Архив рубрики: Туризм

ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түскен. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген, яғни басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция мемлекеттерінен саяхаттауға келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы – Қазақстанның туризм саласын дамытудағы стратегиялық өңірлердің бірі. Бұл аймақ тарихи-мәдени мұралары, табиғи байлықтары және экотуризм мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары Түркістан облысына келетін туристер саны өсіп, туристік инфрақұрылым нығайып, саланың экономикалық үлесі айтарлықтай артып отыр.

Тарихи және мәдени, экологиялық туризмнің даму көрсеткіштері де жоғарлаған. Түркістан қаласы түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Мұнда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан ретінде шетелдік және отандық туристердің басты бағыты саналады. Сонымен бірге Арсанбаб, Укаш ата, Отырар, Сауран, Күлтөбе сияқты тарихи орындарға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысына жалпы 500 мыңнан астам турист келген, ал бір күндік келушілер саны 1 миллионнан асып, бұл өңірді республиканың ең көп баратын туристік орталықтарының қатарына шығарды. Сол жылдың өзінде 235 мың турист орналастыру орындарын пайдаланса, 136,4 мың адам сауықтыру және демалыс аймақтарында, 128,6 мың адам табиғи саябақтарда демалған. Сондай-ақ шетелдік туристер легі де жыл санап артып келеді.Өткен жылы Түркістан облысына 21 121 шетелдік турист келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 45 пайыздық өсімді құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш тағы да екі есеге еселене түсті.  Сондай-ақ, “Әзірет Сұлтан” музей-қорығына 638,8 мың адам, ал Отырар тарихи аймағына 241 мыңнан астам турист барған. Бұл көрсеткіштер Түркістанның тарихи және рухани туризм орталығы ретіндегі маңызын айқын дәлелдейді.

Сонымен қатар экотуризм – болашақтың басым бағыты екені белгілі. Бұл бағытта Түркістан облысы табиғи байлығы мен экожүйелік әлеуеті жоғары өңір ретінде экотуризмді дамытуда қарқынды өсімді көрсетуде. Өңірде Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Сайрам–Өгем ұлттық табиғи паркі, Сырдария–Түркістан өңірлік табиғи саябағы секілді өзіндік керемет, қайталанбас табиғаты бар, ерекше қорғалатын аумақтар орналасқан. Бұл жерлерде табиғатты тамашалау, жаяу серуендеу, ғылыми-танымдық туризм, фото-экспедициялар, этноэкологиялық бағыттар дамып келеді. Қазақстан бойынша экотуризм соңғы үш жылда 40 пайызға өссе, оның айтарлықтай үлесі Түркістан облысына тиесілі. Табиғи аймақтарға келушілер саны жыл сайын тұрақты түрде артуда.

Туризм саласының экономикалық тиімділігі және әлеуметтік әсері өте мол. Түркістан облысында туризм саласы тек мәдени және рухани саланың дамуына ғана емес, өңір экономикасына да қомақты үлес қосып жатыр. 2025 жылдың өзінде туризм саласы облыс қазынасына шамамен 6,6 миллиард теңге табыс әкелген. Соңғы жылдары экотуризм саласына 64 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, қонақүйлер, демалыс орталықтары, туристік кешендер салынған. Қазіргі уақытта өңірде шамамен 40-тан астам ірі туристік жоба іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, өңірдің халықаралық имиджінің нығаюына үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.

Жоғарыдағы нақты көрсеткіштер Түркістан облысының туризм саласын жүйелі түрде дамытып жатқанын айқын көрсетеді. Туристер санының артуы, инфрақұрылымның жақсаруы, шетелдік келушілер легінің көбеюі – өңірдің халықаралық туристік бренд ретінде орныққанын дәлелдейді. Сонымен қатар экотуризмнің дамуы табиғатты қорғау мәдениетін күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Жалпы Түркістан облысы – өткен тарих пен бүгінгі өркендеуді ұштастырған, экологиялық туризм саласында да еліміздің ғажайып табиғатын танытатын, болашағы зор аймақтардың бірі болып есептеледі.

