Архив рубрики: Қоғам

ШҰҒЫЛ ШТАБТЫҢ ТӘУЛІК БОЙҒЫ ЖҰМЫСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

Биыл Түркістан облысы бойынша аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372,0 мың га аумаққа жоспарланған. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшыларынан жауаптылар бекітілді. 4 жедел штаб құрылып, жұмыс күші жасақталды.

Шұғыл штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары бойынша штаб жұмысын жіті қадағалауға алған.
Шегіртке зиянкесіне қарсы 1 058,0 мың га аумақ зерттеу жоспарланып, қазіргі таңда 391 680 га зерттелді. Оның ішінде, 137 507 га аумақ экономикалық зиянды шегінен (ЭЗШ) асты. Бүгінгі күнге 126,4 мың га өңделді.

Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жайылым жер алқаптары 65 аймаққа бөлініп, картасы әзірленді, 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды.
2 990 жайылым жер иелеріне хабарлама берілді.
Шегіртке дернәсілдерінің алғашқы шығуы 3-сәуір күні Арыс қаласы аумағында анықталды.
Жұмысшы топ 24/7 режимінде жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар, 65 жұмысшы топты тасымалдауға микроавтобустар, су жеткізуге 45 арнайы автокөлік (водовоз), жанар-жағармай жеткізуге 30 арнайы автокөлік (бензовоз) әзірленді.

Жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету аудан-қала әкімдіктері мен демеушілер тарапынан ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, анықтаушылар мен химиялық улы препараттармен жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығы тұрақты бақылауда.

Алғашқы анықталған дернәсіл сатысында аспалы бүріккішпен өңдеу тиімділігі анықталып, жоспарланған 475 дана бүріккішке қосымша 386 дана бүріккіш алынып, жалпы 861 дана аспалы (ранцевый) бүріккішпен жұмыс жүргізілді. Химиялық өңдеу жоспарының 317,8 мың га 257 жер үсті бүрку техникаларымен, 54,2 мың га әуемен 4 бірлік «АН-2» ұшағымен өңдеу жоспарланып, жүзеге асырылуда.


Қосымша 41 техника, 5 газогенератор, 12 дрон жұмылдырылды.
Химиялық өңдеуде «Тиаметрин», «Каратэ»препараттары пайдаланылуда.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 30 ЖЫЛ» МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Түркістандағы «Достық үйінде» Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медальдарын тапсыру рәсімі өтті.

Салтанатты шараға өңірдің өркендеуіне және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар қатысты. Марапатқа ие болғандар арасында ҚХА мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері бар.

Бірлікке үндеген жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Ассамблеяның игілікті істеріне тоқталып, қуаныш иелерін марапатымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесімен құттықтады.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық белесі бізге өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігі мен келісімінің жемісі. Өңірдегі Ассамблея мүшелерінің, этномәдени бірлестіктердің ел ынтымағын сақтау жолындағы еселі еңбегі зор. Бүгінде облыстық Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобаларын тиімді іске асыруда. Баршаңызды ҚХА мерейтойымен құттықтаймын! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жалпы өңірлік Ассамблеяның ұйытқы болуымен жыл басынан бері 27 мыңға жуық адам қатысқан 440 іс-шара, 15 қайырымдылық акциясы өткізілген. Сонымен қатар, 134 ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіліп, оған 7000-ға жуық тұрғын қатысты.

Мерекелік шара соңында облыс әкімінің орынбасары марапат иелеріне жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, алдағы жоспар-жобаларына табыс тіледі.

 

Түркістан қаласы Ішкі саясат бөліміне жаңа басшы тағайындалды

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен Ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметіне Тоймахан Шоқан Баймаханұлы тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға қала әкімі аппаратының басшысы Әлібеков Қуаныш Нұржанұлы таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Тоймахан Шоқан Баймаханұлы 1992 жылы 3 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, мемлекеттік қызмет саласында жинақтаған мол тәжірибесімен танылған білікті маман.

Еңбек жолы:
• 2013–2014 жж. – Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің инспекторы;
• 2014–2015 жж. – Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы;
• 2015–2016 жж. – Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінің бас маманы;
• 2016–2021 жж. – Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің бас маманы;
• 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін – Түркістан қаласы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы.

Ол түрлі деңгейдегі әкімшілік құрылымдарда абыройлы еңбек етіп, өзінің кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін және жауапкершілік қасиетін іс жүзінде дәлелдеген.

