ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ»

Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 60 млрд. теңгеден асыру жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
 
— Тарихы терең, табиғаты тамаша, ел арасында «Кіші Швейцария» атанып кеткен Түлкібас ауданында өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ауданда 447 млрд. теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн. тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлауда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд. теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд. теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 89 млрд. теңгені құраса, биыл 6 айда 36,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артты. Өнеркәсіп өнімі былтыр 16 млрд. теңгеге жетсе, Биыл 6 айда 7,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 20,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Түлкібас ауданының брендіне айналған 3 мың гектар алма баулары бар. Оның ішінде 664 гектар — қарқынды бау. Қарқынды бауды дамыту нәтижесінде былтыр 32 мың тонна өнім жиналса, биыл оның көлемі 33 мың тоннадан асады. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің өнім көлемін 51 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру көзделіп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.
Былтыр ауданда 2 жаңа мектеп салынды. 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше білім ұяларында жөнделіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылысы жүргізілуде. Түлкібас ауданы инфрақұрылымы толық дамыған аудандар қатарында. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл қолға алынды. Аудан тұрғындарының 99,8%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің осыған дейінгі түлкібастықтармен кездесуі кезінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда, Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн. теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Су құбырлары ауыстырылып, тасжолдар төселді. Ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізіліп, ішкі көшелер жөнделуде. Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралды. Спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалуда.
Кездесуде облыс әкіміне Түлкібас ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өз өтініштерін жеткізді. Түлкібастықтар өңір басшысынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алудың жолдарын сұрады. Мектеп, балабақша, спорт алаңын салып беру, ішкі жолдарды жөндеу, жайылым және жарықтандыру мәселелерін көтерді. Жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыш тапшылығы туралы айтты. Сонымен бірге тұрғындар қоқыс полигонынан зардап шегіп жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, аса қажетті деген салалардың ең бірінші кезекте қаржыландырылатынын атап өтті. Аудан әкіміне жекеменшік мектеп, спорт нысандарын салуда жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Барлық жұмыстар кешенді жоспар аясында жүзеге асатынын айтып, айтылған әр ұсыныс-талап бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ облыс әкімі жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Дархан Сатыбалдының халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

«AMANAT»: МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы көшпелі отырысы өтті. Отырысты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізді. Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, мәслихат депутаттары және аудан әкімдері басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіне қойылған мәселеге орай көшпелі мәжілісте спикерлердің мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жайлы баяндамалары тыңдалды.
 
Алдымен Келес ауданының әкімі Ж.Ағыбаев, Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б.Шомпиев, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев аудан аумағында бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар, «Ырыс» МҚҰ Басқарма Төрағасының орынбасары А.Нұрлыбаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспанов облыс көлемінде «Ауыл аманаты» бағдарламаласының жүзеге асырылуы жайлы айтты.
Келелі кездесуде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілеген, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушысы Б.Досжанов өңірде «Жер аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу жайлы баяндады. Басқосуды қорытындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы хаттамада көрсетілген тапсырмаларды орындауды және аудан әкімі мен басқарма басшыларына бір қатар жұмыстарды жүйелендіру керектігін айтып, нақты ұсыныстар берді.

«ЕҢБЕК АДАМЫ» ӘРЕКЕТТЕН БЕРЕКЕТ ТАБАДЫ

Түлкібас ауданының тұрғыны Султанбек Алтынай «2021 – 2025  жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» негізінде  «Мемлекеттік қайтарымсыз грант»  алған. Қазіргі таңда бизнес жобасына сәйкес тігін шеберханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Шеберханада ұлттық және мерекелік киімдер, жаңа үлгідегі көйлектер, ұл-қыздарға арналған киімдер тігіліп, тұтынушыларға ұсынылуда. Сондай-ақ, күнделікті тігін шеберханасының қызметіне жүгінушілерге де қызмет көрсетеді.

 

 

 

Айта кетейік, жеке кәсіпкер тігін шеберханасына қосымша 5 жұмысшыны қабылдаған. Осылайша ол, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да үлесін қосып отыр. Сұраныс артып жатса,  алдағы уақытта тағы да жұмысшылар санын көбейту жоспарда бар дейді шеберхана иесі.

