Таза Қазақстан – әрбірімізден басталатын үлкен міндет

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі түрде тазалық жұмыстары және сенбілік іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Оған зиялы қауым өкілдері де, мемлекеттік қызметшілер де, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен шахардың тұрғындары да белсенді түрде атсалысып келеді. Президент бастамасын жақсылыққа балайтын жандардың пікірі де қазіргі Түркістанның өркендеуімен үндеседі.

Мәдениет қараткері Ұлжан Мұстафаева:

« – Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Оған, жалпы, облыс көлемінде оған 50 мыңнан аса тұрғын қатысып, 17 мың ағаш көшеті егілді. Экологиялық бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қолдау білдіріп, Түркістандағы «Парасат» саябағы аумағында көшет отырғызды. Аға буын мен зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесіп, аймақты көгалдандыру, жасыл желекті көбейту маңызды екенін жеткізді. -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бәріміз үшін маңызды. Қоршаған орта таза болса, қоғам тазарады. Ағаш егіп, айналаны таза ұстау әрбір тұрғынның міндеті болуы керек. Бүгінгі экологиялық іс-шараде белсенділік танытқан ардагерлерге, жастарға, тазалық мекемесінің қызметкерлеріне, тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. «Парасат» саябағында 120 көшет отырғызылып, жасыл желек аумағы ұлғая түсті. Мен де көрікті қаламыздың тұрғыны және мәдениет қайраткері ретінде белсенділік танытып, қаладағы ардагерлер мен аға буын өкілдері, аналар алқасының мүшелерімен бірге іс-шараға арнайы қатысқан болатынмын. Мақсатым – туған қаланы жайқалтуға үлес қосу. Қаламыздың тазалығы мен көркеюіне себепкер болатын акцияға немеремді де ертіп бардым. Себебі біздің  ұрпағымыз еліміздің болашағы. Олар осындай игі істерді санасына сіңіруі тиіс. Туған жеріне жақсылық жасауды, тазалық мәдениетін білуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар, барша түркістандықтарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына үлес қосуға шақырамын!»

Түркістан қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнұр Жангелдіқызы:

 « – Мен – осы елдің, оның ішінде киелі мекен, мәдени-рухани астанамыз Түркістан қаласының тұрғынымын. Соңғы жылдары туған қаламның қалай жаңарып, өзгеріп, көркейіп жатқанын күн сайын көзіммен көріп келемін. Бұрын қарапайым шаһар болып көрінетін Түркістан бүгінгі таңда әдемі сәулеті бар, заманауи инфрақұрылымы дамыған, таза әрі жайлы қалаға айналды. Бұл – әр тұрғын үшін мақтаныш, әр жүрекке қуаныш. Қайта түлеген Түркістанның жаңа бейнесі,қала көшелерінің кеңейтіліп, абаттандырылуы, аулалардың тәртіпке келтірілуі, демалыс орындарының көбеюі Түркістанның көркін айрықша айшықтады. Жаңа саябақтар, гүлзарлар, жарық шамдармен көмкерілген аллеялар – қаланың ерекше келбетін қалыптастырды. Ең бастысы тазалық – қала мәдениетінің айнасы ғой. Қуантатыны – тек биліктің жұмысы емес, тұрғындардың да сана-сезімі өзгеріп келеді. Адамдар көшеге қоқыс тастамауға, өз аулаларын таза ұстауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға үйреніп жатыр. Мектеп оқушылары, жастар, қоғамдық ұйымдар ұйымдасқан түрде сенбіліктер өткізіп, «Таза қала – ортақ жауапкершілік» деген түсінік қалыптасты. Түркістанның қазіргі көрінісі – осы бірліктің, ұйымшылдықтың нәтижесі.»

Түркістан қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ақерке Айдарқызы:

« – Түркістан тек әсемдігімен ғана емес, рухымен де ерекше. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен тарихи орындар қаланың рухани тынысын сақтап тұр. Ежелгі тарих пен қазіргі заман үйлесім тапқандай. Таза қала – таза сана, тәртіп пен мәдениеттің белгісі екенін Түркістан дәлелдеп отыр. Қарапайым тұрғын ретінде баламыз таза, әдемі қалада өсіп жатқанына, қонақ келгенде ұялмай көрсетер шаһарымыз бар екеніне, күн сайын жаңарып, көркейіп жатқан Түркістанға шын жүректен қуанып, мақтанамыз. Бүгінгі Түркістан – тазалықтың үлгісі, жүйелі еңбектің нәтижесі, келешекке сенім сыйлайтын қала. Таза қала – тек жақсы көрініс емес, ол – мәдениет, тәрбие, жауапкершілік. Осы жолдан таймай, бірге еңбек етсек, Түркістан одан әрі көркейе беретініне сенемін. Әсем Түркістан – баршамыздың ортақ мақтанышымыз!»

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Жарынбек Құлбайымбетов:

« – Соңғы жылдары елімізде көтеріліп жатқан “Таза Қазақстан” бастамасы мен үшін жай ғана акция емес, қоғамдық сананы оятатын, елдің мәдени деңгейін көрсететін үлкен қозғалысқа айналды. Өйткені тазалық – тек аула тазалау емес, ол – тәрбие, жауапкершілік, ұрпаққа деген аманат. Табиғатқа құрмет – болашаққа қамқорлық. Біз табиғаты көркем, кең далалы елде өмір сүріп отырмыз. Бірақ кейде өз қолымызбен табиғатқа зиян келтіріп, қоршаған ортаға салғырт қарап жататынымыз жасырын емес. Жол бойындағы қоқыс, лас өзен, күтімсіз аула – бәрі өз мәдениетіміздің айнасы. Сондықтан “Таза Қазақстан” бастамасы ең алдымен бізді ойландырды. – Біз осындай елде өмір сүргіміз келе ме? – Балаларымызға қандай жер қалдырғымыз келеді? Жауабы анық – таза, көркейген, жайлы Қазақстан! Қуантатыны – халықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Ауылда да, қалада да тұрғындардың бірігіп сенбілік жасауы, мектеп оқушыларының, жастардың белсенділігі, қоғамдық ұйымдардың атсалысуы – үлкен өзгерістің белгісі. Қазіргі кезде  көшелер тазалануда, саябақтар абаттандырылуда, су көздерін қорғау ісі күшейтілуде және қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптасуда. Бұл – науқандық шара емес, тұрақты үрдіске айналуы тиіс дәстүр. Менің ойымша, ең үлкен тазалық – әрбір үйдің, әр адамның жауапкершілігінен басталады. Егер әркім өз ауласын таза ұстаса, көшеге қоқыс тастамаса, табиғатты бүлдірмесе жіне бейжай қарамаса, онда бүкіл елдің келбеті өзгереді. “Меннен не өзгереді?” деген түсінік енді болмауы керек. Себебі үлкен өзгеріс – шағын әрекеттерден басталады. Балаларға қалдыратын ең үлкен мұра біз не деп ойлаймыз? Біз баламызға байлық, дүние қалдырғымыз келеді. Бірақ ең үлкен байлық – таза ауа, таза су, жасыл табиғат. Егер біз бүгін табиғатты қорғамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан “Таза Қазақстан” – тек бүгінгі міндет емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Менің бұл ретте айтарым Таза Қазақстанды билік те, ұйым да, бір адам да жалғыз жасай алмайды. Оны бәріміз бірігіп жасаймыз. Әрқайсымыз өзіміз тұрған жерден бастап үлес қосайық. Тек сонда ғана еліміз шын мәнінде таза, көркейген, жайлы мемлекетке айналады.»

3 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСЫП, 11 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛГЕН СЕНБІЛІК

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» аясында Сарыағаш ауданындағы «Айырылмас» этно-мәдени саябағында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер және еріктілер қатысты.

« — Бүгін бізді біріктіріп тұрған — қоғамның белсенділігі. Әрбір тұрғынның ықыласы мен еңбегі ауданымыздың келбетіне қосылған нақты үлес. Табиғат – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сарыағаш – табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан тазалықты сақтау – өңіріміздің көркін арттыру, болашақ ұрпаққа үлгі болу. Баршаңызды тек сенбіліктерде ғана емес, күнделікті өмірде де тазалыққа мән беруге, қалдықтарды сұрыптауға және қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырамын. Біріккен еңбек қана үлкен нәтижеге жеткізеді. Бүгінгі сенбілік Сарыағаш ауданын одан әрі көркейтіп, жайлы болуына ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға еңбектері үшін алғыс айтамын. Ортақ үйіміз – Қазақстанды таза ұстайық,» — деді облыс басшысының бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Сенбілік барысында 11 мыңға жуық ағаш көшеттері таратылып, қатысушылар тарапынан егілді. Сонымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 1000-ға жуық қап, қолғап, тырма, күрек секілді құрал-жабдықтар берілді. Аудан бойынша 3000-нан астам тұрғын сенбілікке белсене қатысып, қоршаған ортаны абаттандыру мен тазартуға үлес қосты.

Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техникалар жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы және оған қарасты 13 ауылдық округте республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, ішкі көшелер мен қоғамдық орындарда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, арамшөптер шабылды, қураған ағаштардың бұтақтары кесілді. Арық-атыздар тазартылып, саябақтар мен скверлер ретке келтірілді. Жасыл желекті көбейту мақсатында қосымша ағаштар егілді.

Айта кетсек, сенбіліктің негізгі мақсаты — аумақты көгалдандыру, көшелер мен саябақтарды, арықтарды және демалыс орындарын қоқыстан тазарту, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

ТҮРКІСТАНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып келеді. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы бірнеше маңызды нысандардың құрылыс, көгалдандыру және инженерлік жұмыстардың орындалу барысын ұдайы аралап, жұмыс қарқынын басты бақылауға алған.

Алдымен жаңа қала аумағындағы құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын толық жою және нысандардың сыртқы қоршауларын ретке келтіру жұмыстары назарға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болып, жауапты сала өкілдерімен тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Шахар басшысы құрылыс нысандары тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізуді және қоршаған ортаны қорғауды, қоқыс қалдықтары дер кезінде тазалауды тапсырып, жауаптыларға ескертулер жасап келеді.

Қаладағы негізгі магистралды бағыттардың бірі – Саттарханов даңғылы мен Әуежай тас жолы бойында да көгалдандыру жұмыстары қызу қарқынмен жалғасуда. Жалпы әуежай мен Саттарханов даңғылы бойына 15 000 түп раушан гүлі отырғызылуда.

Сондай-ақ, Жібек жолы тұрғын үй кешеніне апаратын 26-көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жол сапасы, инфрақұрылымдық стандарттардың орындалуы және жұмыс кестесіне сәйкестігі мұқият тексеріліп, тараптардан тиісті ұсыныстар берілген.

Айта кетейік, 5,2 гектар аумақты қамтитын «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы да белсенді түрде жүріп жатыр. Арендалық және кредиттік үйлерден тұратын бұл жобада 344 пәтер қамтылған. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде бітіру бағытында жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар нысанның аймағын абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 5000 орындық мешіттің құрылыс, абаттандыру жұмыстарын да басты назарға алып отыр. Қазіргі таңда қасбет және мұнара толық дайын, инженерлік жүйелер тартылып, терезелер орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30-дан астам жұмысшы мен 9 техника жұмылдырылған. Алдағы уақытта мешіт аумағында жасыл желек көлемін арттыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы негізі жолдардың бірі- Айналма жол бойына қоршау орнату және Б.Майлин көшесіндегі реконструкциялау жұмыстарының мәселесі қаралып, тиісті сәулеттік ұсыныстар зерделенді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өндірістік парк пен арнайы экономикалық аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды аралап, инфрақұрылымды ретке келтіру және тазалық деңгейін күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бүгінде мұнда 5000 түп ағаш отырғызылып, кіші өндірістік 5 ғимараттың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

« – Түркістан – тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл еліміздің рухани астанасы, тарих пен мәдениеттің тоғысқан қасиетті мекені. Осындай киелі шаһарды көркейту, абаттандыру және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – уақыт талабы әрі әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Түркістанды абаттандыру – бұл тек жол салу немесе көгалдандыру ғана емес, бұл тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, туристерге қолайлы жағдай жасау, қала келбетін жақсартып, халықаралық деңгейдегі мәдени орталыққа айналдыру. Көгалданған көшелер, тынығу орындары, таза аулалар – халықтың денсаулығына, көңіл-күйіне, өмір сапасына тікелей әсер етеді. Түркістан көркейсе – өңір дамиды, өңір дамыса – ел экономикасы нығаяды.» – дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы

Қала инфрақұрылымын дамыту дегеніміз: сапалы жолдар, тұрақты жарық және газ жүйесі, таза ауыз су мен кәріз жүйесі, қоғамдық көлік қызметінің жақсаруы, қауіпсіздік, цифрландыру және коммуналдық қызметтердің қолжетімді болуы. Аталған бағыттағы жұмыстар облыс орталығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Тиісінше инфрақұрылым дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылып кәсіпкерлік өркендейді, инвестиция тартылады, қала бюджеті көбейеді және жастарға мүмкіндік пайда болады. Сонымен бірге, туристік әлеует артады. Түркістанға келген әр қонақ қала мәдениетін, тазалығын, тәртібін көріп, жақсы пікір қалыптастырады. Бұл – халықаралық деңгейдегі беделдің қалыптасуына мүмкіндік береді. Одан бөлек қаланы абаттандыру жұмыстары экологиямен тікелей байланысты. Көгалдандыру, саябақтар салу, көшелер мен арық-атыздарды қоқыстан тазалау – табиғатты қорғаудың маңызды бөлігі. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалатын игі іс деп айтуға болады.

Расында Түркістанды көркейту – тек биліктің жұмысы емес, баршаның міндеті. Әр тұрғын таза ұстауға, тәртіп сақтауға, жасалып жатқан жұмыстарға қолдау көрсетуге үлес қосса – қасиетті шаһар нағыз заманауи, жайлы, тартымды қалаға айналады.

@Ақерке Исманова – TAQ.KZ ақпараттық агентігінің тілшісі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 114 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛГЕН.

Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне иелік етеді. Суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектарға орнатылды. Жоспар артығымен орындалды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жеткен.

Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін өңірде алты кәсіпорын ашу қолға алынған. Олардың 4-еуі іске қосылды, алда тағы 2 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Болашақта бұл кәсіпорындар облысты және көршілес өңірлерді толық қамтамасыз етеді.

Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару технологиясын қолдану нәтижесінде өнімділік артып, су екі есе үнемделген.

Облыс аумағында ағын суды жеткізетін ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал бар. Каналдардың 76 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендейді.

Бұдан бөлек, өңірде жалпы сыйымдылығы 121 миллион текше метр болатын төрт су қоймасын салу жоспарланған. «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары іске қосылғанда Түркістан қаласы мен бес аудан тұрақты түрде 113 миллион текше метр сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Берілген шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

ЖАУШЫҚҰМ АУЫЛЫНДА ЖЕР ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жаушықұм ауылында жер және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған жиын өтті. Кездесуде жер телімдерін нысаналы мақсатына сай пайдалану, жайылым жерлерге полимерлі пленка қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егу, жер үсті және жер асты су көздерін тиімді пайдалану, ағын су пайдалануға рұқсат алу, тиісті келісімшарттар жасау және өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал–Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Бекетов Шерхан Нұртазаұлы, Шардара ауданының аға прокуроры Санжар Дартаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Шардара өндірістік бөлімшесінің жауапты мамандары, ауыл әкімдіктерінің салаға жауапты қызметкерлері және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

« – Ауыл шаруашылығы, егіншілік, мал шаруашылығы және тұрмыстық қажеттілік үшін су ең басты ресурс екені белгілі. Сондықтан жер үсті және жер асты су көздерін тиімді пайдалану, суды рәсімдеп, заңды түрде қолдану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жер үсті сулары, яғни өзендер, бұлақтар, канал, арық, тоған суларын білдіреді. Бұл суларды бейберекет пайдалану табиғатқа зиян келтіреді, ал суды үнемді пайдалану – егіннің өнімді болуына да әсер етеді. Сондай-ақ, жер асты сулары құдық, ұңғыма арқылы алынатын су. Бұл тұста айта кететін жайт заңсыз бұрғылау экологияға зиян тигізеді және бұл әрекетке айыппұл салынады. Сондықтан жер асты суын алу үшін рұқсат пен ресми құжаттар қажет. Сонымен қатар ағын суды пайдалану – рұқсатпен ғана жүзеге асырылады. Ағын су тек егін егуге, бау-бақша суғаруға, малға су беруге пайдаланылғаны дұрыс. Бірақ көп жағдайда өзеннен өз бетімен канал қазып су бұрып алу әрекеттері орын алып жатады. Бұл шешім заңсыз болып табылады. Су торабын бүлдіру де жауапкершілікке әкеледі. Сонымен қатар, суды бекітілген мөлшерден артық пайдалану – басқа шаруаларға зиянын тигізетінін естен шығармаған жөн. Одан бөлек, құдық қазу және жер асты суын пайдалану бойынша да өзіндік ережелер бар. Яғни, терең ұңғыма бұрғыланатын болса, өндірістік мақсатта су пайдаланылса, онда арнайы рұқсат керек болады. Бұл жер асты ресурстарын қорғау, топырақтың отыруын болдырмау, экологиялық қауіптің алдын алу үшін өте маңызды қажеттілік болып саналады. Сондықтан бұл заңдылықтарға әркім жауапкершілікпен қарауы керек, су – ортақ байлық екенін ұмытпау қажет. Тәртіпке бағынған ауыл ғана ұтады, себебі мұнда дау-дамайлар орын алмай, шаруалар жер және су ресурстарын тиімді пайдалануды қарастырады. Жалпы тұрғындар суды дұрыс, әділ әрі тиімді пайдаланса егін жақсы шығады, ауыл шаруашылығы дамиды, табиғат сақталады,ертеңгі ұрпаққа таза су қалады.» – дейді мамандар.

Бүгінде елімізде барлық салада цифрландыру жүріп жатыр. Сол сияқты су шаруашылығында да заманауи технологияларды қолдану – уақыт талабы. Бұл суды үнемдеуге, әділ бөлуге, дау-жанжалды азайтуға және шаруалардың жұмысын жеңілдетуге көмектеседі.

« – Бәpіміз білеміз су – тіршілік көзі, ауылдың қозғаушы күші. Егін де, мал да, тұрмыс та – бәрі судың есебінен. Сондықтан суға жауапсыз қарау – болашаққа зиян. Осыны ескере отырып, енді суды басқаруда жаңа заман талабына сай цифрлы жүйе енгізу жоспарланып отыр. Цифрландыру – суға қатысты жұмыстарды қағазбен емес, электронды жүйемен жүргізуге, есепті қолмен емес, техника арқылы жүргізуге мүмкіндік бермек. Оның пайдасы судың нақты мөлшерін өлшеуге болады,қай жерде қанша су кеткені көрінеді,артық жұмсау азаяды,су әділ бөлінеді. Сондай-ақ, даулы мәселелер азайып, ауыл шаруашылығында шығынан қарағанда өнім көбейеді. Цифрландыру бағытында каналдар мен құбырларға арнайы су есептегіш электронды құралдары қойылатын болады. Ол құралдар судың нақты көлемін есептейді, мәліметті телефон немесе компьютерге жібереді, судың жоғалуын анықтайды.Су беретін мекемелер мен әкімдік қай каналдан қанша су беріліп жатқанын,қай жерде су аз,қай жерде ақау бар екенін онлайн көре алады. Электронды келісімшарт дегеніміз болашақта суға өтінішті интернет арқылы беруге, келісімшартты онлайн рәсімдеуге, төлемді электронды төлеуге мүмкіндік болады. Бұл шаруаның уақытын үнемдейді. Егістікке қажетті су көлемі алдын ала есептеледі. Сол арқылы су ысырап болмайды, әр шаруаға жеткілікті су беріледі, суды кезекпен әділ таратуға мүмкіндік туады. Жер асты суын да цифрлы бақылау нәтижесінде ұңғыма, құдық арқылы алынатын сулар тіркеуге алынады,рұқсаты бар-жоқ тексеріледі және шамадан тыс су алу анықталады. Бұл жер асты суының сақталуын, табиғаттың бұзылуын болдырмауға көмектеседі.» – деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Шардара өндірістік бөлімшесінің жауапты мамандары.

Кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

ИІРСУ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түлкібас ауданы әкімдігі мен Қытайлық «Kazakhstan Silk Road International Cultural Tourism Investment Management» ЖШС өкілдері арасында Иірсу демалыс аймағының жобасына қатысты кездесу өтті. Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев бастаған топ шетелдік инвесторлармен бірге жобаның нақты кезеңдері мен іске асу тетіктерін егжей-тегжейлі талқылап, ұсыныс пікірлер де ортаға салынды. Алдын ала жоспарға сәйкес, құрылыстың алғашқы кезеңі қаржы тетіктері шешілген жағдайда 2026 жылдың наурыз айында басталып, маусым айында алғашқы нысандар іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаның басты ерекшелігі — табиғи сұлулығы сақталған, экологиялық таза аймақта туризм инфрақұрылымын дамыту.

Иірсу елдімекенінен Ақсу шатқалына дейінгі жол құрылысы мемлекет және инвесторлар қаржысымен жүргізілмек. Көру алаңы — яғни шыныдан салынатын аспалы алаңы да мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Алайда жобаның негізгі кешендері – 200 бөлмелі, 3 қабатты, 4 жұлдызды қонақ үй, мейрамханалар мен демалыс орындары инвесторлар есебінен салынады. Кездесу барысында екі тарап табиғатты сақтау, экологиялық нормаларды қатаң ұстану, туристік әлеуетті арттыру мәселелерін алдыңғы орынға қойды. Аудан басшысы Иірсу шатқалын еліміздегі жетекші экотуризм орталығына айналдыру мақсаты бар екенін атап өтті.

Түркістан облысының табиғаты көркем өңірлерінің бірі – Түлкібас ауданы. Таулары мен өзен-салалары, ерекше табиғи ландшафты және таза ауасымен бұл аймақ экотуризм, отбасылық демалыс және сауықтыру туризмі үшін өте қолайлы. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Иірсу демалыс аймағын құру – аудан экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба болып саналады. Бұл жоба – аталған аймақты көркейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға, жастарға жұмыс беруге бағытталған игі бастама. Бұл аймақ халықтың тынығып демалатын орны, туристер келетін тартымды жер, аудан экономикасына табыс түсіретін жаңа мүмкіндік болады. Иірсу табиғаты әсем, ауасы таза, туристік демалысқа өте қолайлы жер. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалану әлеуметтік-экономикалық даму үшін пайдалы. Бастысы жаңа жұмыс орындары ашылады. Қызмет көрсету, құрылыс, демалыс үйлерінде жұмыс, сауда орындары – бәріне жергілікті тұрғындар да тартылатын болады. Жергілікті кәсіпкерлерге шағын дәмханалар ашуға, азық-түлік сатуға, ұлттық тағам ұсынуға, кәдесый, бал, сүт өнімдері мен бау бақшы, көкөніс-жемістер сату дегендей мүмкіндіктер де пайда болады.

Демалыс аймағы салынса, инфрақұрылым бірге дамиды. Жол, жарық, байланыс жақсарады. Бұл ауыл өміріне де оң әсер етеді. Келген қонақ ауданның көрікті жерлерін көреді және оны танытуға да ықпал жасайды. Иірсу демалыс аймағының жобасына демалыс үйлері мен коттедждер, отбасылық демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, серуендеу және табиғатты тамашалау жолдары, спорттық және жастар демалыс алаңдары да кіреді. Бұл жоба табиғатты құрту үшін емес, халыққа қызмет ету үшін жасалады. Сондықтан мамандар орман мен жасыл аймақ сақталады, қоқыс тастауға жол берілмейді, экологиялық талаптар қатаң бақылауда болатынын айтады.

Жалпы Түлкібас ауданы өзіндік табиғатымен ерекшеленеді және инвесторлардың қызығушылығын арттыра түседі. 2025 жылы аймақта туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 2,3 млрд. теңгелік 3 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Атап айтқанда, Қараағашты ауылында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенінің» қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, шипажай сыйымдылығын 500 орынға арттыру. Одан бөлек, Кершетас ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «Патсаев К» туристік аймағы. Жобаның құны 150 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда іске қосылды. Машат ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «А.Бакеев» демалыс аймағы. Жобаның құны – 200 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделген. Бұл жобалар арқылы да  175 жаңа жұмыс орны ашылған.

Айта кетейік бұған дейін Түлкібас ауданының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Қытай елінің Хунань правициясы, Чанша қаласына қарасты Кайфу мен Нисянь аудандарындағы толық автоматтандырылған өндірістік аймақтарының жұмысымен танысқан болатын. Сонымен қатар, аталмыш ауданның жобалық институтында болған аудан делегациясы білікті мамандар дайындаған шатқал үстінен көру алаңдарының, тағы да басқа түрлі жобаларымен және сол мезетте институт мамандарының дайындаған ауданда Ақсу шатқалында жоспарланып жатқан көру алаңының 7 түрлі нұсқасымен танысқан еді. Инвестициялық жобада мейрамханалар мен саябақтарды қазақтың ұлттық нақыштарына бейімдеу және тау бөктерінде заманауи демалыс орындарын салу қарастырылған. Сондай-ақ, шатқалдан табиғатты тамашалауға арналған аспалы көпірдің түрлі жобасы да әзірленген.

Өндіріс пен экспортты қатар дамыту маңызды (2-бөлім)

Жалпы, Ордабасы ауданы Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттырудағы маңызды аудандардың бірі болып табылады. Соңғы жылдарда бірнеше ірі өндірістік жобалар іске қосылды.  Индустриалды аймақ және инвестицияларға тоқталар болсақ, Ордабасы ауданында 52 гектар аумақты қамтитын Бадам индустриалды аймағы құрылған. Онда 15,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба қолға алынған, соның ішінде гипсокартон бұйымдары, арматура, қорғасын өнімдері және тоқыма фабрикасы сияқты жобалар бар. Ауданда Шұбар аумағында 70 га өндірістік парк салу жоспарлануда. Жаңа өндірістік кәсіпорындар қатарында қалдықтарды қайта өндіретін «Green Technology Industries» зауыты іске қосылды.

Бұл кәсіпорын синтепон талшығын өндіреді, жылына 15 000 тонна өнім шығара алады және негізінен Ресей нарығына экспорттайды. Инвестициялық құны – 1,6 млрд теңге, және 130 дан астам адамды жұмыспен қамтиды.  Сонымен қатар, қыш зауыты «Bokei» индустрияландыру картасы аясында ашылды. Бұл зауыт тәулігіне 100 000 дана қыш өндіре алады және еліміздің басқа аймақтарына тауар жеткізеді.  2025 жылы аудан аумағында Қазақстандағы алғаш рет сиыр сүйегін өңдейтін өндіріс зауыты салынуда Инвестиция – 9 млрд теңгені құрайды.  5 000 тонна жылдық өндіріс, шамамен 100 адам жұмыспен қамтылады.

Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы да экспорттық әлеуетке ие. Атап өткендей, мақта өңдеу және мақта өнімдері шығаратын кәсіпорындар аймақта белсенді жұмыс істейді. Қазіргі таңда мақта өңдеумен айналысатын зауыттар және жүгері, басқа да дақылдар ауыл шаруашылығы экспортында маңызды рөл атқарады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу арқылы экспортқа шығару бағытында қосымша мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді.

2025 жыл – Түркістан облысы үшін экономикалық даму көрсеткіштеріне жаңа белсенділік қосылған кезең. Өңірдің өндірістік әлеуеті артып, экспорттық бағытта нақты өсімдер байқалды. Жалпы өңірлік өнім қаңтар–маусым аралығында 2 056 328,7 млн теңгені құрап, 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда нақты 9,5% өсті, бұл облыстың экономикалық өсудің тұрақты қарқынын көрсетеді.

Биылғы жылдың қаңтар–қараша айларында облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемі 1 400 331,3 млн теңгені құрап, 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,5% артты. Бұл өсім өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі және энергетика салаларындағы өндірістің кеңеюі арқасында жүзеге асты. Облысқа салынған негізгі капитал инвестициялары да айтарлықтай артты. 2025 жылғы қаңтар–қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 405 641,6 млн теңгені құрап, 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 23%-ға өсті.

Бұл көрсеткіш өңірде өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды белсенді жүзеге асыру жалғасып жатқанын көрсетеді.Ал, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда: 2025 жылғы қаңтар–қазан аралығында облыстың сауда айналымы 1 198,2 млн АҚШ долларын құраған. Осы көлем 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,7% өскенін аңғартады. Импорт көлемі айтарлықтай өскен — 283,7 млн АҚШ доллары, бұл өткен жылғы сәйкес көрсеткішпен салыстырғанда 45,8%-ға еселеніп отыр.

Экспортты дамыту тек өндіріс көлеміне ғана емес, заманауи қойма жүйесі, логистикалық орталықтар, теміржол және автокөлік бағыттарының дамуына тікелей байланысты. Түркістан қаласының жаңаруы, жаңа әуежайдың іске қосылуы, шекаралық аймақтардағы логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі Түркістан облысын халықаралық экономикалық кеңістікке тереңірек енгізіп отыр.2025 жылғы қаңтар–қарашада облыстың бөлшек сауда көлемі 426 253 млн теңге болып, 2024 жылмен салыстырғанда 16,2% өсті, ал көтерме сауда көлемі 357 398,9 млн теңге болды және 2024 жылмен салыстырғанда 202,7%-ға өскен.

Инвесторларға қолайлы орта – тұрақты дамудың кепілі екені анық. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы отандық және шетелдік инвесторларды тартуға оң әсерін тигізуде. Инвестиция – жаңа технология, жаңа жұмыс орны, сапалы өнім және экспорттық мүмкіндік деген сөз. Сондықтан Түркістан облысында инвесторларға қолайлы бизнес-климат қалыптастыру – өңірлік саясаттың маңызды бағыты. Бұл көрсеткіштер облыс нарығының сұраныс пен ұсыныстың белсенді өсуін, сондай-ақ экономикалық қызметтің кеңеюін көрсетеді.

Өндіріс пен экспортты қатар дамыту – Түркістан облысының экономикалық тәуелсіздігін күшейтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын стратегиялық міндет. Өңірде жүзеге асырылатын жобалар мен нақты қолдау шаралары нәтижесінде Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, өнеркәсібі дамыған, экспорттық әлеуеті күшті экономикалық өңір ретінде қалыптасып келеді.

Өндіріс пен экспортты қатар дамыту маңызды

Өндіріс пен экспортты қатар дамыту – Түркістан облысының экономикалық серпінінің өзегі. Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық картасында жаңа қарқынмен дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Әсіресе өндіріс пен экспортты қатар дамыту бағыты аймақ экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты ықпал етіп отыр. Бұл үрдіс өңірдің географиялық орналасуымен, табиғи ресурстарымен, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен және мемлекеттік қолдау шараларымен тікелей байланысты.

Өндірістің тұрақты өсуі – экономиканың тірегі. Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, тоқыма және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағыттары ерекше дамып келеді. Аудан-қалаларда индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы жанданып, кәсіпкерлерге инфрақұрылым, жеңілдіктер және қолайлы инвестициялық орта ұсынылуы өндірістің кеңеюіне мүмкіндік беріп отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу – мақта, жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдарын қайта өңдеу кәсіпорындары құрылып, қосылған құны жоғары өнім өндіру үлесі өсіп келеді.

Құрылыс индустриясында цемент, кірпіш, құрылыс материалдары өндірісінің дамуы өңірдегі қарқынды құрылысқа қызмет етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруда. Тоқыма және жеңіл өнеркәсіп – халықаралық нарыққа бағытталған өнім шығару ісі жолға қойылып, экспортқа шығатын бәсекеге қабілетті брендтер қалыптасуда.

Өндірістің дамуы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар жүруі тиіс. Түркістан облысы үшін бұл – үлкен стратегиялық басымдық. Өңірдің Орталық Азияның дәл торабында, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанға жақын орналасуы, халықаралық көлік дәліздерінің өтуі логистикалық артықшылық береді. Облыстан негізінен ауылшаруашылық шикізаты ғана емес, қайта өңделген дайын өнімнің үлесін арттыру – басты мақсат. Дайын өнім экспорттау арқылы өңір бюджетіне түсетін табыс көбейіп, аймақтық экономиканың тұрақтылығы нығаяды.

Осы бағытта Ордабасы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі – Төрткүл ауылындағы «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл шаруашылық 2009 жылы құрылып, егін шаруашылығымен айналысып келеді. Компанияның негізгі бағыты – суармалы жерлерде мақта егу және оны өңдеу арқылы ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы өнім ұсыну.

Бүгінгі таңда серіктестіктің қарамағында 723 гектар суармалы жер бар. Кәсіпорын осы алқаптарға Түркиядан әкелінген жоғары сапалы мақта сорттарын егіп, жыл сайын шамамен 4500 тонна мақта шикізатын жинайды. Жиналған өнім кәсіпорынның өз мақта өңдеу зауытында өңделіп, жылына 35 000 тоннаға дейін мақта талшығы өндіріледі. Шаруашылық құрамында 77 тұрақты қызметкер еңбек етеді, ал маусымдық жұмыстар кезінде бұл көрсеткіш 300 адамға дейін жетеді. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда.

«Рамазан-Агро» серіктестігі өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында заманауи ауыл шаруашылық техникаларын кеңінен қолданады. Кәсіпорынның меншігінде 120-дан астам техника бар, олардың қатарында John Deere маркалы мақта жинайтын комбайндар, тракторлар, тіркемелер, тиегіштер мен басқа да заманауи жабдықтар бар. Сонымен қатар шаруашылық өз алқаптарына жаңбырлатып суару жүйесін орнатқан. Бұл өздігінен жүретін инновациялық техника су ресурстарын үнемдеуге, сонымен қатар тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.

«Рамазан-Агро» ЖШС өнімдері тек отандық нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. 2016–2017 жылдары серіктестік Чехияның Cotton CZ S.R.O. компаниясымен үш келісімшарт жасап, тұрақты серіктестік орнатты. Сонымен қатар, шаруашылықтың өнімдері Беларусь, Ресей және Молдова елдеріне экспортталады.

Компания мақта шаруашылығын дамыту арқылы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, Қазақстандық мақтаның сапасын арттыру және оны әлемдік нарықта ілгерілету мақсатында мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мен енгізу жөнінде ұсыныстар білдіріп отыр. Өндіріс пен экспортты қатар дамытып отырған «Рамазан-Агро» ЖШС – Ордабасы ауданындағы ғана емес, күллі өңірлердегі мақта шаруашылықтарына үлгі болып отыр.

Түркістан облысында 110,2 мың гектар жер 170 млн көшет егу үшін бекітілген.

Түркістан облысында 3 млн 472 мың гектарды құрайтын мемлекеттік орман қоры жерлері бар. Орманмен көмкерілген алқабы- 1 млн 587 мың гектар немесе 45,7 пайыз,  далалы құмды алқабы – 1 млн 884 мың гектар немесе 54,3 пайызды құрайды. Бұл, республикаға бағынысты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және орман шаруашылығы жерлерін қоса есептегенде облыстың жер көлемінің
30 пайыз бөлігін құрайды.  Жалпы Түркістан облысының  жер көлемі – 11 млн.610 мың гектар.

Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры жерлеріне 2 млрд. ағаш отырғызу бойынша тапсырмасына сәйкес, облыста  Кешенді жоспар әзірленіп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісіле отырып, облыс әкімдігімен     2021-2027 жылға дейін 110,2 мың гектар жерге 170 млн көшет егу үшін бекітілген. Президент Аппараттының хаттамалық тапсырмасына сәйкес  2029 жылға дейін қосымша көлемін 2 есеге көбейту ұсынылған.

Жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан 2022 жылы-251685, 2023 жылы-1088644, 2024 жылы – 997 329 дана әртүрлі көшеттер босатылып, тапсырма аясында 2021-2024 жылдарда облыс көлемінде жалпы 2 736,0 мың дана көшет отырғызылды.

2025 жылы облыстың  аудан, қалаларына жалпы  1 млн-нан астам көшет босату жоспарлануда. Бүгінгі күні  басқармаға қарасты тұқымбақтардан (орман шаруашылықтар) көктем айларына жоспарланған көшет көлемінен 439 965 дана босатылып, одан бөлек аудан, қала әкімдіктерінің бюджеті және демеушілер есебінен  69 874 көшет алынса, жалпы көктемгі маусымда 509 839 дана көшет отырғызылды. Орман шаруашылығы нұсқаулықтарында 30% көлемде толықтыру шаралары қарастырылған. Көшеттердің көнімділігін тексеру анықтау және аудан, қала  әкімдіктерінің сұраныстарына сай 2026 жылы – 224,2 мың дана (15%), 2027 жылы – 149,5 мың дана (10%) және 2028 жылы –  74,6 мың дана (5%), жалпы 448 559 дана қосымша көшеттер босату жоспарлануда.

2024 жылы орман питомниктерінде 30,0 млн.-нан аса көшеттер өсірілсе, орман питомниктерінің санын ұлғайту, көшет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар барысында  2025 жылы – 35,0  млн, 2027 жылға 40,0 млн, 2029 жылға 60 млн көшет өсіру жоспарлануда. Бүгінгі күнге орман шаруашылығы мекемелерінің жалпы көлемі 342 гектарды құрайтын, 21 орман питомнигі бар, көшеттің 17 түрі өндіріледі.

Көшет өндірудің саны, сапасы және түрлері бойынша Түркістан облысы Республка көлемінде алдыңғы қатарда. Қазіргі таңда өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес, басқармаға қарасты орман шаруашылықтарының тұқымбақтарында көшеттерге тиісті көлемде  суару және дәрі беру жұмыстары күшейтіліп, стандартқа сай бойы 1,5-2,0 метрден кем емес көшеттермен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Сол себепті Өңіріміздің климаты ыстық және жердің тұзды, сортаң, топырақты болуына байланысты тиісті көшеттер егілуін және  жазғы маусымдағы суару жұмыстарын күшейту, түнгі және күндізгі кезекшіліктер мен тасымалдау, алып кету күндерін нақтылап бекітілген қызметкерлер  қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет.

2021-2024 жылдарда жалпы  79 мың га аумаққа, 117 млн көшет егілді, бұл 46 пайызды құрайды. Ағаш отырғызу жұмыстары бойынша жоспарланған көлемдер жылма-жыл артуда. Оның ішінде 14 орман питомнигі, жалпы көлемі 237 га тұрақты, 8 орман питомнигі 105 га уақытша питомниктер.

Жергілікті жерсіндірілген жапырақты (қарағаш, шаған, емен, айлант), қылқанды (бозарша, арша, қарағай) жеміс ағаштары (өрік, алма, шие, шабдалы) мен биылғы жылы гүлді ағаш-бұта (сирийская роза, лигустра) түрлерін отырғызуға басымдылық беріледі. 2025 жылдың маусым айында басқарма тарапынан зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында келесі жағдай орын алған. Түркістан облысында 2021-2025 жылдар аралығында  1,1 млн көшет отырғызу іс-шараға сәйкес, 801 елді мекеннің 90% көгалдандыруға 4 млн-ға жуық көшет егу жоспарланған. Елді мекендерде егілген көшеттерді ерекше күтіп-бапталып, суғару және қоршаумен қамтамасыз етілген жағдайда көшеттердің көнімділігі  80 пайыздан төмен болмауы керек.

Облыс бойынша аудан, қала аумақтарында 2024 жылдың күзі және 2025 жылдың көктемінде отырғызылған көшеттердің жалпы өнімділігі 56,2 пайызды, қоршаулар 71,1 пайызды және суару  68,6 пайызды құрайды. Суару жүйесі мен күтіп баптау жұмыстарының деңгейі төмен, күндізгі және түнгі суару кезекшіліктері ұйымдастырылмағандықтан маусым айындағы нәтиже төмен деңгейде екені анықталды. Әрбір аудан, қала босатылған көшеттерді уақытынан кешікпей алып, суару жүйесі мен қоршауы сапалы дайындалған жерге отырғызса көшеттердің көнімділігі жоғары болатындығы белгілі фактор .

Жұмысты дұрыс деңгейде ұйымдастырған Арыс, Түркістан қалалары, Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарынан көшеттердің өнімділігі жоғары және сапалы екенін көруге болады. Бұл аудандарда көшеттің санына емес сапасына көңіл бөлінген. Арыс қаласында өткізілген семинардың қорытындысына сәйкес, Сіздің хаттамалық тапсырмаңыз бойынша аудан, қалалар өз аймақтарында жергілікті тұқымбақ ұйымдастыру тапсырылған, бұл бағытта аудан әкімдіктері тек хат жүзінде ғана мәлімет берілуде.

Бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерінен биылғы егілетін көшеттер көлемдері мен түрлерін нақтылау мақсатында жұмысшы топ құрылып аралау шаралары жүргізіліп, мәлімет жинақталды. Көшеттерді босатуда аудандардың климаттық ерекшелігі ескеріліп, әр лесхозға үйлестіру және қадағалауға аудан, қалалардан жауапты қызметкерлер нақтыланып, облыс әкімінің орынбасары Н.Тұрашбековпен бекітілген. Қазіргі таңда қосымша сұраныс болған жағдайда аталған көлемді толық қамтуға мүмкіндігіміз бар. Барлық аудан, қалаға күзгі ағаш егу маусымына дайындығы және жоспары бойынша 21.08.2025 жылы №29/1972 хатпен жолданған.

@Түркістан облысында Көгалдандыру жұмыстарының атқарылу деңгейі және күтіп-баптау жұмыстарының атқарылу барысы туралы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ӨНЕР МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында музыкалық бағыттағы Өнер мектебі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, тұрғындарды құттықтады.

– Өңірімізде әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдың инфрақұрылымы жақсара түсуде. Солардың бірін бүшін ашудамыз. Бұл жаңа өнер мектебі ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін беретіні айқын. Жаңа нысанның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаржы халықтың игілігіне бағытталды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты орындалуы, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

2025 жылдың сәуір айында басталған құрылыс желтоқсан айында толық аяқталып, өнерге құштар балалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 300 орындық «Өнер мектебі» мекемесінде балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Музыка ғимаратында мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 150 орындық зал бар. Сонымен бірге кітапхана, топтық жаттығу, ұлттық сапаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған бөлмелермен және музыкалық аспаптар бөлмесімен қамтылған. Екінші қабатында дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі және музыкалық үйірмелер, халық аспаптар бөлмесі, сахна, сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.

Бұл жаңа ғимарат – 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайда жұмыс істеген ескі мектептің орнына тұрғызылды. Соңғы жылдары ескі ғимаратта 400-ден астам бала білім алып, бұл көрсеткіш оның жобалық қуатынан 2-3 есе асып кеткен еді, ал 45 мұғалім тар, суық, ескірген бөлмелерде жұмыс істеп келген. Енді бұл мәселе толық шешіліп отыр.

Темірландағы жаңа музыка мектебі – ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың өсіп шығуына жол ашатын ерекше жоба. Балалар енді музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам үшін нақты пайдаға айналуының жарқын мысалы.

Айта кетейік, елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміздегі жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталған. Ал осы қор арқылы Түркістан облысында 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылуда. Оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамту, бір медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізу және өзге де жобалар бар.