Архив рубрики: Жастар саясаты

ҚАЛА ӘКІМІ ҮЗДІК ТҮЛЕККЕ АЛҒЫСЫН БІЛДІРДІ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ұлттық бірыңғай тестілеуден еліміздегі ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп 138 балл жинаған кентаулық түлек Айдос Қожановты қабылдады.

«Мемлекетті өркениетке жеткізетін білімді елдің болашағы өзіңдей білімді жастар.Үлкен өмірге басқан қадамыңыз құтты болсын! Таңдаған мамандығыңыз бойынша жоғары оқу орнына түсуіңізге тілектеспін. Сізді осындай дәрежеге жеткізген ата-анаңызға, ұстаздарыңызға алғысымды білдіремін» — деді қала әкімі.

Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос әке жолын қуып болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Айта кетсек, Кентау қаласында 2023-2024 оқу жылында 857 түлек мектеп бітіріп,оның Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 788 өтінім білдірген. Оның 43-і — «Алтын белгі» белгіге, 54оқушы — «Үздік аттестатқа» үміткер.

КЕНТАУДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА «ИНТЕЛЛЕКТ БАТТЛ» ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНЫ ӨТТІ

Кентау қаласы әкімдігінің қолдауымен және “Интеллект баттл” жобасының авторы Гүлжан Серікқызының ұйымдастыруымен зияткерлік ойыны өтті.
Білімділерді анықтайтын жарысқа Түркістан облысына қарасты аудан, қаладан және қаланың әр саласынан құралған 20 дан аса команда қатысты. Олар жарыста қазақ әдебиеті мен салт-дәстүр, әлем қызықтары, логикалық сұрақтар, кино, әуен жанры және Кентау қаласының тарихына негізделген сұрақтардан тұратын 6 кезең бойынша сынға түсті.
Аталған шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Зияткерлік ойынның мақсаты — дербес ойлауды, зияткерлік қабілетті дамыту, білімді насихаттау, Кентау қаласының тарихын жеткізу болатын.
Қатысушылар логика, тапқырлық және білімін қолдана отырып, жан-жақты қызықты сұрақтарға жауап берді. Ақтық кезеңде 20 командамен ой жүйріктігін сынға салған Сауран ауданынан қатысқан “Сауран жастары ” командасы 1-ші орынды жеңіп алды.
Жүлделі 2-ші орынды облыстық Жастар ресурстық орталығынан құралған “Жастар ” командасы алса, Кентау қаласы Байылдыр ауылынан құралған “Байылдыр ” командасы және Түркістан арнасынан құралған “ Интершум ” командалары үштіктер қатарынан көрінді.
Ойын нәтижесінде “Үздік ойыншы” номинациясына “Кентау жастары” командасының ойыншысы Қаныбек Гүлзада, “ Шабыт ” командасының ойыншысы Отызбай Бабыр, “ QQQ жастары ” командасының ойыншысы Қозымет Маржан және “ Ілім ізденушілер ” командасынан Атабек Арслан ие болды.
Одан бөлек сайысқа белсенге қатысқаны үшін қала әкімінің номинациясымен Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің “ Тау ”командасы және Гүлжан Серікқызының номинациясымен Бәйдібек ауданынан келген “ Тұран ” командасы марапатталды.

САУРАН АУДАНЫНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНА ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарына жәрмеңке болып өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.

 

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі — келушілерге жұмыс берушімен қарым-қатынас барысында жұмысқа орналасудың қолайлы нұсқалары мен шарттарын таңдауға мүмкіндік беретін, жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдістерінің бірі болып есептеледі. Сондықтан аудан, қалаларда ұйымдастырылатын мұндай шаралардың маңыздылығы өте зор.

Сауран ауданында өткен жәрмеңкеде 6 мекемеден 74 бос жұмыс орындары ұсынылған, жыл басынан бері 1110 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы аудан бойынша 6840 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болса, жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады. Мансап орталығы арқылы өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 125 азамат қатысты. Жәрмеңкеге қатысқан азаматтардың ішінен 20-ы жұмыс орындарымен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 8, жастар практикасына 6, әлеуметтік жұмыс орындарына 4, алғашқы жұмыс орнымен 2 азамат жұмыспен қамтылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітілген болатын. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.

Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат болып табылады. Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, жұмыс орындарын құру динамикасы мен құрылымын ескере отырып, еңбек нарығын шолу, экономика секторларын талдау, өндірістік тізбекті оқшаулаудың қолда бар алғышарттары және т. б. бойынша талдау жүргізілді.

