Архив рубрики: Қоғам

2,6 миллионнан астам адамға 307 миллиард теңгеге жуық ақша төленеді

Қазақстандықтар депозит бойынша 10 пайыздық өтемақыны Наурыз мейрамына дейін алады. Теңгелік салымдар бойынша өтемақы есептеуге арналған қаражат банктерге түсті, деп хабарлайды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

«Өтемақы төлеу рәсімінің аяқталып келе жатқанын қуана хабарлаймыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 15 наурызда банктерден салымшылардың ақтық тізілімін алып, оларды операторға жолдады. Жақын күндері банктер төлемдерді толық көлемде аяқтайды», – деді қор төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

Туысы жоқ адамдарды жерлеу шаралары бюджет есебінен жүргізіледі

Астана қаласы әкімдігі Ашық НҚА порталында қайтыс болған адамды жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын қоғамдық талқыға ұсынды. Жобада адамды жерлеу тәртібі баяндалған, — деп хабарлайды informburo.kz сайтына сілтеме жасап taq.kz тілшісі

Ережеге сәйкес, Астана қаласының әкімдігі әрбір қайтыс болған адамды жерлеу үшін зират қорымынан кемінде 6 шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі. Зират қорымындағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсынан алуға болады.

Қайтыс болған адамды жерлеу үшін оның жақындары зират әкімшілігіне «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәлікті немесе №045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті өткізуі тиіс. Оның негізінде зират әкімшілігі қайтыс болған адамды жерлеу туралы есеп жүргізеді. Ол келесі мәліметтерді қамтиды:

  • жерлеу жылы, айы, күні;
  • зираттың нөмірі;
  • қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты;
  • туған және қайтыс болған күні;
  • өлімнің себебі;
  • «электрондық үкімет» порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәліктің нөмірі, күні және кімнің бергені;
  • марқұмның жақын туыстарының тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, БСН, мекенжайы.

Пітір садақа мөлшері 535 теңге болып белгіленді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2023 жылғы пітір садақа мөлшерін жариялады.

«Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады», – деді бас мүфти.

Түркістан облысындағы 62 елдімекенде байланыс жоқ

Түркістан облысында интернетпен қамтылмаған 177 ауылдық елдімекенде небәрі 145 968 тұрғын тұрады. Ол елдімекендердің 115-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 елдімекенде байланыс мүлде жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.
«Аталған 62 елдімекеннің 43-і министрлікпен айқындалған талаптарға сәйкес келмеуіне, халық санының аздығына байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартып отыр. Қалған 19 елдімекенді алдағы жылдары ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталып жатыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін, бірақ техникалық мүмкіндігі жоқ 134 елдімекен бар. Қазіргі уақытта осы елдімекендерді сапалы интернетпен қамту мақсатында салалық министрлікпен және Түркістан облысы әкімдігі арасында жол картасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023-2027 жылдар арасында облыста сапалы интернетпен қамту деңгейі 99,8% жетеді деп жоспарлап отырмыз. Түркістан облысы бойынша 3G стандартын қолданатын 437 елдімекеннің базалық станцияларын 2023-2029 жылдар аралығында 4G стандартына модернизациялау жоспарланған. Тұрғындарды қосымша интернетпен қамтамсыз ету бойынша тиісті мекемелермен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде», — деді басқарма басшысы.

Елімізде мүфтилер алқасы құрылды

ҚМДБ жанында жұмыс істейтін алқаға Наурызбай қажы Тағанұлынан бөлек, бұрынғы үш мүфти мүше болып енді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған мүфтилер алқасы өз жұмысын бастады. Оған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ержан қажы Малғажыұлы және Серікбай қажы Ораз мүше болып енді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

«Мүфтилер алқасының мақсаты – мұсылман жамағатының рухани бірлігін нығайту, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, еліміз бен жеріміздің рухани дамуына үлес қосуда мүфтилердің дін саласындағы тәжірибесі мен ақыл-кеңесін пайдалану.»

