«AMANAT» партиясы және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Shymkent Half Marathon–2026» марафоны қала өміріндегі маңызды спорттық оқиғалардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру міндеттері аясында ұйымдастырылған ауқымды шараға 3 мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары қатысты.
Іс-шараға Мұрат Жолдыхожаев, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, сондай-ақ елге танымал тұлғалар – Қайрат Түнтеков, Марат Достаев, «Миллион» жайдарман командасы, спорт саңлақтары Арман Оспанов пен Біржан Жақыпов, мәслихат депутаттары, еріктілер және қала тұрғындары белсенді түрде қатысты.
Марафонның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мұрат Жолдыхожаев бұл бастаманың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті:
«Бүгінгі марафон – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – салауатты өмір салтын ұстанатын белсенді қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында осындай бұқаралық іс-шаралардың рөлі ерекше. Қатысушылардың әрқайсысына сәттілік тілеймін, бастысы – жеңіс емес, белсенділік пен денсаулық!», – деді ол.
Жарыс бағдарламасы барлық жас ерекшеліктерін қамтыды: балалар 500 метр қашықтықта бақ сынаса, ересектер 5, 10 және 21,1 шақырым аралығында жүгірді. Қатысушылардың спорттық әлеуеті 30 жасқа дейін, 40 жасқа дейін, 50 жасқа дейін және 50 жастан жоғары санаттары бойынша бағаланды. Нәтижесінде үздік шыққан спортшылар арнайы алғыс хаттармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Марафонда ерекше көзге түскендердің бірі – 11-сынып оқушысы Рамазан Өскенәлиев. Ол 5 шақырымдық қашықтықты небәрі 17 минутта жүгіріп өтіп, қарсыластарынан оза шауып, жеңімпаз атанды.
«Өте керемет көңіл күйдемін. Бұл марафонға алдын ала тыңғылықты дайындалдым. Бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұған дейін де қатысқанмын, бірақ бұл – алғашқы жеңісім. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – дейді жас жеңімпаз.
Іс-шара барысында қатысушыларға барлық қажетті жағдай жасалды. Жүгірушілерге су мен жеміс-жидек таратылып, көрермендер мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнер жұлдыздарының өнер көрсетуі марафонның сәнін арттырып, қатысушыларға ерекше серпін берді.
Жалпы, «Shymkent Half Marathon–2026» – спорт пен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі ғана емес, қоғамды біріктіретін, белсенді өмірге ынталандыратын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сарыағаш ауданында «Заң мен тәртіп: қауіпсіз болашақ үшін» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға деген құрметті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесуге «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есентүгел Елеукен арнайы қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты. Ол өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды жауапкершілікке, отансүйгіштікке және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қауіпсіз болашаққа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Есентүгел Елеукен жастармен бірге ағаш егу акциясына қатысып, қоршаған ортаны қорғау және жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған игі бастаманы қолдады.
Кентау қаласында республикалық деңгейдегі «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылды. Ауқымды шара «Кентау қаласы әкімінің кубогына» арналды.
Көңілді тапқырлар сайысы елімізге танымал «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есен Елеукеннің жүргізуімен жоғары деңгейде өтті. Сайысқа еліміздің әр өңірінен және шетелден келген барлығы 12 команда қатысты.
Атап айтқанда, Шымкент, Сарыағаш, Астана, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Абай облыстарының командалары және Қарақалпақстаннан келген құрамалар бақ сынасты.
Тартысты дода бір кезең, сәлемдесу форматында өтті. Қатысушылар қоғамдағы әртүрлі тақырыптарды, Кентау қаласының ерекшеліктері мен көркем келбетін әзілмен шебер ұштастырып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Аталған шара – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, әзіл-сықақ жанрын дамытуға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Сайыс қорытындысы бойынша, І орын – Сарыағаш ауданынан келген «Абырой СұңқарМед» құрамасы, ІІ орын – Ақтөбе облысынан «Оспанов құрамасы», ІІІ орын – Шымкент қаласының «Mademuazel» құрамасы иеленді.
Сонымен қатар, Қарақалпақстаннан келген «Алмаз» құрамасына арнайы жүлде табысталды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, қатысушыларға және ойын жүргізушісі Есен Елеукенге алғыс білдірді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қасиетті Рамазан айында ізгі амал жасау түркістандық жастар арасында дәстүрге айналған. Жылдағы үрдіс бойынша Түркістан қаласындағы «Бекзат» мөлтек ауданының 1995 жылы туған ер азаматтары көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыстады.
