысында барлық аудан, қалаларында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынуда.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100 МЫҢ ТОННА ҚҰС ЕТІН ӨНДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасымен Түлкібас ауданында да жобалар жоспарлануда.
«Қарқын Трейд» ЖШС биылғы жылдың күз айларында Жабағылы ауылының маңынан жылына 100 мың тонна құс етін өндейтін өндірістің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Бүгін аталған кәсіпкерлер аудан әкімі Асқар Естібаевтың қабылдауында болып, жобаны іске асыру барысын талқылады. Ауданның басты даму жоспарына енген жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жерде өндіріс ошағы негізгі төрт бөліктен яғни, құс ұстау орны, жем шығаратын цех, балапан ашатын орын (инкубатор) және қасапханасынан тұрмақ. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 268 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кәсіпкелермен жобаны егжей-тегжейлі талқылаған аудан басшысы ол жердегі ашылатын жаңа жұмыс орындарының 95 пайызына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды ескертті. Жауапты мамандармен осы бастан қажетті инфрақұрылыммен (су, электр желісі) қамту жағын пысықтауды тапсырды.
Жоба иелерінің қосымша жер телімін қарастырып беру мәселесін назарға алып, бүгінгі таңда бөлінген 104 гектар жерге құрылыс жұмыстарын бастай беру керектігін атап өтті. Қажеттілігіне қарай қосымша жер телімі қарастырылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, өндіріс орны іске қосылған жағдайда ол жерде жұмысқа қабылданған азаматтар сол мекеме тарапынан мамандығына қарай арнайы курстардан өтеді.

САУРАНДА ЖИҺАЗ КЛАСТЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Сауран ауданының өндірістік әлеуетімен танысу барысында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Фабриканың директоры Икбол Абишев кәсіпорынның жұмысын таныстырып, фабриканың қазіргі жағдайы мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда «EDEM MEBEL» фабрикасында 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 000 теңгені құрайды.
Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орны болып табылады.
Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы 10 000 дана түрлі жиһазды құрайды, бұл көрсеткіш аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов фабрика жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ БАҒДАР

Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыстар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Жұмыспен қамту – басты міндет екенін айтқан облыс әкімі осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.
– Аудан, қала әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде және сапалы орындауы қажет. Сондықтан шұғыл түрде нақты шаралар қабылдап, орталықтың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыспен қамту – басты бағдар. Тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту керек. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, 2021 – 2025 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы қамтамасыз етілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту және әділ төлемақы төлеу – мемлекеттің басты саясатының бірі. Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БИЫЛ 40 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

Ордабасы ауданында 2024 жылдың 11 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 153,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,7 млрд теңгеге артқан. Бұл жайында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 66,8 млрд теңгеге жетті. Ал, егістік көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 591 гектарға артып, 71 591 гектарға жеткен. Сонымен қатар, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 456 гектарға 162 жоба жүзеге асырылып, 19 560 тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды. Одан бөлек, ауданда 6 400 гектар жерге мақта дақылы егіліп, 21 120 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, биыл ауданға жыл басынан бері 39,3 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 93,1 пайызға орындалды. Алдағы 2025 жылы инвестиция көлемін 53 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан өзге, алдағы уақытта инвестициялық құны 122,1 млрд теңгені құрайтын 949 жұмыс орнымен 12 жоба жүзеге асатын болады»,- деді аудан әкімі.

Аудан басшысының айтуынша, аймақтағы «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңгені құрайтын 6 кәсіпорын орналасқан. Оның ішінде, 2024 жылы «RZN» газоблок бұйымдарын өндіру жобасы іске асқан болатын. 2025 жылы аталған аймақта инвестициялық құны 6 млрд 800 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ.

Айта кетейік, аудандағы 57 елді мекеннің 54-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Келер жылы қалған 3 елді мекен республикалық бюджет есебінен сапалы ауыз сумен 100% қамтылмақ. Сонымен қатар, бүгінде 57 елді мекеннің 27-і табиғи газбен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 8 елді мекенді газға қосу жоспарлануда. Нәтижесінде елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 61,4%-ға жетпек.

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ҚҰНЫ 550 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 140-ҒА ЖУЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ ОРНАЛАСАДЫ

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Дәл осындай жобалардың бірқатары бүгін БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған пресс-тур аясында таныстырылды. Бүгінде арнайы аймақта инвестициялық құны 550 млрд теңгені құрайтын 137 жоба бар. Нәтижесінде 5000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тарқата айтсақ, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен-металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндіретін зауыт жұмысы таныстырылды. Бұл жобаның жалпы құны – 8,33 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, аймақта құны 6,7 млрд теңге болатын «Алтын дала мақта» ЖШС – ПВХ құбырларын өндіру зауыты және құны 147 млрд теңгені құрайтын «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ң мақта кластерін құру бойынша жобалары таныстырылды.

Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады. Сондай-ақ, жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. «TURAN» АЭА жалпы аумағы – 3 987 гектар. Жоспарланған жобалардың іске қосылуы арқылы аймақ Қазақстанның инновациялық және өндірістік хабына айналмақ.

ЖОЛДАУ: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАҒБАНДАР 30 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ АЛМА ЖИНАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі ауылшаруашылық саласына баса назар аударылуы қажеттігі тілге тиек етілген болатын. Аталған сала бойынша Түркістан облысы көш басындағы өңірлердің қатарында.

