Түркістан облысында Республика күні мерекесіне орай өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес, облыстағы барлық аудан-қалаларда 121 іс-шара өткізілмек. Бұл жайында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев брифингте мәлімдеді.
«Республика күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада Мемлекеттік ту көтеру рәсімін өткізсе, бұл іс-шара біздің өңірде Түркістан қаласындағы Рәміздер алаңында өз жалғасын табады. Сондай-ақ, 24 қазан күні елдің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу мақсатында мерекелік іс-шарасы өтеді. Әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» шығармашылық челленджі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, табиғаттың көркем жерлерінің, тарихи нысандардың фотосуреттерін жариялайтын «Көрікті Қазақстаным» челленджі өтеді»- деді спикер.
Бұдан бөлек, мереке қарсаңында жаңа әлеуметтік маңызы бар 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мысалы, 23 қазан күні Мақтаарал ауданындағы Өркениет елді мекенінде шағын спорт кешені, Түркістан қаласындағы Баянауыл елді мекенінде 600 орындық мектеп, Сауран ауданындағы Ораңғай ауылында №6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданындағы Дарбаза елді мекенінде спорт кешені, Жаңа тұрмыс, Тың және Жемісті елді мекендерінде 3 дәрігерлік амбулатория ашылады. Ал, 24 қазан күні Келес ауданындағы Жиделі ауылында 75 орындық ауылдық клуб үйі ашылмақ.
Облыс аумағында Ұлттық мереке ұлықталған мерекелік іс-шаралар да өткізілмек. Жыл сайынғы дәстүрге айналған халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндер фестивалі де Республика күніне арналып отыр. Беделі биік байқауға әлемнің 16 елінен 16 үміткер қатысып, бақтарын сынауда. Ал, 23-қазан күні Қазығұрт ауданында жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығына орай «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өткізілмек. Бұл жайында Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев тілге тиек етті.
«22-25 қазан күндері аудан-қалалардағы орталық алаңдарда Республика күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. 23-25 қазан аралығында облыстық музейлерде мерекеге орай танымдық және мерекелік кеш, сурет байқаулары өтеді. 23 қазан күні «Ұлттық ұлан» әскери кешенінде «Фараб» әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Қыран елім-Қазақстан» атты мерекелік кешін өткізу жоспарланып отыр» — деді Ержан Ибадуллаұлы.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен екінші ұлттық құрылтай кезінде ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды екенін атап өткен болатын.
«Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ, жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс», – деді президент.
Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан тарихының» көптомдығы жазылуы тиіс екендігін айтып, тапсырма берген болатын. Президент «Қазақстан тарихы» көптомдығы жөнінде:
«Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», — деп атап өтті.
Дәл осы бағытта Түркістан қаласында ғалымдар мен профессорлар, археология саласының мамандары бос қоспақ. Яғни, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Мемлекет Басшысының тапсырмасына орай үстіміздегі жылдың 22 қазан күні,яғни Республика күні мерекесіне орай «Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырады. Дөңгелек үстелге т.ғ.д., профессор М.Қожа, т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн, т.ғ.к., доцент З.Жандарбек, т.ғ.к. М.Тұяқбаев және т.б. ғалымдар, музей қызметкерлері қатысады. Айта кетейік, мемлекет басшысы тарихи танымды кеңейтуге археология саласының да маңызы зор екенін атап өткен болатын.
«Алматыдағы Археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған», – деді президент.
Тарихи маңызға ие Түркістандағы «Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдармен дөңгелек үстел, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кеңсе үйінде өткізіледі.
Бүгін халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалінің жеребе тастау рәсімі өтті. Этноауыл кешеніндегі киіз үйде қазақ салт-дәстүр көріністері көрсетіліп, ұлттық дәм ұсынылды. Содан соң қоржынға арнайы жасырылған реттік нөмірлерді алып, өз кезектерін анықтады.
Республика күніне орай қазан айының 21-22 күндері Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.
Бағы мен бабы қатар шапқан шынталанттарды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Армения, Кипр, Түркия, Болгария, Косово, Испания, Куба, Венесуэла, Индонезия, Италия елдерінен халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен, 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 18 үміткерқатысады. Байқау шартына сәйкес бірінші күні еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындайды. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақтарын сынамақ.
Фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.
Айта кетейік, екі күн бойы Түркістанда Еуропа мен Азия әншілері қазақ әндерін әуелете шырқап, бақ сынамақ. Фестиваль ұйымдастырушылары –Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы.
Кентау қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Ұстаз. Ғалым. Азамат» атты тұлғалы кеш өтті. Іс — шараға Ө.Жәнібеков атындағы №3 мектеп- лицейінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Тағылымға толы кештің мақсаты кешегі кеңестік дәуірдің қаншама теперішін көріп жүрсе де мойымай, қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше ғасыр ілгерілетуге күш салып, осы жолда шәкірттер тәрбиелеп мақсатына жеткен қажырлы да күрескер ғалымның өмір жолы мен шығармаларын жастарға насихаттау, өнегелі істерін дәріптеу және өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болды. Сонымен қатар, «Ұстаз. Ғалым. Азамат» атты тұлғалы кеште ұлы тұлғаның өмірбаяны баяндалды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылы 4 қазанда қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Бөген ауылында дүниеге келген. Журналистика саласында қызмет істеген талантты тұлғаның өмірі баспасөз саласымен өрілді. 1923-1928 жылдары «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттерінде, 1929-1930 жылдары «Кеңес туы», 1932-1933 жылдары «Оңтүстік Қазақстан», 1928-1929, 1931-1932, 1933-1935 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») басылымдарында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор болып жұмыс істеді. 1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Әдебиет институтының екің жылдық курсын, 1942 жылы ҚазМУ-ді (қазіргі ҚазҰУ) бітірген. 1938-1941 жылдары «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомостары» ресми басылымында аудармашы, 1941-1944 жылдары Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып қызмет істеген. Жоғары оқу орнында ұстаздық қызметке қабылданған соң 1961 жылдан ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі, 1975-1987 жылдары аталған университеттің профессоры болды. 1987 жылы 17 шілдеде 63 жасында Алматы қаласында дүниеден өткен.
Бейсембай Кенжебаев – абайтану ғылымының қалыптасуына үлкен үлес қосқан тұлға. Абай Құнанбайұлының ақындық қарымы, ойшылдық сипаты ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде әбден мойындалып болғанымен де, оның шыққан тегі большевиктер партиясы басқарған жаңа қоғам үшін «томпақ» еді. Сондықтан да Бейсекең сияқты ұлтсүйер әдебиеттанушылардың алдында бұл томпақтықтың тігісін жатқыза отырып, тәпсірлеу міндеті тұрды. Кезінде әдебиет тарихын әбден «тазартуға» тырысқан біршама қызылкөз сыншылар Абайдың өзін байшыл, феодал деп әдебиет тарихынан аластауға әрекет еткенде, сонау жиырманшы жылдардан мақала жазуы да, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына қатысты да өзінің азаматтық үнін білдірген де, мемлекеттік баспаны басқарып жүрген кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын шығарып жібергені де Бейсенбай Кенжебаевтың ұлт мүддесі жолындағы жанкештілігінің көрініс болатын.
