Архив рубрики: Туризм

Алматыдағы «Таза Қазақстан» инновациясы (Эко-Трак) Түркістан облысы Созақ ауданындағы ауыл мектептеріне экологиялық мәдениетті енгізуде

2026 жылғы 19–20 мамыр күндері Түркістан облысы Созақ ауданындағы ауыл мектептерінде 2025–2026 оқу жылына арналған «Жасыл мектеп» бағдарламасының қатысушылары үшін экологиялық фестивальдер сериясы өткізілді. Қазақстан-француз бірлескен уран өндіруші кәсіпорны KATKO «Жасыл мектеп» жобасын іске асырудың бастамашысы болды. Компания ұзақ уақыттан бері бизнесті экологиялық қағидаттар негізінде жүргізіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды ұстанып келеді. Жобаға келесі білім беру ұйымдары қатысты:

– Шолаққорған ауылы — Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп;
– Таукент ауылы — Исмет Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп;
– Таукент ауылы — Сүгір Әліұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп;
– Тасты ауылы — Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп;
– Шу ауылы — Жаппас Қаламбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп.
Жобаға жалпы саны 3500-ден астам адам қатысты.


2026 жылғы 18 мамырда «Алматыны дамыту орталығы» АҚ «Жасыл Алматы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы Түркістан қаласындағы №32 мектеп оқушыларына арналған Эко-Трак көрме алаңына арнайы барып, ECO Network командасының жұмысымен танысты.
Аталған жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының екі жылдығы аясында іске қосылды. Жоба экологиялық іс-шараларды өткізуге және ірі іс-шараларды экологияландыруға арналған құрал болып табылады. Қатысушылар велошредерлер арқылы пластикалық қақпақтарды ұсақтап, оны сол жерде қайта өңдеу арқылы брелоктар, телефонға арналған тіреуіштер, шахмат және басқа да бұйымдар жасай алады. Сонымен қатар қатысушылар “Корнхолл” және “Ірімшік” ойындарға қатысып, экологиялық викториналар мен байқауларға қатысты.


Іс-шараға арнайы қайта өңделген пластиктен жергілікті нақыштағы брелоктар мен телефонға арналған тіреуіштер дайындалды. Көптеген балалар арнайы құрылғыларда бұйымдардың жасалу процесін көріп, өздеріне сыйлық ретінде ұтып алды.
«KATKO компаниясының өңірлерде әлеуметтік-экологиялық жобаларды енгізу бойынша көпжылдық халықаралық тәжірибесі бар. Біз «Жасыл мектеп» жобасының болашақ экологиялық саналы тұлғаларды қалыптастыруға және олардың ата-аналар мен жалпы қоғамға ықпалы зор екеніне көз жеткізіп отырмыз. Аудан әкімдігіне белсенді қолдау көрсеткені үшін және ECO Network компаниясына жобаны сәтті бастағаны үшін алғысымызды білдіреміз», — деді «КАТКО» БК ЖШС коммуникациялар және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік басқармасының жетекшісі Айнаш Ченгельбаева.


«Біздің компания еліміздің көптеген өңірлерінде және барлық жас санаттарында экологиялық бағдарламаларды енгізіп келеді. Дұрыс жүзеге асырылған жағдайда «Жасыл мектеп» бағдарламасы әсіресе ауылдық өңірлерде аса табысты болатынын сеніммен айта аламыз. Балалар қарапайым, оларды түрлі азғырулар аз алаңдатады, ал озық бағдарламаларды енгізу мүмкіндігі оларды ересектерден де көбірек шабыттандырады. Осындай еліміз үшін маңызды жобаны тағы бір мәрте жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін KATKO компаниясына алғыс айтамыз», — деді ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов.


Жоба негізін қалаушы Евгений Мухамеджановты Мемлекет басшысы 2024 жылғы 31 мамырда қабылдап, жобаның тиімділігіне жоғары баға беріп, оны әрі қарай кеңейту қажеттігін атап өтті.
«Жасыл мектеп» жобасын жүзеге асыру аясында ECO Network командасы әр мектепке барып, мотивациялық экологиялық дәрістер өткізді. Онда оқушыларға олардың жеке рөлінің маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Әр мектепте қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылым — жәшіктер, плакаттар мен жапсырмалар орнатылды. Оқушылар макулатура, пластик, шыны және алюминий қалдықтарын жинады.


Бағдарлама көшбасшылары көршілес дүкендер мен емханаларда да дәрістер өткізіп, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізуге көмектесті. Бағдарлама аясында келесі жұмыстар атқарылды:
– 1321 кг макулатура, 52 кг алюминий, 102 кг пластик бөтелке және 56 кг пластик қақпақ жиналды;
– 30-дан астам білім беру дәрісі өткізілді;
– әлеуметтік желілерде 70-тен астам материал жарияланды;
– әр мектепте econetwork.green «жасыл» компаниялар порталында ашық кабинет құрылып, қатысушылар өз жаңалықтарын жариялап, атқарылған жұмыстардың нәтижелерін көре алады;
– ата-аналар арасында жобаның маңыздылығын түсіну және балаларды қолдау деңгейін бағалау мақсатында сауалнамалар жүргізілді.

