Архив рубрики: Ақпарат

«ТӨСЕКТЕРІ ҚИРАП, КЕРЕУЕТТЕР САСЫП ЖАТАДЫ»

Әлеуметтік желіде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкері Екібастұз 1 станциясы бойынша локомотив бригадасы демалыс үйінің жағдайына байланысты шағымын айтты, — деп хабарлайды Таq.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.                                                                   Қызметкердің айтуынша, ол жерге бірнеше компания қызметкерлері демалса да басшылар ғимараттың нашар күйіне алаңдаушылық білдірмейтін көрінеді.

«Машинист, машинист көмекшісі сапардан кейін осы ғимаратқа демалуға келеді. Онда тағы бірнеше компанияның қызметкерлері демалады. Барлығы ғимараттың жағдайы нашар екенін біле тұра үндемейді. Өйткені олар бұл туралы айтудың пайдасы жоқ және мағынасыз деп ойлайды.

Басшылар да бәріне көз жұмып қарайды. Жыл сайын сол компания тендерді жеңіп алады. Жыл сайын ештеңе өзгермейді.

Жазда жағдай мүлде жаман. Бүкіл ғимаратта өрмекші торы бар, төсектер қирап, кереуеттер сасып жатады. Өтінемін назар аударыңыздар», — дейді қызметкер.

Осы жағдайға баланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі жауап берді.

“2019 жылы жұмыскерлердің еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту мақсатында Екібастұз станциясының локомотив бригадасының демалыс үйін басқару жеке компанияға аутсорсингке берілді.

Шартқа сәйкес, компания локомотив бригадаларына сапалы тұру және демалыс қызметтерін ұсынуы, үй-жайларды жөндеуі керек еді. Алайда міндеттемелер орындалмады, соның негізінде шарт бұзылды. Осы жылы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС демалыс үйінің ішкі үй-жайларына жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр”, – делінген хабарламада.

18 секундта 761 қазақстандық өтінім беріп үлгерді

4 пайыздық автонесие өтінімін қабылдауға арналған autonesie.kz сайтына бір минутта 125 мың адам кірген. Бұл туралы  «Өнеркәсіпті дамыту қорының» баспасөз қызметі хабарлады.
«Платформа іске қосылған алғашқы минуттың ішінде autonesie.kz сайтына 125 мың адам кірді», — деп жазылған мәліметте.
Бұған дейін жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдаудың алғашқы легінде 761 адам өтініш бере алатыны айтылған болатын.
«761 қазақстандық өз өтінімдерін платформа жұмысын бастаған алғашқы 18 секундтың ішінде беріп үлгерді. Өтінім қабылдау сағат 10.00-де басталса, алғашқы минуттың шішінде 125 мың адам кірді», — делінген баспасөз хабарламада.
«Autonesie.kz жүктемені еңсеріп, өтінімдер пулының қалыптасуын қамтамасыз етті. Лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталып, «өтініш беру» функциясы тоқтатылды.
Өтініш беру процесінде кейбір пайдаланушылар автомобиль өндірушісін таңдай алма» жатты. Бұл сонымен қатар өтінім лимитіне қол жеткізумен байланысты», — деп жазылған ресми мәліметте.
Келесі өтінімдерді қабылдау қазақстандықтарға наурыз айында, одан әрі – ай сайын қолжетімді болады.
Еске салсақ, жеңілдетілген несие бойынша көлік алу бағдарламасы бойынша өтінімдерді Autonesie.kz сайты арқылы қабылдау бүгін сағат 10.00-де басталған болатын.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 90 ДИРЕКТОР МИНИСТРДІҢ БҰЙРЫҒЫН ОРЫНДАМАҒАН

Түркістан облысында 2022 жылы білім беру ұйымдарына 366 педагог жұмысқа қабылданған, алайда 322 педагогты қабылдау кезінде конкурс ережелері сақталмаған. Яғни, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минстрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талаптары бұзылған. Нәтижесінде облыстағы 90 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы  Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.  

Сондай-ақ, департамент мамандары жыл қорытындысы бойынша 31 өтінішке жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 29 арыз бойынша бұзушылықты анықтаған және 21 әкімшілік іс қозғаған.

— 7 заңды тұлғаға – 105 айлық есептік көрсеткішке тең 321 615 тг;

14 лауазымды тұлғаға – 230 АЕК-ге тең 704 490 тг;

жалпы 21 әкімшілік іс бойынша 335 АЕК-ге тең (1 026 105 тг) көлемінде айыппұл салынды.

Жоспардан тыс тексеру жүргізбей, 18 әкімшілік іс қозғалды.

