Архив рубрики: Қоғам

КЕНТАУДА ҚУАНДЫҚ МЫРЗАҚАСЫМОВТЫҢ «ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР» АТТЫ КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Бүгін қазақтың кітап қоржыны тағы бір жыр жинақпен толықты. Кентау қаласының тумасы, ақын Қуандық Мырзақасымовтың «Жүректегі жазулар» атты кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа туындының тұсау кесу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты.
– «Жақсының аты өлмейді» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қуандық көкеміз оңтүстік өңірде туылып, осы өлкенің өркендеіне өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бұл кітап жастарға, өскелең ұрпаққа өнеге деп сенемін. Өйткені ол кісінің қалдырған еңбегі ұмыт қалмай, жарық көріп жатқанының өзі бір ғанибет деуге болады, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жинаққа ақынның өлеңдері, қаламдастары мен туған-туыстарының естеліктері енген. Аталған кітап алдағы уақытта өңірдің ақындарын зерттеу жұмысымен айналысатын жас ғалымдарға, өлкетану, филология және әдебиеттану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге, жас ақындар мен қалың оқырманға арналған.

«Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті

Ордабасы ауданында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға республикалық «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова бастаған бір топ аналар қатысты.  Сондай-ақ, аудандағы Темірлан, Бөген, Бөржар, Шұбарсу, Қараспан ауылдарындағы осы филиал мүшелері белсене қатысып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дəстүрімізді, сонымен қатар шашбау тағу, бесікке салу, көршілермен дұрыс қарым-қатынас жасау, абысын-ажындардың тату тұруы сияқты қазақтың түрлі ұлттық құндылықтарын көпшілікке насихаттай білді.

Қазақ қоғамында ұлттық киім мен зергерлік, қолөнері бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан үрдіс. Қазақы киімнің әдемілігі мен өю-өрнегінде, әрбір әшекейінде бабаларымыздың қайталанбас қолтаңбасы сақталған деуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұлттық киім түрлеріне тоқталайық:

Шекпен – су өтпеу үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім. Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан. Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон тағы да басқасы бар. Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбау үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Бабалардың көзіндей болған осы ұлттық киімге үлкен құрметпен қарайтын халқымыз баскиімнің киесі бар деп есептеп, оны ешкімге кигізбеген, жерге тастамаған, жоғары іліп қойған және сыйға бермеген. Бас киімдердің ішінде кимешекті ханның тәжіндей құрметтеген. Жаулық – әйелдердің басына тартатын орамалы. Жібектен, матадан, жүннен, мақтадан тоқылады. Жүннен тоқылғанын «бөкебай» деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын «бөртпе» десе, шашақ шығармай тоқыған түрін «салы» деп атаған. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін «шәлі» деген. Күндік кимешектің үстінен орайтын ақ матаны жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданған. Ел аналарының күндігінің қарқарадай мол оралу себебі, жол-жөнекей бір адам қаза болса, кебін болған немесе жаугершілікте жарақат­ты байлауға қажет болып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған.

— Бағзыдағы ғұн бабаларымыздың әйелдерінің шошақ бөрікке ұқсас орамалды бастарына орап жүрген бейнелерін тарихи кітаптардан талай көргенбіз. Сондықтан, әрбір жас қазақ әйелге тән әдемі кимешектің тарихы тереңде екенін жақсы білуі тиіс. Кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлап, көне қазақ ғұрпының ретін сақтаған. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған. – Анам емші әженің кимешегін ырымдап әдейі сұрап алғаны есімде. Бірақ, оны не істегенін, қайда қойғанын өзі біледі. Кейін маған сыйлайтынын айтқан болатын, – дейді қарағандылық тұрғын Мөлдір. Кимешектің жас анаға абырой, бедел сыйлайтыны бағзыдан белгілі. Қазақ даласында туып өскен дарабоз тұлғалардың өзі ар-ұятты қорғайтын жаулықтың астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өскен. Сондай-ақ, кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білген екен. Тарих беттері ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе ал мағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанын айтады. Содан киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмағанын білеміз. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр. – Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол алдымен орамалын орап, келіндік міндетін атқаруы тиіс. Құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жасайды. Тойда жас анаға «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын «шықшыт» десе, алдын «жақ» деп атайды. Адамның арқасына түсер жері ұзыншақ жағын «құйрықша» деп атайды. Кейде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, – дейді «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова

«Кимешек киген келін таза жүреді. Ол басын, омырауын жылы ұсатуға септігін тигізеді. Бала емізгенде де шашы қобырамайды.» — дейді аналар.

