Архив рубрики: Жаңа жоба

Сауран ауданында 165 адамды жұмыспен қамтитын жаңа жобалар жүзеге асады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге инвестиция тарту – ең маңызды міндеттердің бірі екенін айтып келеді. Бұл аймақтардың әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Президент еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыруды да тапсырған болатын. Бұл бағытта өңірлерге жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі екенін де атап өтті.

«Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады», деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шет елге барған әрбір басшысының сапары оң нәтиже беру керектігін де атап өткен болатын.

«Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.

Бұл бағытта Түркістан облысында нақты жобалар қолға алынып, инвесторлар тарту шаралары қарқынды түрде орындалуда. Облыс әкімі өндіріс орнын ашып, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгіземін дейтін азаматтарға да ерекше қолдау білдіріп келеді. Осындай ауқымды жобаларды Сауран ауданында «Жаңа Жібек жолы» ЖШС жүзеге асырмақ. Компания құрылтайшысы Нұртай Шайакыметпен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестициялық жобаларға қашанда қолдау көрсетілетінін айтып, қабылдауға келген шетелдік инвесторлармен де келіссөз жүргізді.

– Түркістан өңіріне қош келіпсіздер. Түркістан – елімізде мақта өсірілетін жалғыз облыс. Сондықтан осы саланы мейлінше дамытып, мақта кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Осы бағытта жұмыстар жүруде. Біз мақта сұрыбын жақсартып, мақтаны терең өңдейтін зауыттар ашамыз. Сіздер ұсынған жобаларды қарастырып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

 

«Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакымет Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырғалы жатқан жобаларын таныстырды. Біріншісі – Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып жоғарғы сортты мақта дақылын өндіру көзделген. Жоба құны – 1,5 млрд. тенге. Жер көлемі – 1000 га, іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар аралығы, 30 адам жұмыспен қамтылады. Екінші жоба – Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін дамыту. Жоба құны – 500 млн тенге, жер көлемі – 518 га. Мұнда 200 га жерге тұқымдық мақта, 200 га жерге тәтті жүгері және 118 га жерге ащы бұрыш егу көзделген. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын жоба арқылы 15 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде замануи технологиялар қолданылған мақта өңдеу зауытын салу көзделген. Жоба жүзеге асса, 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жобалардың бастамашысы – «Жаңа Жібек жолы» ЖШС.

Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тартуға басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылайды. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілген. Аудан, қала басшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірге Түркия, Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарларда болды. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралап, алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында атқарылған тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады. Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп, осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарына төрағалық етіп, осы саладағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге шет мемлекеттердің инвесторларымен тұрақты түрде келіссөз жүруде. Нәтижесінде инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарынан табылып жүр.

Ал, жыл басынан бері Түркістан облысының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 420,8 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Оның ішінде, 344,3 млрд теңге немесе 80%-дан астамы – жеке инвестиция құрайды. Өңір капиталына салынған инвестициялардың басым үлесі Түркістан қаласы (35,2%) және Созақ (15,4%), Сайрам (6%), Сарыағаш (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалану бағыты бойынша негізгі 29% үлесі өнеркәсіп арқылы үйлестірілген. Ол 123,9 млрд теңгені құрайды, Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 64,1 млрд теңге бағытталса, өңдеу өнеркәсібіне 25,3 млрд теңге тартылған. Ауыл шаруашылығының үлесі 28%-ды құрап, 116,4 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 31 млрд теңге, ал мал шаруашылығы – 21,4 млрд теңге.

Кездесу барысында өңір басшысы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен  жауапты басқарма басшыларына инвесторға сүймелдеу жұмыстарын жүргізуді, инфрақұрылым бойынша көмектесуді тапсырды.

М.Таңғатаров: Сауранда 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылған болатын. Кезінде ірі сауда орталығы атанып, соның негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы терең Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жүзеге асып,  қалың елді қуантқан ерекше оқиға болған еді. Жаңа ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болып, ал Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтті.  Міне, сол уақыттан бастап Сауран ауданы өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді деуге болады. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалады. Жаңа өндіріс орындары ашылып,  ауыл шаруашылығы бағытында да көрсеткіштер артып келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаңа жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының  басты тапсырмаларының бірі де әр аймақта жергілікті халықтың өмір сүру әлеуетін көтеру және тың идеяларды қолға алып, тұрғындарды еңбекке тартуды іске асыру болып отыр. Бұл бағытта құрылғанына үш жыл толып отырған Сауранда қандай жұмыстар атқарылып жатыр және алдағы жоспарлар жайында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

-Президент өз жолдауларында елімізді өркендету үшін ең бастысы халықтың әлеуетін арттыру керек екенін айтып келеді. Ол үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестицияны ұлғайту маңызды екенін мәлімдеген болатын. Бұл ауыл-аймақтардың да дамуына оң серпін берері сөзсіз. Мақсат Асылбекұлы бұл бағытта Сауран ауданында қандай жобалар жүзеге асырылуда?  Ең бірінші осы бағыттағы жұмыстарды атап өтсеңіз?

 

-Ия,расында Мемлекет басшысы айтқандай халықтың жағдайы жақсы болса, әрбір азамат жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлер кәсібін дамытса, онда ол елдің әлеуеті арта береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдұлының тасырмасына сәйкес Сауран ауданында нақты жоспарларды орындап келеміз. Құрылғанына үш жылдың көлемі болса да ауданның экономикалық – әлеуметтік көрсеткіштері жақсаруда. Мысалы 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4млрд теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, бүгінгі таңда бес айдың көрсеткішімен 13,6 млрд теңгенің  өнімі өндірілді. Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84 пайызы ауыл шаруашылығына, 9,2 пайызы өнеркәсіп саласына және 4,7 пайызы құрылыс жұмыстарының, 1,4 пайызы тауар айналымының үлесінде.

Енді инвестиция бойынша айтатын болсақ, 2023 жылы ауданға 34,6 млрд теңге инвестиция тартылған, ал ағымдағы жылы 42 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарланып отырмыз. Жалпы бес ай көлемінде 9,8 млрд теңге көлемінде ауданға инвестиция тартылды. Олардың ішінде жеке инвестициялар 6,8 млрд теңге, бюджеттік инвестициялар 2,9 млрд теңгені құрайды.