« — Бейсенбай Кенжебаевтың абайтану ғылымын дамытуға қатысты келесі бір еңбегі – «Абай шығармаларының соңғы басылуы туралы» сыни мақаласы. Абайдың өмірден өтуіне елу жыл толуына байланысты 1954 жылы Қаз ССР ҒА Тіл және әдебиет институты баспаға әзірлеп жарық көрген, ақынның екі томдық шығармалар жинағына сыни шолу ретінде жазылған мақаласында Бейсембай Кенжебаев бұған дейінгі 1909, 1933, 1945-48 жылдардағы басылымдарында жіберілген текстологиялық қателер мен кемшіліктер болғанын, бірақ бұл жинақтар Абайды зерттеу ғылымының елеулі табысы екенін айта келе: «Абай шығармаларының соңғы басылуын баспаға әзірлеген, басқарған жолдастар осы табысты пайдалануға, оның кемін толтырып, қатесін түзеп, ұлы ақынның мұраларын мінсіз етіп, нағыз ғылыми тұрғыда шығаруға, Абайды зерттеу ғылымын тағы да дамыта түсуге міндетті еді. Бірақ бұл жинақ көп ретте жұртшылық күткен дәрежеде шықпаған», — деп өзінің бұл жинаққа көңілі толмайтынын, көптеген қате, кемшіліктер бар екенін ашық айтады. Мұнда сыншы жаңа басылымның кемшіліктері ретінде, әзірлеушілер тек Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларына ғана сүйенгенін, кеңес үкіметі орнағаннан бергі кезеңдегі ғылыми экспедициялар жинаған өлеңдерді енгізбегендігін атап көрсетеді. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің жазылу тарихы, көздеген дәл нысанасы бар екендігін, сондықтан да баспаға әзірлеушілер осыны сезінуі қажеттігін ескерте отырып, бұл бағытта қанағаттанарлықтай жұмыс істемегенін нақты мысалдар арқылы көрсетеді. Абай және басқа да қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы таптық сипаттағы пікірталастар, айтыс-тартыстар заманында Бейсембай Кенжебаев та өз үнін қатады. «Абай – халықтық ақын» деген пікірлі ұстана отырып, жиырма бір жастағы жас ғалым «Абай қазақтың феодал табынан шықты: оның өз әкесі Құнанбай, арғы аталары Ырғызбай, Өскенбай – ірі бай, феодал, әйгілі би, сұлтан болған, ел ішінде үстемдік жүргізген, феодализмнің барлық уытын жайған адамдар.», — дей отырып, Бейсембай Кенжебаев Абайдың шыққан тегіне емес, оның ақындық тұлғасына мән беруге шақырады. Абай тұлғасына қатысты бұл ұстанымына ғалым ғұмыр бойы адал болып өткенін көреміз. «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Бейсенбай Кенжебаевтың Абай тұлғасына қатысты жанқиярлық еңбегі – М.Әуезовтің «Абай» романын баспадан шығартуы еді. «Бейсекеңнің ол күресі текке кетпеді, ақыры баянды болды. Баспада бас редактор болып тұрғанында жоғары орындағылар «шығарылмасын» деп тоқтатып тастаған Әуезовтің «Абай» романын 1942 жылы жауапкершілікті мойнына алып шығарып жіберіп, басы дауға қалғаны бар. Сол үшін арыз беріп, жұмысынан кеткен. «Абай» романын халық романы деп алғаш мақала жазған да Бейсекең. Сондай бір қиын жылдарда Мәскеуге барып, жаңағы өзің айтқаныңдай, бірнеше жыл сонда тұруға да мәжбүр болған», — деп жазады өз естелік жазбасында М.Мағауин.
Ұлтының жоғын жоқтап, ұпайын түгендеу жолында саналы ғұмырын арнаған қажырлы ғалымның арманы орындалды, әдебиет тарихының өрісі бірнеше ғасырға ілгерілеп, зерттеу тақырыбының аясы кеңіді. Мұның өзі ұлттың рухани сана-сезімінің жаңа деңгейге көтерілуіне игі әсер етті. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы осындай игілікті қадамдардың, рухани өрлеудің бастауында тұрған көрнекті тұлғалардың бірі ұлы ұстаз Бейсенбай Кенжебаев екенін бүгінгі ұрпақ біле жүргені абзал.
Дәстүр – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер.
Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды. Десек те, байырғыдан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бәрі бірдей ислам шариғатымен ұштасты деу артық айтқандық болар. Олардың ішінде тәңірлік сенім-нанымнан жетіп, осы уақытқа дейін өз қасиетін жоғалтпағандары да баршылық. Оларды исламмен үндестіру әлі күнге қиын мәселенің бірі болып келеді. Неге десеңіз, бұлар – байырғы діни көзқарастардан туындаған әдет-ғұрыптар, ислам шеңберіне сыймайтыны тағы бар. Бірақ бұл шағын мақалада ислам шариғаты мен қазақ салт-дәстүрлерінің қарама-қайшылықтарын емес, олардағы үндестікті сабақтастыруға әбден болады. Ата-бабамыздан мұра болып жеткен бұл дәстүрлер мен ғұрыптардың көбі ислами қайнардан алынғанын айтып кету де артық болмас. Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Халқымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Десек те, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерінің кейбіреулері әлі күнге дейін сақталған. Мысалы, қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігінде құдалықтың ежелгі дәстүрлері – бесік құда, қалың төлеу, әмеңгерлік сияқты әдет-ғұрыптар сақталып келді. Отбасы мен туыстық қатынастар саласындағы исламдық және оған дейінгі дәстүрлер дінге нанушылардың күнделікті тұрмысының бір бөлігін құрайтын еді.
Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады. Алла Тағала Құранда: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деп бұйырған. (Ағраф сүресі, 199-аят). Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтың имамдары қолдайды. Сондай-ақ біздің дәстүрімізде көрші ақысына баса назар аударылғаны да белгілі. Ал оның шығу тарихын зерттегенімізде Алла Тағала Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар» делінген. Ал халқымыз арасында көп тараған хадистердің бірінде Алланың Елшісіне (с.а.с.) былай дейді: «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз).
Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қоғамдық қатынастар тарихи дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қоймай, өзгеріп, жаңара береді. Сөйтіп, дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады. Алланың Елшісіне (с.а.с.) отбасына және сахабаларына деген сүйіспеншілігімізге қарай олардың есімдерін ұрпағымызға береміз. Той-томалақты сәттер мен мерекелерде туған-туыс, дос-жарандардың бір-бірімен қоян-қолтық араласу негіздері дініміздің үгіт-насихаттарынан сусындағанының көрінісі болып табылады. Мысалы, исламда «силаий рахим», яғни туған-туыстарынан алыста болғандардың, белгілі уақыттарда кіндік қаны тамған жеріне туған-туыстарына барып араласуды Алланың Елшісіне (с.а.с.) өсиет еткен. Алланың Елшісіне (с.а.с.) бір хадисінде: «Туған-туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризықтарыңды арттырады», – деген.