Прокуратурадан, мемлекеттік органдардан келген ұсыныстар бойынша 7 әкімшілік іс;

«Педагог мәртебесі» Заңының талаптары және әлеуметтік желі, резонанс тудырған шағымдар бойынша 11 әкімшілік (1 жеке тұлға, 6 лауазымды тұлға, 4 заңды тұлға) іс қозғалып, жалпы 80 АЕК-ге тең  245 040 тг айыппұл салынған.

ҚАЛТАСЫНДА «КЕПТІРІЛГЕН МАРИХУАНА» БОЛҒАН

Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан есірткі тапты, — деп хабарлайды Taq.kz сайты Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқару кезінде, өздеріне бекітілген аумақта бұрын-соңды көрмеген, таныс емес тұрғынды байқап, тоқтатады. Оның жеке басын анықтау кезінде, қалтасынан ақ қағазға оралған күмәнді зат табылады.
Табылған есірткі заты айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысы бойынша ол «кептірілген марихуана» болып шықты. Оның жалпы салмағы 3 грамнан асады.
Қазіргі таңда орын алған оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Жалпы учаскелік полицейлер жергілікті тұрғындарға қылмыстардың алдын алу, болдырмау бағытында әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын түсіндіріп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізуді күн тәртібінен түсірген емес.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНА «АУЫР ЖҮК» ЖҮКТЕЛДІ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы әзірленді, — деп хабарлайды Таq.kz тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған құжатқа сәйкес, алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласына тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге көбейту көзделіп отыр. Қосымша саладағы жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту керек.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, АӨК негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни, 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал АӨК қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы егіс көлемі 869,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 ж. 859,9 мың га), мақта дақылы 46,3 мың гектарға қысқартылып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Жылыжайлар көлемі 1569 гектардан 2118,6 гектарға ұлғаяды (+ 550 гектар), қарқынды баудың көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға арттыру жұмысы жүреді. 5 жылда 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу, мақта шаруашылықтарын 2027 жылдан бастап жергілікті элиталық тұқымдармен 100 % қамтамасыз ету жоспарланған. 5 жылда жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу үлесін 0,23 %-дан 10 %-ға, ет өнімдерін өңдеу үлесін 12,3 %-дан 34,0 %-ға, сүт өнімдерін өңдеу үлесін 13,6 %-дан 31 %-ға ұлғайту көзделген.
Аудан, қала әкімдіктерінен алдын ала 2023-2027 жылдарға жалпы құны 320 млрд. теңгені құрайтын 109 инвестициялық жоба тізімі анықталды. Оның ішінде биыл құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілген.

14 ЖАСАР ТЕННИСШІ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Словакияда өткен үлкен теннистен ITF Juniors халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын қорғаған 14 жастағы Заңғар Нұрланұлы жеңімпаз атанды. Түркістан өңірінің тумасы сайыстың финалында жергілікті спортшы Даниел Балашекті 6:4, 3:6, 6:2 есебімен жеңді.
Ал финалға дейін Словакия, Украина, Германия спортшыларынан басым түскен.  Өзінен жасы үлкен спортшыларды да жеңген Заңғардың бұл жетістігін мамандар жоғары бағалап отыр.
4 жасынан бастап теннис ракеткасын қолға ұстаған жас өреннен ел үміт күтеді.

Арықтауға көмектесетін биологиялық белсенді қоспалардың құжаттары болуы тиіс

Қазіргі кезде интернет ресурстарындағы әр түрлі сайттарда арықтауға көмектесетін биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) жарнамасы көбейді. Алайда, ол қоспалардың қауіпсіздігін растайтын құжаттар бірінде болса, бірінде жоқ. Бұл туралы , Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
«Биологиялық белсенді қоспалар КО ТР 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, мемлекеттік тіркеу рәсімінен міндетті түрде өтуі тиіс тауарлар қатарына жатады. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болмайынша өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында заңды түрде таратуға болмайды. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік –ол мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткен тауардың барлық санитариялық және гигиеналық нормаларға толығымен сай келетінін куәландыратын ресми құжат. Сондықтан, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ ББҚ-ды сатпауды және жарнамаламауды ұсынады.»
«Құрметті, облыс тұрғындары! Қандай да бір биологиялық белсенді қоспалары бар тағамды тұтынбас бұрын сатушыдан оның мемлекеттік тіркеу куәлігін талап етіңіз, оған Сіздің толық құқығыңыз бар. Егер сатушы ол куәлікті ұсына алмаса, өнімді тұтынбаған жөн. Сондай ақ, жоғарыда аталған заңсыз жайттар орын алған жағдайда, біздің сенім телефонына хабарласуыңызға болады.
Сенім тел: 8 72533 71084″ — Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Қазақстандық команда неге Түркияда жаттығады?

