Түркістан: 13 ауданда су қорғау аймақтары мен белдеулерін Су кодексі талаптарына сәйкестендіру жұмысы жалғасады.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен өткізген мәжілісінде жетекшілік ететін салаларының басшыларымен бірге орындаушылық тәртіпті талдап, тапсырмалардың көрсеткішін таразылады.

Түркістан облысында 9 ауданда қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон орындарын оңтайландыру үшін тиісті құжаттары рәсімделуі қажет. 13 ауданда су қорғау аймақтары мен белдеулерін Су кодексі талаптарына сәйкестендіру жұмысы жалғасады. Барлық ауданда елді мекендердегі ағаштардың есебі алынып, жыл соңына дейін геопорталға енгізіліп аяқталуы тиіс. Сонымен қатар аудандар дендрологиялық жоспардың орындалуы үшін статистикалық органдарға шаруашылықтардың балық өсіру есебін толық өткізуді қамтамасыз етуі керектігін атап өтті, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

2025 жылғы ресми деректерге сәйкес, Түркістан облысында тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 231-ге жетті. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір өсім. Сонымен қатар, 30-ға жуық жаңа балық шаруашылығы іске қосылып, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде ауыл халқының табысын арттырып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізіп отыр.

Балық шаруашылығы тек табиғи су айдындарында ғана емес, тоғандық және шағын су қоймалары арқылы да дамып келеді. Мұндай тәсіл суды үнемдеп пайдаланып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бірқатар аудандарда фермерлер балық өсіруді егін және мал шаруашылығымен қатар алып жүріп, шаруашылықтың табыстылығын арттыруда. Түлкібас ауданында 2025 жылы жылына 120 тоннаға дейін балық өндіру жоспары жүзеге асырыла бастады, бұл өзге өңірлер үшін үлгі боларлық тәжірибе. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да саланың дамуына серпін беруде. 2025 жылы су айдындарын заңдастыру, балық шаруашылығына бекітіп беру, құжаттандыру және кеңес беру жұмыстары жалғасын тапты. Бұл фермерлерге субсидия мен жеңілдетілген несие алуға, сондай-ақ өнімін заңды түрде өткізуге жол ашты. Нәтижесінде кәсіпкерлердің салаға деген сенімі артты.

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін өңірде өсірілген балық көлемі 7 мың тоннадан асқан. Дегенмен, көрсеткіш нақты болуы үшін, аудан-қалаларда есеп дұрыс тапсырылғаны жөн екені түсіндірілді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығы – қайтарымы жылдам әрі тиімді кәсіп. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда бұл сала фермерге тұрақты табыс әкеліп қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосады. Сонымен қатар, балық өнімдеріне деген ішкі нарықтағы сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Экологиялық тұрғыдан да балық шаруашылығының маңызы зор. Су ресурстарын тиімді пайдалану, тоғандарды күтіп ұстау және биологиялық тепе-теңдікті сақтау арқылы табиғи ортаға оң әсерін тигізуге болады. Бұл – тұрақты даму қағидаттарына толық сай келетін бағыт. 2025 жылы Түркістан облысында балық шаруашылығы нақты даму кезеңіне өтті. Кәсіпкерлер саны артты, жаңа шаруашылықтар ашылды, өндіріс көлемі ұлғайды және ауыл тұрғындары үшін табыс көздері көбейді. Алдағы уақытта бұл сала облыстың ауыл шаруашылығындағы жетекші бағыттардың біріне айналады деп күтілуде.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында балық шаруашылығын дамыту соңғы жылдары жүйелі түрде қолға алынып келеді. 2025 жыл бұл сала үшін ерекше кезең болды деуге толық негіз бар. Өйткені дәл осы жылы қабылданған бағдарламалар мен көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесі айқын көріне бастады. Облыс табиғи-климаттық жағдайы жағынан балық өсіруге өте қолайлы өңірлердің қатарында. Көлдер, тоғандар, каналдар мен су қоймалары тауарлы балық шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында 2025 жылы облыс көлемінде нақты қадамдар жасалып, салада тұрақты өсім қалыптасқан.

Айта кетейік, Түркістан облысында өткен жылы алған жоспар бойынша тауарлы балық өсіру көлемі 7000 тоннаға жоспарланса, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 7509 тоннаға жеткен болатын. Ал, ауыл шаруашылығы саласын қолдау шеңберінде 500 миллион теңге бағытталып, бұл қаражат 62 балық өсіру субъектіге игерілді Сонымен қатар облыста 2236,78 тонна балық өнімдері басқа елдерге экспортталды. Сонымен қатар, Түркістан облысының 17 ауданы мен қалаларында кәсіпкерлермен кездесу және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұл саланы дамытуда тәжірибе алмасуға және фермерлердің сұрақтарына нақты жауап беруге мүмкіндіктер берілді.

Сондай-ақ, жиында облыс әкімінің орынбасары 2026 жылы облыс аумағында салынатын ветеринариялық нысандардың жерін белгілеу, құжаттарын рәсімдеу ісін жеделдетуді ескертті. Нысанның құрылысына қажеттілік жоқ деп танылған жағдайда, аудан-қалалардың жауаптыларына жыл соңына дейін хат жолдап, бас тарту шешімін негіздеуді жүктеді.