 

 

Сұлтанбек Алтынай бұл кәсіпке әбден бейімделген, тігін саласында біліктілігі жоғары. Арнайы оқыту курстарынан өтіп, сертификат және түрлі іс-шараларға қатысып алғыс хаттармен марапатталған.  Ұжымдағы қызметкерлер де оның еңбексүйгіштігін, адамға деген адалдығын және мақсатына жету жолында аянбай тер төгіп, жұмыс жасап жүргендігін айтады.

 

Тиісінше, қыз-келіншектер кәсіпкерден үлгі алып, оларда кәсіп ашуға, өз ісін бастап өркендетуге құштар болады екен. Иә, расында «Еңбек адамы» елдің қай тұсында жүрсе де әрбір әрекетінен берекет табары сөзсіз.

ТӨЛЕБИ: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МАҚСАТЫНДА 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТҚА НЕСИЕ БЕРІЛГЕН

Төлеби ауданының халқының негізгі күн көрісі – мал және егін шаруашылығы. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Ауданда кіші және орта бизнесті дамыту үшін 2023 жылдың басынан 5 650 азаматқа 3 млрд 970 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. Оның ішінде ««Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МКҰ арқылы 99 млн теңгеге 14 жоба қаржыландырылған.
 
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмысшы топ құрылып, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруда. Мәселен, Киелітас, Көксәйек, Бірінші Мамыр, Қаратөбе ауылдық округтерінде 24 азамат аталған жобаның игілігін көрді.
Бұған қоса, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өз бизнесін бастағандарға 400 АЕК немесе 1 млн 380 мың теңге шеңберінде қайтарымсыз гранттар бөлінді.
Аудан тұрғындары арасында қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар саны артып келеді. 2022-2023 жылдар аралығында ұлттық жоба шеңберінде жаңа кәсіптерді іске асыру үшін 218 грант берілген.

КЕНТАУДА ЖАҢА СПОРТТЫҚ КЕШЕН САЛЫНАДЫ

Кентауда 250 орындық спорт кешені бой көтереді. Биыл кешен құрылыс мен «Динамо» стадионын қайта қалпына келтіру жұмыстарына жобалау сметалық құжаттары әзірленуде.
Қазіргі таңда қала аумағында 53 спорттық нысан жұмыс істейді. Былтыр Хантағы ауылында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында екі спорт залы ашылған болатын.
 
Айта кетерлігі, кентаулық спортшылар халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан жиі көрініп келеді. Мәселен, 2021 жылы – 24 спортшы жеңімпаз атанса, 2022 жылы – 84, ал 2023 жылдың 6 айында – 67 спортшы түрлі дүбірлі додаларда жеңіске жеткен.

ТҮЛКІБАС: Жұмыс іздеуші азаматтарға тиісті қолдаулар көрсетілуде

Түлкібас ауданында  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жұмыс іздеуші азаматтарға  тиісті қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл бағытта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп, азаматтарға «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес заңдылықтары, «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық порталы (enbek.kz) арқылы бос жұмыс орындарын іздеу мүмкіндіктері туралы түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыс орындарына қатысу тәртібі тұрғындарға түсіндіріліп, мамандар бағдарламаға қатысу бойынша насихат жұмыстарын атқарып келеді.

 

 

Бұған дейін дәл осы бағытта өткізілген жәрмеңкеге 16 жұмыс беруші мекемелерден 29 бос жұмыс орындарының мәліметі ұсынылған. Оның ішінде білім саласынан 10, денсаулық сақтау саласынан 10 бос жұмыс орны және басқада салалардан 9 бос орындарға сұраныстар болды. Жәрмеңкеден кейін 5 жұмыс іздеуші азаматқа  жұмысқа орналасу үшін жолдама берілген. Сонымен қатар,  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына, айта кеткенде қоғамдық жұмыстарға 210 уақытша жұмыс орны, жастар практикасы бағдарламасы бойынша 31 уақытша жұмыс орындары ұсынылды.

 

 

Түлкібас ауданының тұрғындары қосымша ақпараттар мен мәліметтерді Түлкібас аудандық Мансап орталығынан біле алады. Айта кетейік, биыл шілде айынан бастап бұған дейін жұмыс істеп келген «Халықты жұмыспен қамту орталықтары» енді, Мансап орталықтары болып қайта құрылды. Жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітті.  Яғни, аталған мекеме жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіруді жүзеге асырады. Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасайды. Жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесіп, азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіруді және жұмыс іздеуші ретінде жүгінген азаматтарды тіркеумен айналысады.