-Ағарту порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, «Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығын тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған. Ал, Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған. Арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі мұнара тектес болған. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі». Аналардың беделін арттыратын, жүзіне иман ұялататын кимешек – қазақ әйелінің көркем бейнесін аша түседі. Осы орайда асыл дініміздегі Құранның Нұр сүресінің 31 аяты «Әуелгі муһажир әйелдерді Алла мейіріміне бөлесін! Олар «Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!» – делінген екен. Үлкендер Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек киген аналардың арқасы» дегенді жиі айтады. Рас, ерекше назар аударуға лайықты төл туынды – Ұлы дала аналарының алтын тәжі іспетті.»- дейді Ордабасылық ақ жаулықты ана Ботакөз Мосқалова

Айта кетейік, биыл Ордабасы ауданына 60 жыл толып отыр. Оған əрбір ордабасылық тұрғын өз мүмкіндігінше еңбекпен де, өнерімен де ойдағыдай өтуіне үлес қосуда. Ал, осындай мерейлі мерекеге аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырған  «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі, қазақ аналарын бір жерге ұйыстырып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дəстүріміздің жоғалып кетпеуі жолында айтарлықтай табысқа қол жеткізіп келе жатқан ұйым. Айтулы күнде меймандар біртуар палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне де барып, зиярат етті.

Сондай-ақ түрлі қолөнершілер жасаған бұйымдар да көпшілікке ұсынылды. Əншілер Мəнзура Есетова Сандуғаш Əбілдаева əн шырқаса, ақындар Роза Сейдахметова, Бибайым өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Айнұр Жүгінісова үш жылдан бері тынбай қазақ халқының ұлттық салт-дəстүрін насихаттап үш жылдан бері насихаттап келе жатқан аудандық филиал төрайымдарына дипломдармен, сыйлықтармен марапаттады. Ал оларды ұйымдастырып жүрген Ордабасы ауданының төрайымы Ұлбосын Əбілдаеваның кеудесіне алтын медальді жарқырата тақты. Ордабасылық Ботакөз Мосқалова осы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы болып сайланды.

Тарихи деректер: Тарихи қалаларды археологтар төрт кезеңге бөліп қарастырады

Түркістан оазисінде орналасқан тарихи қалаларды археологтар төрт кезеңге бөліп қарастырады: ерте ежелгі дәуір, кейінгі ежелгі дәуір, ерте ортағасырлық және кейінгі ортағасырлық. Әр кезеңнің саяси, экономикалық және мәдени даму мен құлдырау сатыларын бастан кешкен бұл қалалар қазіргі таңда толықтай қирап, төбеге айналған.

Кезекті жазбамызды Түркістан оазисіндегі кейінгі ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштеріне (б.з.д. І – б.з. ІҮ-Ү ғғ.) арнамақпыз. Жалпы бұл кезеңге жататын қалалар мен қоныстар: Шорнақ төбе қаласы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-ҮІ ғғ), Байбалық (Майбалық) қалашығы (б.з.д. ІІ-І – б.з.ІҮ-ҮІІІ ғғ), Қорыс төбе қалашығы (б.з.д. І – б.з.Ү-ҮІ ғғ), Ақтөбе (Абай) қалашығы (І-ҮІ ғғ), Оқжетпес қонысы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-Ү ғғ), Ақтөбе (Теке) қалашығы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-Ү ғғ), Сидақ ата қаласы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-ҮІ ғғ), Қарауыл төбе (Ү-ҮІІғғ), Қалашық (І-ІҮғғ), Шаш ана қалашығы (І-ҮІғғ), Үштөбе (шығыс) қонысы (І-ІҮғғ), Үштөбе (орталық) қонысы (І-ІҮғғ), Үштөбе (батыс) қонысы (І-ІҮғғ), Шаға ІІ қонысы (І-ІҮғғ), Шаға ІІІ қалашығы (І-ІҮғғ), Дәулетбайтөбе қалашығы (І-ҮІғғ), Ибата қалашығы (І-ІҮғғ), Оғыстау ІІ қалашығы (ҮІ-ҮІІІғғ).

Бұл қалалар туралы алғашқы зерттеу Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының (А.Н.Бернштам) зерттеудерінде кездеседі. 1946-1951 жж. ұйымдастырылған экспедиция бұл кезеңнің Шорнақ төбе, Байбалық (Майбалық), Сидақ ата қалаларын алғаш болып зерттейді. Қалалардың өмір сүру уақыты туралы алғашқы деректер ұсынып, кейінірек 1960 жылы бұл қалалар «Қазақстанның археологиялық картасына» енеді.

1966 ж. С.П.Толстовтың бастамасымен Хорезм экспедициясының отряды Шорнақ төбе, Сидақ ата қалаларын зерттеді. Ал Қорыс төбе, Ақтөбе (Теке) қалаларына алғаш болып зерттеу жүргізді.

1970 ж. Отырар археологиялық экспедициясы зерттеп, Оңтүстік Қазақстан археологиялық кешенді экспедициясының отряды (Б.Әділгереева) І-ҮІ ғғ аралығында өмір сүрген Дәулетбай төбе қалашығына қазба жұмыстарын жүргізеді.

1980 ж. К.А.Ақышев басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Ибата, Шаға І, ІІ, ІІІ, Үштөбе қонысы, Ақтөбе (Теке) және Қорыс төбе қашалықтарына археологиялық қазба, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының археологы т.ғ.к. М.Қ.Тұяқбаевтың басшылығымен Түркістан Археологиялық экспедициясы кейінгі ежелгі дәуір ескерткіштеріне жататын 18 қала, қоныстарға зерттеу жүргізеді. 1999-2004 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде ескерткіштердің жоспарлары түсіріліп, қалалардың датировкалары нақтыланған болатын.

А.Тұрсынов, тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.

СҰҢҚАР ТЕКТЕС ҚҰСТАРДЫ ЗАҢСЫЗ АУЛАҒАН АЗАМАТТАР 700 АЕК КӨЛЕМІНДЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

2024 жылдың 1 тамыз-31 қазан аралығында еліміздің 12 аймағында «Сұңқар» кең көлемді табиғатты қорғау акциясы өтеді. Шара мақсаты — «Қызыл кітапқа» енген сұңқар тектес құстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз аулау қызметін анықтау және оларды қорғау. Бұл туралы өткен брифингте «Охотзоопром ӨБ» Қызылорда өңірлік филиалы басшысының орынбасары Нуриддин Қасымов мәлімдеді.
«Сұңқар» кең ауқымды акциясы — Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында өтеді. Аталған өңірлерде сұңқар тектес құстардың миграциялайтын және мекен ететін аумақтарын қорғау жұмыстары ұйымдастырылады. Оған мекеменің 163 инспекторы, 80-ге жуық арнайы көлік, «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғылары қолданылатын болады. Айта кетерлігі, қазіргі таңда мекеме тарапынан Қызыл кітапқа енген аң-құстарды заңсыз аулаумен айналысатындарға қарсы арнайы жедел топ құрылды», — деді спикер.
Брифингке қатысқан Түркістан облысының «Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының» бас маманы Зайыр Үстеновтың мәлімдеуінше, облыс аумағында орналасқан Ақсу-Жабағылы және Қаратау қорықтарында сұңқар тектес құстар өмір сүреді. Соңғы жылдары бұл құстардың саны күрт азаюда. Қазіргі таңда 100-150 жұп сұңқар тектес құстар мекендейді. Ерекше қорғауға алынған құстарды заңсыз аулаған азаматтар жауапкершілікке тартылып, 700 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 50 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА БІРІНШІ СЫНЫПҚА БАРАДЫ

