Түркістан облысы тұрғындарын сапалы инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекенінде магистральды ауыз су жүйесі пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, Жұлдыз ауылының тұрғындарын құттықтап, бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың легін баяндап берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі атқарылып жатқанын атап өтті.
Жаңа нысан арқылы Жұлдыз ауылындағы 65 тұрғын үй мен инфрақұрылым жүргізілген 39 жерге ауыз су жүйесі жеткізілді. Нәтижесінде, ауылдағы 367 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аудандағы «Шаян – Жамбыл – Танатар» елді мекендерінің арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл көрсеткіш ел Президентінің тапсырмасын толық орындаудың айқын көрінісі болып отыр.
Нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Одан бөлек, 14 елді мекеннің Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас, Алмалы елді мекендерінде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл Боралдай, Ағыбет, Жамбыл, Түйетас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Нысан құрылыстары 2026 жылға өтпелі. Өңірде халық игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
« — Мемлекет тарапынан біз секілді ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болып жатыр. Несие алып, өз кәсібімді бастауға мүмкіндік туды. Қазір жылыжай толық іске қосылды. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмын. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы оның тұрғындарына да қолдау болары анық. Қазір Түркістан облысы өркендеп келеді. Шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығы саласына да қолдау ерекше», — дейді Өтеген Сағындықов.
Жылыжайда заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Бұл тәсіл суды үнемдеп, өнім сапасы мен көлемін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге жылыжайдағы климаттық жағдай арнайы құрылғылармен бақыланады. Өтеген Сағындықовтың үлгісі ауылда да табысқа жетуге, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге болатынының айқын дәлелі. Жоба арқылы қолдау тапқан әр азамат ауыл экономикасын дамытуға, отбасылық табысын арттыруға мүмкіндігі бар.
Ал, Түлкібас ауданында ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылып, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасалған. Бағдарлама былтыр Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтерінде іске асырылып, 1 млрд 396 млн. теңгеге 209 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылық саласы бойынша 9,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспар тізіміне енген. Нәтижесінде 200-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Өткен жылы аудандағы жалпы ауылшаруашылық өнім көлемі – 61 млрд 266 млн. теңгені құраса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы кәсіпорын, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс жасауда. Ауданда өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту мақсатында 2024-2026 жылдары өнеркәсіп саласы бойынша 447 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, аудан экономикасының дамуының маңызды бір бағыты туризм саласы. Бүгінде ауданда 36 туристік нысан бар. Жыл сайын ауданның керемет аймақтарына мыңдаған туристе келеді. Жалпы туризм саласы бойынша алдағы 3 жылда жалпы құны 12,4 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80 га жерге емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде осы бағыттағы кәсіпті дамытуға ниетті азаматтар да жетерлік. Бұл кәсіп арқылы туризмді өркендетуге де мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, Түлкібастықтар ауыл шаруашылығын экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы деп біледі. Бұл саланың қарқынды дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше назарында. Қазақстан аграрлық мемлекет ретінде терең өңделген өнім шығаруға басымдық беріп келеді. Осы орайда, мемлекеттік бағдарламалар ауыл кәсіпкерлігін қолдауға, өңірлік өндірістің нақты өсіміне серпін беру бағытындағы жұмыстарды жүйелендіруге мүмкіндік беріп отыр. Түркістан облысының негізгі экономикалық қуатын ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласындағы өндірістік қуат артып, жаңа кәсіпорындар іске қосылып келеді.
Осындай кәсіпкерлік нысанның бірі – «Майтөбе–Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Кооперативтің өндіріс желісі, өнім сапасы және маусымдық қабылдау көлеміне тоқталар болсақ, жаз айларында тәулігіне 5 мың тонна, қыста 3 мың тоннаға дейін сүт қабылдайтын кәсіпорын бүгінде 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдағы еңбек нарығын қолдаудың маңызды көрсеткіші.
Келесі нысан – «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы кооперативі. Заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жылына 5000 тонна жеміс-жидекті қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Мұнда 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған және бұл жоба өңірдегі қайта өңдеу саласының әлеуетін арттыруға жұмыс жүргізетін болады. Алдағы уақытта өндіріс технологиясының тиімділігі мен өнім өткізу нарығын кеңейту бойынша жергілікті билік нақты іс-шаралар жоспарын да назарға алған.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында «Тау Форель» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы да қарқын алған. Жылына 8–10 тонна ханбалық өндіретін кәсіпорын бүгінде өнімін Шымкент, Алматы және Астана қалаларына жөнелтуде. Алдағы уақытта мұнда форельмен қатар сазан және бекіре балық тұқымдарын өсіру жоспарланған. Жоба құрлытайшылары өндіріс ауқымының ұлғаюуы тұтастай аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретінін айтады. Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп жатыр. Бұл саладағы өнімдердің экспортын ұлғайту – отандық кәсіпкерлер үшін стратегиялық мақсат болып белгіленген.