Экотуризмнің маңызы және Түркістан облысының әлеуеті

Түркістан облысында экотуризм қарқынды дамып келеді. Облыстың әкімі Нұралхан Көшеров туризм саласын, оның ішінде экологиялық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөліп, жауапты басқарма мен аудан,қала әкімдеріне бұл бағыттағы жобаларды қарқынды түрде дамытуды тапсырған болатын.

Жалпы Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ірі өңір, тұрғын саны бойынша да республикадағы көшбасшы аймақтардың бірі. 2025 жылғы дерек бойынша облыс халқы шамамен 2,147,9 мың адамды құрайды.   Оның бай табиғи ресурстары мен тарихи-мәдени мұрасы аймақты экотуризм үшін перспективалы бағытқа айналдырады. Экотуризм – табиғатты сақтай отырып, тұрғындарға кіріс көзін қалыптастыруға көмектесетін тұрақты даму секторларының бірі.

Түркістан облысында экотуризмді дамыту: көрсеткіштер, мүмкіндіктер және даму болашағына тоқталар болсақ. Өңір табиғи, тарихи және мәдени байлықтарға кенде. Облыста бірнеше ерекше қорғалатын табиғи аймақтар бар, соның ішінде: «Ақсу–Жабағылы» қорығы, «Қаратау» қорығы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар. Бұл аймақтар экологиялық туризмге арналған негізгі бағыттарды құрайды. Өзінің әр түрлі ландшафттарымен және табиғи ерекшеліктерімен олар экотуристердің қызығушылығын арттыруда.

Соңғы жылдары өңірге келетін туристер саны артқаны байқалады. Мысалы, облысқа өткен жылы 470 мың турист келсе, биылғы бұл көрсеткіш еселенеді деп бағаланған. Өңірдің табиғи көрікті орындары мен климаты экотуристер үшін тартымды таулы және жайлы серуен аймақтарын ұсынады. Сонымен қатар өңірде экотуристер саны өсуде: өткен жылғы таулы аймақтарға барған туристер саны шамамен 75 мың болса, биыл жыл соңына қарай 100 мыңнан асуы мүмкін деп болжануда.

Түркістан облысында туризмді дамыту үш негізгі бағытта жүргізілуде. Олар тарихи-танымдық туризм мен емдік-сауықтыру туризмі және экологиялық туризм кластерлері. Экотуризмнің дамуы үшін инфрақұрылымды жаңарту, абаттандыру, кіру бағаларын реттеу, қауіпсіздік және навигациялық жүйелерді енгізу сияқты іс-шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірлік билік пен туризм саласының өкілдері табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті көтеру және қауіпсіздік талаптарын насихаттау мақсатында арнайы іс-шаралар ұйымдастыруда. Мысалы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Түркістан таулары» атты белсенді экотуристік фестиваль өткізілді, онда қатысушылар экотуризм негіздері, қауіпсіздік ережелері, табиғатты қорғау мәселелері бойынша білім алды

Экотуризмнің дамуы Түркістан облысының табиғи қорларын сақтау мен тұрғындардың экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, экологиялық туризи бағыты табиғатты сақтау мен тұрақты пайдалануды насихаттайды, аймақ экожүйелерін қорғауға септігін тигізеді. Әлеуметтік-экономикалық тиімділігін айтар болсақ, елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдық тұрғындар үшін қосымша табыс көзін қалыптастырады. Жалпы экотуризм арқылы Түркістан облысын әлемге таныстырып, халықаралық туристерді тартуға мүмкіндік туындап отыр.