2026 жылғы 19–20 мамырда әр мектепте Эко-Трактың көрсетілімімен қорытынды ЭКО-фестиваль ұйымдастырылды. Созақ ауданында өткен «Жасыл мектеп» жобасы аясындағы мектептер арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Созақ ауданы әкімінің орынбасары Ешенқұлова Алтын Күнтуқызы, Созақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Досболов Ерік Есенұлы, Таукент кентінің әкімі Дәулетбаев Елдос Орынбасарұлы, Тасты ауылдық округінің әкімі Тлеулинов Манас Бейсенбайұлы, KATKO компаниясының коммуникациялар және КӘЖ басқармасының жетекшісі Айнаш Ченгельбаева, Orano Mining компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі жетекшісі Гвинель Поте және ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов қатысты.

Созақ ауданындағы мектептер арасындағы байқау қорытындысы төмендегідей:

«Шикізат жинау көшбасшысы» номинациясы — А. Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп
(сыйлық — қайта өңделген пластик қақпақтардан жасалған үстел);

«Экологиялық бастамалар көшбасшысы» номинациясы — Ж. Қаламбаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп
(сыйлық — қайта өңделген пластик қақпақтардан жасалған шахмат жиынтығы);

«Үлкен әлеует» номинациясы — Сүгір Әліұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп, И. Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп және Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп
(сыйлық — KATKO логотипі бар қайта өңделген пластик қақпақтардан жасалған сағаттар);

Жоба барысында ECO Network компаниясы Созақ ауданының символикасы бейнеленген қайта өңделген пластиктен бұйымдар әзірледі («Мыңжылқы» телефон тіреуіші және «Green School Sozak District» брелогы).

Бағдарламаны жүзеге асыру моделі келесідей: бастапқы кезеңде жоғары сынып оқушылары арасынан эко-рейнджерлер клубы құрылады. Кейін олар қажетті білім алып, бастауыш сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың орындалуын бақылайды. Бұл модель өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді. Ал ECO Network тарапынан кураторлар бағдарламаны тұрақты түрде қадағалап, ай сайын ауданның барлық қатысушы мектептеріне барып, аудит жүргізіп отырды.

KATKO компаниясы жобаны жүзеге асыруда тұрақты даму қағидатын ұстанады және алдағы жылдары ECO Network компаниясымен бірлесіп, осы өңір мектептерінде жобаны жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар еліміздің өндірістік және кен өндіруші компанияларын осы табысты тәжірибені қолдануға шақырады.

Анықтама:

«KATKO» БК ЖШС — қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Францияның мемлекеттік Orano Group компаниясы құрған бірлескен кәсіпорын. 1996 жылы құрылғаннан бері KATKO Түркістан облысы Созақ ауданындағы Мойынқұм кен орындарында уран барлау және өндіру жұмыстарымен айналысады. Компания әлеуметтік жауапкершілігімен, жоғары қауіпсіздік стандарттарымен және өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесімен танымал. Сонымен қатар Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып табылады.

Компания Созақ ауданындағы қызметі барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 8,2 млрд теңгеден астам қаражат бағыттап, 490 жобаны жүзеге асырды (2026 жылғы мәлімет бойынша). Соңғы жобалардың қатарында:

– Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясын салу;
– Созақ ауданының Шолаққорған ауылында бұрын апатты жағдайда тұрған үйде тұрған отбасыларға арналған екі және үш бөлмелі пәтерлері бар екі қабатты тұрғын үй салу. Құрылыс құны — 386 млн теңге;
– Шолаққорған ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің қасбетін жөндеу және жылылау жұмыстары. Жоба құны — 46 млн теңгеден астам;
– Шу, Тасты және Таукент ауылдарындағы үш мектепті интерактивті жабдықтармен, жиһаздармен, физика, математика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, тарих және басқа пәндерге арналған оқу-зертханалық материалдармен қамтамасыз ету.

KATKO қызметінің тікелей экономикалық тиімділігі (кедендік төлемдер мен салықтар) 2024–2025 жылдары 134 млрд теңгеден асты. Ал осы кезеңдегі жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алудың жылдық көлемі 170 млрд теңгеден асты.

ECO Network жобасы 2018 жылы Алматы қаласында құрылып, 8 жыл ішінде «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп», Эко-Хаб және Эко-Трак жобалары арқылы Қазақстанның 10 қаласын қамтыды. 2022 жылы жоба негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов Мемлекет басшысының қолы қойылған «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2024 жылғы 31 мамырда Президент Евгений Мухамеджановты жеке қабылдап, жоба бастамаларына зор қолдау білдірді. Бүгінде компания сарапшылары түрлі министрліктерге, әкімдіктерге және ТМД елдерінің қала әкімшіліктеріне кеңес беріп, қалалық және республикалық бағдарламаларды әзірлеуге қатысуда.