Басшылық қызметінде Тоймахан Шоқан Баймаханұлы ішкі саясаттың негізгі бағыттарын жүйелі түрде дамытып, қоғамдық ұйымдармен тиімді әріптестік орнатуға және тұрғындармен байланысты нығайтуға баса мән беретін болады.

Жаңа басшыға зор сенім білдіріліп, алдағы қызметіне сәттілік пен табыс тілейміз.

Ұялы байланыстың базалық станциясынорнату және пайдалануға беру

Базалық станциялар – ұялы радиобайланыс жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Олар әрекет ету аймағындағы ұялы телефондармен байланыста болады және сигналды қабылдау және беру режимінде жұмыс істейді. Электромагниттік сәуле – бұл базалық станцияның антенналарынан шығатын электромагниттік толқындар.

Ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және пайдалануға беру – ұзақ және бақыланатын процесс, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық деңгейіндегі қатаң қағидалармен реттеледі. Базалық станцияны орнатуға ЭМӨесептеулерінің нәтижелері көрсетілген, санитариялық-қорғаныш аймағының шекаралары және құрылыс салуды шектеу аймағы көрсетілген жобалау материалдарына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары береді. Базалық станцияларды кез келген ғимараттар мен құрылыстарға орналастыруда қойылатын негізгі талап үй-жайда да, аумақта да электрмагниттік өрістің шекті рұқсат етілген деңгейін (10 МкВт/см2 аспайтын) қамтамасыз ету болып табылады.

 ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-19 бұйрығына сәйкес, базалық станция антенналары кез келген үлгідегі қолданыстағы құрылыстарға және арнайы салынатын діңгектерге орналастырылады. Жоғары сапалы ұялы байланысты қамтамасыз ету үшін базалық станциялардың антенналарынан таралатын негізгі электромагниттік энергия бір сәуледе жиналып, жақын маңдағы үйлермен қиылыспайтын етіп жіберіледі. Электромагниттік энергияны ұялы байланыстың барлық базалық станциясы емес, тек оның антенналары ғана шығарады және олар тәулігіне 24 сағат тұрақты қуат шығармайды. Базалық станциялардың қуаты осы базалық станцияның әрекет ету аймағында бір уақытта сөйлесетін немесе мобильді интернетті пайдаланатын адамдарға байланысты. Сондықтан түнде электромагниттік сәуле деңгейі нөлге тең болады.

Егер ұялы байланыстың базалық станциялары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдармен берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес орнатылса, сондай-ақ пайдалану кезінде санитариялық қағидалардың талаптары сақталса, онда антенналардан таралатын электромагниттік сәуле халық денсаулығы үшін қауіпті болып табылмайды.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н. Нышанов

Әсемдік салоны мен шаштаразға барған кезде нені білу қажет?

Қазіргі таңда тері тұтастығын бұзатын манипуляциялар — татуаж, маникюр, педикюр, пирсинг және басқа да косметологиялық қызмет түрлері кең таралған. Алайда бұл қызметтер санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда түрлі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Олардың қатарында вирусты гепатит В және С, папилломавирус, стафилококк, стрептококк, фолликулит, дерматит, абсцесс, тері мен тырнақ саңырауқұлақтары, педикулез, қышыма және басқа да аурулар бар. Инфекция, көбінесе, зақымдалған тері мен шырышты қабық арқылы немесе дұрыс зарарсыздандырылмаған құралдар арқылы жұғады.

Косметикалық және шаштараз қызметтерін көрсететін орындарда мына санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс:

Мұндай нысандар тұрғын үйлерде жеке кіреберісі болған жағдайда ғана орналасуы керек;
Жертөле қабаттары тек қосалқы немесе көмекші бөлме ретінде қолданылады;
Косметикалық кабинеттер ыстық және салқын суы бар раковинамен, қажетті құрал-жабдықтармен, бір реттік материалдармен қамтамасыз етілуі қажет;
Қызмет көрсету барысында келушініңденсаулығына зиян келтірмейтін және жеке ерекшеліктерін ескеретін тәсілдер таңдалуы тиіс.

Химиялық заттарды қолданғанда олардың технологиясы, құрамы, концентрациясы және әсер ету уақыты міндетті түрде сақталуы керек. Қолданылатын өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы шарт.

Қанмен жанасуы мүмкін барлық манипуляциялар резеңке қолғаппен жүргізілуі тиіс. Егер қызметкердің қолында ашық жара, сызат, іріңді бөртпе болса, қорғаныш құралдарын (пластырь) қолдануы қажет.