2026 жылы су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша жоспар түзілді. Жетісай және Мақтаарал аудандарында келесі жылы тамшылатып суғару желісінің 2 өндірісі іске қосылады деп күтілуде. Мәжіліс барысында технологияны ендіру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар сараланып, жерді тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді қаржыландыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ, келесі жылға жоспарланған 49 инвестициялық жобаны мерзімінен кешіктірмей іске қосу бойынша атқарылатын жұмыстардың орындалуы қатаң бақыланатыны, тоқсан сайын есеп алынатыны ескертілді.

Мақсат Таңғатаров: Су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілуі қажет

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шаға ауылдық округіне қарасты Бершінтөбе елді мекеніне барып, су жүйесін жақсарту жұмыстарының барысын тексерді. Қазіргі таңда ауылда су ұңғымасы қазылуда, бұл жергілікті халықты таза әрі үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар елді мекенде инфрақұрылым бағытында да оңды өзгерістер жасалуда. Көшелерге жарықтандыру тартылып, электр бағаналары орнатылуда, ал жүйені толық қамту үшін қуаттылығы 160 кВт трансформатор қойылды.

« – Су – тіршіліктің өзегі, табиғи байлықтың ең құндысы. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының дамуы, елді мекендерді сумен қамту және өндірістің өсуі жер асты су көздерін пайдалануды арттыруда. Осыған байланысты су ұңғымаларын қазу кең таралған үрдіске айналды. Алайда дұрыс жоспарланбаған немесе талапқа сай орындалмаған ұңғыма табиғатқа және адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Су ұңғымасын қазу тек тұрмыстық немесе шаруашылық қажеттілікті өтейтін техникалық әрекет қана емес, ол экологиялық тұрғыдан да маңызды үрдіс. Дұрыс жоспарланып, талапқа сай салынған ұңғыма қоршаған ортаны қорғауға оң әсерін тигізсе, ал жауапсыз жүргізілген жұмыстар табиғатқа кері салдарын да әкелуі мүмкін. Сондықтан су ұңғымасының қоршаған ортаға ықпалын жан-жақты қарастыру маңызды. Су қорын ұтымды пайдалану – экологиялық мәдениет белгісі. Жер асты суы сарқылмайтын ресурс емес. Сондықтан суды шамадан тыс тартудан сақтау қажет. Қолдану мөлшерін бақылау, үнемді суару технологияларын енгізу, суды ысырап етпеу – табиғи қорды сақтау жауапкершілігін көрсетеді.Су ұңғымасы – экологиялық тұрғыдан маңызды нысан. Ол қоршаған ортаны қорғауға да, керісінше зиян тигізуге де қабілетті. Барлығы ұңғыманың қалай қазылып, қалай пайдаланылатынына байланысты. Экологиялық нормаларды сақтау, суды ұқыпты пайдалану және жауапты көзқарас — табиғатты қорғаудың басты кепілі.» – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында елді мекендерді тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта жаңа су ұңғымаларын қазу, ішкі инженерлік желілерді жетілдіру және инфрақұрылымды жаңарту ісі кезең-кезеңімен іске асуда.

« – Ең алдымен жер асты су көздерінің жағдайын зерттеу аса маңызды. Гидрогеологиялық барлау жұмыстары су қабатының тереңдігін, бағытын, көлемін және сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті экологиялық талаптарға сай рұқсат құжаттарын алу – заңды және қауіпсіз жұмыс жүргізудің басты шарты. Ұңғыма орны қоқыс орындарынан, мал қораларынан, шаруашылық және өндірістік аймақтардан алыс орналасуы тиіс, себебі бұл жер үсті ластануларының су қабатына өту қаупін азайтады. Ұңғыма бұрғылау кезінде герметикалық қаптау құбырларын орнату су қабаттарын сыртқы ластанудан қорғайды. Заманауи сүзгілеу жүйелерін қолдану құм мен балшықтың, зиянды химиялық қалдықтардың суға араласуын шектейді. Сапалы материалдар пайдалану ұңғыманың ұзақ әрі қауіпсіз қызмет етуін қамтамасыз етеді.

Ұңғымадан алынатын су міндетті түрде зертханалық бақылаудан өтуі керек. Қолдану барысында да су сапасын жүйелі түрде тексеріп отыру маңызды. Ұңғыма маңында пестицидтер, тыңайтқыштар және тұрмыстық қалдықтарды қолданбау керек. Санитарлық қорғаныс аймағын белгілеу – су көзін қорғаудың маңызды шараларының бірі. Сондай-ақ, ұңғыманы уақтылы тазалау, техникалық тексерістен өткізу, қақпақпен жабу, басын бетондау – судың ластануын болдырмауға көмектеседі. Бұл тек экологиялық ғана емес, санитарлық қауіпсіздік шарасы.Су ұңғымасын қазу – жай техникалық жұмыс емес, ол экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Су ресурстарын қорғау – әр азаматтың, әр мекеменің міндеті. Дұрыс жоспарлау, ғылыми негізделген тәсілдерді қолдану және суды үнемді пайдалану – болашақ ұрпаққа таза су, таза табиғат қалдырудың ең маңызды жолы.» – дейді мамандар.

Қазіргі таңда жобалардың уақтылы жүзеге асуы – аудан басшылығының басты бақылауында. Алдағы уақытта Мәшһүр Жүсіп, Шыпан, Қарашық және А.Үсенов елді мекендерінде де су ұңғымалары қазылады деп жоспарланған.  Сауран ауданының әкімі нысандарды аралап, жұмыстың сапасы мен мерзімін қадағалап, мердігерге тиісті тапсырмалар да берді.

Айта кетейік, аталған жобалар арқылы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округіндегі Бершінтөбе елді мекені және басқа да ауылдар таза ауыз суға қол жеткізеді. Жер асты суы көбіне табиғи сүзгіден өткен таза су көзі болып табылады. Дұрыс салынған ұңғыма халық денсаулығын жақсартуға, таза су тапшылығын азайтуға көмектеседі. Ұңғыма арқылы суды реттелген мөлшерде пайдалану өзен, көл және ашық су қоймаларына түсетін жүктемені жеңілдетіп, су экожүйелерін сақтауға мүмкіндік береді.

АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келген болатын. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.

Сенаторлар алдымен Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделуде.

Сонымен қатар, комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС- ның жұмысымен танысты. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бұл кешен 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Онда 550 жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдері өндіріледі. Жоба ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Бүгінде зауытта жүгеріні қабылдап, кептіру кешенінің және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысы аяқталған.

Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іс-сапар барысында «SPK Turkistan» өндірістік парк пен «Түркістан» индустриялды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Оның ішінде, көкөніс сақтау қоймасы, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен және «Тұран су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен танысты.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша комитеттің көшпелі отырысы да өтті. Осы орайда, кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы

Вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық Ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты.

Жиында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, 2026 жылы Түркістан облысында қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда крахмал өнімдері өндіріліп, 500 жұмыс орнын құру көзделуде.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі. Осы ретте, биыл 10 айда 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға орналастырылған.

«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені Республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның – 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің – 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің – 27 облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің ауқымды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғарғы әлеуетін көрсетеді. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде»,- деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

ТЕМІРЛАНДАҒЫ КӨГАЛДАНДЫРУ-АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудан орталығы Темірлан елдімекенінде жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы ауқымды жобалардың орындалу барысын бақылау мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Аудан басшысы әр нысанда атқарылған жұмыстардың сапасына, мерзімдік орындалуына және эстетикалық талаптардың сақталуына жіті назар аударып, жауапты мекемелердің жұмысын қадағалады.

Алдымен аудан әкімі Шымкент бағытынан Темірланға кіре берістегі арнайы қоршалған 4,5 гектар аумақты аралап көрді. Бұл аймақта ауданның көрігін келтіретін жасыл белдеу қалыптастыру үшін ағаштар отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі тартылуда. Жоспарға сәйкес сәндік талдар, жапырақты және қылқан жапырақты ағаш түрлері, бұталар егіліп, көпжылдық өсімдіктермен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда бүгінгі күннің өзінде 500 ге жуық жас көшет егілмек. Азат Оралбаев мұндағы жұмыс барысын көріп, тал егу ісіне өзі де атсалысып, егілген көшеттердің жерсінуі мен олардың ұзақ мерзімді өсуіне қажетті күтім шараларын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар аудан әкімі аумақты кеңейту мүмкіндігін қарастырып, лайықты көрнекі қақпа орнатуды, нысанға атау беруді және қосымша жеміс ағаштарын отырғызуды ұсынды. Ол талдардың уақытылы күтімін, қорғалуын тұрақты бақылауда ұстау керектігін атап өтті.

Бұдан кейін аудан басшысы Шәмші аллеясына қарама-қарсы орналасқан шатқал аумағындағы абаттандыру жұмыстарын тексерді. Қазіргі таңда шатқалдағы қыраттар тегістеліп, 3 гектардан астам жер гүлзарлар мен сәндік ағаштар отырғызуға дайындалған. Болашақта бұл аумақ тұрғындар мен қонақтар серуендеп, тынығатын ерекше демалыс орнына айналмақ. Жоспарға сәйкес мұнда шағын архитектуралық үлгілер, демалыс орындықтары, жарықтандыру жүйелері және ландшафтық дизайн элементтері орнатылмақ. Әкім нысанның жобалық жоспарымен визуалды әрі техникалық тұрғыда танысып, жобаны жетілдіру үшін бірқатар толықтырулар мен түзетулер енгізді.

Келесі кезекте Азат Оралбаев Темірланнан Ынталы ауылына бұрылыстағы үлкен аллея құрылысының барысын қадағалады. Бұл жерде жол жиегін абаттандыру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар жасау, спорт және ойын алаңшаларын орналастыру, гүлзарлар мен тал-теректерді отырғызу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар аллея маңында орналасқан жеке меншік нысандардың келбетін реттеу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жол бойындағы жарықтандыру бағаналары жаңартылып, жалпы аумақтың көркемдік талабына сәйкестендірілуде. Әрбір нысанда аудан әкімі мердігерлермен және жауапты бөлім басшыларымен нақты мәселелерді талқылап, орындалуы тиіс міндеттерді айқындап, жұмыстың нәтижелі әрі жүйелі атқарылуын талап етті.

Азат Оралбаев Темірланның кіреберісі мен орталық бөлігінің заманауи келбетке ие болуы ауданның келбетіне тікелей әсер ететінін атап өтіп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеу қажет екенін жеткізді.

Заңсыз жер қазу және жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану – қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді.

Жер – халықтың байлығы, елдің тірегі, ұрпаққа аманат табиғи мұра. Алайда соңғы жылдары кейбір аймақтарда жерді заңсыз қазу, құм мен қиыршық тас сияқты инертті материалдарды рұқсатсыз өндіру, жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілері жиілеп кетті. Мұндай әрекеттер тек заңды бұзу емес, ол ауыл табиғатына, адамдар денсаулығына, шаруашылыққа және болашақ ұрпақтың тағдырына зор зиян тигізеді. Сондықтан бұл мәселе барлық ауыл тұрғындары үшін маңызды.

Осы мақсатта Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шаға ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл аумағында жер қойнауын пайдалануға қатысты сұрақтар кеңінен қаралды. Кездесу кезінде аудан әкімдігі мен сала мамандары заңсыз жер қазу, инертті материал өндіру және жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану фактілері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл бағытта заң талаптарының міндетті түрде сақталуы керектігін баса айтты.Осы бағыттағы кәсіпкерлер мен жер қойнауын пайдаланушыларға тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеп, қызметті тек заң аясында жүргізу қажеттігі де ескертілді.

« – Құрметті ауыл тұрғындары! Бүгін біз бәрімізге ортақ маңызды мәселе – жерді заңсыз қазу, құм, қиыршықтас сияқты инертті материалдарды рұқсатсыз алу және жер қойнауын заңсыз пайдалану туралы түсіндіруді жөн көрдік. Бұл тек заң бұзушылық емес, ол табиғатқа, шаруашылыққа және адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Заңсыз қазылған жерлерде жер беті бүлінеді, топырақ құнарсызданады, өсімдіктер жойылып, шөп шықпай қалады, мал жайылымы тозады, егінге зиян келеді. Су ресурстарына да кері әсер ететінін ұмытпаған жөн. Жерді дұрыс емес қазу жерасты суының бағытын өзгертеді, су деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Ластану қаупі артып, ауыз су сапасы нашарлауы мүмкін және өзен, арық, каналдардың табиғи қалпы бұзылып, су тапшылығы туындайды. Заңсыз жер қазу, инертті материал өндіру және жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану – табиғатқа жасалған ең үлкен қиянат. Оның зардабын ең алдымен өзіміз көреміз: құнарсызданған жер, бүлінген табиғат, сапасы төмен су, экологиялық қауіп, денсаулыққа зиян, экономикалық шығын. Біздің жер – бізге аманат. Заңсыз жер қазу мен рұқсатсыз өндірістің зардабын ең алдымен өзіміз көреміз. Табиғатты аялау – ауыл болашағын қорғау, ұрпақ амандығын ойлау деп есептеймін. Заңсыз жер қазу, және жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану – ауыл экологиясына қауіп және бұл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпайық. Заң талаптарын бірге сақтайық, қоршаған ортасызды, табиғи байлығымызды бірге қорғайық!» – деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.

Осылайша ауданның әкімі тұрғындар мен кәсіп иелерінің өзара түсіністікпен әрекет етуі, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтау – ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Сонымен қатар құзырлы органның қызметкерлері мен сала мамандары да заңсыз жер қазу – әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқық бұзушылық екенін атап өтті.Рұқсатсыз жер қойнауын пайдаланған азаматтарға айыппұл салынады және келтірілген шығынды толық өтету міндеттелетінін жеткізді.Ал оқиға орында тіркелген техникалар тәркіленуі де мүмкін екенін ескертті.

« – Құм мен қиыршық тасты рұқсатсыз алу өзен арналарын бұзады, су ағысының табиғи режимі өзгереді, жағалаулар шайылады,  су жануарлары мен балықтардың тіршілік ортасы жойылады. Нәтижесінде табиғи су жүйесінің тепе-теңдігі бұзылып, экологиялық апат қаупі туындайды. Заңсыз қазылған жерлер өсімдіктердің жойылуына,құстар мен жануарлардың мекенін жоғалтуына, биологиялық әртүрліліктің азаюына әкеледі. Табиғи орта бүлінсе, ауыл экожүйесі әлсірейді. Бұл тек табиғатқа ғана емес, ауыл шаруашылығы мен адамның өмір сапасына да әсер етеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығына жарамды жерлер тозып, өнім сапасы төмендейді. Бұл – ауыл шаруашылығының дамуына кедергі. Бұл тұста ауыл тұрғындарының рөлі мен жауапкершілігі маңызды.Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың борышы. Ауыл тұрғындары табиғатқа жанашырлықпен қарауы керек және заңсыз қазу әрекеттерін байқаса, тиісті органдарға хабарлауы тиіс. Сонымен қатар, жерді, суды, табиғи байлықты ұқыпты пайдалануы тиіс. Кез келген кәсіпкер, шаруашылық иелері құм, тас, топырақ алу қажет болса – рұқсат құжаттарын заңды жолмен алу керек.» – дейді басқосуға қатысқан жауапты мамандар.

Кездесу соңында тұрғындар ұсыныстарын білдіріп, өзекті сұрақтарына жауап алды. Ауылдағы бірқатар мәселелер бақылауға алынып, шешімін табуға байланысты жауапты бөлімдерге тапсырмалар жүктелді.