Жалпы біз Сауран ауданы бойынша 2024-2025  жылдар аралығында жалпы құны – 61,4 млрд теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба. Олар:

Жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосуды жоспарласақ, бүгінгі таңға 9 цех іске қосылды. Ал, 3 цех жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін 1 цех, Трансформатор құрастыру және жөндейтін 1 цех; Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында – 2 цех;  Жаңбырлату қондырғыларын өндіретін 1  цех іске қосылды. Одан бөлек,тері өңдейтін 1 цехты, мақта және мақта шитін өңдейтін 2 цехты,  жылыжай жабдықтарын өндіретін 1 цехты және  2 тігін цехы жұмысын бастап отыр. Сондай-ақ, өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін 1 кәсіпорын  алдағы уақытта іске қосылады.

Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша – 22 нысан жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы  іске қосатын боламыз;

Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен – 15  нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде;

Ауыл шаруашылығы саласында — 41 жоба жоспарланып отыр.

Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша — 3 жоба. Сүт тауарлы фермасы бойынша — 3 жоба. Мал бордақылау және мал сою алаңдары бойынша — 18 жоба. Құс фермасын салу бойынша — 3 жоба. Балық шаруашылығы бойынша — 5 жоба. Мал азығын дайындайтын комбикорм цехы және 4 гектарға өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектерға фермерлік жылыжай салуды жоспарлап отырмыз.  Жалпы қазіргі қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мол мүмкіндіктер беріп отыр. Жалпы ауданда экономикалық белсенді  халық саны 39 903 құрайды. Ал, жұмыссыздар саны 1974 адам. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздық пен кедейлікті төмендету мақсатында ағымдағы жылы 6 840 тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, 5 айда 2 654 азамат жұмыспен қамтылды. Бүгінде жоспардың орындалуы 40 пайызға жетіп отыр.

 

 

— Сауран ауданында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Оранғай ауылдық округінен «Turan» арнайы экономикалық аймағы және  Шаға ауылдық округінен 30 гектар жерге өндірістік парк құрылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістік паркті индустриалды аймаққа айналдыру үшін қосымша 70 гектар жер бөлінінен хабардармыз. Қазіргі таңда бұл орындарда қандай жобалар жүзеге асырылуда?

 

-Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркінде бүгінгі таңда құны 2 млрд теңгені құрайтын және 250 адамды жұмыспен қамтитын тоңазытқыш жабдықтарын өндіру және машина жасау өндірісі қолға алынуда. Оны «UBC Group» ЖШС жүзеге асырады. Одан бөлек, «BNK Group Ltd»  ЖШС — Жаңбырлату қондырғыларын өндіру. Жоба құны — 5,0 млрд.теңге. Бұл кәсіпорында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, «World Medicine İlaç Sanayi ve Ticaret Anonim Şirketi»  ЖШС — Фармацевтикалық өндіріс 50 жұмыс орындарын ашады. Жоба құны — 5,0 млрд. теңгені құрайды. Ал, «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы  Металл және мектеп жиһаздарын өндіру ісін жүзеге асырады. Жоба құны — 2,3 млрд.теңге болса, жаңа 70 жұмыс орындарын ұсынады. Өндірістік паркінде дәрі өндіру жобасы да бар. Мердігер «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС. Жобаның құны – 3,0 млрд.теңге шамасында. Ол жерде де 80 азамат тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болады. Жоғарыда атап өткенімдей, жылыжай жабдықтарын өндіру жобасы да еніп отыр. «GEN GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС –гі жобамен 2,4 млрд.теңгеге жүзеге асырады және 70 адамды жұмыспен қамтитын болады.Тағы да жоба құны 2,5 млрд теңге болатын «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы әскери шатыр өндірісін іске қосады. Ол жерде 100 адамға еңбек орны қамтамасыз етіледі. Және де дәл осы ұйым корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз шығарумен айналысады. Жобаның құны – 3,5 млрд.теңгені құрайды және ол жерде де 100 жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Аталған жобалардан бөлек, Қарашық ауылдық округінен 10 гектар жер телімі бөлініп, 21 цехты салуды жоспарлап отырмыз. Дәл осы бағытта Иассы  ауылдық округінен 8 гектар, Оранғай ауылдық округінен 13 гектар жер бөліп кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Бұдан  бөлек, Шорнақ  ауылынан жеке кәсіпкер Абишов Ықпал меншігіндегі 8 гектар жерден өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысын бастады, қалған жерлерге инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

 

-Өзіңіз атап өткендей, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84 пайызын ауыл шаруашылығы құрайды. Шаруларға тиісті жағдайлар жасау, суармалы және жайылым жерлермен қамтамасыз ету және төрт-түлікті өсіруге қолайлы жағдай жасау мәселелері, Ауыл аманаты жобасы қалай жүзеге асырылуда? Сауран ауданы ауданы облыс орталығы мен бірқатар аудан-қалаларды азық-түлікпен қамтитын аймақтардың бірі болып саналады. Былтырғы өніммен, биылғы көрсеткіштеріңіз қандай деңгейде? Бұл салада  қандай жобалар бар?

-Ауданның экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – ауыл шаруашылығында 2023 жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 112,1 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. 5 айда нақты 9,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы аудан бойынша 43 396 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда мал басы саны – 682,7 мың басты құрайды. Есепті кезеңде етті және сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы жануарларынан 3 780 тонна ет және 14 696 тонна сүт өндірілді. Құс басы саны – 147,9 мың басты құрайды. Есепті кезеңде құстардан 2,9 млн-нан астам жұмыртқа алынды.

Ауыл халқының әлеуетін аттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атап өтетін болсақ, 2023 жылы пилоттық жобасы аясында Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауыл округтерінен 1 млрд. 267 млн. теңгені құрайтын 191 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 3 172 бас ірі қара мал сатып алынды, 1,7 гектар жерге жылыжай салынды, 2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алса, өндірістік кооперативтерде – 3 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, өз кәсібін ашу бағытында — 10 жоба қаржыланып, 190 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы жоба аясында Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауыл округтерінен 280 шаруа несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Ал, бүгінгі таңда жер аманаты бағдарламасы аясында 104 мың гектар ортақ жайылым қайтарылса, жыл соңына дейін  6 мың гектар жерді қайтаратын боламыз. Ауданның жалпы аумағы 646 мың гектар болса, оның ішінде суармалы жерлер – 56 мың гектар және жайылым жерлер – 248 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 1 945 гектарға артқан. Бұдан бөлек, 14 830 тонна ет, 55 506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жеткен.

 

-Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты жалғасын тауып келеді. Сауран ауданы бойынша ағымдағы жылдың 5 айында қанша кездесулер болып, халықтың тарапынан қандай сауалдар қойылды? Тұрғындардың талап-тілегі қалай орындалып жатыр?