Сонымен қатар ата-бабаларымыздың заманында, бүгінде қазақ халқының дәстүрлі діні ретінде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында ханафи бағытындағы ислам деп көрсетілген. Бұл діннің қазақ мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі мойындалатындығы осы заңда атап өтілген. Қазақ жерінде дәстүрлі діннің бағыттары қашанда салт-дәстүрмен ұштасып, сабақтасып келген. Дана халқымыз әрқашанда дәстүрлі дініміздің қағидаларын күнделікті өмірлерінде пайдалана білген. Мүмкін, осыдан болар, дана халқымыз «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп нақты айтып кеткен. Ержан қажы Малғажыұлының осы салада жазған «Дін мен дәстүр» кітабы ұлт болашағына арналған кітап деп білемін. Сондықтан да бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде тұрып, мұны оқыған әрбір адам дін мен дәстүрдің біте қайнасқан бөлінбес дүние екенін біледі. Сонда ғана дініміз бен дәстүрімізді дәріптеуге арналған игі бастама жалғасын табады деп сенемін.
Сауран ауданында «Батагөй қария» атты аудандық байқауы өтті. Аталған іс-шараға Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Б.Сүлейменов, Сауран аудандық өзбек этно мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Рысбеков, Шорнақ ауылы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б.Манашов қатысып, төрелік етті. «Батагөй қария» байқауының мақсаты — елді татулыққа, бірлікке, ырыс-ынтымаққа шақыру, бата дәстүрін дәріптеу.
Бата беру-қазақ салт дәстүрлерінің ішінде әлі күнге дейін қолданысқа ие болып ескірмей келе жатқан салттың бірі. Бұл дәстүр тәрбиенің бастауы. Бата – қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Қасиетті дінімізде Жаратушыдан дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы жақсы ниет, ықылас білдіріледі, тілек айтылады. Оны көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар береді. Бата арабтың «фатеке» сөзінің қазақша айтылу нұсқасы ретінде белгілі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, және тілек білдіру. Ақсақалдар, көбінесе, үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға құлаққағыс етеді. Бұл дәстүрдің екі маңызды жағы бар: біріншісі – үлкенді сыйлау, ал екіншісі – «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақалға негізделген ізгі ықылас пен тілектестік. Қазақтар батаны, әсіресе, жас өспірімдер жиі сұрайды, себебі олар болашаққа үмітпен қарайды. Жақсы адамдардан, көп жасағандардан және киелі тұлғалардан бата алу – ерекше құрмет болып саналады. Халқымыз батаны берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөлген. Олар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы және тағы да басқалары. Ел арасында би-шешендеріміздің, айтулы тұлғаларымыздың ауыздан-ауызға тарап жүрген баталары бар. Қазақ халқы туралы айтқанда ойымызға бірден қонақжайлық пен бата беру ұғымдары келеді.
« — Халқымыз ақ батаға үлкен мән берген. Бата сұрау, бата беру дәстүрі әлі күнге дейін өз мағынасын жоғалтаған салт-дәстүрдің бірі. Дана халқымыз батаға үлкен мән бергендігін «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген мақалынан түсінуге болады. Қазақтың ақ батасы ұрпақтарын адамгершілік пен имандылыққа, әдептілік пен шешендікке баулыған. Бата беру- адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан-рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Әдетте жасы үлкен, елге сыйлы қариядан қол жайы, бата сұрайды. Үлкен кісілердің берген батасы қабыл болады деп сеніп, қарттардың көңілін табуға тырысады. «Бата» – араб тілінен алынған және алғыс айту, тілек білдіру мағынасын білдіретін сөз. Бұл сөздің қазақ мәдениетінде кеңінен қолданылуы бата беру дәстүрінің тарихы мен оның қоғамдағы орны туралы көп нәрсені білдіреді. Қорыта айтқанда, «ақ бата» алу дәстүрі қазақ мәдениетінің маңызды бөліктерінің бірі болып табылады, ол тек тілектер мен алғыстардың берілуі ғана емес, сондай-ақ, қоғамның рухани және әлеуметтік байланыстарының беріктігін көрсетеді.» — дейді Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов
«Батагөй қария» атты аудандық байқауы 2 кезеңнен құралып, аудандағы әр ауылдан 1 батагөй қариядан этнос ақсақалдары қатысып, бата беріп бақтарын сынады. Сайыс қорытындысымен І орынды Шорнақ ауылының батагөй қариясы Ашенов Өтеген қария қанжығасына байлады. ІІ орынды Жүйнек ауылынан О.Мырзабеков иеленсе, жүлделі ІІІ орыннан Жусупов Максут қария көрінді. Сондай-ақ, белсене қатысқаны үшін Аша елді мекенінен А.Бабашев, Қарашық ауылдық округінен А.Ахмедов, Йассы ауылдық округінен Б.Мутенов, Жаңа Иқан ауылдық округінен М.Хасанов, Майдантал ауылынан Б.Ахатов, Жібек Жолы ауылынан Б.Төленбайұлы марапатталды.
Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеген іс-шарада қариялар бата алудың дәстүрлік мәнін, келешек ұрпаққа берер мол тағылымдарын айтып берді.
«- Бата – қазақтың ғасырлар бойы сақталып келген ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүрдің маңызы бүгінгі күнге дейін сақталып, әртүрлі тойларда, жақсылықтарда және дастархан басында қолданылып келеді. Бата, көбінесе, ақ дастарханның басында айтылатын тілектер мен алғыстардың түрі болып табылады. Бата әр түрлі жағдайда беріледі. Қонақасына, сойылған соғымға, жиналған егінге, күздікке, жауын жаумаса тасаттыққа, түрлі жақсылықтарға арналған той-томалақтарда бата беріледі. Мұндай баталар жас өспірімдерден ғана емес, үлкендерден де сұралуы мүмкін. Батаның көптеген түрі бар, әр адам өз білгенін айтып, тілек білдіруі мүмкін. Мысалы, біреулер «батыр бол» десе, басқалары «бай бол», «ақылды бол», «ақ сақалды сары түсті шал бол» немесе «бәледен сақта» деп тілейді. Бата негізінде намаздың соңында қол жайып айтылатын дұғаға негізделген. Қазақ баталары сол дұғаның үлгісінде айтылады. Баталар ұзын да, қысқа да болуы мүмкін және олар әр түрлі жағдайларда қолданылуы тиіс. Батада ел тірлігі, ұлттық намыс, азаматтық парыз, елдік тұтастық, берекелі бейбіт өмір, достық пен татулық, ағайынның адал көңіл ынтымағы мен бірлігі, жас отауға жақсылық, жорық-шерулерге аттанар сарбаздар мен сардарларға жеңіс тілеу, алыс жолға ат басын бұрғандарға сәттілік, өмір жолын жаңа бастаған өренге, жаңа туған нәрестеге ұзақ ғұмыр, өнегелі жол тілеу, мұсылмандық мұратқа ұю, имандылық, әділеттілік, адалдық, елдік пен ерлік, дастархан берекесі туралы баталар түрлері кездеседі. Бата алу дәстүрі қазақ қоғамында үлкен мәнге ие, ол адамгершілік пен ізгі ниеттің көрінісі болып табылады. Бата – қазақтың әлеуметтік және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарады. Оның мазмұны мен мақсаты әртүрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Әрқайсысы өз орны мен уақытында берілетін баталардың түрлері мен мәндері үлкен әлеуметтік мәнге ие. Бұл тек жеке адамның немесе отбасының ғана емес, тұтас қоғамның игілігі мен рухани байлығы үшін маңызды.» — деді байқауда І-орынды иеленген Шорнақ ауылының батагөй қариясы Ашенов Өтеген.