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.
Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.
«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1-қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі»,- деді Жандос Маханбетов.
Спикердің сөзінше 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әдеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА «ТАЗА АУЫЛ» ЭКОАКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында «Таза ауыл» экоакциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Сенбілік барысында аудан орталығы Темірлан ауылында көшелерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 1 мыңға жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 17 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Бөпешбайұлы ордабасылықтарды республикалық экошараны ел болып қолдауға шақырды.
«Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ел туралы пікір оның ауыл-аймағына қарай айтылады. Айналамыз таза, көрікті болса, біз туралы айтылар ой да жақсы болмақ. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық. Республикалық бастаманы бірге қолдайық», — деді ақсақал.
Cондай-ақ, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш шараның маңыздылығына тоқталды.
«Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау — әрбір азаматтың борышы. Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаған. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы тазалыққа қатысты. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек.
Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау — ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық», — деді ардақты ана.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда.
Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл — сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.

Президент «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Атом электр станциясы-бұл таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикасын дамытудың жаңа дәуірін ашады, оны неғұрлым тәуелсіз, экологиялық және прогрессивті етеді. Біріншіден, АЭС өнеркәсіптің негізгі салаларының экономикалық өсуі мен дамуын қолдауға қабілетті тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Электр энергиясына деген сұраныстың артуы жағдайында атом энергетикасы көмір мен табиғи газ сияқты дәстүрлі көздерге сенімді балама болып, қоршаған ортаға зиянды әсерді едәуір азайтады.

Екіншіден, АЭС Қазақстанның экологиялық трансформациясының қуатты қозғалтқышына айналады. Парниктік газдар мен зиянды заттардың минималды шығарындылары елге климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күш-жігерді қолдай отырып, “жасыл” болашаққа маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, атом электр станциясын салу және пайдалану айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі: бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылымды дамыту және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан әлемдегі ең ірі Уран өндірушілердің бірі ретінде өзінің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық аренадағы өз орнын нығайта алады.

Атом электр станциясы-бұл таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия елдің тұрақты дамуы мен оның азаматтарының әл-ауқатының негізі болатын болашаққа жасалған қадам.

Халила Тимур Қанатұлы — ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік департаменті радиациялық қауіпсіздік бөлімінің ССР-Қ зерттеу реакторы кешенінің радиациялық қауіпсіздік Қызметінің техник-дозиметристі

Түркістанда «Бір ауыл — бір өнім» өңірлік көрме-жәрмеңкесі өтті

Этно ауыл кешеніне қойылған көрмеде 40-қа жуық кәсіпкер өз өнімін ұсынып, көпшілік назарына ұсынды. Басты талап — өнім жергілікті шикізаттан өндірілуі және де сақтау мерзімі 5 күннен кем болмауы тиіс.

Көрмеде қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдерін бағалап, үздіктер анықталды.

«Көрме-жәрмеңке «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылуда. Іс-шара мақсаты — қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкерлерге өз өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтуге, әрі қарай экспортқа шығуға жәрдемдесу. Биыл да ең мықты 3 кәсіп иесі республикалық көрмеге қатысуға мүмкіндік алады», — деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков.

Жалпы былтыр елімізде алғаш рет «Бір ауыл — бір өнім» жобасы жүзеге асырылып өңірлік көрме-жәрмеңкеге облысымыздағы 60-тан астам кәсіпкер қатысты. Өнімдерді бағалау барысында жұмысшы топ 10 көрме үздігін анықтап, 3 кәсіпкердің өнімі «Түркістан облысының үздік тауары» деп танылды.

