Архив рубрики: Саясат

ИІРСУ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түлкібас ауданы әкімдігі мен Қытайлық «Kazakhstan Silk Road International Cultural Tourism Investment Management» ЖШС өкілдері арасында Иірсу демалыс аймағының жобасына қатысты кездесу өтті. Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев бастаған топ шетелдік инвесторлармен бірге жобаның нақты кезеңдері мен іске асу тетіктерін егжей-тегжейлі талқылап, ұсыныс пікірлер де ортаға салынды. Алдын ала жоспарға сәйкес, құрылыстың алғашқы кезеңі қаржы тетіктері шешілген жағдайда 2026 жылдың наурыз айында басталып, маусым айында алғашқы нысандар іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаның басты ерекшелігі — табиғи сұлулығы сақталған, экологиялық таза аймақта туризм инфрақұрылымын дамыту.

Иірсу елдімекенінен Ақсу шатқалына дейінгі жол құрылысы мемлекет және инвесторлар қаржысымен жүргізілмек. Көру алаңы — яғни шыныдан салынатын аспалы алаңы да мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Алайда жобаның негізгі кешендері – 200 бөлмелі, 3 қабатты, 4 жұлдызды қонақ үй, мейрамханалар мен демалыс орындары инвесторлар есебінен салынады. Кездесу барысында екі тарап табиғатты сақтау, экологиялық нормаларды қатаң ұстану, туристік әлеуетті арттыру мәселелерін алдыңғы орынға қойды. Аудан басшысы Иірсу шатқалын еліміздегі жетекші экотуризм орталығына айналдыру мақсаты бар екенін атап өтті.

Түркістан облысының табиғаты көркем өңірлерінің бірі – Түлкібас ауданы. Таулары мен өзен-салалары, ерекше табиғи ландшафты және таза ауасымен бұл аймақ экотуризм, отбасылық демалыс және сауықтыру туризмі үшін өте қолайлы. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Иірсу демалыс аймағын құру – аудан экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба болып саналады. Бұл жоба – аталған аймақты көркейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға, жастарға жұмыс беруге бағытталған игі бастама. Бұл аймақ халықтың тынығып демалатын орны, туристер келетін тартымды жер, аудан экономикасына табыс түсіретін жаңа мүмкіндік болады. Иірсу табиғаты әсем, ауасы таза, туристік демалысқа өте қолайлы жер. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалану әлеуметтік-экономикалық даму үшін пайдалы. Бастысы жаңа жұмыс орындары ашылады. Қызмет көрсету, құрылыс, демалыс үйлерінде жұмыс, сауда орындары – бәріне жергілікті тұрғындар да тартылатын болады. Жергілікті кәсіпкерлерге шағын дәмханалар ашуға, азық-түлік сатуға, ұлттық тағам ұсынуға, кәдесый, бал, сүт өнімдері мен бау бақшы, көкөніс-жемістер сату дегендей мүмкіндіктер де пайда болады.

Демалыс аймағы салынса, инфрақұрылым бірге дамиды. Жол, жарық, байланыс жақсарады. Бұл ауыл өміріне де оң әсер етеді. Келген қонақ ауданның көрікті жерлерін көреді және оны танытуға да ықпал жасайды. Иірсу демалыс аймағының жобасына демалыс үйлері мен коттедждер, отбасылық демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, серуендеу және табиғатты тамашалау жолдары, спорттық және жастар демалыс алаңдары да кіреді. Бұл жоба табиғатты құрту үшін емес, халыққа қызмет ету үшін жасалады. Сондықтан мамандар орман мен жасыл аймақ сақталады, қоқыс тастауға жол берілмейді, экологиялық талаптар қатаң бақылауда болатынын айтады.

Жалпы Түлкібас ауданы өзіндік табиғатымен ерекшеленеді және инвесторлардың қызығушылығын арттыра түседі. 2025 жылы аймақта туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 2,3 млрд. теңгелік 3 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Атап айтқанда, Қараағашты ауылында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенінің» қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, шипажай сыйымдылығын 500 орынға арттыру. Одан бөлек, Кершетас ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «Патсаев К» туристік аймағы. Жобаның құны 150 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда іске қосылды. Машат ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «А.Бакеев» демалыс аймағы. Жобаның құны – 200 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделген. Бұл жобалар арқылы да  175 жаңа жұмыс орны ашылған.