« — Исламда бата алу дәстүрі дұға жасау арқылы жүзеге асады. Дұға жасау – мұсылманның Алладан көмек, қолдау, және игілік сұрау рәсімі болып табылады. Ақ бата алу кезінде адам өзіне, жақындарына және қоғамға жақсылық, денсаулық, ұзақ өмір және табыс тілейді. Исламда ақ бата алу адамға немесе топқа құрмет көрсету ретінде қабылданады. Қарым-қатынас, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау үшін адамдар бір-біріне бата жасап, жақсы тілек білдіреді. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін», «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын» деген дағдылы жауаптарды береді. Бата тек жеке адамдарға ғана емес, сонымен бірге қоғамдық өмірге де әсер етеді. Ол қоғамдағы үйлесімділікті, татулықты, және рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Қазақтардың бір-біріне бата беруі – олардың арасындағы сенімділікті, құрметті, және мейірімділікті көрсетеді. Бұл дәстүр ұлттық бірегейліктің және мәдениеттың бөлінбес бөлігі болып табылады. Қазақ әдебиеті мен ауыз әдебиетінде бата берудің өзіндік орны бар. Баталар көбінесе халықтың даналығы мен мәдени құндылықтарын көрсететін әдеби шығармаларда орын алады. Бұл шығармаларда бата беру дәстүрінің тарихы, маңызы, және оның қоғамдағы орны кеңінен суреттеледі. Бата – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Ол ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың сақталуына, ұрпақтан-ұрпаққа берілуіне және қоғамның рухани дамуында маңызды рөл атқарады. Баталар арқылы қазақ халқы өзінің ізгілік, мейірімділік және құрмет сияқты құндылықтарын ұрпақтарына жеткізеді.» — деді Жусупов Максут қария
Бата – қазақ мәдениетінің мән-мағынасын, рухани байлығын және ұлттық құндылықтарын көрсететін ерекше дәстүр. Ол әр түрлі жағдайда, әртүрлі адамдарға және әр түрлі мақсаттарда беріледі. Батаның әлеуметтік, мәдени және рухани маңызы оны қазақ халқының мәдениетінде маңызды орынға ие етеді. Батаның әрбір түрі өзіне тән ерекшеліктерімен, мәнімен және қолдану салаларымен ерекшеленеді, бұл оның байлығы мен көптүрлілігін көрсетеді.
Жүйнек ауылында Сауран ауданы әкімі Таңғатаров Мақсат Асылбекұлының бастамасымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Жүйнек ауылдық округі әкімшілігі, Жүйнек ауылдық мәдениет үйі және ауылдық кітапхана ұжымымен бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Бұл байқау ауыл мәдениетін, өнерін, дәстүрін дәріптейтін, ауыл халқының рухани құндылықтарын жаңғыртатын тамаша іс-шара болды.
Байқау барысында Мәдениет үйі қызметкерлері мен ауылдың өнерпаздары түрлі өнерлерін көрсетті. Сахнада ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді, би өнері мен попурри орындалды. Әсіресе, өз елінің мақтанышы болып табылатын ақын Әбдіғаппар Жақыпов өз орындауында өлеңдерін оқып, көпшіліктің көңілін тебірентті. Жансұлу Болысбаева орындауында «Туған өлке» әні, Зебинисо Абдалимова орындауында «Жүйнек менің ауылым» өлеңі мен «Дилшод» өзбек халықтық фольклорлық ән-би ансамблімен бірге «Омон» әні, Умида Еркинова орындауында «Ризамын» әні, Ғиесиддин Рахмиддинов, «Дилшод» өзбек халықтық фольклорлық ән-би ансамблі, Сара балабақша бишілері орындауында «Хорезм ләзгісі» әні, Шерхан Әлібековтің орындауында «Ауылға барып тұрыңдар» әні мен сахнада ауыл көрінісі, Серғазы Шәкірдің орындауында «Ауылға сағыныш» әні мен қатар сахнада жастардың көрінісі, Әлібековтер отбасы бүлдіршіндерінің орындауында «Жас өрендер жырлайды» әні сахнада Заңғар мектебі бишілерінің биімен, Шекербұлақ домбырашылар ансамблі және жетекшісі Бақдәулет Алдаберген, Жүйнек домбырашылары және Әлібековтер ансамблі орындауларында «Ата толғауы» күйі, «Ерке сылқым» күйі және «Восолоде в огороде» орыс шығармасы аспаптармен орындалуы, Жасурбек Абдалимовтың түрлі аспаптармен попурри орындауы, Көркемөнерпаздар үйірмесінің орындауында «Өнерлі өлке» әні қалың көпшілікке ұсынылып, ыстық ықыластарына бөленді. Концерттік бағдарламаның бір ерекшелігі әр әннің сыртында «Ауыл қазақтың қара шаңырағы» деген тақырыпта көріністер көрсетілді.
Байқаудың тағы бір жарқын сәті – ауылдың ақ кимешекті әжелерінің өнер көрсетуі болды. Олар ауылдың ежелгі дәстүріне сай ән салып, туған жерге деген махаббаттарын ән арқылы жеткізді. Әжелердің әсерлі орындауы жас буынға тәрбие беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін көрсетті.
Байқауда ауыл мақтаныштары ақын Әбдіғаппар Жақыповтың, сазгер Шерхан Әлібековтің, «Дилшод» өзбек халықтық фольклорлық ән-би ансамблінің құрметіне арнайы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Жүйнек ауылдық кітапхана қызметкері Гүлсім Балтабай ұйымдастырған көрме де ауыл тұрғындарының ерекше ықыласына ие болды. Көрмеде ауылдың тарихы, мәдениеті және әдеби мұралары жайлы деректер мен кітаптар қойылып, әрбір келуші ауыл туралы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл көрме ауылдың рухани өмірінің айнасы іспетті болды. Ауыл мектептерінің еңбек пәні мұғалімдерінен де алтын күз тақырыбында түрлі көрмелер жасалған. Қолөнер мен ауылшаруашылық тақырыбындағы көрмелер де ауылдың байырғы дәстүрлерін жалғастырып тұрды. Ал ауылшаруашылық көрмесінде жергілікті шаруалардың еңбегі мен ауыл шаруашылығының жетістіктері таныстырылды. Ауылдың басты тіршілігі саналатын бұл салада көптеген жемістер мен көкөністердің безендіріліп көрсетілуі көрмеге келген қонақтарды таң қалдырды.
