Екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелер талқыланды.

Түркістанда қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өтіп, Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату, мемлекетаралық каналдарды жөндеу және су ресурстарын қорғау мен үнемдеу бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы, сондай-ақ Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы өтті.

Отырыстарға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Тараптар екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады.

Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінде он автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын іске асыруды бастау жоспарланып отыр. Әр мемлекет аумағында бес-бестен нысан салынады.

Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеуді аяқтады.

«Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру және Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларын атап өтіп, олардың өңірлік су ынтымақтастығын ұзақ мерзімді тұрғыда дамыту үшін ерекше маңызды екенін жеткізді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кеңейтілген отырысқа шығарылып отырған мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта өз шешімін тауып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған ірі аграрлық өңір. Облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды, бұл республикадағы барлық суармалы жерлердің төрттен біріне тең. Осыған байланысты суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі өңіріміз үшін айрықша маңызды. Екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне және халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. «Достық» магистральдық каналы арқылы облыстың оңтүстік аудандары 140 мың гектар алқапта сумен қамтамасыз етіледі. Вегетациялық кезеңде каналдар арқылы қажетті су көлемінің тұрақты әрі уақтылы берілуі өңірдің ауыл шаруашылығы үшін шешуші маңызға ие. Облыс аумағында агроөнеркәсіптік кешен саласында ауқымды жобалар іске асырылуда, егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты шаралар қабылдануда, – деді Нұралхан Көшеров.

Сонымен қатар облыс әкімі Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр станцияның құрылысы жүріп жатқанын атап өтіп, осы бағытта ауқымды жобалар қолға алынғанын жеткізді.

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА ОРМАН МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСТАРЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметін үйлестіру мақсатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Тулепов Шардара ауданындағы «Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесіне жұмыс сапарымен барды.

Іссапар барысында тұқымбақтағы көшеттердің сапасына бақылап, биылғы жылғы көктемгі ағаш отырғызу науқанына дайындалған көшеттердің жай-күйі зерделенді. Сонымен қатар мекеменің материалдық-техникалық базасының жұмысқа жарамдылық күйі тексеріліп, тиісті түгендеу жұмыстары атқарылды.

Бұдан бөлек, мекеменің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мен өндірістік жоспарлары қаралып, алдағы кезеңге белгіленген міндеттердің орындалу барысы талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында тұқымбақтың көлемін ұлғайту, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Тулепов іссапармен Ордабасы ауданындағы «Бадам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» орман шаруашылығына және мамандандырылған «Қорған» жедел қызметіне барды.

Сапар барысында тұқымбақ шаруашылығымен және онда өндіріліп жатқан көшет түрлерімен танысты. Сонымен қатар көшеттердің сапасына бақылау жүргізіліп, 2026 жылғы көктемгі ағаш отырғызу науқанына дайындық мәселелері пысықталды. Аталған мекемелердегі техникалардың жарамдылығы да тексерілді.

Одан бөлек 2026 жылға арналған жұмыс және өндірістік жоспарлар қаралып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Жалпы облыста жыл сайын жасыл белдеуі мен орман қоры аумақтары ұлғайып келеді. Алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.

СУ ҮНЕМДЕУ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ: ӨҢІРДЕ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ НАҚТЫ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ

Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын жедел енгізу жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында жүйелі түрде іске асырылып келеді. Суармалы жерлердің өнімділігін арттыру, су шығынын азайту және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағытында ауқымды әрі нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада айрықша стратегиялық маңызға ие. Елімізде өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы осы өңірге тиесілі, жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі. Облыс – суармалы егіншілік дамыған негізгі аймақтардың бірі. Қазақстандағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі (575 мың гектар) Түркістан облысының үлесінде. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір үшін тек салалық мәселе емес, ұлттық маңызы бар стратегиялық міндет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездету қажет» деген тапсырмасы өңірлік деңгейде нақты іске айналды. Соның айқын дәлелі – жоспарланған көрсеткіштердің бірнеше есе орындалуы.

2025 жылға су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болса, нақтысында 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді. Осылайша, жоспар 2 есеге артығымен орындалды.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде 114 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылып отыр. Нәтижесінде 195 млн текше метр су үнемделді. Ал жыл сайын қосымша 50 мың гектарға жаңа технология енгізу арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар жерден 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Бұл – су тапшылығы жағдайында стратегиялық маңызы бар көрсеткіш.