Тамаша табиғатымен ерекшеленетін Түлкібас ауданының бағбандары 30 мың тонна алма жинап үлгерген. Жалпы Түлкібас ауданында өнім беріп тұрған 3 062 гектар алма бағы болса, соның 700 гектарын қарқынды алма баулары құрайды. Бүгінде ауданда қарқынды бау көлемін ұлғайту мақсатында ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде аймақта қарқынды бау көлемі 55 гектарға ұлғайып отыр. Атап айтсақ, «Алмалы сай» АӨК 25 гектар жерге, «КенТау» ЖШС 30 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен алманың нарықтағы сұранысы жоғары голден және ред делишес сорттарын отырғызған.

Қарқынды алма бауларының бұрынғы дәстүрлі алма бауларынан артықшылығы өнімді 3-4 есе мол береді. Өйткені дәстүрлі алма баулардың түріне қарай 1 гектарға 500-1000 дана көшет отырғызылса, қарқынды алма бауында 1 гектарға 2000 дана көшеттен кем егілмейді. Сондай-ақ, қосымша тіреуіш бағаналар, тамшылатып суғару технологиясы орнатылады. Дәстүрлі алма бау гектарына 10-15 тонна өнім берсе, қарқынды алма бауы 30-40 тоннаға дейін өнім береді.

Созақ ауданын дамытуға бағытталған жобалардың барысы бақылауға алынды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары және мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиын барысында аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланып, ауданның инфрақұрылымдық және әлеуметтік даму бағытында іске асып жатқан маңызды жобалар мұқият қаралды.

Ағымдағы жылы Созақ ауданында ауқымды істер атқарылып, жаңа жұмыстар да жүйелі түрде орындалып келеді. Айта кетейік , Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған өңір болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Одан бөлек шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, демеушілер есебінен де атқарылып жатқан істер жетіп артылады.

« – Аймақтың әлеуетін арттыра түсетін және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, инфрақұрылымдарды жақсартуңа себеп болатын инвестиция тарту бағыты да қарқынды орындалып жатыр. Мысалы, 2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде. Ауданның бірқатар маңызды мәселелері кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асып жатқаны тағы бар. Айталық, осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.» – деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков

Сонымен қатар, Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырды. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылып жатыр. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған – Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, аудандағы салалық бөлімдердің мәлімдеуінше келер жылы барлық ауылдардың ішкі көшелерін 100 пайыз жарықпен қамтамасыз ету қолға алынып, барлық округтерді тазалыққа қажетті техникалармен қамту жоспарланып отыр. Биыл, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру сынды жобалар іске асырылуда. Аудан орталығында және Жеткіншек елді мекенінде 16 көшеге асфальт жабындысы төселіп, 35 көшеге жаңа жарықшамдар орнатылды.

Сонымен қатар, биыл аудандағы ауқымды істердің бірі жеке инвесторлар арқылы екі пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыстың сәулеті мен сапасына аудан әкімі ерекше көңіл бөліп, аталған нысандардың уақытында аяқталуын басты назарға алып отыр. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Ішкі жұмыстардың қарқыны да арта түскен. Су және жылу жүйелері жүргізіліп, қабырғаларға түсқағаздар жабыстырылуда. Едендері төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне басымдық берілуде. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды. Бұл баспаналар көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қуанышқа бөлемек.

Сонымен қатар,  биыл 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын жаңа спорттық кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, тіпті халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік бермек. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды да басты назарға алып, мердігер мекеменің өкілдері мен жауапты сала мамандарына нақты тапсырмаларды уақытында жүзеге асыруды бақылап отыр.  Қазіргі таңда жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын спорт кешенінің металл құрылымдары орнатылған. Бұл жаңа кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Аудандағы тағы бір ауқымды жоба «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы. Бұл бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жұмыстарға баса мән беру керектігін де атап өтті. Сондай-ақ жұмыс барысын ширату, жоспарлар мен жобаларды уақытында және сапалы аяқтау керектігін ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ел Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керектігін тапсырған болатын. Осы ретте Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы өнеркәсіп саласында құны 30,8 млрд. теңге болатын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 390 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Тарқата айтсақ, ауданда «Асылбастау» ЖШС тарапынан «Суды автоматтандыру» және «Сүт өнімдерін өндіру» жобалары жүзеге асырылып, 15 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, ауданда биыл «БИЛОЛ» ЖК «Болат шарларының өндірісі» қолға алынып, 45 адам жұмыспен қамтылады деп көзделген. Сондай-ақ, «Masha Allah Rolling Metal Industris» компаниясы» «Алюминий қалдықтарын өңдеу» жобасын қолға алып, 50 адамға жұмыс беріледі. «Nise constructions» компаниясы тарапынан да «Бұрғылау қондырғыларын жасап шығару» іске асып, 10 адамға жұмыс беріледі.

Одан бөлек, ауданда «Al Riaz» ЖШС мекемесі «Тұздан емдік мүсіндер жасап шығару» жобасы қолға алынып, 10 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Smart Re Energy» ЖШС тарапынан «Гидротурбина шығаратын завод» жобасы іске асып, 15 адам жұмысқа қабылданады. OOO «GOLD STAR OIL» компаниясы тарапынан және Өзбекстан мемлекетінің иинвесторлары есебінен «Шифер зауытын салу» жобасы жүзеге асырылып, 20 адам жұмыспен қамтылмақ.