В ТУРКЕСТАНЕ ПРОШЕЛ ЧЕМПИОНАТ КАЗАХСТАНА ПО ТРИАТЛОНУ

На гребном канале города Туркестана, соответствующем олимпийским стандартам, стартовал чемпионат Республики Казахстан по триатлону на дистанции “суперспринт”. Соревнования проходят в категории Elite, а также среди возрастных групп U23, U19, U17, U15 и U13.

Гребной канал, построенный по международным требованиям и не имеющий аналогов в Центральной Азии, считается одним из уникальных объектов спортивной инфраструктуры страны. Современный комплекс позволяет проводить соревнования республиканского и международного уровня на самом высоком уровне. В чемпионате страны принимает участие около 150 спортсменов из городов Астаны, Алматы, Шымкента, Атырауской, Акмолинской, Жамбылской, Костанайской и Туркестанской области. В этой престижной гонке лучшие триатлонисты страны определяют сильнейших.

В торжественной церемонии открытия приняли участие руководитель управления физической культуры и спорта Туркестанской области Галымжан Худияров и генеральный секретарь Казахстанской федерации триатлона Сергей Майер, которые пожелали спортсменам удачи.

В первый день чемпионата, запланированного на 9-10 мая, уже определились победители и призеры. Спортсмены Туркестанской области продемонстрировали высокие результаты, завоевав в копилку региона 5 медалей.

В категории Elite среди мужчин бронзовую награду завоевал Егор Крупяков, среди женщин бронза досталась Надежде Бегмаганбетовой. В возрастной категории U23 бронзовую медаль выиграла Даяна Карим. В категории U19 серебряным призером стал Матвей Шевнин. В категории U17 серебро завоевал Мурат Алхам.

Таким образом, по итогам первого дня соревнований туркестанские спортсмены завоевали 2 серебряные и 3 бронзовые медали. Победителей и призеров наградили медалями и благодарственными письмами Галымжан Худияров и Сергей Майер. Спортсмены, ставшие лучшими на этом чемпионате, получат путевки на чемпионат Азии, который пройдет в июне в Китае.

«Мөлдір бұлақ» – табиғат тазалығының бастауы

Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі – «Мөлдір бұлақ» акциясы. Бұл игі шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Акцияның негізгі мақсаты – ел аумағындағы су көздерін тазарту, табиғатты қорғау және халық арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру.

Аталған бастама әсіресе Түркістан облысы аумағында кеңінен қолдау табуда. Өңірде бұлақ көздерін ашу, өзен-көлдерді қоқыстан тазарту және айналасын абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар тек табиғатты қорғауға ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да үлкен әсер етуде.

Акцияның «Наурызнамадағы» маңызды күндердің бірі – Тазару күнімен тұспа-тұс келуі оның маңызын арттыра түседі. Бұл күні табиғатты тазарту, қоршаған ортаны күтіп-баптау дәстүрі кеңінен насихатталады. Соның нәтижесінде тұрғындар табиғатқа жанашырлықпен қарап, ортақ іске белсене атсалысуда.

Мәселен, Түлкібас ауданында өткен экологиялық іс-шара ерекше ауқымымен көзге түсті. Табиғаты көркем бұл өңір Қаратау мен Алатау тауларының түйіскен жерінде орналасқан. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық бұлақ халық игілігіне қызмет етуде. Осындай табиғи байлықты сақтау – басты міндеттердің бірі.

Іс-шара барысында «Әулие бастау» бұлағының көзі тазартылып, айналасы абаттандырылды. Бұл бұлақ 1940 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді және бірнеше елді мекенді сумен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, ондаған гектар егістік жер мен жүзден астам тұрғын үй осы су көзіне тәуелді. Сондықтан мұндай табиғи ресурстарды сақтау – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, Төлеби ауданында өткен акция барысында Зертас және Көксәйек ауылдық округтеріндегі бұлақтар тазартылып, олардың арналары ашылды. Бұл шараға жергілікті тұрғындармен қатар еріктілер, жастар және ардагерлер белсенді қатысты. Мұндай бірлескен жұмыстар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.

Жалпы алғанда, «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында Түркістан облысында 1500-ге жуық бұлақ көзін ашу жоспарланған. Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өңірде 1,3 миллионға жуық адам қатысып, 1 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Бұл көрсеткіштер халықтың табиғатқа деген жанашырлығының артқанын айқын көрсетеді.

Қорытындылай келе, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы – табиғатты қорғау жолындағы маңызды әрі қажетті қадам. Бұл бастама тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан игі іс. Әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосса, еліміздің табиғаты одан әрі көркейіп, экологиялық жағдайы жақсара түсері сөзсіз.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША ІС-ШАРА ЖОСПАРЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда Мемлекет басшысының 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, аумақтық департамент жетекшілері қатысты.