Әрбір ауылда кем дегенде бірнеше табысты шағын кәсіп қалыптасса, ауылдың әлеуеті артып, өмір сапасы жақсарып, болашаққа деген сенім нығая түсері сөзсіз.
Осы бағытта Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылдық округі, Тоқсансай ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Алпейс Арысбек Пернеханұлы 2023 жылы «Ниет» атты жобасын іске қосып, ауылдық жердегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосуда. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,8 млн теңге көлемінде несие, сондай-ақ 1,2 млн теңге жеке қаражат есебінен 0,5 гектар аумақта тұрмыстық қажеттіліктерге арналған ағаш бұйымдары мен өзге де өнімдерді өндіру ісін қолға алған. Өндіріс барысында ағаш өңдеудің арнайы технологиялары қолданылып, өнім сапасының талапқа сай болуына ерекше назар аударған. Шаруашылықтың жалпы шығыны 8 млн теңгені құраса, қазіргі уақытқа дейін кәсіпкерлік қызметтен 12 млн теңге көлемінде таза пайда алынған. Алпейс Арысбектің бастамасы елді мекендегі шағын кәсіптің нақты көрсеткіші.
Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 7 200 000 теңге несие алған Ұялыжар ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Есболова Фарида несие қаражатын тиімді пайдалана отырып, жылқы басын көбейту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі уақытта оның қожалығында 12 бас жылқы, соның ішінде 11 аналық жылқы және 1 құлын бар. Мал басының артуы шаруашылықтың тұрақты дамуына және табыстың өсуіне ықпал етіп отыр. Жем-шөп қоры толықтай кәсіпкердің өз қаражаты есебінен. Жалпы малдың қыс айына дайындығы уақтылы жүргізілген. Жеке кәсіпкердің жылдық табысы бүгінде 1 500 000 теңгені құрайды. Бағдарлама аясында қаржылай қолдау алған азаматтар арасындағы мұндай мысалдар ауылдық кәсіпкерлікті ынталандырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде. Есболова Фарида өз ісін әрі қарай кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп, алдағы уақытта жылқы басын тағы да көбейтуді жоспарлап отыр.
Өз мамандығымен мемлекеттік қолдаудың арқасында алға мақсат қойған кәсібін дамытып отырған азаматтар да бар. Солардың бірі – аудан орталығы Темірланда табысты еңбек етіп отырған, «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі.Агроном мамандығын игерген Елнұр Сайдазимов субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жылыжай шаруашылығын дамытып отыр. Заманауи технологиялар мен табиғи тыңайтқыштарды пайдалану арқылы лимон, мандарин, құлпынай, алма өсіріп, сапасы жоғары, экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде. Елнұр Сайдазимовтің бұл табысы – еңбекқорлық пен жаңашылдықтың, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың жемісі.
Аталған бағдарлама отбасылық шағын кәсіпке де нақты қолдау болып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбеккерлер ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты табыс көзіне айналдырып келеді. Бұл – көптеген шаруашылық иелерінің мысалында айқын көрініс тапты. Солардың бірі ауданымызға қарасты Шұбар елді мекенінің тұрғыны Пірәлі Берік. Ол 7 200 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылқы бордақылау ісін бастады. Осы қаражат есебінен 18 бас жылқы сатып алған. 18 тонна шөп пен арпа қорын толықтырған. Қора-жайды жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарға 1,3 млн теңге жұмсаған.
Бүгінде шаруашылық ай сайын табыс әкелуде. Жылқы бордақылаудың орташа айналымы 90–120 күн аралығында. Осы кезеңде әр малдан 70–90 мың теңге пайда түседі.Беріктің айтуынша, кәсіп басталғалы отбасының тұрмысы жақсарып, табыс тұрақты арнаға түскен. Кәсіптің тиімді тұсы еңбекті еселеп, табысты көбейте беру мүмкіндігінде. Алдағы жоспар ретінде Берік Пірәлі мал басын 50 басқа дейін көбейтуді, шағын жемшөп қоймасын салуды, қосымша бірнеше адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Жалпы айтқанда мемлекеттік бағдарламалар ауылға сенім, еңбекқор азаматтарға мүмкіндік. Осындай еңбекқор кәсіпкердің бірі – Ордабасы ауданының тұрғын Өтеген Сағындықов. Ол төмен пайызбен несие алып, 60 соттық жерге жылыжай салып, табысты кәсіптің жолын бастады. Жобаның арқасында салынған жылыжайдың 50 соттығына қызанақ, ал 10 соттығына қияр егілген. Қазір Өтеген Сағындықов өнімді күтіп-баптау, сапасын арттыру және нарыққа шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Жылыжай шаруашылығы оның айтуынша маусымға тәуелсіз табыс көзі және ауылдағы тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі.
