Архив рубрики: Ауыл шаруашылығы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады. Кездесуде тараптар жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

– Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені – өңіріміздің агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда «Ecoculture-Eurasia» компаниясының өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өнімін өндіру арқылы өңір тұрғындарын жыл бойы сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақтандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосылады. Жергілікті тұрғындарды оқытуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған көзқарастың айқын көрінісі. Әкімдік тарапынан жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Біз «Ecoculture-Eurasia» компаниясымен өзара тиімді, сенімді әріптестік орнайтынына сенімдіміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы жобаны іске қосу бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, қазіргі жағдайды баяндады.

– Өңір қарқынды дамып келеді. Біз жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Қажетті инфрақұрылым толықтай жеткізілді. Бұл бағытта көрсетілген қолдау үшін ресейлік серіктестеріміз де ризашылығын білдіруде. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді Алмас Дауытов.

Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған паркте өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындар едәуір қысқартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін берері сөзсіз.

Жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілмек. Жоба толық іске қосылғанда, 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. 2023 жылы 23,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Жылыжай толық Нидерланд елінен алып келінген жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимараты, материалдық-өндірістік қоймалары, бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды. 8 жылыжай блогы және техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылды. Кешеннің ресми ашылуы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАҢТАРДА 25 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ҚЫРЫҚҚАБАТ ДАҚЫЛЫ ЕГІЛДІ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың жауын-шашынына қарамастан 25 гектар егістік алқапқа қырыққабат дақылын егіп үлгерді. Биыл жалпы 1200 гектарға жуық жерге қырыққабат отырғызу жоспарланып отыр.
Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыстар жүруде. Дала жұмыстарын ерте бастаған қожалықтардың бірі – «Елман» шаруа қожалығы.
Елман Әлиевтің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 3,2 гектар жер бар болса, соның барлығына қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 50 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір күнін пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс істеуде.
– Жұмысшыларға күніне 6 мың теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек. Ерте еккеннің пайдасы – өнімді нарыққа алғашқылардың бірі болып шығарамыз Былтыр қырыққабаттың бағасы жақсы болды. Биыл да сол бағадан үміттеніп отырмыз, – деді Е.Әлиев.
Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың ринда, пекин, пандион сұрыптарын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Мақтааралдық өнім ішкі нарықты да қамтамасыз ететін болады.
Жалпы қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта, жүгері сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 520 гектар алқапқа қырыққабат дақылы егіліп, 11 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Оның басым бөлігі Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталды.

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал ет импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын мәлімдеген болатын. Осы орайда Президент Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы ет экспорттайтын ірі елге айналуына толық әлеуеті бар екенін атап өтті. Бұл міндет ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамытуға бағытталған нақты жобалар арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аталған тапсырма аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында 20 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Жоба жеке инвестордың бастамасымен жүзеге аспақ. Кәсіпкер 20 гектар жерге 8 млрд теңге инвестиция құйып, заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды көздейді. Жобада қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуын болдырмайтын экологиялық қауіпсіз шешімдер қарастырылған.

Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы да назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берді.

Кездесу кезінде тұрғындар ауылішілік инфрақұрылымды жаңарту, мектеп пен мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі:

– Ауылда кәсіпкерлік дамыса, салық түсімі артады. Салық көлемінің өсуі – ауыл бюджетінің ұлғаюына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде жол салынып, мектеп пен мәдениет нысандары бой көтереді. Сондықтан біз кәсіпкерлікті қолдауға мүдделіміз. Мұндай жобалар ауылдың дамуына нақты серпін береді, – деп атап өтті.


Сондай-ақ жайылымдық жерлер мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын түсіндірді. Сонымен қатар кәсіп бастауды көздеген жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетіні айтылды.

Инвестор өз кезегінде бордақылау алаңының санитарлық-қорғау аймағы, экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды өңдеу жүйесі және иіс шығармайтын заманауи технологиялардың қолданылуы жөнінде толық ақпарат берді. Жоба іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Жалпы, бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, аудан экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Осы ретте Созақ ауданында етті бағыттағы мал басын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауданға 1 474 бас «Калмық» асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал әкелінді. Оның ішінде 1 245 басы аналық, 229 басы – өткен жылғы төлдер.

Шаруа қожалығы әкелінген мал басын ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылым жерге орналастыруда. Бұдан бөлек орман қоры жерінен 9000 гектар жайылым жерге келісім-шартқа отырған. Қазіргі таңда барлық мал ауданға тіркеліп, ветеринариялық есепке алынды.