Кешенді және жүйелі түрде шешуді талап ететін еңбек нарығының негізгі проблемалық мәселелері:

— еңбек өнімділігінің төмендігі және табиғи ресурстарды өндіру мен экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі;

— жұмыскерлердің біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;

— формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың төмен деңгейі;

— әйелдер, жастар, мүгедектігі бар азаматтар, этникалық азшылықтар және басқалар сияқты халықтың әртүрлі топтары арасындағы жұмыс орындарына қолжетімдік пен табыстың теңсіздігі.

2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда
2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адамды құрайды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.

Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуы керек:

— өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, IT-сала, өнер және туризм, сондай-ақ қорғаныс қызметі сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;

— жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;

— жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру.

Тұжырымдамада елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, орталық және шығыс облыстарда қайта индустрияландыру, республиканың солтүстігінде агробизнесті кластерлеу және батыс өңірлерде офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі шаралар көзделген.

Еңбек нарығындағы негізгі сұраныс орта білікті мамандарға тиесілі екенін ескере отырып, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім адами капиталды дамытудың драйвері болады. Алынған білім мен дағдылардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау арқылы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, Тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады. Мемлекеттің негізгі міндеті – платформалық жұмыспен айналысатын жұмыскерлер үшін еңбек құқықтарын қорғауды және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.

Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Негізгі критерийлер ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру.

Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай түзетуге және өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды құрайды. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.

Бүгінде Сауран ауданында “Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған” тұжырымдамасы аясында 2024 жылдың маусымға дейін, жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 2487 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған, орындалу пайызы 39% құрап отыр. Оның ішінде, санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар — 1011, өзін өзі қамтығындар — 1017, жұмыс іздеушілер — 970, 160 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220).

КЕНТАУЛЫҚ ОҚУШЫ ҰБТ-ДАН ЕҢ ЖОҒАРЫ ҰПАЙДЫ ЖИНАДЫ

Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жоғары 138 балл жинады. Бұл көрсеткіш әзірге еліміз бойынша ең жоғары нәтиже. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді.
Дарынды оқушылар – ел болашағы, келешегіміздің үміті. Білім бәсекесінде биіктен көріну, мақсатқа қол жеткізу – озат оқушының арманы, ұстаздың жетістігі. Арманына қанат байлаған сондай білімді оқушының бірі – Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Грант» жекеменшік мектебінің 11«Г» сынып оқушысы Қожанов Айдос. Айдос 09.09.2007 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Грант жекеменшік мектебінің биылғы оқу жылының түлегі. Таңдау пәні: физика-математика.
«Үздіксіз даму үздіксіз еңбекті қажет етеді. Сондықтан оқушының мүмкіндігін ескере отырып, оны үнемі дамыту қажет. Айдос – өте ізденімпаз оқушы, әрдайым өз мақсатына жетуге тырысады. Сабырлы, парасатты және салмақты мінезімен ерекшеленеді. Күнделікті өмірде тек жағымды жақтарымен сипатталады. Дәлелді себепсіз сабақтан қалған емес. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Мектепішілік бақылау сынақтарынан үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылардың қатарынан », – дейді мектеп директоры Каримжанов Шахрух Шералиұлы.
Әрбір жеке тұлғаның болашағы өзі оқыған мектебінде айқындалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Мектеп оқушыларының ішінде қазіргі заман талабына сай, ой — өрістері кең, дарынды, шығармашылық қабілеттері бар оқушылар көп.
Айта кетсек, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген. Жалпы облыста 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Оның 1 727-і — «Алтын белгі» белгіге, 2 466 оқушы — «Үздік аттестатқа» үміткер.

КЕНТАУЛЫҚТАР ӘНҰРАНДЫ БІРГЕ ОРЫНДАДЫ

4 маусым еліміз үшін айрықша мереке – ҚР Рәміздер күні. Осы күнді кентаулықтар қаладағы Рәміздер алаңына жиналып, Әнұранды бірге орындады. Мерекелік шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, ұстаздар мен оқушылар, қала жастары қатысты.
– Отанды, туған жерді сүю Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Еліміздің Әнұраны әлемдік олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне талай рет шырқалып, рух беріп келеді. Әлі де шырқала беретініне сенімдімін. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі тарих. Осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мәңгілік екенін айшықтайды, – деген қала әкімі барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Аға буын өкілдері рәміздердің маңыздылығы туралы ой қозғаса, қаланың белсенді жастары мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.
Мектеп оқушылары тәуелсіздіктің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытатын Рәміздер жайында жыр-шумақтарын орындап, Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанға арналған әсем әуендер шырқалды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара кентаулықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елдің патриоты болу, отаншылдық дәріптелді.

ТҮРКІСТАНДА АЛАШТАНУШЫЛАР МЕН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістанда ғалымдар, алаштанушылар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Аталған жиын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған.
Кездесу алдында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қонақтарды қабылдады. Ол өз сөзінде өңір басшысының сәлемін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғасатынын атап өтті. Содан соң үлкен аудиторияда модератор болды.
Алдымен сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай баяндама жасады. Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуы мен ел тарихын және Алаш қайраткерлері туралы ой қозғап, жастардың жігерін жаныды. Нәзір Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Жаппар Жұман тұңғыш дипломат жайлы кеңінен баяндады.
Астанадан келген ғалымдардан соң, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек сөз алып, нәубет жылдар төңірегінде тың ақпаратпен бөлісіп, жақында шыққан кітабын таныстырды. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай көрші өзбек елінде жасалған зерттеу барысын баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ләззат Динашова архивтен табылған деректерді мысалға келтіре отырып, бұл қадамдардың жай есеп үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті. Содан соң Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнара Шардарбекова сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
«Оқушылар сарайы» ғимаратында өткен кездесуге өңір жастары, түрлі сала өкілдері және облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері қатысты. Кездесу соңында қатысушылар түрлі сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №6 қаулысына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және 63 адамнан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Барлық категория бойынша құжатта жалпы 6193 адамның дерегі табылған. Олардың құқықтық тұрғыда ақталмағандығы анықталып, ақтауға ұсынылған.

КЕНТАУЛЫҚ ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕПКЕ СПОРТ АЛАҢШАСЫН САЛЫП БЕРДІ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысты.
Қала әкімі педагогикалық ұжымды, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ еңбегі еселі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.

Жиын соңында қала әкімі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің мектепке тарту ретінде салып берген спорт алаңшасының ашылуына қатысты. Одан бөлек, білім ордасының ішіне рәміздер алаңын жасап берген.

Айта кету керек, биыл Кентау қаласында 741-дей оқушы мектеп бітірмек. Олардың 677-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биыл 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер болып отыр.

САРЫАҒАШТЫҚ ЖАСТАР 101 ЖАСҚА КЕЛГЕН СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ҮЙ АУЛАСЫН ТАЗАЛАДЫ

Сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында Ұлы Отан соғысының ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын ретсіз өскен шөптерден тазартып, қоқыстарды шығарды. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.

Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған.

Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

«ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҮЙ АУЛАСЫНДА СЕНБІЛІКТЕР ӨТІП ЖАТЫР

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтіп жатыр. Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқаруда.

Атап айтқанда, шөп ору, жер аудару, ағаш бұталау, үйдің қасбеті мен қоршауларды сырлау, қоқыстан тазарту жұмыстары.

Мәселен, бүгін Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰРДАСТАРЫН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІН ӨТКІЗДІ

Облыс орталығында «Бекзат» тұрғын алабының 1999 жылы туған азаматтары кіші футболдан құрдастарын еске алу турнирін ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында ел ағасы Дәулеткерей Оспанов, «Бекзат» мешітінің бас имамы Ғалымжан Аташев, марқұм Абай Сәбитұлының ата-анасы сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға сәттілік тіледі.

«Аға буынның ізін жалғап, марқұм болған бауырларымызға құран бағыштап, көпшілікке ас бердік. Теңбіл доп сайысына қатысуға 1960 жылғы ардагер команда мен 2007 жылғылардың құрамасы өтініш білдіріп, жалпы саны 24 топ бақ сынады. Жүлдегер командаларға медаль мен қаржылай сыйлық ұсынылды», — деді ұйымдастырушылардың бірі Бекзат Мұрат.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды 1994 жылғы, 2-орынды 1990 жылғы азаматтар иеленді. Ал 2004 жылғы жастар үздік үштіктің қатарына енді.

Жарыс жеңімпаздары тартысты додада чемпион атанғанына қуанышты. Команда капитаны Асыл Шайзынданың айтуынша, бұл турнир мөлтек аудан азаматтарының ауызбіршілігін арттыруға септігі мол.

Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Тұрғанбай – «Үздік ойыншы», Мұрат Балғабаев – «Үздік қақпашы» атанса, Батыр Абдуалиевке – «Үздік шабуылдаушы» номинациясы берілді. Дәстүрлі турнир өткізу эстафетасы 2000 жылы туған жастарға табысталды.