Мәжілісте Мемлекет басшысы жүктеген 7 негізгі бағыт – инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту, көлік логистикасын жетілдіру және электр энергиясы тапшылығын азайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі әрі нәтижелі орындауға тиіспіз. Өңірге инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді, барлық салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жандандыруды, энергетика тапшылығын жою мақсатында нақты жобаларды жүзеге асыруды, салық-бюджет саясатын реттеуді тапсырамын. Елді мекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, әлеуметтік саладағы заңсыздықтарды реттеу бойынша шұғыл түрде кешенді шара қабылдау керек. Мемлекет басшысының тапсырмаларын мерзімінде орындау үшін арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу қажет. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – негізгі басымдықтарымыз болып қала береді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз салалары аясында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Берік Қайпов баяндама жасады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларды ұсынды.

Инфляцияны төмендету бағытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету шаралары пысықталды. Бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, өндірісті ұлғайту тетіктері қаралды.

Жаңа Салық кодексін енгізу мәселесінде фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру, бюджетті ретке келтіру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру міндеттері айқындалды. 2026 жылы жергілікті бюджетке 225 млрд теңге түсім түсіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке экономикалық белсенділікті арттыру және кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру арқылы қол жеткізу көзделген. Салық органдары мен бизнес арасында серіктестік қағидатын нығайту қажеттігі атап өтілді.

Цифрлық мемлекет құру бағытында барлық салаларды цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу және ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, ашықтықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Инвестициялық саясат аясында 2025 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жоспар 121,6 пайызға орындалған. Ал 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Инвестиция тарту аудан және қала әкімдерінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала беретіні ескертілді.

Өнеркәсіп саласында 2025 жылы өндірілген өнім көлемі 1 596 млрд теңгеге жетіп, 13,8 пайыз өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47,5 пайызды құрайды. Импортты алмастыратын және терең өңдеуге бағытталған жобаларды іске асыруға басымдық берілмек. Аграрлық әлеуетті тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де назарда болды.


Өңірде 215 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту және цифрлық құралдарды енгізу арқылы бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету міндеттері белгіленді.

Көлік логистикасын дамыту бағытында халықаралық транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдалану, сервистік және қойма инфрақұрылымын дамыту, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін мерзімінде аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар Түркістан әуежайын бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылды.

Энергетика саласында облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 445 МВт болса, оның 75 пайызы сыртқы көздерден жеткізіледі. Жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету – өңірдің тұрақты дамуының басты шарты ретінде белгіленді.

Мәжілісті қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – әр басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Жиын қорытындысымен барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырылды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРЕТІН ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Кеңес жұмысына сала басшылары, жауапты басқарма өкілдері мен инвесторлар қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны егжей-тегжейлі сараптап, сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.

– Арнайы экономикалық аймақта салуға ұсынылған жобаларды қолдаймыз. Бірақ жауапты басқарма мен мамандардың сараптауынан өтуі тиіс. Егер құрылыс уақтылы басталмаса, жер қайтарып алынады. Аудандардың сәулетін жақсарту, абаттандыру жайлы кеңістік қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарды да терең талдап, уақтылы жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Күн тәртібіне өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған 13 мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданы көшелерін және «Рамадан» каналы бойын абаттандыру жобалары, Көктерек кентінің даму концепциясы мен санаторий орталығының жобасы қаралды. Сондай-ақ Отырар ауданының сәулеттік келбеті мен инвестор есебінен салынуы жоспарланған кешенді жоба қаралды. Оның ішінде Отырар қалашығын орта ғасырдағы үлгісіне сай етіп салып, туристер тарту жобасы ұсынылды.

Ал тағы бір инвестор Отырар ауданынан шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы мен ежелгі Отырар кітапханасы аңызын жандандырып, кітапхана мен мұражай салып, арнайы туристік орталық ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға ниет білдірді. Сонымен бірге Отырар мен Сауран арасында саяхатшылар үшін экотуризмді дамытып, түйе керуенін үйлестіру жоспарын да баяндады. Бұл жоба зерделеніп, жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек.

Сонымен қатар Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынатын ресторан, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені мен қонақүй жобалары, медициналық туризм нысаны, Түркістан қаласындағы «қала ішіндегі қала» ұсынысы назарға алынды. Оған қоса Түркістандағы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру және 20 ғасырға тесілі көне ғимараттарын реттеп, туристік орталықтарға айналдыру мәселесі де сөз болды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебаев ұсынылған жобаларға қатысты ақпарат беріп, инвестициялық әлеуеті мен қала инфрақұрылымына ықпалына назар аударды. Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев баяндама жасап, қалалық кеңістікті кешенді дамыту бағытындағы ұсыныстарды таныстырды.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи және ұлттық нақыштың үйлесуіне, тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

ИІРСУДАН ТУРИСТІК АЙМАҚ ҚҰРУ ЖОБАСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ ТҰСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, жауапты орынбасары және сала мамандарымен «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС-нің басшылығы Чан Минг мырза және Ли Хиаонг ханым бастаған инвесторлармен қайта кездесіп, Түлкібас ауданы Иірсу елдімекені маңынан әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құру жобасының негізгі тұстарын талқылады.

Маңызды басқосуда екі тарап туристік аймаққа қажетті инфрақұрылымды тарту сынды тұстарын пысықтап, жобаның алғашқы кезенің жүзеге асыру барысын нақтылады.

