Архив рубрики: Жаңа жоба

ТҮРКИЯЛЫҚ ІРІ КОМПАНИЯ ТҮРКІСТАНДА ӨНДІРІСІН ӨРКЕНДЕТЕДІ

Түркістан облысы инвесторларды тарту бойынша елімізде алдыңғы қатарлардан көрініп, көрсеткіштерін арттырып келеді. Ол үшін отандық және шет елдік компанияларға үлкен мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Сондықтан ірі компаниялар өңірде өндірісін кеңейтуге, тиімді келіссөздер жүргізуге келуде. Солардың қатарында Түркияның жетекші фармацевтикалық компанияларының бірі – ORZAX Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) шығаратын жаңа зауыт салуға ниетті. Жобаның жалпы құны 40 миллион АҚШ долларын құрайды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ORZAX компаниясының басшылығы арасындағы кездесуде өндірістік жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. Тараптар зауытты Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында салу мүмкіндігін қарастырды. Бұл шешім компанияға жеңілдетілген салықтық және әкімшілік режимдерді пайдаланып, тиімді өндіріс құруға жол ашады. Өндірістік кешен іске қосылғаннан кейін жылына 35 миллион қорап ББҚ шығарылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Келіссөздер аясында құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ішінде бастау, ал зауытты 2026 жылдың соңына дейін іске қосу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Облыс әкімі жобаның маңыздылығын атап өтіп, жергілікті әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді – инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құжаттаманы рәсімдеу және барлық рұқсат беру рәсімдерін жеделдету бағытында.

 

– Түркістан – ашық, серіктестікке дайын өңір. Біз – бауырлас елміз. Түркиялық компанияның өңірімізге келіп, осындай ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті болуы – біздің облыс үшін зор мүмкіндік. Жаңа зауыттың құрылысы Түркістан облысының экономикасын дамытуға үлкен үлес қосып, жүздеген азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз және жобаның табысты іске асуына барлық жағдай жасаймыз. Өздеріңізбен тікелей байланыста боламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

ORZAX – Түркияда орналасқан, табиғи ингредиенттер негізінде биологиялық белсенді қоспалар өндіретін халықаралық деңгейдегі жетекші компания. Қазіргі таңда компания 100-ден астам өнім түрін шығарады, оның ішінде пробиотиктер, өсімдік экстрактылары, арнайы формулалар, Омега-3, дәрумендер мен минералдар, коллагендер бар. Компания Түркияда рецептсіз берілетін өнімдер нарығында көшбасшы болып келеді. Өнімдері әлемнің 50-ден астам еліне экспортталады.

Жалпы, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бұған дейін, облыс әкімдігінің өкілдері, жауапты басқарма басшысылары мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Расында, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жеткізіп, инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсету маңызды. Айта кетейік, облыс әкімдігі осы уақытқа дейін Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген болатын. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында шетелдік инвестормен және  ресми делегациялармен кездесулер өткен еді.

Айта кетейік, өткен жылы Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Ал, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағы 4 гектарды құрап, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Олар Тарихи орталық, Әкімшілік-іскерлік орталық, Greenfield (Оранғай ауылы), Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймақ (Кентау қаласы) және Түркістан қаласы мен халықаралық әуежай аумағы. Түркістан облысының басым бағыттарының бірі – өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта бар мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл ретте Түркі мемлекеттерінен де инвестиция тартудың маңызы зор, Жалпы, Түркі тілдес елдермен байланысты нығайтып, өзара қарым-қатынасты арттыру Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып, нәтижесін беріп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен кездесулерде, барынша қолдау көрсету, тиімді мүмкіндіктерді ұсыну маңызды екенін мәлімдеп, келіссөздер жүргізуде. Нәтижесінде жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұған әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе құру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту кіреді. Бірнеше жыл ішінде Қазақстан біртіндеп өңдеуші өнеркәсібін дамытуға баса назар аударуда. Президент ұлттық экономиканы дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіптің маңыздылығын белгіледі. Қуатты индустриялық базаны қалыптастыру және еліміздің өңдеуші саласын үдемелі дамыту бойынша басым міндеттерді айқындап берді. Жоғары өңдеу саласын дамытуға баса назар аудару елдің сыртқы тәуекелге осалдығын азайтуға және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта әр облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, өңірлердің әлеуметтік – экономикалық өркендеуі оң көрсеткіштерге де қол жеткізуде.

Ал, Түркістан облысында жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, облыс қазынасына 2,1 млрд теңге салық түсті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Аймақта инфрақұрылым жеткізу жұмыстары басты назарда тұр. Индустриалды аймақтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті электр, су, газ және жол желілерімен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Сонымен қатар облыс әкімі индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сай келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл – өндіріс орындарында жайлы орта қалыптастырып, инвесторларға тартымды жағдай жасауға жол ашады.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.

 

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.

Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша 2025 жылы шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар. Сондай-ақ, жаңа жобаларды жүзеге асыру, өндірісті жергіліктендіруді ынталандыру, экспортқа бағытталған салаларды дамыту басым бағыттардың бірі болмақ. Яғни, өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді. Импортты алмастыру бағытында импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі қосылған құн тізбегін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Экспортты дамыту үшін сыртқы нарықтарды кеңейту және қазақстандық өндірушілерді шетелде қолдау шаралары да жүргізіліп жатыр.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ ТҮРКІСТАНДА ДАЙЫНДАЛДЫ

“Turkistan” телеарнасы жасанды интеллект арқылы алғашқы қазақ мультфильмін дайындап шығарды. Жаңа анимациялық туынды “Түркістан сақшылары” деп аталады. Идея авторы – телеарна қызметкері Ғасыр Құралбайұлы. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді жетік меңгерген маман мультфильмнің бірінші сериясын 7 күнде жасап шыққан. Ең қызығы – бірінші серияға бар болғаны 70 мың теңге қаржы жұмсалған.
Ғасырдың айтуынша, жасанды интеллект бағдарламасының ақылы нұсқасына жазылуға – 100 АҚШ доллары, анимациялық фильмнің саундтрегін жаздыруға 20 мың теңге жұмсалған. Сондай-ақ, ол мультфильмнің келесі сериялары дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, болашақта кинотеатрларда көрсетілетін толыққанды коммерциалық мультфильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтты. Фильм сюжеті қасиетті қала Түркістанды қауіп-қатерден қорғап, балаларды адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін мифологиялық кейіпкерлердің әрекеттерінен құралған. Олар, Ақпантер – жылдам әрі батыл барыс, Алтынқанат – бәрін байқағыш бүркіт, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа.

ӘЛЕМДІК КӨШБАСШЫ КОМПАНИЯ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТОҢАЗЫТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШТЫ

Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «UBC Group» президенті Игорь Гуменный, өндіріс жөніндегі вице-президент Игорь Бурдыленко, коммерция жөніндегі вице-президент Александр Гуменный, «UBC Group» холдингінің зауыттары мен бөлімшелерінің басшылары, шет мемлекеттердің және еліміздің серіктес компанияларының жетекшілері қатысты.

Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгін біз тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Әлемдік деңгейдегі үздік компанияның зауыты Түркістан облысында іске қосылуда. «UBC Group» компаниясының тынымсыз еңбегі мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан команданың жұмысының нәтижесінде жаңа өнеркәсіптік тоңазытқыштар зауытын ашып отырмыз. Бұл бастамалар тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асуда. Мұндай заманауи өндіріс орнын ашу – Түркістан облысы үшін тек маңызды экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар өңірдің инновациялар және заманауи технологияларға дайын екендігінің көрсеткіші. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірімізге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастама – шет елдермен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Біз жаңа жобаларға, жаңа инвесторларға ашықпыз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді Түркістан облысына инвестиция құюға шақырамын. «UBC Group» басшылығы мен ұжымына осындай маңызды жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысын таңдап, көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа зауыт Түркістан облысының жаңа мүмкіндіктер, инновациялар және тұрақты дамуының символына айналсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«UBC Group» басшысы Игорь Гуменный 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін бірқатар аймақтың арасынан Түркістан облысы таңдалғанын айтып өтті. Көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғысын жеткізіп, тоңазытқыштар өндірісі жобасының сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.

UBC Group – тоңазытқыш жабдықтарын өндіру саласында жұмыс істейтін және сәтті дамып келе жатқан Украинаның ең ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі. Компанияның тұтынушылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал брендтер мен ірі корпорациялар.