Бүгінде ауылдың әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту ең өзекті міндеттердің бірі. Осы мақсатқа жетуде ең сенімді құрал – шағын және орта кәсіпкерлік. Себебі шағын кәсіп ауыл экономикасына серпін беріп қана қоймай, жұмыс орындарын көбейтіп, тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік туғызады. Ең алдымен, шағын кәсіп – ауылдағы жұмыссыздықты азайтудың тиімді жолы. Шаруашылық, мал және егін өнімдерін өңдеу, сүт, ет, нан өнімдерін өндіру, шағын шеберханалар ашу, қызмет көрсету саласын дамыту – мұның бәрі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, тұрақты табыс көзін қалыптастырады. Жастардың ауылдан көшуін тежеп, туған жерде еңбек етуге ынталандырады. Екіншіден, шағын кәсіп ауыл экономикасын әртараптандырады. Бұрын тек мал немесе егінге ғана тәуелді болған ауыл шаруашылығы бүгінде туризм, қолөнер, агроөңдеу, логистика, сервистік қызметтер арқылы кеңейіп келеді. Бұл ауылға жаңа технология, жаңа мәдениет, жаңаша ойлау әкеледі. Сонымен қатар, шағын кәсіптің дамуы инфрақұрылымның жақсаруына, жол, байланыс, қызмет сапасының артуына ықпал етеді.
Мемлекет тарапынан да қолдау бар: жеңілдетілген несиелер, гранттар, оқыту бағдарламалары, инфрақұрылымдық қолдау – мұның бәрі ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы – тұрғындардың ынтасы, еңбекке деген ниеті және жаңашылдыққа ұмтылысы.
Бұл бағытта Ордабасы ауданында мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған көптеген ауыл азаматтары өз кәсібін ашып, тұрмыстарын жақсартып келеді. Солардың бірі – Шұбар ауыл округінің тұрғыны Серік Манапұлы. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% мөлшерлемемен 4 400 000 теңге жеңілдетілген несие алып, өз үйінде шағын тігін цехын ашқан. Кәсіпкер қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қажетті түрлі тұрмыстық тапсырыспен тігін өнімдерін дайындауда. Жобаның іске асуы отбасылық табысты арттырып, ауыл ішінде шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуда. Серік Манапұлы алдағы уақытта цехты кеңейтіп, қосымша тігін машиналарын алып, кәсіп ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындары үшін мұндай бастамалар шабыт беріп, кәсіп ашуға деген сенімін арттыра түсетіні айқын.
Ордабасы ауданында соңғы жылдары жылыжай шаруашылығында да жаңа серпін қалыптасты. Соның жарқын мысалының бірі ауданға қарасты Шұбарсу елді мекеніндегі – «Алан-Нұр» жылыжай кешені. Шаруашылықтың төрағасы Нұрлан Алимханов жылыжай ісіне 2017 жылы кіріскен. Алғашқыда 1 гектар аумақта тәуекелге толы тірлік бастады. Дұрыс жоспарлау мен үздіксіз жұмыстың арқасында шаруашылық жыл сайын кеңейіп, 2025 жылға қарай жер көлемі 4 гектарға жетіп, ірі өндірістік жылыжайға айналды. Бүгінде аумақтың аграрлық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр.
Бұл жолда мемлекет қолдауы да маңызды рөл атқарды. Кәсіпкер өз қаржысына қосымша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29,8 млн теңге көлемінде қолдау алып, кәсібіне инвестиция салды. Нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған тұрақты өндіріс орны құрылды. Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару технологиясы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып, бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы 4 гектардан жыл сайын 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс нарыққа шығарылады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты. Бүгінде жылыжайда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл бірегей кәсіптің өркендеуі- табанды еңбектің, батыл қадамның жемісі. «Алан-Нұр» жылыжайының жетістігі – жас кәсіпкерлерге үлгі. Қиындықты еңсеріп, заманға сай технологиямен жұмыс істеп, ауылда да табысты бизнес қалыптастыруға болатынын дәлелдейтін нақты мысал.
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 ауылдық округте 749 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185 тұрақты жұмыс орны ашылып, 100-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан арылады деп күтілуде. Яғни, шағын бизнестің дамуы – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Отбасының табысы артса, білім мен денсаулыққа көңіл көбейеді, ауылда мәдениет пен қоғамдық белсенділік жанданады. Шағын кәсіп иелері – ауылдың белсенді тобы, олар демеушілік жасап, әлеуметтік жобаларды қолдап, қоғамның дамуына үлес қосады.
Жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасымен өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша – 195, мал шаруашылығын дамыту бойынша – 175, құс шаруашылығын дамыту бойынша – 108, балық шаруашылығын дамыту бойынша – 71, кооперативтерді құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша – 62, өз кәсібін ашу бойынша 138 жобаны іске асыру көзделуде. Мұндай жобалар ауыл дамуының берік тірегі, экономиканың қозғаушы күші болып табылады. Оны дамыту – тек экономикалық емес, әлеуметтік әрі стратегиялық маңызды міндет.
Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны «PULPSTYLE» ЖШС іске асырмақ.
Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Әсіресе, тұрмыста көп қолданылатын пластик қалдықтарының табиғатқа тигізетін зияны жылдан-жылға артып келеді. Осындай жағдайда бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар экологияны сақтаудың тиімді шешімдерінің бірі ретінде маңызды рөл атқарып отыр. Олар табиғи материалдардан жасалып, қысқа мерзім ішінде ыдырап, топыраққа зиян келтірмейді.
Дүниежүзінде пластик қалдықтардың көп бөлігі тұрмыстық ыдыстардан шығады. Олар жүздеген жылдар бойы табиғатта шірімей жатады. Ал биоыдырайтын ыдыстар осындай ұзақ мерзімді ластанудың алдын алып, қоқыс көлемін азайтады. Пластик ыдыстар ыдырау кезінде уытты заттар бөліп, топырақты улайды, суға түсіп, теңіз-көл экожүйесіне зиян келтіреді. Биоыдырайтын өнімдер мұндай зат бөлмейді, керісінше табиғи циклге қауіпсіз түрде қосылады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа кәсіпорынның капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.
– Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік. Инвесторлармен келісіп, импорт алмастыратын тауарларды шығаруға басымдық берудеміз. Сол жобалардың бірі – бүгін іргетасы қаланған «PULPSTYLE» компаниясының бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптама жасау кәсіпорны, экологияға пайдалы биодырайтын өнімдер шығарады. Бұл – біздің облысымыздың жаңа өндірістік әлеуетін көрсететін нақты қадам. Осы бастаманы қолға алған инвесторға алғысымды білдіремін. Менің басты мақсатым әрі арманым – Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін толық қамтитын өңірге айналдыру. Ел бірлігі мен ортақ жұмысымыз арқылы бұл дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Себебі Түркістан өңірінің ең басты байлығы – адами капитал мен жұмыс күші жеткілікті. Жаңа кәсіпорын уақтылы ашылып, халықты отандық өніммен қамти берсін! – деген Нұралхан Оралбайұлы.
Аталған кәсіпорынды ашу бойынша 2025 жылдың қыркүйек айында инвестормен келіссөздер жүргізілген болатын. Бір рет қолдануға арналған биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама жасау жобасының құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жоба арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізілген. Нысан инфрақұрылым желілерімен толық қамтылған. Өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарлануда.
Жалпы, бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар – тек ыңғайлы тұрмыстық бұйым ғана емес, табиғатты қорғауға қосылған үлкен үлес. Олар пластик қалдықтарының азаюына, топырақ пен судың тазалығын сақтауға, жасыл экономиканың дамуына жол ашады.
Қазіргі таңда Түркістанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылды. 50 жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін шағын өндірістік парктер іске қосылды. Бұл аймақтарда кәсіп ашуға барлық қолайлы жағдай қарастырылған және мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы маңызды міндет аясында өңірде инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Соның бір айқын көрінісі – Ордабасы ауданындағы жұмыстар. Яғни, аталған ауданында атқарылған жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асып, биыл елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіп, Президент міндеттеген межеге толық қол жеткізілді. Осылайша Ордабасы Жолдаудағы басты тапсырманы мерзімінде орындап, елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз еткен өңірлер қатарына қосылды.
Ордабасы ауданы соңғы жылдары маңызды әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ауыз су – халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі қажеттіліктің бірі. Сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі ауданның әлеуметтік дамуына тың серпін беріп отыр. Бүгінде Ордабасы ауданындағы елді мекендердің басым бөлігі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жаңа су құбырлары тартылып, су қоймалары, сүзгілеу жүйелері және тарату желілері жаңартылуда. Мұның нәтижесінде тұрғындар сапалы, таза әрі үздіксіз суға қол жеткізіп, бұрынғыдай тасымал суға тәуелділіктен құтылып отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан аумағындағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылып, қамту деңгейі елді мекендер бойынша 94,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында биылға дейін ауыз су жүйесі жүргізілмеген Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылып, нысандар қазан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде Ордабасы ауданындағы елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы толық аяқталып, аудан ауызсу инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңнен өтті.
Қолданыстағы су жүйелерінің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе елді мекендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылды.
Ауыз судың қолжетімді болуы бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді. Санитарлық жағдай жақсарып, тұрмыстық қолайлылық артады, сонымен бірге ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді. Жаңа инфрақұрылым ауылдың көркеюіне, халықтың тұрмыс сапасының көтерілуіне мүмкіндік береді. Ордабасы ауданындағы ауыз су жүйесін жаңғырту – халық игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Бұл тек инженерлік жоба ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастама. Алдағы уақытта да аудан ауыз су мәселесіне қатысты жоспарлы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Түркістан облысы мен оның орталығы Түркістан қаласында энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл саясат — елдің ұлттық энергетикалық стратегиясы мен өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қалыптасуда. Түркістан облысы 2029 жылға дейін энергетика саласына 60 миллиард теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат электр энергетикасы инфрақұрылымын жаңғыртуға, желілік жүйелерді реконструкциялауға, жаңа және инновациялық технологияларды енгізуге бағытталады. Осы жұмыстар миллиондаған тұрғындарға сапалы әрі тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды шаралардың басым бағыттары болып саналады.
Облыста жаңартылатын энергия көздерінің қуатын арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, Түркістан қаласында бірлескен жобалар нәтижесінде орта мектептің энергия тиімділігі артты. Бұл жоба Eni компаниясы мен БҰҰДБ (UNDP), сондай-ақ Түркістан облысының әкімдігі тарапынан жүзеге асырылды. Жобаның аясында қаладағы мектепке 50 кВт-тық күн фотовольтаикалық панельдер, яғни күн электр станциясы орнатылды. LED-жарықтандыру мен терморегуляторлар, энергия үнемдейтін терезе пленкалары қолданылды. Нәтижесінде білім ордасының энергия шығыны азайды және жалпы тұтыну үнемделді. Бұл тәжірибе энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия қолданудың нақты үлгісі ретінде көрсетілді. Бұл жоба Түркістан қаласында энергияны үнемдеудің нақты нәтижесі бар алғашқы ірі бастамалардың бірі болды.
Түркістан облысының 2021–2025 даму жоспарына сәйкес, энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту бойынша бірнеше жобалар қарастырылған. Яғни, Түркістан қаласында және төңірегінде 110/35/10 кВ, 220/110/10 кВ сияқты қосымша трансформаторлық станциялар салынады, бұл электрмен қамту сапасын жақсартады. Шахарда жылу электр орталығын салу жобасы да қарастырылған, бұл жылыту жүйелерін жаңарту мен энергияны тиімді пайдалануды күшейтуге бағытталған. Жаңа жобалар 200-ден астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, 2023 жылы Отырар ауданында қуаты 50 МВт болатын «Шәуілдір» күн электр станциясы салынды. Бұл – өңірдің жаңартылатын энергия саласындағы маңызды жетістігі болды. Сонымен қатар, Облыста 278,6 МВт жалпы қуаты бар 24 жоба іске асырылған, бұл облыстың энергия балансына жаңартылатын көздерден электр өндіруді арттыруға мүмкіндік береді. Биыл Төлеби, Жетісай аудандарында инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған 110 киловолттық «Алатау», «Жетісай» қосалқы станциялары іске қосылды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас аудандарында 220 киловолттық «Бадам», «Хим комплекс» қосалқы станцияларының құрылысы іске асырылуда. Сондай-ақ, «Samruk-Energy» компаниясы Сауран ауданында 300 МВт қуатты күн электр станциясын және 90 МВт/360 МВт сағаттық энергия сақтау жүйесін салу жобасын жүзеге асыруда. Бұл Қазақстанның жасыл энергетикаға көшу стратегиясына толықтай сай келетін нақты бастамалар.
Одан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС осы жылы инвестициялық бағдарламаға сәйкес, 6 дана 110-35 кВ-тық қосалқы станция, 357 шақырым электр желісіне, 89 трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Осындай жүйелі жұмыстардың атқарылуында энергетика саласының мамандарының да еңбегі орасан. Сондықтан елімізде қызметтерінде қиындығы қатар жүретін сала қызметкерлерінің мерейін үстем ететін мерекелік күн де белгіленген.
Түркістан қаласында Энергетиктер күніне арналған арнайы мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, облыстың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер марапатталды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
«– Құрметті энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Cіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Энергетика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, жаңа қуат көздерін дамыту – негізгі стратегиялық міндет екенін атап өтті. Энергетика – өңірдің тұрақты дамуын айқындайтын маңызды бағыт. Облыста бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Өңірлерге жарық пен жылудың үздіксіз берілуі, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуі, әлеуметтік нысандардың толыққанды қызмет атқаруы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Сіздердің халыққа жарық пен жылу жеткізу жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайықты. Біз бүгін саладағы үздік мамандарды арнайы марапаттайтын боламыз. Бұл – еңбектеріңізге деген шынайы алғыс пен құрметтің айқын белгісі. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз ең жоғары кәсіби қызыметтеріңіздің арқасында өңірімізде энергетиалық қауіпсіздік мен тұрақтылық қамтамасыз етіліп келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін,» – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Мерекелік шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек адамына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалін, «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілерін табыс етті. Сонымен қатар сала үздіктері Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» Құрмет граммотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және облыс әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар Түркістан облысы мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар азаматқа Облыс мәслихатының Грамотасын табыстады. Сонымен қатар Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сариева сала мамандарына алғысын жеткізіп, аяндай еңбек етіп жүрген азаматтарды Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Алғыс хатымен марапаттады. Марапатталған азаматтардың қатарында электргаз дәнекерлеушісі, инженер, тас қалаушы, менеджер, қосалқы станция қызметінің аға шебері, сылақшы-бояушы, электрослесарь, оператор сияқты еңбек адамдары бар.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы 2030 жылға қарай энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін жеткізуді жоспарланған. Бұл облыста да қолдауға ие ұлттық мақсаттардың бірі. Аталған бағытта өңір энергетикасының маңызды нәтижелері бар. Яғни, энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту және инвестиция тарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту — күн электр станциялары мен жобалар облыстың энергетикалық балансына елеулі үлес қосып жатыр. Сонымен қатар, энергия тиімділігін арттыру бағытында азаматтық секторда нақты жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан облысында энергия тиімділігі саясаты — тұрғындарға сапалы, үнемді және тұрақты энергия ресурстарын қамтамасыз етумен бірге, экологиялық таза энергияны дамытуға бағытталған кешенді бағыт болып отыр. Бұл бағыт елдің ұлттық стратегияларымен үндесіп, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беріп келеді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түскен. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген, яғни басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция мемлекеттерінен саяхаттауға келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.
Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы – Қазақстанның туризм саласын дамытудағы стратегиялық өңірлердің бірі. Бұл аймақ тарихи-мәдени мұралары, табиғи байлықтары және экотуризм мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары Түркістан облысына келетін туристер саны өсіп, туристік инфрақұрылым нығайып, саланың экономикалық үлесі айтарлықтай артып отыр.
Тарихи және мәдени, экологиялық туризмнің даму көрсеткіштері де жоғарлаған. Түркістан қаласы түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Мұнда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан ретінде шетелдік және отандық туристердің басты бағыты саналады. Сонымен бірге Арсанбаб, Укаш ата, Отырар, Сауран, Күлтөбе сияқты тарихи орындарға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысына жалпы 500 мыңнан астам турист келген, ал бір күндік келушілер саны 1 миллионнан асып, бұл өңірді республиканың ең көп баратын туристік орталықтарының қатарына шығарды. Сол жылдың өзінде 235 мың турист орналастыру орындарын пайдаланса, 136,4 мың адам сауықтыру және демалыс аймақтарында, 128,6 мың адам табиғи саябақтарда демалған. Сондай-ақ шетелдік туристер легі де жыл санап артып келеді.Өткен жылы Түркістан облысына 21 121 шетелдік турист келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 45 пайыздық өсімді құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш тағы да екі есеге еселене түсті. Сондай-ақ, “Әзірет Сұлтан” музей-қорығына 638,8 мың адам, ал Отырар тарихи аймағына 241 мыңнан астам турист барған. Бұл көрсеткіштер Түркістанның тарихи және рухани туризм орталығы ретіндегі маңызын айқын дәлелдейді.
Сонымен қатар экотуризм – болашақтың басым бағыты екені белгілі. Бұл бағытта Түркістан облысы табиғи байлығы мен экожүйелік әлеуеті жоғары өңір ретінде экотуризмді дамытуда қарқынды өсімді көрсетуде. Өңірде Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Сайрам–Өгем ұлттық табиғи паркі, Сырдария–Түркістан өңірлік табиғи саябағы секілді өзіндік керемет, қайталанбас табиғаты бар, ерекше қорғалатын аумақтар орналасқан. Бұл жерлерде табиғатты тамашалау, жаяу серуендеу, ғылыми-танымдық туризм, фото-экспедициялар, этноэкологиялық бағыттар дамып келеді. Қазақстан бойынша экотуризм соңғы үш жылда 40 пайызға өссе, оның айтарлықтай үлесі Түркістан облысына тиесілі. Табиғи аймақтарға келушілер саны жыл сайын тұрақты түрде артуда.
Туризм саласының экономикалық тиімділігі және әлеуметтік әсері өте мол. Түркістан облысында туризм саласы тек мәдени және рухани саланың дамуына ғана емес, өңір экономикасына да қомақты үлес қосып жатыр. 2025 жылдың өзінде туризм саласы облыс қазынасына шамамен 6,6 миллиард теңге табыс әкелген. Соңғы жылдары экотуризм саласына 64 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, қонақүйлер, демалыс орталықтары, туристік кешендер салынған. Қазіргі уақытта өңірде шамамен 40-тан астам ірі туристік жоба іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, өңірдің халықаралық имиджінің нығаюына үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.
Жоғарыдағы нақты көрсеткіштер Түркістан облысының туризм саласын жүйелі түрде дамытып жатқанын айқын көрсетеді. Туристер санының артуы, инфрақұрылымның жақсаруы, шетелдік келушілер легінің көбеюі – өңірдің халықаралық туристік бренд ретінде орныққанын дәлелдейді. Сонымен қатар экотуризмнің дамуы табиғатты қорғау мәдениетін күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Жалпы Түркістан облысы – өткен тарих пен бүгінгі өркендеуді ұштастырған, экологиялық туризм саласында да еліміздің ғажайып табиғатын танытатын, болашағы зор аймақтардың бірі болып есептеледі.
Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен заманауи үстел теннис орталығы қолданысқа берілді. Бұл жоба тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын оятып және салауатты өмір салтын ұстануына сеп болады. Орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
«–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін!» – деді Нұралхан Көшеров.
ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып жатқанын айтты. Жетісайдағы спорт нысанынан чемпиондар шығарына сенім білдірді.
« – Соңғы жылдары Қазақстанда спорттың көптеген түрлері өркендеп, халықаралық деңгейде өз орнын қалыптастырып келеді. Солардың арасында үстел теннисі де ерекше қарқынмен дамып, бұқаралық спорт ретінде де, кәсіби деңгейде де танымалдылығын арттыра түсуде. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, спорт инфрақұрылымының кеңеюінің және жастардың қызығушылығының нәтижесі. Бүгінде еліміздің көптеген аймақтарында жаңа спорт кешендері, арнайы үстел теннисі орталықтары ашылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін және қолжетімді үйірмелер ұйымдастырылуда. Мектептер мен колледждерде бұл спорт түрін кеңінен насихаттау арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мән берілуде. Сондай-ақ ауылдық жерлерде де үстел теннисіне арналған залдар ашылып, шалғай өңірлердегі балалардың да кәсіби спортқа қадам басуына мүмкіндік беріліп жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар халықаралық турнирлерге тұрақты түрде қатысып, тәжірибе жинақтаған. Азия және әлем деңгейіндегі жарыстарға шығу – еліміздің спорт мектебінің нығайып, бапкерлер құрамының кәсіби деңгейінің өскенін көрсетеді. Спортшылардың жетістігі жас буынға үлгі болып, жаңа таланттардың қалыптасуына жол ашуда. Үстел теннисі – тек жарыс үшін ғана емес, денсаулықты жақсартатын, зейінді шоғырландыратын, жылдамдық пен ептілікті дамытатын спорт түрі. Сондықтан бұл спорт түрінің бұқаралық сипат алуы еліміздің жалпы спорттық мәдениетінің дамуына оң ықпал етуде. Қазақстандағы үстел теннисі қарқынды дамып, болашағы зор спорт түріне айналып келеді. Мемлекеттік қолдау, спорттық инфрақұрылымның жақсаруы, білікті бапкерлердің еңбегі мен жас спортшылардың ынтасы – осы бағыттағы негізгі қозғаушы күш. Алдағы уақытта да бұл спорт түрінің беделі артып, халықаралық деңгейдегі жетістіктер көбейетіні сөзсіз.» – деді ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов
Облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Сайыпқырандарға сәттілік тіледі.
Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан, құны 1 млрд теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, 30 орындық жатақхана мен асхана орналастырылған. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізуге болады.
Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын саланы дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер есебінен 5 спорт нысаны бой көтерген.
Ал, өткен жылы мемлекет қаржысына – 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны қолданысқа берілген. Биыл жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мақталы ауылдық округі Тың елді мекенінің табиғи газға қосылу шарасына қатысты. Тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді. Айта кетейік, өңір әкімнің бұған дейінгі халықпен кездесулерінде тұрғындар тарапынан бірқатар өтініштер мен талап-тілектер айтылған болатын. Олардың қатарына ауыл халқының басым бөлігі көгілдір отынның мәселесін айтып, елдімекендерді табиғи газға қосу бойынша өтініштерін жеткізген еді.
«– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте жиналып тұрмыз. Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапарымда өздеріңізбен жүздесіп, Тың ауылын табиғи газға қосқалы отырмыз. Бұл мәселе биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген еді. Мәселе шешімін тауып отыр. Біз облысымыздың елді мекендерін газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2025 жылы 46 жобаның құрылысы аяқталады. Газдандыру деңгейін 75 пайызға ұлғайтып, 606 елді мекен көгілдір отынды пайдаланатын болады. Оның ішінде соңғы үш жылмен салыстырғанда бір ғана Жетісай ауданын табиғи газбен қамту көрсеткіші 22 пайызға артты. Бұл жұмыстар облысымыздың басқа аудандарында да жүргізілуде. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әр шаңыраққа жылу, береке, амандық тілеймін!» – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы аудан ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесуде облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарды да баяндады. Мақтаны өсіруден бастап, терең өңдеп, киім тігуге дейін жоспар жасалғанын, мақта егуде жаңа технологияларды енгізу маңызды екенін жеткізді.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аталмыш елді мекеннің газ құрылысы жұмысы биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 млн теңгеге жүргізілген жалпы ұзындығы 7,9 шақырым құбырдың 0,9 шақырымы жоғары қысымды болса, 7 шақырымы төмен қысымды. 942 тұрғын тұратын шағын ауылда 133 абонент бар.
Түркістан өңірінде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Табиғи газдың келуі – тек инфрақұрылымдық жетістік қана емес, тұрғындардың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын арттырған үлкен өзгеріс. Осыған байланысты жергілікті халық билікке, құрылысшылар мен мамандарға шынайы алғысын білдіруде. Газ жүйесінің тартылуы бірінші кезекте тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттырады. Бұрын көмір жағып, күл шығарып, қыстың суығында от жағудың машақатын көрген отбасылар бүгінде қауіпсіз әрі тиімді отын түрін пайдалануға мүмкіндігі бар. Үйлер жылдам жылынады, тұрмыс жеңілдеп, уақыт үнемделеді. Бұған қоса, экологиялық тұрғыдан таза отынның қолданысы ауа сапасының жақсаруына да оң әсерін тигізеді.
« – Көгілдір отынға қосылудың тағы бір маңызды артықшылығы – экономикалық тиімділік. Табиғи газ отын шығынын азайтып, бюджеттік жүктемені төмендетеді. Тұрғындар коммуналдық шығындарын ұтымды жоспарлап, үнемделген қаражатын басқа қажеттіліктерге жұмсауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ газдың келуі әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікке де қолайлы жағдай туғызады. Бұл игілікті істің жүзеге асуына облыс басшылығының қолдауы, сала мамандарының үздіксіз еңбегі үлкен үлес қосты. Әсіресе, жобаны іске асыру барысында уақытпен санаспай тер төккен құрылысшылар мен инженерлердің жұмысы ерекше құрметке лайық. Халықтың ықыласы мен ризашылығы – соның айқын дәлелі.Көгілдір отынға қосылу – тек коммуналдық қызметтің жақсаруы емес, халықтың әлеуметтік ахуалы мен өмір сапасының көтерілуі. Бұл – тұрғындардың сенімін нығайтып, болашаққа деген үмітін арттырған маңызды қадам. Тұрғындардың алғысы – жасалған істің нағыз нәтижесі.» – деді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.
Айта кетейік, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 93-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жеткен. Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл 14-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.