Чан мырзаның айтуынша жауапты мамандардың біршамасы жобаның есеп-қисабын толық жетілдіру мақсатында қазірден бастап дәстүрлі Қытай жаңа жылы саналатын Көктем мерекесіне қарамастан тиісті жұмыстарды жүргізілетінін жеткізді. Ал, жалпы жобаның алғашқы кезенің, яғни құрылыс жұмыстарын наурыз айында бастап, жүзеге асыруды көздеп отыр. Алғашқы кезеңде құрылыс жұмыстарына шамамен 7 млн. АҚШ доллары жұмсалады деп күтілуде. Аталмыш жұмыстар бекітілген жоспарға сай жүргізілсе, ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында, яғни туристік науқан қызған шағында сынақ түрінде туристерді қабылдау жұмыстары атқарылатын болады.

Түлкібас ауданының басшысы жобаның негізгі тұстарын инвесторлармен егжей-текжейлі талқылап болған соң, аудан әкімдігі тарапынан қадамдық жоспар бекітіліп, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.

Айта кетерлік, Иірсу елді мекенінің маңынан түсетін туристік аймақта, жоба аясында шатқал үстінен көру алаңы, 4 жұлдызды қонақ үй, киіз үйлер мен гленплинг қалашығы, атпен және жаяу серуендеу орындары, ұлттық ойындар алаңы, фотозоналар мен гүл ландшавын құру сынды бағыттар қарастырылған.

« – Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» немесе «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» -деген тамаша сөз бар. Осы орайда, біз аталған жобаны жан-жақты талқылап, нақты шешімдерді қарастырып жатырмыз. Екі жақты келісім де өз деңгейінде өтуде. Инвестициялық бастамаларға қашанда қолдау көрсетеміз» – Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев.

Бәйдібек ауданы — экономикалық әлеуеті жоғары, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамытуға тиімді өңір.

Бәйдібек ауданы инвестиция тарту үшін тартымды аймақ болып табылады. Ауыл шаруашылығының жоғары көрсеткіштері, өндіріс орындарының өсуі, инфрақұрылымның дамуы, стратегиялық жоспарланған жобалар – инвесторлар үшін нақты мүмкіндік.

Осы бағытта аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуеннің төрағалығымен инвестор тарту мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер және тиісті сала мамандары қатысты. Кездесу барысында ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ экономиканың басым бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және шағын және орта бизнесті дамыту бағыттарында атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Жиында инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен қолданудың маңыздылығына айтылды. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарындағы инвестициялық жобаларды нақтылап, әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.Аталған жиын аудан экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған.

« – Бәйдібек ауданына инвестор тарту – өңір дамуының маңызды тетігі. Ауданның кең байтақ жері, табиғи байлығы, ауыл шаруашылығына қолайлы климаты бар және туризмге әлеуеті зор өңірлердің бірі. Аталған аймақты өркендетудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – инвестор тарту. Инвестиция – тек қаржы құю емес, жаңа технология, заманауи басқару тәжірибесі, инновациялық идеялардың келуі. Аудан жері мал және егін шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан мал бордақылау алаңдары,ет және сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар,жем-шөп өндіру кешендері инвесторлар үшін тиімді бағыт бола алады. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы табиғатымен, тарихымен, киелі орындарымен танымал өңір. Туристік маршруттар, демалыс аймақтары, қонақ үйлер мен этноауылдар салуға үлкен мүмкіндік бар. Бұл бағыт тек табыс көзі емес, аудан беделін арттыратын маңызды жоба.Бізде табиғи ресурстар мен шикізат қоры жеткілікті. Тиімді ұйымдастырылған жағдайда кірпіш, құрылыс материалдары өндірісі, шағын өнеркәсіп нысандары іс жүзінде табысты жобаға айнала алады. Бұл бағытта ауданның мүмкіндіктерін нақты көрсететін, жобалар тізімі, бос жер телімдері, инфрақұрылым жағдайы енгізілген ақпараттық база дайын болуы керек. Жол, су, газ, электр, интернет – инвестор үшін шешуші факторлар. Инфрақұрылымы дайын аймаққа инвестиция тез келеді. Ауданның инвестициялық мүмкіндігін таныстыратын форумдар, кездесулер, бизнес-брифингтер ұйымдастыру да маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік желі және ақпараттық алаңдарды тиімді пайдалану керек. Инвестор үшін білікті жұмыс күші керек. Сондықтан аудан жастарын кәсіптік білімге баулу да маңызды қадам. Инвестициялық жобалардың арқасында экономика өседі, бюджет күшейеді, инфрақұрылым дамиды. Халыққа жаңа жұмыс орындары ашылады, табыс артады, әлеуметтік жағдай жақсарады. Бәйдібек ауданы – мүмкіндігі мол, болашағы зор өңір деп айта аламын. Оны дамыту үшін жоспарлы жұмыс, дұрыс саясат және белсенді бастамалар қажет. Инвестор тарту – ауданның экономикалық қуатын арттырып, халықтың тұрмысын жақсартатын маңызды бағыт. Сондықтан бұл істі жүйелі түрде ұйымдастырып, нақты жобалар арқылы жүзеге асыру – басты міндет.» – деді аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен.

Бәйдібек ауданында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында оң серпін байқалады. Әсіресе аудандағы егін шаруашылығының әлеуеті өте жоғары: облыс бойынша егілген 282 мың гектар масақты дақылдардың 23 пайызы немесе 65 мың гектары дәл осы Бәйдібек ауданына тиесілі. Биылғы жылы шаруаларды қолдау мақсатында 6 547 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. 10,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. 40 жоба жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылды.

Су үнемдеу – заман талабы. Аудан аумағындағы 105 мың гектар егістік жердің өнімділігін арттыру үшін су үнемдеу технологияларына басымдық берілуде. Су үнемдеу технологиясы енгізілген алқап биыл 2 459 гектарға жетті. Тағы бір жақсы жаңалықтың бірі – құрылысы жүріп жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасынан тартылатын 21 шақырымдық канал 1261 гектар суармалы жердің жағдайын жақсартады. Сондай-ақ, 618 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Ауданда жайылым мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылға жоспарланған 13 000 гектар жердің орнына, қазірдің өзінде 14 508 гектар жайылым жер мемлекетке қайтарылып отыр. Сонымен қатар аудан экономикасын дамыту мақсатында 2025–2027 жылдарға жоспарланған 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар арқылы 481 жаңа жұмыс орны ашылуы күтілуде.  Бәйдібек ауданы бүгінде тек аграрлық аймақ емес, өндірісі мен жаңартылған энергия көздері қатар дамыған, инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірге айналып келеді.

Экотуризмнің маңызы және Түркістан облысының әлеуеті (2-бөлім)

Қазіргі таңда рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажеттігі күн тәртібіндегі мәселелер қатарында. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

« – Төлеби ауданы — экотуризмді дамытуға зор әлеуеті бар өңір. Табиғи ресурстар, өсіп келе жатқан туристік көрсеткіштер, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары мен әлеуметтік-экономикалық пайда бұл бағыттың болашағы жарқын екендігін көрсетеді. Аудандағы экотуризм экожүйені сақтай отырып, жергілікті қоғам үшін табыс пен даму мүмкіндігін арттыра алады.  Бұл аймақ экологиялық туризмді дамытуға аса қолайлы ғана емес, Қазақстандағы экотуризм орталықтарының біріне айналу мүмкіндігі жоғары аумақ ретінде бағалануда. Соңғы жылдары ауданда табиғатты қорғау мен туризмді үйлестіре отырып дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдары Төлеби ауданына келетін туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Әсіресе, таулы және экологиялық бағыттағы демалысқа қызығушылық жоғары. Ауданда туризм саласынан түсетін табыс аймақ экономикасына оң ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде.» – дейді, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов.

Соңғы жылдар аралығында Төлеби ауданына шамамен 50 мыңға жуық турист келіп, оларға 662,4 млн теңгеге қызмет көрсетілгені белгілі. Бұл көрсеткіш туризм саласының экономикаға белсенді әсер етіп жатқанын көрсетеді.  Облыс әкімдігінің деректері бойынша туризм саласында инвестициялар да артып келеді: демалыс орындары мен туристік инфрақұрылымдар саны ұлғайып, ауданға келушілер саны өсуде. Өңірдегі таулы, қыратты алқаптар, өзен-көлдер мен тау бөктеріндегі иірімді жолдар, түрлі биіктікте орналасқан табиғи ландшафттар аудандағы табиғатты зерттеуге, серуендеуге және фотосессияларға таптырмас орындар қатарында. Бұл табиғи ресурстар экологиялық экскурсиялар мен жаяу серуен маршрутарын ұйымдастыруға өте қолайлы.

Қазіргі таңда экотуризмді дамыту үшін Төлеби ауданының әкімдігі мен туризм ұйымдары бірқатар маңызды қадамдар жасап жатыр. Атап айтар болсақ, жергілікті билік пен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ауылдық қауымдастықтарға негізделген экотуризмді дамыту бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Жоспарланған жобада табиғи парк аумақтарында туристік бағыттар мен рекреациялық аймақтарды кеңейту, жол салу және инфрақұрылымды жақсарту сынды бағыттар көрсетілген. Одан бөлек ауданның басқа да ауылдық жерлерінде жолдардың жөнделуі, орналастыру орындарының санының артуы сияқты жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар келушілерді тартуға және қызмет көрсету деңгейін жақсартуға бағытталған. Мысалы, 2025 жылға дейінгі жоспарда туризм саласында құны 4,5 млрд теңге болатын 10 жоба іске қосылып, туристер санын 55 000-ға жеткізу көзделген. Бұл экономикалық көрсеткіштің одан әрі өсуіне мүмкіндік береді.

«-Экотуризм – тек саяхат емес, табиғатты сақтау мәдениетін қалыптастыратын, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрететін маңызды бағыт. Төлеби ауданы аумағында орналасқан «Сайрам–Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, таулы аймақтар, таза өзен-көлдер, ерекше флора мен фауна – экотуризмнің негізгі базасы болып табылады. Ұлттық парктің бір бөлігі рекреациялық және туристік мақсатта пайдалануға берілген. Туристер үшін арнайы соқпақтар, демалыс алаңдары, табиғатты бақылауға арналған алаңшалар жұмыс істейді. Бұл табиғатты бүлдірмей тамашалауға жағдай жасайды. Төлеби ауданының табиғи келбеті – оның ең үлкен артықшылығы. Мұнда тау шатқалдары мен жасыл алқаптар, мөлдір бұлақтар мен өзендер, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі орналасқан. Бұл ресурстар тек туристерді тартумен шектелмей, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен экологиялық білім беруге де зор мүмкіндік береді. Экотуристік бағыттарда табиғатты тану экскурсиялары, жаяу серуендеу, тау туризмі, фото-туризм, балалар мен жастарға арналған экологиялық білім беру жобаларын дамытуға болады.» – дейді, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері.

Экотуризмді дамыту тек табиғи ресурспен шектелмейді, оған қолайлы жағдай жасау да маңызды. Осы мақсатта ауданда туристік бағыттарды белгілеу және қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, демалыс орындарын, қонақ үйлерді, эко-лагерьлерді көбейту мен жолдарды жақсарту, бағыттаушы ақпараттық тақталар орнату, сонымен қатар экологиялық талаптарды күшейту және табиғатты қорғауды тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындарды туризм саласына тарту, ауыл шаруашылығымен қатар сервистік қызмет түрлерін дамытуға жағдай жасалуда. Бұл ауылдардың да экономикасына қосымша табыс көзі болып саналады.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысы экотуризмді дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие. Табиғи байлықтар мен қорық аймақтары, өсіп отырған туристік көрсеткіштер және өңірлік билік тарапынан қолдау экотуризмнің дами түсуіне мүмкіндік береді. Ал, Төлеби ауданы экотуризмді дамытуға барлық табиғи, географиялық және әлеуметтік мүмкіндігі бар өңір. Табиғатты сақтай отырып, туризмді дамыту – аймақтың болашағына салынған инвестиция. Экотуризмнің дамуы өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, табиғи байлықты қорғауға, жас ұрпаққа экологиялық жауапкершілік қалыптастыруға зор үлес қосады.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева ашып, жастардың қоғам өміріндегі белсенді рөлін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесінің өзектілігіне ерекше тоқталды.

Кеңес отырысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, кеңес төрағасының орынбасары Еркебұлан Мадиярұлы жүргізді. Күн тәртібінде Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қатысты индикаторлардың орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ, «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің келесі жылға арналған жылдық жоспарын бекіту мәселесі талқыланды.

Жиында Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айдынбек Махашов баяндама жасап, Жол картасында басқармаға бекітілген 7 тармақтың орындалу барысы туралы ақпарат берді. Ол Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді дамыту, көгалдандыру аумағын 5 400 гектарға дейін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар, 2021–2025 жылдар аралығында облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінде 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілгені айтылды. Бұл жоспар Түркістан облысы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасымен үйлестіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Жиын барысында экологиялық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар қабылданып, жүйелі түрде орындалып жатқаны айтылды. Осы тұста қоршаған ортаны қорғау, экологиялық білім беру, түрлі экологиялық акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім басқармасының бастамасымен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумы өткізіліп, еріктілердің қатысуымен бірқатар экологиялық акциялар ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда экология мәселесі тек мамандардың ғана емес, әрбір адамның өміріне тікелей қатысты тақырыпқа айналды. Ауа ластануы, судың азаюы, табиғаттың тозуы – мұның бәрі біздің денсаулығымызға, өмір сапамызға және болашақ ұрпақтың тағдырына әсер етеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті дамыту – заман талабы. Экологиялық мәдениет – бұл адамның табиғатқа жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортаны қорғауға саналы түрде үлес қосуы. Яғни қоқысты тастамау, суды үнемдеу, жасыл алаңды қорғау, ағаш отырғызу,табиғатқа зиян келтірмеу сияқты қарапайым әрекеттерден басталады.

« – Неліктен экологиялық мәдениет маңызды? Біріншіден – денсаулық үшін. Таза ауа, таза су, жасыл табиғат – адамның ең басты қажеттілігі. Егер табиғат ластанса, адамдарда тыныс жолы аурулары, аллергия, түрлі созылмалы дерттер көбейеді. Ал экологиялық мәдениеті жоғары қоғамда мұндай проблемалар азаяды. Сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін маңызды.  Бүгін біз табиғатты қалай сақтасақ, ертең балаларымыз соны көреді. Табиғатты аялау – болашаққа қалдырған ең үлкен аманат. Табиғаты таза өңірге турист көп келеді, ауыл шаруашылығы дамиды, өмір сүру сапасы артады. Экологиясы нашар жерлерде керісінше шығын көбейеді. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Экологиялық мәдениетті қоғам – тәртіпті, саналы, өркениетті қоғам. Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау емес, ол адамның өзіне, өз денсаулығына, өз еліне деген құрметі. Табиғат – біздің ортақ байлығымыз, ортақ үйіміз. Сондықтан әрбіріміз табиғатқа жанашыр болсақ, таза әрі жайлы өмір сүруге мүмкіндік жасаймыз. Экологиялық мәдениетті дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, келешектің де кепілі.» – деді Қалыйма Жантөреқызы.