Су үнемдеу технологияларын қолжетімді ету және ішкі өндірісті дамыту мақсатында Түркістан облысында қуаттылығы 163 мың гектарды қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар биыл 30 мың гектарға арналған тағы 2 кәсіпорын пайдалануға беріледі. Бұл тек облысты ғана емес, көршілес өңірлерді де заманауи технологиямен қамтуға жол ашады.

Ерекше назар аударатын бағыт – ылғал сүйгіш дақылдарды жаңа технологиямен өсіру. 2025 жылы мақта дақылын дәстүрлі әдіспен егу көлемі 92,3 мың гектарға қысқарып, ал жаңа технологиямен егу 52,2 мың гектарға артты. Нәтижесінде гектарынан 60 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігі өндірісте дәлелденді, ал су шығыны 89,3 млн текше метрге қысқарды.

Биыл мақта дақылын жаңа технологиямен 79,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар елімізде алғаш рет күріш дақылы тамшылатып суару әдісімен пилоттық негізде егілді. Дәстүрлі тәсілмен гектарына 26 мың текше метр су жұмсалса, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш екі есеге азайып, 15 мың текше метрді құрады.

Трансшекаралық өзендерге тәуелді оңтүстік аймақтар үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Осыған байланысты жыл сайын 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар – тек аграрлық саланың дамуы емес, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадамдар. Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмалары нақты нәтиже беріп, су үнемдеу саясаты жүйелі әрі табысты іске асырылуда.

Шардара – өндірісі мен кәсіпкерлігі қарқынды дамып келе жатқан аудан.

Соңғы жылдары Шардара ауданы экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Өндіріс орындарын дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етуде.

Ауданда өндіріс саласы біртіндеп нығайып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, шағын цехтар мен кәсіпорындардың ашылуы жергілікті экономиканың дамуына серпін беруде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және аудан бюджетінің кіріс бөлігінің артуына мүмкіндік жасап отыр. Шардарада шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлінуде.

Кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде жаңа бизнес нысандары ашылуда. Сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өңдеу салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді. Бұл бәсекелестікті күшейтіп қана қоймай, көрсетілетін қызмет пен өнім сапасының жақсаруына жол ашуда.

Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев жұмыс сапарымен бірқатар өндіріс орындарына барды. Атап айтқанда, аудан басшысы «Шоғы строй» евро қоршау өндіру цехына, «Шардара–Ет» ЖШС-нің күріш өңдеу кәсіпорынына және «Бәйтерек ББМ» ЖШС-нің балық өңдеу зауытының қызметімен танысты.

«Шоғы строй» евро қоршау өндіру цехы.

Шардара қаласы Өтеғұл шағын ауданында орналасқан бұл өндіріс орнында аудан әкімі цехтың өндірістік қуатымен, шығарылатын өнім түрлерімен және еңбек ұжымына жасалған жағдайлармен танысты. Жеке кәсіпкер Ерғазы Таңбай жетекшілік ететін цехта бүгінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын тәулігіне 80 дана евро қоршау және 50 дана қоршау бағанын өндіруге қауқарлы. Негізгі өнімдері – евро қоршаулар, қоршау бағандары мен термопанельдер.

«Шардара–Ет» ЖШС-нің күріш өңдеу кәсіпорны

Шардара–Жетісай тас жолы бойында орналасқан кәсіпорында аудан әкімі күріш өңдеу технологиясымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жеке кәсіпкер Дінмұханбет Бекмұратов басқаратын кәсіпорын 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын тәулігіне 20 тоннаға дейін күріш өңдей алады, жылдық өндірістік қуаты шамамен 3000 тоннаны құрайды.

«Бәйтерек ББМ» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты

Өтеғұл шағын ауданында орналасқан балық өңдеу зауытында аудан әкімі өндірістік үдерістермен және жұмысшыларға жасалған жағдайлармен танысты. Жеке кәсіпкер Ақыл Байқошқаров жетекшілік ететін зауытта қазіргі таңда 30 азамат еңбек етеді. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты шамамен 600 тонна.

Сонымен қатар, аудандағы ауылдық елді мекендерде де кәсіпкерлік белсенділік байқалады. Отбасылық кәсіп, шағын шаруа қожалықтары мен кооперативтердің дамуы тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуде. Жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасы біртіндеп әртараптандырылуда. Инфрақұрылымның жақсаруы да өндіріс пен бизнестің дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Инженерлік желілердің жаңартылуы, жол сапасының жақсаруы, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлардың жасалуы Шардараны кәсіпкерлікке қолайлы өңірге айналдыруда.

« – Қазіргі таңда ел экономикасының тұрақты дамуы өндіріс орындары мен кәсіпкерлікті қолдаумен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнес жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асырып, бәсекелестікті күшейтеді. Кәсіпкерлердің белсенділігі қызмет көрсету сапасын жақсартып, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту жұмыссыздықты азайтып, тұрғындардың өз өңірінде еңбек етуіне мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде. Жеңілдетілген несиелер, гранттар, субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер бизнес өкілдеріне нақты көмек болып отыр. Сондай-ақ индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда. Өндіріс пен кәсіпкерлікті жүйелі қолдау аймақтардың тең дамуына жол ашады. Жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану арқылы өңірлік экономика нығайып, халықтың әл-ауқаты арта түседі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.Өндіріс орындарын және кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасының өсімі мен қоғамның дамуын қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі. Осы бағыттағы кешенді шаралар болашақта да экономикалық тұрақтылықтың берік негізі бола бермек.» – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Сапар барысында аудан әкімі барлық кәсіпорын басшыларына алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, кәсіпкерлікті дамыту мен өндірісті қолдау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікір алмасты. Шардара ауданы әкімдігі алдағы уақытта да өндіріс орындарын қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

ОРДАБАСЫДА 4 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынып, ел игілігіне берілуде. Солардың бірі,  Ордабасы аудандағы Қараспан ауыл округіне табиғи газ желісі тартылып, Мәдениет, Жұлдыз, Ынтымақ, Жаңатұрмыс елді мекендерінде газдандыру нысаны іске қосылды. Нәтижесінде 150-ге жуық абонент «көгілдір отынға» қол жеткізді.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды нысанның іске қосылуымен құттықтады. Ауылдарды табиғи газбен қамту – Мемлекет басшысының халықты сапалы инфрақұрылыммен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Шараға ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар жиналып, тарихи сәттің куәсі болды. Ауыл тұрғындары ел игілігі жолындағы атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді.

« – Ордабасы ауданында әлеуметтік маңызы зор тағы бір игі іс жүзеге асты. Аудан аумағындағы төрт бірдей елді мекенге табиғи газ беріліп, мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Бүгін біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қолдау. Газдың келуі ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Біз алдағы уақытта да ауданымыздағы елді мекендерді кезең-кезеңімен толық газбен қамтуды жалғастырамыз», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Әкімнің айтуынша, газдандыру жұмыстары өңірлік даму бағдарламалары аясында жүргізіліп, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген талаптарға сай орындалған. Сонымен қатар, бұл бастама ауылдардың инвестициялық тартымдылығын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді.

Салтанатты жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, көптен күткен табиғи газдың игілігін көре бастағандарын айтып, атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдірді. Ордабасы ауданында жүзеге асқан бұл жоба – елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жолындағы жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі. Алдағы уақытта аудан халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған осындай игі істер жалғасын таба бермек.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ордабасы ауданы бойынша 42 елді мекен табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 73,6 пайызды құрап отыр. 2026 жылдың аяғына дейін Шұбарсу ауылының тұрғындарын толық көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылып жатыр. Одан бөлек, 5 елді мекенді газдандыру бойынша (Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш, Дихан) жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ 64-ШІ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның нәтижесінде аудан аумағындағы 64-ші ауыл көгілдір отынға қосылып, ауданда елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткіші 94,1 пайызға жетті. Аталған жетістік – өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.

Осы айтулы оқиғаға орай Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай ауылының тұрғындарымен қуанышты сәтті бөлісу үшін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, ауыл халқымен кездесті. Аудан басшысы тұрғындарды ауылдың газбен қамтылуымен құттықтап, бұл – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Кездесу барысында аудан әкімі биылғы жылы Мақтаарал ауданын толықтай табиғи газбен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар облыстық және республикалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылып, барлық елді мекендерге газ жеткізу басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

Жантақсай ауылының тұрғындары өз кезегінде көптен күткен қуанышты жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын айтты. Табиғи газдың іске қосылуы ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына және әлеуметтік жағдайдың оңалуына да оң әсерін тигізбек.