Үкімет отставкаға кетіп, жаңа құрам жасақталады

Мәжіліс сайлау өткен соң, үкімет отставкаға кетеді. Бұл туралы сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz сайты

“Біздің конституциямызға сәйкес жаңа сайланған мәжіліс жұмысына кіріскеннен кейін үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Президент кімді премьер-министр етіп ұсынады, қандай министрлер тағайындалатыны бұл президенттің құзіретінде. Келесі аптада бұл мәселе шешіліп қалар. Қазір үлкен сайлаудың алдында тұрмыз. Сайлаудан кейін президентіміз үкіметке байланысты шешімдер қабылдайды. Сондықтан осындай жауапты кезең алдында мен баға бермеймін”, — деді сенат төрағасы.

Полицейлер заңсыз аңшылыққа қатысты 100-ден астам құқық бұзушылық анықтады

Түркістан облысы аумағында браконьерлікті анықтау және жолын кесу, заңсыз аң аулау мен балық аулау жайттарына қарсы 24 ақпан мен 13 наурыз күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау тобының қызметкерлерінен арнайы мобильді топтар құрылып, өзендер, су айдындары және т. б. жағалауларда кешенді рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тәртіп сақшылары атқарған жұмыс нәтижесінде, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 101 дерегі анықталды. Оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзудың 47 жайты мен балық аулау бойынша 43 дерек анықталды.
Сондай-ақ 10 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Полицейлер браконьерлерден барлығы 18 келі балық, резеңке қайық, балық аулауға арналған 8 шанышқы мен балық аулау торларын тәркіледі.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады. Сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Түркістан облысында Наурыз мерекесіне орай білім беру мекемелеріне 71 автобус беріледі

Түркістан облысында 17 наурыз күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі.

«Мереке қарсаңында «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланады. 14 наурыз күні сағат 08.00-де «Наурыз – саулықтың кепілі» атты мерекелік жалпыұлттық жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Ал 17 наурыз күні «Наурыз — жаңару айы» атты барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады. Осы күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Сондай-ақ, 20 наурыз күні «Керуен сарай» кешенінде «Наурыз – жәрмеңке» атты I Халықаралық «Kazagro/kazfood» Turkistan сауда жәрмеңкесінің ашылуы өтеді», — деді Әзімхан Қойлыбаев.
Айта кетсек, өңірдегі мерекелік іс-шаралар ақсақалдар мен ардагерлердің, аға буынның ізгі тілектері, бата беруі — «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.

Еліміздің бірқатар аймақтарында жер сілкінісі болады деп күтілуде

Келесі апта Алматы қаласында, Алматы және Жетісу облыстарында 3-3,5 баллға дейін сезілетін жер сілкінісі күтілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы болжамдық комиссияның қорытындысынан кейін cейсмология институты мәлімдеді.

Институт директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, биылғы жылы Алматының болжамды диапазон аумағында күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді.

«Қазіргі таңда Алматы болжамдық полигонының аумағында (Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары) 47 станция жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады ТЖМ cейсмология институтының баспасөз қызметі.

Институт базасында төрт ғылыми зертхананың қызметкерлері мен сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (СЭМЭ) қызметкерлері кіретін тұрақты болжау комиссиясы жұмыс істейді.

Полицейлер есірткі зертханасын анықтады

Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, Бөлек ауылының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде синтетикалық есірткі құралдарын өндірген зертхананы анықтады.

«6 наурызда арнайы операция жүргізу кезінде Қарағанды облысының тумасы, 29 жастағы күдікті ұсталды. Тінту барысында үй аумағынан шыны колбалар түріндегі жабдықтар, кристалды нысандағы ақ түсті заттары бар науалар және прекурсорлары бар 15 канистр табылды және тәркіленді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының СДТБТ-да тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды,»- деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.