Ал, Айдынбек Үсенұлының айтуынша, облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жоспарланған 7 263 тазалық іс-шарасы толық жүзеге асырылған. Жыл басынан бері бұл іс-шараларға 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 6 998 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда ауқымды тазалау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізуде.

Кеңес мүшелері баяндамашыға бірқатар сауалдар қойып, ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстарының форматын жетілдіру, бұл бастаманы тек аумақты тазалау емес, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған тұрақты дағдыға айналдыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, экологиялық бағыттағы жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуы ескертіліп, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар енгізілді.

Кеңес отырысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында болады. Жол картасында көзделген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қоғамның күнделікті өміріне енгізу бағытындағы жұмыстар партия тарапынан жүйелі түрде қадағаланып, алдағы уақытта да нақты нәтижелерге қол жеткізуге басымдық берілмек.

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының ағаш отырғызу және орман қорына өткізу жұмыстарының орындалу барысы қаралды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековпен кездесті. Басқосуда мекеме тарапынан келісімшарттың тармақтарында көрсетілген ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау, орман қорына өткізу жұмыстарының орындалу барысы қаралды.

Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігімен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты «Қаратау», «KAZATOMPROM-SaUran» және «Оңтүстік Тау-Химиялық Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне уран өндіру мақсатында жалпы көлемі 4097,25 гектар жер уақытша пайдалануға берілген. Бұл еліміздің стратегиялық маңызы бар уран өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және өңір экономикасының өсіміне ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орман кодексіне сәйкес Түркістан қаласы маңында «Жасыл белдеу құру» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында 8194,5 гектар аумақта ағаш отырғызу бойынша келісімшарт жасалып, табиғатты қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қала айналасында қолайлы экожүйе қалыптастыру бағытындағы жұмыстар басталды. Бұл шаралар бір жағынан өндірістік дамуды қамтамасыз етсе, екінші жағынан өңірдің экологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, жасыл аймақты кеңейтуге мүмкіндік береді. Кездесуде отырғызылған ағаштарды қабылдап алу және оларды орман қорына өткізуді тездетіп аяқтау қажеттілігі айтылды. ҚР қолданыстағы заңнама мен келісімшарт талаптарына сәйкес мекеме бұл міндеттемелерді 3 жыл ішінде орындауы тиіс. Дегенмен аталған жұмыстардың тиісті деңгейде орындалуы үшін қосымша қаржыландыру мен уақыт қажет екені де атап өтілді.

Жалпы жасыл белдеу – қала мен елді мекендердің айналасына отырғызылатын орман-екпелер мен жасыл аймақтардың кешені. Ол тек көріктендіру үшін ғана емес, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аса маңызды стратегиялық жоба болып табылады. Оның экологиялық маңызы айрықша. Себебі, ауа сапасын жақсартады және ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі, зиянды газдар мен шаң-тозаңды ұстап, қоршаған ортаны тазартады. Климатты жұмсартуға ықпал етеді. Жаздағы аптап ыстықты төмендетіп, қыста суық желді әлсіретеді. Шөлейттену мен эрозияның алдын алады. Құм көшкінін тоқтатып, топырақтың тозуына жол бермейді. Биоалуантүрлілікті сақтайды. Құс, жануар және өсімдік түрлерінің қорғалуына қолайлы орта қалыптастырады.

Қоғамдық-әлеуметтік маңызына тоқталар болсақ, таза ауа, экологиялық таза орта тұрғындардың өмір сапасын арттырады. Демалыс пен спортқа жағдай жасайды. Серуен, спорт, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Қала мәдениеті мен келбетін жақсартады. Туристік тартымдылық күшейіп, өңір имиджі биіктейді. Экономикалық даму бағытында инвестициялық тартымдылықты арттырады. Жасыл әрі қолайлы экологиялық орта бизнесті, туризмді дамытуға ықпал етеді.Табиғи апаттардың шығынын азайтады. Жасыл белдеу құру – тек ағаш отырғызу емес, бұл табиғатты қорғау, халық денсаулығын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және болашақ ұрпақ үшін жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік және қоғамдық іс. Сондай-ақ тұрғындар үшін демалыс орнына айналып, Түркістанның көркін ашады.Түркістан өңірінде бір жағынан маңызды өндіріс дамып жатыр, екінші жағынан табиғатты қорғау және жасыл аймақты көбейту қатар жүргізілуде. Бұл – өңірдің болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.

Тараптар алдағы уақытта отырғызылған ағаштарды орман қорына өткізу және жасыл белдеуді ұлғайту бағытында жұмыстарды жандандыру жөнінде де келіссөз жүргізді. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрақты бақылауда болады.