Ал, жалпы Қазақстандағы экотуризм тенденциялары да оң бағытта дамып, өткен жылы шамамен 2,8 миллион адамға дейін артқан. Оның ішінде, Түркістан облысында экотуризмнің дамуын қолдау мақсатында инфрақұрылымды жетілдіру жоспарлары қарастырылуда. Яғни, туристік бағыттарды белгілеу және абаттандыру, қонақжайлар мен эко-кемпингтер салу, ұлттық парктер аймағында сервистік қызметтерді дамыту сияқты шараларды қамтиды. Өңірдегі экологиялық туризімді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі – Төлеби ауданы болып саналады. Қазіргі таңда Төлеби ауданы және басқа да қалалар экотуризмді дамыту бойынша әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуға, ұлттық парк аумақтарын тиімді басқаруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.

Ал, Төлеби аумағында бірнеше ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, соның ішінде «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Бұл паркте жалпы 17 519 гектар жер туристік және рекреациялық аймақ болып саналады.  Бұл аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Ауданда экологиялық туризм жақсы дамып келеді: соңғы жылдары 100 000-нан астам адам саяхаттап келгені туралы ресми ақпараттар бар, соның ішінде табиғатқа қызығушылық танытатындар көп. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру бойынша Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастырған болатын.

Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы бар, ол теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте орналасқан. Сонымен қатар Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі де бар, ол теңіз деңгейінен 1700 метрде және ұлттық табиғи паркінде Грейг қызғалдақтары өседі. Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өсімдіктердің 1635 түрі бар. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі.

ЖАЛПЫ СЕНБІЛІКТЕ 50 МЫҢ ТҮП КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Мемлекет басшысының бастамасымен жалпыхалықтың деңгейде сипат алып, тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтіп, 7 мыңға жуық түрлі көшет егілді.

Ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға арналған шараға мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті мәслихат депутаттары, ауданның белсенді жастары мен жергілікті тұрғындар қатысты. 2 мыңға жуық адам мен 15 техника жұмылдырылған санитарлық тазалық жұмыстары қала, кент және барлық ауылдық округтерде арнайы бекітілген кесте негізінде жоғары деңгейде жүргізілді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, саябақтар мен көшелерді, арық-атыздарды тазаласа, тұрғындар үйіргелік жерлерін, ал кәсіпкерлер кәсіпкерлік нысандарына жапсарлас аумақтарды күл-қоқыстардан, қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Өткен жылы бастау алған аталмыш шара аясында ауданда жыл басынан бері 100 мыңға жуық тұрғын мен 280 техника жұмылдырылған 77 ауқымды сенбілік өткізіліп, тазалық жұмыстары барысында 692 тонна қоқыс тиісті орындарға шығарылған. Сонымен қатар ауданда Жасыл белдеу қалыптастыру, көгалдандыру жұмыстарын жоспарға сай жүргізу мақсатында 7 мың түп түрлі ағаштардың көшеті егіліп, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ағаштар бұталды.

Айта кетсек, былтыр аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер отырғызылған еді. Биыл тағы 30 мың түп көшет егу жоспарлануда.

Арыс қаласы да игі іске ұйысып, жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев пен ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары белсене қатысты. Алғашқы көшеттер қала орталығындағы Құрметті азаматтар аллеясында отырғызылды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы алдын ала үйлестіріп, жер телімдерін әзірлеп, су көздерін қолжетімді етті.

Игі іс одан әрі «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп жас талды топыраққа қондырды. Әр көшет ерекше ықыласпен отырғызылып, ортақ іске деген жауапкершілік пен ұйымшылдық айқын сезілді. Шара барысында қала әкімі аға буын мен жастардың бірлескен белсенділігіне ризашылығын білдірді.

«Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы.

Шараның ең ауқымды бөлігі Арыс–Шардара автожолының бойында өтті. Бұл жерде мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер.

Акцияға қатысушылардың әрқайсысы бұл жұмысты тек сенбілік деп емес, туған жерге деген құрмет деп қабылдап: «Бұл талдар – болашаққа қалдырған аманатымыз» деген ортақ оймен еңбек етті. Жаппай ағаш отырғызу шарасы қала экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.