Екі ел арасындағы бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімде компания барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, зауыттың құрылысын бастады. Жобаға сәйкес, бір шаңырақ астында өндірістік цехтар, қоймалар, әкімшілік және кеңсе ғимараттары орналасатын заманауи кәсіпорын бой көтереді. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 30 миллион еуроға дейін жетеді.

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндіріс орнының ашылу рәсімінен кейін қонақтарға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Өндіріс барысы көрсетіліп, жаңа зауытта өндірілген өнімдер таныстырылды.

Айта кетейік, бүгін Түркістанда 100-ден аса отандық және шет мемлекеттердің бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға қатысушылар қатарында Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің ірі компания иелері мен өкілдері бар. Онда Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңірдегі мүмкіндіктер туралы айтылды. Қатысушылар ашық диалог алаңында жаңа идеялар айтып, пікір аламасты.

2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстарды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Қазіргі уақытта өңірдің инвестициялық қоржынында 2025-2028 жылдарға жоспарланған 110 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартуға және 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалдық аймақтар сияқты инвестициялық алаңдар бар. Соңғы 6 жылда Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауының арқасында өңірде инвестиция тарту бойынша ауқымды шаралар атқарылды. 2018 жылдан бері облысқа шамамен 9 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестициялар тартылды. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға бағытталды.

ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ ШАҺАРДЫ ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Заң 13 баптан тұрады. Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзыреттілік беріледі.

Құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу, қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау, археологиялық ескерткіштердің резерватын құру, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру мәселелері енгізілген. Сонымен бірге қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу, тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту, мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу, туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған Заңның маңыздылығына тоқталып, Түркістанды дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында халықпен кездесіп, Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасын көтерген болатын. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, Парламент Мәжілісі мен Сенатынан, Мемлекет басшысынан қолдау тапты. Президентіміз Заңға қол қойды. Бұл – Түркістан қаласы ғана емес, тұтас өңіріміз, еліміз үшін маңызды оқиға. Бұл құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, туризмді дамыту, қаланың әлеуетін көтеру жолдары қаралған. Түркістан – ықылым заманнан тарихи орталық болған. Қожа Ахмет Ясауи ғұлама өмір сүрген шаһарда ізгілік пен білім нұры шашылып, шартарапқа тараған. Қазақ хандығының астанасы ретінде ұлтымыздың айбынын асырып, халқымыздың бірлігі мен ерлігінің ордасына айналған. Сондықтан бұл шаһардың мәні де, маңызы да, беделі де, мәртебесі де әрдайым биік болатыны анық. Енді қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекеннің абыройы одан сайын асқақтап, рухани және тарихи-мәдени мұраларын қорғау, кеңінен таныту шаралары одан әрі жандана түспек. Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласын жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстарға бар күш-жігерімізді саламыз. Барша Қазақ елін, Түркістан жұртшылығын осы тарихи сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің еңсесі биік болып, Түркістанымыз дами берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Өңірде Заңдағы бастамаларды жүзеге асыру, Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Шаһарда республикалық, халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осы аз уақытта шаһар дамудың жаңа сатысына көтерілді. Түркістан қаласының халық саны соңғы 4 жылда 31,5%-ға артып, 2025 жылдың 1 қаңтарында 237503 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, 2024 жылға 452,6 млрд теңгеге жеткен. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2023 жылы 66,2 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы 80,1 млрд теңге түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 2,3 есе өскен. Облыс орталығы болғалы қала бюджеті 3 есе өсіп, 147,2 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі жыл сайын өсуде. 2023 жылы 323,5 млрд теңге инвестиция тартылса, өткен жылы шаһарға 400,2 млрд теңге инвестиция тартылып, жұмыс қарқыны арта түсті. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта маңызды жобалар жүзеге асырылып, зауыттар салынуда. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемінің көлемі соңғы үш жылда 1,7 есе өсіп, өткен жылы 34,8 млрд теңгені құрады.

Былтыр Түркістанға Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шара өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165%-ға өсіп, 2023 жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда бірнеше есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылы алдын-ала мәлімет бойынша Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 1,1 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға өскен. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны өткен жылы 23,2 мың адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артып отыр.

ТҮРКІСТАН: «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНА» ОРАЙ «БІР КОЛЛЕДЖ – БІР ӨНІМ» ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілді. Өңірлік жоспар 7 бағыт, 64 қадамнан тұрады. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.

«Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу аясында салалық басқармалар, аудандық және қалалық әкімдіктер мен техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының бірлескен жұмыстары жүзеге асырылмақ. Жалпы облыста 50 колледж жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі көпсалалы колледждер. Оның ішінде, ауылшаруашылық саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм саласы мамандарын – 3, ал құрылыс саласы бойынша мамандарды – облыстағы 11 колледж даярлайды. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 студент білім алып жатыр. Сондай-ақ, 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны 16 100-ді құрайды. 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс болса, оның ішінде 8 678-і – жұмысшы мамандықтар. Ал, 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған, оның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Бір колледж-бір өнім» деп аталатын жобаны енгізе отырып, 5 колледждің базасында цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысын жүргізудеміз. Білікті жұмысшы маман дайындаудың жолы – дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Бүгінгі таңда 35 колледжде дуалды оқыту жүйесімен 64 мамандық бойынша 10 353 білім алушы қамтылған»,- деді спикер.

Айгүл Ерғалиқызының сөзінше, биыл «Мамандықтар атласы» даярланады. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысы негізінде жаңа мамандықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Оның ішінде лифт және эскалатор, жылжымайтын мүлікті басқару, ет және ет өнімдерін өндіру, агрохимия, пилотсыз ұшу аппараттары, мақта шитін өңдеу және жіп иіру, вагон жөндеу слесары, жасыл энергетика, гидротехникалық құрылыс мамандықтары бар.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың сөзінше, өңірде еңбекке қабілетті 850 мың адам бар. Оның ішінде, 200 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, бекітілген ұлттық кәсіби классификаторда 1 270 мамандық тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері енгізілген.

«2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 074 жұмыс орнын ашу көзделуде. «Еңбек» бағытындағы бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орны мен 32 448 субсидияланған жұмыс орны бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, облыста биыл 125 инвестициялық жоба негізінде 2004 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу үшін жеке инвесторлармен меморандумдар түзіліп жатыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы 32 448 адамды уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау жоспарлануда»,- деді спикер.

Айта кетейік, облыста биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен өндіріс орындарында ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Аталған жәрмеңкелерде 350-ге жуық жұмыс берушілерден 1500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылуда. Бос жұмыс орындарының 57 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

“CONFITURE” КЛУБЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Түркістан облысында “CONFITURE” әйелдер клубының алғашқы кездесуі өтті. Бұл – рухани байлық алаңы. Мақсаты: Өз кәсібі мен отбасының берік тұтқасы болған әйелдердің мәдени және кәсіпкерлік саласында жеткен жетістіктері мен олардың қоғамдағы алатын орнын айшықтау. Іскерлік мүмкіндерімен бөлісу. Әйелдердің қабылет-қарымын дамыту. Сонымен қатар, әйелдердің пікір алмастыратын ортақ алаңын құру. Тәжірибе алмасу. Конфитюр клубының құрамы көшбасшы, іскер, шығармашыл, идеяға толы нәзік жандылардан құралған.

 

 

Бұл өз кезегінде бірнеше арулардың ой – қабілетін арттыруға сеп болмақ. Бүгінгі басқосуға Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қ.Жантөреева, ТОО “Барс Құрылыс” директоры М.Ислам, “Согдиана” балабақшасының құрылтайшысы Д.Хабибова, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ж.Турехановна, жеке кәсіпкер Ш.Османова және “Атамеке-Түркістан” МҚҰ-ның директоры С.Шорабековна қатысып, пікір талас алңында белсенділік танытып, идеяларымен бөлісті.

 

Басқосуда кәсіпті тұрақты дамытып, әйелдер кәсіпкерлігін өркендету, шығармашылық әлеуетін көтеріп, тұлғалық мүмкіндігін арттыру, қоғамдағы рөлін нығайту жайы сөз болды. Түрлі ойындар арқылы клуб мүшелерінің өз-өзін бағалау мүмкіндіктері байқалды. Әр кездесу еркін форматта түрлі тақырыптарда жүзеге асатын болады.

 

ЖАЙЛЫ МЕКТЕП – БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған. Міне осындай білім ордасының бірі Созақ ауданында бой көтеруде. Аталған нысанның құрылысы аудан басшылығының басты назарында. Кезекті насандарды аралау барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, білім ордасының құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы жұмыстарының қарқыны арта түскен. Ғимараттың фасадтары травертинмен қапталып, мектептің сыртқы келбеті сәнді әрі заманауи сипатқа ие болуда. Сонымен қатар, құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіліп, аумағына асфальт жабындысы төселіп, көлік тұрақтары ретке келтірілуде. Бұл жоба ауданның білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға заманауи және жайлы оқу ортасын ұсынуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді. Мектептердің құрылыс жұмыстарына дайындық қалай? Нендей мәселелер бар? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының басты бақылауында екенін айта кеткен жөн.

– «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік. Енді осы жобаны сапалы жүзеге асыру керек. Жауапты орынбасар, басқармалар, аудан, қала әкімдері білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеңіздер. Мектептердің инфрақұрылымын тарту, газ, су, электр, жылу, ғаламтормен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдансын. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілуі тиіс. Ең бастысы, осы «Жайлы мектептерді» жоғары деңгейлі ұстаздармен қамту аса маңызды. Қазірден бастап білікті басшылар мен мұғалімдер жасақтауды қолға алған жөн, – деген болатын облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.

«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің, яғни жобалық қуаттылығы 49 000 орын болатын нысандардың іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған еді. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілген болатын.

Түркістан облысында жалпы екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылуда. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы аталған жоба бойынша елімізде 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.Үкімет отырысында баяндама жасаған салалық ведомство басшысы жаңа форматтағы мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылатынын атап өткен болатын. Яғни, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына да мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіре беріс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме және тағы басқалары ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жергілікті бақылау органдарына қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет және тағы басқалары.

Қазіргі уақытта министрлік жайлы мектептер үшін кадрлық резерв жасақтауда. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша директорлар корпусына 208 адам резервке алынған екен. Сонымен қатар, педагогтардың базасы жасалып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі бойынша оқу процесінің мазмұнын трансформациялаудың жаңа моделі де әзірленуде. Айта кетейік, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталған. Жоба үш тетік арқылы жүзеге асырылады: бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде.

Созақ ауданында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешені құрылысының қарқыны артуда

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында бой көтеріп жатқан 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылыс барысын тексерді. Онда мердігер мекеменің өкілдері мен жауапты сала мамандары болды. Аудан басшысы аралау барысында құрылыстың сапасына ерекше назар аударды. Ол бойынша жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жұмыс барысын жеделдетуді тапсырды.

Қазіргі таңда жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын спорт кешенінің металл құрылымдары орнатылу үстінде. Бұл жаңа кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, бассейн және футбол алаңы орналасатын болады. Сонымен қатар, жастардың спортпен шұғылдануына және ауданның спорттық әлеуетін арттырып, спорттың жандануына негіз болатын жаңа мүмкіндіктер болмақ.

Жалпы, теріскейде халықты салауатты өмір салтына бейімдеу, халықтың өмір сапасын арттыру бағытында бұған дейін бірқатар нысандар пайдалануға берілген болатын. Бұл мақсатта аудан әкімдігі жеке инвесторлар мен кәсіпкерлерді жүйелі жұмыс атқаруға үндестіре білуде. Мысалы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Жібек жолы-2 көшесінің бойынан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде  «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілген болатын.

Жалпы ауылдық жерлерде спорт нысандарын ашу жергілікті жастар мен тұрғындарды  спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде. Жалпы екі жылдың көлемінде ауданда футбол, баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, 1000 орындық жаңа стадион және жабық үлгідегі футбол алаңдары пайдалануға беріліп, жалпы спорт саласы бойынша 12 ден аса нысан ел игілігіне ұсынылған болатын.

Осындай игі істер жалғасын тауып, Республика күніне орай ауданында үш бірдей кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілген еді. Спорттық кешендер аудан орталығындағы «Теріскей» саябағынан, Наурыз мөлтек ауданы мен Таукент кентінен ашылған. Бұл нысандар да «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен бой көтерді. Спорт нысандарының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды құттықтап, ауданның даму жолындағы маңызды қадамдарды, осы уақытқа дейін өндіріс орындарының демеушілігімен көптеген жобалардың іске асырғандығын және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жандана түсінін айтқан болатын. Расында Созақта демеушілердің есебінен көптеген нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымдар мен өзекті мәселелерде де шешімін табуда. Бұл бағытта аудан әкімдігінің мұндай шараларды үйлестіру істері өте жоғарғы деңгейде орындалып жатқандығын айта кеткен жөн.

Спорттық-сауықтыру кешендерін салу өткен жылдары да қарқынды түрде жүзеге асырылған болатын. Айта кетейік, былтыр ауданға қарасты Қаратау ауылдық округінде жастар арасында спортты дамытып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жабық футбол алаңының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген еді.  Кіші футболға арналған жабық үлгідегі ойын алаңы кез-келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы етіп жабдықталған. Нысанның жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Айта кетейік, қазіргі таңда аудан көлемінде 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді.

Сонымен қатар, өткен жылы «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Түркістан облысы Созақ ауданындағы Сарыжаз ауылында футбол алаңы ашылды. Бұл «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен еліміз бойынша ашылған 26-спорт алаңының қатарына енді. Нысанның ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева мен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков және тұрғындар қатысып, ауыл жастарына қуаныш сыйлаған болатын.

– «Самұрық-Қазына» қоры бұқаралық спортты дамыту және балаларға спорттық инфрақұрылымды қолжетімді ету бағытында нәтижелі істер атқарып келеді. Қордың қаржыландыруымен еліміздің бес өңірінде денешынықтыру-сауықтыру кешендері мен көпфункционалды спорт кешендері салынды. Бұдан бөлек, бүгінде 23 елді мекенде ерекше балаларға арналған инклюзивті секциялар жұмыс істейді, – деген болатын «Samruk-Kazyna Trust» қорының Бас директоры Альфия Адиева.

Сарыжаз ауылындағы спорт алаңының құрылысы сапалы жүргізіліп, жалпы ауданы 800 шаршы метрлік алаңға жасанды көгал төселген. Спорт нысанының аумағы арнайы қоршаумен қоршалып, абаттандырылған. Бүгінгі таңда Сарыжаз ауылы мен жақын маңдағы елдімекендердің 100-ден астам жасөспірі осындай заман талабына сай алаңшаларда спортпен айналысып келеді.

Сондай-ақ, Созақ ауданындағы үлкен жобалардың бірі – ауданының 95 жылдық мерекесі аясында заман талабына сай жабдықталған 1030 орындық спорт алаңының ашылуы еді. Мұнда жастар мен жасөспірімдердің футбол ойнап, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи стадионда жаттықтырушылар мен төрешілерге жеке кабинеттер, командалардың киім ауыстыруы мен жуынуына арналған арнайы бөлмелер бар. Бұдан бөлек жаттығу залдары, «Street workout» және баскетбол алаңдары да қарастырылған болатын.

Міне енді биыл 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын жаңа спорттық кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, тіпті халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік бермек.

Созақ ауданындағы «Жайлы мектептің» жаңа кезеңі басталуға жақын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын жүзеге асыруды жүкетеген болатын. Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс екенін айтты. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылды.

Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Олардың қатарында Созақ ауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы да бар. Қазіргі таңда аталған білім ордасының сапалы салынуы мен құрылыс барысы басты назарда. Бұл бағытта Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысын бақылауына алып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуын және жобаның әр кезеңінің мұқият орындалуын ескертті.

Қазіргі таңда құрылыстың ішкі және сыртқы жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, фасадтары травертинмен қапталуда. Жаңа білім ошағының техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге арттырылған. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар және хореография залдары қарастырылуда. Оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталар және компьютерлермен жабдықталатын болады.Мектепішілік кеңістікті тиімді әрі жайлы ету мақсатында бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары үшін бөлек блоктар жасалмақ. Бұл жоба ауданымыздың білім беру жүйесін жаңа биіктерге көтеріп, оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын болады.

Аталған білім ошағы “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.«Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Сонымен қатар оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, оқушыларға арналған түрлі үйірмелер де ашылмақ. Сондай-ақ жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалады.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған болатын. Яғни, 300 орынды 11 мектеп, 600 орынды 25 мектеп, 900 орынды 15 мектеп, 1200 орынды 6 мектеп, 1500 орынды 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп салынуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын.