Архив рубрики: Жастар саясаты

ТҮРКІСТАНДА АЛАШТАНУШЫЛАР МЕН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістанда ғалымдар, алаштанушылар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Аталған жиын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған.
Кездесу алдында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қонақтарды қабылдады. Ол өз сөзінде өңір басшысының сәлемін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғасатынын атап өтті. Содан соң үлкен аудиторияда модератор болды.
Алдымен сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай баяндама жасады. Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуы мен ел тарихын және Алаш қайраткерлері туралы ой қозғап, жастардың жігерін жаныды. Нәзір Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Жаппар Жұман тұңғыш дипломат жайлы кеңінен баяндады.
Астанадан келген ғалымдардан соң, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек сөз алып, нәубет жылдар төңірегінде тың ақпаратпен бөлісіп, жақында шыққан кітабын таныстырды. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай көрші өзбек елінде жасалған зерттеу барысын баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ләззат Динашова архивтен табылған деректерді мысалға келтіре отырып, бұл қадамдардың жай есеп үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті. Содан соң Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнара Шардарбекова сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
«Оқушылар сарайы» ғимаратында өткен кездесуге өңір жастары, түрлі сала өкілдері және облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері қатысты. Кездесу соңында қатысушылар түрлі сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №6 қаулысына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және 63 адамнан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Барлық категория бойынша құжатта жалпы 6193 адамның дерегі табылған. Олардың құқықтық тұрғыда ақталмағандығы анықталып, ақтауға ұсынылған.

КЕНТАУЛЫҚ ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕПКЕ СПОРТ АЛАҢШАСЫН САЛЫП БЕРДІ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысты.
Қала әкімі педагогикалық ұжымды, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ еңбегі еселі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.

Жиын соңында қала әкімі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің мектепке тарту ретінде салып берген спорт алаңшасының ашылуына қатысты. Одан бөлек, білім ордасының ішіне рәміздер алаңын жасап берген.

Айта кету керек, биыл Кентау қаласында 741-дей оқушы мектеп бітірмек. Олардың 677-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биыл 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер болып отыр.

САРЫАҒАШТЫҚ ЖАСТАР 101 ЖАСҚА КЕЛГЕН СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ҮЙ АУЛАСЫН ТАЗАЛАДЫ

Сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында Ұлы Отан соғысының ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын ретсіз өскен шөптерден тазартып, қоқыстарды шығарды. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.

Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған.

Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

«ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҮЙ АУЛАСЫНДА СЕНБІЛІКТЕР ӨТІП ЖАТЫР

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтіп жатыр. Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқаруда.

Атап айтқанда, шөп ору, жер аудару, ағаш бұталау, үйдің қасбеті мен қоршауларды сырлау, қоқыстан тазарту жұмыстары.

Мәселен, бүгін Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін – «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰРДАСТАРЫН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІН ӨТКІЗДІ

Облыс орталығында «Бекзат» тұрғын алабының 1999 жылы туған азаматтары кіші футболдан құрдастарын еске алу турнирін ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында ел ағасы Дәулеткерей Оспанов, «Бекзат» мешітінің бас имамы Ғалымжан Аташев, марқұм Абай Сәбитұлының ата-анасы сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға сәттілік тіледі.

«Аға буынның ізін жалғап, марқұм болған бауырларымызға құран бағыштап, көпшілікке ас бердік. Теңбіл доп сайысына қатысуға 1960 жылғы ардагер команда мен 2007 жылғылардың құрамасы өтініш білдіріп, жалпы саны 24 топ бақ сынады. Жүлдегер командаларға медаль мен қаржылай сыйлық ұсынылды», – деді ұйымдастырушылардың бірі Бекзат Мұрат.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды 1994 жылғы, 2-орынды 1990 жылғы азаматтар иеленді. Ал 2004 жылғы жастар үздік үштіктің қатарына енді.

Жарыс жеңімпаздары тартысты додада чемпион атанғанына қуанышты. Команда капитаны Асыл Шайзынданың айтуынша, бұл турнир мөлтек аудан азаматтарының ауызбіршілігін арттыруға септігі мол.

Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Тұрғанбай – «Үздік ойыншы», Мұрат Балғабаев – «Үздік қақпашы» атанса, Батыр Абдуалиевке – «Үздік шабуылдаушы» номинациясы берілді. Дәстүрлі турнир өткізу эстафетасы 2000 жылы туған жастарға табысталды.

ҚАЗЫҒҰРТТА 300 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Бүгін Алғыс айту күні қарсаңында Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық округінде А.Байтұрсынов атындағы 300 орындық мектеп ашылды. Жаңа оқу орнының ашылу салтанатына БАҚ өкілдері арнайы баспасөз турымен барды.

 

 

Білім ордасының құрылысы республикалық бюджет есебінен 2021-2024 жылдар аралығында жүрген. Қазіргі таңда мектепте 261 оқушы екі ауысымда білім алады. Мектеп құрылысын тәжірбиелі мердігер «Өмірзақ» ЖШС-гі атқарған және толық заман талабына сай жабдықталған.

 

 

Оқу ордасында физика, химия, биология, информатика, кабинеттерінен бөлек, тігін шеберханасы мен үлкен спорт зал бар. Осылайша ауыл тұрғындары көктемнің алғашқы күнінде қуанышқа кенеліп отыр.

 

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 3 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ал биыл қосымша 3 білім беру ғимаратының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

 

ДЕПУТАТ – ТУҒАН ЖЕРІНЕ ДЕМЕУШІ

Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының аудан, қалалардағы халық алдында есеп беру кездесулері жалғасын табуда. Кезекті жиын Арыс қаласында өтті. Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов  тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланың тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қала әкімдігінің салалық бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдар басшылары, қала халқы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова жүргізіп отырды. Алғашқы сөз депутат Е.Қосмамбетовке беріліп, ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Кейіннен халық қалаулылары арыстықтардың ауыз сумен, электр энергиясымен қамту сынды көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Кездесуді қорытындылаған облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов Арыс қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуына тоқталып, бүгінде облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының басшылығымен облысқа инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласын дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.

 

“Мемлекеттің қаражатына жасалған жұмыстарды тізбектеп ауылға газ, жарық, ауыз су, жол жеткіздік деп мақтанудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл тірліктер онсыз да бюджеттен бөлінетін қаржымен шешімін табады. Депутаттың ең басты әрекеті өз ауылдарына инвестиция тарту, демеушілер табу және кәсіпорындар салып, халыққа пайдасын тигізетін жұмыс орындарын ашумен бағаланады. Егер осындай істерді жүзеге асырған азаматтар болса, міне сол нағыз халық қалаулысы деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар тек әкімнің міндеті болмауы керек. Аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары да белсенді болуы қажет деп есептеймін”,- деді Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Арыс қаласының халқымен кездесуде

Расында, Мемлекет басшысы елге, өңірлерге инвестиция тарту, сол арқылы әлеуметтің әлеуетін көтеруді міндеттеп отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының басшылығымен бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
“Сондықтан ескі әдістерді, өтірік есеп беретін жиындарды қысқартайық. Керісінше ел болып, теміржолшылар мекені, тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланайық”,- деді мәслихат төрағасы.
Жалпы Арыс қаласына 2023 жылы түрлі сала бойынша 50 нысанға 6 миллиард 588 миллион теңге бөлінген екен. Оның ішінде: республикалық бюджеттен – 920 миллион, ұлттық қордан – 2 миллиард 655 миллион, облыстық бюджеттен – 2 миллиард 997 миллион теңге қаралған. Осылай деп баяндаған облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Қосмамбетов депутат өз туған жеріне демеуші бола білуі тиіс екенін атап өтті. Сондықтан, қаланың экономикасын көтеру үшін кәсіпкерлік саласын өркендетуге ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, Ержан Қосмамбетов Арыс қаласының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азамат. Ол, тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандарды ел игілігіне беріп, тұрғындардың талап-тілегін орындауды да басты назарға алған. Жалпы, тұрғындар осындай есеп беру кездесуін өткізген депутаттарға алғыстарын білдіре отырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кездесуден соң, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жеке қабылдау өткізіп, қала тұрғындарының мәселелерін тыңдады.Жеке қабылдауда қала тұрғындары көтерген барлық мәселелерді бақылауға алып, қала әкімдігіне тиісті ұсыныстар енгізді.

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 3474 АДАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Шардара ауданында былтыр 3474 адам жұмысқа орналасқан. Аудандық «Мансап орталығы» ұсынған мәлімет бойынша өткен жылы 4408 тұрғын жұмыспен қамту жобаларына қатысыпты.

Нақтырақ айтқанда,  өткен жылы жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған 2,5 пайыздық шағын несиені 33 азаматқа беру жоспарланып, нәтижесінде 21 азамат комиссия отырысына қатысқан және олардың бизнес жобалары мақұлданып, қаржылары аударылды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 78 азаматқа берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына өткен жылы 29 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 198 азамат жолданды.

Ал, «Жастар практикасына» 2023 жылы 413 жас маман жолданды. Қоғамдық жұмыстарға 729 жұмыссыз азамат жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына 27 жұмыс берушіге 76 адам қамтылса, «Күміс жас» жобасына 30 тұрғын жолданды. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша 2028 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес 15 жұмыссыз тігінші мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқуға жолданды. Жылдың қорытындысымен оқуды аяқтаған 15 азаматтың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жұмыссыздарды enbek.kz платформасында онлайн оқыту бойынша 130 адам оқып, сертификаттарын алды. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша 690 адам кәсіпкерлік негіздеріне маманданды.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, ауданда биыл 898 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 1187 жұмыс орны ашылды.

 

ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫ «ЖАС БАРЫС» АТАНДЫ

Түлкібастық Жомарт Қуанышбек республикалық «Жас барыс» турнирінде «Жас барыс» атағын иеленіп, І орынмен марапатталды. Жомарт бүгінде аудандағы Дауан атындағы мектептің 10-сынып оқушысы. Ол облыстық «Жас барыс» турнирінде де «Жас барыс» атанған болатын.
Жас балуан – қазақ күресінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Сонымен қатар, облыстық «Qazaq kuresi» жылдық қорытындысында «Үздік спортшы» атағын иеленіп, арнайы мадақтамамен марапатталған. Жаттықтырушысы — Шажалиев Алмас.

Д.ТҰРҒАУТОВА: “ҮЗДІК МЕКТЕП” ҮМІТТІ АҚТАЙДЫ

Мақтаарал ауданындағы «М.Тоқжігітов атындағы №42 жалпы  орта мектебі» білім сапасын ішкі және сыртқы бағалаудың нәтижелері (оқу жетістіктерін сыртқы бағалау, ұлттық бірыңғай тестілеу және халықаралық зерттеулер рәсімдерінің нәтижесі ) бойынша 56 мектептің арасында 5 орында.

Мектепте педагогтарды ақпараттық-коммуникациялық технологиямен қамтамасыз ету, мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі сапалы өзгерістерді зерттеу мониторингісінің нәтижесі жоғары деңгейде. Сондай-ақ, педагогтар мен басшылардың кәсіптік және жеке өзін-өзі көтеруі үшін жағдай жасау бойынша білім беру ұйымында ақпараттық-әдістемелік кеңістіктің қалыптасқан.

Орта білім беретін ұйымның ерекше миссиясы: функционалды сауатты, мемлекеттік грант иегерлері мен еліміздің патриот азаматтары мен азаматшыларын тәрбиелеп шығару.  Жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын табысты меңгерген оқушылар үлесінің серпіні- 2018-2019 оқу жылында ҰБТ-ге қатысқан бітіруші түлектердің 60 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған.

 


Соңғы үш жыл ішіндегі оқушылардың оқу рейтингтік жоғары көрсеткіштері:

2015-2016 оқу жылы-білім сапасы – 41, үлгерімі-100, орта бал-3,50.

2016-2017 оқу жылы білім сапасы – 42, үлгерімі-100, орта бал -3,57.

2017-2018 оқу жылы білім сапасы – 43,  үлгерімі-100, орта бал-3,6.

2018-2019 оқу жылы білім сапасы -44,үлгерім-100,орта бал-3,6.

2019-2020 оқу жылы білім сапасы -45, үлгерім-100, орта бал-3,7.

Оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбегін қорғауға жағдай жасау мен білім беру ұйымдарында білім алушыларды спорт секцияларының қызметімен қамту бағытында  мектепте 5 спорттық және спорттық би үйірмесі жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар, Облыстың  білім  саласының  дамуына  ерекше  үлес қосқаны  үшін Мақтаарал  ауданы, «М.Тоқжігітов атындағы №42 жалпы  орта мектебі» 2019 жылдың  «Үздік мектебі» номинациясының иегері болып танылған.

Түркістан облысының  адами әлеуетті  дамыту  басқармасы облыстық әдістемелік  орталығы  ұйымдастырған «Табысты  менеджер-2019» облыстық  байқауында  жүлделі  ІІ орынды  иеленгені  үшін марапатталған.

Қазақстан  Республикасы оңтүстік аймақтың жетекші  мектептерінің «Жаңару жаршысы – 2019» атты  І форумында белсене  қатысқаны  үшін  Алғыс хатпен  мектеп  директоры  марапатталған.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын, математикалық, жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығын дамыту және қалыптастыру критерийлері, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жарыстарының жүлдегер оқушыларының үлесі- 50 пайыз. Халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру (халықаралық ұйымдармен жасалған шарттар саны, халықаралық жобаларға қатысқан оқушылар мен педагогтар үлесі)- 10 пайызды құрайды

Білім беру сапасын басқару бойынша оқушылар мен ата-аналар қажеттілігінің білім беру мониторингісінің нәтижесі негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау өз деңгейінде. Білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесі қызметінің нәтижелілігі де жоғары деңгейде.

@ Тұрғаутова Динара Пернебекқызы – Мақтаарал ауданы білім бөлімінің М.Тоқжігітов
атындағы №42 жалпы орта мектебінің директоры