Одан бөлек, Ордабасы ауданында да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік шарасы өтті. Тазалық пен қоршаған ортаны қорғау мақсатында қолға алынған іс-шараға аудан бойынша 2954 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ардагерлер, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенділік танытты.

Сенбілік барысында аудан аумағында орналасқан бірқатар маңызды нысандар мен инфрақұрылымдар күл-қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, М-32 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойы, сондай-ақ К-16 және ішкі каналдарының айналасы арам шөптер мен қатты тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды. Тазалық жұмыстарына 15 дана арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 50 тоннадан астам күл-қоқыс сыртқа шығарылды.

Бұл жолғы сенбілік тек тазалық шараларымен шектелмей, көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстарымен де ерекшеленді. Биылғы көктем-күз маусымындағы ағаш егу жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Осыған орай, аудан орталығы Темірлан елді мекенінде орналасқан “Шәмші Қалдаяқов” атындағы аллеясында салтанатты түрде ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылып, 50 түп арша (можжевельник, сосна), көшеттері егілді.

Бұдан бөлек, 10 ауыл округі аумағында 890 түп қара ағаш көшеттері отырғызылды және өзге де жасыл желек түрлерін отырғызуға арналған 14 мың көшет орны алдын ала дайындалды. Жалпы алғанда, аудан бойынша күз мезгілінің соңына дейін 21 150 дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жоспар – аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаны тазартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді. Сенбілікке қатысқан мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуын қолдайтындарын жеткізді.

Қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау – болашақ орманның кепілі

Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау мақсатында «Арша қорғау» атты рейдтік жұмыстарын жүргізді.

Қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау – болашақ орманның кепілі. Қылқан жапырақты ағаштар табиғаттың жасыл белбеуі ғана емес, экожүйенің тұрақтылығын сақтайтын, ауаны тазартып, жердің бедерін қорғап, климатты реттейтін ерекше байлық. Сондықтан олардың жас өскіндерін қорғау – табиғатты сақтаудың ең маңызды бағыттарының бірі. Себебі бүгін отырғызылған немесе табиғи жолмен шыққан әрбір жас өскін – ертеңгі орман, келешек ұрпақтың аманаты.

Қылқан жапырақты ағаштардың, әсіресе арша, шырша, қарағай, самырсын сияқты түрлерінің өсуі баяу жүреді. Кішкентай көшет үлкен ағашқа айналуы үшін ондаған жыл қажет. Осы ұзақ мерзім ішінде олар табиғи факторлар мен адам әрекетінен қауіп көреді. Егер бүгін өскін сақталмаса, ертең орман жаңармайды. Ал, жас өскіндерді қорғау арқылы орман қоры сақталады, табиғи тепе-теңдік бұзылмайды, одан бөлек топырақ құнарсыздануының алдын алуға сеп болады. Олар арқылы ауа сапасы жақсарып, оттегі қоры көбейеді, жануарлар мен құстардың тіршілік ортасы сақталады.