« – Біз, Жантақсай ауылының тұрғындары ретінде, ауылымызға табиғи газ тартылып, көптен күткен арманымыздың орындалғанына шексіз қуаныштымыз. Бұл жаңалық әрбір отбасы үшін үлкен игілік, тұрмысымызға жасалған нақты қамқорлық деп білемін. Бұрын қыс түсе отын дайындап, көмір мен ағаштың әлегімен жүретін едік. Енді, міне, үйлерімізге табиғи газ кіріп, күнделікті тіршілігіміз әлдеқайда жеңілдеді. Үй жылыту, ас дайындау жұмыстары қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түсті. Бұл әсіресе қарттар мен жас балалар бар отбасылар үшін үлкен қолайлылық. Ауылымыздың газдандырылуы тек тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, экологияға да оң әсерін тигізеді. Көшелеріміз түтіннен арылып, ауылдың ажары кіре түсетін болды. Ең бастысы – бұл болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам деп есептейміз. Осы игілікті істің жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға, жауапты мекемелерге және елдің тұрмысын жақсартуды басты мақсат еткен басшыларға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, осындай игі жобалар көбейе берсін!» – деді ауыл ақсақалдары.

Айта кетейік, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, газ инспекциясының мамандары да Жантақсай ауылына арнайы барып, әрбір үйге кіріп шығып, газ қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ НЫСАНДАРЫН САЛУ, ЖӨНДЕУ, РЕТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал бар. Олардың 76%-ы жөндеуді қажет етеді. Аталған мәселені шешу үшін облыс әкімімен кешенді жоспар қабылданған.

Жоспарға сәйкес, Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделуде. Нәтижесінде, каналдардың тозу көрсеткіші 50 пайызға дейін төмендейді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселені аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен бірге зерделеді.

– Барлық деңгейдегі су арналарының жағдайын баяндаңыздар. Шаруа үшін тіпті әр арықтың жағдайы маңызды екенін ұмытпайық. Өз күшімізбен реттеуге болатын мәселелерді шешуге осы кезден кірісуіміз қажет. Ал қаржы қажет ететін арналар сумен қамтылатын аумақ көлеміне қарай, кезегімен жөнделетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.

Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов «Құртай» каналы жер арық күйінде болғандықтан фильтрация арқылы су көп жоғалтатынын, арнаның тереңдеп кеңейгені салдарынан су жеткізу қиындық туғызатынын жеткізді. Канал жыл сайын қамыспен бітеліп, тұрақты механикалық тазалауды қажет етеді. Күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Тиісті жұмыстар атқарылса, нәтижесінде 1000 гектардан астам жерге су жеткізу жақсарады.

Келес ауданында «Оймауыт» су торабының жағдайы өзекті. Бәйдібек ауданында «Комсомол» каналын толық қуатта пайдалану үшін 16,3 шақырымын жөндеу қажет. Ішкі лоток жүйелерінің тозығы жеткен. Шардара ауданы Жаушықұм массивінде 12 192 гектар егістікке су жеткізетін құбыр мен сорғы станциясының да жағдайы күн тәртібінде қаралды. Сарыағаш ауданында «Р-4-2», «Шаншар құлақ» және «Құлтума», «Кескен», «Сарыүйсін», «57-тармақ», «Қаратас», «Рамадан», «Шошым», «Р-15 » каналдары жөндеуді талап етеді.​Кентаудағы «Ырмақ-Өзен» су қоймасы екі жыл бұрын «Тұран су» мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда мәселе түбегейлі шешілу үшін күрделі жөндеу қажет. Ырмақ өзенінен су қоймасына дейін құбыр тарту, «Таздар» арығын бетондау маңыздылығы да баяндалды.

Су нысандарын салу, жөндеу және реттеу жұмыстары – су ресурстарын қорғауға, тиімді пайдалануға және болашақ ұрпаққа сақтап қалуға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады. Бүгінде Түркістан облысында өзендер мен каналдарды тазалау, су қоймалары мен бөгеттерді жөндеу, жаңа гидротехникалық нысандар салу арқылы су шығынын азайтуға және суды әділ бөлуге мүмкіндік туып отыр. Мұндай жобалар су тасқынының алдын алып, қуаңшылық кезеңінде егіс алқаптарын қажетті сумен қамтуға жағдай жасайды. Бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен іске асырылып, жергілікті атқарушы органдар мен сала мамандарының тұрақты бақылауында жүргізілуі тиіс. Нәтижесінде, су ресурстарын басқарудың тиімді жүйесі қалыптасып, табиғи байлықты ұқыпты пайдалануға жол ашылады.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар берді. Жауаптылар бекітіліп, орындалу мерзімі нақтыланды. Жалпы, су нысандарын салу, жөндеу және реттеу – елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын және тұрақты дамуға негіз болатын стратегиялық маңызды бағыт. Осындай кешенді жұмыстар арқылы су ресурстарын қорғау ісі жаңа деңгейге көтерілуде.

АГРОТЕХНОЛОГИЯ НАРЫҒЫНДАҒЫ ҮЗДІК КОМПАНИЯ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫН ЖАҢАРТУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Eurasia Group AG» компаниясының Бас операциялық директоры және «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Бас директоры Сергей Глоккені қабылдады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы техникалары, оларға сервистік қызмет көрсету жайы талқыланды.

Облыс басшысы жаңа бастамаларға ашық екенін айтып, жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Біз бұған дейінгі келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз және серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Ауыл шаруашылығы –Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда біздің өңір Қазақстанда аграрлық өнім шығарудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. Өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жаңарту мәселесі біз үшін маңызды. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін өте қолайлы. 2025 жылы Түркістан облысында жалпы өнім көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді. Өңірде индустриялық аймақтар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдар бар. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, сондай-ақ салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет есебінен шағын өнеркәсіптік ғимараттар салынып, инвесторларға жалға берілуде. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге сіздерге қажетті мамандарды даярлау үшін облыстағы колледждердің әлеуетін пайдалануды ұсынамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы техникаларына жүргізілген талдау қорытындыларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Жобаларын таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын шығару және оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы бастамалары жемісті боларына сенім білдірді.

«Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін қазақстандық компания. 2002 жылы құрылған компанияның 500-ге жуық қызметкері бар. Компания ауыл шаруашылығы техникасын және бірегей қосалқы бөлшектерді көтерме жеткізуді жүзеге асырады, сервистік сүйемелдеуді, жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді, агроменеджмент қызметтерін, операторларды оқытуды, сондай-ақ егіншілік саласындағы цифрлық шешімдерді ұсынады. Компанияның Қазақстанда 14 өкілдігі бар.

ОРДАБАСЫДАҒЫ ЖУСАНСАЙ АУЫЛЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын бір дәлелі – Ордабасы ауданына қарасты Шұбар аумағындағы Жусансай ауылының табиғи газға қосылуы. Осыған орай бүгін ауылда салтанатты іс-шара өтіп, тұрғындар көптен күткен қуанышқа бөленді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Іс-шара ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев табиғи газдың ауыл өміріндегі маңызына тоқталды. Көгілдір отын – тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Мәслихат өкілдері мен ардагерлер кеңесінің төрағасы да ел игілігі жолындағы жұмыстардың маңызын айтып, ауыл жұртшылығын құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Ал ауылдың ақсақалдары ақ батасын беріп, игі істің берекелі болуын тіледі.

Соңғы жылдары ауданда табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылы Қарақұм, Төрткүл, Ынталы, Спатаев, Қызылжар және Елшібек батыр ауылдары табиғи газға қосылды. 2024 жылы Берген, Батыр ата, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол, Бірлік, Жамбыл, Көкарал, Еңбекші, Бөген және Жеңіс ауылдары көгілдір отынның игілігін көрді. 2025 жылы Төреарық, Көлтоған, Көктөбе, Амангелді, Кемер, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай, Сарыарық ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Нәтижесінде аудандағы 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 2023 жылғы 15 пайыздан бүгінде 67 пайызға жетті.

Ал, халық тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту – аудан үшін аса өзекті мәселе болып тұр. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда. Шұбарсуға газ жеткізуші құбырдың құрылысына 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жоба облыстық салалық басқарма арқылы 2 кезеңмен жүзеге асырылуда. 2026 жылдың жылыту маусымына дейін Шұбарсу ауылына газ беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар Аққойлы, Ақпан, Нұра, Ордабасы, Мамыр және Қарабастау ауылдарын газдандыру үшін тиісті салалық басқармаға қаржы бөлуге сұраныс жолданды. Ал Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендерінің газдандыруға қатысты жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version