Жалғызбасты ана Айсұлу Көшербаева тағдыр тауқыметімен мүмкіндігі шектеулі әкесіне қамқорлық жасай жүріп, 4 перзентімен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген. Қасиетті Рамазан айында қайырымды істің шарапатын көрген жанұя жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді.
5 бөлмелі баспананың лентасын қиып, кілтін табыстау ауыл ақсақалы Дәулеткерей Оспановқа, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызына және мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серімге бұйырды.
Қалалық мәслихат депутаттары Жандос Арыстанов, Жанбота Тағайбаев, ел ағалары Базарбай Мұсабеков пен Нұрғали Шерімбетов құттықтауын жеткізіп, ізгі тілектерін арнады.
Айта кетейік, 1988 жылы туған азаматтардың бастамасымен Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында бір отбасын баспанамен қамту шарасын 1995 жылы туған жігіттер жалғастырды. Игі дәстүрдің арқасында осы уақытқа дейін 20 отбасы баспаналы болып отыр.
Келесі кезекте 29 наурыз күні «Ынтымақ» саябағында Наурыз думан тойы ұйымдастырылып, қайырымдылық эстафетасы 1996 жылы туған азаматтарға ұсынылады.
Жалпы, аталған мөлтек ауданда жыл сайын аз қамтылған 2 отбасыға үй табысталады. 1982 жылы туған азаматтардың 20 жылдық түлектер кездесуінде сыныптастары үшін салынған үйді табыстау рәсімін жалғастыруға биыл 1988 жылғы азаматтар жұмылады.
Астана, Қазақстан — Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атына “Dostyq Fellowship” бағдарламасы аясында Корея Республикасында өткен Capstone Project жобасына қатысып қайтқан Woosong University Kazakhstan университетінің 12 студенті алғыс хат жолдады.
Студенттер Мемлекет басшысына елімізде білім беру саласын дамытуға және жастардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына бағытталған жүйелі қолдау көрсетіп отырғаны үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер халықаралық стандарттарға сай білім алуға, озық тәжірибелерді меңгеруге және жаһандық бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға жол ашып отыр. Осы орайда мемлекетімізге зор ризашылығымызды білдіреміз.
Үш аптаға созылған Capstone Project бағдарламасы барысында қазақстандық студенттер жасанды интеллект, IT және бағдарламалау бағыттары бойынша нақты жобалармен жұмыс істеп, халықаралық профессорлар және мамандармен бірлескен тәжірибе алды. Бағдарлама кәсіби білімді тереңдетумен қатар, командалық жұмыс, жобалық басқару, жүйелі ойлау және жауапкершілікті бөлісу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, шетелдік студенттермен бір ортада білім алу мәдени алмасуды нығайтып, халықаралық ынтымақтастық пен өзара құрмет құндылықтарын терең түсінуге ықпал етті. Woosong университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ұйымдастырушылары тарапынан көрсетілген қолдау сапардың жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті.
Бағдарлама қатысушылары алған білімдері мен тәжірибелерін ел игілігіне бағыттауды азаматтық міндет санайтынын атап өтті. Атап айтқанда, өз өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында IT және цифрлық технологиялар саласын дамытуға, жастарға арналған инновациялық бастамаларды қолдауға үлес қосуды жоспарлап отыр.
Алимуратова Арайлым: Кореяға келгенде өзімді мүлде басқа академиялық ортада сезіндім. Қалалардың тазалығы мен адамдардың сыпайылығы ерекше әсер қалдырды. Университетте Capstone project бойынша корей студенттерімен бірге жұмыс істеп, идеядан бастап презентацияға дейінгі толық процесті өткердік. Командалық жұмыс пен уақытты басқару дағдыларым айтарлықтай дамыды. Экскурсиялар мен мәдени бағдарламалар сапарды мазмұнды етті.
Осындай халықаралық тәжірибе алуға мүмкіндік бергені үшін Президентке шынайы ризашылығымды білдіремін.
Қоғамның дамуы мен өркендеуі көбінесе жастарға байланысты. Себебі жастар – елдің тірегі, мемлекеттің белсенді бөлігі. Олар жаңа идеяларды енгізіп, өзгерістердің көшбасшылары бола алады. Сондықтан олардың ең басты міндеті — жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұрақты даму үшін алға жылжу.
Осы ретте, Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің әр өңірінде алғаш рет талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында,
Президенттің 2023 жылғы 15 маусымдағы № 255 Жарлығымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервін қалыптастыру және одан тағайындау Қағидалары бекітіліп, 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде өңірлік кадр резерві қалыптастырылды.
Бұл бастама – мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және
жас, білікті кадрларды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды қадам.
Өз кезегінде, облысымызда Кадр комиссиясының шешімімен өңірлік кадр резервіне 30 адам іріктеліп алынды. Бұдан басқа, Президенттік жастар кадр резервінен іріктеусіз 2 адам қабылданып, жалпы резервшілер саны 32-ні құрады.
Бұл тұста, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өңірлік кадр резервіне қабылданған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурссыз тағайындала алады.
Бүгінде облыстағы 32 резервшінің 20-сы тиісті лауазымдарға тағайындалды.
Айта кету қажет, жастар қоғамның негізгі қозғаушы күштерінің бірі бола отырып, жаңашыл ойлауымен, белсенділігімен және жауапкершілігімен ерекшеленеді.
Сондықтан, олардың энергиясы мен тың көзқарасы мемлекеттік қызметте басқару үдерістерін жетілдіруге, шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға және халықпен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Осы орайда, жастарды мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерді тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға шақырамыз.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Наурызбай Абылайхан Дағыстанұлы
Астанада биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік саладағы отыз үздік жобаның иелері елордаға жиналды. Әр жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталды.
Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, барлық бастамалар жас ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
«Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы бағытын айқындап, жаңа кезеңнің стратегиялық міндеттерін нақтылап берді. Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар», – деп атап өтті вице-министр.
Аида Балаева жеңімпаздарды құттықтап, жаңа бастамаларына табыс тіледі. Сондай-ақ ол жастарды ынталандыру мен қолдауға бағытталған басқа да жобалар туралы айтты. Олардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттің арнайы әдеби сыйлығы, журналистерге арналған «Үркер», «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бар.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды әрі болашағынан үміт күттіретін жастарды қолдау мақсатында 2021 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін аталған грант 123 қазақстандықтың идеясын іске асыруға және дамытуға мүмкіндік берді.
Биыл конкурсқа 6 бағыт бойынша 1700 өтінім келіп түсті, оның 1622-сі қабылданды. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, мәдениет пен өнерді дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, IT және волонтерлік саладағы стартаптарға, сондай-ақ креативті бизнес-идеяларға бағытталған жобалар бар.
Бүгін «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева ашып, жастардың қоғам өміріндегі белсенді рөлін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесінің өзектілігіне ерекше тоқталды.
Кеңес отырысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, кеңес төрағасының орынбасары Еркебұлан Мадиярұлы жүргізді. Күн тәртібінде Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қатысты индикаторлардың орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ, «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің келесі жылға арналған жылдық жоспарын бекіту мәселесі талқыланды.
Жиында Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айдынбек Махашов баяндама жасап, Жол картасында басқармаға бекітілген 7 тармақтың орындалу барысы туралы ақпарат берді. Ол Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді дамыту, көгалдандыру аумағын 5 400 гектарға дейін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Сонымен қатар, 2021–2025 жылдар аралығында облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінде 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілгені айтылды. Бұл жоспар Түркістан облысы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасымен үйлестіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жиын барысында экологиялық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар қабылданып, жүйелі түрде орындалып жатқаны айтылды. Осы тұста қоршаған ортаны қорғау, экологиялық білім беру, түрлі экологиялық акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім басқармасының бастамасымен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумы өткізіліп, еріктілердің қатысуымен бірқатар экологиялық акциялар ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда экология мәселесі тек мамандардың ғана емес, әрбір адамның өміріне тікелей қатысты тақырыпқа айналды. Ауа ластануы, судың азаюы, табиғаттың тозуы – мұның бәрі біздің денсаулығымызға, өмір сапамызға және болашақ ұрпақтың тағдырына әсер етеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті дамыту – заман талабы. Экологиялық мәдениет – бұл адамның табиғатқа жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортаны қорғауға саналы түрде үлес қосуы. Яғни қоқысты тастамау, суды үнемдеу, жасыл алаңды қорғау, ағаш отырғызу,табиғатқа зиян келтірмеу сияқты қарапайым әрекеттерден басталады.
« – Неліктен экологиялық мәдениет маңызды? Біріншіден – денсаулық үшін. Таза ауа, таза су, жасыл табиғат – адамның ең басты қажеттілігі. Егер табиғат ластанса, адамдарда тыныс жолы аурулары, аллергия, түрлі созылмалы дерттер көбейеді. Ал экологиялық мәдениеті жоғары қоғамда мұндай проблемалар азаяды. Сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін маңызды. Бүгін біз табиғатты қалай сақтасақ, ертең балаларымыз соны көреді. Табиғатты аялау – болашаққа қалдырған ең үлкен аманат. Табиғаты таза өңірге турист көп келеді, ауыл шаруашылығы дамиды, өмір сүру сапасы артады. Экологиясы нашар жерлерде керісінше шығын көбейеді. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Экологиялық мәдениетті қоғам – тәртіпті, саналы, өркениетті қоғам. Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау емес, ол адамның өзіне, өз денсаулығына, өз еліне деген құрметі. Табиғат – біздің ортақ байлығымыз, ортақ үйіміз. Сондықтан әрбіріміз табиғатқа жанашыр болсақ, таза әрі жайлы өмір сүруге мүмкіндік жасаймыз. Экологиялық мәдениетті дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, келешектің де кепілі.» – деді Қалыйма Жантөреқызы.
Ал, Айдынбек Үсенұлының айтуынша, облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жоспарланған 7 263 тазалық іс-шарасы толық жүзеге асырылған. Жыл басынан бері бұл іс-шараларға 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 6 998 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда ауқымды тазалау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізуде.
Кеңес мүшелері баяндамашыға бірқатар сауалдар қойып, ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстарының форматын жетілдіру, бұл бастаманы тек аумақты тазалау емес, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған тұрақты дағдыға айналдыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, экологиялық бағыттағы жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуы ескертіліп, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар енгізілді.
Кеңес отырысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында болады. Жол картасында көзделген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қоғамның күнделікті өміріне енгізу бағытындағы жұмыстар партия тарапынан жүйелі түрде қадағаланып, алдағы уақытта да нақты нәтижелерге қол жеткізуге басымдық берілмек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Келешек мектептері» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Түркістан облысында осы жоба арқылы 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылып, 1500 орындық мектеп қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жұртшылықты ғимараттың ашылуымен құттықтады.
«– Бүгін Мақтаарал өңірінде сүйінші жаңалық болып жатыр. Ауданда тағы да заманауи мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекетіміздің білім мен ғылымға бағытталған стратегиялық саясатын көрсететін мәні зор оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарлы қадам. Мақтаарал ауданында ашылып отырған 1500 орындық жаңа мектеп – ауылдағы балаларға жасалған үлкен қолдау. Бұл заманауи білім ордасында оқушылардың терең білім алуына, шығармашылықты дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда келешектің ойлы, парасатты және бәсекеге қабілетті жастары тәрбиеленеді. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасатын айбынды ордасы. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қасиетті мекен. Бүгін бой көтерген жаңа білім ұясы – осы өңірдің адами капиталын жақсартып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белеске жетелейді. Бізге білімді, отаншыл, рухы биік, жаңашыл буын керек. Міне, жаңа мектеп сол асыл міндетті орындауға қызмет етеді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ұстаздарымыз үнемі ізденіп, сапалы білім берулері керек. Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мақтааралдың білімге құштар жастары ғылым мен мәдениеттің биік шыңдарын бағындырып, елге қызмет ете берсін!» – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысы білім беру саласын жаңғырту және оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасын белсенді жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба — еліміздің білім жүйесін заманауи талаптарға сай қайта құру, сапалы және қауіпсіз білім беру инфрақұрылымын қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды бастама.
Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылған 1500 орындық мектеп жобасының құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Ал ғимарат 14 710 метр аумақта орналасқан. Сыйымдылығы – 1500 бала. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «BCN Group» ЖШС компаниясы жүргізді. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Спорт залы, мәдениет залы, асхана, акт залы, оқу бөлмелері мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері бар. Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасымен 29 білім ұясы салынды.
«Келешек мектептері» — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған ұлттық жоба. Оның негізгі мақсаты — жаңа мектептер салу, білім беру кеңістігін кеңейту, үш ауысымды оқыту мен оқушы орнын жетіспеу мәселелерін шешу, сондай-ақ оқушыларға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ету. Бұған дейін де Түркістан облысында «Келешек мектептері» аясында бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Атап айтқанда Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орындық және Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық мектептер ашылды. Келес ауданында Абай ауылында 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Сауран ауданында 300 орындық жаңа мектеп те ашылды. Бұл мектептер заманауи стандарттарға сай салынған: оқу кабинеттері, спорт залдары, кітапханалар, кең акт залдары, асхана және қауіпсіздік жүйелері бар. Мұндай инфрақұрылым оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Облыстағы мектептердің ақпараттық инфрақұрылымын дамыту да маңызды назарда тұр. Мысалы, кейбір мектептерде интернетке тұрақты қол жеткізу, соның ішінде ауылдық жерлердегі білім беру ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін халықаралық бастамалар да қолға алынып жатыр. Бұл оқушылар мен мұғалімдерге онлайн ресурстарға кіруді жеңілдетеді және білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді. «Келешек мектептері» жобасы Түркістан облысында мектеп тапшылығын жоюға айтарлықтай үлес қосуда. Заманауи мектептердің ашылуы жаңа оқу орындарының санын арттырып қана қоймай, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз етеді. Бұл — өңірде білім сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.
Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістер білім беру жүйесіне де түбегейлі жаңаруды талап етуде. Ғылым мен технологияның дамуы, цифрлық орта, жасанды интеллекттің кең қолданылуы – болашақ мектептерінің бейнесін түзіп, олардың жаңа бағытта дамуына жол ашып отыр. Сондықтан келешек мектебі – тек білім беретін орын ғана емес, тұлға қалыптастыратын, шығармашыл ойлауды дамытатын, өмірге бейімдейтін заманауи орталық болмақ.
Болашақ мектептерінде дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар толыққанды цифрлық платформа қолданылады. Интерактивті тақталар, виртуалды зертханалар, онлайн білім беру ресурстары, қашықтан оқу жүйесі оқушыларға кең мүмкіндік береді. Жасанды интеллект әр оқушының қабілеті мен қызығушылығына сай жеке оқу бағдарламасын ұсына алуы мүмкін. Келешек мектебі тек ақпарат берумен шектелмейді. Ең басты міндет – оқушыны ойландыру, талдауға, шешім қабылдауға, жаңа идея ұсынуға үйрету. Жобалық жұмыс, зерттеу жүргізу, тәжірибе жасау сияқты оқу формалары көбейеді. Бұл балалардың сын тұрғысынан ойлау дағдысын қалыптастырып, шығармашылық қабілетін дамытады.Тек білімді ұсыну жеткіліксіз. Болашақ мектебі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әлемдік мәдениетке бейім тұлға қалыптастыру ортасы болуы тиіс.
Құрмет, жауапкершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік секілді қасиеттерді бойға сіңіру – мектеп жұмысының маңызды бөлігі болып қала береді. Келешек мектебінің табысы – мұғалімге байланысты. Болашақ ұстаз тек пән үйретуші емес, бағыт беруші, кеңесші, мотивация беретін тұлғаға айналады. Заманауи технологияны меңгерген, үздіксіз ізденісте болатын, оқушымен тең дәрежеде сұхбат құратын жаңа форматтағы педагог қажет. Келешек мектептері жай ғана оқу ғимараты емес, қауіпсіз, қолжетімді, психологиялық тұрғыдан жайлы кеңістікке айналады. Спорт, өнер, ғылыммен айналысуға арналған заманауи кабинеттер мен орталықтар оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.Озық технология, сапалы білім, адамгершілік құндылық және жас ұрпақтың қабілетін ашуға бағытталған жаңа жүйе – елдің дамуына негіз болады.
Түркістан облысындағы «Келешек мектептері» жобасы — елдің білім беру жүйесін жаңғыртудағы маңызды стратегиялық қадам. Жаңа мектептердің ашылуы аймақтағы оқушыларға сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейтіп, білім саласындағы инфрақұрылымның дамуына серпін беруде. Жоба болашақта да оқушы орындарының тапшылығын жойып, заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыруды жалғастырады деп күтілуде.