Шараның тағы бір жарқын әрі маңызды бөлігі – ұлттық тағамдар көрмесі болды. Бұл көрме арқылы ауыл тұрғындары қазақтың байырғы асханасының ерекше дәмін сезіндіріп, ұлттық дәстүрлерімізді ас дайындау арқылы жаңғыртты. Дастарқан басына қойылған қойдың басы мен әжелердің қолынан шыққан құрт майлары келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Бауырсақ, құрт, қымыз секілді ұлттық тағамдар барша қонақтарға ұсынылды. Көрмеде сонымен қатар ет тағамдары да қойылды. Әр тағамның дайындалу ерекшелігі мен оның қазақ халқы үшін маңыздылығы туралы ақпарат беріліп, әрбір қонақ ұлттық тағамдардың тарихына үңіле алды. Ұлттық тағамдар көрмесі ауыл тұрғындарының рухани және материалдық мұрасын, қонақжайлық дәстүрін тағы бір мәрте дәлелдеп, байқаудың ерекше мән-мағынасын толықтырды.
«Ауылым – алтын бесігім» байқауы Жүйнек ауылының рухани және мәдени байлығын ашып көрсетіп, ауылдың бірлігі мен ынтымағын арттырған маңызды іс-шара болды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары шарадан үлкен әсер алып, өз ауылдарына деген мақтаныш сезімін жүректеріне түйіп қайтты.
Қарашық ауылында Сауран ауданы әкімі Таңғатаров Мақсат Асылбекұлының бастамасымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Қарашық ауылдық округі әкімшілігі, Қарашық мәдениет үйі және ауылдық кітапхана ұжымымен бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Қарашық ауылында өткен «Ауылым — алтын бесігім» атты байқау ауыл тұрғындары мен қонақтардың есінде жарқын әрі есте қаларлық мерекелік шара ретінде қалды. Бұл іс-шара ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, ұлттар арасындағы достықты нығайтып, салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталды.
Байқауда қазақ және өзбек ұлттарының салт-дәстүрлері мен мәдениеті ерекше көрініс тапты. Қазақтың ұлттық киіз үйлері тігіліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе, қазақ халқының ет, қазы-қартасы мен бауырсағы, сондай-ақ өзбек халқының палау, самса, нан сынды тағамдары үлкен сұранысқа ие болды. Екі халықтың дастарқандарының берекесі мен молшылығы ауыл тұрғындарының көңілінен шықты.
Байқаудың ерекше бөлімі ретінде Қарашық мәдениет үйі директоры А. Азизбековтің ұйымдастыруымен өзбек ұлттық музыкалық аспаптарының үні шығып, көрермендерді өнердің тереңіне тартты. Музыканттардың шеберлігі мен аспаптардың әсем әуендері шараның рухын көтеріп, халықтың қуанышын арттырды. Киіз үйлердің арасында ауылдың мәдениетін дәріптейтін түрлі көрмелер ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері ауыл тарихы мен мәдениетіне арналған көрме жасап, ауылдың өткенін, бүгінгі жетістіктерін паш етті. Онда кітаптар, қолжазбалар, фотосуреттер мен басқа да тарихи жәдігерлер ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл ұсталары да өз шеберліктерін танытып, көрмеге ерекше қолөнер бұйымдарын әкелді. Олардың ағаштан жасалған заттары көрермендердің ерекше қызығушылығын оятты. Мерекелік бағдарлама да өте әсерлі өтті. Шараның басында халықтық әндер шырқалып, түрлі би топтары өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, ұлттық би өнері мен әндердің орындалуы көпшіліктің көңілінен шықты. Әрбір өнерпаздың өнері ерекше бағаланып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Шараның тағы бір маңызды бөлігі – ауыл шаруашылығы мен қолөнер көрмелері болды. Мұнда ауыл тұрғындары өздері өсірген өнімдерін, сондай-ақ қолмен жасаған бұйымдарын ұсынды. Көрмеде ауылдағы егін шаруашылығының өнімдері, ет-сүт өнімдері, жеміс-жидектер және түрлі көкөністер қойылды. Қолөнер бұйымдары да көрменің сәнін кіргізіп, ұлттық нақыштағы кілемдер, зергерлік бұйымдар, киімдер, тұрмыстық заттар үлкен қызығушылық тудырды. Қарашық ауылының тұрғындары мен қонақтары үшін «Ауылым — алтын бесігім» байқауы нағыз рухани серпіліс пен мәдени байланыстарды нығайтатын үлкен мереке болды. Бұл шара ауылдың мәдениетін дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам ретінде есте қалды. Ауыл халқының бірігіп атқарған ісі ауылдың көркейіп, дамуына, мәдени байлығын сақтауға қосқан зор үлесі болды.
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің «Көне тарих сырлары» атты көшпелі көрмесі Ақбастау ауылындағы мәдениет үйінде өткізілді. Көрмеге музейдегі темірден жасалған бұйымдар, яғни көне жәдігерлер қойылды. Он тоғызыншы ғасырға тиесілі құмыра, шелек, үтік, құман, тағы да басқа тұрмыстық үй шаруашылығында пайдаланған заттарды көрмеге келушілер қызыға тамашалады. Бірлескен іс-шарада мәдениет үйі мен кітапхана басшылығы алғыстарын жеткізді.
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің ғимараты Шаян ауылында орналасқан. Аппақ ишан мешіт-медресесі ХІХ ғасырдың сәулет өнеріне жатады. Жалпы музейдің өзін жәдігер деуге болады. Өйткені көне ғимарат-ерекше тарихи ескерткіштердің бірі. Ғимарат дәрісхана, мешіт, медресе секілді үш нысаннан тұрады. Ғимарат күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Мешіт-медресе пішіні жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады. 1886 жылдан 1926 жылға дейін мешіт-медресе орта діни оқу орны болған. Шаян ауданы 1928 жылы құрылған соң, бос тұрған мешіт-медресе ғимараттары түрлі мақсатта пайдаланылады. Кеңсе, банк, мектеп, кітапхана, тіпті түрме де болады. Елімізде 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланып, толық күрделі жөндеуден өткізілді. «Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны деп аталып,халыққа рухани тұрғыда қызмет көрсетіп келеді.
Музейде киелі мекеннің, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін қыштан, ағаштан, темірден жасалған бұйымдармен қатар, кілем және кілемнен жасалған қолөнер бұйымдарды тамашалауға болады. Он сегізінші ғасырда тоқылған жайнамаз, көне кітаптар, музейдің ашылуына тікелей еңбегі сіңген қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің Сыр өңірінен әкелген тықыр кілемі музейдің құнды жәдігерлері болып саналады. Бүгінгі таңда музейде 5612 жәдігер бар.
Бүгінде Аппақ ишан мешіт-медресесі мемлекет қарамағында, ешқандай мешіт қызметін атқармайды. Атауы 2000 жылы Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайы болып өзгертілген Аппақ ишан мешіті «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасына енген. Сол 2000 жылы аудандағы мекемелер асар әдісімен медресенің бөлмелерін қайта қалпына келтірді. Осы кезден бастап мұражай Бәйдібек ауданының тарихына қатысты жәдігерлермен толыға бастады. Мешіт-медресенің бүгінгі заманымызға жетуіне үлкен үлес қосқандардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков еді. Атеизм өршіп тұрған сексенінші жылдары осында Ө.Жәнібековтің бастамасымен «Көркем-сәулет кілем және кілемнен жасалынған бұйымдар» мұражайы ашылады. Осылайша Шаян мешіт-медресесі алғаш рет тарихи жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынды. Аталған нысанда реставрация жұмыстары 2017 жылы басталған. Мешіт төбесіндегі 35 күмбез қалпына келтірілген. Бірінен-бірі биіктеліп, сатыланып жасалынған күмбездер мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Мешіттің үстінде биіктігі 11,5 метрлік бас күмбезі бар. 2018 жылы 29 құжыраның барлығы жөнделіп, қазіргі таңда мешіттің, дәрісхананың ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мұражайдағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Халқымыздың ежелден тұрмыста қолданған заттары мен батырлардың жаугершілік заманда қолданған қарулары топтастырылған. Құжыралардың біріне этноауыл жасалып, киіз үй тігіліп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін арнайы экспозициялық бөлме дайындалған. Сонымен қатар мұражай ішінде ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға арналған көрме бөлмелері бар. Жалпы, мұражай он сегіз экспозициядан тұрады. Бастапқы есігі дәрісханадан басталады. Мұндағы кітапхана қорын Аппақ ишанның туыстары жинақтады. 2014 жылы абыз тұлғаның 150 жылдығына арналған жиында туыстары 40-қа жуық кітап өткізген болатын. Медреседе білім алған шәкірттердің пайдасына жараған кітаптар ескі шағатай, түрік тілінде түсірілген. Мұражайда сақталған ең құнды жәдігер – Аппақ ишан қолданған жайнамаз. Оны әжесі ХVIII ғасыр соңында, тықыр кілем әдісімен тоқыған. Жаратылыс кеңістігі бейнеленген қастерлі жайнамаздағы бейнелер жеті бөлім бойынша көрініс тапқан. Олар – жаннаттың сегіз есігі, бес парыз, кәлима, Нұх пайғамбар, рух әлемі, өмір тіршілігі, тозақтың жеті есігі. Бұл жайнамаз мұражайдағы ең көне жәдігердің бірі. Сәулетті мұражай осылайша халық игілігіне қызмет етіп қана қоймай руханият әлемінде де өз қызметін үздіксіз жалғастыруда. Аппақ ишан мешіт-медресесінің қысқаша тарихы, мінеки, осындай. Бүгінде мешіт-медресеге саяхаттап келетін туристердің қатары өсіп, нысан туристік аймаққа айналуда. Сынын жоғалтпай, сырын ішіне бүгіп алыстан менмұндалап көрінетін Аппақ ишан мешіт-медресесі кезінде атағы алысқа кеткен, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан әйгілі білім ошағы болған. 1880 жылы бой көтерген Түркістан облысындағы бұл ғимарат ХІХ ғасырдың соңындағы сәулетті ескерткіштердің бірі саналады.
Түркістан облысының Шаян елді мекеніндегі ірі медреседе оқу мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін созылып отырған, ал шәкірттер дәрісханада білім алып, құжыраларда тұрған екен. Жергілікті жерден ғана емес Шаянға білім іздеп Қарқаралы, Жетісу, Атбасар, Іле, Талас, Сарысу, Сыр өңірінен де шәкірттер келген. Тарихи деректерге қарағанда, осында білім алғандардың қатарында Ұлбике ақын, Кенесарының ұлы Садық сұлтан, өңірдегі атақты ақынның бірі, аты аңызға айналған Манат қыз да болған. Бұл мешіт-медресенің салынуына ерекше ықпал еткен Аппақ ишан деген кім? Ол қандай болған? Алдымен осы сұрақтарға жауап бере кеткеніміз жөн болар. Өңірімізге белгілі музейтанушы Гүлмира Серікбаева бізге берген сұхбатында Аппақ ишанның тарихтағы орны туралы түсіндіріп өтті.
– Тірісіндегі жасаған тірлігі өмірден өткеннен кейін ғасыр өтсе де, жалғасып ұрпақ тағдырына, ұлт мүддесіне қызмет жасап, ұмытылмай келе жатқан биік болмысты дара тұлғаның ғазиз аты Аппақ Мақсұм Сейдахметұлы, – дейді Гүлмира Серікбаева ханым. – Ол ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған. Облыс бойынша репрессияға ұшырағандардың ішіндегі биік тұлғалардың бірі, бірегейі. 1926 жылы Кеңес одағында діни наным-сенім бостандығы жойылып, дін ұстануға қатаң тыйым салынды. Сол кезде қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Нақ осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, олар Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болады. Заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның өзі 1930 жылы Чимкентте (қазіргі Шымкент қаласы) тұтқынға алынады. Қызыл белсенділер оны және ұлы Бахабулла Аппақишанов пен інісі Сабыр Сейдахметовтерді «астық салығын өтей алмады, Антисоветтік насихат жүргізушілер, т.б.» деген сылтаумен тұтқынға алып, тергеу ісін жүргізеді.
Енді Аппақ ишан мешіт-медресесіне тоқталайық. Ол Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан. Аппақ ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Жалпы табанының аумағы 6, 7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағына әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан. Күмбез – пішіні жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады. Күмбезінің ішінде екі сағана бар. Оның бірі – Шаян ауылындағы мешіт-медресені салдырған Аппақ ишандікі, екіншісі – осы Аппақ ишан күмбезін салған шебердікі. Жылдар өте бұл дін орталығы жан-жақтан ағылған талапкерлерге тарлық еткен соң Аппақ ишанның әкесі Сейдахмет ишан патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта жүгініп, 150 мың рубль ақшалай қаражат бөлдіреді. Алғашқы жобада 40 құжыра салу көрсетілген екен. Бірақ қаржының жетіспеуіне байланысты 29 құжыра салынып, құрылысты 1883 жылы Аппақ ишан атамыз аяқтайды.
Шаян мешіт-медресесінің шамшырағы Аппақ ишан. Ол Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымыздың қызы Фатима мен Әзіреті Әліден тараған ұрпақтың 35-ші буыны Сейдахмет ишанның отбасында Аппақ ишан атамыз дүниеге келгенде бабасы Қосым ишан қатты қуанып, сәбиді төбесіне көтеріп тұрып «келдің бе, батыр екесі, келдің ғой. Мен сені қанша жыл күттім дейсің» деп жағасына түкіріпті. Сейдахмет әкесінің ойда жоқта көрсеткен оқыс мінезінің сырын сан жылдардан кейін ұққандай болды. Себебі бұл мешіт-медресені аяқтап кейінгі ұрпаққа аманаттайтын, сөйтіп бабалар арманын орындайтын осы сәбидің болатынын қасиетті Қосым ишан сол кезде көріп, білген болатын.
Мешіттің жанынан ашылған 100 орындық медресе мүридтер, яғни шәкірттер тәрбиелеген. 1927 жылға дейін мұнда Арқадағы Қарқаралыдан, Атбасардан, Жетісудағы Шу, Іле, сондай-ақ Талас, Сарысу өңірінен, Сыр бойынан, тіпті қырғыздың Ош аймағынан талапкерлер келіп шәкірт атанған. Осы географиялық ауқымға қарап-ақ бұл мешіт – медресенің сол кезде бүкіл Қазақстан көлемінде ислам мәдениетін қалыптастыру және діни білім тарату ісінде үлкен орталық болғаны байқалады.
Аппақ ишан Бұқарада медресе ашып, оны басқаруды өзінің ұлы Сағидоллаға (ишан) тапсырған. Бұл уақытта Бұқара әмірлігі қез келген дін өкіліне мешіт ашқыза бермегені әркімге белгілі. Соған қарап Аппақ ишанның дін өкілдері арасында қандай мәртебелі болғанын бағамдай беріңіз.
Бүгінгі ұрпақ мына бір шындықты да біліп өсуі тиіс. Аппақ ишанды және оның бауырлары мен ұлдарын өз ауылдарынан еріксіз кетуге мәжбүр еткен ол – отбасына түскен ауыр астық салығы еді. Бір қарағанға солай сияқты екені рас. Алайда, Аппақ ишанға туған жерін тастап, басқа өлкеге кетуге итермелеген жағдай бұл ғана емес-тін. Ол жөнінде ишанның тергеушіге берген алғашқы жауабында: «Мені ишан болғаным үшін тұтқындады»,- деген сөзінің астарында Кеңес Өкіметінің түпкі мақсаты жатқанын аңғарамыз.
Сөзіміздің басында айтқан Аппақ ишан мешіт-медресенің құрылысы ХІХ ғасырда басталып, ондаған жылдарға созылған. Тарихи деректерге қарағанда, ХІХ ғасырдың басында Шаян өңірін мекендеген жұрт өзара ақылдаса отырып, балалардың сауатын ашатын мешіт-медресе салу қажет деп шешеді. Осы мақсатта олар Түркістаннан ағайынды Қосым және Құлатай деген араб тілін жетік білетін, діндар азаматтарды шақыртқан. Сөйтіп жергілікті халық асарлатып Шаянға қам кірпіштен мешіт салады. Мешіт-медресе ашылғаны туралы хабар тез тарап, Қаратау, Теріскей, арысы Шу, Әулиеата өңірінің халқы балаларын оқытуға алып келе бастайды. Асарлатып салынған шағын мешіт уақыт өте тарлық етеді. Осыдан кейін ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қосымның баласы Сейдахмет еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштан мешіт-медресенің құрылысын бастайды. 1830-1840 жылдары басталған кешен мешіт-медресе, 29 құжыра, азанхана, дәрісхана сияқты бірнеше бөліктен тұрған. Соңғы құрылысы 1906 жылы аяқталған мешіт-медресенің кейінгі тарихы ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған Сейдахметтің ұлы Аппақ мақсұммен тығыз байланысты. Әкелері Сейдахмет 1895 жылы өмірден өткен соң балалары атадан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала оқытуға көшеді. Алайда 1926 жылы Кеңес Одағында дін ұстануға тыйым салынып, қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болған. Ал мешіт-медресе жұмысын тоқтатқан. Деректерде заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның 1930 жылы тұтқынға алынғаны айтылады.
Кейінгі оқиға қалай өрбіді? Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізіледі. Содан кейін Алматы, кейіннен Павлодар түрмесіне ауыстырылып сол жылы 69-дар 70-ке қараған жасында түрмеде бақилық болады. Аппақ ишанның мүридтері, яғни ел таныған шәкірттерінің саны көп болған. Шәкірттері арасынан елге танылған білімімді молдалар мен имамдар өте көп шыққан. Сондай ел таныған шәкірттерінің бірі Шәді Жәңгіров. Оның әкесі Жәңгір Абылай ханның шөбересі. Кезінде Кенесары ханның жорықтарына қатысып ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен айтулы тұлға.
Бүгін Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Қазақтың дәстүрлі өнері, жыр термесі» тақырыбында облыстық семинар-кеңесі өтті. Шараны Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан ашып беріп, семинар-кеңестің маңыздылығына тоқталды.
Ұлттық шығармашылықты дамытуға бағытталған шараға облыстың аудандық, қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың дәстүрлі ән өнері үйірмелерінің жетекшілері қатысты. Олар алдымен Сайрам ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларынан жасақталған көрмені аралап, аудандағы дәстүрлі әншілердің концерттік бағдарламасын тамашалады. Содан соң дәріске ұласты. Шарада Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан модераторлық етті.
Семинар-кеңесті ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласынан келген дәстүрлі өнер майталманы Светлана Мырзабаева бастап, «Домбырамен ән айтудағы шеберлік және орындаушылықты меңгеру» тәсілдерімен бөлісті. Тақырып аясын кеңінен аша түсті.
« — Халық әндерін аспаппен сүйемелдеу ежелден келе жатқан өнер, ертеде түркі серілері әнді барабан, сыбызғы, домбыра (танбура, танбур, дутар, шертер, рубаб, қомуз т.б шертпелі-шекті аспаптар), қобыз, жай, ғиджак (немесе гыпжак төркіні қыпшақ деген сөз), жетіген (ятган, чаткан), шаңқобыз (варган) аспаптарының көмегімен шырқағаны тарихтан белгілі. Кейіннен қобыз бен домбыра аспабындағы үрдіс кең тарады, қалғандары қолданыстан шыға бастады, яғни, осы аспаптармен айту дағдысы мейлінше дамып, қалғандарын ығыстыра бастады. ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде татар (қазан) сырнайының қазақ даласында пайда болуы қобызбен айту дәстүрін кейін шегерді, ең соңғы қобызбен жырлаған адам ретінде тарихта Жанақ ақынның аты аталады, басқалай мәдени дерек жоқ. Сырнайдың келуі ән сахнасына Майра, Шашубай, Тайжан, Нартай, Құтбай сияқты тарландарды әкелді, олардың сырнаймен толғаған әндері cахарада жаңаша мәнермен шырқалды.Домбырамен ән салу сәттілігінің елу пайызы аспапқа байланысты. Әнші күйшіге барабар өнерпаз болуы шарт. Ертеде әншілер халық дамылдауы үшін күй тартып сейілтіп отырғаны белгілі. Жүсіпбектің Тәттімбет күйлерін сұңғыла шерткені, Манарбектің артында ондаған күйі қалғаны осыған куә. Қазіргі кезде домбыраны оқыту біржақты жүргізілетін сияқты. Себебі, белгілі ән мектебінің өкіліне өз аймағына тән күйлерді оқыту біздің пайымымыз бен тәжірибеміз көрсетіп отырғандай үлкен нәтиже бермек. Арқа әншісі шертпе күйші, Батыс Қазақстан әншісі төкпе күйші болуы керек. Алайда жаппай төкпеге тәрбиеленген Арқа мектебінің шәкірті аспапты әнге ылайық жатықтықпен ешқашан тарта алмайды, немесе керісінше. Жалпы арнайы домбырадан дәріс беруші мамандар халық әнінің білгірі болғаны дұрыс. Бұл талап домбырашылар үшін қиын болмаса керек-ті, себебі күй мен ән егіз өнер екені бесенеден белгілі. Аспап меңгеру – дәстүрлі әншінің алатын алғашқы асуы. Сондықтан мамандықтан сабақ беретін оқытушы бұған аса мұқият болғаны абзал. ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басында Арқа елінде ертеден дәстүрге айналып, кейінірек әртүрлі себептермен бәсеңдеп қалған сал-серілік өнері ХIХ ға-сырда қайта жаңғырып, дами бастады. Сал-серілер өз жанынан өлең, ән-күй шығарып, ел аралап, сауық құрып, ойын-тойлардың ұйтқысы, құрметті қонағы болған. Сал-серілік өнерді жоғары дәрежеге көтерген әнші, күйші, суырып салма ақындар серілік үрдісті қатаң сақтап, нағыз бесаспап өнер иесі бола білген. Сонымен қатар олар атақты мерген, сұңқар, лашын ұстаған құсбегі, аттың ең жүйрігін таңдап міне алатын атбегі, он саусағынан өнері тамған теңдессіз шебер, керемет зергер де бола білген.Сал-серілерді халық әрқашан ардақ тұтып, оларды қайда болса да қуанышпен қарсы алып, өнерін аңыз етіп, мақтан тұтқан.
Қазақ ұлтының мәдениеті тарихындағы ХІХ ғасыр – ақын-әнші, сазгерлердің өзін-дік «алтын ғасырына» айналып, қазақтың кәсіби өнері – әдебиетінің, поэзиясының, музыкасының шыңына кезеңіне шыққан кезі болды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысы – қазақтың ақындық өнерінің барынша өркендеген кезеңі болды. Осы кезде ақындық өнерге тән тұрақты жанрлар да қалыптасты. Солардың ішінде әсіресе ақындардың өзін-өзі бейнелеуге арналған әндерін келтіруге болады. Оған мысал ретінде «Біржан сал», «Ақан», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Әсет», «Майра», «Ағаш аяқ», «Нартай», «Мұхит», «Сары» әндерін атауға болады. Олар бұндай әндерінде әр ақын, бір жағынан өзін тыңдаушыларына таныстырып өтсе, екіншіден туған ел өмірі мен мәдениетінде алып отырған өз орнын жақсы түсініп соны әнге қосады. Бұл әндерде ақынның өзіне тән музыкалық мәнерлі ерекшеліктері шоғырланған. Әр әнші-ақынның өзіндік шығармашылық өнері дербес қалыптасқан. Мысалы, әрбір ақындағы шешендіктің, суырып-салма өнердің, театралдық, актерлік элементтердің болуы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысы, өнерге деген көзқарасы әнші, сал-серілерге ортақ нәрсе болды. Мұхтар Әуезов ақынның осындай орындаушылық өнерлерін сипаттай келіп, оны «жалғыз актердің театры» деп айтқаны кездейсоқтық емес.
Біржан, Абай, Ақан сері, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаевтармен бірге сал-серілік өнерді, дәстүрді әрі қарай жалғастырып, өз үлесін қосқан басқа да әйгілі ақын-сазгерлер, солардың бірі көпке танымал «Ғалия» әнінің авторы Балуан Шолақ Шаймұрзаұлы мен Құлтума ақын. Бұлардың екеуі де Біржан салдың шәкірті болып қасына еріп тәлім алғандар; Біржан дәстүрін ХІХ ғасырдың орта кезінде халыққа кең таратқан, «Гәкку», «Қарақат көз», «Сүйгенім», «Қараторғай» әндерін шығарған Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы; «Әсет», «Гауһар қыз», «Кіші Ардақ», «Қоғыр қаз», «Қысмет» әндерінің авторы Әсет Найманбаев; «Қорлан», «Жайқоңыр», «Еркем», «Қаракөзді»шығарған Естай Беркімбайұлы; «Мәди», «Үш қара», «Қарқаралы», «Қаракесек» сияқты әндер шығарып, ірі әнші ақындар қатарындда тұрған Мәди Бәпиұлы Арқаның ән ақындық дәстүрінің көрнекті өкілдері болып, Біржан салдың шәкірттері аталса, Қазақстанның Шығыс өңірлерінде Ноғайбай ақын мен Құдайберген Әлсеитовтың аты шықты. Батыс жақта Мұхит Мерәлиевтың «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние», «Паңкөйлек», «Алуаш», «Бала-Ораз», «Иіс» сияқты әндері халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді, ал Жетісу өңірінің ән дәстүрі Сүйімбай, Жамбыл, Кенен тәрізді ақындардың есімімен тығыз байланысты аталады.» — деді ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласынан келген дәстүрлі өнер майталманы Светлана Мырзабаева
Ал ҚР Білім беру саласының үздігі, Шымкент қалалық Саз колледжінің ұстазы Әлімжан Серікбаев «Арқа, Жетісу, Оңтүстік мектептерінің ән салу ерекшеліктері» жөнінде өз тәжірибелерін көрсетті. Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Ұлттық шығармашылық және жанрлар жөніндегі» маманы Аяз Рүстемов «Дәстүрлі ән, терме, жыр орындаушылықты жас буынға үйрету тәсілдері» жөнінде баяндама жасады.
« — Халықтың әнші сазгерлерінің тағдырындағы шиеленісті оқиғалар олардың көзқарасына, дүниені танып-білу қабілеттіне, көркемдік шеберліктеріне ықпал етпей қалмағандығын атап айтуға тұрарлық. Сондықтан да олар шығарған өлең-жырлардың көпшілігінде азаматтық әуен кеңірек сипатталады. Мәселен, Біржанның «Жанбота», «Көлбай,Жанбай», «Адасқақ»,Жаяу Мұсаның «Ақсиса», «Хаулау», «Бұзау зары», Кененнің «Бозторғай»,Ақан серінің «Құлагер» әндерінде, басқа да авторлардың шығармаларында әлеуметтік теңсіздік, еркіндік, өмір шындығы айқын көрініс тапқан. Қазақтың ұлы ақын-композиторларының барлығы да дауыс реңіне аса бай, диапазоны кең дауыстың иесі болған, өз әуендерінде осы ерекшеліктерді ескеріп, өзіндік копозиторлық, вокалдық мүмкіндіктер тудырған. Ақынның күшті дауысы мен сұлу тембрі, жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы, кең тынысты вокалдық каденцияларды айтудағы жоғары техникалық шеберлігі – қазақ даласында қалыптасқан жоғарғы кәсіби әншілік мектептің болғанын дәлелдей түседі. ХІХ ғасырда барынша гүлденген бұл үрдіс Біржан, Ақан, Әсет, Балуан Шолақ, Естай, Майра, Мәди, Мұхит сияқты әнші-ақындардың шығармашылығында көрініс тапқан. Атап айтқанда ХІХ ғасырдағы қазақтың бір туар сал серілері Біржан, Ақан, Естай, Мәди, Мұхит, Балуан Шолақ, Майралардың өнерінде орын алған қаздай дауысының күші мен реңінің сұлулығы, жылдар бойы қалыптасқан орындаушылық жеке мәнері жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы, өзінің құрылымдық сапа-сына, әншілік параметрлеріне сай алатын орны мен мағыналылығына, тарихи құндылығына эмоция мен драматизмге толы дамыған терме мен желдірмелер, ұзақ кан-тиленалар, нәзік фиоритуралар, каденциялар және жалпы орындаушылықтың өте жоғары деңгейі – осының бәрі қазақ даласындағы жоғарғы кәсіби ән мектебінің қалыптасуының айғағы.» — деді ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Ұлттық шығармашылық және жанрлар жөніндегі» маманы Аяз Рүстемов
Айта кетейік, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңестің мақсаты дәстүрлі ән өнерін дамыту мен насихаттауға бағытталған.