Үздік ондықтың қатарындағы жеңімпаздар:

1) Бабахан Танакөз Айдарқызы — бал өнімі, ЖК Бабахан, Арыс қаласы;

2) Пазылбекова Жанат Полатханқызы — жүннен жасалған өнімдер, ЖК Рамаз, Түркістан қаласы;

3) Мұсаева Сәуле Әжіханқызы — табиғы косметика, ЖК Мусаева, Түркістан қаласы;

4) Тутаева Гульмира Көпбайқызы — кәдесый өнімі, Тутаева ЖК, Сайрам ауданы;

5) Шынбергенов Амантай Ерманұлы — қымыз, Аманбол и К ЖШС, Бәйдібек ауданы;

6) Ахметов Біржан Анарбайұлы — ағаштан астау, домбыра, Отырар ауданы;

7) Байзакова Раушан Әмірбекқызы — ағаш ыдыстар, ЖК Дильназ, Арыс ауданы;

⁠8) Еримбетов Жанзак Алзақұлы — саздан құмыра, Отырар ауданы;

9) Омарова Нұрбибі Жарқынқызы — жүннен жасалған өнімдер, ЖК Омарова, Мақтаарал ауданы;

10) Маханов Бауыржан — сабын, ЖК Alinur Grup, Жетісай ауданы.

Рухани астанада ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп келеді

Еліміздің мәдени-рухани астанасы Түркістан қаласында қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері насихатталып, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Руханияттың ордасы атанған шахардың тұрғындары да ұлттық құндылықтарды ұрпаққа дәріптеп жүр. Солардың ішінде көп дәріптелетіні – «Тұсау кесер» рәсімі. Көбіне азаматтар өз баласының тұсауын елге сыйлы, құрметті, танымал адамдарға кесітіреді. Ырым бойынша өз ұрпағы да сондай тұлғалардың тура жолымен жүріп, халқына абыройлы азамат болсын деген ниетпен осындай шешім қабылдайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның дүниеге келгені, езу тартып күлгені, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Ата-ана перзентінің әрбір елеулі қимылын жіті қадағалап, қылығына сүйсіне қарап, жаратқанға шүкіршілік жасайды. Осындай жанға шуақ, жүрекке шабыт сыйлайтын сәттің, қазақы дәстүрдің әдемісі – «тұсаукесер» рәсімі екені белгілі. Осы тұста «Өнерлі өлке» мәдени іс-шарасында, талай жыл ұстаздық еткен Мариям әжей «тұсау кесер» дәстүрінің маңыздылығын айтып берді.

«Тұсау кесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала өмірде сүріншек болады деп, тұсауын елге сыйлы, ортада өзіндік орны бар абыройлы кісіге кестірген. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кескен. Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделеді. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Бұл қимыл баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық етін шыңдап, шынықтырады. Сәби еңбектеу арқылы төңірегін таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбектесін» деп жеті рет өткізеді.Бұл мәреден өткен нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талап қылады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-ана «баламның жүрісі ширасын» деп тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер де ел ішіндегі дәстүрлі қуаныш. Оған арнайы әзірлік жасалады. Қонақтарға табақ тартылып, сый-сияпат әзірленеді. Нәрестеге ізгі тілектер айтылады. Ас мәзірінен соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Сәбидің ата-анасы көңілі түскен адамға баланың тұсауын кескізеді. «Шынында өмір есігін жаңа ашқан періштенің өмір жолында ұлттық салт-дәстүрдің сан түрі бар. Тұсау кесу – соның ішіндегі ең керемет жоралғының бірі. Бұл рәсімді адал, мейірімді, елгезек, зиялы, ақылды, көптің көңілінен шыққан ұлықты кісілерге жасатады. Сол қасиет жас балаға дарысын, өмірі өнеге мен жақсылыққа толы болып басталсын, жолында кедергі болмасын деген тілек-батамен астасады. Қазақтың қай ырымын алсақ та, мәні терең, ойы салмақты ұғымға бағытталған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазекең үнемі жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болып жүреді емес пе? Қай ата-ана бауыр еті баласының немесе балдан тәтті немересінің көрнекті, көргенді азамат болып өскенін қаламайды дейсіз. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Дімкәс, аурушаң адам, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісі, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігіт, тұрмысқа шықпаған қыз бұл рәсімді орындамаған.» — дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана.

Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалғанбаланы арқандап қояды.Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.

Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде«Тұсаукесер» жыры шырқалады:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы. Ұлтымыздың ұлылығы, халқымыздың даналығы осынау салт-дәстүрден көрініс табатынына бек сүйсінетініміз рас.