Экономиканы дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда.

Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері мен салаға жауапты мамандар қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Jinhao Group», «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларымен құрылыс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технологияларды тарту бағытында тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді. Инвесторлар облыс аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты.

«Jinhao Group» Қытайдың Харбин қаласында орналасқан энергия үнемдейтін және оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі әрі әртараптандырылған компания. Оған қоса ұйым ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын да қамтиды. Жалпы, компанияның құрылымдық бөлімшелері энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар және жасыл құрылыс салаларында жұмыс жүргізеді.

Бүгінгі таңда құрылыс саласында жаңа технологиялар, заманауи шешімдер үлкен рөл атқаруда. Соның ішінде капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар негізінде салынып жатқан нысандар экономикалық жағынан да, уақыт жағынан да тиімді жобалардың бірі болып отыр. Бұл бағыт – аймақтың құрылыс индустриясын жаңғыртып, туризмді дамытуға, халықты тұрғын үймен қамтуға және өндіріс әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Капсулалы үйлердің тиімділігі уақытты үнемдеу. Кәдімгі үйлерді тұрғызу бірнеше айға созылса, капсулалы үйлер зауытта дайындалып, тез құрастырылып, қысқа мерзімде пайдалануға беріледі. Бұл – шұғыл қажеттілік туған кезде, туристік аймақтарда, демалыс орындарында орналастыруға, маусымдық және уақытша қоныстандыру жобаларында өте қолайлы болып табылады. Капсулалы үйлердің экономикалық тиімділігі де жоғары. Яғни,құрылыс шығынын азайтып, материал үнемдейді және қызмет көрсетуге көп қаражат талап етпейді.Осының нәтижесінде бюджетке түсетін салмақ азаяды, ал инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады.

Мұндай бастаманы туризм мен сервисті дамыту бағытында қолдануға болады. Капсулалы үйлер тау, өзен, демалыс аймақтарына орнатуға ыңғайлы және экологиялық, заманауи, эстетикалық жағынан тартымды әрі туристерге жаңа форматтағы демалысты ұсынады. Бұл – аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, қосымша табыс көзіне айналады. Сонымен қатар, экологияға оң әсерін беріп, тиімді энергия көзін пайдалануды да жүзеге асырады. Көп капсулалы үйлер энергия үнемдейтін материалдардан жасалады және жылуды жақсы сақтайды, тиісінше табиғатқа залал келтірмейтіндей етіп орналастырылады. Яғни, экологиялық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Мамандар металлоконструкциялар құрастырудың артықшылықтарына да тоқталды. Инвесторлар бұл жобаның берік және қауіпсіз екенін жеткізді. Олардың айтуынша сейсмикалық тұрақты, ауа райына төзімді және ұзақ уақыт пайдалануға жарамды болады. Бұл әсіресе таулы, жер сілкінісі қаупі бар аймақтар үшін өте маңызды. Сонымен қатар, бұл – өңірді цифрлық, индустриялық, инновациялық бағытта дамытудың нақты қадамы.

« -Капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру – бүгінгі заман талабына сай, тиімді, үнемді әрі болашағы зор жоба. Бұл тек құрылыс нысандары емес, экономиканы жандандыратын, халыққа қолайлы жағдай жасайтын, өңірдің дамуына серпін беретін маңызды бастама. Біз бұл бағытты қолдай отырып:тұрғындарға қолжетімді тұрғын үй, инвесторларға тиімді жоба, мемлекетке экономикалық пайда, халыққа жаңа мүмкіндік ұсынамыз. Заманауи құрылыс – өңір дамуының кепілі!» – дейді инвесторлар.

Қос тарап өкілдері өңірде құрылыс индустриясы бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан индустрилды аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты. Алдағы уақытта тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер жалғасатын болады.

Созақ ауданындағы тарихи мұра объектілері – рухани қазына.

Созақ ауданы – Қазақстан тарихында айрықша орны бар, көне өркениет пен ұлттық мемлекеттілік дәстүрі терең сақталған қасиетті өлке. Бұл өңір ежелден саяси, мәдени және рухани орталықтардың бірі болған. Созақ жерінде орналасқан тарихи мұра объектілері – халқымыздың бай тарихы мен рухани құндылықтарының жарқын куәсі. Созақ ауданы аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер көптеп кездеседі. Олардың басым бөлігі орта ғасырлардағы қалашықтар, кесенелер, қорымдар, мешіттер мен сәулет нысандары болып табылады.

Ауданның ең маңызды тарихи нысандарының бірі – Созақ қалашығы. Бұл көне қала XV–XVIII ғасырларда Қазақ хандығының маңызды саяси орталығы болған. Тарихи деректерге сүйенсек, Созақ қаласы Қазақ хандығының астанасы қызметін атқарған кезеңдер де болған. Мұнда хандыққа қатысты маңызды шешімдер қабылданып, ел тағдырына қатысты істер шешілген.

Сонымен қатар, Созақ ауданында ортағасырлық қорғандар мен қалашықтар көптеп сақталған. Олар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, мәдени және рухани байланыстардың дамығанын дәлелдейді. Бұл қалашықтар археологиялық тұрғыдан аса құнды және ғылыми зерттеулер үшін маңызды нысандар болып саналады. Созақ жеріндегі ерекше құрметке ие тарихи-рухани мұралардың бірі – Әулиелер мен әулие қорымдары. Бұл нысандар халқымыздың діни дүниетанымы мен рухани өмірінен сыр шертеді. Әулие орындар ғасырлар бойы халықтың тағзым ететін, тәрбие мен руханияттың символына айналған қасиетті мекендер болып келеді.