 

Жалпы алғанда, орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Сондықтан кез-келген жұмыс іздеуші азаматтар немесе өз кәсібін дамытуды қалайтын жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті тұрғындар Түлкібас аудандық Мансап орталығының қызметіне жүгіне алады.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 2755 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

 Түлкібас ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында, кешенді жоспардың барлық бағыттары бойынша 5588 адамды  жұмыспен қамту жоспарланған. Жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 7 айдың көрсеткіші бойынша 2755 адамды құрап отыр. Бұл туралы Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Байбатшаев Ерсұлтан Жаңабайұлы мәлімдеді.

Орталық басшысының айтуынша, жалпы жұмыспен қамтылғандардың ішінде «Әлеуметтік жұмыс» орындарына 203 азамат жолданса,  «Жастар практикасына»115 азамат жолданған. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 43 азамат жолданып, олар өз қызметіне кірісіпті. Сондай-ақ,  «Күміс жас» жобасына 71 азамат жолданса, «Ақылы қоғамдық» жұмысқа 821 азамат орналасқан.

— «Бүгінде ауданда 7 айда 741 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Жаңа жұмыс» орнына 56 адам жолданды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша 608 азамат жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 44 азаматқа берілді. Бұдан бөлек, ауданымыздағы мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 283 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар практикасына, 2 азамат күміс жас жобасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 45 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 190 азамат «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына, 15 азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант алған және 20 азамат деректер қорындағы бос жұмыс орнына жолданды», деді Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Ерсұлтан Жаңабайұлы.

 

 

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс шаралар қарастыру бойынша нақты міндеттерді айқындап берді. Яғни, еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Дәл осы бағытта, 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап, Түркістан облысының аудан, қалаларында еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 20 орталық құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары, енді мансап орталықтары болып қайта құрылып отыр. Қазіргі таңда, аталған мекемелер «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асыруда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін де бекітті. Олар:

— Жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.

Қазіргі таңда, Түлкібас ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасын» іске асыру, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты да басты назарда. Түлкібас ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Аудандық Мансап орталығының басшысы мемлекет осындай қолдауларды жасап жатқанда, азаматтар еңбек етуге ұмтылуы керек екенін айтады.

— «Біздің ауданда еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Біз, барынша көмектесуге, жол көрсетуге дайынбыз. Орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Негізі, халықтың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды жасап, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін», — дейді Ерсұлтан Байбатшаев.

 

Айта кетейік, бүгінде электронды еңбек биржасының арнайы сайты бар. Порталдың басты жұмысы- жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.

«AMANAT» қаратөбеліктердің мәселесін қадағалауында ұстайды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық флилиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің айрықша қадағалауына алған өзекті мәселелердің шешілу жолдарын өзара талқылау мақсатында Төлеби ауданы Қаратөбе ауылының тұрғындары қатысуымен өткен аптаның жұмасында жиын өтті. Ауылдағы ағайынның талап-тілегін талқылаған, ақылдасқан жиында «AMANAT» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаттары Ғалымжан Елшібай және Ханай Әшірбеков, аудандық мәслихат депутаты Ерболат Жабаев, сондай-ақ аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімнің бас маманы Мақсат Спабек пен Кемеқалған ауылының әкімі Досымжан Дәрібаев бастаған әкімдік мамандары қойылған сауалдарға жауап қайтарып майшаммен қарайтын мәселелердің шешілу жолдарын түсіндіріп берді. Әлеуметтің жанайқайын әлеуметтік желіде жариялаған Мейрамбай Құрманбаев та осы жиынның ортасында болып елмен бірге ой-пікірлерін бөлісті. Ауыл ақсақалдары Сейдаз Әбдуәлиев, Айтжан Төлтаев тұрғындарды өзекті мәселелерді шешуге атсалысуды өздерінен бастауға, ынтымақ пен бірлік танытуға шақырып, жиында баталы тілектерін айтты.

 

Алқалы жиын қорытындысына қысқаша тоқталайық:
1. Қаратөбе елді мекенінің Қазығұрт, Қаратөбе, Ынталы көшелеріне трансформатор қою және электр желілерін жүргізу жұмысы былтыр басталған болатын. Нысанның құрылыс құны 74 190,0 мың теңге. 2022 жылға 10,0 млн. теңге қаралып, жұмыс басталған. Қалған 64 190,0 мың теңге 2023 жылға өтпелі. Бұл мәселе бұған дейін «AMANAT» партиясының Ордабасы ауданында өткен көшпелі мәжілісінде талқыланып, сол жиында есеп берген салалық басқарма басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы алдағы күзде болатын облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына қалған қаржыны бөлуді ұсынатынын алға тартқан еді. Енді осы мәселенің оңтайлы шешілуі бақылауда болады.

