ТҮРКІСТАНДА «ШӘМШІ ӘНДЕРІ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Түркістан төрінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ән әлемінің дара тұлғасы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ұлықтауға арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі басталды.

Фестивальдің басты мақсаты – композитордың мол музыкалық мұрасын насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін қолдау және көрерменге Шәмші әндерінің мәңгілік құндылығын паш ету.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған фестивальге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен өңір тұрғындары және қонақтар қатысып жатыр.


Кеш барысында еліміздің танымал эстрада жұлдыздары мен жас орындаушылар композитордың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін шырқауда. Сахнада «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Сарын» және «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмаханбет, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді. Мерекелік кештің жүргізушілері – Нұрсұлтан Есжан мен Алла Гаврина.


Айта кетейік, Президент бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы Заң қабылданған. Ол құжатта Түркістанды түркі әлемінің мәдени, рухани, тарихи және туристік орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға мол мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде шаһарда тиісті жұмыстар атқарылып, туристер саны жылдан-жылға артуда.

Жаңару үшін дауыс бер!

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бес жыл мерзімге сайланатын Құрылтай құрамына Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізіммен 145 депутат кіреді. Сайлау жалпыға бірдей, тең әрі төте сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.

Жасы 25-ке толған және елімізде соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан азаматтары депутаттыққа үміткер бола алады. Партиялық тізімдегі әйелдердің, жастардың және ерекше қажеттіліктері бар (мүгедектігі бар) жандардың жиынтық үлесі жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауы тиіс, ал үміткерлерді орналастыру ретін саяси партиялар өздері айқындайды.

Осынау маңызды саяси науқанды Сайрам ауданында жоғары деңгейде өткізу мақсатында дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда ауданымызда 142 094 азамат дауыс беру құқығына ие. Сайлау күні тұрғындар үшін 89 сайлау учаскесі кедергісіз қызмет көрсетеді. Олардың нақты құрамы, орналасқан мекенжайлары мен шекаралары «Мәртөбе» газетінде және жергілікті атқарушы органның ресми сайтында жарияланды.

Өз учаскеңізді 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу арқылы, сондай-ақ облыс пен аудан әкімдігінің интернет-ресурстары және Telegram-бот мессенджері арқылы оңай табуға болады.

Мұнымен қоса, сайлау күні 68 учаскеде онлайн қызмет жүйесі қосылып, учаскеге келген азаматтардың тіркелген мекенжайын жедел анықтауға, қажет болған жағдайда дәл сол жерде уақытша тіркеуге тұруға мүмкіндік береді.

Сіздерді еліміздің даму жолындағы жаңа белесті айқындайтын осы бір тарихи сәтке бейжай қарамай, конституциялық құқықтарыңызды пайдалануға және азаматтық жауапкершілік танытуға шақырамыз. Сайлаушылар тізімі тұрақты тіркелген мекенжайыңыз бойынша жасалады.

Ал уақытша тіркелген азаматтар жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш білдіру арқылы, бұрынғы тұрақты тіркелген жерінен тізімнен шығарылып, уақытша мекенжайы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

Әрбір азамат өзінің сайлау учаскесі мен тізімге енгенін алдын ала тексеруге құқылы. Егер тізімнен өзіңізді таппасаңыз, әкімдікке жүгініп, тиісті өтініш қалдыра аласыз.

Жазғы демалыс маусымын ескере отырып, өз елді мекеніңізден тыс жерде жүрсеңіз де дауыс беру мүмкіндігіңіз бар — ол үшін есептен шығару куәлігін алу жеткілікті. 2026 жылғы 7 тамыздан бастап өзіңіздің сайлау учаскеңізде сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеріп, қажет болған жағдайда өзгерістер мен нақтылаулар енгізу үшін учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне аласыз.

Құрметті Сайрам ауданының сайлаушылары!

Баршаңызды осы Құрылтай сайлауында белсенділік танытып, маңызды таңдау жасауға шақырамыз! Әрбір дауыс — мемлекетіміздің жарқын болашағына қосылған үлкен үлес. Еліміздің ертеңі мен жаңаруы үшін бірге дауыс берейік!

Сайрам аудандық

аумақтық сайлау комиссиясының

төрағасы С. Реметов

АРЫСТА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Арыс қаласында елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартумен қатар, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне де ерекше мән берілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйін бағалау мақсатында қала әкімі Қайсар Маңқараев қала аумағын аралап, бірқатар нысандағы атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді.

Аралау барысында табиғи ортаның тазалығы мен жасыл желектің сақталуына басымдық берілді. Қалаға кіреберістегі арка маңынан басталған жұмыс кезінде Арыс–Шымкент автожолының бойындағы ағаш көшеттерінің жағдайы қаралды. Бұл аумақ қаланың келбетін айқындайтын маңызды бөліктердің бірі болғандықтан, мұндағы жасыл желекті сақтап қалу, оның қалыпты өсуіне жағдай жасау мәселесі назарға алынды.

Қала әкімі жауапты мамандарға отырғызылған көшеттерді суаруды жүйелі ұйымдастырып, олардың әрқайсысына тиісті күтім көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстарында тек көшет отырғызумен шектелмей, олардың жерсінуі мен ұзақ мерзімді сақталуына жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

Экологиялық ахуал елді мекендердің тазалығымен тікелей байланысты. Осыған орай Дермене және Ақдала ауылдық округтеріндегі жағдай да назардан тыс қалмады. Ауылдардағы тазалық жұмыстары, көше бойларының жинақылығы, көгалдандырылған аумақтардың жай-күйі қаралып, қоршаған ортаға кері әсер ететін факторларды азайту бойынша міндеттер белгіленді.

Жергілікті атқарушы органдарға елді мекендер аумағында санитарлық тазалықты тұрақты сақтап, тұрмыстық қалдықтардың бейберекет жиналуына жол бермеу, қоғамдық орындар мен көше бойларын күтіп ұстау жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұл ретте тазалықты бір реттік науқан емес, күнделікті қалыптасқан тәртіп ретінде орнықтырудың маңызы айтылды. Қала ішіндегі көшелерді аралау кезінде де абаттандыру мен экологиялық тазалық мәселелері бірге қарастырылды. Анықталған кемшіліктерді жою, көше инфрақұрылымын ретке келтіру және тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыру жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, жаңа теміржол вокзалының құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысы тек құрылыс сапасы тұрғысынан ғана емес, аумақты тиімді ұйымдастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігі тұрғысынан да назарға алынды. Мердігерге құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптар мен мерзімдерге сай жүргізу міндеттелді.

Қала басшысы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі керектігін атап өтті. Таза көшелер, сақталған жасыл желек, ұқыпты күтілген қоғамдық орындар мен реттелген құрылыс аумақтары – қаланың экологиялық мәдениетінің маңызды көрсеткіштері.

Арыста абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да қоршаған ортаны қорғау талаптарымен сабақтастықта жүргізіледі. Берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болып, анықталған мәселелерді жедел шешуге басымдық беріледі.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ БАСТАМАЛАРЫ САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндірісті жаңғырту, өнімді терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Бұл бағыттағы тапсырмалар мен бастамалар Түркістан облысында, оның ішінде ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары Сайрам ауданында нақты жобалар арқылы жүзеге асуда.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысын зерделеу мақсатында Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сайрам ауданындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында Манкент елді мекенінде орналасқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет комбинатының өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды.

Аталған кәсіпорын – Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру және шикізатты дайын өнімге айналдыру жөніндегі саясатының өңірдегі нақты көріністерінің бірі. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнында жылқы, ірі қара және ұсақ мал еттері терең өңдеуден өткізіледі.

 

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30-40 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік береді. 460 гектар аумақта орналасқан өндірістік кешеннің құрылысы өткен жылы аяқталған. Бір ауысымда мұнда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге жағдай жасалған.

Өндіріс орнының тағы бір ерекшелігі – өнімнің ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа бағытталуы. Кәсіпорында өндірілген өнімнің шамамен 50 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Бұл Түркістан облысының ет өндірісіндегі әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамытуда тек өнім көлемін ұлғайтумен шектелмей, оның сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сайрам ауданындағы ет комбинатының қызметі ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін өзара байланыстыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Жұмыс сапары кезінде министр мен облыс әкімі өндіріс барысын қарап, кәсіпорын ұжымымен және шаруалармен кездесті. Кездесуде мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісін ұлғайту, өнім сапасын арттыру және экспорт көлемін көбейту мәселелері талқыланды.

Айдарбек Сапаров жауапты сала мамандарына өндірістік жобаларды сапалы іске асырумен қатар, кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті. Бұл – ауыл шаруашылығын экономиканың тұрақты әрі жоғары өнімді саласына айналдыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.

Бүгінде Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан. Ауданда мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағытындағы кәсіпорындар жұмыс істейді. Ірі өндіріс орындарының дамуы жергілікті шаруалар үшін өнім өткізудің тұрақты арнасын қалыптастырып, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

«KAZ ECO MEAT» ЖШС-де қазіргі таңда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Өндірістің әрі қарай кеңеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

Түркістан облысы жалпы республика көлемінде мал шаруашылығы мен ет өндірісіндегі жетекші өңірлердің бірі. Облыста мал бордақылау алаңдары мен заманауи ет комбинаттарының саны артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және экспортқа шығару арасындағы байланыс нығая түсуде.

Бұл ретте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жаңа технологиялық деңгейге көтеру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі бастамаларының маңызы зор. Мемлекеттік саясаттың өңірде нақты жобалармен сабақтасуы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз қалыптастырады.

Сайрам ауданындағы «KAZ ECO MEAT» кәсіпорнының жұмысы – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Өндірістік қуатты тиімді пайдалану, өнім сапасын арттыру және сыртқы нарықтағы үлесті кеңейту арқылы кәсіпорын өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жалғаса береді. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің Сайрам ауданында нақты істермен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

САУРАН АУДАНЫНДА МЕКЕМЕАРАЛЫҚ МӘЖІЛІС ӨТТІ

Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков және аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Алмат Абидиновтың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ коммуналдық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Мәжілістің негізгі мақсаты – аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін саралау, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жиында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі қаралып, жауапты сала басшыларының атқарған жұмыстары талданды.

Күн тәртібінде мемлекеттік органдар қызметіндегі өзекті мәселелер, азаматтардың өтініштерін қарау сапасы, заң талаптарын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және прокуратура тарапынан енгізілген ұсынымдардың орындалу барысы кеңінен сөз болды. Әрбір бағыт бойынша жауапты мекемелердің жұмысына баға беріліп, анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты жолдары қарастырылды.

Жиын барысында аудан прокуроры Алмаз Асылбеков заңдылықты сақтау кез келген мемлекеттік орган жұмысының басты қағидаты болуы қажеттігін атап өтті.

«Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі мен қабылдайтын шарасы заң талаптарына сәйкес болуы тиіс. Әсіресе азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың өтініштері мен мәселелеріне уақытылы әрі сапалы жауап беру – жауапты мекемелердің басты міндеттерінің бірі. Анықталған кемшіліктерді формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталған түрде жою қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар прокуратура тарапынан тұрақты бақылауда болады», – деді аудан прокуроры.

 

Сондай-ақ жиында мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарын бұзуға жол бермеу, құжаттарды қарау мерзімдерін сақтау және тұрғындармен кері байланысты күшейту мәселелеріне ерекше мән берілді. Ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердегі өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу қажеттігі айтылды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүйелі жүргізу және мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайту жөнінде міндеттер қойылды.

Өз кезегінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол әрбір тапсырманың нақты мерзімде әрі сапалы орындалуы керектігін ескертіп, жауапты басшыларға нәтижеге бағытталған жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды.

Аудан басшысы анықталған кемшіліктерді жедел жоюмен қатар, олардың қайталануына жол бермеу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасын арттыру, тұрғындардың талап-тілектеріне жедел ден қою және мәселелерді шешуде жауапкершілікті күшейту маңызды екеніне тоқталды.

Мәжіліс қорытындысында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері айқындалды. Берілген тапсырмалардың орындалуы аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда болып, мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшіліктерді жою және заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретіні айтылды.

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЖОЛ АШТЫ

Аудан прокуратурасының бастамасымен және аудандық мансап орталығы филиалының ұйымдастыруымен азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Маңызды іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеп жүрген азаматтарға нақты еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді ұсыну, тұрақты табыс табуына жағдай жасау және мемлекеттік жұмыспен қамту шараларына кеңінен тарту. Жәрмеңке әсіресе әлеуметтік және құқықтық қолдауды қажет ететін азаматтар үшін маңызды болды. Іс-шараға алимент төлеу бойынша берешегі бар азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, жұмыссыз азаматтар және еңбекке орналасуға ниетті басқа да тұрғындар қатысты. Оларға жұмысқа орналасудың маңызы түсіндіріліп, тұрақты еңбекпен қамтылу азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Бүгінде жұмыспен қамту – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Тұрақты жұмыстың болуы азаматтың жеке табысын қалыптастырып қана қоймай, оның отбасылық жағдайын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге және қоғам өміріне белсенді араласуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні тікелей байланыстыратын тиімді алаң болып отыр. Жәрмеңкеге аудан аумағында қызмет ететін 12 жұмыс беруші қатысып, тұрғындарға жалпы 40 бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс орындары әртүрлі бағыттарды қамтып, қатысушылардың біліміне, кәсіби тәжірибесіне және еңбек қабілетіне қарай таңдау жасауына мүмкіндік берді. Азаматтар жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, ұсынылған қызметтердің талаптарымен танысып, еңбек жағдайлары мен жұмысқа орналасу тәртібі жөнінде қажетті ақпарат алды.

Іс-шара барысында мансап орталығының мамандары азаматтарға тек бос жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы да кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, жұмыс орындарын субсидиялау және басқа да жұмыспен қамту тетіктері жөнінде ақпарат берілді. Мұндай шаралар еңбек нарығында тәжірибесі аз немесе белгілі бір себептермен ұзақ уақыт жұмысқа орналаса алмай жүрген азаматтарға жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар жәрмеңке аясында көші-қон саясаты шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Азаматтарға ерікті қоныс аудару бағдарламасының мүмкіндіктері түсіндіріліп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару арқылы тұрақты жұмысқа орналасу және мемлекеттік қолдауға ие болу тетіктері туралы мәліметтер ұсынылды.

Жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту мәселесінде ақпараттың қолжетімді болуының маңызы зор. Кей жағдайда тұрғындар өздеріне тиесілі мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы толық біле бермейді. Сондықтан осындай кездесулер барысында мамандар тарапынан нақты кеңес берілуі азаматтардың өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануына жол ашады. Жәрмеңкеге қатысушылар үшін тағы бір тиімді мүмкіндік – жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасу болды. Азаматтар бос жұмыс орындары бойынша сұрақтарын қойып, өздерінің кәсіби дағдылары мен еңбек тәжірибесін таныстыруға мүмкіндік алды. Бұл жұмысқа қабылдау процесін жеңілдетіп, жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар азаматтарға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдамалар беріліп, жұмыспен қамтудың тиісті шараларына қатысуға бағыттар ұсынылды. Бұл – жәрмеңкенің тек ақпараттық сипатта қалып қоймай, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Әсіресе алимент бойынша берешегі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесінің әлеуметтік маңызы жоғары. Тұрақты жұмыс пен табыстың болуы олардың берешегін өтеуге мүмкіндік беріп, алимент алушы тараптың да құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге оң әсер етеді. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды еңбекке тарту олардың қоғамға қайта бейімделуіне, заңды еңбек арқылы өз өмірін қалыпқа келтіруіне және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуына жағдай жасайды.

Жұмыссыздықтың алдын алу мен азаматтарды еңбекке тарту – бір ғана мекеменің емес, бірнеше мемлекеттік және қоғамдық құрылымның бірлескен жұмысын қажет ететін бағыт. Осыған байланысты прокуратура, мансап орталығы және жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың маңызы артып келеді. Мұндай бірлескен шаралар азаматтардың мәселесін тек тіркеу немесе ақпарат берумен шектемей, оны нақты шешуге бағыттауға мүмкіндік береді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – тұрғындарға еңбек нарығындағы сұранысты білуге, жаңа мамандықтар мен жұмыс бағыттары туралы ақпарат алуға, өзіне сәйкес қызметті таңдауға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік алаң. Сонымен бірге жұмыс берушілер үшін де қажетті кадрларды іздеп, әлеуетті қызметкерлермен тікелей байланыс орнатуға қолайлы мүмкіндік береді.

Жалпы, ұйымдастырылған жәрмеңке азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету және еңбекке араласуына жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір көрінісі болды. Еңбекке тартылған әрбір азамат – отбасының табысын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қоғамға пайдалы болуға жасалған нақты қадам. Сондықтан мұндай шараларды тұрақты түрде өткізу тұрғындардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.

ШАРДАРАДА ТӘУЕКЕЛ ТОПТАРЫМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУГЕ АРНАЛҒАН ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Түркістан облысы білім басқармасының «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұханбетованың ұйымдастыруымен Шардара аудандық әкімдігімен бірлескен тәуекел топтарымен жұмыс жүргізу мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәуекел тобындағы балаларды ерте кезеңде анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру.

Штаб отырысына аудан әкімдігі, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау бағытында жұмыс жүргізетін жауапты мамандар қатысты.

Кездесу барысында тәуекел тобындағы балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың қазіргі ахуалы сараланып, өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету, ведомствоаралық байланысты нығайту, алдын алу шараларын жүйелі ұйымдастыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды.

Жиында Мөлдір Зайнуллақызы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екені атап өтті. Осы бағыттағы тиімді жұмыстар өзара ынтымақтастық пен бірлескен жауапкершілікке негізделуі қажет екені айтылып, алдағы кезеңге арналған бірқатар міндеттер айқындалды.

Бала тағдырына бейжай қарамайтын жауапты мекемелердің басын қосқан бұл маңызды алаңда көтерілген әрбір ұсыныс – қауіптің алдын алуға, ал қабылданған әрбір шешім – өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталды.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ

Мемлекет басшысының бастамалары: инвестиция тарту – аудан экономикасын дамытудың маңызды бағыты

Сайрам ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары мен тапсырмалары аясында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Экономиканы әртараптандыру, жеке инвестиция көлемін арттыру және жергілікті жерлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану – аудан дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен қатар, олардың нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижесіне баса мән берілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – Қарабұлақ ауылында бой көтеріп жатқан заманауи сауда орталығының құрылысы.

Аудан әкімі Мадияр Оразалиев Қарабұлақ ауылына барып, Ахунбабаев көшесінде салынып жатқан сауда орталығының құрылыс барысымен танысты. Жауапты мамандар мен жобаға қатысушылардан нысанда атқарылып жатқан жұмыстар, құрылыс қарқыны және алдағы жоспарлар туралы ақпарат алды. Жалпы инвестициялық құны 2 млрд теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы сауда алаңы 6 мың шаршы метрді құрайтын орталық тәулігіне 2 мыңға дейін келушіге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан нысан ауыл тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қолайлы жағдай жасап, сауда және қызмет көрсету саласының дамуына серпін бермек.

Аудан әкімі нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына назар аударды. Сонымен қатар жобаның елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалына тоқталып, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Жобаның басты әлеуметтік тиімділігінің бірі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Сауда орталығы толық іске қосылғаннан кейін 220–240 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Бұл жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, олардың табысын арттыруға және ауылдағы экономикалық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа нысанның іске қосылуы Қарабұлақ ауылының сауда-сервистік инфрақұрылымын дамытуға да оң әсер етеді. Сауда орталығының айналасында қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, логистика және басқа да шағын кәсіпкерлік бағыттарының дамуына мүмкіндік артады. Осылайша бір инвестициялық жобаның өзі ауыл экономикасының бірнеше саласына мультипликативті әсер етуі мүмкін.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық дамуының жаңа моделін қалыптастыруда инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және экономиканың нақты секторын күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Бұл міндеттер жергілікті деңгейде де нақты жобалар арқылы жүзеге асуы қажет.

Сайрам ауданында осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және жаңа өндіріс пен қызмет көрсету орындарын ашу арқылы ауданның экономикалық әлеуетін арттыру көзделуде. Қарабұлақ ауылындағы сауда орталығы – осы жұмыстардың нақты мысалы. Жобаға тартылған 2 млрд теңге көлеміндегі инвестиция аудан экономикасына қосымша серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.

Аудан әкімі Мадияр Оразалиев жұмыс барысымен танысу барысында инвестициялық жобалардың аудан үшін маңыздылығын атап өтіп, олардың елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталуы керектігіне назар аударды.

Мұндай жобалардың нәтижесінде ауыл тұрғындарына өз елді мекенінде жұмыс істеуге мүмкіндік көбейеді. Тұрақты жұмыс орындарының ашылуы халықтың табысын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ауылдағы еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға ықпал етеді.

Сонымен қатар заманауи сауда орталығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ. Бір жерде бірнеше қызмет түрінің қолжетімді болуы тұрғындардың уақытын үнемдеп, қажетті тауарлар мен қызметтерді сапалы түрде алуға мүмкіндік береді. Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру – бір ғана нысанның құрылысымен шектелмейді. Бұл бағытта кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру, жергілікті инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау маңызды.

Осы ретте аудан әкімдігі тарапынан қолға алынған жобалардың уақытылы жүзеге асырылуына, олардың экономикалық тиімділігіне және тұрғындарға беретін нақты пайдасына басымдық берілуде. Қарабұлақ ауылындағы сауда орталығы пайдалануға берілген кезде ауыл тұрғындары үшін жаңа сауда және қызмет көрсету мүмкіндіктері қалыптасып, елді мекеннің экономикалық белсенділігі арта түспек. Сонымен қатар 220–240 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуы жобаның әлеуметтік маңызын айқындай түседі.

Инвестиция тарту арқылы жаңа нысандардың бой көтеруі – ауданның бүгінгі ғана емес, келешектегі дамуына да негіз қалайды. Себебі әрбір жаңа кәсіпкерлік нысан – қосымша жұмыс орны, салық түсімі, жаңа қызмет түрлері және жергілікті экономиканың өсуіне қосылған үлес.

Сондықтан Мемлекет басшысының инвестициялық саясатты күшейту және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бастамаларын жергілікті жерде тиімді іске асыру аудан үшін маңызды міндет болып қала береді.

Аудан әкімінің жұмыс сапары барысында да осы мәселелерге басымдық беріліп, Қарабұлақ ауылындағы жобаның белгіленген мерзімде аяқталуы мен сапалы іске қосылуының маңыздылығы атап өтілді. Алдағы уақытта ауданда инвестициялық жобаларды тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Басты мақсат – инвестиция көлемін арттырумен қатар, оның нәтижесін тұрғындар нақты сезінетіндей жағдай қалыптастыру. Яғни жаңа инвестиция жаңа жұмыс орнына, жаңа нысан сапалы қызметке, ал кәсіпкерлік белсенділік аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс. Қарабұлақ ауылында салынып жатқан заманауи сауда орталығы осы ұстанымның нақты көрінісі. Көлемді инвестицияның игерілуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және заманауи сауда инфрақұрылымының қалыптасуы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

Мемлекет басшысының бастамаларын аудан көлемінде нақты істермен сабақтастыра отырып, инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары алдағы кезеңде де жүйелі түрде жалғасатын болады.

АРЫСТА БЕЛГІЛЕНБЕГЕН ОРЫНДАҒЫ САУДА БОЙЫНША ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ

Арыс қаласында қоғамдық тәртіп пен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы бақылау жұмыстары жалғасуда. Кезекті рейд барысында кәсіпкерлік нысандары мен сауда қызметіне қатысты талаптардың орындалуы назарға алынды. Арнайы жұмысшы топ өкілдері қала аумағын аралау кезінде бұған дейін тазалық талаптарын сақтау жөнінде ескерту алған, алайда берілген талаптарды орындамаған кәсіпкерлік нысандарының иелерімен қайта кездесті. Түсіндіру барысында нысандарға қарасты аумақты тиісті жағдайда ұстау, белгіленген талаптарды орындау және заң нормаларын бұзбау қажеттігі тағы бір мәрте айтылды.

Бақылау кезінде ескертулерге қарамастан талаптарды орындамаған тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданды. Бұл ретте рейдтің негізгі бағыттарының бірі – сауда қызметін белгіленген тәртіппен жүргізуді қамтамасыз ету. Заңсыз сауда қаланың сыртқы келбетіне ғана емес, сауда жүргізудің белгіленген тәртібіне де әсер етеді. Белгіленбеген орындарда сауда жасау жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып, ретсіздіктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу – қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.

Рейд нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы – «Белгіленбеген орындарда сауда жасау» бойынша 5 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Жауапты мамандар заң талаптарының баршаға ортақ екенін атап өтіп, сауда қызметімен айналысатын азаматтарды белгіленген тәртіпті сақтауға шақырды. Әсіресе кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалардың өз қызметіне жауапкершілікпен қарап, тиісті талаптарды алдын ала орындауы маңызды.

Қаладағы тазалық пен тәртіпті қалыптастыруда тек мемлекеттік органдардың бақылауы жеткіліксіз. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс тұрғындар мен кәсіпкерлердің ортақ түсінігі мен жауапкершілігіне байланысты. Әрбір нысан иесі өзіне тиесілі аумақты күтіп ұстауға, ал саудамен айналысатын азаматтар белгіленген орындарда ғана қызмет көрсетуге тиіс.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының мәні де осындай жауапты көзқарасты қалыптастырумен тығыз байланысты. Таза, жинақы әрі реттелген қала қалыптастыру күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Өз аумағын таза ұстау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және белгіленген ережелерді орындау – қала мәдениетінің маңызды көрсеткіші. Арыс қаласында заң талаптарының орындалуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Рейдтік іс-шаралар барысында анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.

Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді белгіленген тәртіпті сақтауға, сауда қызметін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруға және өздеріне жүктелген жауапкершілікті орындауға шақырамыз. Тазалық пен тәртіп – қаланың ортақ келбеті. Оны сақтау әр азаматтың саналы әрекетінен басталады.

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, суицидтің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа жол бермеу және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Мәжілісте алғашқы болып Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Түймебаев Данияр баяндама жасап, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру және профилактикалық іс-шаралардың нәтижелілігін арттыру мәселелері сөз болды.

Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ана, білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысына байланысты. Осыған орай мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу, қауіп төндіретін жағдайларды ерте анықтау және құқық бұзуға бейім жасөспірімдермен жеке профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.

 

Келесі кезекте аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Адилбеков жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқықбұзушылықтың және ерте жүктіліктің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Білім беру саласындағы профилактикалық жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың психологиялық жағдайын тұрақты бақылау және оларға қажетті қолдау көрсету. Осы ретте мектеп психологтарының, әлеуметтік педагогтердің, сынып жетекшілерінің және ата-аналардың өзара байланысын күшейту маңызды екені айтылды. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, мәселесін тыңдап, тиісті мамандардың көмегіне жүгіну – келеңсіз жағдайлардың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі. Жиында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Себебі жасөспірімнің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оның интернеттегі қауіпсіздігін бақылау, достық ортасына назар аудару және мектеппен тұрақты байланыста болу құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын ата-аналармен жүйелі түрде жүргізу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету, мектептер маңындағы қауіпсіздік шараларын күшейту, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол белгілерінің талапқа сай болуын бақылау бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыру тапсырылды. Әсіресе оқушылардың мектепке келіп-кету уақытындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мекемелер тарапынан тұрақты бақылау жүргізу қажеттігі атап өтілді.

 

Сондай-ақ мәжілісте қызметтік автокөліктер бойынша берешектерді өндіру мәселесі қаралып, бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады. Аталған мәселе бойынша берешектерді өндіріп алу, тиісті жұмыстарды заң талаптарына сәйкес жүргізу және қаржылық тәртіпті сақтау бағыттары талқыланды. Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімдер мен мекемелердің жұмысына нақты баға беріліп, алдағы кезеңге бірқатар міндеттер айқындалды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров балалардың қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарды формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағыттап жүргізу қажеттігін атап өтті.

Аудан басшысы жауапты мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, суицидтің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және ата-аналармен байланысты нығайту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, білім алуына жағдай жасау – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығының бірлескен іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жалғасатын болады.