-Өткен жылы облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының қатысуымен  өткізілген 2 кездесу барысында 29 мәселе көтерілген болатын. Бүгінгі таңда сол мәселелердің 22 –сі өз шешімін тапты. Ал жетеуі орындалу үстінде. Одан бөлек халықпен кездесулерде басым көпшілігі ауыз су, электр жүйсеімен қамту, көгілдір отынның жағдайын сұрайды. Бұл бағытты айтып өтетін болсақ, Аудан бойынша 1 елді мекен ауыз су жүйесімен қамтылмаған және 12 елді мекенде ауыз су кестемен берілуде. Аталған елді мекендерге 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету  12 елді мекеннің ауыз жүйелерін жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Жалпы жобаның құны 400 млн теңге, бүгінгі таңда бөлінгені 148 млн теңге болып отыр. Қаражатты толықтай бөлу басты назарда. Бұл жұмыстар Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Шаға, Нұртас, Шойтөбе, Бершінтөбе, Достық, Қаражон, Құмтиын, Қосқорған ауылдарында жүзеге асырылады.

Ал,жаңадан қоныстанған 5 елді мекеннің аумағына  ауыз су жүйесі тартылмаған. Олар: Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Еңбекші Дихан, С.Қожанов. Қазіргі таңда жоба әзірленіп жатыр, жобаның құны — 8,6 млрд. теңгені құрайды.

Электрмен қамту жұмыстарына келетін болсақ, жасыратыны жоқ аудандағы елді мекендердегі электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткен. Қазіргі таңда, осы мақсатта 36 жоба әзірленіп, 27 жобаның сараптама қорытындысы алынды,  жоба құны 12 млрд. теңгені құрап отыр.Елді мекендердегі электр жарықтарының қуаттылығын арттырып, қысымын реттеу бағытында аудан тарапынан 53 дана трансформатор орнатылды.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында, ағымдағы жылы 102 дана электр бағанасы ауыстырылып, 17 шақырым электр желілеріне қайта құру жұмыстары жүргізіледі. 4 елді мекенге жаңа трансформатор орнатылады.

Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43 пайызды құрады. Ағымдағы жылы Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржысы мақұлданып, құрылысы басталатын болады. Ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба әзірленді, жоба құны – 21 млрд. теңгені құрап отыр.Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне баратын магистральды газ құбыры және Қосқорған, Бостандық, Еңбекші Дихан елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылысына жоба әзірлеудеміз.

 

-Облыс әкімінің қатысуымен өткен халықпен кездесудегі баяндамаңызда 2024 жылға Сауран ауданының бюджетінің шығыс бөлігі 10,5 млрд.теңгені құрап отырғанын атап өткен болатынсыз. Ал, кіріс бөлігіне 2 млрд. 822 млн. теңге түсімдер жоспарланғанын мәлімдедіңіз. Биыл аудан бюджетінің кірістер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 378 млн. теңгеге ұлғайтылыпты. Бұл көрсеткіштердің артып келе жатқандығын аңғартады. Одан бөлек, құрылыс, коммуналдық сала,  әлеуметтік бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Атап өтсеңіз.

 

-Құрылыс саласына тоқталар болсақ, Сауран ауданының әкімшілік іскерлік орталығына 38 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда әкімшілік пен прокуратура,  полиция бөлімінің ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Халықтың ең көп сұранысы тұрғын үй бойынша айтатын болсам, бірінші маусымға тұрғын үй кезегіне 1 379 адам тіркелген. Әкімшілік іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, аудан орталығынан 1 гектар жерге рәміздер алаңын, 2,1 гектар жерге орталық балалар саябағын салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда  белгіленген аумақтың 1-ші кезеңінде 25 мың көшет егілді. 2-ші кезең құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады.

Білім беру саласы бойынша Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс жасайды. Оның 12 сі жекеменшік мектептер. Білім беру мекемелерінде оқушылар саны 25 519 оқушыны құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданымызда  5 мектеп жоспарланып, қазіргі таңда 3 мектептің құрылыс жұмыстары  жүргізілуде. Атап айтқанда: С.Қожанов елді мекенінде 300 орындық  мектеп; Еңбекші дихан елді мекенінде 600 орындық мектеп; Аша елді мекенінде 600 орындық мектеп;

Сонымен қатар, Ынталы және Құмтүйін елді мекендеріндегі  600 орындық мектеп құрылысы және облыстық бюджет есебінен Абай елді мекеніндегі 300 орындық мектеп құрылысы ағымдағы жылы басталатын болады. Биыл, Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды, жаңа оқу жылына ашуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.

Олар:  «M-School» Шаға ауылдық округінде орналасқан, 400 оқушыға арналған мектеп; «Гимназия Иқан» мектебі, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан, 380 оқушыға арналған; Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан 580 орындық білім ордасы; «Заңғар-М» 2 мектебі, Жүйнек ауылдық округінде салынып жатыр. 700 оқушыға арналған; «Жалил Абдуллаев зияткерлік мектебі» Жүйнек ауылдық округінде орналасқан 500 орындық мектеп.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, Ағымдағы жылы әкімшілік іскерлік орталықтан 500 адамға қызмет көрсететін емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, 3 медициналық  фельдшерлік акушерлік бекеттің құрылыс жұмыстары басталады. Олар: «Шаға», «Құсшы ата» фельдшерлік акушерлік бекеттері және «Жалантөс» медициналық бекеті.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Ойық» медициналық бекеті және «Шекербұлақ» фельдшерлік-акушерлік бекеті құрылысы жүргізілуде.

Ауданда мәдениет және спорт саласында да қуантарлық жаңалықтар бар.  «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылында 120 орындық клуб және кітапхана ғимаратының құрылысы басталды.  Ал, Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Аудан орталығынан 500 орындық Мәдениет үйі мен Жастар орталығын салу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленіп республикалық бюджетке өтінім жолданды. Жобаның құны – 1,9 млрд. теңге.

Бабайқорған ауылындағы спорт зал ғимаратының құрылысы аяқталса, аудан орталығынан жаңа үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ибата, Теке, Ынталы, Абай ауылынан спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттары дайын, «Орталық стадион»-ның  жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, кәсіпкерлер есебінен 4 елді мекенде спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде (Жаңа Иқан, Иассы, Шаға, Оранғай).

Балаларды спортқа баулу мақсатында 5 елді мекенде спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, қосымша жыл соңына дейін 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасы салынады.

Коммуналдық сала бойынша автомобиль жолдарына тоқталсам, Аудан бойынша аудандық маңызы бар жолдар 119,3 шақырымды және елді мекен көшелері  731,9 шақырымды құрайды.  2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 39,7 шақырымды құрайтын 29 ішкі көшелерге және облыстық бюджет есебінен 9 шақырымдық «Бабайқорған – Абай» жолына, 15 шақырымды құрайтын «Шорнақ – Ескі Сауран» жолына және 9 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда, елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы 5,4% жақсарып, жалпы көрсеткіш 70 % жетеді.

Цифрландыру бойынша ағымдағы жылы  «Кар-Тел» ЖШС-гі мен «Кселл» АҚ-ы операторлары тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 8 елді мекенге,яғни Бабайқорған, Ынталы, Аша, Шорнақ, Ибата, Ескі Иқан, Жүйнек, Қарашық  жаңа базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қосымша 5 елді мекенде жүргізетін болады.

 

-Сауран ауданың туристік ауданға, туризм орталығына айналдырудағы мақсат — туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларды және инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр. Түркістан облысының әкімі Сауран ауданына жасаған сапарының бірінде осылай деп мәлімдеген болатын. Расында,  Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһардың бірі. 2021 жылы наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырды деуге болады. Енді Сауран ауданында  туризм саласын дамыту және оның әлеуетін арттыру, әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан ауданының әлеуеті өте жоғары екені анық. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған деп атап өттіңіз. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр екен. Бұл қуантарлық жағдай. Жалпы туризм саласында қандай жаңалықтарыңыз бар? 

— Ауданда 56 тарихи-мәдени нысан бар. Олардың ішінде туристер қызығушылық танытып, жиі келетін Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенелері бар. Тарихи-мәдени нысандарына өткен жылы 85 579 турист келген. Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып пайдалануға беріледі. Айта кетейік, демеушілер есебінен 97 млн.теңгеге Жүсіп ата кесенесінің айналасына абаттандыру құрылыс жұмыстары жүргізілді.

 

-Қазіргі таңда, Мемлекет басшысының бастамасымен Таза Қазақстан акциясы іске асырылуда. Бұл тұрғындарды тазалық мәдениетіне үйретіп, қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп отыр. Аталған игі шараға атсалысып жатқан адамдар да жетерлік. Сауран ауданында бұл акцияның қарқыны қандай?

 

-«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында, аудан бойынша 53 ауқымды іс-шара жүргізілді. Оған 8 мыңға жуық адам қатысты.  Нәтижесінде 32 мың дана көшет, 12 мыңнан астам гүл егілді. 50 мыңға жуық ағаштар бұталанып, 48 аялдамалар мен басты көшелер бойында тозығы жеткен 450 үйдің қоршаулары мен қасбеттері  ретке келтірілді, 7,5 шақырымды құрайтын  иригация жүйелері тазаланып, 1 084 тонна қоқыс шығарылды. Полиция тарапынан Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-505 бабтарына сәйкес  364 хаттама толтырылып, 3 млн. 636 мың теңге айыппұл салынды. Тазалық барлық игі істің бастауы деуге болады. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасын Саурандықтар қашанда қолдай біледі. Өз аула, көшелерін қоқыстардан тазартуға атсалысып жүр. Үлкендер кішілерге насихаттап, өздері де әр апта сайын өткізілетін шараға қатысып келеді. Бұл тазалық акциясы үрдіске айналды деуге болады. Қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда мемлекеттік қызметкерлерден бастап, үкіметтік емес ұйымның өкілдері де, тұрғындарда тазалыққа барынша үлестерін қосуда. Сауран ауданы да аталған игі істерді жалғастырып, тазалықты басты назарда ұстайтын болады.

 

Сауран ауданын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар бар екен. Өзіңіз атап өткендей, басты міндет аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстарды жалғасын тауып келеді. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын әрі қарай тұрақты дамыту бағытында қарқынды жұмыстар атқарылатынына сеніммен қараймыз. Бізге Сауран ауданындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларыңызбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Тұрғындар үшін жасалып жатқан жаңа бастамалар өз жемісін бере берсін!

Күлтөбе — ұлт тарихының жаңа парағына жол ашады

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін жобаның алғашқы кезеңі аяқталған болатын. Рухани-мәдени астанадағы «Күлтөбе қалашығы» қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына тиесілі. Бүгінде, мұндағы барлық жұмыс ЮНЕСКО талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Аталған жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сәулет, туризм, мәдениет саласына жауапты басшылар мен осы жобаға қызығушылық танытып отырған шетелдік компания өкілдерімен кеңес өткізді. Жиында Күлтөбе қалашығы маңынан заманауи туристік нысандар салу мәселесі талқыланды.

– Бұл қалашыққа келген саяхатшылар Қазақ халқының тарихынан, мәдениетінен, қасиетті Түркістан шаһарының өткенінен мағлұмат алатындай болуы тиіс. Біздің маңызды құндылығымыз – Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен үндесіп, туристер келетін орынға айналуы керек. Жан-жақты зерттеп, зерделеп барып, жұмысты жүргіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ. 3D форматының жетістіктері қолданылып,  нысан түнгі уақытта жарқырап, ою-өрнектермен безендірілмек. Бұл жоба облыс орталығына келуші туристерді ерекше қызығушылығын арттыра түседі дейді мамандар. Яғни, болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі де туады. Күлтөбе қалашығының маңнан табылған археологиялық жәдігерлер туралы да мағлұмат беріліп, қазақ мәдениеті, қолөнерінен сыр шертетін дүниелер жұртшылық назарына ұсынылады деп күтіліп отыр. Бұл жоба алдағы уақытта әлі де зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын айтқан өңір басышысы, жаңа бастамалар ұлт тарихын тереңінен насихаттауға мүмкіндік беретінен атап өтті.

Сондай-ақ, Күлтөбе туралы деректерге тоқталып өтсек. Қазақ халқы бүгінгі күнге дейін «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз тіркесін қолданып келеді. Тарихшылар мен ғалымдар бұл сөз сонау «Ақтабан шұбырынды» заманында шыққан деген мәліметтерді айтады. Сол кезеңдерде қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Мәртөбе мен Күлтөбенің басына жиналып, ел үшін өте маңызды болған мәселелерді талқылап, кеңес құрған екен. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл кезең 1684 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді деген ақпараттар да бар.

Жалпы, Күлтөбе – елiмiздегi ең көне қала­лардың бiрi болып есептеледі. Еліміздің рухани астанасы, Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қа­шықтықта орналасқан қалашыққа алғаш рет 1972 жы­лы археологиялық қазба жұ­мыстары жүргiзiлген екен.  Күл­­төбеден VII-VIII ға­сыр­­­ларда пайдаланылған Оты­­рар зергерлерiнiң тең­ге­­лерi мен қыш ыдыстары та­­былып және көне жәдiгерлер табылып, сол кезеңдегі халықтың әдеп-ғұрпы мен мәдениетін айшықтап берген.

Мысалы бұл тұрғыда, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жобасының ғылыми қызметкері, археолог әрі реставратор Руслан Шербаев күлтөбелік зергерлік құралдардың екі түрі бар екенін айтқан екен.

«Олар – ою-өрнек пен зер салуға арналған нақыштаушы құралдар. Оның бірі темірден жасалған, айтарлықтай нығыз, ұзындығы — 12 см, түбі үшкірленген. Екіншісі – мыстан жасалған, іші қуыс. Құралдардың беткі тұсы пайдаға жарап болғанын көрсетеді. Бұл құралды түркістандық зергердің ұзақ уақыт бойы қолданғаны байқалады», — деген археолог, осындай құралдармен бірге қалашықта мыстан жасалған құйма табылғанын да мәлімдеген. Археологтардың болжауынша, құйма әйелдердің сырғасын құюға қолданылған.  Яғни мұндай ақпараттар, Күлтөбе қалашығында түрлі-түсті металлургияда қолданылатын айрықша құрал болғандығын және сол кезеңдердің өзінде-ақ қолөнердің осы түрі болғанын растайды.

Бұл бағытта этнограф әрі археолог Айсұлу Ержігітова, Күлтөбе қалашығының зергерлік бұйымдарының коллекциясы жеткілікті деңгейде бірегей екенін айтқан. Онда қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі үлгілер де бар екенін де атап өткен.

«Археологиялық қазба жұмыстары кезінде коллекция ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер жәдігерлерімен толықтырылып отырады. Бұл алтын, күміс, қола мен мыстан жасалған бұйымдар танымал қазақстандық этнограф Ш.Ж.Тоқтабаевтың сөзімен айтқанда – этностың ұлттық ерекшелігін терең көрсете отырып, өзін-өзі шығармашылық тұрғыда таныту түрі. Қазақтардың өзге де дәстүрлі кәсібіне қарағанда зергерлік өнер — өмірдің өзі көрсетіп отырғандай ең өміршең әрі қажет ететін түріне жатады. Сол себепті Күлтөбе қалашығынан табылған археологиялық артефактар – тарихы ғасырлардан ғасырларға ұласатын дәстүрлі зергерліктің кәсіптік тұрғыда талданған сипатының даусыз дәлелі», — дейді этнограф Айсұлу Ержігітова

Зерттеушілердің айтуынша, Күлтөбеде XIII-XIV ғасырларға тән керамикалық шеберханалардың орны бар. Себебі, бұл ол жерден табылған археологиялық қазба байлықтардың арасындағы ерекше назар аудартатын дүние. Мамандар екі қатарға орналасқан алты пеш кәдімгі керамикалық цехтың қызметін атқарып, онда ас ішуге арналған ыдыстар шығарылғанын дәлелдепті. Ал, тарихи деректерге сүйенсек, түркі дәуірінде керамика өнері, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде кеңінен тараған. Онда су жүйелеріне арналған керамикалық бұйымдар дайындаудың орталық-азиялық дәстүрі көбірек әсер еткені байқалады. Мүндай өркендеген қалалардың тұтастай орамдарында қыш құмырашылар, темір ұсталары мен зергерлері бар қолөнер шеберлері жұмыс істеген. Олардың жасаған дүниелері Ұлы даланың аумағынан тысқары жерлерге де әйгілі болған екен.

Кейбір мәліметтерге сенсек, 1982 жылы Яссы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхем мен фельстерден тұратын көмбе табылған екен. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Қашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері болған. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын аңғартып отыр. Бұл – өңірде сармат мәдениетінің тараған кезі. Сармат заманына тиесілі дүниелер өте көп. Күлтөбеде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де , сармат тайпалары заманында қолданылған заттар мен белгілер көптеп табылыпты.

Өткен кезеңдерге тоқталатын болсақ, Күлтөбеге алғаш рет 1972 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлгенін атап өттік. Яғни ол кезде, 7-8 ғасырларда пайдаланылған Отырар зергерлерiнiң теңгелерi мен қыш ыдыстары табылып, сол жәдiгерлер туралы ғана ақпарат берiлген. Алайда, Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң оңтүстiк бөлiгiне зерттеу жүргiзу керектiгiн айтыпты. Осылайша араға он жылдай уақыт салып, 1981-1984 жылдары Түркiстан археологиялық отряды қазба жұмыстарын қолға алады. Ал, қазба жұмыстарының нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталған. Зерттеушілер белгiленген аймақтарды алты метрге дейiн қазып, тарихи жәдігерлерді табу мақсатында одан да әрі тереңдей түскен екен. Осындай жұмыстардың қорытындысында 23 қыш ыдыстың сынығы табылған екен. Археологтар бұл ыдыстар 4-5 ғасырларда кеңiнен қолданылғанын мәлімдеп, көне мекеннің тарихы тереңде екеніне көз жеткізген.

Зерттеуші Едiлбай Көшербайдың мәліметінше, қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еденiнде балқыма дағы бар екен. Балқыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзеңгi, төменгi жағынан төрт қырлы сырғалығы бар белдiк, белдiктiң күмiс қапсырмасы және жалғыз шығыршықты темiр ауыздық шықты. Мұндай заттарды Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы жылқы көмiлген қабiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны 6-7 ғасырлардың аяғына жатқызды. Сондай-ақ, тарихшылар 14-ғасырда Күлтөбедегi бекiнiс қиратылып жойылғанын, оның бүкiл аумағы зиратқа айналғанын айтады.

Ұлт тарихының жаңа парағына жол ашатын Күлтөбеде археологиялық зерттеу жұмыстары өткен кезеңнен кейін де тоқтаған жоқ. Белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың бастамасымен Күлтөбе қалашығына 2010 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Кейін археологтар Күлтөбе Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтады. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді.

Ал, 2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал 2019 жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастады. Бұл бағытта Күлтөбе-Ясы қалашығында күрделі зерттеу және толыққанды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар археологиялық нысандардың кәсіби сараптамасын да қамтыды. Сондай-ақ осы жылы Күлтөбенің ежелгі қонысының 27 гектар аумағына ауқымды георадарлық сканерлеу жүргізіліп, нысаналы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін ең перспективалық учаскелер анықталды. Осының негізінде бірінші аймақта XII-XIV ғасырлардағы ортағасырлық кезеңге жататын бірқатар археологиялық нысан зерттеліп,  табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Тиісінше ғалымдар мен археологтар тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын төрт кезеңге бөлуді де ұсынды.

Айта кетсек, Күлтөбе қалашығы 1-ші және 4-ші ғасырлар аралығында, яңни ерте кезеңде Сармат-Каңғы дәуіріндегі діни және рухани орталық болған болса, екінші кезең түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс деп айтуға болады. Ол уақытты ғалымдар VII — IX ғасырларға жатқызады. Сондай-ақ үшінші кезең қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауидің дәуірі. Яғни бұл 10-шы және 13-ші ғасырлар аралығы болып саналады. Ал, төртіншісі Қазақ хандығының кезеңі. Бұл 16-шы және 19-шы ғасырларды қамтиды. Тарихи деректерде, Күлтөбе ол заманда маңызды саяси және экономикалық орталық болып, мәдениеттердің тоғысуы мен түрлі сауда — саттықтың мекеніне айналған. Түркістан — Қазақ хандығының астанасы болса, Күлтөбенің де маңызды қалашықтардың бірі болғанын аңғару қиын емес.  Бүгінде Күлтөбе Түркістан өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар қатарында десек болады. Ежелгі мекеннен III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар да табылды. Түрлі зерттеулердің барысында табылған барлық құнды археологиялық мұралар, жәдігерлер мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналып отыр.

Елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық Күлтөбенінің орнында әкімшілік ғимарат және шағын тұрғын үй-жайлар, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс тұрған шеңбер болғанын айтқан екен.

«Бұл жер – туристердің сүйікті жері. Олар бұл жерде 1-2 сағатқа тоқтайды. Жақында голландиялықтар да болды, олар тіпті кеткілері келмеді. Күлтөбенің біз біле бермейтін сырлары да көп. Мүнда ас үй керамикасының қалдықтары табылған шаруашылық шұңқыры сақталған. Жергілікті тұрғындар қоқыстан, иіс шығып, құрт-құмырсқа болмас үшін, оны ұдайы күлмен дезинфекциялап отырған. Тұрғын үй-жайлар шағын, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс – хум тұрған шеңбер болған. Бұнда ғимаратқа қызмет көрсететін адамдар тұрған секілді. 21-22 ғасыр өтсе де тұрған кірпіштер жақсы сақталған. Қорған қандай қызмет атқарды дегенге келсек, бұның тұрғын үй емес ғимарат болғандығын сенімді түрде айтуға болады. Тұрмыстық ыдыстар онша көп кездеспейді, белгілі бір ошақтар да жоқ. Дұрысы, бұл әкімшілік ғимарат болған сияқты,» – дейді өлкетанушы.

Қалай десекте, Күлтөбенің қазақ тарихында алар орны ерекше. Ол өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы да аталған мекеннің маңыздылығын айтып, «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық паркін салуда заманауи технологиялар қолданылатынын айтып отыр. Бұл дегеніміз жергілікті халық пен туристердің назарын аударып, оларға өткен тарихты насихаттауға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Мысалы өткен жылы  рухани-мәдени астанаға бір маусымда 1,5 млн астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын тағы да көбейту жоспарланып отыр.  Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты “Әзірет Сұлтан” қорық-музейінің де даму жоспарлары бар. Жоспарға сәйкес, өзінің ерекше тарихы бар, көне,  ежелгі қоныстардың бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылып жатыр. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысандар толықтай қайта қалпына келтірілуде. Жалпы, Түркістан шаһары облыс орталығы болғалы бері, ауқымды жобалар жүзеге асырылып, түрленіп келе жатыр. Салт-дәстүр мен мәдениетті қайта түлету, қазақтың тарихын ұрпаққа дәріптеу мақсатында да түрлі шаралар, игі істер де жасалып жатыр. Тарихы сонау тереңде жатқан Түркістанның бірқатар көшеріне бүгінде Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Есім хан, Тәуке хан және басқа да батыр бабаларымыздың есімдері берілген. Одан бөлек саябақтар мен демалыс орындары да қазақилықтың үлгісін насихаттап тұрады.

ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛАДЫ

Түркістан облысының кәсіпкерлері мен қытайлық инвесторлар арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Келелі жиында агроөнеркәсіптік кешені, жеңіл өнеркәсіп, медицина, жер қойнауын пайдалану, құрылыс, IT және т.б. салаларды дамыту жайы сөз болды.
Қытайдың Халықаралық сауданы ынталандыру жөніндегі комитетінің Қазақстандағы ресми өкілі Чэнь Хунцян екі мемлекет арасындағы кәсіпкерлік саласындағы байланыс жылдан-жылға нығайып келе жатқандығын атап өтті. Рухани астанаға инвестиция құюға ниетті шетелдік бизнес өкілдерімен іскерлік байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталған кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жобаларды сүйемелдеуге көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

«Түркістан облысында 200 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өңірде негізінен агроөнеркәсіптік кешені қарқынды дамыған. Ет экспорттау бойынша да аймақ кәсіпкерлері республика бойынша 1-орында. Шағын және орта жалпы ірі кәсіпкерлік саласында айтарлықтай ілгерілеу бар»,- деді Асылан Сейілбекұлы.

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы қос мемлекеттің кәсіпкерлері үшін B2B кездесу алаңына айналды. Кәсіпкерлер инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, бірлескен жобаларды қолға алу мәселесін талқылады.

«Достық» магистралды каналының жағдайы жан-жақты талқыланды

Қазақстан Республикасы СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев күні кеше Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барасында комитет төрағасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, мемлекетаралық Жетісай ауданындағы «Достық» магистралды каналының жағдайымен жан-жақты танысты.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев басқосу барысында аталған каналдың негізгі мәселелері мен өткен жылы орын алған вегетациялық кезеңдегі су жетпеген сәтте атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сондай-ақ, алдағы жылы каналды қалыпқа келтіру үшін ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.

«Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан алынады. Жұмысшы топ, осы каналдардың жалпы жағдайымен танысты.
Жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 86 700 гектар жерге су жеткізіп беруге есептелген.

Канал, 2010-2011 жылдары салынғандықтан, сыртқы факторлар, жер асты суының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары құлап, каналдың ұлтаны толып су өткізу қабілеті төмендеген. Сондықтанда, су беру маусымы кезінде су жетіспеушілік орын алды. Дегенмен, былтырғы су беру маусымы кезінде «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтің жедел тапсырмасы негізінде, жалпы 12 насостың 5 данасы іске қосылып, филиалдың мамандарының 24 /7 қадағалауымен егістікке канал арқылы 22 м3/с ағын су берілді.

Бүгіде каналдағы проблеманы анықтау мақсатында және машиналық канал кешеніне түбегейлі жоба шешім қабылдау негізге алына отырып, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ұжымдағы кәсіби мамандарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге аталған нысан бойынша жоба әзірлеуге зерделеу жұмыстары атқарылуда.
Ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңіне 12 насостың 10 данасы іске қосылуға дайын.

Сонымен қатар, жалпы 16 мың га суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған К-30, К-28 каналдарының құрлысы 2010-2012 жылдар аралығында басталып, аяқталмаған жобалардың құрылысын қайта жүргізуге «Су шаруашылығы комитеті» тарапынан келесідей іс-шаралар атқаруда:

К-30 каналының сметалық жоба құны бағамын ұлғайтуға ҚР Қаржы министірлігінің бюджеттік комиссиясының оң шешімі алынды және бүгінге жабаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары іске асырылады.

К-28 каналының қалған жұмыстарына түзету жобасы жіргізілуде. Дайындалған жобаға сәйкес, құрылысты іске асыру жұмыстары «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан атқарылады.

ДЕПУТАТ СУДЫ СУБСИДИЯЛАУ ҚАҒИДАСЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа суға мемлекеттен субсидия беру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының» 1-тарауындағы 4-тармаққа сәйкес егіс алқабында су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Яғни, суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы қажет. Ал диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Сондықтан, аталған қағидадағы 1-тараудың 4-тармағын алып тастауға ықпал етуіңізді және бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, «AMANAT» партиясының қатаң бақылауында болатынын ескеруіңізді сұраймын», – деді халық қалаулысы.

Түркістан облысында тағы бір аудан құрылуы мүмкін

Түркістан облысы халқы тығыз орналасқан өңірдің бірі. Оның ішінде Мақтаарал мен Жетісай аудандарында халық саны 300 мыңнан асады. Халық саны көп аймақта, тиісінше мәселелер де көп болатыны анық. Бұл, Мырзашөл өңіріндегі кейбір елді мекендердің, яғни шалғайдағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға, олардың мәселесін дер кезінде шешуге келгенде қиындықтар туғызып отыр.Аталған мәселені Жетісай ауданының мәслихат депутаттары көтеріп,  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұына арнайы өтініштерін де жолдаған.
Өтініш хатта, депутаттар 1997 жылы бір ауданға біріктірілген Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарын қайта тарихи қалпына келтіруді ұсынған. Халық қалаулыларының айтуынша, Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент, 7 ауылдық округ және 83 елді мекенді енгізу қажет. Сондай-ақ оның жер көлемі 64 435 гектарды құрайтын болады. Аталған ұсыныстың Мемлекет басшысына жолданғанын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында өткен брифингте Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет  Қасымов та растады. Сондай-ақ бұл бастаманы жергілікті депутаттармен қатар, тұрғындарда қолдап отырғанын жеткізді. Себебі, мұндай шешім қабылданса Мырзашөлдегі өзекті мәселелерді жеделдетіп шешуге мүмкіндік болады, дейді Медет Алмасбекұлы.
Жалпы, журналистермен өткен кездесуде Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы  халықтың сеніміне ие болған аймақтарда партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша есеп берді. Медет Қасымов ауданның депутаттық корпусы 22 азаматтан жасақталғанын, оның 19 адамы — «AMANAT» партиясының фракциясы құрайтынын айтты.
«Сегізінші шақырылымда аудандық мәслихаттың 9 сессиясы өткізіліп, 58 мәселе қаралды. Сессияларда аудандық бюджетті қалыптастыру және оның орындалуы, дербес бөлім басшыларының және кент, ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебі, аудандағы қылмыстың алдын алу, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жұмыс барысы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімінің есебі туралы мәселелер қаралып,  тиісті шешімдер қабылданды. Ал, ауданның депутаттары аймақтың өзекті мәселелеріне қатысты 101 депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын мәслихат басты назарға алды», — деді Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет  Қасымов
Сондай-ақ, брифингте сөз тізгінін алған Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев 130 мың адамға жуық халық тұратын ауданның мәслихат депутаттары ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешуге белсене кіріскенін жеткізді. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттар мәслихат құрылымындағы 3 тұрақты комиссияның құрамына еніп, әр сала бойынша айқындалған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін назарға алған.
«Жыл басынан бері 6 сессия өткізіп,  маңызды мәселелерді реттейтін 52 шешім қабылдадық. Маңызды мәселенің бірі – аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды.  Депутаттардың сүзгісінен өткен аудан бюджеті 14 млрд 759 млн.теңге көлемінде бекітіліп, оның 34,2% — әлеуметтік салаға, 23% — тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, энергетика саласына, 10,2% — көлік және коммуникация саласына, 32,6% — басқа да салаларға бағытталды. Депутаттық корпус тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 41 депутаттық сауал жолданып, оның 36-сы орындалған, кейбір өзекті тақырыптар бойынша түсініктеме берілген. Депутаттар жолдаған сауалдардың 44 пайызы ағын су, жол, абаттандыру, газ, электр энергиясы мәселелеріне арналса, 29 пайызы – жер қатынастары саласына, 12 пайызы – құқық қорғау саласына қатысты болды. Байланыс сапасын арттыру және құрылыс саласына қатысты барлығы 6 депутаттық сауал жолданып, орындалуы мәслихат бақылауына алынды»,- деді Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев.

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТАРИХИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ «БІР ЕЛ» ЖАСТАР ЖОБАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи-ағартушылық «Бір ел» жастар жобасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Нұрлан Шубаев модераторлық етті.

Алқалы басқосуға ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің, этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары» РҚБ республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, блогерлер, еріктілер, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын әр түрлі санаттағы жастар қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жобаның жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге зор септігін тигізетінін атап өтті.

– Шамшырағы қайта жанған қастерлі Түркістан шаһарына қош келдіңіздер! Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тұратын этностарды біртұтас ұлтқа топтастыру мен мәдениетаралық диалогты дамытуды мұрат еткен «Бір ел» жастар жобасы екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Аталған жоба өткен жылы ұлт ұясы Ұлытау төрінен бастау алса, биыл бұл жоба тарихымыздың талай сындарлы сәттерінде халқымызды бірлік пен берекеге ұйыстырған киелі Түркістан облысында жалғасып жатыр. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік төл тарихымызды тереңнен танудан басталады. Бұл орайда, күні кеше жобаға қатысушы жастар үшін өңіріміздегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана кесенелері және т.б. тарихи жерлерге көшпелі экспедиция ұйымдастырылды. Жалпы, бұл жобаның жастарға берері мол. Іс-шара аясында өтетін пленарлық отырыстар, пікірталастар, интеллектуалды ойындар еліміздің әр өңірінен келген жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, патриоттық рухтарын нығайтуға зор үлес қосады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Аталған шараға еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық жас қатысты. Жоба аясында арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен сарапшылар жиналған жастарға еліміздің рухани және ұлттық құндылықтарын, бай тарихи және мәдени мұрасын, этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіретін арнайы дәріс өткізді.

Келелі жиында Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі Наталья Дементьева «Отаны бірдің – тілі бір! Тілі бірдің – тілегі бір!» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Геннадий Шиповских «Тарихты білу – ұрпағымыздың міндеті» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Алишер Сатвалдиев «Елге қызмет ету – әр азаматтың парызы» тақырыбында, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев «Жастар – еліміздің үкілеген үміті» тақырыбында мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жиында өз ойын білдірген белгілі блогер, «Алға Петербург» жобасының авторы Иван Червинский қазақ тілін меңгеруге деген талпынысты әрдайым қолдап, барша жерде ынталандыру керектігін жеткізді.

Еске сала кетсек, «Бір ел» жастар жобасы ертең де жалғасады. Жоба аясында жастардың қатысуымен Түркістан облысының тарихи орындарына көшпелі экспедициялар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, іс-шара барысында Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін «Шаңырақ» киіз үйі тігіледі.

Түлкібаста жаңа бизнес идеялары бар үміткерлердің өтініштері қаралды

Түлкібас ауданында мемлекеттік қайтарымсыз грантты алуға үміткерлердің өтініштері қаралды. Кезекті комиссия отырысы Азаттық ауылы, Навои көшесі нөмері 103 үйде орналасқан «Мәдениет үйі» ғимаратында өтті. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 26 — 27 — 28 күндері сағат 10:00 ден 19:00 аралығында өткен іс-шараның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тікелей көрсетілім ұйымдастырылып, аудандық «Мансап» орталығының әлеуметтік желісінде жарияланды.
Жалпы мемлекеттік грантқа Түлкібас ауданы бойынша  260 үміткер өтініш білдірген, әр үміткердің https://business.enbek.kz/ ақпараттық порталының жеке кабинетінде нақты уақыты туралы хабарлама жолданған.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес идеяларды іске асырғысы келетін азаматтар комиссияға алдын-ала хабарландыру бойынша  тиісті құжаттарын, яғни жеке куәлік және бизнес жоспарын, мүгедектігі бар азаматтар жұмысқа жарамдылығы туралы анықтамасын да тапсырды. Сондай-ақ әр үміткер бағдарлама бойынша өз мақсаттары мен жүзеге асырғысы келетін жобаларын баяндап берді.
Айта кетейік өткен жылы Түлкібас ауданында жалпы жұмысқа қамту шараларына 4638 жұмыссыз азамат қатысып, соның ішінде «Еңбек» бағыты бойынша 3569 азамат жұмыспен (тұрақты жұмыспен 1700; уақытша жұмыспен 1869) қамтылған. Бұдан бөлек ұлттық жобалар аясында ашылған жұмыс орындарына 434 азамат, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың әр бір «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында 635 тұрғын жаңа жұмыс орнына жолданған.
Ал, биылғы жылы  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясындағы барлық бағыттары бойынша 5588 адамды кешенді жоспарға сәйкес жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бағыттағы міндеттемелерді жүзеге асыру үшін ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері кешенді жоспардың аясында жұмыссыздыққа тіркелгендерді еңбекпен қамту шаралары ұйымдастырылып, Мансап орталығына жүгінген азаматтарды сұранымы бойынша «Әлеуметтік жұмыс» орындарына,  «Жастар практикасына», «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатыстыру, одан бөлек зейнет жасына дейінгі тұрғындарды «Күміс жас» жобасына  жолдау іске асырылған. 800 ден аса адам «Ақылы қоғамдық» жұмысқа жолданса , 750 ге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 60 қа жуық тұрғын  «Жаңа жұмыс» орнына орналасыпты.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша 7 айдың көрсеткішімен ауданда  608 азамат жұмысқа орналасса, бұған дейін  жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға ниетті 44 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген болатын.  Бұдан бөлек,  мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп,  оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнындарына,  жастар практикасына, күміс жас жобасына,  алғашқы жұмыс пен қоғамдық жұмысқа орналастырылған.

Н.ӘБІШОВ: Шардара ауданында құны 30 млрд теңге болатын зауыт салынуда

Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының ықпал етуімен Шардара ауданында құны 30 млрд және қуаттылығы 150 тонна болатын зауыт салынуда. Бұл туралы, Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов Шардара ауданындағы Достық , Ақалтын ауылында өткен мақта мәселесі бойынша шаруалармен кездесуінде айтты.

Жиынға Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ауыл әкімі және тиісті мекеме басшылары қатысты. Басқосуда мақта жиын-теріміне қатысты мақташылардың мәселесі айтылды.
Аудан басшысынан бастап тиісті басқарма, мекеме басшылары ауылшаруашылық саласы бойынша түсіндірме жұмыстарын өткізді. Шаруаларға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берілді.

 

 

Мақташылардың мәселесі бойынша алдарыңызға арнайы келіп отырмыз. Қазіргі уақытта, Шардара ауданынан жүгері зауыт салынуда. Алдағы уақытта өңірде жеңіл өнеркәсіп дамып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынатын болады. Жұмысшы топтың мақсаты, биылғы мақта терімі бойынша өздеріңізбен жүздесіп, қандай да бір мәселелеріңіз болса тыңдауға дайынбыз,- деді облыстық мәслихат төрағасы.

 

Жалпы Достық ауылында екі мақта қабылдау пункт бар. Шаруа қожалықтарының саны — 305. Ауылда егістік жер көлемі- 5406 гектарды болса, оның ішінде 576 гектар жерге мақта егілген. Ал, Ақалтын ауылында шаруа егістік жер көлемі 7мың гектардан аса, оның 1000 гектарына ғана мақта егілген. Айта кетейік, аудан бойынша мақта қабылдау пунктеріндегі 38 таразы 19 лаборатория тексеруден толықтай өтті.

 

 

Жиынға қатысқан шаруалар облыстық штаб мүшелеріне өз ойларын айтып, мақта жөнінде сұрақтарын қойды. Мәселен, мақта қабылдау кезінде пунктеріндегі таразы мен лабораторияны жіті бақылауға алу керектігін айтты. Мақта бағасы мен жеңілдетілген несие, субсидия мәселесі де сөз болды.

 

 

 

Барлық сұрақтарға Нұралы Әлмаханұлы тиісті жауаптарын беріп, мақта жиын-терімі аяқталғанша шаруалардың мәселесін бақылауға алатынын айтты. Кездесуден кейін, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Ауыл халқы жылдар бойы шешімін таппаған жер, канал мәселесі туралы шағым білдірді. Барлық ұсыныс-тілектер назарға алынып, орындалуы бойынша тиісті мерзім бекітілді