 

2.Қаратөбе елді мекенінің жалпы ұзындығы 2,92 шақырымды құрайтын Ақбосаға, Ақбура, Ынталы көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты сметалық құжаттама әзірленіп (сметалық құны-70 млн. 414 мың 38 теңге), аудандық салалық бөлім конкурс жариялаған. Бүгінде мердігер анықталуда, кешікпей көше жөндеу қолға алынады.
Қаратөбеліктермен бірге ауыз су, көпір, жайылым мәселесі де жан жақты талқыға түсіп ауыл халқы шешілу жолдарының барысына қанықты. Игі бастамаларды қолдайтындықтары қуантты.

Түлкібас: «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі өте жоғары

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы тек жастарға, жоғары оқу орнының түлектеріне арналған  жоба емес. Бағдарламаға қатысу үшін жап-жас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Маманның жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Маманның оқуды қашан аяқтағаны да маңызды емес. Ең бастысы, ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет жасағысы келетін әлеуметтік саланың маманы болуы тиіс.  Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері маманы бағдарламаға қатыса алады. Бүгінде, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында мамандар үшін мемлекет тарапынан көп мүмкіндік, үлкен қолдау, көмек беріліп жатыр. Түркістан облысы Түлкібас ауданында да дәл осы мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп жатқан азаматтар бар. Солардың бірі — Исмайлов Тоқтар Тәжітайұлы. Ол Түлкібас ауданы №1 балалар мен жасөспірімдер мектебінде белбеу күресі бойынша жаттықтырушы болып жұмыс атқаруда. 2014 жылы «Халықтар достығы» университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша диплом алған. Дипломмен ауылға бағдарламасы арқылы өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

 

 

 

 

Сондай-ақ, Түлкібас ауданы «Түлкібас агробизнес және саяхат» колледжінде жұмыс атқарып жатқан  Дәурен Досанұлы, бүгінде ұжымда беделді, үздік қызметкерлердің бірі және бөлімше меңгерушісі . Ол, Алматы қаласы Қ.Сәтбаев атындағы»Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Радиотехника электроника және телекоммуникациялар » мамандығы бойынша диплом алған.

 

 

 

 

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында, биыл Түлкібас ауданы Азаттық ауылы “Азаттық” дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа қабылданған Мейрбек Жанерке Қанатбекқызы, 2021 жылы Астана медицина университетінің “Интернатура” факультатетін тәмәмдаған. Енді туған жерге келіп,  дипломмен ауылға бағдарламасы арқылы жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмысқа орналасты.

 

 

 

 

Дипломмен-ауылға бағдарламасына қатысушылардың тағы бірі,  Балтабай Ердаулет Махамбетқалиұлы. 2011-2018 жылдары «Астана медицина университетінде», «жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі уақытта «Түлкібас ауданы орталық ауруханасында» «Жансақтау» бөлімінде, реаниматолог — анестезиолог дәрігері болып, өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

 

 

 

Ал, Нағашбек Меруерт Бахытқызы Түлкібас аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі. 1989 жылы дүниеге келген. 2016 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін тәмамдап, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасқан. Дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша бірреттік жәрдемақы алып, сонымен қатар баспаналы болған.

 

 

 

Усербай Асхат Әбделіұлы. 2011 жылы «Қарағанды медицина университетіне » түсіп, 2018 жылы «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін» тәмамдап, «анестезиология және реанимация» мамандығы бойынша диплом алған. 2020 жылы «Дипломмен ауылға бағдарламасы» бойынша «Түлкібас аудандық орталық ауруханасында» Анестезиолог-реаниматолог дәрігері болып, өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

 

 

Жалпы, жоғарғы оқу орнын аяқтап, мамандық иесі атанған азаматтардың басым бөлігі дәл осы бағдарламаның жемісін көріп келеді. Дипломмен ауылға келген мамандарға мемлекет тарапынан қашанда қолдау бар. Сондай-ақ, жұмысқа қабылданған қызметкерлерде еңбек адамы болып қалыптасып, туған жерін түлетуге өз септігін тигізіп жатыр.