Ауданда сондай-ақ кесенелер мен көне мешіт орындары сақталған. Бұл ескерткіштер қазақ халқының ислам дінін қабылдағаннан кейінгі рухани дамуын, сәулет өнері мен діни мәдениетінің қалыптасуын көрсетеді. Кесенелердің архитектуралық ерекшеліктері ұлттық құрылыс өнерінің жоғары деңгейде дамығанын аңғартады. Созақ ауданындағы тарихи мұра объектілері – тек өткеннің естелігі ғана емес, ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды рухани қазына. Олар жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихты құрметтеуге тәрбиелейді және туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырады.

Бүгінгі таңда бұл тарихи нысандарды сақтау, қорғау және келер ұрпаққа жеткізу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Созақ ауданында тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, зерттеу және қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Созақ ауданындағы тарихи мұра объектілері – қазақ халқының мемлекеттілігі, руханияты мен мәдени дамуының айқын айғағы. Бұл қасиетті орындар өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа бағыт беретін ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі болып табылады

Сонымен қатар Ақсүмбе қалашығы – Созақ ауданындағы көне қорғаныс нысандарының бірі. Ақсүмбе бекінісі орта ғасырларда әскери-стратегиялық маңызға ие болып, аймақты қорғау қызметін атқарған. Қалашық атауы тарихи жазбаларда жиі кездеседі.

Одан бөлек Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі де ең танымал рухани-тарихи нысандардың бірі болып саналады. Бұл кесене түркі дүниесінде кеңінен танылған әулие Баба Түкті Шашты Әзізге арналған. Ғасырлар бойы халық тағзым етіп келген қасиетті орын рухани тәрбиенің символына айналған.

Ал, Қарабура әулие кесенесі – Созақ өңіріндегі тағы бір қасиетті мекен. Қарабура әулие – ел арасында құрметке ие тұлға. Кесене маңына зиярат етушілер көп келеді, бұл орын халықтың діни-рухани дүниетанымын айқындайды.

Созақ мешіті орындары мен көне қорымдар – аудан аумағында ислам мәдениетінің дамуын көрсететін бірқатар көне мешіт орындары мен тарихи қорымдар сақталған. Бұл нысандар қазақ халқының рухани тарихынан сыр шертеді.

Созақ ауданындағы тарихи мұра нысандары – тек сәулет немесе археологиялық ескерткіштер ғана емес, ұлттық тарихтың, мемлекеттілік дәстүрдің және рухани сабақтастықтың негізі. Бұл қасиетті орындар жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихты құрметтеуге тәрбиелейді. Бүгінгі таңда аталған тарихи нысандарды сақтау, қорғау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Олар – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа бағдар беретін баға жетпес ұлттық қазына.

Студенттер Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында кәсіби тәжірибеден өтті

Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында студенттер үшін ұйымдастырылған кәсіби тәжірибе жұмыстары табысты өтті. Бұл тәжірибе жас мамандардың теориялық білімдерін нақты табиғи ортада қолданып, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді. Нақтырақ айтар болсақ, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің  «Қонақ үй» мамандығы бойынша 2-курс топ студенттері бөлімше қызметінің бағыты бойынша бизнес-жоспар құру мен оны орындау дағдыларын қалыптастыру және экологиялық туризмнің басымдылықтарымен танысу мақсатында тәжірбие алмасты.

Қазақстандағы ең көне қорықтардың бірі саналатын Ақсу–Жабағылы табиғи байлығы мол, биологиялық алуантүрлілігі жоғары аймақ. Осындай құнды табиғи мекенде тәжірибеден өту студенттер үшін ерекше мектеп болды. Қорық қызметкерлері жастарға қорықтың құрылу тарихы, қорғалатын аумақтың ерекшелігі, ондағы жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы кеңінен түсіндіріп, ғылыми-танымдық ақпараттармен бөлісті.

Тәжірибе барысында студенттер табиғатты қорғау жұмыстарына қатысып, экожүйенің сақталу маңызын түсінді. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін бақылау, дерек жинау, талдау жасау әдістерін де меңгерді. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу бағытындағы бастапқы жұмыстарды тәжірибеде көріп, практикалық дағдыларын арттырып, экологиялық мәдениет пен табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын нығайтты.

Сонымен қатар жастар қорықтың ерекше қорғалатын аумақ ретіндегі мәртебесімен, табиғатты қорғау жөніндегі заң талаптарымен танысты. Әсіресе қызыл кітапқа енген сирек жануарлар мен өсімдіктерді сақтау мәселесінің маңызына ерекше көңіл бөлінді. Табиғат аясында жүргізілген тәжірибелік сабақтар студенттердің қызығушылығын арттырып, таңдаған мамандықтарына деген сенімін күшейтті.

Сондай-ақ студенттер экотуризм саласында бизнес–жоспар жасау және  табысты жобаның негізгі қадамдарын меңгеру бойынша да дәрістер алды. Табиғатты сақтай отырып, туристерге сапалы демалыс ұсыну – қазіргі заман талабы. Бұл сала бір жағынан табыс әкелсе, екінші жағынан табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық мәдениетті нығайтуға үлкен үлес қосады. Сондықтан болашақ мамандарға экотуризм саласында кәсіп ашамын деген кәсіпкерлер үшін ең бірінші қажет құжат – нақты әрі жүйелі бизнес–жоспар екені айтылды.

«- Бизнес–жоспар – кез келген жобаның жол картасы. Ол кәсіптің мақсаттарын айқындап, қаржылық есеп жүргізуге, тәуекелдерді анықтауға және жобаның тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Экотуризм саласында бизнес–жоспар, бұл табиғи аумақтарды тиімді пайдалануды жоспарлау және инфрақұрылымды дұрыс орналастыру. Туристік ағынды болжау мен экологиялық талаптарды сақтау және инвесторлар мен мемлекеттік қолдауды игере білу де маңызды. Экотуризм бойынша бизнес–жоспар жасаудың алғашқы қадамы – нарықты зерттеу. Ол үшін бірінші аймақтағы экотуризм нысандарын талдау қажет және оған келушілер санын білу маңызды. Сондай-ақ бәсекелестікті ұмытпаған жөн.  Жалпы келушілерді не қызықтырады деген сауал арқылы туристердің қажеттілігін анықтау, ішкі және сыртқы туризмнің сұранысын бағалау қажет.

Экотуризм бизнесі әртүрлі бағытта дамуы мүмкін. Бизнес–жоспарда жоба форматы анық көрсетілуі керек. Мысалы: экологиялық демалыс базасы; эко–лагерь, глэмпинг немесе этноауыл; тау–серуен бағыты; ұлттық парк аумағындағы экскурсиялық қызмет; экологиялық білім беру орталығы болуы мүмкін. Экобизнес үшін ең маңызды фактор – табиғи орта. Сондықтан жер таңдағанда табиғи объектілердің тартымдылығы мен қолжетімділік айқындап алыңыздар.Сонымен қатар бұл бағытта кәсіп бастау үшін табиғатты қорғау нормаларын қатаң сақтау қажет. Бұл талаптарды сақтау – жобаның заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Экотуризмдегі табыстың негізгі бөлігі турист санымен байланысты. Сондықтан маркетингтік жоспар міндетті түрде болуы керек.Экотуризм саласында бизнес–жоспар құру жауапкершілікті, кәсіби талдау мен жүйелі жоспарлауды талап етеді. Бұл бағыт – болашақтың экономикасы. Табиғатты қорғап, халыққа пайдалы, экологияны сақтайтын бизнес жүргізу – бүгінгі уақыт талабы.» – деді дәріс берушілер.

 

Негізі практика – студенттердің теориялық білімін нақты өмірмен ұштастыратын маңызды кезең. Өндірістік және оқу тәжірибесі барысында студенттер алған білімдерін іс жүзінде қолданып, өз мамандығының жауапкершілігін терең түсінді.Сонымен қатар ұжыммен жұмыс істеу, уақытты тиімді пайдалану, тапсырманы дер кезінде орындау, жауапкершілік пен тәртіп сияқты маңызды қабілеттерді дамытты. Бұл бастама студенттердің тәжірибе жинақтауына, кәсіби шеберлігін арттыруына, болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті. Ең бастысы – олар өз саласына деген қызығушылығын күшейтіп, таңдаған мамандықтарына деген сенімін нығайтты.

Ақсу–Жабағылы қорығында өткен бұл кәсіби тәжірибе студенттердің білімін толықтырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтті, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Мұндай мүмкіндік болашақ мамандардың білікті, білімді және экологиялық жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Отырар ауданы – қоғамдық келісімнің берік үлгісі қалыптасқан қасиетті өңір.

Отырар ауданы – тарих пен тағылым тоғысқан, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік үлгісі қалыптасқан қасиетті өңір. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл өлке ежелден түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысқан мекені ретінде танылған. Сондықтан Отырар жерінде бейбіт өмір сүру, татулық пен өзара түсіністік – ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтына айналған. Бүгінгі таңда Отырар ауданының халқы бір мақсатқа жұмылған, ортақ жауапкершілікті терең сезінетін ынтымақты қауым болып отыр. Ауданда әртүрлі этнос өкілдері өмір сүріп, барлығы бір шаңырақтың астындағыдай тату-тәтті тіршілік етуде. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, барша тұрғынды біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар – туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, бейбіт өмірге ұмтылыс және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Отырар ауданындағы бірлік пен ынтымақтың негізінде қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық пен кеңпейілділік – аудан халқының күнделікті өмірінен айқын көрініс табады. Бұл құндылықтар өзге этнос өкілдерімен өзара үйлесім тауып, ортақ қоғамдық мәдениетті қалыптастырған. Ауданда қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуда мәдени-рухани іс-шаралардың маңызы ерекше. Мемлекеттік және ұлттық мерекелер, мәдени фестивальдер, концерттер, көрмелер мен спорттық жарыстар халықты ортақ алаңға жинап, достық пен ынтымақты бекемдей түседі. Мұндай шаралар адамдар арасындағы сенімді арттырып, өзара түсіністікті нығайтады. Сонымен қатар, Отырар ауданында бірлік пен ынтымақты сақтауда қоғамдық институттардың рөлі зор.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидаттары, қоғамдық кеңестер, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің өнегелі қызметі қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Ақсақалдардың ақылы мен өмірлік тәжірибесі, аналардың тәрбиелік өнегесі – жас ұрпақты адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеудің берік негізі. Бірлік пен ынтымақ еңбек саласында да айқын көрініс табады. Ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада әртүрлі ұлт өкілдері иық тірестіре еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Ортақ еңбек – ортақ жауапкершілік пен өзара сенімді қалыптастырып, қоғамды одан әрі біріктіре түседі.

Отырар ауданындағы бейбітшілік пен келісім – тек бүгінгі күннің жетістігі емес, бұл – болашаққа бағытталған берік негіз. Тұрақтылық пен татулық сақталған жерде даму болады, ал даму бар жерде халықтың тұрмыс сапасы артады. Сондықтан аудан тұрғындары үшін бірлік пен ынтымақ – ең қастерлі құндылықтардың бірі. Биыл Отырар ауданы өзінің құрылғанына 90 жыл толуын зор қуанышпен атап өтті. Бұл – аудан тарихындағы маңызды белес, өткенге тағзым жасап, бүгінгі жетістіктерді саралап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін мерейлі кезең. Тоқсан жыл – бір ғана уақыт өлшемі емес, бұл – қажырлы еңбекке, елдікке, бірлік пен ынтымаққа толы шежірелі тарих.

Отырар ауданы – сан ғасырлық өркениет ошағының мұрагері. Тарихи Отырар қаласының рухани жалғасы болып табылатын аудан өткен 90 жыл ішінде талай сындарлы кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінгі күнге дейін дамудың даңғыл жолына түсті. Осы уақыт аралығында ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмірінде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Мұның барлығы – ел бірлігінің, халық ынтымағының жемісі. Отырар ауданының басты байлығы – оның берекелі бірлігі мен татулығы. Ауданда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, барша тұрғынды ортақ мақсат – туған жерді дамыту, елдің тыныштығын сақтау біріктіреді. Бұл – Қазақстандағы ұлтаралық келісім саясатының нақты көрінісі.

90 жылдық мерейтой – тек мереке ғана емес, бірлік пен ынтымақты тағы бір мәрте айқындаған тағылымды кезең болды. Мерейтой аясында ұйымдастырылған мәдени-рухани, ғылыми-танымдық және спорттық іс-шаралар аудан халқын ортақ қуанышқа ұйыстырып, елдік рухты асқақтатты. Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптелді. Отырардағы бірлік пен ынтымақтың негізінде қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары жатыр. Қонақжайлық, кеңпейілділік, сабырлылық пен татулық – аудан халқының өмір салтына айналған. Бұл құндылықтар өзге этнос өкілдерімен өзара үйлесім тауып, ортақ қоғамдық мәдениетті қалыптастырды.

Ауданның дамуына әр салада еңбек етіп жүрген азаматтардың үлесі зор. Ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларында қызмет ететін жандар ұлтқа бөлінбей, бір мақсат жолында еңбек етуде. Ортақ еңбек – ортақ жауапкершілікті қалыптастырып, қоғамды одан әрі ұйыстыра түседі. «Бірлік бар жерде – береке, ынтымақ бар жерде – ырыс» деген халық даналығы Отырар жұртының өмірлік ұстанымына айналған.

@Айдар Сейдазым – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облысындағы өкілі, Ақын

ТҮРКІСТАНДЫҚ КЕЛЕШЕК МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ КИІМ БӨЛШЕКТЕРІНІҢ 3D МОДЕЛІН ӘЗІРЛЕЙДІ

Қазіргі заманғы білім беру үдерісінде цифрлық технологияларды тиімді қолдану оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырумен қатар, нақты өндірістік дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта № 34 жалпы білім беретін мектебінде AI көмегімен 3D модельдеу және тігін шеберханасымен интеграцияланған жаңа оқу жобасы іске қосылды.

Жоба аясында оқушылар жасанды интеллектті пайдаланып киім бөлшектерінің 3D моделін әзірлейді. Арнайы бағдарламалар арқылы дайындалған сандық макеттер 3D принтерге жіберіліп, одан лекалолар мен трафареттер басып шығарылады. Бұл әдіс дәстүрлі лекало дайындау процесін жеңілдетіп қана қоймай, оны әлдеқайда дәл әрі тиімді етеді.



Алынған 3D трафареттер көркем еңбек сабағында үлгі ретінде қолданылады, оқушылар бұйымның құрылымын, пішімін және өлшемдік пропорцияларын тереңірек түсінеді. Кейін осы трафареттер тігін шеберханасына жіберіліп, оқушылар нақты матадан дайын бұйымдарды тігуге кіріседі.
Жоба мақсаты – цифрлық технологияларды тәжірибелік оқытумен байланыстыра отырып, оқушылардың дизайнерлік ойлауын, инженерлік дағдыларын және тігін ісіне қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, бұл тәсіл оқушыларды заманауи өндіріс стандарттарымен таныстырып, болашақ мамандықтарын саналы таңдауға ықпал етеді.

Бұл бастама болашақта мектептің STEAM бағытындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқушыларды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге ынталандыратынына сенім мол.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version