Айта кетейік бұған дейін Түлкібас ауданының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Қытай елінің Хунань правициясы, Чанша қаласына қарасты Кайфу мен Нисянь аудандарындағы толық автоматтандырылған өндірістік аймақтарының жұмысымен танысқан болатын. Сонымен қатар, аталмыш ауданның жобалық институтында болған аудан делегациясы білікті мамандар дайындаған шатқал үстінен көру алаңдарының, тағы да басқа түрлі жобаларымен және сол мезетте институт мамандарының дайындаған ауданда Ақсу шатқалында жоспарланып жатқан көру алаңының 7 түрлі нұсқасымен танысқан еді. Инвестициялық жобада мейрамханалар мен саябақтарды қазақтың ұлттық нақыштарына бейімдеу және тау бөктерінде заманауи демалыс орындарын салу қарастырылған. Сондай-ақ, шатқалдан табиғатты тамашалауға арналған аспалы көпірдің түрлі жобасы да әзірленген.

Н.Көшеров: Өңдеу өндірісін дамытып, экономиканы әртараптандыруда көш басында келеміз.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы , тұрақты өсім мен халық игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар деп айтуымызға болады. Соңғы жылдары Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өңірдің экономикасы әртараптандырылып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция, инфрақұрылым және әлеуметтік салада нақты ілгерілеу байқалуда. Бұл өзгерістердің барлығы ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Түркістан облысы – аграрлы аймақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өңір экономикасының тірек саласы болып қала береді. Соңғы жылдары егін және мал шаруашылығында өнім көлемі артып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері егістік алқаптардың тиімділігін арттырып, шаруалардың  табысын көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, өңірде өнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Жаңа зауыттар мен өндіріс орындары іске қосылып, құрылыс материалдары, тамақ өнімдері және қайта өңдеу салаларына басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджет кірісін ұлғайтты. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның кезекті жұмыс жиынында атап өткен болатын.

«- Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының маңызды саласы болып табылады. Жыл басынан өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, өсім 101,2 пайыз деңгейінде орындалды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз. Мемлекет басшысы қайта өңдеу өндірісін дамытып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап – жіп, мата, джинсы сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталды. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы аяқталып келеді. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны 50 млрд.теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда.  Сонымен қатар, инвестиция және кәсіпкерлік саласының даму қарқыны жоғарғы көрсеткіште. Түркістан облысы инвестиция тарту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, қызмет көрсету, сауда және өндіріс салаларында жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, кәсіпкерлік белсенділікті арттырды. Сонымен қатар, әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Ауылдарда жаңа мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері мен спорт нысандары салынуда. Денсаулық сақтау саласында фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылып, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет қолжетімді бола түсті. Ауыз сумен, табиғи газбен қамту көрсеткіштері де жылдан-жылға жақсарып келеді. Инженерлік инфрақұрылымның дамуы ауылдардың көркеюіне және халықтың өмір сүру сапасының артуына тікелей әсер етті. Жұмыспен қамту және халық әл-ауқаты да жақсара түсті. Жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етті. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіби даярлау және қайта оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар халық табысын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жүйелі түрде жүзеге асуда. Экономиканың өсуі, инвестицияның артуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақсаруы – барлығы да халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, Түркістан өңірі тұрақты дамыған, өмір сүруге қолайлы аймақтардың біріне айналады деп сеніммен айтуға болады.» – деді өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында 2023-2027 жылдарға 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы екі жыл, он айда кешенді жоспар 55 пайызға немесе 313 іс-шара толығымен орындалған. Оның ішінде ағымдағы жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 64 пайызы жүзеге асырылды. Қалған тармақтардың орындалуы жыл қорытындысымен әзірленетін статистикалық мағлұматтармен құрылымдалатын болады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Агро» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылғанын айтты. Нәтижесінде, қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге жағдай жасалып отыр. Кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік бермек. Аталған үш кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд.теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 433 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарлануда.

Айта кетейік, Мәжіліс жұмысына Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаттары –фракция мүшелері, басқарма, департамент және басқарма басшылары мен  қызметкерлері қатысты.

Жұмыс жиынының күн тәртібінде 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтың есебін тыңдау, облыстық мәслихаттың депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреқызының атқарған жұмыстарының есебін және Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралды.

Мәжілісте Жол картасына енген барлық тармақтар бойынша нақты ақпараттар беріліп, бағдарламаларды жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асыру – өңірлік дамудың басты тетіктерінің бірі екендігі айтылды. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың үйлесімді ықпалдастығы нақты нәтижелерге жеткізіп отырғаны айтылды.

Сондай-ақ, Қалыйма Жантөреқызы өзінің депутаттық қызметі жөнінде де есеп бере отырып, Кентау қаласындағы «Жұлдыз» бала бақшасын күрделі жөндеуге, Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына жеке ғимарат алуға қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы бастамаларға қолдау көрсеткен облыс басшылығына, депутаттық корпусқа, фракция басшылығына алғысын айтты. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша фракция депутаттары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдап, бекітті. Жоспарда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, партияның Сайлауалды бағдарламасын және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған іс-шаралар қамтылды.

Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді. Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде жосықсыз салық төлеушілердің салық міндеттемелерін оңтайландырудың құқықтық схемасы ретінде шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдалану фактілері анықталғанын баяндады.

Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», — деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр.

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», — деді Мәди Такиев.

Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

  • бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
  • салық дауларында нысаннан мәннің басым болу қағидатын енгізу;
  • мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
  • жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

ТҮРКІСТАН: «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНА» ОРАЙ «БІР КОЛЛЕДЖ – БІР ӨНІМ» ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілді. Өңірлік жоспар 7 бағыт, 64 қадамнан тұрады. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.

«Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу аясында салалық басқармалар, аудандық және қалалық әкімдіктер мен техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының бірлескен жұмыстары жүзеге асырылмақ. Жалпы облыста 50 колледж жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі көпсалалы колледждер. Оның ішінде, ауылшаруашылық саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм саласы мамандарын – 3, ал құрылыс саласы бойынша мамандарды – облыстағы 11 колледж даярлайды. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 студент білім алып жатыр. Сондай-ақ, 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны 16 100-ді құрайды. 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс болса, оның ішінде 8 678-і – жұмысшы мамандықтар. Ал, 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған, оның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Бір колледж-бір өнім» деп аталатын жобаны енгізе отырып, 5 колледждің базасында цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысын жүргізудеміз. Білікті жұмысшы маман дайындаудың жолы – дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Бүгінгі таңда 35 колледжде дуалды оқыту жүйесімен 64 мамандық бойынша 10 353 білім алушы қамтылған»,- деді спикер.

Айгүл Ерғалиқызының сөзінше, биыл «Мамандықтар атласы» даярланады. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысы негізінде жаңа мамандықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Оның ішінде лифт және эскалатор, жылжымайтын мүлікті басқару, ет және ет өнімдерін өндіру, агрохимия, пилотсыз ұшу аппараттары, мақта шитін өңдеу және жіп иіру, вагон жөндеу слесары, жасыл энергетика, гидротехникалық құрылыс мамандықтары бар.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың сөзінше, өңірде еңбекке қабілетті 850 мың адам бар. Оның ішінде, 200 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, бекітілген ұлттық кәсіби классификаторда 1 270 мамандық тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері енгізілген.

«2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 074 жұмыс орнын ашу көзделуде. «Еңбек» бағытындағы бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орны мен 32 448 субсидияланған жұмыс орны бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, облыста биыл 125 инвестициялық жоба негізінде 2004 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу үшін жеке инвесторлармен меморандумдар түзіліп жатыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы 32 448 адамды уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау жоспарлануда»,- деді спикер.

Айта кетейік, облыста биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен өндіріс орындарында ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Аталған жәрмеңкелерде 350-ге жуық жұмыс берушілерден 1500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылуда. Бос жұмыс орындарының 57 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

Н.КӨШЕРОВ: «АЛДЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛУ КЕРЕК»

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Президент тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Онда облыс әкімі барлық жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстағы колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді, инвесторларға алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алу бойынша талап қоюды міндеттеді.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, оларды жастар арасында танымал ету және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады»,- деп атап көрсеткендей, еңбек адамы бүгінде көпке үлгі болуы тиіс. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы маңызын дәріптеуіміз керек. Жауапты басшыларға колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді тапсырамын. Өңірімізде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізіңіздер. Жұмысшы мамандақтарын белсенді дамыту керек. Инвесторларға ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту бойынша талап қою қажет. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты еңбек ақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан асады. Соның ішінде 200 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мәжілісте баяндалғандай, бүгінгі таңда облыстағы жұмыс берушілерден 3600-дей жұмысшы мамандықтарға қажеттілік анықталған. Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысы осы қажеттілікке қарай реттеледі. Яғни, қажетті мамандар еңбек нарығының сұранысына қарай даярланады.
2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның 57% -ы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. «Еңбек» бағытындаға бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орындары мен 32 448 субсидияланған жұмыс орындары бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 125 инвестициялық жоба негізінде 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Олардың тең жартысы – жұмысшы мамандар. Сұранысқа сәйкес жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланды. Яғни, жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтеліп, әрі қарай, жеке инвесторда тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1 400 жұмыс орындары ұсынылды.
Бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысында барлық аудан, қалаларында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынуда.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы ЖИ қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналатынын әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті.