Аталған ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында құрылған. Серіктестік ауданның жайылымдық әлеуетіне байланысты Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды мал шаруашылығын қарқынды дамытуды қолға алған. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара – етті бағыттағы, шөл және шөлейт аймақтарға және суыққа төзімді, жоғары өнімді мал түрі. Алдағы жоспарларымен бөліскен серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы бастамаларын да айтып берді.

« – Мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан негізгі кәсібінің бірі. Соның ішінде ет бағытындағы ірі қара тұқымдарын өсіру ауыл шаруашылығының маңызды саласы болып табылады. Осындай кең таралған әрі шаруашылыққа тиімді мал тұқымдарының бірі – «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара. Калмық тұқымы XVII ғасырда ойрат-қалмық тайпаларының көшпелі өмір салты барысында қалыптасқан. Бұл тұқым ұзақ уақыт бойы Еуразияның қуаң далалы аймақтарында өсіріліп, табиғи сұрыпталу нәтижесінде қатал климатқа төзімді болып қалыптасты. Кейіннен Ресей мен Қазақстан аумағына кеңінен таралып, жергілікті табиғи жағдайларға жақсы бейімделді. Калмық ірі қарасы дене бітімі мығым, сүйегі берік, бұлшық еттері жақсы дамыған мал болып саналады. Бұл тұқымның сиырлары орта есеппен 420–500 келі, ал бұқалары 700–800 келіге дейін салмақ тартады. Бұл кәсіпті 2020 жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда әкелінген мал толықтай ауданға тіркелді. Биыл мал басын тағы 1 500 басқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Аналық бастарын көбейтіп, аталық малды 4 жастан бастап экспортқа бағыттауды көздеп отырмыз. Биыл жыл басынан бастап ішкі нарық қажеттілігін өтеу мақсатында 10 365 келі ет өнімдерін өткіздік,» – дейді «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Мамытхан Әлімханұлы.

Калмық тұқымы – ет бағытындағы мал. Оның басты артықшылығы – төмен сапалы азықпен де тез салмақ қосуы. Бұзаулары өміршең, ауруға төзімді болып келеді. Жас мал 16–18 айлығында етке өткізуге жарамды салмаққа жетеді. Етінің сапасы жоғары, дәмді әрі нәрлі, шығымы 55–60 пайызды құрайды. Бұл тұқым Қазақстанның қуаң, шөлейт және далалы аймақтарына өте жақсы бейімделген. Калмық ірі қарасы ыстық жаз бен суық қысты оңай көтереді, жайылымда бағуға қолайлы және жем-шөп талғамайды. Сондықтан ол ұзақ жайылымдық кезеңі бар өңірлер үшін аса тиімді.

Бүгінде калмық тұқымды ірі қара Түркістан, Жамбыл және басқа да оңтүстік өңірлерде кеңінен өсіріледі. Бұл тұқым шаруалар үшін шығыны аз, пайдасы мол мал саналады. Сонымен қатар асылдандыру жұмыстары арқылы оның еттік өнімділігін арттыру бағытында ғылыми зерттеулер де жүргізілуде. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара – төзімділігімен, қарапайым күтімімен және жоғары ет өнімділігімен ерекшеленетін құнды тұқым. Ол табиғи жайылымды тиімді пайдаланып, сапалы ет өндіруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тұқым Қазақстанның мал шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады. Аталған жобаның іске асырылуы Түркістан облысының және  ауданның мал шаруашылығын дамытып, ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

САРЫАҒАШТА КҮНБАҒЫС МАЙЫН ӨНДІРУ ЦЕХЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолайлы, табиғи-климаттық жағдайы мен еңбек ресурсы мол өңірлердің бірі. Соңғы жылдары аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, соның ішінде күнбағыс майын өндіру саласына инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл сала ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруда да маңызды рөл атқарады. Өңірде майлы дақылдардың егіс көлемі жыл сайын артып келеді. Күнбағыс өсіруге қолайлы аудандарда заманауи агротехнологиялар енгізіліп, өнімділік көрсеткіші жақсарып отыр. Бұл өз кезегінде өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвесторлар үшін басты артықшылықтардың бірі – шикізат көзінің жақындығы мен тұрақтылығы.

Аталған бағытта, Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс майын өндіру цехының құрылысы жүріп жатыр. Бұл өндіріс Қазақстанда майлы дақылдарды қайта өңдеу көлемінің өсуіне және өңірдің экономикалық дамуына серпін беруі жоспарланып отыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 800,0 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғанда, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Индустриялық аймақ аумағынан кәсіпорынға 3 гектар жер телімі бөлінген.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев күнбағыс майын өндіру цехының құрылыс алаңында болып, құрылыс барысы мен іске қосуға дайындық жұмыстарымен танысты. Нысанның белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету қажеттігін айтып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.

« – Күнбағыс майын өндіруге салынған инвестиция тек кәсіпкер үшін ғана емес, өңір үшін де тиімді. Жаңа зауыттардың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын және орта бизнестің дамуына, өңірдің жалпы экономикалық өсіміне ықпал етеді.Түркістан облысында күнбағыс майын өндіру саласына инвестиция салу – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі стратегиялық маңызды бағыт. Бай шикізат қоры, мемлекеттік қолдау, дайын инфрақұрылым және экспорттық мүмкіндіктер бұл саланы инвесторлар үшін тартымды етеді. Күнбағыс майы – ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие өнім. Түркістан облысында өндірілген өнімді Қазақстанның өзге өңірлеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдерге, алдағы уақытта Қытай және Таяу Шығыс нарықтарына экспорттауға мүмкіндік бар.» – деді аудан әкімі.

Жалпы, Қазақстанда күнбағыс майының өндірісі соңғы жылдары өсіп келеді: елімізде жалпы өсімдік май өндірісі артты, оның ішінде күнбағыс майы да едәуір өскен. Бұл өсім алдыңғы жылдарға қарағанда 20–25%-ға дейін жыл сайын ұлғайып, ал экспорт көлемдері де кеңейіп келеді. Күнбағыс майын өндіру жобалары мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және өңдеуге арналған субсидиялар, өндірістік жабдықтар сатып алуға берілетін инвестициялық жеңілдіктер, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық аймақтарда жер телімдерін ұсыну, корпоративтік табыс салығы мен мүлік салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұл қолдау шаралары инвесторлардың бастапқы шығындарын азайтып, жобаның өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Облыс аумағында құрылған индустриялық аймақтарда электр энергиясы, газ, су, жол сияқты негізгі инфрақұрылымдар дайын. Мұндай аймақтарда күнбағыс майын өндіретін зауыт салу уақыт пен қаржы үнемдеуге жол ашады. Сонымен қатар логистикалық тұрғыдан облыстың Орталық Азия нарықтарына жақын орналасуы өнімді тасымалдауды жеңілдетеді.

Қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы аталған цехтың негізгі ғимаратының құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Күнбағыс майын өндіруге арналған заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды орнату және іске қосу-баптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың І тоқсанында толық іске қосу жоспарланып отыр.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МАҢЫЗДЫ

Түркістан облысы еліміздегі агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған өңір. Республика бойынша жалпы өндірілетін өнімнің 13 пайызы облысқа тиесілі. 2025 жылдың қорытындысымен 1 трлн 226 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, облыс – экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызын, қой етінің 75 пайызын қамтып отыр. Бүгінде ет кластерін одан әрі дамыту бағытында құны 49 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі 2 есеге ұлғаймақ. Бұл жайында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов брифингте мәлімдеді.

«2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылға қарағанда 34 мың гектарға артты. Ал, көкөніс және бақша алқаптары 117,5 мың гектарға егілді. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды. Сондай-ақ, облыстағы су үнемдеу технологияларын қолданатын алқап саны 59 мың гектарға артып, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. Нәтижесінде ағын су 30-50 пайызға үнемделіп, өнділік 20-30 пайызға артты»- деді спикер.

Биыл өңірде мақта өнімін жинау бойынша соңғы 18 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Орташа өнімділік гектарына 30 центнерді құрап, жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналған. Сонымен қатар, мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бағытында өңірде мақта тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта құны 201 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Әлібек Әбдіхалықұлы өңірдегі жылыжайлар көлемінің артқанын да тілге тиек етті. Өткен жылы жалпы көлем 75 гектарға өсіп, 1 715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. Айта кетейік, 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілген. Облыстың ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша да республикада көш бастап тұр. 2025 жылы салаға 246 млрд теңге қаржы тартылған. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,4 млрд теңге бөлініп, 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИДАЙ ӨҢДЕЙТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – экспорт көлемін ұлғайту.
Түлкібас ауданында «MK ALTYN NAN» ЖШС-ның ұн шығаратын зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Маңызды диірмен кешенінің жүмысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы танысты.
Облыс басшысы диірмен кешені ұжымымен кездесуде өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобаларға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы аудан экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытып, өнімді өңдеу үлесін арттыруды тапсырды. Іске қосылып отырған бұл кешен – сол нақты тапсырмалардың жергілікті деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі. Қайта жаңғырған кәсіпорын – облыстың өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатын маңызды жоба. Жаңартылған зауыт сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторларға алғысымды білдіремін. Жобаны кеңейтуге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған кәсіпорын бидай өнімін өңдеуге бағытталған. Зауыт алғаш рет 1986 жылы іске қосылып, 2018 жылы тоқтап қалған. 2024 жылдың желтоқсан айында кәсіпорын толықтай қайта жаңғыртылып, өндірістік қуаты мен технологиялық мүмкіндіктері арттырылды. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды пайдаланып, несие алған.
Қазіргі таңда зауыт жылына 120 мың тонна бидай өнімін өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Диірмен кешені басшылығы жобаны кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.
Түлкібаста шығарылған ұн Қазақстан Республикасының ішкі нарығымен бірге Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстанға экспортталуда.
Түлкібас ауданында іске қосылған бұл зауыт өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аграрлық саланың дамуына өз үлесін қоса бермек.

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА АҒЫН СУ АРНАЛАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ КҮНДЕЛІКТІ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Серік Мамытов ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі – ағын су арналарының қазіргі жағдайын зерделеу мақсатында жауапты сала басшыларымен бірге су өткізу қабілетін арттыру мақсатында тазарту жұмыстары жүргізілген каналдарды аралап, орындалған жұмыстардың сапасына зерделеу жүргізді. Механикалық тазалау барысында канал табандарында жиналған лай-қоқыстар, шөгінділер мен бөгеттер алынған. Бұл өз кезегінде ағын судың еркін өтуіне және егістік алқаптарды сумен уақытылы қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді.

Сондай-ақ аудан басшысы көршілес Өзбекстан Республикасынан келіп жатқан ағын судың көлемін де көрді. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда су қалыпты деңгейде, вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану мен қатаң бақылау қажеттігі атап өтілді.

« – Вегетациялық кезең – ауыл шаруашылығы үшін ең жауапты әрі шешуші уақыт. Бұл кезеңде егіс алқаптарының өнімділігі тікелей су ресурстарының жеткіліктілігі мен оны дұрыс басқаруға байланысты. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және су көздерінің шектеулілігі жағдайында суды тиімді пайдалану мен қатаң бақылау – уақыт талабы. Соңғы жылдары көптеген өңірлерде су тапшылығы айқын сезіле бастады. Өзен-көлдер деңгейінің төмендеуі, трансшекаралық өзендерге тәуелділік және суару жүйелерінің тозуы ауыл шаруашылығына елеулі қауіп төндіруде. Әсіресе вегетациялық кезеңде судың ысырап болуы егіннің күйіп кетуіне, өнім көлемінің азаюына әкелуі мүмкін. Сондықтан, су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану үшін заманауи және ғылыми негізделген тәсілдерді енгізу қажет. Яғни, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері суды 30–50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, суару кестесін сақтау – әр дақылдың биологиялық ерекшелігіне сәйкес нақты уақыт пен мөлшерде суару маңызды. Каналдар мен арықтарды жаңғырту – бетондау, қаптау арқылы судың жерге сіңіп кетуін азайту. Цифрландыру – су шығынын есептейтін автоматтандырылған жүйелерді қолдану маңызды шешімдер болып табылады.

Суды үнемді пайдалану тек ауыл шаруашылығы өнімінің тұрақтылығын емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да ықпал етеді. Вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану мен қатаң бақылау – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының негізгі кепілі. Бұл бағытта мемлекет, жергілікті билік және шаруалар бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтиже болады. Әрбір тамшы судың қадірін білу – бүгінгі ғана емес, болашақтың да аманаты.» – деді аудан әкімі.

Серік Үсенұлы су тапшылығының алдын алу, ысырапшылдыққа жол бермеу және шаруалардың сұранысын толық қамтамасыз ету мақсатында жауапты мекемелерге каналдарды жүйелі түрде тазалау жұмыстарын жалғастыру, гидротехникалық нысандардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, су бөлу кестесін әділ әрі тиімді ұйымдастыру секілді нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар су шаруашылығы саласында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығына, шаруалармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуге, стратегиялық маңызы бар ресурсты ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалануға бағытталған нақты шараларды іске асыру жолдары сөз болды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткөл ауылдық округінде орналасқан «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде халықаралық маңызы бар ірі аграрлық жоба іске асырылуда. Аталған жоба өңірдегі құс шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ халықаралық озық тәжірибені жергілікті өндіріс үдерісіне енгізуге бағытталған.

Жоба аясында Түркістан облысына Senior Experten Service (SES) халықаралық бағдарламасы шеңберінде Германия Федеративтік Республикасынан жоғары білікті аграрлық сарапшы арнайы шақырылды. Бұл жергілікті кәсіпкерлер үшін әлемдік деңгейдегі тәжірибені тікелей өндіріс орнында меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды қадам болып отыр.

Халықаралық жобаны жүзеге асыруда «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы шешуші рөл атқарды. Орталық тарапынан SES халықаралық ұйымымен өзара байланыс орнату, қажетті құжаттарды рәсімдеу, шетелдік сарапшыны тарту және жобаны үйлестіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылды.

Осыған орай, «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Берік Кенжебаев өндіріс орнына арнайы барып, жоба барысымен және халықаралық сарапшының жұмысымен танысты. Кездесу барысында ол мұндай бастамалардың өңір кәсіпкерлері үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, Ордабасы ауданы ғана емес, Түркістан облысының барлық аудандарындағы кәсіпкерлерге бизнес бастау, өндірісті кеңейту және халықаралық бағдарламаларға қатысу бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2023 жылдан бастап бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеу бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс үдерісі толықтай жергілікті шикізатқа негізделген. Кооператив COBB-500 тұқымды тәуліктік балапандарды пайдаланып, құстарды отандық жем-шөппен азықтандырады.

Кәсіпорын басшылығы SES бағдарламасы аясында халықаралық сарапшының тәжірибесін пайдалана отырып, бірқатар стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тәуліктік балапандардың өміршеңдігін арттыру, 100 пайыз қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізу, яғни құс етінен бөлек қауырсын, көң және ішкі ағзаларды толық өңдеу арқылы қосымша өнім көздерін қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, жылдық өндіріс көлемін 800 тоннаға дейін ұлғайту, өнімнің өзіндік құнын төмендету және болашақта экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыру негізгі мақсаттардың қатарында.

Германиядан келген халықаралық аграрлық сарапшы Эберхард Вестхаузер кәсіпорын басшылығымен алғашқы жұмыс кездесулерін өткізіп, өндірістік үдерістермен жан-жақты танысты. Неміс маманы Түркістан өңірінде екі апта бойы жұмыс істеп, құс шаруашылығын дамыту бағытындағы кәсіби тәжірибесімен бөліседі.

Эберхард Вестхаузер – аграрлық ғылымдар саласында көпжылдық тәжірибесі бар, мал және құс шаруашылығы бойынша халықаралық деңгейде танылған сарапшы. Ол ірі қара, шошқа, ешкі және бройлер тауықтарын өсіру мен азықтандыру саласында терең білімге ие. Бұған дейін Кения, Танзания, Косово, Молдова және Уганда елдерінде SES бағдарламасы аясында 17-ден астам халықаралық жобада жұмыс істеп, фермерлерді оқыту мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан.

Аталған жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, өңірді отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аймақ ретінде қалыптастыруға ықпал етпек.

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА 6 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛЫП, ЖАҢА ӨНДІРІС АЙМАҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Сауран ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алынған. Осы мақсатта Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «EURO SANDWICH PANEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытай Халық Республикасының CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD компаниясы өкілдерімен ресми кездесу өткізді.

Кездесуде Сауран ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның барысы және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Нақтырақ айтқанда, «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС-не Шаға ауылдық округі аумағынан көлемі 2,5 гектар жер телімі бөлініп, бұл аумақта сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыт, сондай-ақ электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғыларды шығаратын өндіріс орнының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғылар 7 жыл көлемінде эксперименттік сынақтан өткен, жоғары сенімділігімен және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда бұл өнім әлем бойынша тек Қытай Халық Республикасында ғана өндірілуде. Алдағы уақытта аталған технология Сауран ауданында да өндіріліп, ішкі нарықпен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын отандық сапалы өніммен қамтамасыз ету, импортты алмастыру, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін көтеру және өңірдің индустриялық әлеуетін нығайту. Жалпы инвестициялық құны 6,0 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған жағдайда 65-70 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталып, электр қауіпсіздігіне арналған заманауи құрылғылардың Сауранда шығарылуы – аудан үшін үлкен жетістік екенін жеткізді. Сондай-ақ әкімдік тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, рұқсат құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында нақты шаралар қабылданады.

Сонымен қатар, инвесторлармен тұрақты байланыс орнатылып, олардың ұсыныс-пікірлері ескерілетіні, ал туындаған мәселелер жедел әрі жүйелі түрде шешілетіні айтылды. Ал, аталған инвестициялық жоба Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және қауіпсіздікке бағытталған заманауи технологияларды өңірге енгізуге мүмкіндік береді.