Түркияға аттанған Мақтаарал клубына жанкүйерлер тарапынан көптеген сыни сұрақтар қойылуда, -деп хабарлайды Taq.kz тілшісі
Қазіргі таңда бас бапкер — Константин Горовенко ақ-жасылдардың бой үйретер жаттығуларын бастап кетіпті. Бұл туралы, клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
 
Сондай-ақ, команданың неліктен шет елде жатығып жатқаны туралы мәлімдеді.
«Сыни пікірлерге жауап қайырмас бұрын алдымен келіп түскен сұрақтарға біршама тоқталайық. Олар:
Неге жаттығу шетелде болады?
Түркияға бару міндетті ма?
Неге сол қаржыны алаңды реттеуге жұмсамайды?
Түркияға барған командаға қандай пайда алып келеді? т.б осы іспеттес сұрақтар.
Біздің Мақтаарал клубы ғана емес, еліміздің дерлік барлық командасы чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиындарын Түркияда өткізеді. Бұл жер үлкен тәжірибе алаңы. Белек қаласына Қазақстаннан ғана емес Еуропаның, Азияның түпкір-түпкірінен қаншама азулы командалар ағылып келеді. Осы сөздің өзі-ақ түсінгенге толық жауап деп ойлаймын.
 
Командамыз Белекте тек оқу-жаттығу жиындарын өткізіп ғана қоймай, сонымен қатар әр елден келген командалармен жолдастық кездесулер өткізеді. Тәжірибе жинақталады. Сол жерден ерекше көзге түскен ойыншыларды Мақтаарал өз сапына қосуға тырысады. Ал біздің үкілеген ойыншыларға басқаларда қолқа салады. Қазақтың бір ойыншысы көзге түсіп, Еуропаның азулы деген командасында доп теуіп жатса, оның несі жаман? Керісінше ұлттық құрамамыздың дамуына одан әрі септігін тигізе түседі.
Былтыр ғана  Премьер Лигаға жол алған жас команда үшін Белектегі белес ауадай қажет. Өткен жылы да Түркияда оқу-жаттығу жиындарымызды пысықтадық. Көптеген тәжірибе жинадық. Сол еңбегіміз Премьер Лигада қалуымызға өз септігін тигізді! Бұл жолы да мықты дегеннің барлығын сүзгіден өткізіп, командамыздың құрамын одан да күшейте түсетін боламыз. Демек, маусымдағы қарсыластарымызға толық қанды төтеп береміз.
Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өтіп жатыр. Басқада жаңалықтарды алдағы уақытта жанкүйерлерімізбен бөлісіп отырамыз. Әрбір жайды әріден түсініп, командамызға жанкүйерлер болайық.» — деп, жазба қалдырған Мақтаарал футбол клубының баспасөз қызметі.

Полицейлер ауыл малдарын айыптұраққа қамап жатыр

Мақтаарал ауданында тәртіп сақшылары қарауыз қалып, көліктерге кедергі келтіріп жүрген ірі қараларды қуып, арнайы айып тұраққа апаруда, -деп хабарлайды Taq.kz сайты
    
Жолда қараусыз жүрген төрт түлік  жол көлік оқиғасына алып келетін қауіптің бірі. Сондықтан, полиция қызметкерлері көліктерге кедергі келтіріп жүрген ірі қараларды қуып, арнайы айып тұраққа апаруда. Ал қараусыз жүрген төрт түлік мал иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 408 бабымен яғни Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырып жатыр.
Сондықтан, тәртіп сақшылары сыртта қараусыз жүрген малдың адам өмірі үшін өте қауіпті екенін және қараусыз жүрген мал ұрыларға оңай олжа екенін ескертеді.

ШЕКАРАДАН ЕСІРТКІНІ АЛЫП ӨТПЕК БОЛҒАН

Полицейлер шетелдіктен героин мен психотроптық заттар тәркіледі, -деп хабарлайды Таq.kz сайты Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына ҚР ҰҚК Шекара қызметінен есірткі тасымалдау дерегі бойынша хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Сарыағаш АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері барған.
Анықталғандай, «Жібек жолы» өткізу пунктінде қызметтік итті пайдаланған шекаралық наряд Өзбекстан азаматын ұстаған. Яғни шекарадан өтіп бара жатқан шетелдікке, «Минти» атты қызметтік ит белгі берген. Тексеру кезінде азамат киімінің қалтасында шамамен 2 грамм болатын «жылдамдық» есірткі заты бар екенін мойындайды.
Ал тінту жүргізген полиция қызметкерлері күдіктінің сырт киімінің қалтасынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар екі пакетті тапты. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес пакеттің бірінде салмағы 0,2 грамнан асатын «пиролидиновалерофенон» психотроптық заты бар екендігі анықталды. Ал келесісінде салмағы шамамен 0,04 грамм болатын героин екені расталды.
Қазіргі уақытта осы жайт бойынша ҚР ҚК-нің 286-бабының 2-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.