– Қазақстанда жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. ЖИ саласындағы ұлттық саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында оның жұмысына инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлер кеңінен тартылады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады.

– Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.

Жиынға Polynome компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин, G42 компаниясының жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Джексон Эндрю, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Дебба Меруан, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам, Core42 компаниясының мемлекет істері және серіктестік жөніндегі директоры Әл Каисси Талал, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің ректоры және профессоры Тимати Болдуин, Saal.ai компаниясының жасанды интеллект бөлімінің жетекшісі Абдулнаби Абрар, Mubadala Investment Company венчурлық жобалар және даму бөлімінің жетекшісі Әл Мазруи Фарис Сухейл қатысып, пікір білдірді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 70,9 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару міндетін жүктегені белгілі. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жандандырыңыздар. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерді қайтару ісі жүйелі түрде жүргізілсін. Космомониторинг нәтижелерін де назарға алып, сараптаған жөн. Мониторинг, зерделеу, халыққа түсіндіру жұмыстары тоқтамауы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстағы барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген. 2024 жылға облыс бойынша 60,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Есепті мерзімде 70,9 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Өңірде 2023 жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жайылым тапшылығы төмендеп, 2024 жылы 608 мың гектарды құрады.

«На современном этапе альтернативы АЭС нет»

В последние годы разговоры о необходимости перехода на чистую энергию становятся все громче. В центре внимания, как правило, оказываются возобновляемые источники энергии: солнечные панели, ветровые турбины и гидроэлектростанции. Однако за кулисами этого тренда атомная энергетика продолжает удерживать свои позиции. Почему же до сих пор многие эксперты утверждают, что альтернативы АЭС нет?

Почему атомная энергия остается актуальной?

1. Непрерывная генерация.
В отличие от солнечных или ветровых станций, атомные электростанции (АЭС) могут обеспечивать стабильное и предсказуемое производство энергии 24/7, независимо от погодных условий. Это особенно важно для крупных промышленных городов, где перебои с энергией недопустимы.

2. Минимальные выбросы CO2.
Атомные станции практически не выделяют углекислого газа, что делает их ключевым игроком в борьбе с изменением климата. В сравнении с угольными и газовыми электростанциями, АЭС оказывают значительно меньшее воздействие на окружающую среду.

3. Высокая энергетическая плотность. Одна небольшая часть урана может выработать столько же энергии, сколько несколько тонн угля или тысячи кубометров газа. Это делает атомную энергию крайне эффективной с точки зрения расхода ресурсов.

А как насчет возобновляемой энергии?
Солнечная и ветровая энергетика безусловно развиваются быстрыми темпами. Но их недостаток – это нестабильность производства. Без мощных систем накопления энергии, которые на данный момент еще недостаточно развиты, полагаться на возобновляемые источники для обеспечения всего спроса на электричество крайне рискованно.

Атомная энергетика остается важным компонентом глобального энергобаланса. Пока технологии возобновляемой энергии не достигнут той же надежности и стабильности, АЭС будут играть ключевую роль в обеспечении электроэнергией многих стран. Возможно, будущее за чистыми источниками, но на современном этапе альтернативы АЭС действительно нет.

АТА ЗАҢ – ТІРЕГІМІЗ!

Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар өз бастауын Конституциядан алатыны белгілі. Мемлекет басшысы Ата Заңымыз – мемлекеттігіміздің тұғыры берік болуын қамтамасыз ететін ең басты құжат екенін айтты. Оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалса ғана әділдік пен заң үстемдігі орнығатынына назар аударды. «Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы бола отырып, қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан табылуда. Аманаттықтар Конституция нормаларын басшылыққа алып, қазақстандықтардың тұрмысы мен өмір сапасын арттыруға арналған түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыруға кірісті. Демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруда ықпалды саяси күшке айналды.
Партиямыз ашық саяси бәсекелестікті алға жылжумыздың кепілі ретінде айқындап, Ата Заңға енгізілген өзгерістер бойынша жаңғырған сайлау процесінде жаңаша дайындықпен кірісті. Партияның өз ішіндегі қызмет мазмұны жетілдіріліп, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажына негізделген жұмыс сипаты мен тәсілдері белгіленді. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелердің шешім табуына бағдарланды. Әр өңірде, аудан, қалаларда Сайлауалды уәделерді нақтылы іске асырудың тетіктерін белгілеген Жол карталары қабылданып, индикаторлық көрсеткіштері айқындалды.

Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарында көптеген жаңалықтар енгізген конституциялық реформалар, партиялық қызметті шын мәніндегі өзгерістер жаршысы болуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда, қоғамға жақсы таныс «AMANAT» партиясы, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білген беделді ұйым боп бекіді. Қоғамға пайдалы көптеген бас¬тамалар көтеріп, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған нағыз халықшыл партияға айналды.
Конституция бекіткен нормалар бойынша пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесі енгізіліп, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функциялары қайта жасақталды. Мәслихаттардың рөлін күшейтуде партиялық жүйенің мүмкіндіктері кеңейді. Нәтижесінде, партиямыз адал бәсекелестікті жақтап, тұрғындардың қолдауына ие болуда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» тағы да басқа халықтың көптеген сұраныстарын дөп басатын іргелі бастамаларды көтеріп, өміршеңдігін қамтамасыз етті.
Ата Заңмен айшықталған бәріне бірдей тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруда, мемлекеттік өкілді органдағы партиялық тізімде әйелдер мен жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өкілдік етуге кепілдік беретін квота қарастырылды. Бұл өз кезегінде, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыруға ықпал етіп, түрлі әлеуметтік топтарға жататын тұрғындардың заңды мүдделері мен құқықтарының қорғалуына жағдай жасады. Осылайша, өкілді органдардағы партияның депутаттық фракция алаңдары күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді тиянақты талдап-таразылайтын, байыппен қарап, шешім қабылдайтын сындарлы диалог мінберлеріне айналды.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту екені белгілі. Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуда азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау процесстеріне қатысуына жол ашылды. Ауыл және аудан әкімін тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау бойынша жаңа саяси модель қалыптасты. Мұның бәрі азаматтың мемлекеттік негізі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етуде.
Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше айтқан болатын. Экономикасы ауылшаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды.
Облыстың барлық аудан, қалаларында филиалдары бар партиямыз, атқарушы билік жауапкершілігінің жоғары болуын қамтуда және партияның басымдықтарын іске асыруда, ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидаттарын ұсынып, халықтың қолдауына ие болған бүгінгі таңдағы ең ықпалды саяси күш болып отыр. Биылғы жылдың өзінде облыс көлемінде 32 ауылдық округтің әкімдерінің сайлауы өтті. Тұрғындардың басым дауысына ие болған әкімдердің 30-ы – «AMANAT» партиясының өкілдері болды.
Осы саяси науқандарда, партия өкілдерінің жеңіске жету көрсеткіші 93,8 пайызға жетті. Яғни, сайлаушылар, партия айқындаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, инфрақұрымды жақсарту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту міндеттерін қолдайды. Әлеуметтік саланы жаңғырту, мектеп, медициналық ұйымдар салу, спорт мекемелерінің желісін ұлғайту, ауыз су, табиғи газ тарту, электр қуатының сапасын арттыру жоспарларының орындалуын жақтайтындарын білдірді.
Партияның Түркістан облыстық филиалы сайланбалы лауазымдарға ие болған партия өкілдерінің өнімді жұмыс атқаруына қолдау көрсетуде және практикалық ұсынымдар әзірлеп, қабылдауда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумын, ауыл әкімдерінің форумын ұйымдастырып, өткізді. Жоғары деңгейде, тиімділік тұрғысынан пайдалы болған бұл жүздесулерде партияның депутаттар және әкімдер корпусымен ынтымақтаса атқаратын жұмыс бағыттары қарастырылып, қоғамның тамырын тап басатын, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге жетелейтін, соған сәйкес, дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті мүмкіндіктер талқыланды. Қоғамға пайдалы бастамалар көтеріліп, олар нақтылы іске асырыла бастады.
Бұл өзгерістердің барлығы Конституциялық реформалармен келген табыстар. Жаңа саяси-құқықтық негіз боп бекіген Ата Заңымыз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының өзегіне айналып, халық пен биіліктің ұйысқан түрдегі ұстанымын айқындады.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы барша жерлестерімізді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай отырып, еңбеккерлік дәстүріне адал Түркістан облысының жұртшылығы, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту ісінен аянып қалмайды деген сенімін білдіреді. Партиямыздың облыстағы жақтастары Ата Заңда белгіленген демократия құндылықтарын ілгерілетуді жүйелі түрде жалғастырып, азаматтардың құқықтарының сақталуына аянып қалмай еңбек етеді деп білемін. Өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруда, ымырашыл жұртымызды ортақ мақсат аясына біріктіріп, қоғамды үйлесімді дамытуда аманаттық өкілдері алдыңғы қатарда сап түзейді деген сенімдемін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ата Заңымыздың айбыны асқақтай берсін!

Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының төрағасы,
Түркістан облыстық мәслихатындағы
партиялық фракцияның жетекшісі