« – Қылқанды ормандардың жас ағаштары көбіне мына жағдайлардан зардап шегеді. Олар заңсыз ағаш кесу, өрт қауіпі және адамдардың немқұрайлығы және мал таптау, жайылымның бақылаусыз пайдаланылуы, сонымен қатар қоқыс тастау, топырақты ластау, құрылыс, инертті материал өндіру сияқты заңсыз жер пайдалану және табиғи апаттар мен қолайсыз климаттық жағдайлар әсер етеді. Осының бәрі жас ағаштардың өсіп-жетілуіне зиян келтіріп, орманның жаңару процесін тежейді. Сондықтан жас өскіндерді қорғау – тек орман қызметкерлерінің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше маңызды шараны жүзеге асыру қажет деп есептейміз. Яғни, заң талаптарын сақтау және бақылауды күшейту және заңсыз кесу, рұқсатсыз жер пайдалану, инертті материал өндіру сияқты әрекеттерге жол бермеу керек. Орманда от жақпау, темекі тастамау, қоқыс қалдырмау – әр азаматтың жауапкершілігі. Мектеп оқушыларына, жастарға, ауыл тұрғындарына  да табиғат қорғаудың маңызын түсіндіру – болашақ үшін қажет. Көшет отырғызу, орманды қалпына келтіру акцияларына белсенді қатысу табиғатқа нақты көмек. Жергілікті тұрғындар табиғатқа зиян келтірген жағдайды дер кезінде хабарлап, жауапкершілік танытса – үлкен үлес болар еді. Себебі қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғау тек экология үшін ғана емес, адами тұрғыдан да маңызды. Орман – халықтың тыныс алатын кеңістігі, денсаулыққа пайдалы табиғи ресурс, рухани демалыс орны. Әрі бұл – елдің табиғи байлығы, ұлттық қазынасы. Жас өскін – ертеңгі жасыл орман, ал жасыл орман – елдің болашағы. Сондықтан оны қорғау – табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің белгісі Қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Табиғатты аялау, жас көшеттерді сақтау – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Әр адам табиғатқа жанашырлық танытып, жас өскіндерді қорғауға үлес қосса, ертең еліміз жасыл ормандары жайқалған, экологиясы таза, өмір сапасы жоғары өңірге айналары анық.» – дейді қорықтың  қызметкерлері.

Сондай-ақ, Ақсу-Жабағылы қорығының қызметкерлері ауыл тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес сирек кездесетін ҚР Қызыл кітабына енген “Тянь-Шань арқарын сақтайық” атты далалық түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, үнпарақтар таратты.

Тянь-Шань арқары – Қазақстан табиғатының мақтанышы, таулы өңірдің сәні, экожүйенің маңызды бөлігі. Бір кездері саны мол болған бұл сирек жануар бүгінде жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жақындап отыр. Сондықтан табиғатты қорғау ұйымдары мен орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті билік және қоғам өкілдері де «Тянь-Шань арқарын сақтайық!» атты далалық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып тұрады. Бұл шараның мақсаты – халықтың экологиялық санасын арттыру, арқарды қорғаудың маңызын түсіндіру және браконьерлікке қарсы күресті күшейту.

Тянь-Шань арқары – биік таулар мен қия жартастарды мекен ететін, ерекше бейімделгіш жануар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары табиғи ортаға адам қолының араласуы, заңсыз аңшылық, жаю аймақтарының кеңеюі және климаттық өзгерістер арқалардың санына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан бұл бағытта ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Одан бөлек мектеп оқушылары мен жастарға да табиғатқа жауапкершілікпен қарау, сирек жануарларды қорғау туралы сабақтар мен кездесулер ұйымдастырылуда.

«- Арқарды сақтау – тек бір жануарды қорғау емес, бүкіл таулы экожүйені қорғау деген сөз. Егер арқар жойылса табиғи тепе-теңдік бұзылады, басқа жануарлар мен өсімдіктер әлеміне әсер етеді және табиғаттың тарихи-мәдени құндылығы жоғалады.Сондықтан әрбір азамат бұл мәселеге бейжай қарамауы қажет. Тянь-Шань арқарын қорғау – тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. «Тянь-Шань арқарын сақтайық!» атты далалық түсіндіру жұмыстары табиғатты қорғауға деген көзқарасты өзгертудің, экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызды қадамы болып отыр. Бұл тек бүгінгі күннің мәселесі емес – болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Егер бәріміз бірлесіп әрекет етсек, Тянь-Шаньның қия жартастарын дүбірлеткен арқар үйірі ертең де еркін жүретін болады. Табиғатты аялау – өз болашағымызды қорғау!» – дейді мамандар.

Студенттер Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында кәсіби тәжірибеден өтті

Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында студенттер үшін ұйымдастырылған кәсіби тәжірибе жұмыстары табысты өтті. Бұл тәжірибе жас мамандардың теориялық білімдерін нақты табиғи ортада қолданып, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді. Нақтырақ айтар болсақ, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің  «Қонақ үй» мамандығы бойынша 2-курс топ студенттері бөлімше қызметінің бағыты бойынша бизнес-жоспар құру мен оны орындау дағдыларын қалыптастыру және экологиялық туризмнің басымдылықтарымен танысу мақсатында тәжірбие алмасты.