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан елдерінен келген академик-профессорлар мен еліміздің эколог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдар-профессорлар, табиғат жанашырлары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Конференцияны ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының Ясауи білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмақанов жүргізіп, бүгінгі басқосудың мақсатына тоқталды.
Халықаралық жиынды облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ашып беріп, келген қонақтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ 5 жыл ішінде облыс көлемінде көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылғанын атап өтіп, Түркістан қаласы ерекше келбетке еніп, дамудың даңғыл жолында екендігін жеткізді.
–Бүгінгі өткізіліп отырған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның біздің өңірде өткізілуі және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы орталығының Түркістан облысында ашылуы кездейсоқтық емес деп білемін. Түркістан облысы климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын дамытуда ең қолайлы өңір болып саналады. Облыста 74 мың агроқұрылымдар тіркелген. Бұл Республикалық көрсеткіштің 31 % және елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің 12 % өңірдің үлесінде немесе 1 трлн. теңгеден асады. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени әрі рухани Астанасы етіп қалыптастыру кезеңінде оның үстіне, Түркістанды туристік мекен ету үшін, табиғаты құрғақ, жазы ыстық, аңызақ желді өлкені көгалдандыру басты күн тәртібіне қойылып бірқатар ауқымды жұмыстар жасалды. Сонымен қатар, біз ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жобаларды оның ішінде «Қарқынды бау», «Бір алқаптан 2-3 өнім алу», «Нольдік технологиялар», «Су үнемдеу технологияларын ендіру» бағыттарына басымдылық беріп келеміз, – деді Ермек Кенжеханұлы
Одан соң Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының президенті Тілектес Есполов сөз сөйлеп, соңғы бес жылда Түркістан облысы көптеген игі жобаларды, бастамаларды іске асырып келетінін айтты. Қазіргі таңда Түркістан қаласы, көпшіліктің назарын өзіне қарататын, айналасы жасыл желектермен дамып, өзінің көне тарихи келбетін сақтап отырған киелі мекен екеніне тоқталып, қаланың аумағы күн өткен сайын көркейіп, инфрақұрылымы мен экономикасы арту үстінде екенін жеткізді.
–Орман қорын үлғайту мақсатында 2,0 млрд, елді мекендерде 15,0 млн. ағаш отырғызу – әлем деңгейіндегі жаңа бастама, бұл жобаның әлемдік экономиканы Декорбонизациялау мақсаттарымен үйлеседі. Осы орайда, жақсы мысал ретінде Эфиопияның Сахарасын, Қытай еліндегі 12 шөлді құм кеңістіктерді (Такла-Макан, Гоби, Алашань т.б.) жасылдандыруды оңтайлы шешім деп қарауға болады. Ғалымдарымыздың зерттеулері бойынша, Қазақстанның оңтүстік пен оңтүстік-шығысындағы Іле-Балқаш-Қапшағай Дельтасында бір млрд ағаш егу арқылы осы аймақтың экологиялық проблемалары мен су жинақтау үрдісін 40-80 пайызға дейін арттыруға болады. Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде орасан зор үлес қосуда. Осы бағыттағы жұмыстарды инновациялық жолмен жедел дамыту үшін, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе шаруашылықтарының көпжылдық ізденістері мен тәжірибелері нәтижесінде: жаңа технологиялар, орман алқаптарын дамыту, ауылшаруашылық дақылдары мен бау-бақша өсімдіктерінің бәсекеге қабілетті жаңа сорттары, мал тұқымдары, оларды ауру мен зиянкестерден қорғау әдістері, шикізаттарды сақтау, өндірілген өнімді қайта өңдеу жолдары әзірленген. Осы бағыттағы ғылыми жаңалықтарды жедел өндіріске еңгізу мақсатында, бүгін еліміздің жетекші ҒЗИ басшылары мен ғалымдары осы конференцияға қатысып отыр, олар өздерінің баяндамаларында өз ұсыныстарын айтып пікірлерін білдіреді, – деді Тілектес Есполов.
Айта кетейік, халықаралық конференция кешке дейін жалғасады. Мұнда ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасап, жиын соңында арнайы қарар қабылдайды деп жоспарлануда. Күні кеше өзге мемлекеттен келген қонақтар Түркістан қаласы маңындағы жасыл алқапты аралап, атақырылып жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда табиғат жанашырлары 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстарды талдап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірген болатын.
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық жиын Түркістан облысының 5 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы орталығының ашылуына арналған.