Маникюр, педикюр және косметологиялық қызметтер жеке жинақтармен орындалуы керек. Мұндай қызметтер кезінде тері мен шырышты қабық зақымдалуы мүмкін болғандықтан, барлық кезеңде қауіпсіздік шаралары толық сақталуы тиіс. Манипуляция алдында және кейін тері зарарсыздандырылуы қажет.

Құралдар бу, құрғақ ауа немесе химиялық әдіспен стерильденіп, таза жағдайда сақталуы керек. Педикюр кезінде аяқ астына салынатын жастық әр қолданғаннан кейін дезинфекциялық ерітіндімен сүртіледі. Қолға немесе аяққа арналған ванналар әр келушіден кейін жуылып, өңделеді.

Пеньюарлар тек таза сүлгімен немесе бір реттік жаға, лентамен бірге қолданылады. Әр келушігетаза киім-кешек (сүлгі, ақжайма, басқалар) берілуі тиіс. Таза және пайдаланылған киім бөлек сақталып, пайдаланылғаны қайта қолданылмайды.

Тарақтар, щеткалар, қайшылар әр келушіденкейін жуылып, дезинфекциялануы қажет. Электр ұстаралары мен косметикалық құралдардың пышақтары әр қолданған соң дезинфекция ерітіндісімен екі мәрте өңделуі керек. Барлық жуғыш және дезинфекциялау заттары арнайы жерде сақталады.

Қанмен ластанған қол немесе қолғап сабынмен жуылып, дезинфекциялануы тиіс. Қанменластанған қолғаптар арнайы ерітіндіге салынып, кейін жойылады.

Қызметкерлер жеке бас тазалығын сақтауықажет. Терінің тұтастығын бұзатын қызметтердікөрсететін мамандар жұмысқа орналасарда жәнежыл сайын В және С гепатиттеріне тексерілуі тиіс.

Эпидемияға қарсы шаралар, тазалау жәнезарарсыздандыру жұмыстары үшін жауапкершілікнысан әкімшілігіне немесе иесіне жүктеледі.

 

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшыорынбасары А. Еркінбекова

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ ТҮРКІСТАНДА ДАЙЫНДАЛДЫ

“Turkistan” телеарнасы жасанды интеллект арқылы алғашқы қазақ мультфильмін дайындап шығарды. Жаңа анимациялық туынды “Түркістан сақшылары” деп аталады. Идея авторы – телеарна қызметкері Ғасыр Құралбайұлы. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді жетік меңгерген маман мультфильмнің бірінші сериясын 7 күнде жасап шыққан. Ең қызығы – бірінші серияға бар болғаны 70 мың теңге қаржы жұмсалған.
Ғасырдың айтуынша, жасанды интеллект бағдарламасының ақылы нұсқасына жазылуға – 100 АҚШ доллары, анимациялық фильмнің саундтрегін жаздыруға 20 мың теңге жұмсалған. Сондай-ақ, ол мультфильмнің келесі сериялары дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, болашақта кинотеатрларда көрсетілетін толыққанды коммерциалық мультфильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтты. Фильм сюжеті қасиетті қала Түркістанды қауіп-қатерден қорғап, балаларды адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін мифологиялық кейіпкерлердің әрекеттерінен құралған. Олар, Ақпантер – жылдам әрі батыл барыс, Алтынқанат – бәрін байқағыш бүркіт, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа.

ҚЫЗМЕТ АЛУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ TELEGRAM БОТ ПЛАТФОРМАСЫ АРҚЫЛЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Мемлекеттік қызметтерді көрсету – бұл мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдылық бере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және азаматтардың өтініштеріне жедел кері байланыс орнату мақсатында өткен жылы «EgovKZBot2.0» telegram бот платформасы іске қосылған.

Бұл бот платформасының басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша халықпен жедел кері байланыс орнату және туындаған сұрақтарға толыққанды ақпарат ұсыну.

Осы ретте, ағымдағы жылдың 7 наурызында Келес ауданының тұрғыны «EgovKzBot2.0» телеграмм боты арқылы «Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау» мемлекеттік қызметін алуға қатысты шағымын жолдаған.

Анықталғандай,  шағым иесі 2025 жылдың 19 ақпанында Түркістан облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының филиалына әлеуметтік төлем тағайындау бойынша өтініш жолдаған.

Өтінішті қарау барысында жеке кәсіпкерлерден 2023 жылдың қыркүйек айы мен 2024 жылдың наурыз айларының арасында әлеуметтік аударымдарды Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 246-бабы бұзыла отырып, уақытылы төлемегені анықталған.

Осыған орай, Департаментпен шағым иесіне қоңырау шалынып  туындаған кедергілер бойынша Қағида талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді.

Өз кезегінде, шағым иесімен 2025 жылдың 13 наурызында қажетті құжаттар топтамасы қайта жинақталып, өтініш берілген.

Нәтижесінде, шағым иесінің құқықтары қалпына келтіріліп,
2025 жылдың 18 наурызында әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім шығарылған.

Атап өту қажет, бот платформасы арқылы ағымдағы жылы 30-ға жуық өтініш келіп түскен. 


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

АбылайханДағыстанұлыНАУРЫЗБАЕВ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» АЯСЫНДА 600-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТҚА ДӘРІС БЕРІЛГЕН

 

Түркістан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында бірқатар ауқымды шаралар атқарылуда. Бүгінгі таңда қарыздары 90 күннен асқан 589 облыс тұрғынына дәріс беріліп, қатысушылар арасында есепшоттары бұғатталған азаматтардың шоттары ашылды. Сондай-ақ, азаматтардың атынан банкроттық жариялауға құжаттары жолданып жатыр.

Облыс тұрғындарына қаржылық сауаттылық бойынша білім беру сабақтары Түркістан қаласы, Төлеби, Сауран және Сайрам аудандарында ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда «Қарызсыз қоғам 2.0» жобасы қолға алынып, азаматтарды офлайн оқытудан бөлек, онлайн білімін жетілдіруге мүмкіндік жасалып отыр. Ол үшін qogamfin.kz сайтына тіркеліп, қаржылай сарапшы мен заңгердің қызметіне жүгінуге болады.

Айта кетейік, 2024 жылы елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында түрлі заң мәселелері бойынша 70 мыңнан астам жеке консультация өткізілген. Жоба 8 мыңнан астам қазақстандыққа 90 күн мерзімі өткен несие мәселелерін шешуге септігін тигізген. Алаяқтықтан зардап шеккен 1500 адамға заң көмегі көрсетіліп, 6 мыңнан астам шот бұғаттан шешілген.

Ұлттық құрылтай қоғам мен мемлекет үшін маңызды бағыттарды көрсетеді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзі қоғам мен мемлекет үшін маңызды бағыттарды көрсететін болды. Қазақстанның дамуындағы негізгі мәселелер мен бағыттарды атап өтті, әсіресе саяси реформалар мен қоғамның қатысуы жайлы. Мемлекет басшысының сөзінен көрінгендей, ол ұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтық қоғамды дамытуға және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге баса назар аударды. Сонымен қатар, ол қоғамның әр түрлі топтарының пікірін ескеретін, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған саясатты алға жылжытуды жоспарлап отыр.

Әзімқұлова Әділет, көпбалалы ана

АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Арыс қаласына арнайы іссапармен барды. Онда бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, қаланың инфрқұрылымына қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ сала басшыларымен жиналыс өткізді.

Жиын барысында инфрақұрылым, энергетика, ауыз су, жол мен жарық мәселелері қаралды. Тиісті сала басшылары баяндама жасап, әр мәселе бойынша нақты жоспарлар ұсынылды.

Жиыннан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Қабылсай табиғи арнасының механикалық тазалау жұмыстарын бақылады. Жалпы ұзындығы 11,4 шақырымды құрайтын бұл жыраның бүгінде 80%-ы тазартылып, табаны тереңдетіліп, жағалары бекітілген. Биыл жұмыстар толық аяқталып, нәтижесінде су тасқыны қаупі сейіледі.

Сапар барысында «Оңтүстікауызсу» РМК қарасты су айдау стансасының жағдайы да қаралды. Мұнда мамандар стансаның қазіргі ахуалы мен қажетті шаралар туралы баяндады.

Одан бөлек іссапар Арыс-Шардара айналма жолы бойындағы Тұқымбақта жалғасып, Наурыз тұрғын ауданы маңында жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстары бақыланады. Жыл басынан бері бұл аумаққа 3 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Алдағы уақытта «Жасыл Арыс» КММ тарапынан айналасын қоршау және тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарлануда.

Қаладағы өзекті мәселелерді шешу жолдары жан-жақты талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.