Қазақстандағы ең көне қорықтардың бірі саналатын Ақсу–Жабағылы табиғи байлығы мол, биологиялық алуантүрлілігі жоғары аймақ. Осындай құнды табиғи мекенде тәжірибеден өту студенттер үшін ерекше мектеп болды. Қорық қызметкерлері жастарға қорықтың құрылу тарихы, қорғалатын аумақтың ерекшелігі, ондағы жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы кеңінен түсіндіріп, ғылыми-танымдық ақпараттармен бөлісті.

Тәжірибе барысында студенттер табиғатты қорғау жұмыстарына қатысып, экожүйенің сақталу маңызын түсінді. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін бақылау, дерек жинау, талдау жасау әдістерін де меңгерді. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу бағытындағы бастапқы жұмыстарды тәжірибеде көріп, практикалық дағдыларын арттырып, экологиялық мәдениет пен табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын нығайтты.

Сонымен қатар жастар қорықтың ерекше қорғалатын аумақ ретіндегі мәртебесімен, табиғатты қорғау жөніндегі заң талаптарымен танысты. Әсіресе қызыл кітапқа енген сирек жануарлар мен өсімдіктерді сақтау мәселесінің маңызына ерекше көңіл бөлінді. Табиғат аясында жүргізілген тәжірибелік сабақтар студенттердің қызығушылығын арттырып, таңдаған мамандықтарына деген сенімін күшейтті.

Сондай-ақ студенттер экотуризм саласында бизнес–жоспар жасау және  табысты жобаның негізгі қадамдарын меңгеру бойынша да дәрістер алды. Табиғатты сақтай отырып, туристерге сапалы демалыс ұсыну – қазіргі заман талабы. Бұл сала бір жағынан табыс әкелсе, екінші жағынан табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық мәдениетті нығайтуға үлкен үлес қосады. Сондықтан болашақ мамандарға экотуризм саласында кәсіп ашамын деген кәсіпкерлер үшін ең бірінші қажет құжат – нақты әрі жүйелі бизнес–жоспар екені айтылды.

«- Бизнес–жоспар – кез келген жобаның жол картасы. Ол кәсіптің мақсаттарын айқындап, қаржылық есеп жүргізуге, тәуекелдерді анықтауға және жобаның тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Экотуризм саласында бизнес–жоспар, бұл табиғи аумақтарды тиімді пайдалануды жоспарлау және инфрақұрылымды дұрыс орналастыру. Туристік ағынды болжау мен экологиялық талаптарды сақтау және инвесторлар мен мемлекеттік қолдауды игере білу де маңызды. Экотуризм бойынша бизнес–жоспар жасаудың алғашқы қадамы – нарықты зерттеу. Ол үшін бірінші аймақтағы экотуризм нысандарын талдау қажет және оған келушілер санын білу маңызды. Сондай-ақ бәсекелестікті ұмытпаған жөн.  Жалпы келушілерді не қызықтырады деген сауал арқылы туристердің қажеттілігін анықтау, ішкі және сыртқы туризмнің сұранысын бағалау қажет.

Экотуризм бизнесі әртүрлі бағытта дамуы мүмкін. Бизнес–жоспарда жоба форматы анық көрсетілуі керек. Мысалы: экологиялық демалыс базасы; эко–лагерь, глэмпинг немесе этноауыл; тау–серуен бағыты; ұлттық парк аумағындағы экскурсиялық қызмет; экологиялық білім беру орталығы болуы мүмкін. Экобизнес үшін ең маңызды фактор – табиғи орта. Сондықтан жер таңдағанда табиғи объектілердің тартымдылығы мен қолжетімділік айқындап алыңыздар.Сонымен қатар бұл бағытта кәсіп бастау үшін табиғатты қорғау нормаларын қатаң сақтау қажет. Бұл талаптарды сақтау – жобаның заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Экотуризмдегі табыстың негізгі бөлігі турист санымен байланысты. Сондықтан маркетингтік жоспар міндетті түрде болуы керек.Экотуризм саласында бизнес–жоспар құру жауапкершілікті, кәсіби талдау мен жүйелі жоспарлауды талап етеді. Бұл бағыт – болашақтың экономикасы. Табиғатты қорғап, халыққа пайдалы, экологияны сақтайтын бизнес жүргізу – бүгінгі уақыт талабы.» – деді дәріс берушілер.

 

Негізі практика – студенттердің теориялық білімін нақты өмірмен ұштастыратын маңызды кезең. Өндірістік және оқу тәжірибесі барысында студенттер алған білімдерін іс жүзінде қолданып, өз мамандығының жауапкершілігін терең түсінді.Сонымен қатар ұжыммен жұмыс істеу, уақытты тиімді пайдалану, тапсырманы дер кезінде орындау, жауапкершілік пен тәртіп сияқты маңызды қабілеттерді дамытты. Бұл бастама студенттердің тәжірибе жинақтауына, кәсіби шеберлігін арттыруына, болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті. Ең бастысы – олар өз саласына деген қызығушылығын күшейтіп, таңдаған мамандықтарына деген сенімін нығайтты.

Ақсу–Жабағылы қорығында өткен бұл кәсіби тәжірибе студенттердің білімін толықтырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтті, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Мұндай мүмкіндік болашақ мамандардың білікті, білімді және экологиялық жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына үлкен серпін берері сөзсіз.

«Айғақ» телеарнасының «Turkistan TOURISM» атты тарихи-танымдық бағдарламасы насихатталды.

2 млн 116 мың халқы бар Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1780 тарихи және мәдени ескерткіші орналасқан. Оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 40 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1336 алдын ала тізімдегі нысан бар. Түркістан облысы орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тарихи маңыздылығына орай ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген халықаралық маңызы бар бірегей сәулет туындысы.

«Айғақ» телеарнасының «Turkistan TOURISM» атты тарихи-танымдық бағдарламасы 2 сағат бойы Түркістан облысының  білім ордаларында көрсетілді. Бағдарлама авторы, мемлекеттік «Дарын» жастар республикалық сыйлығының лауреаты, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің гуманитарлық ғылымдар бойынша Академиялық комиссияның мүшесі, «Айғақ» Телерадиокомпаниясының редактор-журналисі Салтанат Тойболова.

Шара барысында мектеп оқушыларына  туған жеріміздің туризм саласындағы жетістіктері кеңінен таныстырылып, ақпараттар берілді.

Түркістан облысының барлық аймақтары тарихи және мәдени нысандарға, табиғи демалыс орындарына бай. Айталық Түркістан мен Кентау қалалары және Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол болса, ал, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі өркендеген. Оған қоса Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Бағдарламаның түсірілімінде аталмыш нысандардың барлығы кеңінен қамтылып, маңыздылығы түсіндірілген.

Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» жобасын айтуға болады. «Қасқасу» тау-шаңғы базасы Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында салынып жатыр. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне енгізілген. Бұл жоба Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаның сыртқы инженерлік-инфрақұрылым соммасы – 3 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобаны іске асыру кезеңі 2021-2023 жылдарға арналған. Жоба толығымен жүзеге асырылып, тау-шаңғы базасы мен курорт іске қосылған кезде мұнда 5000-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Түркістан облысының туристік инфрақұрылымының қарқынды дамуы – мемлекеттік саясат пен жергілікті басқарудың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Жаңа жобалар, артқан туристік ағым және рекордтық инвестициялар өңірдің Қазақстандағы туризм орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан Түркістан облысындағы туризм саласын дамыту бағытында Жол картасы әзірленіп жатыр.  Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған.